• Еркін ой мінбері
  • 01 Маусым, 2020

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІҢ ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ

Жайна Тәттімбетова,  журналист

Интернет және ондағы ресурстар бізді және біздің өмірімізді өзгертті. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді әлеуметтік желілердің де адам баласы үшін пайдалы және пайдасыз тұстары бар. Күн тәртібіндегі атқарылуы тиіс жұмыстарды кейде осы әлеуметтік желілердің әсерінен үлгере де алмай жатамыз. Сонымен әлеуметтік желілердің зиянды жақтары қандай? Психологтардың айтуынша, ең алдымен бұл тәуелділікке әкеледі. Ұйқыдан тұра салысымен қолыңызға телефоныңызды алып бірден желіде біреу маған хабарлама қалдырды ма екен, бұл әлемде қандай өзгеріс болды екен деген ойлар адамды қаумалайтыны рас. Жастар мейрамханаға немесе басқа да тамақтанатын орындарға барса, уай-фай (wifi) іздейді. Сондай-ақ телефонды кемінде 10 минут сайын тексерумен уақыт өткізеді. Ал, ғалымдар әлеуметтік желіге шамадан тыс тәуелді болуды әлдеқашан психологиялық ауытқу деп таныған. Өйткені ,экранның ар жағындағы кей жандар сыртқы әлеммен байланысын үзіп, тек қара жәшікке телмірумен бар уақытын өткізетін көрінеді.

Интернеттегі ақпаратты сүзгіден өткізе алмаған желі қолданушы үшін оның зияны шашетектен болары анық. Себебі ондағы жазылған, айтылған дүниелердің бәрі дерлік шындыққа жанаса бермейді. Ал кейде қызықты контенттің жетегінде кетіп, ешбір пайдасы жоқ, тіпті зиянды ақпаратты сіңіріп алуы ғажап емес. Сондай-ақ ақпараттың тым көптігінен керекті деректерді есте сақтап қалу да қиынға түседі. Иә, әлеуметтік желі көп жағдайда адамдарды күйзеліске ұшыратады. Бұл күйзелістің себептері де әртүрлі. Мысалы, біреу басқа адамның жақсы өмір сүргенін көре алмағандықтан оның бойында негативті эмоция қалыптасады. Бір жеке тұлғаның өмірін бақылап, оның қандай жерлерде тамақтанып, қандай адамдармен дос болатынын бақылап отыратындар үшін бұл жағдай өз әсерін тигізбей қоймайды. Сонымен қатар, желі қолданушы лентаға шыққан жаңалықтарды, достарының суреттері мен видеоларын көріп, астына жазылған мәтіндерді оқып шыққанша көзі талып, шаршап та қалуы мүмкін. Өйткені, ол осы процесс жүріп жатқанда басқа нәрселерді ойлай алмайды. Тіпті ұйқыға кеш жатып, кейде ұйқысыздыққа ұрынады. Оның үстіне ноутбукқа, планшетке шамадан тыс телміру адамның көру қабілетіне теріс әсерін тигізетіндігін де ұмытпауымыз керек. Мәселен, бір бала компьютерлік ойындарды жақсы көрді делік. Онлайн ойындардан ешқашан жалықпайды. Күні-түні ойнай береді. Уакыт өте келе, көзілдірік тағуға мәжбүр болады. Өмірде мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Көзіңнің ешуақытта бұрынғыдай 100 пайызға көре алмайтындығын түсіну қандай ауыр. Қазіргі таңда медицина саласы жақсы дамып келеді, лазермен-ақ көзді емдеуге болады десек те, жаратылыстан берілген саулыққа ешнәрсе тең келмейді. «Тән саулығы ‒ жан саулығы» деп халқымыз бекер айтпаса керек-ті... Ойымызды әрі қарай сабақтай түсер болсақ, әлеуметтік желіде адамның жеке басына қатысты деректер жүктелетіндіктен олар алаяқтардың құрбанына айналып кету мүмкіндігіне жиі ұшырайды. Өйткені, қолданушылардың көбі өзі туралы ақпаратты толықтай жазып қояды. Бұл айлакерлер үшін таптырмас құрал. Демек, деректерді толтыру барысында мұқият болған жөн. Әлеуметтік желілердің елді дүрліктіретін де кездері аз емес. Соның бірі ‒ коронавирус індеті тарап жатқан тұста «Whatsapp» желісінде бір видео тараған болатын. Онда көшеде кетіп бара жатқан адамның ауру салдарынан жерге құлайтыны бейнеленген. Мұндай видеоға түсіріп тұрған адамның адамгершілігі жайлы сөз қозғамай-ақ қоялық. Бір адамның науқастанып, әлсізденіп тұрғанын көрген адам оны видеоға түсіріп уақыт кетірмей, керісінше көмек көрсетуге асыққаны жөн емес пе? Осыдан бірнеше жыл бұрын жасөспірім мен балалардың психологиясын бұзып, суицидтік жағдайларға дейін жеткізген «Синий кит» секілді ойындардан қаншама бала зардап шекті. Бұл ойын 14-19 жастағы балалардың уақытының біраз бөлігі өтетін «Вконтакте» желісінде пайда болған. Бұдан бөлек, жеткіншектер уақытынан бұрын бей әдеп материалдарды осындай желілер арқылы көреді. Мұндай олқылықтарға жол бермес үшін балалардың интернет ресурстарда отыратын уақытын, көретін видео, аудио және бейнематериалдарын реттеп, қадағалап отырудың маңызы зор. Өйтпеген жағдайда балаңыз санасына өзге идеологияны орнатып, әлемге басқа көзқараспен қарайтын болады. Кейін ата-анасымен санаспай, өз бетімен қателікке, кейде тіпті өлімге апаратын шешімдер қабылдауы мүмкін. Жалпы, өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жастар ұлтымызға жат мәдениет пен идеологияны сіңіреді. Кейін олардың арасынан ата-дәстүрін мойындамайтындар, салт-дәстүрін менсінбейтіндер шығуы әбден мүмкін. Шет мемлекетке оқуға кетіп, қайтып келмей, ұлттық құндылықтарын, төл мәдениетін ұмытқандар қаншама. Онымен қоймай, қазақ екендігіне ұялатындарын қайтесің. Сондықтан, тәрбие тал бесіктен демекші, ең алдымен тәрбие жағын реттестіріп алуымыз керек. Дұрыс идеология ұстанған жас ұрпақ қана болашақтың кілтін қолына ала алады. Ер жеткен, бой жеткен шақта жастар осы әлеуметтік желілерде түрлі парақшаларға тіркеліп, жаңа таныстар тауып жатады. Тек ондай таныстардың арам пиғылды еместігіне ешкім де кепіл бола алмайды. Өмірінде бір рет болсын жүздесіп көрмеген жанмен желіде танысып, біліседі, оны толықтай танып алдым деген ойға келеді. Тіпті, сол жанның артынан жанындағы жақындарын тастап, шет елге кетуге де дайын. Мұндай жағдайдың белең алғаны өте алаңдатады. Олар тырнақшаның ішіндегі сүйіктілерінің артынан майданның қайнаған отына түскенін байқамай да қалды. Жігіттер өзін қалай да қорғай алады ғой. Ал, тумысынан нәзік жанды аруларымыз сондай жерге тап болса, олардың көрген күні не болмақ? Күңдікке сатылады, әрі қарай түрлі тағдырды басынан кешеді... Енді азды-көпті әлеуметтік желілердің пайдалы тұстарын да сөз ете отырсақ. Таразының қай жағы басымдық танытарын өзіңіз шешерсіз, құрметті оқырман. Ең алғашқы пайдалы тұсы көптен көрмеген, достарыңмен, туыстарыңмен видеохабарламалар және аудиохабарламалар арқылы сөйлесіп тілдесуге болатыны. Екіншіден, жаңа достар табуға өте ыңғайлы платформалардың көптігі. Адамдармен бірден тіл табысып кете алмайтындар үшін бұл таптырмас құрал. Өйткені, хабарлама жазу кезінде кей жандар өзін еркін сезінеді. Ал, шынайы өмірде олар қысылып, тіптен адаммен араласып кетуі қиынға соғуы мүмкін. Ақпаратты сүзгіден өткізе алсақ, өте қызықты пайдалы дүниелерді бойыңызға сіңіріп алуға болады. Бұл танымды кеңейтіп, білімді арттырады. Ақпараттың жазбаша, ауызша, тіпті видеоформатта болғандығы оны тезірек есте сақтауға көмектеседі. Тағы бір ерекшелігі - керекті деректі интернет алдыңызға жайып салады. Сонымен қатар, әлемжелі шет тілдерін меңгеруге мүмкіндік береді. «Youtube» желісінен түрлі тіл үйрететін тегін курстар тауып, қарауға болады. Үйренгіңіз келетін тілде фильм немесе сериал қарау арқылы сіз сол тілді тезірек меңгеріп кете алатындығыңыз желінің тағы бір пайдалы тұсын аңғартатындай. Келесі артықшылық ‒ жұмыссыз жүрген адамның екі қолына бір күрек тауып бере алады. Оған арналған бірнеше платформалар бар. Google-дан сол платформалардың тізімін алып, ұнағанын телефонға жүктеп алуға болады. Бүгінгі таңда оқушылар мен студенттер үшін пайдалы тұсы бұл. zoom, skype секілді желілердің бары қуантады. Алайда, мұндай платформалар арқылы кейбіреулер телефондағы деректерді рұқсатсыз пайдалана алатынын естен шығармағанымыз жөн. Әлеуметтік желілердің артықшылығы деп бизнес жасауға мүмкіндік беретін тұстарын айтуға болады. Жеке кәсіп иелері жарнама жасау үшін енді қиналып әуре болмайды. Өйткені, желіде қазір еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейінгі жандар отырады. Ал бұл аудиторияны жасына және басқа да факторларына қарай таңдап, жарнаманы дұрыс жаққа қарай бағыттауға үлкен көмегін тигізеді. Ғылыми-зерттеулерге назар аударсақ, интернеттегі ойындар болсын, әлеуметтік желі ішіндегі ойындар болсын адам миының жақсырақ жұмыс істеуіне көмектеседі екен. Жұмыстан шаршап келген немесе үйде отырып зеріккен адам осындай ойындарды ойнап миын сергітеді. Кейін ойлау жүйесі жақсарып, жаңа идеялар мен тың дүниелерді шығаратын генераторға айналуы бек мүмкін. Тағы бір пайдалы тұсы желі арқылы көптеген кітаптарды оқуға болады. Тіпті электронды кітап оқуға арналған гаджеттар бар. Жолға шыққанда электронды кітап оқыған өте тиімді екені белгілі. Артық орын алмайды, салмақ та түсірмейді. Сондай-ақ «Вконтакте»,«Фейсбук» секілді желілерде оқығыңыз келетін кітаптың атын жазып сол жерден-ақ қалаған авторыңыздың туындыларын оқи беруіңізге жағдай жасалған. Мәселен, желі арқылы белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарын» оқып шыққаным есімде. Содан бері жолда, қолымда кітап жоқ кезде электронды кітаптарды оқимын. Әлемде әлеуметтік желі пайдаланатын жандардың саны жыл санап өсуде. Ең көп қолданылатын желілердің алғашқы үштігін Facebook (1,6 млрд адам тіркелген), Youtube (1млрд профиль тіркелген), Qzone қытайлық желі (623 млн пайдаланушысы бар) алады. Ал еліміздегі ең танымал әлеуметтік желілердің үштігін Вконтакте (1781763 қазақстандық тіркелген), Instagram (1008360 пайдаланушы), Facebook-ке (413026 пайдаланушы) тиесілі. Бүгінгі таңда телефонды былай қойғанда әлеуметтік желілерсіз өмір сүру қиынға соқты. Өткенде бір досымның аузынан «егер сен әлеуметтік желіде жоқ болсаң, онда сен мына әлемде де жоқсың» деп айтқаны есіме түсті. Бұл сөздің жаны бар. Тіпті қазір әлуметтік желідегі парақшаңа қарап, сенің қалай өмір сүріп жатқаныңды, кіммен дос болып, кіммен араласатыныңды, қай жерде тамақтанып, қай жерде жиі серуендейтініңе шейін көріп, бақылауға болады. Өміріміздегі болып жатқан әрбір өзгерісті достарымыз мен таныстарымыз көріп, хат алмасу арқылы қуанышыңа ортақтасып та жатады. Бірақ желідегі парақша иелерінің көбі өміріндегі келеңсіз жағдайлармен бөлісуге асықпайтын көрінеді. Мысал үшін қазіргі кездегі елімізде танымалдығы күн санап артып келе жатқан instagram-ды алайық. Бір ғана инстаграмда қаншама пайдаланушы тіркелген. Сондықтан, қазір бұл алаң жарнама жасайтын ортаға айналды. Фейсбук «Инстаграмды» сатып алмай тұрып, бұл желінің арқасында біраз пайда көретіндігін алдын ала болжап қойған екен. Сатып ала салысымен онда пайдаланушылардың зерігіп кетпеуі үшін түрлі опцияларын шығарып, күн сайын инста әлемді дамыту үшін жаңа идеяларды қарастырыпты. Бірақ мұндай жаңа идеялардың кей адамдарға зиянын тигізіп те жатқанын ескермеуге болмайды. Тек бір күннің өзінде инстаграмға қаншама рет кіріп шығамыз. Бір кіргенде кемінде 10-15 минутқа кіреміз ғой. Яғни орташа есеппен алғанда адамдар 24 сағаттың 2 сағатын осы желіге арнайды екен. Соңғы кездері өзімнің де осы әлеуметтік желіге өте жиі және ұзақ уақытқа кіретіндігімді байқадым. Егер де осы желіні телефонымнан өшіріп тастасам, шыдайтын-шыдамайтынымды байқап көргім келді. Алдымен өз аккаунтымды бұғаттап тастадым. Бұл менің парақшаға мүлдем кірмеуім үшін жасалды. Кейін бірден осы желіні телефонымнан өшіріп тастадым. Осылайша бір апта бойы желіге кіріп парақшамды қайта бұғаттан шығармай өзімді әрең ұстап жүрдім. Бір аптадан соң шыдамай парақшамды қосып алдым. Алайда, көп ұзамай, мен желіге кіргім келмейтінін түсіндім. Одан соң тағы да парақшаны бұғаттамай-ақ тек инстаграмның өзін өшіріп тастадым. Содан бері оны қайта қосқан жоқпын. Бұл мен үшін кішкентай болса да жетістік. Өйткені, қаншама адам бұл желіге қазір жіпсіз байланып отыр. P.S.Айтпағым, менің жоғарыда атаған зиянды және пайдалы тұстарын таразыға салып, өзіңізге керекті жерлерін түртіп қойсаңыздар екен. Желіні тек аз уақытты ысырап етпей, пайдамызға жаратар болсақ, сіз де біз де тек жақсы нәтижеге жететініміз анық қой. Ендігі таңдау өзіңізде оқырман.

12621 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз