• Тарих толқынында
  • 02 Мамыр, 2020

 САПАЛЫ ӨЗГЕРІС НЕМЕСЕ ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,

журналист

Біз қызық әрі күрделі уақытта өмір сүріп жатырмыз. Қоғамдық құндылықтар тез алмасып, адам санасы ғаламат өзгерістерді басынан кешуде. Бүгінгі уақытқа жеделдік тән. Замананың қарқыны қатты. Уақыт пен кезеңдер қас-қағым сәтте өтуде. «Ғарыштық жылдамдық» деген сөз тіркесін жиі қолданатын болдық. Әне-міне дегенше, 2020 жылдың үш айын да артқа тастадық. Жыл басынан бері әлемді дүр сілкіндірген короновирус әлемге зияны мен зардабын тигізді, қаншама адамдар көз жұмды, экономикалық көрсеткіштер күрт төмендеді. Бұл кесел елімізді де айналып өтпеді. Бүгінгі уақыт әрбір ел оң-солын жіті бағамдап, алдыңғы мұрат-мақсатын жаңа міндеттермен толықтырып отыратын мезгіл-шақ. Былтыр ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнап: «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын жариялады.

 

Президент өз Жолдауында: «Біз саяси реформаларды асығыстыққа салынбай, керісінше, кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып жүзеге асыратын боламыз. Еліміздің қоғам­дық-саяси өмірін жаңғыртпай, табыс­ты­ экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз» дей келе «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын алға тартып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынды. Мемлекет басшысының Жолдауынан бері біршама уақыт өтті. Осы төңіректе ой қозғап, маңызды құжатта айтылған түйткілдерді қазіргі кезең деңгейінен бір саралап көрсек деген мақсатпен қолымызға қалам алған едік.

Әңгіменің әлқиссасын Жолдауда негізгі жаңалық ретінде атап өтілген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жайында бастасақ. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмыс істей бастағалы мемлекет мен қоғамның, билік пен халықтың арасындағы маңызды диалогтың платформасына айналып келе жатқанын айтуымыз керек. Әрине, «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі» қоғамдағы барлық мәселені шешіп тастайды деп айту қиын шығар, бірақ ол белгілі бір дәрежеде мемлекеттік, Үкіметтік деңгейде, заңдық-құқықтық тұрғыда қабылданып жатқан шешімдерге әсер ете бастағаны рас. Өйткені, онда қоғамдағы түрлі салалардың өкілдері, сонымен қатар әлеуметтік желілерде өз ойын еркін айтып жүрген, азаматтық позициясын барынша ашық әрі шынайы жеткізіп келе жатқан азаматтар, қоғам қайраткерлері бар. Ең бастысы – мүдде мен мақсат ортақтығы һәм бірлігі қажет. Президент өз Жолдауында: «Мемлекет басшысы ретінде елімізде көппартиялықты, саяси бәсекелестікті және ой-пікірдің сан алуандығын дамытуға ықпал етуді өз міндетім деп санаймын» деп нақты ұстанымын айтты. Осы тұрғыдан келгенде ой-пікірдің сан алуандығы қажет. Ой-пікірдің алуандығы болмаса қоғам тұйыққа тіреліп, тығырықтан шығатын жол таба алмай қалады. Бұл орайда ескеретін жайт Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде ортаға салынған мәселелер айтылып қана қоймай, іс жүзінде жүзеге асуы керек. Халықтың күтетіні де осы. Әйтпесе Ұлттық қоғамдық кеңестің жұмысына деген сенім жоғалуы бек мүмкін. Олай болмауы үшін барлық алғышарттар жасалып жатқаны байқалады. Яғни, алғашқы қадам, беталысы осындай деп тұжырымдауға негіз болуда. Кеңес жұмысына Мемлекет басшысының өзі төрағалық етіп отырғаны жайдан-жай емес. Демек, басқосу форматында талқыланып келе жатқан мәселелердің шешім табуы заңдық-құқықтық тұрғыдан да, Үкіметтік қаулылардың қабылдануына да, тіпті Мемлекет басшысының Жарлықтарымен де реттелуі әбден мүмкін. Билік пен халық арасындағы пікір алмасу платформасын қоғам белсенділері де, билік өкілдері де еліміздің мүддесіне, халықтың пайдасына тиімді пайдалана білетін болса, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрудағы о бастағы мақсаттың толық орындалғаны.

Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында сөйлеген сөзінде Ұлттық кеңес, бірінші кезекте, қоғамдық диалог пен сенім алаңы ретінде құрылғанын баса айтқан болатын. «Біз сындарлы диалог арқылы жаңа саяси мәдениеттің негізін қалыптастырып жатырмыз. Соның арқасында, сан алуан пікірлер мен балама көзқарастар, сындарлы ұстаным, жауапкершілік сияқты құндылықтар алдыңғы қатарға шығады»  деген еді. Реформалар тек реформа үшін жасалмайтынын,  тың бастамаларды жан-жақты ойластырып, нақты нәтижеге қол жеткізу қажеттігін, халықтан жоғары және халықтан биік тұрған ешкім де, ештеңе де жоқ екенін атап өткен еді. Бұл өте маңызды дүниелер деп айтуға толық негіз бар.

Ақиқатын айтқанда, ешқандай елде проблемасыз қоғам болмайды. Қоғамның алға жылжуы, дамуы үнемі қарама-қайшылықты жағдайлармен бетпе-бет келіп отыратыны белгілі. Сонымен қатар, қоғамда туындаған әрбір мәселені мемлекеттік, әкімдік тұрғысынан реттеудің жалпыға ортақ стандарттары, механизмдері де бола бермейді. Әрбір мәселенің дербес табиғаты, өзіндік ерекшелігі бар. Қасым-Жомарт Кемелұлының өз Жолдауында Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет» деп атап өткені мемлекеттің алдағы уақыттардағы нақты ұстанымын көрсетіп отыр. Ата заңымыз бойынша, халықтың мүддесі бірінші кезекте. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қандай болуы керек? Ол қандай заңдылықтармен жұмыс жасайды? Ең бірінші мәселе – мемлекеттің халыққа жақын болуы. Халықтың пікірімен санасып жұмыс жасауы. Өйткені, атқарылып отырған жұмыстың барлығы халыққа бағытталып отырғандықтан билік пен халықтың арасында алшақтық болмауы керек. Айналып келгенде, халық пен мемлекет біртұтас ұғым. Халық өз мүддесінің ескерілмей жатқанын бірден сезеді. Және де өз мәселесінің «қолмен ұстап, көзбен көретіндей» шешілгенін қалайды. Бюрократиялықтан да мезі болып, тауы шағылатын жағдайлардан шаршайды. Наразылықтың түп-төркіні осындай көңіл толмаушылықтардан өрбиді. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – дер кезінде, нақ өз уақытында ұсынылған тұжырымдама деп айтуымызға болады. Бұл тұжырымдама халықтың жергілікті атқарушы биліктен өз құқығын, талап-тілегін сұрауға да кең жол ашып отыр. Сонымен бірге барлық деңгейдегі министрлерге, әкімдерге, үлкенді-кішілі шенеуніктерге нақты тапсырма іспетті. Өйткені, «Халық үніне құлақ асатын мемлекетті» құрудың жауапкершілігі мен салмағы ең алдымен билік өкілдерінің иығына түсетіні белгілі. Ендігіде ескіше әдіс-тәсілдермен жұмыс істеу жарамайды. Жұмыс істеудің әдіснамасы, методологиясы түбегейлі өзгеріске түсуі керек. Бұрынғыдай сөзбұйдалыққа салу, құрғақ уәдемен тойдырып қоюдың күндері бірте-бірте артта қалады. Яғни, мемлекет жұмыс жасаудың жаңа сапасына, жаңа деңгейіне шығу бағытында нақты қадамдар жасайды. Басқаша болуы мүмкін де емес. Өйткені, талай жылдан бері қордаланып қалған мәселелер бар. Соның бірі – әлеуметтік сала.

Әлеуметтік сала – халықтың ең жанды жері. Ол күнделікті күнкөріс, өмір сүру жағдайымен байланысты болғандықтан бұл саладағы реформалардың, оң нәтиже беретін өзгерістердің баяу жүруі де түрлі әлеуметтік топтардың наразылығын туындатады. Мысалы, азық-түлік тауарларының жөнсіз қымбаттай беруі, баға саясатының реттелмеуі, айлық-жалақының, өтемақылардың жеткіліксіз деңгейде болуы, т.т. Үкіметтің, жергілікті атқарушы биліктің, тиісті сала басшыларының жұмысына көңіл толмаушылықты айқын көрсетеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, көп балалы аналарға төленетін жәрдемақы көлемі көбейе бастады. Несиесін төлей алмай жүрген борышкерлердің несиелік қарыздарын жабуға мемлекет көмектесті. Осындай бірқатар шаралар жасалып-ақ жатыр. Бұл шын мәнінде күн көріс деңгейі төмен болып отырған отбасылар үшін әжептәуір жеңілдік әкелгені рас. Бірақ бұдан мемлекет мұндай жеңілдіктерді үнемі жасай береді деген ой тумауы керек.

Мемлекет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовті кезекті қабылдау барысында да министрліктің атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа тәртібін жүзеге асыру, көпбалалы отбасыларға табыс көлеміне қарамастан жәрдемақы беру, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету бағытында атқарып жатқан кешенді шаралары жөнінде есебін тыңдады.

Президентке «Еңбек» бағдарламасының іске асырылу барысы, оның ішінде, жағдайы төмен және көп балалы отбасыларға шағын кредит беру тәртібі, жұмыс берушілердің ұсынысы бойынша бөлінетін білім гранттары, жастардың жаңа жобалары туралы мәлімет берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Біржан Нұрымбетовке атаулы әлеуметтік көмек алатын еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамтудың нақты шараларын қабылдауды, аз қамтылған отбасылардың табысын арттыруды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуді тапсырды. Байқап отырғанымыздай, елімізде әлеуметтік саланың қордаланған мәселелерін шешуге баса мән беріліп отыр. Енді тиісті ведомство өздеріне жүктелген міндеттерді толық орындап, халықтың көңілінен шығатындай нәтижеге қол жеткізе алса  дейміз.

Жоғарыда айтқанымыздай, әлеуметтік сала – халықтың ең жанды жері болғандықтан, мемлекет өз тарапынан бұл салаға ең бірінші кезекте назар аударып отыр. Маңыздысы сол – әлеуметтік топтар масылдық психологиясына ұрынып қалмауы керек. Қоғамда ондай көңіл-күймен өмір сүруге бейіл азаматтар да жоқ емес. Оны өтемақы мен жәрдемақыларды тағайындау барысында жасалған тексерістер анықтағаны белгілі. Қасым-Жомарт Кемелұлы бір сөзінде мемлекет тарапынан жасалатын көмектер ең алдымен көмекке аса зәру адамдарға жасалатынын баса айтқан еді.

Асылында, дамуға, өркендеуге бет алған мемлекет өз азаматтарының еңбегі арқылы сол мақсатқа жетеді. Жұмыс жасайтын, қызмет істейтін мүмкіндігің бола тұра мемлекеттен көмек күтіп, қол жайып отыру бүгінгі таңда сынға ұшырайтын қадам. Өкінішке қарай, біздің қоғамда еңбек ету психологиясы, табылған жұмысты істей беру, Абай атамыз айтпақшы, қайткен күнде де мал табу психологиясы берік орныға алмай жатыр. Кейбір жағдайда жұмыс таба алмай жүргендерден жұмыс берушілердің саны артып кетіп жатады. Кезінде Елбасы жұмыс таба алмай жүргендерді жаңа кәсіптерге бейімделіп, белгілі бір мамандыққа қайта машықтанып алуға шақырып, бастама көтерген еді. Мұндай бастамаға үн қосқан азаматтар жаңа кәсіпке бейімделіп кетті. Ықылас танытпағандар сол күйі қала берді. Көп мәселе адамның өзіне байланысты болып тұрғаны анық. Қазақстандағы еңбек нарығы дамыған елдердегідей бәсекелестік деңгейіне жете қоймағаны анық. Мысалы, Жапония елінде бір қызметтік орынға 50-60 немесе одан да көп адам үміткер болып бақ сынайды. Ал біздегі жағдай, құдайға шүкір, ондай емес. Жұмыс істеуге ниеті барларға мүмкіндіктер жасалып жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Елімізде жұмысшы мамандықтарға деген тапшылықтың бар екені де көптен бері айтылып келеді. Ауылдар азайып, қалалар ірілене түсуде. Біріккен Ұлттар Ұйымының жасаған болжамдары бойынша, 2025 жылы қалада тұратын адамдардың саны 77 пайызға дейін жетеді. Ең ірі 30 мегаполистің тұрғындар саны 27 пайызға дейін көбейеді. Мұның барлығы еңбек нарығындағы ахуалды өзгертері анық.

Былтыр Батыс Қазақстандағы өндіріс мекемелерінің басшылары жастардың жұмысшы мамандықтарға келмейтіні жөнінде дабыл қаққаны есімізде. Айтуларынша, жастар станокта тұрып жұмыс істегісі келмейді, киім тігіп, қап тасуға бейіл емес. Тек компьютерде отырып, миллиондар тапқысы келеді екен. «HeadHunter Казахстан» компаниясының менеджері Анна Шевченко, сұранысқа ие 20 мамандықтың ішінде жұмысшы мамандықтардың барын айтыпты. Өндіріс мекемелеріне электромонтерлер, кабельщиктер, электриктер, жүк тасушылар, дәнекерлеушілер қажеттілігінің сұранысы 11,45 пайыз деңгейінде көрінеді.

Еңбек нарығында қалыптасқан мұндай мәселеге Президент Жолдауында мән берілді. Мәселен: «Біздің елімізде еңбек ресурстарының балансын  есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін әзірленген жоқ. Шын мәнінде, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған» деп орынды атап өтілді. Және оны шешудің оңтайлы жолдары да ұсынылды: «Біз оқушылардың қабілетін айқындап,  кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс. Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндіктер аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек», делінген.

Оқушылар демекші, оларға мектеп қабырғасында жүрген шағында-ақ кәсіби бағдар беру талай жылдан бері сөз болып келеді. Білім және ғылым министрлігі осы түйткілді бір жүйеге келтіріп, жолға салса дұрыс болар еді. Өйткені, әр оқушының қабілет-қарымы көп жағдайда ескерусіз қалып жатады. Небір талантты балалар өздері қаламаған мамандықтарға оқуға түсіп, ақыр соңы еңбек нарығында дарынына лайықты жұмыс таба алмай сәтсіздікке бой ұрады. Ең бастысы адам өмірінің уақытын босқа шығындаймыз. Кәсіби бағдардың қажеттілігін біз осы тұрғыдан бағалауымыз керек. Ал бізде оқушылар кәсіби бағдар жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуінен мектеп бітірген соң қай мамандықты таңдарын білмей бастары қатады. Біресе ата-анасының, біресе айналасындағы достарының кеңесімен немесе өзінің азды-көпті өмір тәжірибесіне ғана арқа сүйеп, тәуекел жасап мамандық таңдайды. Бірақ оқушыларға кәсіби бағдар берудің оңай нәрсе емес екенін де түсінуіміз керек. Бұл мұғалімнен де біліктілікті талап етеді. Психологтардың да кеңесі артықтық етпейді. Сонымен қатар, білім жүйесі де, әдістемесі де солай қарай бағыт алғаны жөн. Бәлкім Германиядағыдай ата-аналарды, мұғалімдер мен оқушыларды қатыстыра отырып, оқушының өзінен сұрап, ортақ шешімге келіп таңдайтындай жұмыс жасау қажет болар.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында білімге байланысты тағы да бір өте маңызды мәселені қозғағаны белгілі. Ол – қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтап бара жатқандығы. Негізгі мәселе ретінде ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы айтылды. «Сондықтан, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ауыл мен қала мектептерінде айырмашылық бар екені анық. Қала мектептері қайткенмен материалдық-техникалық база тұрғысынан болсын, білікті мұғалімдермен кадрлық тұрғыдан қамтамасыз етілу тұрғысынан болсын ауыл мектептерінен ілгері. Мәселе осылай екен деп, ауыл мектептерін назардан тыс қалдыруға тағы болмайды. Себебі талантты, дарынды балалардың көбі ауылдардан шығады. Ауыл – қазақтың алтын бесігі.

Қалыптасып отырған түйткілдің бір себебі – жоғары оқу орнын бітірген жас мамандардың ауылдық жерге барғысы келмейтіндері. Неліктен ондай жағдай қалыптасты? Жас мамандар неліктен ауылға барғысы келмейді? Тіпті, ауылдан келген балалардың өзі 4-5 жылдың ішінде қалаға бой үйретіп, ауылға барғылары келмей қалады. Қазіргі жастар жайлы өмірді іздейді, бірден жоғары жалақыны көксейді, баспана мәселесінің де бірден шешілгенін қалайды. Мұның барлығы орынды талап, әрине. Шынтуайтына келгенде, жастарды елді мекендерге келіп жұмыс істеуін ынталандыратындай жобаларды көбейтуіміз керек. Бірақ жастар да өздеріне көп нәрсені талап ете бергеннен гөрі, бастапқы кездегі қиындықтарға барынша шыдап, білек сыбана еңбек етуге кірісуге дайын болып келуі керек. Яғни, елім үшін, жерім үшін деген патриоттық ұстаным да белгілі бір деңгейде көрініс бергені жақсы. Әрине, жергілікті жердегі атқарушы билік те оларды құшақ жая қарсы алып, мемлекеттік қолдауларды көрсету бағытында аянып қалмағандары абзал. Жас мамандар сұранысы мен жергілікті биліктің ол сұраныстарды қанағаттандыру орайында реттелмеген механизмдер көп. Жас маман жергілікті жерге келгенде жұмыс сұрап, үй сұрап келген мүсәпір адам сияқты болмауы керек. Қайта өзін сол ауылға, ауданға, қажетті маманмын, «менің білімім мен біліктілігім осы жерге, ел-жұртқа керек» деген көзқараспен, нық сеніммен келуі керек. Содан кейін аудан әкімдіктері жанынан қазіргі заманға сай телефон соғып, қажетті мамандықтар жайында ақпарат ала алатындай Call-орталықтар құрылса дейсің. Немесе әкімдік сайтында толыққанды ақпарат ұсынылуы керек. Көп жағдайда жас мамандарға берілген уәде де өз деңгейінде орындалмай қалып жатады. Бұл да жергілікті жерге өзінің жарқын болашағына сеніп келген жас маманның үмітін су сепкендей қылатыны анық. Мұндай болмас үшін, Президент айтқандай, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет.

Жалпы, елімізде былтырдан бері жас мамандарға, жастарды толғандырған мәселелерге кең ауқымда көңіл бөліне бастағаны қуантады. Өйткені, жастар қоғамнан тыс қалғысы келмейді. Олардың да өз арман-мақсаттары бар. Бүгінгі жастар – креативті. Бос қиялдан арылған. Нақты іс-әрекет пен нәтижеге жұмыс істейді. Қазақ «ақыл – жастан» деп бекер айтпаған. Жастардың қайраты мен жігерін, әлеуетін мемлекет жолында дұрыс қолдана білудің, соған жағдай жасаудың тетіктерін қарастыруымыз керек. Жастар да белсенділік танытып, өз әлеуеттерін елімізді өркендету жолына жұмсауға ықыласты екендіктерін байқатуда. 2019 жыл – «Жастар жылы» деп белгіленсе, 2020 жыл – «Еріктілер жылы» ретінде айқындалып отыр. Волонтерлік қызмет әлемнің көптеген елдерінде бұрыннан бар. Әлемдік спорттық, мәдени шараларда көптеген елдер волонтерлердің көмегіне жүгініп жатады. Сонымен қатар студент шағында волонтерлік жұмыстармен айналысқандарға диплом бойынша қызметке қабылдану кезінде басымдық беріледі. Яғни, волонтер болған жастар далада қалмайды. Мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктерге ие болады. Осы бастама біздің елімізде де іске асырыла бастағаны жақсы. Бұл жастарымыздың азаматтық белсенділігін арттырып, елдік сана-сезімдерін биіктетуге зор мүмкіндік. Мұқтаж адамға көмек көрсету ұлтымыздың бойында бұрыннан бар қасиет. Бірақ ол қасиет ендігі кезекте әлеуметтік, бұқаралық сипатқа ие болмақ. Осылайша біздің жастарымыз волонтерлік қызмет арқылы бір қолдың саласындай іске кірісті.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Birgemiz» волонтерлер фронт-офисінің ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде волонтерлік қызмет дүниежүзінде  кең таралып, әлемдік қозғалысқа айналғанын айтқан еді. Президент келтірген дерек бойынша, жер бетінде 1 миллиардқа жуық адам волонтерлікпен айналысады екен. Ал біздің елімізде бұл көрсеткіш – 16 мың. Мемлекет басшысы бұл көрсеткішті 100 мыңға дейін көтеруге болатынын айтты.

«Олардың жаһандық дамуға тигізер үлесі зор. Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 2,5 пайызы – Еріктілер еңбегінің нәтижесі. Көптеген елде Ерікті болу қалыпты жағдай, үлкен құрмет саналады. Жұртшылық оларды сыйлайды. Мысалы, Франция халқының жартысына жуығы волонтер атанған. Германия мен Жапонияда еріктілердің саны жылдан жылға көбейіп келеді екен. Біз де осындай деңгейге ұмтылуымыз керек» деді Қ.Тоқаев. Жалпысында, волонтерліктің табиғаты қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі – Асар дәстүріне қатты ұқсайды. Асардың мақсаты – қол көмегі қажет болып тұрған отбасына ағайындары мен ауылдастарының көптеп-көлемдеп көмектесіп жіберуі. Осы тұрғыдан алғанда волонтерлік қазақ үшін жат нәрсе емес.

***

Иә, еліміз үшін әрбір жылымыз тарихи жыл. Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайту, мемлекетіміздің іргетасын беріктендіру, ұлттық сана-сезімді көтеру, тілімізді, салт-дәстүрлерімізді, руханиятымызды ілгерлету, бір сөзбен айтқанда кемелді қоғам құру ісі алдымызда тұр. Тарихи сананы қалыптастыру мәселесін де ұмытпауымыз керек. Себебі тарихи сана арқылы көп дүние орнына келеді. Өткенсіз – болашақ жоқ.

Наурыз айында Алматыдағы Ғылым ордасында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың қатысуымен өткен тарихшылар басқосуында да осы мәселе сөз болған еді. Осындай басқосудың ұйымдастырылғаны өз нәтижесін береді деп ойлаймын. Себебі тарих ғылымында қордаланып қалған дүниелер аз емес. Ол туралы ғалымдар жиі айтып келеді. Басқосуда қазақ тарихы ғылымының дамуы, оқулықтардың жазылуы, ұлттық тарихқа көзқарас жайында біраз түйткілдер сөз болған екен. Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы, академик Мәмбет Қойгелдиев бастаған ғалымдар біраз жайтты ортаға салыпты:

– Бұл салаға мемлекеттің қолдауы жоқ емес. Әсіресе соңғы жылдары көп қолдау көрсетілуде. Бірақ мәселе тарихшылардың өзінде. Біз қаншалықты дұрыс бағыт ұстанып отырмыз? Тақырыптарды қаншалықты зерттеп жатырмыз? Оны оқулыққа қаншалықты енгізе алдық? Тарих білімін іргелендіру деген мәселе бар. Кеңес заманында осы бар болатын. Қазір жоқ. Мысалы, Отан тарихы қандай тұжырымдарға негізделуі керек? Мұны кезінде Еуропаның төрінде Мұстафа Шоқайдың өзі айтқан болатын. Біздің оқулығымызда тас дәуірінен бастап бүгінге дейінгі тарихымыздың бәрі жазылуы керек. Тарихымызда қандай іргелі кезеңдер бар? Соны ажыратып алуымыз қажет. Сондықтан, арнайы комиссия құрып, тарихты іргелендіру мәселесін зерттеп, белгілі бір тұжырымдар жасау керек. Әйтпесе қазіргі бағытпен оқытудың қажеті жоқ, - деген сөздер бірқатар ойларға жетелейді және шешімін табуы тиіс нәрселердің аз емес екенін байқатады.

Еліміздің ғасырлар мен дәуірлер қойнауында жатқан тарихын зерттеу бағытында жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар баршылық.  Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы даланың жеті қыры» атты жобалары аясында да қаншама дүниелер жасалуда. Жасыратыны жоқ, біз тарихы терең әрі шынайы түрде зерттелмей келген елдердің қатарындамыз. Тарих – уақыт талғайтын ғылым. Ол қысқа мерзім ішінде жазылып, тез нәтиже бере қалмайды. Тарих ғылымынан ондай нәтиже күту де әбестік. Бірақ тарих ғылымында іргелі әрі кешенді зерттеулер жүргізу ісі дұрыстап жолға қойылуы керек. Тарих ғылымына жас ғалымдарды көбірек тарту, оларға әлеуметтік тұрғыдан жағдай жасау – кезек күттірмейтін мәселе. Себебі бұл ғылымда кадр тапшылығы байқалады. Аға буын тарихшылардың еңбегін іліп әкетіп, сол деңгейде жалғастыратын орта және жас буын кадрлардың ғылымға дендеп кірісіп, сүбелі зерттеулерімен көрінуі сирек. Әлде олар жазған кітаптар көпшілікке жетпей жатыр ма? Қысқасы, тарих ғылымы жайында да ойласатын мәселелер аз емес.

Алдыңғы ой жосығымызға қайта оралсақ, Президентіміз айтқандай, біз елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам бастық. «Осы маңызды міндеттерді сапалы орындауымыз керек. Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиіс. Мен мемлекеттік органдардан жұмысты жедел атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізуді талап етемін. Реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол берілмейді». Иә, реформа тек реформа үшін емес. Бұл орайда Мемлекет басшысының ұстанымы айқын. Алдағы уақытта әрбір жұмыстан сапа талап етілмек. Сапа – алға жылжуымыздың қозғаушы күші. Кез келген істе сапаға қол жеткізе алмасақ, жұмысымыздың барлығы зая кеткендей болары анық. Жалпы, сапа дегеніміз – өмірдің философиясы. Мақсаткерлік. Бәсекелестік. Адамның бойындағы табиғи сұраныс, қажеттілік. Сол кезде қоғамның да сапасы артады. Бұл айналып келгенде адам капиталын қалыптастыратын аса зор құндылық. Бірақ көп жағдайда осыны естен шығарып алып жатамыз. ХХІ ғасырда сапаға мән беру тіпті керек. Бір сөзбен айтқанда, сапа – барлық жұмыстың негізгі өлшемі мен критерийіне айналып отыр. Ал сол өлшемге сай болу да үлкен жауапкершілік.

Иә, мемлекетіміздің алдында қоғамның қай кезеңінде болмасын биік мақсаттар тұрған. Әлемдік қауымдастықта өз орнын айқындаған еліміз үшін жаңа міндеттерді шешу, реформаларды сәтті жүзеге асыру қашанда маңызды. Ал ол қалай жүзеге асады? Қандай мәселелерге назар аударған жөн? Президент Жолдауында мұның бәріне толыққанды жауап бар. Демек, бағдарымыз – айқын. Ел болып ұйысып, халық болып бірігіп жаңа асуларды бағындыра беруіміз керек.

548 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз