• Келелі кеңес
  • 01 Маусым, 2020

АБАЙ ТАҒЫЛЫМЫ – МӘҢГІЛІК МҰРА

Нуридин Балқияұлы, М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының профессоры

Қазіргі нарықтық экономиканың талаптарына сәйкес әрбір адам өзінің өмір сүру деңгейін жан-жақты талдау арқылы ой-санасын жетілдіріп, тіршілік әрекеттерін Абай айтқандай, «заманға қарай өзгертуі керек». Ең бастысы білім мен біліктілікке, іскерлікке ден қою – өзекті мәселе. Отыз екінші сөзінде ғұлама Абай «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек, білмей іздегенмен табылмас. Әуелі білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар деп іздемекке керек. Оның үшін білім-ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет білсең және әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат хұзыр хасил’ (арабша – келген, оралған нәтиже) болады. Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» деп жазады. 

Әлеуметтік зерттеулердің мәліметіне сүйенсек, қазіргі жастардың 40 пайызы өзінің болашағына сенбейтінін көрсеткен. Сондықтан да, шетелге кетуге бойұсынғандар саны ұлғаюда. «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеу орталығының зерттеулері бойынша қазақстандықтардың 80 пайызы қол жеткен табыс деңгейінен айырылып, кедейленіп, жоқшылыққа ұшыраудан қорқады екен, өйткені, еліміз әлеуметтік оптимизмнің едәуір төмендеуінің үш жылдық мерзімінде екен. «Мұндай негативті тренд дәстүрге айналуы да мүмкін» деген қорытынды жасайды аталған орталық. Осынау деректерді терең түсінуде Абайға жүгінсек: «Ғылымды үйренгенде ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек. Бахасқа’ (арабша – алдау, қиянат жасау, біреудің адамгершілігіне сөз келтіру) бола үйренбе, азырақ бахас көңіліңді пысықтандырмақ үшін залал да емес, көбірек бахас адамды түзелмек түгіл, бұзады. Оның себебі әрбір бахасшыл адам хақты шығармақ үшін ғана бахас қылмайды, жеңбек үшін бахас қылады. Ондай бахас хұсідшілікті’(арабша – күншілдік, іштарлық) зорайтады, адамшылықты зорайтпайды, бәлкім азайтады және мақсаты ғылымдағы мақсат болмайды, адам баласын шатастырып, жалған сөзге жеңдірмекші болады». Осынау жүректен шыққан толғаныс дәл қазіргі кезде де өмірдегі құбылысқа қатысы бар. Кейбір жастар өзінің мұратына жететін жолды анықтамай, тек диплом алсам болды деп кез келген жоғары оқу орнында оқуға тырысады. Ондай жағдайда алтын уақыт, едәуір қаржы зая кетіп, нәтижесінде білімсіз маман туындап, жұмыссыздық санын ұлғайтады. Аса ойлантатыны техникалық, технологиялық, өнеркәсіптік, қолданбалы ғылым саласы бойынша білімсіз мамандардың дербес ойлау жүйесінің болмауы инженерлік шешімге қабілеттілігінің төмен болуына алып келуде.Сондықтан, ең бастысы білім мен ғылымға аса байыпты қарау керек. Дереккөздер бойынша елімізде ғылыми қызметкерлердің саны бұрынғы жылдардан азайып барады. Тікелей ғылыммен айналысатын ғалымдардың үлес салмағы жалпы ғылым саласында еңбек ететіндердің үштен бірін ғана құрайды. Ғылым саласына мемлекеттік қаржыландыру көлемінің аздығы, ғылыми қызметкерлердің айлық жалақысының төмендігі, жоғары оқу орындары, ғылыми мекемелері мен өндірістік кәсіпорындар арасындағы мүдделі тығыз байланыстың болмауы және олардың ғылыми зерттеу жұмыстарына қажетті құрал-жабдықтардың жеткіліксіздігі, ең бастысы әрқайсысында талаптарға сәйкес білімді мамандардың жеткіліксіздігі байқалады. Қалай дегенде де, Қазақстанның өркениетті елдер дәрежесіне жетіп мәңгі жасауы әлемдік өркениеттің тиімді тәжірибесін ғылыми негізде ұлттық мүддеге пайдалана білуіне тікелей байланысты. Бұл ретте өскелең ұрпақтың Абай мұраларын терең түсініп, өмірде қолдануы әбден қажет. Ағартушы Абайдың нақыл сөздері былай жалғасады: «Ақыл кеселі деген төрт нәрсе бар. Содан қашық болу керек. Соның ішінде уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болуы. Бұл төрт нәрсе күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер. Осылардан қашық болу керек. Соның ішінде уайымсыз салғырттық деген бір нәрсе бар, зинһар’ (парсыша – абайла, сақ бол) жаным, соған бек сақ бол, әуелі – құдайдың, екінші халықтың, үшінші – дәулеттің, төртінші – ғибраттың’ (арабша – үлгі, өнеге, сабақ), бесінші – ақылдың, ардың – бәрінің дұшпаны. Ол бар жерде бұлар болмайды. Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл беріктік бір ақыл, ар үшін болсын». Отыз бірінші сөзінде Абай: «Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлену’(арабша – үлгі, өнеге, сабақ алу мағынасында) керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселі нәрселерден қашық болу керек. Егер бір кез болып қалса, салынбау керек». Білім мектептен басталады десек, 2018 жылы әлемде мойындалған PISA ( Programme for International Student Assesment ) бағдарламасы бойынша 78 елдің оқушыларына жүргізілген сынақ нәтижелеріне сәйкес, елімізде оқу сауаттылығы бойынша орташа ұпай – 387, математика – 423 және жаратылыстану саласындағы ұпай – 397 деген көрсеткішті құрап, Қазақстан 62 орында қалды. Көш басында тұрған Қытайда оқу – 555, математика – 591, жаратылыстану – 590 ұпай. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) кірген экономикасы қуатты елдерде оқу сауаттылығы –487, математика – 489 және жаратылыстану – 489 ұпай құраған. Әр пән бойынша көрсеткіштерге көңіл аударсақ, тәлімгерлеріміздің 36 пайызы ғана оқу сауаттылығы саласында 2-ші деңгейге қол жеткізген. ЭЫДҰ орташа көрсеткіші – 77%. Математикада оқушыларымыздың 51 пайызы 2-ші деңгейге жеткен. ЭЫДҰ орташа көрсеткіші – 77%. Жаратылыстану саласында 40 пайыз қазақстандық оқушы 2-ші деңгейге жеткен. ЭЫДҰ елдерінің бұл бағыттағы орташа көрсеткіші – 76 пайыз.Үрей тудыратыны, үш жылда бір өткізілетін мұндай сынақта 2015 жылы 72 елдің ішінде отандық оқушыларымыздың көрсеткіштері математикадан 460 ұпаймен 42-орында, жаратылыстануда 456 ұпаймен 42-орында және оқу сауаттылығында 427 ұпаймен 53-орында болған, демек, білім деңгейі төмендеп барады. Келтірілген мәліметтер білім деңгейі төмен оқушылардан бүгінгі заманауи талапқа сәйкес кәсіби маман дайындау күрделі мәселе екенін көрсетеді. Ойшыл Абай одан әрі: «білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар адамның ішінде: бірі – мұлахаза қылу, екіншісі – берік мұхафаза қылу. Бұл екі қуатты зорайту жаһатінде болу керек. Бұлар зораймай, ғылым зораймайды» десе, отыз сегізінші сөзінде: «Ей жүрегімнің қуаты, перзентлерім’ (парсыша – ұл, бала, ұрпақ, сәби)! Сіздерге адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар’(парсыша – ескерткіш) қалдырайын. Ықыласпенен оқып, ұғып алыңыздар, оның үшін махаббаттың төлеуі – махаббат – әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен. Мұның табылмақтылығына себептер – әуелі хауас сәлим’(арабша – өзіндік дұрыс қасиет, өзіңе тән мінез-құлық) һәм тән саулық. Бұлар туысынан болады, қалмыс өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады. Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфағат’ (арабша – кіріс, кіргізу, өнім түсіру, пайда алу), дәфғы мұзарратларны’(арабша – 1) шығынды төлеу, залалды төлеу; 2) залалдан қашу, залалдыны ұнатпау) айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе білер деп үміт қылмаққа болады. ...Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықтықпенен табылады». «...Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік –күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш қисабына қосылады» дейді. Қазіргі нарықтық экономиканың бәсекелестік жағдайында сапалы білім мен біліктілік еліміздің орнықты дамуының негізі, ұлттық және халықаралық деңгейлерде жүйеқұраушы ғана емес, әлеуметтік-экономикалық нәтижелілігін жоғарылатудың басты факторы. Сондықтан да, Абай айтқан жақсы ұстаз – бүгінде бойына тәлімгерлік, тәрбиешілік қабілеттер мен білім жинақтаған, тәрбиеленушіге жүйелі түрде кәсібилік пен ғылымға деген ынтасын қалыптастыруға жауапкершілігі жоғары, заман талабына сай ойлайтын, ғылыми-әдістемелік білімі жеткілікті, педагогика мен психологияны терең меңгерген ізденімпаз оқытушы. Мұндағы «біліктілік» таңдаған жұмыс түріне дайындалу мен дайындық дәрежесін білдіреді. Біліктілікті арттырудың негізгі факторы қызметтік, мазмұндық, басқарушылық екенін еске алсақ, осыларды жетілдірген маман өз қызметін жоғары атқара алады. Жоғарғы оқу орындарында студенттердің ойлау қабілеті мен білімқұмарлығын жан-жақты дамыту, дүниетанымын кеңейту, сондай-ақ жемқорлықсыз қоғамда өмір сүру көзқарасын қалыптастыруды тығыз ұштастыра тәрбиелеу ұстаздарға тікелей байланысты. Оқыту сапасының нәтижесі болашақ мамандардың білім дағдысының сапасы болып табылады. Өмір сынағы көрсеткендей, әсіресе кәсіби оқыту тәсілдері – жүйелі логикалық бірізділікпен іс-әрекет жасайтын, оқытушы мен студенттердің бірлескен іс-шаралары десек те, уақыттың қатаң талаптарына сай ең алдымен өскелең жастардың өздерін өзгертуі арқылы қайткен күнде де бойына сапалы білімді сіңіріп, жан-жақты ізгілік пен іскерлікке ие болуы – олардың алдындағы жауапты міндет. Сонда ғана олар еліміздің қол жеткізген жетістіктерін сақтай отырып, ірі саяси және экономикалық «Қазақстан – 2050» стратегиясын іске асыруға атсалыса алады. «...Бұлардың емі, халқына махаббат, халық ғаламға шапқат, қайратты, тұрлаулы, ғадалат ісінің алды-артын байқарлық білімі, ғылымы болсын» (отыз екінші сөз). «...Ақыл, ғылым – бұлар кәсіби көзбенен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады. Ол – адамның жибили’ (арабша – туа біткен қасиет) қуаты дүр. Бір ұмытпастық жақсы нәрседен көңілге жақсы әсер хасил болып, жаман нәрседен көңілге жаман хасил болу секілді нәрселер. Кімде-кім сырттан естіп білу, көріп білу секілді нәрселерді көбейтіп алса, ол – көп жинағаны бар адам: сынап, орындысын, орынсызын – бәрін де бағанағы жиған нәрселерінен есеп қылып, қарап табады. Бұлай етіп бұл қаракетке түсінген адамды ақылды дейміз»(қырық үшінші сөз). Әрине, жастарымызды сәби кезінен бастап, ұлттық педагогика негізінде тәрбиелеу – өзінің бақытын ұрпағынан күтетін әке-шеше, ата-әжелердің, өскен ортаның, қоғам алдындағы парызы. Дейтұрғанмен, әлемдік алдыңғы қатардағы елдердің оқу процесіндегі озат тәжірибесін білім беру саласына табанды түрде енгізіп, студенттердің білім мен ғылымға құштарлығын арттыру мемлекеттік деңгейдегі ең басты міндет болып қала береді.

5714 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз