• Тарих толқынында
  • 01 Маусым, 2020

АЛАШ ҚАЙРАТКЕРІ БІЛӘЛ МАЛДЫБАЙҰЛЫ

Ерден НҰРАХМЕТ, жас зерттеуші, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті

Қазақтың тізгін ұстар асыл азаматы, ақылы азық, сөзі сусын болған алаш арысы Біләл Малдыбайұлына 1937 жылы «халық жауы» деген жала жабылып, ату жазасына кесілді. Үкімді тез орындап, көзін құртқанша асықты. Себебі, олар қазақтың оқығандарынан, көзі ашық, көкірегі ояу жандарынан қорықты. Большевиктік билік өкілдеріне өз сөзін сөйлеп, ісін қолдайтындар ғана қажет еді. Ал, Біләл Малдыбайұлы болса артындағы азғантай ғана халқының талап-тілегін тыңдап, солардың мүддесі үшін қызмет атқарды. Елді аузына қаратқан тұлға қаражаяу емес еді. Халық ағарту саласын дамытты, мектеп салдырды, аударма саласына сүбелі үлес қосты, журналистика саласында өз ізін қалдырды. Ұлтының еңсесін көтеру жолында бар күш-жігерін жұмсады. Оған өз халқы алтыннан да қымбат еді. Біз осы мақаламызда ағартушы Біләл Малдыбайұлының өмір жолы мен атқарған қызметтеріне тоқталамыз.

Біләл Малдыбайұлындай алаш арысын зерттеп, бүгінгі ұрпаққа таныту мақсатында осы күнгі алашшыл азаматтар Асхат Дауылбаев, Ерсін Ерғали және жас ғалым Елдос Тоқтарбайлар ерекше үлес қосып келеді. Қай істе болмасын ұлттық рухы басым тұратын азамат заманында есімі елге кең тараған ағартушы, аудармашы, әдебиетші, дәрігер болған. Ол 1890 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданындағы Қаратал ауылында дүниеге келген. Біз алаш қайраткері Біләлдің өмірбаянын жазарда Ирмовка орталау мектебінің директоры болып жүргенде өзінің жазған өмірбаянына қарап нақты дерекпен жазуды жөн санап отырмыз. Осы құжаттың көшірмесі қазіргі таңда Қаратал орта мектебінің Ш. Құсайынов атындағы әдеби-өлкетану мұражайында сақтаулы тұр. Өз қолымен жазған өмірбаянында: «1901 жылы әкем мені ауыл молдасы Мұқағали Сәдуақасов деген молдаға оқуға берді. Кейін Имантау ауылында тұратын ұлты татар Шерияздан, Шәкір деген молдалардан дәріс алдым. 1905 жылы Қаратал ауылында Құсайын Темірбеков ашқан орыс мектебін үздік тәмәмдадым. Құсайынның көмегімен Атбасарда, сонсоң Омбыда малдәрігерлік-акушерлік мектебінде оқыдым. 1912 жылы оны үздік стипендиямен бітіріп, қызмет жолымды Атбасар уезіндегі Маринское селосында бастадым да, кейін Көкшетау уезіндегі Кривозер (қазіргі Саумалкөл) селосында жалғастырдым», деп жазады.Біләл Малдыбайұлы «мал дәрігері»деген мамандықты алып шықса да, халық ағарту саласында табанды еңбек етіп, маңдай терін төккен ер. Біләлдің қызметке араласуы тікелей Әлихан Бөкейхан, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Мұстафа Шоқайлар арқылы жүзеге асты. Ақпан революциясынан кейін мемлекеттік құрылысқа қатынасып, ұлттық-қоғамдық саяси ұйымдар құру және әлеуметтік, экономикалық реформалардың бағдарламаларын жасау мен елдің саяси өміріне араласу қарқын ала бастады. Сол уақыттағы саяси жағдайларды тиімді пайдаланып, жоғарыда аты аталған үш алаш қайраткері қазақ оқығандарын мемлекеттік қызмет органдарына ұсынады. Бұл туралы академик Кеңес Нұрпейісов өзінің «Алаш һәм Алашорда» деп аталатын еңбегінде былай деп келтіреді: «Негізінен осы үш қайраткер Ақпан революциясы жеңісіне жетісімен қазақ интеллигенциясы өкілдерінен кімдерді жаңа мемлекеттік құрылымдардың қызметіне ұсыну мәселелерін шешуге өз міндеттеріне алды немесе қазіргі терминологияны қолдансақ, олар басқару жүйесіндегі кадр мәселесін айқындауға атсалысты. Олардың ұсыныстары бойынша Уақытша үкіметтің жергілікті органдарының әр түрлі дәрежедегі басқару жүйесінің шенеуніктері болып Ахмет Бірімжанов, Ғалиасқар Қуанышев, Балға Құрметов, Біләл Малдыбаев, Ахмет Кенесарин, Айдархан Тұрлыбаев, Мұхтар Саматов және басқалар тағайындалды» (К.Нұрпейіс. Алаш ақиқаты, монография, Алматы: «Анарыс» баспасы, 2010. – 424 б.). Қайраткер тұлғаның өмірбаянын жазуды жалғастыра отырып, осы тұста ағартушы болғандығы жөнінде нақты мәліметтер беріп кететін боламыз. Алаштың оқыған азаматы Біләл азамат соғысы кезінде Көкшетау уезінің жер басқармасында халық ағарту жөніндегі қазақ бөлімшесінің меңгерушісі болып қызметке араласады. Совет үкіметі орнаған соң Қазақстан өлкелік партия комитетінің мүшесі Ә.Досовтың шақыртуымен жаңадан ұйымдастырылған халық ағарту бөлімінде инспектор болып еңбек жолын жалғастырады. 1920 жылы саяси бөлімді басқарады. Бір жылдан кейін уездік қазақ-татар мектептері бойынша нұсқаушы болады. Ал 1924 жылдың басында Айыртау ауданының халық ағарту бөлімінің инспекторы, артынан меңгерушісі болып істейді. 1929 жылы күзде Қазақстан Халық ағарту бөлімінің шақыруымен Қызылорда (сол кездегі астана) қаласына келіп, республика халық ағарту жүйесінде мектептер ісінің меңгерушісі болып тағайындалады. Сонымен қатар 1920-30 жылдары Ақмола губерниялық кеңестер съезінде, Қызылжар, Алматы қалаларында өткен өзге де алқалы жиындар мен басқосуларға қатысады. Облыстық, республикалық баспасөзде оқу-ағарту мәселелерін қозғайтын мақалаларын жариялап тұрады. Қазақ АССР-і Орталық Атқару комитеті Көкшетау қалалық кеңесінің мүшесі болып сайланады. Оның ұсынысымен Көкшетау қаласында балалар үйі мен Луначарский атындағы қазақ-татар клубы ашылған. Алаш қайраткері, алаш қозғалысының көрнекті өкілі Біләл Малдыбайұлы Қызылжардағы «Талап» қазақ ұлттық комитетінің мүшесі, кейін төрағасы болған. Өңірдің қоғамдық-саяси жұмыстарына белсене араласқан. Замандастары Әлихан Бөкейхан, Жұмағали Тілеулин, Мағжан Жұмабай, Қошке Кемеңгер, Сейітбаттал Мұстафаұлы, Смағұл Сәдуақасұлымен жақын қарым-қатынаста болған. Біләл тұлғасын насихаттауда өзіндік үлес қосып жүрген өлкетанушы Ерсін Ерғалиев: «Біләл мен Мағжан соңғы рет Степняк қаласында кездескен көрінеді. Мағжанды тұтқындағаннан кейін оған да жала жабылып, 1937 жылы «халық жауы» деп тұтқындайды» дегенді айтады. Бұл тұжырым әлі де нақты анықтауды қажетсінетінін ескертеміз.

Біләл журналистика саласында

Саналы ғұмырында еш босаңсымай еліне қызмет еткен Біләл Малдыбайұлы қазақ журналистикасының дамуына үлес қосқан журналистердің бірегейі. Оның әзірге бізге мәлім «Айқап», «Сарыарқа», «Жаңа әдебиет» басылымдарына шыққан жазбалары белгілі. Атап айтсақ, «Қызылжардан», «Қазақ тілінде жаңа журнал», «Алынды ма, жоқ па?» және т.б. жазбалары мен «Жаңа әдебиет» журналының 1928 жылғы №9 нөмірінде жарияланған «Кенесары хан» атты мақалалары бар. Қылышынан қам тамып тұрған заманда Кенесары хан туралы сөз қозғап, мақала жазған Біләл Малдыбайұлы қандай батыл адам десеңізші?! Сонымен қатар, «Айқаптың» 1914 жылғы №1 санында жарық көрген «Екінші жұмбақ» атты өлеңі де бар. Автордың тағы басқа публицистикалық мұрасы зерттеуді, жинастыруды қажетсінеді. Қазақ баспасөзі тарихында алашшыл қазақ жастарының тұңғыш газеті ретінде тіркелген «Жас азамат» газеті екені белгілі. Қызылжар қаласында 1918 жылдың 30 шілдесінен бастап, 1919 жылдың 8 ақпанына дейін шығып тұрған газеттің бас-аяғы 22 нөмірі жарық көрген. «Жас азаматтың» 1-11 нөмірлеріне Қошке Кемеңгерұлы редакторлық етсе, 12-16 нөмірлерінің редакторы Біләл Малдыбайұлы болған. 17-22 сандарының редакторлығын қайта Қошке Кемеңгерұлы өз қолына алған. Газетте С. Сәдуақасұлының, М. Әуезовтың, А. Жәнтәліұлының, Б. Серкебайұлының, Х. Ибраһимұлының, т.б авторлардың жазған мақалалары жарияланып тұрды. «Алаш» серіктігінің қаржысымен шығып тұрған газет алаш қозғалысының тынысы ретінде елдік істі хаттауға, түсіндіруге, байыптауға көп жігер жұмсаған. Барлық нөмірінде Алаш қозғалысы туралы хабарлар беріліп отырған.

Біләл салдырған мектеп

Алаш қайраткері Біләл Малдыбай-ұлының ел үшін істеген ерен еңбегі, азаматтық істерінің бірі қазіргі Айыртау ауданындағы Қаратал ауылына салдырған мектебі болатын. Біләлдің абыройын аспандатқан Тереңкөлдің жағалауындағы жарқабақтың үстіне салынған қос қабатты мектеп. Бұл мектептің ғимараты жүргіншілерге алыстан «мен мұндалап» көрініп тұратын болған. 1927 жылы ауылда ұлан-асыр той болып, жеті жылдық мектеп пайдалануға берілді. Думанды тойға атақты Үкілі Ыбырайдың өзі келіп, жыр толғаған. Мектептің шаңырақ көтеруіне байланысты Тереңкөлді жағалай 9 киіз үй тігілген.Той аяғы 35 шақырымдық 75 ат қатысқан аламан бәйгеге, балуан күреске, көкпарға, теңге ілу мен тағы да басқа ұлттық ойындарға ұласты деген деректер де кездеседі. Мектепті салуға «Липат екі шаппайды» дейтін кірешін Лаврентий Плотников, Қараталдан Сейітбаттал Сүлейменов, Біләлдің туған ағасы Нұғыман Малдыбаев бастаған ауыл адамдары және көрші Балапан ауылынан төрт орыс шебер жұмылдырылған. Ал қажетті құрылыс материалдарын Имантау станицасындағы кәмпескеленген кулактың үлкен үйін бұзып, ағаштарын ауыл адамдары арбамен Қараталға тасып жеткізді.16 бөлмесі болған мектеп «аймақаралық мектеп» болып ауылдың балаларымен қатар, көрші және алыстағы Балуан, Социал, Өрнек ауылдарынан да шәкірттер келіп оқыған. Біләл алғашында өзі салдырған мектепте директор қызметін атқарады. Алаштың оқыған азаматымен бірге Нұржан Әуелбеков, Едірес Жахин, Сейфи Сейітбеков, Молдасын Имантаев, Нұрмұхамбет Рахымов, Асқар Жұмабеков, Мерғасым Салықов сынды ұстаздар бірге еңбек етеді. Бұл мектептен қоғам қайраткері Еркін Әуелбеков, ақын-жазушылар Мамантай Есентаев, Жұмабай Есекеев, Табылды Кенжетаевтар білім алған. Біләл мектебінде 1952-1956 жылдары ұстаздық еткен, Алаш қайраткері Жұмағали Тілеулиннің немере қарындасы Ләйлә Сәпиқызы жергілікті «Айыртау таңы» газетіне: «Екі қабатты мектепті осы елдің тумасы Біләл Малдыбаев салдырған. Мектеп сол кезде Айыртау өңіріндегі ірі білім ошақтарының бірі болды. Ғимарат өте әсем, кластары жылы, жарық, пионерлер бөлмесі, жиналыс өтетін, концерт қоятын үлкен залы болатын. Мектеп директоры Жанкөш Боранбаев, оқу ісінің меңгерушісі Жанғали Құлышев болды. Ол кісілер мұғалімдерге, оқушыларға дауыстарын көтермей, ақылдарын айтып, көмектесіп отыратын» деп жазған екен. 1929 жылы Қаратал өңіріне ұжымшар ұйымдастыру мақсатымен жіберілген сол кездегі Айыртау ауданының ОГПУ басшысы Жұмабек Шаяхметов 1927 жылы Біләл Малдыбайұлы ашқан екі қабатты ауыл мектебіне сүйсіне қарап, тамсанып кеткен екен. Ол кезде мұндай мектеп аудан орталығы Володаровка селосында да болмапты. Осы тұста бір қынжылатын жағдай, сәулетті ғимарат тоқырау заманында 1967 жылы біліксіз басшылардың салдарынан ескіріп, тозығы жетті деген сылтаулармен бұзылып, материалдарын мал фермаларын салуға пайдаланған екен. «Біләл мектебін» бұзған құрылысшылар мектептің мықты салынғанын, қырық жыл бойы жақсы сақталғанын айтқан деседі. Тарихи маңызы бар мектеп осылайша шолақ ойлап, келте пішушілердің кесірінен күл-талқан етіліп, жер бетінен жойылып кетті... Біләлдің шығармашылық мұрасы Біләл Малдыбайлұлы 1927 жылы жеті жылдық мектеп салдырып, оның директорлық қызметін атқарып жүрген шағында 1928 жылы Қазақстан Халық ағарту бөлімінің шақыруымен, Қызылорда (сол кездегі астана) қаласына қоныс аударады. Қызылордадағы жылдары да жемісті болып, халыққа қажет бірқатар кітаптарды шығарды. Сондай еңбектің бірі – 1929 жылы Қызылжар қаласында басылған жаңа әліпбимен (латын) тілашарлық әліппе кітабы. Ел ішіндегі деректерге қарағанда, Біләл қазақтың ескілікті әдеби мұралары мен халық ауыз әдебиетінің үлгілерін де жинастырған екен. Бірақ та сол ағартушы жинастырған мол мұра, хатқа түскен деректер бізге беймәлім, ғылыми айналымға түспеген. Болашақта еліміздегі архивтер мен кітапхана қорынан Біләл жиған-терген мол мұра жазылған ескі дәптер табылуы бек мүмкін. Алаштанушы Елдос Тоқтарбай Біләлдің аударма еңбектері туралы оқырман қауымға мынадай мәлімет берген: «Дәрігер, педагог, қайраткер Біләл Малдыбайұлы доктор С.Е.Незлиннің «Құрт ауруы» (Мәскеу, 1927 жыл), доктор Гориевтің «Денсаулық негізі тазалық» (Мәскеу,1926 жыл), доктор Шанстың «Безгек» (Мәскеу,1927 жыл), доктор Б.Проннердің «Жегі аурулар» (Мәскеу, 1927 жыл) кітаптарын аударып, оқырман назарына ұсынған». Біләлдің бұл еңбектері заманында таптырмайтын, өте қажетті кітаптар болған. Орыс ғалымдарының кітаптарын ана тілімізге түсінікті әрі оқуға жеңіл, қарапайым түрде аударған. Оқырман қауымға ұғыныңқы мысалдармен берілген кітаптар қайта-қайта мыңдаған таралыммен басылған екен. Қазақ халқына қажетті тіл, әдебиет, тарих, медицина, жаратылыстану ғылымы салалары, көркем әдебиет пен аударма кітаптары сол кезде Мәскеудегі «Күншығыс» (Шығыс халықтарының Орталық баспасы) баспасынан басылып шыққан болатын. Бұл баспадан көптеген алаш қаламгерлерінің авторлық кітаптары мен аударма еңбектері жарық көрген. Атап айтар болсақ, басқарма төрағасы – Нәзір Төреқұлұлы, Тұрағұл Абайұлы, Жұмағали Тілеулин, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Мамытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Әлі Кемелұлы, Бектасов Ыбыраш, Әбділда Ақбердіұлы, Қ.Мескейұлы, Әкім, Міржақып, Байтасұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Есбол Мырзағұлұлы, Аббас Нұрымұлы, Ибат Игенұлы, Ғаббас Тоғжанов, Даниял Ысқақұлы, Бейсембай Кенжебайұлы, Сұлтан Лепесұлы, Хамит, Даку, Жебеш, Ахмет Баржақсыұлы, Қапаұлы, Ғ.Мырзағазыұлы, Ел Ахметұлы, Қапаш, Бейімбет Майлыұлы, Жүсіпбек Басқараұлыларымен бірге Біләл Малдыбайұлының да еңбектері үздіксіз шығып тұрды. «Күншығыс» баспасы туралы қысқаша мәлімет бере кетейін, халық арасында «Күншығыс» баспасы атанып кеткен бұл баспа қазақша ресми «КСРО халықтары кіндік баспасының қазақ-қырғыз бөлімі» деп аталады. 1922-1928 жылдары қазақтан шыққан тұңғыш дипломат, үлкен қайраткер Нәзір Төреқұлұлы басшылық жасаған бұл баспада 1922-1927 жылдары Мәскеудегі саяси тұтқын (үй қамақтағы) Әлихан Бөкейхан да қызмет атқарған-ды. Мәскеудегі Көркем әдебиет институтында оқыған жылдары отты ақын Мағжан да баспа жұмысына белсене араласады. Баспадан кітап тиражы ең аз дегенде 2000 (екі мың) данамен, ең көбі 36 000 (отыз алты мың) данамен басылған. Алтайдан Астраханға дейінгі қазақ даласына таралған. Кітаптың бағасы да қолжетімді болған. Ең арзаны 2 тиын болса, ең қымбаты 1 сом 20 тиын болған. Біләл көркем әдеби туындыларды да ана тілімізде сөйлеткен тұлға. Гомердің «Илиада», «Одиссея» атты шығармаларын аударған. Бұл туралы Бақытжан Қанапияновтың «Ұстаз» атты кітабында Әсия Тілегенова: «...ол отызыншы жылдары Гомердің «Илиадасы» мен «Одиссеясын» қазақша аударған» деп жазады. Бірақ та бұл туындылары әлі табылмай отыр. Сонымен қатар, Сәбит Мұқановтың «Адасқандар» атты романын Олег Фрелихпен бірігіп орыс тіліне аударған. 1935 жылы Мәскеудегі «Көркем әдебиет» баспасынан «Сын бая» деген атпен жарық көрген романның қолжазбасы мен алғашқы сүйінші данасы қазіргі таңда Мәскеудегі Орталық Мемлекеттік әдебиет және өнер архивінің қорында сақтаулы тұр. Біләлдің аударма еңбектерімен қатар өзі жазған төлтума дүниелері де бар. Оған дәлел – «Қазағыстандағы жоғары, орта дәрежелі мектептер» деп аталатын кітабы. Кітап совет үкіметінің орнаған тұсындағы білім беру мәселелеріне арналған. Оқу-ағарту саласының басқармасында қызметте жүргенде жазған кітабы «Еңбекші қазақ» газетінің арнаулы сериясымен шыққан үшінші кітап болып саналады. Қазақ халқының өзге ұлтпен терезесі тең болуын қалаған Біләл Малдыбайұлы 1937 жылы репрессияға ұшырап, жазықсыздан- жазықсыз атылып кетті. Шоқтығы биік тұлғаның тағдыры бір оққа байланды. Тырнағына да татымайтындардың қолынан қазаға ұшырады. «Аққа құдай жақ» дегендей, 1958 жылдың 27 желтоқсанында ақталады. Бірақ та есімі көп жерде аталмай, елеусіз қалып барады. Біләлдай ұлы тұлғаны тек тарихшы, әдебиетші, өлкетанушылар ғана емес, күллі қазақ баласы білуі тиіс-ті. Себебі, ол – бүгінгі қазақ елі үшін «халық жауы» емес, халық мақтанышы, мерейі. Айтқандай, биыл Біләл Малдыбай-ұлының туғанына 130 жыл. Осы күнге дейін алаштану ғылымында немесе тарих, әдебиет салалары негізінде Біләл туралы бірде-бір ғылыми-зерттеу жұмысы жазылмады. Не диссертациялық жұмыс қорғалмады. Ол туралы санаулы ғана мақалаларды қоспасақ, басқа ештеңе жоқ. Осындай өзекті өртер өкініштің орнын толтыруға қосылар үлес деп алдағы күндері баспадан шығатын «Біләл Малдыбайұлы. Шығармалар жинағы» еңбегін айтуға болады. Қайраткер-қаламгердің 130 жылдық мерейтойы қарсаңында алаштанушы, ғылым магистрі Елдос Тоқтарбайұлының құрастыруымен жарыққа шығатын бұл кітап тұлғаны тану, зерттеу ісіне жол ашатын ізашар дүние болмақшы. Алдағы уақытта Біләл Малдыбайұлының ғұмырнамасы, қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени, ағартушылық қызметі мен шығармашылық мұрасы, тағылымы, қайраткерлік қыры зерттеу нысанына айналып, жан-жақты қарастырылуы қажет. Біз, сол Біләл туған, еңбек еткен Көкшетау өңірінде білім алып, ғылыми ізденім үстінде жүргендіктен, осы іске өзімізді борышкер санап, тұлғаны таныту, насихаттау ісіне зор құлшыныспен кірістік. Тәңірі өзі жар болып, аруақтың ардақталуына жол ашсын!

1233 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз