• Заманхат
  • 02 Мамыр, 2020

ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ТӨҢІРЕГІНДЕГІ БҮГІНГІ АХУАЛ

...Еліміздің болашағы ұлт мәселесімен байланысты бола береді. Әлеуметтік, экономикалық, рухани мәселелер әр кезде де ұлттық сипат алып, барлық іс-әрекеттердің шешілуіне не қолдау, не тосқауыл болатыны да белгілі. Дегенмен ұлтаралық ахуал әлі де тоталитарлық жүйенің ұлтсыздану саясатының ызғарынан толық арыла алмай келеді. Әлі де ұлт десе үркіп, тосырқап қарайтындар, ашық болмаса да іштей қарсылық білдірушілер жетерлік. Ұлттық мәселелердің барлығы мойындалса да, оларды өзінен-өзі шешілетін сияқты, өткінші мақсатқа бейімделінеді. Ұлт саясатын белгілі бір шараларға, жиындарға теңеу орын алған. Бұл салада жауапкершіліктен гөрі салғырттық басым. Кейде жалған әдептілік, сыпайылық та өз зиянды ықпалын тигізуде. Ұйықтап жатқан жыланның құйрығын басудың қажеті жоқ дегендей, орыс саясаткерлері оны «не буди лиха, пока она тихо» дейді, ұлт мүддесі деп ұлттық мәселені ушықтырып алармыз, ұлттық сезімді сыйлау, қытығына тимеу, «бізге тыныштық керек» деп, қалай болғанда да ұлт мәселесіне көз жұму әлі басымырақ. Ұлт саясатын менсінбеу кезінде 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісін түсінуге өз зиянын тигізді, билік жауды сырттан, болмаса жеке адамдардан көрді. Соларды ұстап соттаса, мәселе шешілетіндей сезінді. Сондықтан, бүгін де ұлтаралық қақтығыстар «күтпеген уақиғалар», болмаса жай еркінсу, даңғойлықтың салдары делінеді. Осыдан келіп ашық әңгімеге, көрініп тұрған қайшылықтарға көз жұму, айналып келгенде, бұл мәселені радикалдық-саяси топтардың еншісіне беру, болмаса ұлттық мәселені көтеретін интеллигенцияны «национал-патриоттар», тар, ұлттық, шектеулі ой-пікірлерден аса алмайтын шулы топқа теңеу басым. Ал бір уақиға бола қалса, түгел бір ұлтты кінәлауға әуестілік, шамадан тыс күмәндану орын алады. Осындай психология құқық қорғау органдарына тән.

Елімізде ұлт саясатымен Қазақстан халқы Ассамблеясы ғана айналысады деген пікір қалыптасқан. Ұлт мәселесін Ассамблеяға ғана жүктеу ұлт саясатының аясын тарылтып, көптеген құзырлы мемлекеттік органдардың ұлт мәселесінен сырт айналып кетуіне әкеледі. Сөз жоқ, Президент, Ассамблеяның төрағасы Конституция бойынша ұлт саясатының негізін айқындайды, ұлт өкілдерінің құқықтары мен бостандығының кепілі. Сонымен бірге ұлтаралық ахуалға Ассамблея ғана емес, атқарушы, заң шығарушы, сот билігі, әр деңгейдегі әкімдіктер, мәслихаттар, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, әр азамат жауапты. Бүгін барлық министрліктер мен ведомстволар өз қызметтерін ұлт саясатына әлі икемдей алмай жатыр. Мемлекеттік Басқару академиясында да мамандарды дайындау және олардың біліктілігін жетілдіру саласында ұлт мәселелеріне терең мән берілмейінше, мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметкерлердің меңгеруіне назар аудармайынша, ұлт саясаты аяқ асты бола береді. Көпэтностық мемлекетте ел басқарудың этнопсихологиялық, діни ерекшеліктерін ескеру бүгін өткір мәселе.

Амангелді АЙТАЛЫ,

«Егемен Қазақстан» 3 қыркүйек, 2000 жыл

49 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала АҚЖАН МАШАНИ – ФАРАБИТАНУДЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ
Келесі мақала ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘСКЕРИ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №10

30 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы