• Заманхат
  • 30 Маусым, 2020

ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ӘРБІР АЗАМАТҚА ҚАЖЕТ

Дина ИМАМБАЕВА, «Ақиқат» журналы Бас редакторының орынбасары

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында мемлекетіміз құқықтық мемлекет деп жарияланған. Әлеуметтің құқықтық санасы мемлекеттік құрылымның қазіргі талаптарына сәйкес келуі тиіс. Алайда, біздің әлеуметтік құқықтық білімінің көрінісі біздің ол деңгейге әлі жете қоймағанымызды көрсетіп отыр. Бұл жуырда әлемді шарпыған коронавирус пандемиясына байланысты тұрғындарға мемлекет тарапынан тағайындалған жәрдемді алу кезінде анық байқалды.

Егер, мемлекеттің әрбір азаматы өз құқығын қорғауды, құқықтық мәселелер туындаған жағдайда қандай құрылымдарға жүгінуге болатынын білетін болса, демек ол қолданыстағы заңнама нормалары, заңдағы өзгерістер туралы біледі. Бұл қоғамдағы құқықтық мәдениеттің деңгейін білдіреді. Елдегі құқықтық мәдениет деңгейі қоғам дамуының көрсеткіші, құқықтық мемлекет құру үрдісінің нәтижесі болып табылады. Жалпы құқықтық мәдениет ұғымының мағынасы кең, соның ішінде жеке тұлғаның құқықтық мәдениеті қазіргі қоғамның өзекті мәселесінің бірі. Құқықтық мәдениет құқықтық санадан туындайды. Құқықтық сана – адам құқығына белгілі бір көзқарас, құқық туралы білім, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес мінез-құлыққа ие болу, тыйым салулар мен шектеулер туралы білу. Құқықтық санасы қалыптасқан азамат құқыққа құрметпен қарайды. Мұндай азаматтар құқықбұзушылыққа бармайды, өз құқығын біледі, басқа адамдардың құқықбұзушылығына төзімсіз болады. Жеке адамның құқықтық санасы күнделікті алуан түрлі байланыстар мен қатынастардың ықпалымен және өзінің білім деңгейі, мәдениетіне қарай қалыптасады. Қоғам мүшелерінің әлеуметтік жағдайы мен қабілетінің әртүрлі болуы заңды, сондықтан, қоғамдағы құқықтық сана деңгейі де біркелкі емес. Мәселен, топтық құқықтық сана қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтар мен оларға кіретін жеке адамдардың ерекшелігіне байланысты анықталады. Әр топтың құқықтық құндылықтары әртүрлі. Соның ішінде қоғамдағы құқықтық идеологиядан шет қалу, яғни, құқықтық нигилизм жиі кездеседі. Бұл тұрғын халықтың әлеуметтік жағдайына, күнкөріс деңгейіне тікелей байланысты. «Сананы тұрмыс билейді» демекші, күнделікті азық-түлікке, тұрмысқа ең қажетті заттарға әрең қол жеткізетін адамдар тобы әлеуметтенуден шет қалып жататыны кездеседі. Олар өздеріне тиесілі, мемлекет кепілдік берген құқықтар мен бостандықтардан бейхабар. Бұл топтағы адамдардың заңды бұзбауы олардың құқықтық мәдениеті қалыптасқан дегенді білдірмейді. Яғни, олар қолданыстағы заңнаманы ұғынбаса да, құқықтық белсенді болмаса да, заң шеңберінен шықпайды, бұзбайды. Мұндай мінез-құлық конформизмнен де туындауы мүмкін. Сондай-ақ жеке адамның немесе топтың құқықтық белсенділігі де олардың құқықтық мәдениетінің көрсеткіші бола алмайды. Заңды білу деген оны тек өз мақсатына пайдалану ғана емес. Сондықтан да, қоғамда құқықтарды, адам еркіндігін, сөз бостандығын қоғам, мемлекет мүддесіне нұқсан келтіру, қиянат жасауға дейін жеткізетін жағдайда пайдаланатындар кездесіп жатады. Олар ізгі мақсатты көздеп те заңсыз әдістерге баруы мүмкін. Бұл көріністер әлеуметтік-құқықтық белсенділіктің оң және теріс жағы болатынын білдіреді. Дегенмен, мұндай көріністер де қоғамдағы құқықтық мәдениет деңгейінің көрсеткіші екені сөзсіз. Қазақстанда қоғам үшін қауіпті дерт – жемқорлықтың дендеп кетуіне де құқықтық мәдениеттің төмендігі ықпал етуде. Статистикалық деректер бойынша, жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен 2 мыңнан астам жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеледі екен. Мыңнан аса адам жауапқа тартылады. Ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келтіретін жемқорлықтың тамырына балта шауып, алдын алу жөніндегі іс-шаралардың арасында азаматтардың құқықтық санасы, көзқарасы дұрыс болуы қажет. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қалыптасуы шарт. Барлық мемлекеттік органдар осы бағытта жұмыс істеуі керек. Әділет министрлігіне көпшіліктің жемқорлыққа қатысты құқықтық сауатын арттыру жұмыстарын күшейтуді тапсырамын. Білім және ғылым министрлігі де балаларды ерте жастан жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздеріне баулуды қолға алған жөн» деген болатын. Яғни, түрлі деңгейдегі мемлекеттік органдар, мекемелер қызметі бойынша сыбайлас жемқорлық көріністеріне немқұрайды қарамай, әрбір азамат осындай құқықбұзушылықтардың жолын кесу әрекетін жасауы тиіс. Сонда қоғамда жемқорлыққа төзбеушілік сипатындағы мінез-құлық қалыптасып, бұл дерттің алдын алуға ықпал етеді. Дегенмен, кейбір азаматтар өз мәселесін шешудің заңды жолын іздестірудің орнына заңнаманы айналып өту арқылы оны реттеуге тырысатыны жасырын емес. Яғни, қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың өршуіне құқықтық санасы төмен, нигилистік көзқарастағы адамдар қосатын үлес те бар. Бұл ретте құқықтық сана, құқықтық мәдениет деңгейін көтеру үшін азаматтарға құқықтық тәрбие берудің, нысаналы ықпал жасаудың маңызы зор. Осы тұрғыда, қоғамдық бақылауды күшейтудің ролі ерекше. Яғни, мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдердің әділдігін қамтамасыз ету үшін қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары және қатардағы азаматтар белсенді қатысуы керек. Мәселен, жер учаскелерін беру, балабақшадан кезек алу сияқты мәселелердің бәрі қоғамдық бақылау негізінде жүзеге асуы шарт. Бұл үшін мемлекет тарапынан тиісті тетіктер жасалған. Әрбір мемлекеттік органда қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Электронды үкімет порталы да жемқорлықтың алдына алудың бір тетігі болып табылады. Дегенмен, бұл іс-шаралардың барлығы қайтарымды, нәтижелі болуы азаматтардың құқықтық сауатына келіп тіреледі. Айталық, коронавирус індетіне байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде Қазақстанда көптеген кәсіпорындар, мекемелер жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Карантин жағдайында жұмыссыз қалған азаматтардың көпшілігі қаражатсыз қалды. Осыған орай, үкімет табыссыз қалған тұрғындарға жәрдем беру жөнінде шешім қабылдады. Сол шешімнің негізінде Еңбек және  халықты әлеуметтік қорғау министрлігі  төтенше жағдайдың бірінші күнінен бастап, табысынан айырылғандарға 42500 теңге әлеуметтік төлем беруді бастады. Бұл көмек жалақы төленбейтін демалысқа жіберілген жалдамалы қызметкерлер, жұмыссыздар, басқа да мұқтаж азаматтарға кідіріссіз берілді. Бұл үшін төтенше жағдай кезеңінде табысынан айырылуға байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемдерге өтініштер беру үшін арнайы сервис іске қосылды. 42 500 теңге мөлшерінде төлемге өтініш беру үшін азаматтар 42500.enbek.kz сайтына кіріп, тиісті қадамдарды жасауға тиіс: ЖСН, IBAN немесе жұмыс берушінің БСН, электронды поштасы көрсетілген нысанды толтыру қажет. Одан кейін телефон нөміріне SMS арқылы жіберілген кодпен растаған соң өтініш қабылданады. Міне, осылай карантин кезінде бүкіл мемлекеттік органдардың, халыққа қызмет көрсету орталықтарының онлайн-жұмысқа көшуіне байланысты барлық қызметтер интернет арқылы электронды түрде көрсетілуге көшті. Бұл талаптар қазіргі заманғы озық технологияларды, интернет желілерді пайдаланбайтын немесе одан хабарсыз адамдарға қиынға соқты. Тіпті олар аталған әлеуметтік төлемге қажетті құжаттарды жолдау үшін аудан орталықтарындағы пошта, банк бөлімшелерінде сағаттап кезекке тұрып, карантин тәртібін бұзуға дейін барды. Көпшілік тұрғындарға интернет арқылы тіркелу үшін туыстары, жастар көмектесті. Тіпті білімді азаматтардың арасында да электронды пошта дегенді білмейтін, оның не екенінен хабарсыз жандар кездесті. Мұндағы басты мәселе – тұрғындардың көпшілігінің құқықтық сауатсыздығы. Бұл үрдіс құқық саласының мамандарын алаңдататын деңгейге жетті. Мәселен, азаматтар өз проблемаларын шешу үшін қайда жүгінетіндерін білмейді. Құжаттарды толтыру, қажетті анықтамаларды жинау да оларға оңай емес. Заңгерлердің айтуынша, тұрғындар құқықтық көмек қажет жағдайда абдырап қалады. Соның салдарынан кейде алаяқтарға тап болып, зардап шегіп жататыны да кездеседі. Тіпті, мәселесін шешемін деп ақшасынан айрылып қана қоймай, заңбұзушылыққа тап болатындар бар. Құқықтық сауатсыздықтың соңы осындай теріс құбылыстарға әкеп тірейді. Азаматтар заңгерлердің көмегіне негізінен мынадай сұрақтар бойынша жүгінеді: сотқа талап арыз беру және құжаттар жинау, түрлі деңгейдегі нотариалдық мәселелер, қарызға алған қаражат бойынша сотқа жүгіну, тонаушылық әрекеттерге байланысты өз мүддесін қорғау, өсиетнама рәсімдеу мәселелері, т.б. Азаматтар тәжірибелі, білікті маман тапқанға дейін уақытын кетіріп алады, тіпті білімсіз мамандарға тап болып, оған төлеген ақшасы босқа кетеді. Осыдан барып құқықтық көмекке жүгінуден қашқақтап, заңгерлерге сенімсіздік пайда болады. Құқықтық сауатсыздықтың себептеріне келсек, кез келген адам қандай да бір проблемаға тап болғанша, заңдарды білу керек екенін, өз құқығы мен мүддесін қорғау керектігін ұғынбайды. «Азаматтар өз құқығын білмегендіктен, дер кезінде заңгерлерден ақыл-кеңес алып, әрекет етпейтіндіктен түрлі мәселелер туындап жатады. Бұл кемшілікті түзеу үшін мемлекеттік деңгейде халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Біз, заңгерлер, азаматтарға құқықтық көмек көрсетеміз, бірақ, қолдаудың аздығына байланысты тұрғындардың көп бөлігін қамти алмаймыз. Жалпы, құқықбұзушылықтар әртүрлі: қылмыстық, азаматтық істер бар. Бұл салалардың әрқайсысы бойынша өрескел заңбұзушылықтар кездеседі. Қазіргі таңда халықтың көзі ашық, көкірегі ояу, сондықтан, әр азамат өз құқығы тапталмасын десе, заң аясында әрекет етуі, ізденуі тиіс. Құқығы бұзылған жағдайда мемлекеттік немесе жекеменшік құқық қорғау ұйымына барып, жазбаша түрде өтініш беруі тиіс. Ауызша айтылған сұраққа жауап берілмейді, тек жазбаша түрде болуы керек. Қоғам мүшелері өз құқығын талап еткен кезде ғана оның шешімін табатынын түсінуі керек» - дейді «КЕШ» Құқық қорғау орталығының директоры, белгілі заңгер Кәмиша Есмұхамбетқызы. Азаматтардың осындай құқықтық білімсіздігі оларға ақпараттың жетіспеушілігінен де туындауы мүмкін. Сондай-ақ, тұрғындардың өздеріне де көп нәрсе байланысты, олар қазіргі заманның мүмкіншіліктерін дұрыс пайдаланып, түрлі ақпарат көздері, құзыретті мекемелердің, министрліктердің интернет-сайттары арқылы қолданыстағы заңнама, ондағы өзгерістер туралы біліп отыруына жол ашық. Дегенмен, көпшілік азаматтар құқықтық тақырыптағы ақпараттан гөрі теледидардағы ток-шоулар мен ойын-сауық бағдарламаларын жақсы білетіні өкінішті жайт. Сондықтан, мемлекет тарапынан халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру шаралары жүйелі түрде жүргізілуі қажет. Құқықтық білім беретін оқу орындарында да білікті маман даярлауға жіті көңіл бөлінуі тиіс. Сондай-ақ әрбір азамат өзінің құқықтық сауаттылығын көтеруге, туындаған мәселесін шешуге, өзінің мемлекет кепілдік берген мүдделері мен құқықтарын қорғауға ең алдымен өзі қызығуы керек. Қазір интернетте, дәстүрлі БАҚ-та құқықтық қорғау, көптеген мәселелерді шешу жайындағы пайдалы ақпарат өте көп. Сонда түрлі жағдаятта қандай әрекет ету керектігін әрбір азамат білетін болады және өзі жүгінген заңгерден де білікті көмекті талап етеді.

1041 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз