• Заманхат
  • 30 Маусым, 2020

ДРАМАТУРГ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАР БЕЙНЕСІ

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қазақ тарихынан үлкен орын алатын Көшім хан мен Сүзге ханым туралы ұлттық әдебиетте үлкенді-кішілі біршама шығармалар жазылды. Көшім ханның өмірін зерттеуде тарихшы-ғалымдар М.Әбдіров, Ж.Артықбаев, Ө.Ахметовтардың көп еңбектенгені белгілі. Белгілі қаламгер М.Қожахметованың «Көшім хан – Сүзге» шығармасы – сахнаға ыңғайлап жазылған драмалық туынды. Драматург шығарманы жазу барысында септігі тиген М.Әбдіров пен П.П.Ершовтың Сібірді жаулап алу кезеңінен қалған аңыз туралы «Тұлпар тай, сұңқар тай» («Конек-Горбунек») поэмасын, М.С.Знаменскийдің майлы бояумен салған Сүзгенің портреттерін, И.Корниловтың «Сүзге» операсын ерекше құрметпен атайды. Сібірді жаулап алу кезеңінен қалған аңыз туралы «Сүзге ханым» жырын алғаш жырлаған – Бодау жырау екені тарихтан белгілі. Бұл қатарды орыс ақындары П.П.Ершов, А.Сорокин, П.Васильевтермен бірге, Уәйiс бастаған Ө.Ахметов, Ш.Өрәзімбекұлы, Е.Бейілхан сияқты қазақ ақындары толықтырды. Аңыз-әңгімелер мен көркем шығармаларда Көшім ханның туған жылы мен Сiбiр хандығы құлағаннан кейiнгi тағдыры, Сүзгенің шыққан тегі мен артында қалған ұрпақтары жөнінде түрлiше айтылады. Бірінде тұтқынға түскен туыстарымен бірге Мәскеуге алдырылып, сонда Мұхамедқұлға қосылған десе, екінші аңызда оның ерлігіне көңіл бөлінеді. Шындыққа екіншісі жақын болғандықтан, ол туралы шығармалардың дені осы нұсқаны негізге алған. Тарих ғылымдарының докторы М.Әбдіровтің Қазақстандағы орыс казактарының тарихы мен қазақ халқының тәуелсіздік үшін күресін тереңдете зерттеуінің нәтижесінде Көшім хан қазақпен қайта табысты. Ө.Ахметов П.П.Ершовтың поэмасын қазақ тілінде сөйлетсе, Ш.Бейсенова «Сүзгенің соңғы күндері»  повесін жазды. Қ.Әлімқұлов, М.Қайыңбаевтар «Сүзге сұлу», М.Қожахметова «Көшім хан – Сүзге» тарихи драмаларымен Көшім хан мен Сүзге бейнесін қазақ сахнасына алып келді. Бұл қатар Е.Бейілханның «Көшім хан – Сүзге» поэмасымен, Ш.Өрәзімбекұлының «Сүзге ханым» өлеңімен, т.б. көркем шығармалармен толықты. Ұлы дала қасіретін арқау еткен М.Қожахметованың «Көшім хан – Сүзге» тарихи драмасының бас кейіпкерлері – Сібір мемлекетінің билеушісі Көшім хан мен оның сүйген жары Сүзге сұлу. Ол туралы аңыздарда Көшiм хан сүйiктi, көрікті әйелi, Шығай ханның қызына арнап, Ертiстiң бойынан Сүзге-Тұра қалашығын салдырғаны (қазiргi Ресейдегi Тобыл қаласының маңында), қалашықты екi жағынан Ертiс өзенi, алдынан терең жыра қорғап тұрғаны, жыра арқылы көпiр салынғаны, Көшiм хан жұма күнгi намаздан кейiн, осында келетiні туралы айтылады. Драматург Сүзгені Шығай ханның қызы десе, жазушы Ш.Бейсенова «Сарыарқаның айтулы ақсүйегі, жеті атасынан бермен қолынан билігі үзілмеген» Сүйіндік сұлтанның қызы етіп алған. Ал, ақын Е.Бейілхан Сүзгенің тегін Жалайыр-Табын руынан іздейтіндер қатарында. Драмалық шығарманың оқиғасы Ертіс өзеніне Тобыл сағасының қосылған биік жағалауындағы Ескер қаласында Қазан хандығынан бас сауғалап, Аштархан, Үргеніш, Түркістан, Сауран, Ташкенттен келіп, Көшім ханға қосылып жатқан ноғай ордасының, қазақ хандығы сарбаздарының әрекетінен басталады. Көшім хан Дәулетбай мырзаның, Мұрат ханның, Шығай ханның қызын алу арқылы ел арасындағы ынтымақты, бірлікті нығайтуды көздеген. Осы үрдіспен ағасы Ахметкерейге Шығай сұлтанның қызы Ләйләні алып береді. «Сайын даланың сұлулары тым асқақ, тым адуын» келеді деп түсінетін Ахметкерей Ләйлә сұлудың қадіріне жетпегендіктен, ол төркініне біржолата кетіп қалады. Ертістің жағасында аң аулап жүрген Ахметкерей арғы бетке өткенде, оны жаулары ат құйрығына байлап, азаптап өлтіреді. Төркініне кеткен Ләйләнің: «Енді оралмаймын, көз жасымның киесі ұрсын деген...» – сөзін еске алатын болсақ, оны Ләйләнің жазықсыз көз жасының киесі ұрғандай әсер тудырады. Осылайша автор оқырманын наным-сенім, кие деген ұғымдарға иландырып отырады. Сүзге аңыз-әңгімелерде мерген, садақшы, желаяқ, ат құлағында ойнаған, қайық есіп, суда жүзген, ағаштан-ағашқа секірген сарбаз ретінде танылса, драмадағы мергендігі Көшімнің немере інісі Мұхаметқұлдың өзіне деген ынтық сезімін тоқтатпақ ниетпен, жан мен тән тазалығын сақтау үшін оны садақ жебесімен жазалауынан көрінеді. Көз ілеспес жылдамдықпен садақ жебелерінің айнала зуылдауы оның қол мергендігін көрсетсе, ерлігі қаланы бір ай бойы оқ-дәрімен қаруланған Гроза әскеріне бермей, жауларын әлсіретуімен бейнеленген. Сонымен бірге, ол – ханын күте білген, отағасын құрметтей білген адал жар. Тіпті қоршауда жатқанның өзінде: «Жап аузыңды, жексұрын. Аман болса, Көшім де келер, сыбағаңды берер. Кім деп тұрсың мені? Бүкіл Ібір-Сібірді жұрт қылған ұлы билеушінің жарымын! Еркін даланың құлпырып өскен гүлімін, иіліп-бүгілуді білмеген қайсар қазақ сұлтанының қызымын! (Грозаға садағын кезеп-кезеп қояды). Келесі жолы, бәлкім, басыңды алармын», – деп, ержүрек ханға, құдай қосқан жарына деген сенімін, ақ сезімін жоғалтпайды. Драматург Сүзге мен Көшімнің түстері арқылы болашақ туралы аян береді. Сүзге өз елінде қалыптасқан наным-сенім бойынша, жамандықтың алдын алу үшін түске садақа беруді сұрайды. Бірақ, Көшім хан «түс – түлкінің боғы» деп, оған мән бермейді. Ол кезде ханды өзінің шым-шытырық түсі мен елестер мазалап, секем алып жүрген болатын. Қорқынышқа бой алдырмауды көздеген ол ондай ұсақ-түйекке көңіл аудармауға тырысады. Жаратқанға жалбарынып, елінің азаттығын сұраған, халқын бодандықтан сақтаған Сүзгенің: «Халқымның кегі – қанжарым менің, құрбандық жаным – болашағың үшін» деп жүрегіне қанжар ұруы – ерлік пен өрліктің көрсеткіші. Оның бейнесі қала халқына қазынаны тең бөліп беруімен толыққан. Бар арманы – халқын кәпірлерге қор етпей, қапастан аман-есен алып шығу болса, ғажайып қаладағы жаудың көздеген қазынасын тұтасымен халыққа таратып беруі – Сүзгенің тапқырлығы, даналығы, көрегендігі. Ендігі жерде қолдарындағы әшекей бұйымдарын астыққа айырбастаса да, халқының аштан өлмейтіні белгілі. Сүзге бейнесін толықтыруға Көшімнің мына сөздері де қызмет етеді: «Әттең, ендігінің бәрі Сүзгесіз... жас та болса, дана, ақылшым еді (Қаруын көтеріп). Қаныпезер Жармақ, тауып алып, пәрша-пәршаңды шығарамын. Мамыражай жатқан ел едік, бүйідей шағып, ырысымды шаштың, байлығымды тонадың, шаңырағымды шайқалттың, керегемді бұздың, сен, қарақшы... қайыршы, жарымаған құл-құтандар...». Зеңбірекке төтеп бере алмаған Көшім ханның әскері жеңілген соң, Жармақ әскері Ескер мен Сүзге қалашығын жаулап алады. Мұхаметқұл соғыста жарадар болып, Әли әскері ұзақ шайқастан титықтап келгендіктен, олардың бас көтеруге, қарсы тұруға шамасы келмеді. Темірмен құрсауланған, от-жалынға оранған әскермен бетпе-бет шайқасуға болмайтынын білген соң, Мұхаметқұлдар айлаға басып, түн ішінде шауып кетіп, әскерлерін әлсіреткенмен, қосымша күш лег-легімен келіп жатқандықтан, оларға қарсы тұру атты әскерге оңай соқпады. Кезек-кезек тұтқиылдан шабу екі жақты да әлсіреткенмен, екеуінің де берілгісі жоқ. Осындай түнгі шабуылдардың бірінде Жармақты қолға түсіріп, жеңісті тойлағанмен, тағы бір шайқаста Мұхаметқұл тұтқындалып, Мәскеуге жіберіледі. Немере інісімен бірге бірсыпыра туыстары да тұтқынға түскенмен, Көшім хан басын имеді, жауға берілмеді. Өмірінің соңына дейін мамыражай жатқан елінің тыныштығын бұзған жаумен шайқасып өтті. Ақ патша тұтқынға түскен хан мен ханшаларға қиянат жасамайды екен, керек болса, қызмет береді екен деген қауесетке сенбеді, сенгісі де келген жоқ. Пьесаның соңында Ескер қаласын Жармақтан тартып алған хан жеңісін тойлағанмен, өзіне құт болмасын біліп, Сібірді тастап, қазақ даласын бетке алып, жолға шығады. Автор қақтығыстар мен тартыстар, шайқастар мен шабуылдар үстінде кейіпкерлерінің бейнесін толықтырып отырған. Диалог, монолог, полилогтарды тиімді пайдаланған драматург әр кейіпкерін өз ерекшелігімен кескіндеген. Қазан мен Астарханды тізе бүктірген Мәскеудің салығын төлемей, азат басын құл етпей, өр кеудесін жықтырмай өткен Көшім хан мен Сүзге ханымды қазақ халқы ұмытпайтынына жоғарыда аталған шығармалар мысал. Ұлы Отан соғысының батыры Бауыржан Момышұлының көркем әдебиеттегі бейнесі қаһармандығымен, ерлігімен қалыптасқан. Батырдың өскен ортасы, балалық шағы туралы өзінің «Ұшқан ұя» романынан қанық болсақ, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майдан даласындағы ерліктері жазушының «Москва үшін шайқас», А.Бектің «Волоколамское шоссе», Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романдарында, Қазақфильм киностудиясы түсірген «Ел басына күн туса» атты көркем фильмде шынайылықпен суреттелді. Қаламгердің «Тосын сыр-сұхбат» пьесасына кейіпкердің авторға берген сұхбаты егіз болған. Драматург Бауыржан Момышұлының бата, тілек, термелерін, Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер», Жәмила Егембердиеваның «Өмірінің өзі дастан» кітаптарын ішінара пайдаланған. Зейнеп пен Жәмилаға қатысты эпизодтардың өздерінің естеліктерінен алынғандығы байқалады. Даңқты қолбасшының жан-дүниесіне үңілген автор оның ұлттық этнография туралы пікірлерін, қоғам мен орта туралы ойларын, өз өмірінен үлкен орын алған әйелдерге деген сезім күйлерін психологиялық иірімдермен нанымды суреттеген. Негізгі оқиға журналист пен Бауыржанның бір сұхбаты үстінде өрбігенмен, автор лирикалық шегіністермен оның балалық шағынан бастап, өмірінің соңына дейінгі кезеңін көз алдымыздан өткізеді. Сондықтан, әр көріністің арасында бірнеше жыл салып, оқиғалар мен көріністер жиі ауысып отырады. Редакцияның жұмсауымен Халықаралық әйелдер мейрамы қарсаңында қыз-келіншектерге деген батырдың бата-тілегін алмақ болып келген журналист қыздың қимыл-әрекеттері бірде күлкі үйірсе, енді бірде арыстанның алдында отырған дәрменсіз қоянның күйін көз алдымызға елестетеді. Баукең: «Кругом!», «Шагом марш! В мой кабинет!» дегенде, журналистің шыр көбелек айналып, оң қолын шекесіне қойып, тік тұра қалуы мен әскери бұйрықты қалт жібермей орындауына еріксіз күлесің. «Ты красивая или нет... Если красивая, приходи! Түрің ұнаса сөйлесемін, ұнамаса сөйлеспеймін!» дейтін шатақ мінезді батырдың алдына бару да, онымен сөйлесу де оңай еместігін көргенде, журналист қыздың батырлығына тәнті боласың. Негізгі оқиға екі кейіпкердің диалогына құрылғанмен, Жәмила жеңгей және көпшіліктің сөздерімен, пікірлерімен батыр бейнесі айшықталып отырады. Бауыржанның өз жүрегінен шықпаған сөзді мойындамайтыны, ешқандай қағазға қол қоймайтыны оның мінезін даралай түседі. Анасы Рәзиядан үш жасқа жетпей жетім қалған Бауыржанның әжесі Қызтумастың тәрбиесінде болғаны белгілі. Әжесінен Қазығұрттың басында қалған Нұқ пайғамбардың кемесі, төрт түлік малға қатысты жырлар, түрлі ертегілер мен бесік жырын, ана әлдиін тыңдап өскен батырдың кейінгі аналардың осындай ұлттық құндылықтардан айырылып қалғанына көңілі толмайтыны: «Әжемнің «осылай болған екен» деген сөздері мені бірде ғасырлардың шыңырауына сапар шектірсе, бірде құс қанатындай демеп, ілгері ұмтылдырды, биікке самғатты... ...Балаларымның дәл менікі сияқты ғұлама әжелері азайып бара жатқанына қатты өкінем, қабырғам қайысады», – деген сөзімен берілген. Оның өмірінен үлкен орын алатын келесі адам – әпкесі Үбиан. Ол – бауырдың ғана емес, шешесінің орнын басқан ең жақын адамы. Қалыңмал туралы Бауыржанның өз көзқарасы бар. Ол Қызтумас әжесінің: «Құны жоқ қызды кім сыйламақ? Ондай қызды байлары тегін алып, тегін қуып жібермей ме, қалыңмал алмадым дегенше – жасау жасалмайды, той өтпейді десеңші», – дегенін естіп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскендіктен, қалыңмал туралы оң көзқараста. Себебі, бала күнінен әжесінің айтуымен әпкелерінің ұзатылып, қалыңмалға сатылғанын көріп өскен. Бала күніндегі Бауыржан мен Әлиман екеуінің қалыңмал үшін қақтығысын автор тегін еске алып отырған жоқ. Ортаншы апасы мен Бауыржанның сол кездегі алғашқы қақтығысы осы қалыңмал үшін болған. Қазақ халқы үшін көкпар, бәйге, аударыспақ сияқты ұлттық спорт ойындарының алар орны ерекше. Осындай ұлттық ойындардың арқасында ұлдар шымыр, батыл, епті болып өсетін болған. Кішкентайынан асау тайға құрық салып, бәйгеге қатысып, ат құлағында ойнаған қазақ баласының бірі – Бауыржан. «Халқымның мінезі бәйгенің сәйгүлігіне, даланың дауылпаз сұңқарына ұқсайды. Әр қазақтың ат десе, алғыр құс десе, арқасы қозып тұратыны да осыдан болса керек...», – деген пікірі желмен жарысқан жүйріктердің қазақ үшін орны жоғары болғанын байқатады. Ұлы Отан соғысы тұсында Бауыржанның майдан даласында бораған оқтың астында мініп жүрген ақбоз аты – ат тілін түсінгендігінің көрсеткіші. Кемелденген социализм тұсында атеизмнің (құдайсыздық) салтанат құрғаны белгілі. Бірақ, сол жүйеге бағынбаған Бауыржанның өз көзқарасы бар. «Мені қан майданда, сұрапыл соғыста батыл еткен, біріншіден намыс, Отанға деген сүйіспеншілік, екіншіден азаматтық борышым. Одан соң, ата-баба дәстүрі, қан кешіп жүріп сол ата-бабаның піріне сыйындым. Бойыңды жауға деген кек билегенде, қорқу дегенді ұмытып, снарядтың оғындай атылғаныңды өзің де сезбей қаласың», – дейтін Бауыржанды батыр еткен намыс пен Отанға деген шексіз махаббат. Қалыңмал мен діннің социалистік жүйеге қайшы келетінін ескеретін болсақ, батырдың сөзінен оны ешқандай жүйе бағындыра алмағанын көруге болады. Журналистің өткір сұрақтарынан байқағанымыз Бауыржан төңірегіндегі қыз-келіншектердің бәрімен Огинскийдің «Полонезіне» билеп жүріп танысады. Қыздардың бәрі оны өздері іздеп, сүйіп келгенмен, тұз-дәмі жараспайды. Бауыржан оларды кінәлаудан аулақ, әрқайсысына деген жүрек түкпірінде жылу бар. Бірақ, мінезінің шорт кететіндігінен ешқайсысына иліккен емес. Әлжаппар Әбішев Жамал Қалыбековна екеуін жарастырмақ болып келгенде, сынған ыдысты қайта жамауға (желімдеуге) келмейтінін айтып, шығарып салады. Оның: «Өмірде әйелдің көз жасына қалуға болмайды. Әйелдің көз жасы жібермейді. Мен әйелдің көз жасына қалған адаммын. Сондықтан, зарын да тартып жүрген адаммын», – деген сөзінен Ғайникамал, Бақытжамал, Клавдия Петровна, Жамал Қалыбековна, Жәмила Егембердиевалармен бақытты өмір кешпегені байқалады. «Өзімді ешуақытта батырмын деп есептеген емеспін. Халық мені батыр деп жүр, сол – халықтың өзі батыр. Батыр деген атақты халық өзі дайындайды. Ол атақты ешкім бұйрықпен, не сатып, не сұрап алмайды. Біздің қазақ халқы – батыр халық» деп халықты өзінен жоғары қоятын батырдың өнер туралы көзқарастары да қызық. Оның пікірінше, өнер әйелдің бағын ашады. Ол өз ойын «добалдай, қап-қара» Жамал Омарова ерекше даусымен ән айтқанда, баурап алатындығымен түсіндіреді. Хадишаның кейіпкерлерін орысша, Майқанованың орыстардың өзін қазақша ойнайтыны, Роза Бағланова, Мәриям Хакімжановалардың өнерін бағалайтыны, «арнайы оқу бітірмесе де, Қалыбек Қуанышбаев пен Серке Қожамқұловтың құдай берген дарындары күшті еді», «Шәкен Айманов талантты адам, бірақ, ол орысшалап ойнайтын, Станиславский, Немирович-Данченкодан үйренген, тілі қазақша, қимылы орысша боп кететін. Үмбетбаев та орысша ойнайтын. Это мое личное мнение, прав, неправ, судить твое дело» деген пікірлері – өнер иелеріне деген әділ сынның көрсеткіші. Өнер, өнер адамдары туралы осы пікірлер өнерге жақын батыр жүрегінің жұмсақтығын көрсетеді. Драматург Бауыржан Момышұлының тағдырына үңіліп, төңірегіндегі қыз-келіншектер арқылы батыр бейнесін жаңа қырынан толықтырған. Пьесадан Бауыржан да түрлі сезім күйлерді басынан өткізген, ет пен сүйектен жаралған екі аяқты пенде екендігін ұғынамыз. Қазақ драматургиясындағы Ә.Тәжібаевтың «Монологтарындағы» Мәншүк бейнесі тәуелсіздік тұсында М.Қожахметованың «... Азат Алаш – Даңқты Алаш» драмасымен толықты. Пьесаға Ұлы Отан соғысында ерекше ерлік көрсеткен қазақ халқының батыр қызы М.Мәметованың өмірбаяны негіз болған. Совет Одағының батыры атағын алған Мәншүк туралы жыл өткен сайын табылып жатқан тың деректер оның ғұмырбаянын толықтыруда. Пьесада Мәншүктің өмірі туралы көпшілік біле бермейтін жаңа деректер ұсынылған. Драманың оқиғасы ХХ ғасырдың 20-40 жылдары Қазақстан, Ресей қалаларында және Ұлы Отан соғысының Калинин майданында, Псков облысы, Невель қаласы маңында өтеді. Бірінші көрініс ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары Жымпиты қаласының бағында топтасқан жастардың Ахмет Мәметовтың «Алашқа сәлем» өлеңін оқып тұруынан басталады. Алашшылдардан тазарту науқаны жүріп жатқанда, жастардың бұл өлеңді айтуының өзі оларға қауіп тудыруы мүмкін еді. Оның авторының партиядан шығарылып, Зеленовскийдің көмегімен Бөкей губаткомының құрамында «Қосшы» ұйымының жетекші жұмысына араласуға әрең мүмкіндік алғаны белгілі. Кезінде Жүсіпбек пен Мұхтар «Абай» журналында Ахметтің «Су жағасында» өлеңін Сұлтанмахмұттың «Жас жүрегімен» қатар атап, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Ахметтерде (Мәметов) сыршылдық басым екенін айтқанын автор белгілі мақсатта пайдаланып отыр. Осы деталь арқылы Ахметтің ақындығына көңіл аударуды мақсат еткен. Келесі көріністе Ахмет пен Әмина 1925-1926 жылдары Саратов қаласына барып білімдерін жетілдіреді. Жас жұбайлар сонда жүріп, етікші қайнатасының өздері барғанда дүниеге келген қызын еске алады. Құжат бойынша, Мәншүктің әке-шешесі деп жүргеніміз, әкесінің немере інісі мен келіні екенін автор Ахмет пен Әминаның диалогына сыйғызған. Мәнсия сонау кішкентай кезінен қайсарлығымен, өткірлігімен көзге түсе бастағанын автор екі-үш детальмен есте қалдыруға тырысқан. Біріншісі – поезда ыстық шайға күйіп қалғанда, қыңқ деп дыбыс шығармай, «күйгенім де жоқ, тек ыстықтап барамын» деуі болса, екіншісі – суықтан саусақтары домбығып кетсе де, «менің қолым тоңған жоқ, қолбағым ғой тоңған. Әкеме ұрыспа, қолғап кінәлі» деуі. Үшіншісі – 1934 жылы Мәншүктің ұлдармен бірге бәйгеге қатысып, бәйгеден озып келуі. Бұлардың барлығы – болашақ батыр қыздың кішкентай кезінен қалыптаса бастаған өжеттігі мен қайсарлығы, шыдамдылығы мен төзімділігі еді. Семей қаласындағы Радищев атындағы бастауыш орыс мектебіне апарып, аты-жөнін жазып жатқанда, атым Мәншүк Ахметовна: «Апатай, сенің Моншағым дегеніңді сондай жақсы көремін. Мәнсия деген үлкен кісіге болмаса, маған тіптен де жараспайды. Бұдан былай қазақша Моншақ, орысша Маншук боламын», – деп, азан шақырып қойған атын өзі өзгертіп алуы – алғырлығын танытар деталь. Келесі көрініске Мәншүктің жүдеп-жадаған ауылының отызыншы жылдардағы тыныс-тіршілігі негіз болған. Бұл ауыл адамдарының аштықтан бұратылып, еңбектеп, құлап жатқан кезі болатын. НКВД адамдары келіп, астық ұрлады деген айыппен Жеңсігәліні тұтқындайды. Үйден кебіс, мәсі, қисық табан етіктерден басқа ештеңе таба алмаса да, қоймадан жоғалған ұн үшін қамалып кете барады. Жеңсігәлі жаладан, Тойылша құсадан өлгенде, Нағи мен Қадырды Қанат пен Майра паналатқанын Ахмет пен Әмина кеш естіді. Олар Оралға келген кезде де, Жеңсігәлі мен Тойылша олардың көңіліне кірбің түсірмес үшін арттарынан іздеп барған емес. Мәншүк 15-16 жасқа келгенде, елді және бір нәубат жайлайды. Бұл жолғы алашшылдарды түгел тазалау науқанынан Ахмет те аман қалмады. Кезінде Алаш партиясында болғаны, патша тұсындағы Бөкей уақытша кеңесінің құпия кеңесшісі М.Шомболов тобына қатысқаны үшін партиядан шығарылғаны қайта қозғалып, «халық жауы» деген жаламен айыпталды. Әмина жаладан құтылу үшін Әжіғалимен бас қосқан соң, Ахметтің кесірі тиіп кетпесін деген оймен Моншағына әке-шешем өлген, Жеңсігәлінің қызымын деп айт деп үйретумен болады. Мәншүктің «халық жауының» қызы атанып, оқуын тастағанын, Әмина күйеуге шыққан соң, жатақханаға шыққанын Майра жеңгесіне жазған хатынан білеміз. Келесі көрініс Ұлы Отан соғысы басталғанда, жастардың майданға сұранып жатуымен өрбиді. Мәншүктің бар арманы – соғыста ерлік көрсетіп, жанындай жақсы көретін әкесі Ахметті ақтап алу. Осындай оймен жүрген Мәншүк майдан даласында жүргенде түс-елес көреді. Түсінде әкесі де майданда жүр екен дейді, бірақ, екеуі бір-біріне жете алмайды. Әкесіне жете алмағанмен, алдынан қарсы шыққан Әмина келіп, оны құшақтап құшағына басады. «Халық жауы» деген жаламен ұсталған әкесін тірі деп ойлағанмен, бұл кезде ол бақилық болғандықтан, Мәншүк оған жете алмайды. Әминамен кездесуі – екеуі де тірі жүргендіктен деген ой жетелейді оқырманды. 1943 жылдың 14-15 қазан күндеріндегі Калинин майданы әскерлерінің Невель қаласын босату үшін қиян-кескі шайқасында: «Мен сендерді қорғай тұрайын, әйтпесе, қырылып қаласыңдар. Соңдарыңнан жетемін», – деп, пулеметтен фашистерге оқ жаудырған Мәншүктің өзі де сол шайқаста оққа ұшты. Ол бөлімшені сақтап қалумен бірге, кем дегенде жетпіске жуық жауды жер жастандырған ерлігімен ел есінде қалды. Осы тұста көгілдір сағым арасында Ахмет пен Мәншүк бір-біріне құрақ ұшып табысады. Ахмет: «Қорықпа, қызым, қасыңдамын. Біз енді азатпыз, мәңгі азатпыз – мәңгі алашпыз! Мәңгі қазақпыз!», – деп қызын бауырына басады. Осы тұста шығарма басындағы көрініс қайталанып, қазақ жастары Ахмет Мәметовтің «Алашқа сәлемін» орындай бастайды. «Мен де жаңа ғана түсіндім: Ақ алаш, азат алаш, даңқты алаш! Бұл – біз ғой, әке!» деген Мәншүк бұл кезде азат еді, даңқты еді. Оқиғаны толықтыру мақсатында елес, аруақтарды пайдалану әдебиетте қалыптасқан дәстүр болса, драматург оны тиімді пайдаланған. Осы ерлігі үшін 1944 жылы 5 наурызда КСРО Жоғарғы Советі Президиумының Указымен Мәметова Мәншүк Жиенғалиқызына Советтер Одағының батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» медалі қоса берілді. Ахмет Мәметов 1938 жылы 31 қаңтарда «халық жауы» деген жаламен ұсталып, 1938 жылы 11 қарашада КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясы көшпелі сессиясының («үштік») қаулысымен атылды. 1958 жылы 27 ақпанда КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының қаулысымен ақталды. Драматург Мәншүк құжаттарда Жиенғалиқызы деп қате жазылып жүргеніне көңіл аударып, тың деректерді, тарихи құжаттарды ұсынған. Шығармадан көргеніміздей оның әкесінің аты – Жеңсігәлі. Автор өмірде болған тарихи кейіпкерлер туралы мәлімет беруді де жадында ұстаған. Әмина мен Мәдина әже қартайып, өмірден өтсе, Жеңсігәлі мен Тойылша аштық жылдары қайтыс болған. Қанат Мәметов өз өтінішімен соғысқа аттанып, Сталинград майданында ауыр жарақаттанып, елге оралғанмен, ағасының ақталғанын көре алмай кетті. Мәншүктің ең жақын сырлас жеңгесі Майра Мәметова бертінде қайтыс болса, ағалары Нағи (Нәдір) мен Қадырдың дерегі анық емес. Қадыр Сталинград шайқасында қаза тапты деген дерек бар. Курстас досы Хамида Манаева мен батальон дәрігері, медсестра Мәриям Сырлыбаевалар соғыстан аман қайтып, үбірлі-шүбірлі болып, бертінде дүниеден өткендігі туралы айтылады. Шығармадан көріп отырғанымыздай, Мәншүкпен жақын араласқан туыстары, құрбылары туралы толыққанды дерек берілген. Пьесаның тарихилық сипаты Мәншүктің әке-шешесіне қатысты мәліметтер нақты келтірілгендігімен, оқиға болған күндер мен оқиғаға қатысушы кейіпкерлердің өмірден алынғандығымен айшықталған. Драматург осылайша, батыр қыздың өмірінің беймәлім тұстарын көркем шығармамен жеткізуге ден қойған. Ол мақсатына жеткен де. Бұл – Совет Одағының батыры Мәметова Мәншүкке тәуелсіздік тұсында сөзден соғылған ескерткіш. Алаштың азаттығы жолында шейіт болған батырларын қазақ халқы ешқашан ұмытпайтынына – араға жетпіс жылдан аса уақыт салып жазылған осы туынды мысал. Драматургиядағы өнер және өнер қайраткерлері тақырыбын толықтыратын келесі туынды – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның Халық әртісі Роза Әшірбекованың өміріне арналған «Сүйіктім менің – театр» пьесасы. Оқиғалар легі жиі ауысып, әр көріністің арасына біраз уақыт салынады. Уақыттың зымырап өтіп жатқанын көрсету мақсатында сырт-сырт соққан сағат тілінің дауысы қолданылған. Пьесаға 7-8 кейіпкер қатысады. Бұл – ХХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы «аша тұяқ қамасын, асыра сілтеу болмасын» науқанының қызып тұрған кезі. Оқиға Әшірбектің үйін тінтіп жүрген НКВД қызметкерлерінің арық ешкіні алып кетуімен шиыршық ата түседі. Шаш ал десе, бас алатын жандайшаптар жаңа туған нәрестенің соңғы ризығын тартып алып кете барады. Атам қазақ балаға ат қоюды да ырымдайды. Әшірбек те дүниеге келген баласын балалар үйінде өсіп, он төрт жасында бұзау бағып, Мәскеуде Калининнің қолынан «Қызыл Ту» орденін алған Роза Шамжановаға ұқсап атақты болсын деп ойлайды. Біздің негізгі кейіпкеріміз Роза осындай аумалы-төкпелі заманда өмірге келген болатын. Келесі көріністе Ұлы Отан соғысы басталып, ер азаматтардың түгелдей майданға аттанып жатқаны суреттелген. Шулаған ел, жылаған бала, бір-бірін қимай қоштасқандар, радиодағы диктор дауысы – бәрі жиналып, вокзал маңын у-шуға айналдырған. Әшірбектің соңғы аманаты – кішкентай құлыншағы Раузасы (Роза) еді. Жиі ауысқан көріністерден сол тұстағы жағдай анық көрінеді. Екі баласы майданға кеткен ана ұлдарынан хат күтіп, жолдарына қараумен көзі суалуда. Келесі көріністе Рахия анаға келген екі хаттың бірінде Әнуәрбек ұшқыш болып, фашистерді енді аспаннан атқылаймын десе, екінші хат – жауынгер Әшірбек Құрманғожиннің Москва қаласы үшін болған шайқаста 1943 жылдың 30 қаңтарында ерлікпен қаза тапқаны туралы қара қағаз. Келесі көрініс бейбіт өмірден хабар береді. Бұл кезде қос ботасын жоқтап, көзі құрғамаған ананың жанарынан айырылғанына куә боламыз. Әнуәрбегі хат-хабарсыз кеткен ананың өмір бойы жолға қараған мұңлық күйі – сол тұстағы қазақ аналарының жиынтық бейнесі болса, драматург Күлпанды да типтік деңгейге көтергенін ол туралы көпшіліктің пікірінен, полилогтан көруге болады. Соғыс жылдары наубайханада нан пісірген ананың нандарын Шучинскі мен Маканька станциясы арқылы майдандағы солдаттарға жіберетін. Әшірбектің артында қалған інілері Қалибек, Ризабек, Қайырбек пен қызы Раузаны аяқтандыру үшін қол-аяғы тыным таппай жүретін Күлпан – қырқыншы жылғы жесір қалған, бір әулетті асыраған келіншектердің жиынтық бейнесі. Оқырман Рахия ана мен Күлпан бойынан өздеріне «таныс-бейтаныс» жандарды көретіні анық. Драмалық шығармаларда монолог, диалог, полилогтардың атқаратын қызметі ерекше. Жекелеген кейіпкерлер бейнесін толықтыруда, олардың мінез-құлқы мен арман-мақсаттарын көрсетуде кейіпкер сөздері үлкен қызмет атқарады. Студент қыздың атына айтылатын көпшіліктің сөзінен осыны байқауға болады. Қазақ үшін қыз баланың негізгі мамандығы – мұғалім сияқты. Көпшілік әртіс болуды кәсіпке санай бермейді. Бірақ, Рахия апа ақылды қызының таңдауына сенеді. Ол оқуын ауыстырғанмен, әртіс болса да, жаман болмайтыны көреген анаға аян. Сондықтан да, ол көпшіліктің бетін қайтарып, өз сөзін өткізеді. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқып жүрген студенттің өнерге деген құштарлығы ерекше. Ол студияға түскен отыз шақты баланың біразы оқудан шығып қалғанда, солардың орнына қабылданған он сегіз студенттің – бірі. Ол жөнінде актриса: «Әшірбектің жалғызы ғой» деп маңдайымнан сипап, соншалықты ерке өсірді. Бетімнен қаққан жоқ. Институтты тастап, өз қалауыммен кеткенім – сол еркелігім мен еркіндігімнің арқасы ғой деп ойлаймын», – дейді. Жастайынан ән-жырға құмар Розаны күтпеген жерден өнерге алып келген құдіретті күш – Біржан салдың жақын жиені болғандығы болса керек. Драмалық шығармада оқиғалар желісі қақтығыстар мен тартыстарға құрылатындықтан, Роза төңірегінде жүріп жататын оқиғалар легі тым жылдам өтіп жатады. Саратов қаласындағы ауыл шаруашылық институтын бітіріп, Алматыға аспирантураға түсуге келген Баян екеуінің театрда танысуы, олардың шаңырақ көтеруі, ұлы мен қызын өсіріп отырған жас отбасының тынымсыз тіршілігі Розаның алыс-жақын елдерге жиі шығатын гастрольдерімен толығып отырады. Ғылым жолындағы Баянның да жұмысы қауырт, іссапарлары көп. Қазақтың құнарлы топырағын зерттеуде Кеңестер Одағына танылған Баян Сабырғалиевич Бәсібеков – аз уақыттың ішінде отызға жуық ғылым кандидаттарын дайындап үлгерген ғылым докторы. Баянның елуге толған мерейтойын керемет етіп атап өткен соң, көп ұзамай, жүрек талмасынан өмірден өтеді. Оны драматург ғалымның тынымсыз, дамылсыз жұмыстарымен ұштастыра бейнелеген. Шәкірттерінің диссертацияларын оқу, қолжазбаларға пікір беру, ғылыми кеңестердің жұмысы, шәкірттеріне ақыл-кеңес беру, олардың жұмыстарындағы кем-кетікті түзеу, толықтыру – осының бәрі бір адамға оңай жүк емес еді. Шәкірттерінің қорғауына зияны тимес үшін докторлық диссертациясын кешеуілдетуі, үйілген диссертациялар мен қолжазбаларды оқу сияқты қым-қуыт шаруалардың нәтижесі – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Баян Сабырғалиевичтің ғылыми-зерттеу институтына директор болып тағайындалуы. Бірақ, Мәскеуден келген сүйінші хабарды Баянның өзі естімей, өмірден өтіп кетуі – өкінішті. Қос жетімекпен жесір қалған Розаның ендігі тіршілігі оңай болмайтыны белгілі. Ол ұлы Бақтияр мен қызы Әлияның болашағына алаңдаулы. Туытханадағы мейірбикелердің тәжірибесіздігінен Әлиясы мүгедек болып қалса, Бақтиярына қалай қол ұшын берерін білмей, зыр жүгірген актрисаның өмірі дамылсыз тіршілікке толы. Өз еңбегімен спорт мектебін ашып, шәкірт тәрбиелеп жүрген Бақтиярдың тірлігі кейбіреулерге жақпады, оны жолдан алып тастау керек деп шешті. Сол үшін Бақтияр мен оның шәкірттері түрлі кедергілерге жолықты.Қазақтың жеткіншектеріне шығыс жекпе-жегі таэквондоны үйретем деп басын тауға да, тасқа да ұрып жүрген Бақтиярдың спорт залын да көпсініп, соңына түсушілер тыныштық бермеуге көшті. Бақтияр төңірегіндегі қым-қуыт оқиғалар мен жиі кездесетін қақтығыстар жинала келіп, үлкен тартысқа айналады. Шегі мен шеті жоқ сол жанжалдың соңында бақталастары оны пышақтап кетеді. Келесі көріністе қара жамылып, зар илеген ананың басына түскен қасіретке кездесеміз. Оның ендігі жұбанышы – ақылды қызы Әлия. Денсаулығында кінәрат бар дегені болмаса, ақыл-есі сау, бауырмал, ақкөңіл, ақылды қыздың өнер туралы пікірі театр сыншыларынан әсте кем емес. Ол –анасының бірінші сыншысы. Әр қойылымда сомдаған рөлдеріне сын көзбен қарап, керек жерінде анасына ақыл-кеңес беріп отырады. Пьесада ғұмыр бойы Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық Жастар мен балалар театрында еңбек етіп, Тоғжан, Бәтес, Ботагөз, Шұға, Мәншүк, Ләззәт, Хадиша, Сейде, Шафақ, Дариға, Ақбөпе, Королева Гертруда, Гиецинта, Иветта, Аркадина сияқты рөлдерді сомдаған актрисаның алданышы, үміті, өмірі – театр екені шынайы бейнеленген. Шығарманың соңында: «Небір ұлы саңлақтардың жылы лебізін естідім. Атақ та абырой да бар. Ұлы тұлғалардың дәрежемді көтерген биік бағасына лайық болуға әлі де тырысып келемін. Қарыздармын осы аға, апаларыма! Рухтарына мың тағзым. Қандай тағдыр кешсем де, шүкіршілік деймін. Көзімнің ағы мен қарасы, Бақтиярымнан қалған тұяғым – Баяным аман болсын!» дейтін шерлі ана бұл кезде жалғыз қызы Әлиясынан айырылып, немересі Баянмен қалған. Көрермендеріне әрдайым басын иіп келе жатқан актрисаның өмірі қандай трагедиялы болғанмен, ол театрын бір сәт те тастаған жоқ. Себебі, басына түскен қасіреттерден сейілткен, өзіне өмір сыйлаған – сүйікті театры еді. Шығарманың басында төрт көзі түгел, бақытты отбасының көз алдымызда қаншама қасіретті басынан өткізуі, сол қасіреттерді «Алла сүйген құлын сынайды екен» деп, қайыспай иығымен көтеруі жаны нәзік актрисаның бейнесін асқақтата түскен. Театр сыншысы Ә.Сығайдың: «Роза Әшірбекова – қандай да болмасын баға-парыққа лайық, дара да дарынды тұлға», – деген пікіріне сүйенетін болсақ, драматург отбасындағы түрлі қасіреттерді көтере жүріп, театр сахнасында М.Әуезов пен Ш.Айтматовтың «Жас Абайында» – Тоғжан, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» – Бәтес, Т.Ахтановтың «Махаббат мұңында» – Ләззат, Ш.Айтматовтың «Арманым Әселімде» – Хадиша, «Бетпе-бетінде» – Сейде, М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде» – Шафақ, Ә.Тәжібаевтың «Монологтарында» – Мәншүк, Т.Әбдіковтің «Біз үшеу едік» спектаклінде – Дариға, Ш.Уалихановтың «Қос анарында» – Ақбөпе, С.Балғабаевтың «Енелер мен келіндерінде» – Риза секілді түрлі образдарды шебер сомдаған актрисаның еңбекқорлығын, төзімділігін көрсеткен. Оның қанағатшылдығының бір көрінісі – жолдасы Баянға берілген екі қабатты жеке үйге бармай, қаладағы тар пәтерін қанағат тұтуы. Дүние қуып театрдан ұзап кете алмады, себебі, театр – оның өмірі еді. Сондықтан, ол театрын ештеңеге айырбастай алмайды. Осындай эпизодтарды орынды пайдаланған драматургтың негізгі жетістігі – актрисаның өнері өміріне айналғанын көре білуі, оқырман мен көрерменге көрсете білуі. Жоғарыда сөз болған шығармалардан көріп отырғанымыздай, М.Қожахметова – қазіргі қазақ драматургиясын тарихи тұлғалар бейнесімен толықтырып жүрген драматург. Драматургтың баспаға дайындаған «Мәншүк – ғұмыр» атты драмалық шығармалар жинағына әр жылдары әдеби байқаулардан жүлделі орын алған туындылары топтастырылыпты. 2011 жылғы «Тәуелсіздік толғауы» байқауының «драматургия» номинациясы бойынша «Көшім хан – Сүзге», 2015 жылы қазақ хандығының 550 жылдығына арналған әдеби байқаудан «...Азат Алаш – даңқты Алаш», кезекті әдеби байқаудан «Тосын сыр-сұхбат» пьесалары –жүлделі орын алған шығармалар. «Сүйіктім менің театр» пьесасының қысқартылған нұсқасы 2008 жылы Роза Әшірбекованың 70 жасқа толған мерейтойы қарсаңында «Әдебиет айдыны» газетінде жарияланған. Қазақ тарихынан үлкен орын алатын тарихи тұлғалар туралы өзіндік айтары бар шығармалардың кез-келгені сахнаға сұранып тұрғаны белгілі. Сондықтан, жоғарыда аталған туындылардың көрерменмен тездетіп табысуына тілектеспіз.

Гүлжаһан ОРДА, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас

ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор

156 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ӘРБІР АЗАМАТҚА ҚАЖЕТ
Келесі мақала Ғ.МҮСІРЕПОВ ЖӘНЕ ҰЛТ ӘДЕБИЕТІНІҢ ЖАҢҒЫРУ КЕЗЕҢДЕРІ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №10

30 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы