• Заманхат
  • 01 Маусым, 2020

Н.В.ГОГОЛЬДІҢ «РОЖДЕСТВО АЛДЫНДАҒЫ ТҮН» ПОВЕСІ ЖӘНЕ «ТОТЫНАМА» СЮЖЕТІ

Бауыржан ОМАРҰЛЫ, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор

ХІХ ғасырдағы орыс әдебиеті классиктерінің қай-қайсысы да шығыс мотивтерін өздерінің бірқатар шығармаларына арқау еткен. Ежелгі құндылықтарға тиесілі кейбір сюжеттер әйгілі жазушы Н.В.Гогольдің туындыларынан да ұшырасып қалады. Осы тұрғыдан алғанда, оның назар аударуға тұрарлық дүниесі – «Диканька маңындағы хутор кештері» цикліне кіретін «Рождество алдындағы түн» повесі.

1830-1832 жылдарда жазылған бұл хикаятта әдебиеттің дәстүрлі тәсілдеріне қоса фантастикалық элементтер мол қамтылған. Мәселен, шығарманың беташар тұсында мыстан әйел аспанға ұшып, алақанын созып, жұлдыз біткеннің бәрін жинап алады. Ал онымен қанаттас ұшқан шайтан көктегі айдың өзін қалтасына тығып қояды. Салғаннан-ақ оқырманын қалыптан тыс көріністерге осылайша дайындап алатын Гогольдің шығармасында кәдімгі ертегінің қиял-ғажайып оқиғалары әрі қарай жалғасады. Мысалы, месқарын Пацюктің қас-қабағымен белгі беруі бойынша алдындағы тағам өздігінен ыдыстағы қаймаққа шыланып, ұшып келіп аузына түседі. Ауыл ұстасы Вакула кәдімгі шайтанды ерттеп мініп алып, Санкт-Петербургке, Екатерина патшаның сарайына аттанады. Бұл шығармада тіпті өмірде болуы мүмкін деген оқиғалардың өзі ертегідегідей тым әсіреленіп көрсетіледі. Халық ертегілерінің үлгілерімен әбден сусындаған Гоголь осы хикаятында фольклорлық туындылардың дәстүрлі элементтерін молынан пайдаланады. Қыздың жігітке «Патшайым киетін кебісті әкеп берсең ғана саған күйеуге шығамын» деп талап қоюы, алыс сапарға аттанар алдында қиял-ғажайып әлеміндегідей тылсым күштердің көмегіне сүйенуі, адам баласының шайтанның арқасына мініп, айшылық жерге ұшып жетуі, ақыры Екінші Екатеринаның өзіне жолығып, кебісін сұрап алып, сүйгеніне әкеп беруі секілді мотивтер бұл шығармада барынша қамтылған. Н.Гоголь деревняның күнделікті тіршілігі мен фантастикалық үрдістерді өзара ұштастырып, адамдардың шынайы қарым-қатынасын шебер бейнелеген. «Рождество алдындағы түндегі» мына сюжет ерекше көңіл аудартып, бірқатар ойға жетелейді. Кейде мыстан кейпінде суреттелетін жеңіл жүрісті Солоха деген әйелдің үйіне алдымен шайтан келеді. Екеуі мәз болып, ойнап-күле бергенде деревня басшысы есік қағады. Солоха шайтанды бірден қапқа тығады. Ол енді деревня бастығының көңілін таба бастағанда, жергілікті дін қызметшісі (дьяк) Осип Никифорович келіп, сырттан дыбыс береді. Әйел ауыл әкімін де қанар қапқа сүңгітеді. Енді еш нәрседен хабарсыз дьякпен көңіл көтерем дегенше, бұл үйге козак Чуб та жетеді. Осы кезде тағы біреу есікті ұрғанда Чуб қаптың ішіне қойып кетеді. Осылайша Солоханың төрт көңілдесі үш қаптың ішіне жайғасады [1]. Бұл эпизод ежелгі заманда Үндістан топырағында туған тамаша әдеби ескерткіштер «Шукасаптати» мен «Тотынамада» көрініс тауып, шығыс елдеріне кеңінен тараған әйгілі сюжетті еске түсіреді. Бір әйелдің бірнеше көңілдесінің бір мезгілде тоғысуы, олардың бәрін келіншектің бір жерге тығып қоюы, күйеуі кеп қалғанда айлакерлікпен құтқарып жіберуі әр нұсқада баяндалады. Бұл мотив түрліше бейнеленгенімен, жалпы желісі бір. Мұның өзі оның әу бастағы түп-тамыры ортақ екенін айғақтайды. «Тотынаманың» әдепкі түпқазығының бірі болып саналатын «Шукасаптатидегі» сюжет Гогольдің нұсқасына жақындау. Бұл шығармада «Роджество алдындағы түндегідей» төрт көңілдестің бір келіншекке қатар келуі суреттеледі. Рамбхика деген әйелдің үйіне алдымен көпестің ұлы кіреді, сосын деревня бастығы жетеді. Оны көрген көпестің ұлы қамбаның ішіне тығылады. Деревня бастығы жуынып бола берген кезде күзетші бас сұғады. Әйел оны да қамбаға жасырады. Күзетші жайғаса бергенде әскер басшысы кеп қалады. Рамбхиканың әмірімен ол да қамбаға қамалады. Сол кезде күйеуі де жетеді. Енді әскер басшысын да қамбаға кіргізуге тура келеді. Сөйтіп, төрт адам бір қамбаның ішінде жанын шүберекке түйіп отырады [2, 64]. Бұл жердегі ұқсастық, «Шукасаптатиде» де, «Роджество алдындағы түнде» де әйелдің көңілдестері – ауылдың белгілі адамдары. Оның үстіне кейіпкерлер мекен еткен ауылдың басшысы екі сюжеттің де ортақ кейіпкері болуы ойландырмай қоймайды. Гоголь бұл сюжетті тікелей «Шукасаптатиден» немесе оның негізінде жазылған «Тотынамадан» алды ма, тіпті болмаса, сол сюжеттен тамыр тартатын туынды сюжеттерді пайдаланды ма, оны кесіп айту қиын. Тіпті бұл шығармашалық шеберлігі шексіз классик жазушының өз танымының жемісі болуы да мүмкін. Бәрібір қайткенде де, оқыған-тоқығаны көп қаламгер әлемге тараған үнді-парсы әдеби жәдігерліктерінен хабарсыз болды дей алмаймыз. Осыған ұқсас сюжетті әйгілі «Мың бір түн» хикаясынан да кездестіреміз. Онда патшаның жалаңқылышы бір әйелге ықыласын білдіреді. Арнайы сәлем айтып, жас қызметшісін жіберсе, айлакер әйел ол жігітті бірден айналдырып алыпты. Келесі жолы жас жігіт әйелмен ойнап-күле бастаған кезде, жалаңқылыш та жетеді. Әйел оны әбдіренің ішіне сүңгітіп, жалаңқылышты құшағына алған сәтте күйеуі кіреді. Енді ол жалаңқылышты босағаға тұрғызып қояды. Ақыры, амалын тауып, бәрін де ыңғайсыздықтан өзі құтқарады [3, 207-208]. «Мың бір түннің» сюжетінде бір мезгілде келген көңілдестердің біреуі ғана әбдіреге жайғасады. Бұл сюжет «Тотынамада» сәл басқаша түрленеді. Әйгілі әдеби ескерткіште баяндалатын сегізінші түннің хикаясында бір әйел бояушымен де, оның шәкіртімен де көңіл қосады. Алдымен үйге шәкірті, сосын бояушының өзі, сәлден соң әйелдің күйеуі кіреді. Әйел бірін жасырып, біріне ақыл беріп, бірін алдап, сорақы ісінің тігісін жатқызып жібереді. «Тотынаманың» осы сюжеті «Мың бір түннің» жоғарыда аталған сюжетіне ұқсайды. Тек «Мың бір түнде» жас жігіт әбдіренің ішіне тығылса, «Тотынамада» ол төргі бөлмеге жасырынады. Екі шығармада да кейіпкердің қолында жалаңдаған қылышы жүреді [4, 74-75]. Түп-тамыры әріде жатқан сюжеттің ілкі нұсқаларында қиял-ғажайып ертегілердің элементтері қолданыла қоймайды. Күнделікті өмірде болатын жәйттер адамның табиғатына сыйымды әрекеттер арқылы көрсетіледі. Ал Гогольдің повесінде көңілдестер хикаясы тым әсірелеп суреттеледі. Әйелдің шайтанмен әуейі болуы, төрт көңілдестің қапқа сыйып кетуі, тіпті екеуінің бір қапқа жайғасуы, соның өзінде қимылсыз отыруы, темір ұстасы Вакуланың төрт қапты бұйым көрмей арқалап алуы – жазушы қиялының жемісі. Әрине, Гогольдің өз кейіпкерлерінің осындай шамадан тыс іс-қимылдарын ақтап алатындай уәжі бар. Мәселен, көңілдестердің қап ішінде қозғалыссыз жатуының себебі, олар бір-бірімен жақсы араласатын ауылдың танымал адамдары. Сондықтан бет көрісетін сыйлы кісілер өзара әшкере болудан қорқады. Ал Вакуланың үш қапты арқасына бір-ақ лақтыруы оның алапат күш иесі екендігімен түсіндіріледі. Сәлден соң ұстаның сол қаптардың ауыр салмағын сезінуі күні бойғы әуре-сарсаңнан шаршағандығынан деп ұғындырылады. Қаламгердің шынайы шеберлігі арқылы нақты өмір шындығы мен қиял әлемінің ғажайыптары бір шығармада тоғысып, белгілі бір тұтастық құрайды. Бұл сюжеттің сәл өзгеше түрленген нұсқасы «Шукасаптатидің» басқа хикаяларында да көрініс тапқан. Осыған ұқсас көңілдестер хикаясы баян-далатын жиырма алтыншы әңгімеде Ратнадеви деген әйел деревня басшысымен де, оның ұлымен де қатар ойнап-күліп жүреді. Ақыры олардың жолы бір мезгілде түйіскен сәтте үйге кеп қалған күйеуі аң-таң болып тұрғанда әйел айла тауып, оларды қолайсыздыққа ұрындырмай аттандырып салады [2, 58]. Үнді-парсы сюжеттері мен Гоголь шығармасының өзіндік ерекшеліктері мен айырмашылықтары бар. «Шукасаптати» мен «Тотынамада» көңілдестер хикаясындағы махаббат көріністері айқынырақ баяндалады. Ер мен әйел арасындағы қарым-қатынасты әйгілеу мотиві үнді әдебиетінің үлгілеріне тән нәрсе. Ғашықтықтың тылсым сырына терең үңілетін «Мың бір түн» ертегілерінің сипаты да осыған жақын. Ал, Гогольдің повесінде мұндай ашық-шашық суреттер байқала қоймайды. Солоха мен оның көңілдестері аман-саулық сұрасып та үлгермейді, бірінен-соң бірі іркес-тіркес келіп тұрады. Ұлы жазушы кейіпкерлерін жалаңаштауға жол бермей, тектілік танытады. Сондықтан, ауылдың еті тірі еркектерінің бәрін аузына қаратқан Солоха сылқымға деген жеккөрушілік сезімің ояна қоймайды. Үнді-парсы және араб әдеби ескерткіш-терінің басты кейіпкері бірнеше көңілдесі, оған қоса күйеуі бетпе-бет кеп қалған кезде аяқ астынан амал тауып, мәселені ың-шыңсыз шешеді. Бұл шешім өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай, ушыққан жағдайды реттеп жіберетін шығыс әйелінің менталитетін айғақтап тұрады. Гогольдің өр мінез Солохасы өз әрекетін тіпті жасырып әуре болмайды. Қап ішіндегі қаптаған адамды үйде қалдырып, еш нәрсеге алаңдамай, сыртқа шығып кетеді. Әрі қарай оқиға Солоханың қатысуынсыз-ақ, өзінен-өзі өрбиді. Солоханың ұлы Вакула ұста қаптың бәрін сыртқа алып шығып, ауырсынған соң біреуін ғана алып, қалғанын далаға тастайды. Қапқа қамалғандар ауылдастары тауып алып, ашып көргенше тыпыр етпей жатады. Шығыстың тылсым сезімінен туған сюжет украин жұртының өр мінезі мен берік төзімін танытатын өзгеше сипатқа ауысады. Міне, осыдан соң Николай Гоголь «Рождество алдындағы түнде» «Шукасаптати» мен «Тотынаманың» сюжетін айна-қатесіз қайталады деп айта алмаймыз. Бұл тұрғыда Н.Петрованың «Панчатантрадан», «Римдіктердің іс-әрекетінен», «Мың бір түннен», Эзоп мысалдарынан, кейбір ертегі-аңыздардан алынған көшпелі сюжеттер мыңдаған жыл бойғы даму жолында жаңа нұсқалары шыққанына қарамастан құрылымдық тұтастығын жоғалтқан емес. Жекелеген елге тән әлеуметтік-экономикалық құрылыс, тіл, ұлт, тұрмыс, мәдениет, дін саласындағы айырмашылықтар нақты сюжетке әсерін тигізетіні анық, бірақ оны тұтастай өзгерте алмайды» [5], – деген тұжырымына сүйенсек, Гогольдің «Роджество алдындағы түнінен» ежелден келе жатқан тұрақты мотивтің сұлбасын көреміз. Енді Н.В.Гоголь шығармашылығына көне заманнан желісі жалғасқан бұл көшпелі сюжеттің қалай енгеніне талдау жасап көрелік. Біріншіден, көшпелі сюжеттер (бродячие сюжеты) ұғымы – әдебиеттануда әбден қалыптасқан термин. Бір елдің әдебиетінен екінші бір елдің әдебиетіне көшіп, сол халықтың тек-табиғатына бейімделіп, жаңа бет-бейнеге ие болатын мотивтердің жиынтығы қаламгерлердің шығармашылығына әсерін тигізбей қоймайды. Бүкіл әлемге ортақ құндылықтардың әрбір үзігі түрлі халықтардың сөз өнеріне түрліше сіңеді. Бұл үдерістердің бәрі классик жазушы Н.Гогольдің көз алдында өтіп жатқан соң, оған қызығушылық танытатыны сөзсіз. Екіншіден, Гоголь заманындағы қаламгер-лердің қай-қайсысы да, тіпті бәрі дерлік әлемге әйгілі шығыс сюжеттерін шығармаларына арқау еткен. Кейбірі шағын сюжет негізінде тұтас шығарманы қатарға қосқан, ал енді бірі сюжеттен сюжет туындатып, өз топырағына бейімдеп жаңа дүние жазған. Сондай-ақ бірқатары жекелеген эпизодтарды пайдаланған. Сондықтан, бұл үрдісті Н.В.Гоголь де ұстанған болуы мүмкін. Үшіншіден, жазушының шығыс тақырыбына тікелей қалам тартқаны белгілі. Ол 1835 жылы «Арабески» деген атаумен жинақ шығарып, көркем дүниелерін, әдебиет пен өнер тақырыбына арналған мақалаларын елге ұсынды. Соның ішінде Аббас әулетінің халифі Абдуллах әл-Мамун туралы эссесі елдің ерекше назарын аударды. Ол өз шығармасында шығыс әлеміндегі белгілі тұлғаның бейнесін шынайы кейіптеді. А.Степанченко бұл турасында «Н.В.Гогольдің зерттеу нысанасы ретінде бұл тарихи тұлғаны таңдап алуы шынында да Араб халифаты жөнінде көп нәрсе біле қоймайтын замандастарының таңданысын туғызды» [6], – деп жазды. Ғалым, сондай-ақ Н.В.Гогольдің шығыс тақырыбына қызығушылығы ілгеріректе басталғанын, «Арабески» жарық көргенге дейін-ақ жазушы «Әл-Мамун» эссесінің негізінде өзі қызмет істейтін Петербург университетінде лекция оқығанын, 1834 жылдың қазан айында оқылған осы лекцияға зиялылар тобы айрықша ықылас білдіргенін, тіпті сол замандағы белгілі ақындар А.С.Пушкин мен В.А.Жуковскийдің арнайы барып қатысқанын атап өтеді. Бағдатта Даналық үйінің негізін қалап, ежелгі грек және үнді философтарының еңбектерін аударатын ғалым-дардың басын қосқан әл-Мамунды бас кейіпкеріне айналдырған әрі мұсылман қағидаттарын жетік білген Николай Гогольдің көне құндылықтарға мойын бұрмауы мүмкін емес. Сол себепті жазушы үнді-парсы мәдениетінде негізі қаланып, ешқашан желісі үзілмеген сюжеттерді шығармасына саналы түрде арқау етуі кәдік. Осы орайда, «Рождество алдындағы түндегі» сол сюжеттің ешқайдан келмегенін, тек қана Гогольдің өз қиялының жемісі екенін мақұлдайтын ой-тұжырымдар да табылып қалар. Бәрібір әдебиеттануда дәлелденген сюжеттер көшпелігінің заңдылықтарына және орыс әдебиетінің даму үрдістеріне ден қойсақ, ежелгі мотивтердің, оның ішінде үнді, парсы және араб әдебиетінен тараған үлгілердің Гоголь шығармашылығына қандай да бір ықпалы болғанын аңғарамыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Гоголь Н.В. Ночь перед Рождеством // Вечера на хуторе близ Диканьки // Интернет библиотека // https://ilibrary.ru/text/1088/index.html. 2.Шукасаптати. Семьдесят рассказов попугая. Москва: Издательство восточной литературы, 1960. – 130 стр. 3. Мың бір түн. Төрт томдық (ауд. Қ.Әбдіқадіров). 3-том, Алматы: Жалын, 1993. – 496 бет. 4. ийа ад-Дин Нахшаби. Книга попугая (Тути-наме). Москва: Наука, 1979. – 350 стр. 5.Петрова Н.Н. Проявление частичной предсказуемости на композиционном уровне текста как элемент интертекстуальности // https://publikacia.net/archive/uploads/pages/2015_7_4/23.pdf. 6.Степанченко А. Исламские мотивы в творчестве Н. В. Гоголя // https: // islam.in.ua/ru/istoriya / islamskie-motivy-v-tvorchestve-n-v-gogolya. 28.02.2019.

856 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз