• Заманхат
  • 01 Маусым, 2020

Болат Шарахымбай, ақын:«Романтиктер азайып, прагматиктер көбейді...»

Белгілі ақын, көрнекті көсемсөз шебері Болат Шарахымбай жайлы білетіндер көп болғанымен, оның қандай адам екенін, тәрбие алған, өсіп-өнген ортасы туралы білетіндер жоққа тән деуге болады. «Мен бір жұмбақ адаммын...» демекші, біз білетін Болат ақын бойын жасырған жүйріктей бір қараған адамға сыр алдырмайтын сабырлы, салиқалы, кірпияз, сырбаз. Үнемі ізденіс үстінде жүретін, жүрегі елім деп соғып, жерім деп күйінетін талантты қаламгердің қолынан бүгінгі күнге дейін «Рухтың оралуы», «Қазығұрт ғазалдары», «Сұңқартас пен ақынтас», «Ауылға жазған арзулар», «Туған жерге туың тік», «Көрмейін десем, көзім бар» секілді ойлы оқырманның көзайымына айналған оннан астам кітап туды. Биыл нағыз ердің жасы алпысты еңсеріп отырған қаламгерді әңгімеге тартқан едік.

– Сізді көзіқарақты қауым ақын, журналист, зерттеуші ретінде біледі және бұл салалардың әрқайсысында өзіндік қолтаңбаңыз бар. Былайша айтқанда сегіз қырлы, бір сырлы қаламгерсіз. Дегенмен, осы көп қырыңыздың қайсысы жаныңызға етене жақын? Неліктен? – «Жоқтан бар болмайды, бар жоғалмайды» дейді. Өз басым осы философияға имандай сенемін. Жаратылыс заңы бойынша, құланнан құлан туады, қыраннан қыран, жылыннан жылан туады, тегі бар ұл ата жолын қуады. Яғни, бұл дүниеде ештеңе өзінен-өзі пайда болмайды, оның өзіндік себебі мен шарты болады. Сол сияқты қаламгерлік жоқтан пайда болатын нәрсе емес, ол – қасиет. Ал, қасиет қонады. Иә, кәдімгі құс сияқты ұшып келіп адамға қонақтайды. Одан да анықтаңқырап айтсақ, қаламгерлік – қанмен келетін қасиет, қанмен бірге атадан балаға ауысып отырады. Қазақта «қанға тартады» деген ұғым бар емес пе, «қанға тартпағанның қары сынсын» деп жатады. Бұл да сондай құбылыс. Қаламгерлік біздің әулетіміздің қанына әуелден сіңген қасиет болса керек. Менің арғы аталарым ескіше хат таныған, ауылда мектеп ашып бала оқытқан, молдалық жасаған мейлінше зиялы адамдар болыпты. Реті келгенде айта кетейін, жалпы біздің ауылдан оқыған-тоқыған, Меккеге барып қажылық парызын өтеген, мектеп салдырған, үлкенді-кішілі діни мекемелерді басқарған адамдар көп шыққан. Оның бір себебі ауылымыздың тоғыз жолдың торабында, қолайлы жерге орналасқандығынан болса керек. «Темір Қақпа» аталатын ауылымыз бір шеті Ташкент, екінші шеті Шымкент-Сайрам шаһарларының ортаң белінде жатыр. Бір заманда адамзат өркениетінің дамуында үлкен рөл атқарған Жібек жолы бойындағы айтулы бекет болған. Жолдан шаршап-шалдығып келе жатқан керуеншілер табиғаты тамаша, суы мөп-мөлдір, шөбі шалғынды, тау самалы көңілді қытықтап, гүлдердің иісі мұрныңды жаратын осы бір жерге келгенде тоқтамай өтпепті. Бір күн тынығып күш жинап алған соң ертеңіне сапарын әрі қарай жалғастырады екен. Мұндай жерде оқыған-тоқығаны көп, көрген-білгені мол, ойға жүйрік адамдардың көп жүретіні белгілі ғой. Сонымен бірге біздің ауылда киелі, әулиелі жерлер де молынан ұшырасады, содан ба екен, ауылымызды бір кездері «Молда Қақпа» деп атапты. Төле, Жиенәлі, Шәйгөз, Жанбота сияқты арғы аталарым қажылық парызын Меккеге жаяу барып өтеген адамдар. Соның ішінде Жанбота атамыз қазақша, өзбекшені айтпағанда, арабша, парсыша, түркіше еркін меңгерген нағыз полиглот кісі болыпты. Ташкенде оқыған, хат таныған, бала оқытқан. Мырзабай атамыз үйір-үйір жылқы, қора-қора мал ұстамаса да өзіне лайық дәулетті өмір сүріпті. Ал, Шарақымбай атам аудандық дәрежеде ел басқарған, Тұрар Рысқұлов, Ермекбай Қарсақбаев, Қажымұқан сияқты белгілі кісілермен дос-жаран болған. Әкеміз Жұмын өткен ғасырдың 60-жылдары Қаратас аудандық (қазіргі Қазығұрт) комсомол ұйымының жетекшісі дәрежесіне дейін көтерілген. Кейін отбасылық жағдайға байланысты ауылға оралып, өмір бойы колхозда бас есепші болып істеді. Марқұм әкеміздің бойында жақсы қасиеттер көп еді. Ақын-жазушылармен көп араласты. Шәмші Қалдаяқов, Төлеген Айбергенов, Қалаубек Тұрсынқұлов, Мұхтар Шаханов, Қаныбек Сарыбаев, Тұтқабай Иманбековтер үйге жиі келіп тұратын. Жас кезінде Омар Хаямға, Хафиздерге еліктеп өлең де жазған. «Жазуға икемі бар» болғандықтан (Шәмшінің әкеме қаратып айтқан сөзі екен) жазбай тұра алмаған. Баспасөзде ауыл, жастар, той өткізу, салт-дәстүр, тәрбие мәселелері туралы түрлі мәселелер көтерген. Соның арқасында Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданған. Жастау кезінде Алматыда өткен жас жазушылардың форумдарына да делегат болып қатысты. Әкемізден қалған жақсы өнегенің бірі – кітап оқу. Иә, әкеміз көп оқитын. Оқып қана қойған жоқ, үйде жұрт қызығарлықтай керемет кітапхана қорын жасады. «Әке көрген оқ жонар» демекші, бізде әкемізден көргенді істедік. Кітап оқып, шахмат ойнап өстік, келе-келе жазуға ден қойдық. Өлең жаза бастадық. Жазу сөйтіп машыққа айналды.Айтпақшы, әжеміз жағынан дүйім жұртты аузына қаратқан айтыс ақындары көп шыққан. Кезінде Қазығұрттың жеті дүлдүлінің бірі атанған Сүйіндік Омаров нағашымыз болатын. Әжеміздің өзі де импровизаторлықтан құралақан емес еді.Сұрағыңызға байланысты тағы бір нәрсе айтайын, әуелбаста әкем менен ақын емес, әкім дайындамақшы болған еді. Бірақ, тағдыр айналдырып әкеп бәрібір қолыма қалам ұстатты. Қан жібермеді деген осы! Ақырында қанға тартып қаламгер болдық. Қаламгерлік демекші, мейлі ол ақын бола ма, журналист, әлде зерттеуші бола ма, қаламмен байланысты кез-келген өнердің түпкі тегі жазумен байланысты. Яғни, бұлардың бәрі де бір ананың «баласы». Бірақ, өмірлік қағидаттардың күрделенуіне байланысты уақыт оларды бөліп қарастыруға мәжбүр етті. Мысалы, журналистика мамандық дәрежесіне көтеріліп, күн көретін, нан тауып жейтін құралға айналды, ал ақындық атақ (призвание) болып қалды. Ақындық нан тауып бермеуі мүмкін, бірақ абыройға бөлейтінін ешкім жоққа шығара алмайды. Өзіме келсем, өзімді ең алдымен ақынмын деп есептеймін. Басқалардың да осылай қабылдағанын қалаймын. Неге десеңіз, ақын ел азаматы болудың ең жоғарғы сатысы, ал кез-келген азамат ақын бола алмайды. Ақын – қоғамды алға сүйреуші, ұлттың туы. – Бәрі балалықтан басталады ғой. Әсіресе, шығармашылық адамы үшін ол кезеңнің әсері зор. Өзіңіз үшін ұмытылмастай болған бала кезіңіздің ең бір қимас сәттерімен бөліссеңіз. – Менің бір түсінгенім, адам жасы ұлғайған сайын өткен шаққа көбірек айналып соғып, ол туралы жиі еске ала бастайды екен. Балдәурен балалық шақ туралы қиялдау – ол ең бір тәтті сәттер ғой. Соңғы кезде мен де өткенді есіме алып қиялдап, біразға дейін соның қызығынан шыға алмайтын бір қызық әдет таптым. Әрине, енді қанша сағынсаң да өткен күнмен жолыға алмайсың. Қанша зарығып жақсы көрсең де жақындай алмайсың. Қолынан ұстай алмайсың, жүрегіңдегіні жеткізе алмайсың. Өйткені, ұры сайлармен ұрланып келген уақыт байқатпай алпыс деген аталы жастың есігін қағып тұр. Қимас сәттер – ол қандай сәттер? Қимас сәттер деп қандай сәттерді айтуға болады? Бала кезімде басымнан талай қызық оқиғалар өтті, бәрі көңілімде сайрап тұр. Ақтарылып айтқың келеді, өткеніңді біреумен бөліскің келеді. Бірақ, оның қайсысынан бастарымды білмей тұрмын. – Ең бастысынан бастаңыз. – Олай болса, тағдырыма ерекше әсер еткен бір оқиғаны баяндап берейін. Шамамен он жасар кезім. Үйде Жолбарыс деген итіміз болды. Ит болғанда алпамсадай, қаба жүнді нағыз алыпсоқ. Көзін айтсайшы, тұнып тұрған ойлы көз. Кейде тесіліп қараса, ішіңдегіні тегіс көріп тұрғандай өзіңнен өзің қысылып қалатынсың. Тілі жоқ, бірақ көзі сөйлейді. Оның алдында артық қимыл жасау мүмкін емес, көзіне қарасаң өзіңнен өзің ұяласың. Үйге келімді-кетімді кісілердің қайсысы жақсы ниетті, қайсысы жаман ниетті, бәрін түйсігі арқылы біліп отыратындай көрінетін. Кімнің кім екенін, кімнің өзіне аяушылықпен қарайтынын ит те болса сезетін. Басқа бауырларыма қарағанда оған өзім қатты жақын болдым. Жолбарыс та соны біліп, мені көбірек үйірсектейтін. Бір күні мынадай оқиға болды. Ауылда пыш-пыш өсек тасып, бірді бірге айдап салып жүретін, арызқой, бәлеқор сүйкімсіз бір кісі бар еді. Оны менің де суқаным сүймейтін. Өзі кеңседе әкеміздің қарамағында істеді. Бірде сол кісі біздің көшемен өтіп бара жатпайма... Есік алдында жайбарақат жатқан Жолбарыс оны алыстан бағады. Әлгі оңбағанның жүрісі-тұрысы ұнамайды. Жаман адам екенін іші сезеді. Әлгі сумақай біздің үйдің алдынан өте бергенде Жолбарыс арс ете қалған ғой. Жаманға да жан керек, ол тұра кеп қашады, Жолбарыс тұра кеп қуады. Содан орталық көшеге дейін қуып барыпты, бірақ тиіспеген. Жолбарыстың жақсы мен жаманды ажырата алатын қасиеті бар дедім емес пе. Кісінің өзі тиіспесе, ол бейсауат мінез көрсетпейтін. Анда-санда басын көтеріп, өзінің күзетте отырғанын көрсету үшін «әуф» деп қоятыны болмаса, көбіне басын алдыңғы аяғының үстіне қойып жайбарақат жата беретін. Мынаусы біз үшін жаңалық болды. Әлгінің нашар адам екенін білген сияқты. Ол уақыт ауылда иттер құтыра бастады деген сыбыс шыға бастаған кез еді. Іздегенге сұраған, итатқыштар заматында жетіп келді. Көше басынан екеудің қарасы көріне салысымен құйрығын екі бұтының арасына қысып алған Жолбарыс бір орнында байыз таппай мазасыздана бастады. Жаналғыш әзірейілдердің келе жатқанын ит қалай сезді екен деп ойлаймын қазір. Әлгі екеу үйге жақындағанда Жолбарыс қыңсылап, алды-артына қарамай тұра қашты. Бірақ, ұзаған жоқ, ұстап алып келді. Арашаға ұмтылған анамызға: «Жеңеше, иттеріңіз құтырған. Атып тастамасақ, ақыры жаман болады» - деді аналар. Анамыз одан әрі үндеген жоқ. «Итімді атқызбаймын!» деп Жолбарыстың мойынан қысып құшақтап, қорғаштап жүрген мен. Соқталдай жігіттер қойсын ба, мені жұлып алды. Итті түкпірдегі бір ағашқа байлады да ай-шайға қарамай басып салды. Сонымен бітті... Менің жан-дүнием атылған мылтық даусымен бірге төңкеріліп кеткендей болды. Жолбарысты құшақтап пора-порам шығып еңіреп жыладым. Кенет көзіне көзім түсіп кетіп еді, жүрегім тас төбеме шықты. Мөп-мөлдір көзінен тарам-тарам болып жас ағып жатты. Одан: «Менің не жазығым бар еді? Жазығым – ит болып дүниеге келгенім бе? Әлде адал қызметімді көп көрдіңдер ме?!» деген сұрақты оқығандай болдым. Осы оқиға менің жан-дүниемде астан-кестең төңкеріс жасады. Бір-ақ күнде есейіп кеттім. Иттің иттігінен гөрі ит адамдардың иттік істегені ауыр болатынын түсіндім. «Адамды ит қауып алса, ол жаңалық емес, итті адам қауып алса, міне сол жаңалық» деген тәмсілді бір жерден оқығаным бар еді, сол есіме түсіп отыр... Осы оқиға есіме түссе, әлі күнге дейін жаныма маза бермейді. Жолбарыстың алдында өзімді қазірге дейін кінәлі сезінетін сияқтымын. Ит атқыштардан арашалай алмағаным үшін, адамдардың иттігінен қорғай алмағаным үшін, әділетсіздікке қарсы тұра алмағаным үшін. Әгәрәки, Алла тағала мейірімі түсіп бірнеше минутқа ғана сол сәтті қайтарып беретін болса, жолбарысты өлсем де атқызбас едім деп қиялдаймын. – Киелі Қазығұрттың баурайында дүниеге келіпсіз. Туған жеріңіз тағдырыңызға қаншалықты әсер етті? – Ғабиден Мұстафиннің бір шығармасында: «Кіндік кесіп кір жуған, асыр салып аунаған, сонда да көңіл тынбаған, құба төбел ауылдан көркем жер, сірә бар ма екен?!» - деп келетін керемет сөйлемі болушы еді ғой. Көз қуантатындай бадырайып тұрған ешқандай ерекшелігі жоқ, тіпті тұлдыр даладағы құм суырған құба төбел ауыл болса да, адам баласы өзінің туған жерін бәрінен артық көреді, киелі санайды. Ал егер ол жер «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған?» деп келетін әлемдегі ең көне аңыздың тууына себепкер жер болса ше, онда қалай? Әрине, мақтанасың. Екінші жағынан, іштей бір жауапкершілікті сезінесің. Құдіреті күшті Жаратушының алдында басқалар үшін сен жауапты секілдісің. Неге бұлай екенін әзірше түсіндіріп бере алмаспын, бірақ бұл сөзім еш пафос емес. Кейбір ақын достарымның маған «Нұқ пайғамбардың матросы» деп қалжыңдайтыны бар. Шынымды айтсам, бұл теңеу өзіме ұнайды. Алайда «Нұқ пайғамбардың матросы» болудың жауапкершілігін айтсайшы! Ол жауапкершілікті көтеріп жүре аламын ба деп кейде уайымға түсетінім де бар. Қалай болғанда да Қазығұрттай атақ-даңқы алысқа жайылған қасиетті жерде дүниеге келуім бекер емес деп ойлаймын. Қазақ ұғымында: «Құдай әуел баста жер мен көкті жаратқанда Қазығұрт тауы бірге жаралған» дейді. Ислам әпсаналарында да, бақсылар сарынында да Қазығұрт әулиелер қатарында айтылады. Аңыздың терең сырына қанықпаған, кежегесі кері тартып тұратын біреулер «Кеме Қазығұртқа емес, Арарат тауына тоқтаған» деп таласады. Ал, қасиетті Құранда кеменің қайырылған жері Әл-Жудда тауы делінген. Христиан және ислам дәстүрі жоқ кездегі көне түркі, көне моңғол мен қытай әпсаналарында Тұран кіндігіндегі жеке тұрған тау деп көрсетеді. Ол көне аңызда Қазығұрт тауы деп айтылған. Не десек те, әр халық өз жерінде туған аңызға бірінші кезекте назар аударуы керек. Сол себепті біз де, қазақ халқы, өз ата-бабаларымыз мұраға қалдырған Қазығұрт аңызына алдымен құлақ асуымыз керек. Енді «Қазығұрт» топониміне байланысты аз-кем пікірімді айта кетейін. Осы топоним сөздің этимологиясын зерттеген көптеген ғалымдар оны «қазы» және «құрт» деген екі сөздің қосындысынан пайда болған деп болжам жасайды. «Қазы» лексикасы қазақта бұрыннан бар – сот жүйесінде көбірек қолданылып келді. Мысалы, «әділқазылар алқасы» дейді. Ал «құрт» сөзі көне түркі тілінде «қасқыр» деген мағынаны білдірген деп тұжырымдайды. Мысалы, «Құртқа» есім сөзі. Егер осы тоқтамға жүгінетін болсақ, «Қазығұрт» деген сөз «әділетті қасқыр» немесе «киелі қасқыр», одан да анығырақ айтсақ, «билік жүргізуші әділетті қасқыр» болып шығар еді. Кейбір ғалымдар осы пікірге тоқтам жасайды. Бірақ біздің қадірлі ағамыз, қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов «Қазығұрт» топонимінің түп-тамыры біз ойлағаннан әлдеқайда тереңде дейді. Атаудың прототүркілік нұсқасы «Қаңғұқ-урт», яғни «қуыс жұрт» (үңгір, шұңқыр), басқаша айтқанда «ұлы құрсақ» екендігіне назар аударады. Қазығұрт жаққа жолыңыз түскен болса, алыстан қарасаңыз таудың пішіні алып қайыққа ұқсайды. Осыны байқаған Сауытбек ағамыз «қаңғұқтың» «қайұқ» сөзіне, яғни, «қайыққа» келетініне, ал «қадзұқ-урт» транскрипциясының «қазық жұртқа» жақындайтынын айтып түрлі ойға жетелейді. Бұдан шығатыны, Қазығұрт адамзат басынан өткен орасан апаттан кейінгі қазық жұрт, ана жұрт, ұлы жұрт болып шықпай ма? Мынау Алтай тауының ар жағындағы Қанас деген атақты көлдің де осындай «қуыс, құрсақ, шұңқыр, үңгір» деген мағына беретінін сол жақтан келген жігіттер айтып жүр. Сол Қанасқа таяу жердегі Тибетте Манас тауы менмұндалайды. Төтелеп соқсаң Қазығұрттан онша алыс емес атақты Шыңғыс Айтматовтың айылы тұрған жерде де Манас шыңы бар. Мұнда қандай байланыс бар болуы мүмкін? Айта берсек, сонау Қиыр Шығыстан бастап анау Қара теңізге дейінгі аралықта бір-бірімен егіз қозыдай ұқсас осындай топонимдер мен гидронимдер өріп жүр. Сонда бұларды қандай тарих байланыстырады? Бұл атаулар қойнына қандай құпияны жасырып жатыр? Бұның бәрі болашақта үлкен зерттеулердің тақырыбы болуы керек деп ойлаймын. – «Жалғыздық Құдайдан кейін ақынға жарасады» дейді. Өлеңнің өзі де өзіңмен өзің жеке қалғанда туады емес пе. Шығармашылық адамының жалғыздығы дегенді қалай түсінесіз? Сіздің жалғыздық қандай жалғыздық? – Бұ пәни дүниеде әйтеуір бір жалғыздықтан ешкім құтыла алмайды. Жалғыздық бүгін болмаса, ертең, ертең болмаса одан кейінгі күндері бір іздеп табады. Кейде көптің ішінде, қалың нөпірдің ішінде жүріп-ақ көңілің құлазиды, өзіңді жалғыз сезінесің. Жалғызсырайсың. Иә, сен қаумалаған көптің ортасындасың, бірақ жалғызсың, жаның жалғыз, жүрегің жалғыз. Осындай сәтте көңіліңді ауыр зіл басады. Не себепті жалғыз күй кешіп отырғаныңды көбіне өзің де түсінбейсің. Түсінгің келеді, бірақ себебін білуге қауқарсызсың. Жалғыздық деген не, алдымен осы сөз маңайында ой жүгіртіп көрейікші. Жалғыз ағаш, жалғыз кісі, жалғыз үй, жалғыз төбе, жалғыз қайық, жалғыз киік, жалғыз жұлдыз, жалғыз ай, жалғыз желкен, жалғыз бала, жалғыз кемпір, жалғызбасты әйел, тағы басқа толып жатқан тұрақты сөз тіркестері халық арасында жиі ұшырасады. «Жалғыздық» деген сөздің өзі қараптан қарап адамның мысын басып, көңілін құлазытады, мұңға батырады. «Жалғыз ағаш орман емес, жалғыз кісі қорған емес», «Жалғыздың үні шықпайды, жаяудың шаңы шықпайды» дейді халық даналығы. Мұнда бабаларымыз «жалғыздық» категориясының философиялық мәнін бір-ақ ауыз сөзбен дәлме-дәл айқындайды. «Зар заман» дәуірінің көрнекті өкілі Ақтамберді өз жалғыздығын: «Жағама қолдың тигенін, жалғыздық сенен көремін. Жамаулы киім кигенім, жарлылық сенен көремін» деп жырға қосады. Көрдіңіз бе, жалғыздықтың зары ащы-адамға жапа шектіреді, қапа қылады, залал келтіреді, қор қылады, алтын басын төмендетеді екен. Ақтамбердінің жалғыздығы бірге туған бауырдың жоқтығынан теперіш көрген, соның кесірінен қоғамдағы орнын ала алмай азап шеккен, зар жылаған жалғыздық. Жалпы, жалғыздық құбылысының түрі көп. Соның ішінде ең ауыры – рухани жалғыздық. Ол дертке көбіне ойшылдар мен ақындар душар болады. Мысалы, шынжыр балақ шұбар төс Құнанбай байдың баласы Абай: «Атадан алтау, шешеден төртеу, жалғыздық көрер жайым жоқ, Ағайын бек көп, айтамын ептеп, сөзімді ұғар елім жоқ. Моласындай бақсының, жалғыз қалдым – дәп шыным» деп күңіренеді. Ішкені алдында, ішпегені артында бай баласының бұл зарын кім түсіндіріп береді? Өмірінің соңында адамдардан оқшауланып, еркін шығармашылықпен айналысқысы келген Шәкәрімнің әрекетін неге жоруға болады? Менің ақын досым Қасымхан Бегманов туған өлкесі Қаратау жақтан жер сатып алып,ел жоқ, су жоқ тақырдан үй көтеріп жатыр деп естідім. Өзінің әлеуметтік желіде жазуына қарағанда, осылай оңашаланып, алаңсыз шығармашылықпен айналысуды өмір бойы армандаған екен. Бұған не дейсіз? Оны ешбір ақылды бас түсіндіріп бере алмайды. «Ақында адамзатта дос болмайды» деп Мағжан бекер айтты дейсіз бе?! Осындай кейіптегі, осындай шерлі сезімдегі жалғыздар аз емес арамызда. Әсіресе, мұндай шерлі сезімге ақындар үйір. Ол өмірде де, өнерде де әбден дәлелденген. Ақын жалғыздығы оның поэтикалық мінезінен анық көрінеді. Мәселен, менің өлеңдерімнің поэтикалық мінезі – «кісікиік» образы. Яғни, кісікиіктік – менің шығармашылық жалғыздығымның символы. Әрине, бұл образ менің ашқан жаңалығым емес, алайда оны өзімше түрлендіріп жырлауға тырысқаным рас. Осы жерде бір ой қоса кетейін. Меніңше, әдебиетте жан жалғыздығын бейнелеу барлық шығармашыл тұлғалардың асыл арманы. Ақындар бұл образды поэзияда сомдағысы келсе, жазушылар қара сөзбен ескерткіш тұрғызғысы келеді. Бірақ, жалғыздықты сезіну, оның философиялық астарын ұғыну оңай емес. Көркем образын айшықтап суреттеу тіпті қиын, күрделі. Ал, кісікиіктікті типтендірудің өз философиясы бар. Қазақ әдебиетінде осы образды жеріне жеткізе сомдаған суреткерлер деп, меніңше, Оралхан Бөкейді, оның «Кербұғы» мен «Бурасын», Марат Қабанбайдың «Кісікиігін», сонан соң Маралтай Райымбекұлының кентавртекті тарпаң өлеңдерін жатқызуға болар. Шығармашылық – құпиясы жан адамға ашылмайтын жалғыздардың жан сыры. Сондықтан, шығармашылық жалғыздықтың өз ләззаты да жоқ емес. Ол енді басқа әңгіме. – Ақын және азамат ретінде айналаңызға, жалпы қоғамға бей-жай қарамайтыныңыз белгілі. Бүгінде әлемді жайлаған коронавирус індеті, одан туған карантиндегі күндерде үрей мен үміт, қауіп пен қатер кімді де болса уайымсыз қалдырған жоқ. Бұл пандемиядан сіз не түйдіңіз? – Бұл індеттің екпіні сойқан болды. Адамдарды бір-ақ сәтте тәубесіне түсірді. Меніңше, енді әлем бұрынғыдай болғысы келсе де бола алмайды, бұрынғыша өмір сүре алмайды. Әлем күрт өзгерді. Қазақ қоғамы да өзгеру үстінде. Әлем өзгерсе, әдебиет, өнер де, оған деген канондық көзқарастар да өзгеретіні түсінікті. Карантин кезінде өзім ерекше құрметтейтін екі бірдей көкемнен айырылып қалдым. Біріншісі, «Ақиқат» қоғамдық-саяси журналын басқарған ақын Аманхан Әлім болса, екіншісі Тәжікстанда тұратын көрнекті ғалым, профессор Әбсаттар Нұралиев. Басқалардың не ойлайтынын қайдам, өз басым Аманхан ағамыздың өлімі мезгілсіз өлім болды деп есептеймін. Әдебиетке әлі де беретіні мол еді. Ал, марқұм Әбсаттар ағамыз қазақ руханияты үшін үлкен іс тындырған кісі. Басқасын айтпағанда, аты мәшһүр Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» кітабын тікелей парсы тілінен қазақ тіліне тәржімалауға атсалысты. Мен осы кісінің жол сілтеуімен шығармадағы 2800 жолдан тұратын жыр шумақтарын тікелей парсы тілінен аударған едім. Телефон арқылы байланысып, сөйлесіп тұратынбыз. Жарықтық, парасат-пайымы мол, өте білімдар адам болды. Марқұмдардың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Өкінішім – екеуіне де топырақ сала алмадым. Карантин кезінде қуанған сәтім де болды. Мысалы, «Егемен Қазақстаннан» ақын Ғалым Жайлыбайдың «Сұрақ белгісі» атты жаңалыққа толы поэмасын оқығанда қуандым. Поэма жарық көрер-көрместен түрлі пікірлер қардай борап жатты. Ал, менің ойымша соңғы жиырма жылда қазақ әдебиетінде поэтикалық қуаты мұншалық зор шығарма жазылған жоқ. «Сұрақ белгісі» соның алғашқысы. Сондықтан, мұны жалғыз Ғалымның ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетінің үлкен табысы деу керек. Поэма бүкіл әлем коронавирус індетімен алысып әлек болып жатқанда қазақ ақынының бүкіл адамзат баласына қарата қойған үлкен сұрағы болды. Біз кімбіз? Қайдан келеміз, қайда барамыз? Адамзат баласы бұдан әрі бір организм болып өмір сүре ала ма, жоқ па? Осы сұрақтардың жауабын беру кімнің қолында? Жасырып-жабатыны жоқ, ақын Ғалым Жайлыбай карантинде бекер жатпапты, ұлт үшін, әдебиет үшін ұйықтамай еңбек етіпті. Дәл бұлайша жанкештілікпен еңбек еткен тағы кімдер бар? Қазірше білмеймін, хабарым жоқ. – Ақбөкен ақынды қазір не мазалайды? Және де бұл теңеудің сізге телінуіне не себеп? – Алдымен екінші сұрағыңа жауап берейін. Есенбай Дүйсенбайұлы деген ағамыз болды. Поэзия мәдениетін терең меңгерген мықты ақын еді, жарықтық. Сол кісі «Жазушы» баспасында ұзақ жыл қызмет істеді. Көптеген ақындардың кітабына редактор болды. Менің де «Қазығұрт ғазалдары» атты кітабымның редакторы. Есағаңды ақындар жиі іздейтін. Әсіресе, кітабы өндірісте жатқан ақындардан қолы босамайды. Бір күні мен де сәлем бермекші болып бұрылдым. Есағаңның бөлмесі түпкі жақта болатын. Есікті қағар-қақпас кіріп бардым. Кірсем Қадыр аға (Мырзаәли) екеуі отыр екен. Ол уақытта «Ақбөкендер», «Ақбөкен өлең» деген өлеңдерім шығып, танылып қалған кезім. Сол өлеңдер есіне түсті ме, мен кірген бетте Қадағаң «Міне, кімді айтсаң сол келеді, Ақбөкен ақынның өзі де келіп қалды» - деді. «Иә, өзі де ұқсайды, ақбөкен десең ақбөкен» - деп Есағам іліп ала жөнелсін. Осыдан кейін олар көрген жерде: «О, Ақбөкен ақын, Қазығұртың аман ба, топан су алған жоқ па?» - деп жөн сұрайтын болды. Сосын өзімнің атым да Болат қой, қазақтар «Бөке, біздің Бөкең» деп сөйлейді. Осыдан кейін әріптестерімнің арасында Ақбөкен атанып кеттім. Бұл ат өзіме де ұнайды. Енді бірінші сұрағыңа келсек, ақынның ақындығы мазасыз мінезінде ғой. Нағыз ақын – мазасыз ақын. Қоғамға көңілі толмайтын, жұрт көрместі көріп қоятын, айтпасты айтып қоятын, жүрегі үнемі атқақтап соғып, жаны жай таппайтын ақын – нағыз ақын. Ақынның қоғамға, айналада болып жатқан істерге көңілі толған күні ақын тоқырайды, былайша айтқанда депрессияға ұшырайды. Ақынның көңілі ешқашан тоқ болмауы керек. Рухани аш болса, ашқарақ болса, жақсы. Жаратылысың мазасыз болған соң, одан қашып құтыла алмайды екенсің. Анаған да, мынаған да күйіп-пісесің. Көңілім толмайтын нәрсе көп. Оның қайсы бірін айта берейін. Өзім қаламгер болған соң әдебиет туралы айтайын. Мысалы, қазір әдебиет қайраткерлері кімге қызмет ету керек екенін жаңылыстырып алған сияқты. Халыққа ма, әлде белгілі бір топқа қызмет ету керек пе? Істеген жақсылығы өзінің қара басынан аспайтын ақын-жазушылар қаптап кетті. Сонда оларды кім дейміз? Ақын-жазушылардың арасында да есеппен әдебиет жасайтындардың шоғыры пайда болды. Романтиктер азайып, прагматиктер көбейді. Интернет-ақындар қаптады. Өлең жазбайтын ақындар пайда болды. Мүшәйрашыл ақындар озған заман болды. Әдеби майданда аты жоқ, бірақ мүшәйрада жүлдеден жүлде қоймайды. Несін айтасыз? Бұрынғы партократтар, бүгінгі зейнеткерлер кітап жазғыш болып кетті. Жазғыштардың кітабы кілең отбасылық дүниелер. Өмірбаянын суреттеп, белгілі азаматтармен түскен суреттерімен толтырады. Сорақысы, олар соны әдебиет деп түсінеді. «Бұл әдебиет емес» деп айтып көріңізші, сол жерде сізді таптап кете жаздайды. Жатып кеп тулайды. Жоқ жерден жау болып шығады. Жазған «шедеврлерін» біреулерге ақша төлеп жөндетіп алып, «мен мықтымын» деп шіреніп жүрген «белгілі» ақындарды да білемін. Осындай ұяттан жұрдай, біреудің дүниесін иемденуден беті бүлк етпейтін епшіл, екіжүзді адамдар қаптап барады. Әдебиетке, жүректану іліміне нұқсан келтіріп жатырмын-ау деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмейді. Әрине, олар әдебиет емес, отбасылық шимайлар ғой. Қысқасы, әдебиет күшеншектер мен көпірмелердің, пысықтар мен епшілдердің өмір сүру құралына айналғаны қынжылтады. – Дәстүрлі сұрақ: не жазып жүрсіз? – Дәстүрлі сұраққа дәстүрлі жауап: пешенеге бұйырғанын жазып жүрміз. Жазылмай жатқаны да жеткілікті. Жоспар көп. Мида пісіп-жетіліп жатқандары да аз емес. Қысқасы, жазатын дүниелер шашетектен. Мен үшін дәл қазір елдің бүтіндігінен, ауылдың амандығынан асқан арман жоқ. – Әңгімеңізге рақмет. Жаңа туындыларыңызбен оқырмандарыңызды қуанта беріңіз.

Әңгімелескен Дина Имамбаева

908 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз