• Заманхат
  • 30 Маусым, 2020

Ғ.МҮСІРЕПОВ ЖӘНЕ ҰЛТ ӘДЕБИЕТІНІҢ ЖАҢҒЫРУ КЕЗЕҢДЕРІ

Аңсаған тәуелсіздігімізді алғаннан бергі жылдарда өз еліміздің тарихы мен ғылымында әртүрлі өзгерістер мен рухани жаңғырудың сабақтастығы жүзеге асып келеді. Кешегі тоталитарлық жүйенің күйреуі төл тарихымызға жанашырлық көзқараспен зер салуымызға жол ашты. Бірақ та, КСРО құлағанша маркстік-лениндік идеология үстемдік құрғаны рас. Бүгінде небір қиын-қыстау замандарда ұлтына еңбек сіңірген, халқын бақытты күндерге бастаған тұлғалардың, қайраткерлердің өмір мен шығармашылық қызметі, тарих бетіндегі ақтаңдақтар зерттеліп келеді. Қазақ елі «Сөз зергері» деп атап кеткен сондай жарқын тұлғаның бірі де бірегейі, көсемсөзші, танымал жазушы, әдебиеттанушы Ғабит Мүсіреповтің ұлт әдебиетін жаңа белестерге көтерудегі еңбегі ұшан-теңіз. Қаламгердің соңынан көптеген жауһар дүниелер, асыл да бағалы туындылар қалды. Олардың барлығы да оқырман санасын есейтуге, жанын байытуға, ақыл-ойын кемелдендіруге қызмет етіп келеді. «Ғалымның хаты өлмейді» дегеніміз осы. Ғабит Махмұтұлы – қазақ әдебиетіндегі алыптар тобының көрнекті өкілі. Жазушы, қаламгер ғана емес, мемлекет және қоғам қайраткері, қайталанбас тұлға, ардақты азамат. Замандастары мен ізбасарлары «Ғабең» деп құрметтеген, сыйлаған. Жас толқын да ұлы жазушыны өнеге тұтқан. Ғ.Мүсіреповтің туындылары оқырман жүрегінен орын алған. Көптеген шығармасы тарихи негізде жазылып, еліміздің даму кезеңдерін жан-жақты суреттейді. Сол кездегі халықтың психологиясы, әдет-ғұрыптары, мінезі, болмысы – жазушының қаламынан тыс қалмаған. Бір сөзбен айтқанда, Ғабит Мүсірепов – өз заманы мен дәуірінің хас шебер суреткері 1902-1985 жылдар аралығында өмір сүріп, ғажайып романдар мен повестер, хикаялар мен әңгімелер, көркем очерктер мен өзекті тақырыпты арқау еткен мақалалар қалдырды. Оның көркемдік әлемін ашуға бағытталған ізденістер әдебиеттану ғылымында күні бүгінге дейін жалғасып келеді және жалғаса да бермек. Себебі ұлы тұлғалардың шығармашылық зертханасы ашылмаған кен сияқты, зерттеген сайын, жаңа ойларға, пайымдар мен тұжырымдарға кенеле түсесің. Бұл заманда ғұмыр кешкен Ғабеңдей ардақтыларымыз энциклопедиялық білім иелері болатын. Ғылым мен өнер саласындағы кәсіби мамандардың аз болуы, жеткілікті дәрежеде қалыптаспауы себепті, зиялыларымыз біраз салада қызмет етіп, өз қолтаңбасын қалдырды.

 Мәселен, жазушы Мұхтар Әуезов 1946 жылы атақты «Абай жолы» романымен оқырмандарын баурап алды. Бұл туындысында автор тек Абайдың ақындық, философиялық тұлғасын дәріптеп қана қоймай, қазақ халқының тұрмыс-салтын, ой-танымын, биік парасатын, дәстүрлі қоғамдағы түрлі қарама-қайшылық мәселелерді көрсете білді. Ел ардақтылары М.Тынышбаев, С.Мұқанов, Қ.Сәтбаев, Е.Бөкетов және т.б. тұлғалардың шығармашылық еңбектері де жарқырай көрінді. Жоғарыда атап өткеніміздей,  Ғ.Мүсірепов те осы кісілер секілді күрделі де кемелді тұлғалардың бірі.

Атақты жазушының «Қыз Жібек», «Оянған өлке», «Қазақ солдаты», «Кездеспей кеткен бір бейне» және т.б. туындыларында Отан тарихында терең із қалдырған оқиғалардың әдеби-көркем шежіресі жасалған. Жалпы, біздің тарихымызда мәдениеттің ары қарай жетілуіне өз үлесін қосқан тұлғалар аз емес. Осы тұрғыдан алғанда, Ғабит Махмұтұлының мәдениет пен көркем өнерге қосқан еңбегін туған елінің руханиятындағы елеулі қазынаға жатқызуға болады. Жазушының: «Қай халықтың болса да, мәдениет, көркем сөз, көркем өнерін жоғары көтеріп, жалындатып жіберуге жүз талант көптік етпейді, он талант аздық етпейді» деген қанатты сөздері бар. Әрине, ол қоғам қайраткері ретінде ұлт мәдениетінің дамуына екі бағытта үлес қосты: біріншісі – көркем туындыларымен, екіншісі – мәдениет пен өнер саласында атқарған қызметімен. Өзінің құнды шығармаларымен Ғабит Мүсірепов ХХ ғасырдағы шоқтығы биік жазушылардың бірі де бірегейі.

Кемел ой иесінің жазып қалдырған еңбектері мән-мағына, мазмұн ретінен алғанда, өте әсерлі. Қаламгер еңбектері әлемдік әдебиеттің аясында да жоғары бағаланады. Сондай-ақ, ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы зерделеу – қазақтың дәстүрлі таным-түсінігіндегі ертеден қалыптасқан үрдіс. Қоғамның саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани ахуалы ұдайы жеке тұлғалардың өмір дерегі арқылы танылып отырады. ХХ ғасырдың бастапқы кезінде қазақ әдебиетінің іргетасы қаланып, 20-30 жылдары қарқындап дами бастаған мәдениет пен өнер майданының негізін салушылар Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезовтер болса, ағалар жолын сәтті жалғай білген Ғабит Мүсірепов сынды қайраткерлер еді. Ол жоғарыда есімдері аталған ағаларының жолын жалғап қана қоймай, олардың мұраларын да лайықты бағалай білген.  Бұған дәлел С.Сейфуллиннің «Советстан», «Тоқу фабригінде», «Трактор мен комбайн», «Ауылнай әйел», Тайыр Жароковтың «Бесжылдықтың балғасы», «Нефстан» шығармаларына қатысты өзінің көзқарасы мен пайымын жеткізіп, әдебиеттегі бағасын беруі.

1950 жылдарға дейінгі жазылған «Өсер әдебиетке өсірер сын керек» атты мақаласында халқымыздың мұрасы немесе өз сөзімен мысал келтірсек, «Қазақ халқы бар тарихын көше жүріп өткізсе де, батпаққа батырмай, құмға шашпай, жұртында қалдырмай, шабындыға алдырмай, барлық жинаған сөз байлығын, күй мен жырын бізге жеткізді. Бұл бәрімізге де қымбатты мұра – бай қазына! Сол қазынаға біз не қосып жатырмыз? Қалай қоса аламыз?» сынды сұрақтар қоя отырып, жауабын былайша берген: «Бұрынғы дана қыздарын, бұрынғы батыр ұлдарын, бұрынғы бәйге тұлпарын қазақ халқы жырымен жеткізді бізге. Бүгінгі дана қыздарын, бүгінгі батыр ұлдарын, бүгінгі жүйрік тұлпарын өзіміз көріп отырмыз. Жаңарған ел, жасарған дүние – жаңа жыр күтеді. Қазынасына қазына қосып, кейінгі ұрпаққа ұялмай ұсын дейді». Бұл толғамды ойлардың астарында қазақ қаламгерлері жазған туындылардың әлемдік дәрежеге жетуін көздеген болатын. Осы орайда әдеби сынның өте маңызды рөл атқаратынын тілге тиек еткен.

Жазушы «Сын түзелмей, мән түзелмейді» деп, сынның үш саласын былайша анықтайды: «Бірінші саласы – ғылыми сын, тексеру-зерттеу арқылы әдебиетті ылғи алға сүйреп отыратын сын. Әдебиет пен жазушының алдына жарығын түсіріп, бастап отыратын сын. Бұл сын, сынауды кәсіп етпей, сүйіп сынайды. Үнемі соңына түсіп, жалпы ғылымның өсуімен бірге, өзі де өсіп отырады. Ал екінші саласы болса – халық саны, көпшілік сыны. Бұл, әрине, ғылыми сын емес, халықтың жүрегінің қалай соғуын көрсетіп отыратын сын. Бұл халық қазынасына қосуға жарамағанды аяусыз лақтырып тастап отыратын, бір айтар үкім сияқты сын. Соңғы үшінші сын саласы – сынды кәсіп еткен, арзанқол, әдебиеттің өсуіне жәрдемі тимейтін құр айғай болып келеді. Міне, бізде осының үшеуі де бар». Бұл Ғабит Махмұтұлының 1950 жылдарға дейін кенжелеп қалған айтыс саласын қайта жаңғыртар ойы болды. Ауыздан ауызға тараған жыр мен аңыз әңгімелерге де тоқталған еді. Өзінің «Айтыс қатарға қайта қосылды» атты мақаласында айтыс өнерінің маңызы мен түрлерін ашып көрсетеді. «Айтыс екі ақынның, я болмаса олардан анағұрлым мағыналы – екі елдің ақындарының айтысы. Әсіресе, айтыстың соңғы түрінің жұртшылық ісіне әсері үлкен еді» деп жазды. Ал енді 1950 жылдардың бастапқы уақытында жазушы:  «Қазақ әдебиетінде көркем жанрлардың әр дәрежеде дамыған, нығайған, кемелденген түрлері де және буыны әлі бекімеген, жас түрлері де бар» деп,  назарын балалар және жасөспірімдер әдебиетіне де бөледі. Ол «Балалар әдебиетін жасауда кейбір жазушылардың жекелеген табыстары бар екенін мен даусыз деп санаймын, бірақ, менің көзқарасымша, бұл сол табыстардың тұрақтылығына шүбәсіз сенуге жеткілікті негіз болмайтын сияқты. Сан тұрақты сапаға әлі айналған жоқ, ал өнер дегеніміз – ең алдымен, сапа» деп оларды жетілдіріп отырды.

Ғ.Мүсірепов әдебиеттегі белгілі бір шығармаға қатысты көзқарасын республикалық газет бетінде жазса, бұл да сол туындының әрқарайғы тағдырына әсерін тигізетін. Бұл әдебиеттің дамуына керісінше әсері тиетінін де айтқан болатын. «...біздің редакторларымыз кейде принциптіліктен, байыптылықтан мүлдем айрылып қалады. Республиканың жекелеген басшыларының кейбір жазушыларға өзінің жеке арасында болған жағдайлары да және кейбіреуі оның ойынан шығамын деп, редакторлар обьективтік әділетті, шындықты оп-оңай құрбан ете салады, сөйтіп советтің озық жұртшылығының пікірін білдіруші газеттің биік беделін төмен түсіреді» деп жазды да, 1953 жылы М.Әуезовтің «Абай» романы мен С.Мұқановтың «Өмір мектебі» романдарының тым тұрпайы, бұрмаланып сыналғанын жазып және сынның мұндай түрін тоқтатуды талап еткен болатын. Ал бұл «50 жылдары Одақта «космополизмге» – батыс мәдениетін дәріптеушілікке қарсы күрес дегенді бетке ұстап, баспасөзде интеллигенцияның жекеленген өкілдерінің шығармашылығына орынсыз қатаң баға беру ұлттық мәдениеттің өркендеуіне салқынын тигізген» кезі болды.

ХХ ғасырда халықты жаппай сауаттандыру мәдениет төңкерісінің нәтижелерін көрсете бастады. Сондай-ақ, бұл төңкерістің нәтижесі 1949 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиетінің он күндігінде белгілі болды. Әсіресе, проза жанрында қазақ әдебиетінің шыңына айналған М.Әуезовтің «Абай жолы», С.Мұқановтың «Ботакөз», «Сырдария», «Менің мектептерім», Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ», «Миллионер», Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», «Оянған өлке», Д.Әбілевтің «Алтай жүрегі» сынды романдардың біздің әдебиетіміздегі орны өте жоғары екенін жастар қазір де жақсы біледі. Ал 50-жылдардың соңғы уақыттарында болған өзгерістер бойынша, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин есімдері қайта жаңғырып ортамызға оралғандай болған еді. Бұл өзгерістер барысында Б.Майлин мен Ғ.Мүсіреповтің ақталуына байланысты жазған өз ойлары сақталған екен.

Жоғарыдан бері атап келе жатқан ХХ ғасырдың көрнекті жазушысы және қоғам қайраткері Ғ.Мүсірепов осы аталған еңбектерімен ғана танымал болып қоймай, ұлт әдебиетін зерттеп және сын пікір білдірген әдебиеттанушы, ғалым-қайраткер деп аталған екен. Ал 1958 жылдары Ғ.Махмұтұлы Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі болып сайланды. Бұл тұлғаның жеке қорында 1961 жылғы «Қазақ ССР ҒА академигі Ғ.М.Мүсіреповтің есебі» сақталған. Осы құжаттарында аталған атақтардың бәріне сай болатындай өз жазған ғылыми жұмыстарына есеп бере отырып, Қазақ КСР Ғылым академиясына мынадай ұсыныс жасапты: «ҚазКСР Ғылым Академиясының ғылыми жұмыстарының жоспарына сәйкес, мен «Тіл және әдебиет» институтына бұрыннан А.Алектров және А.Харузиннің библиографиялық жинақтарында көрсетілген повестер мен аңыздарды, очерктер мен әңгімелерді жинап, баспадан шығаруды тапсыруын ұсынып жүр едім. Бұл ХІХ ғасырдағы қазақ халқының тарихы мен этнографиясын зерттеуге және барлығымызға пайдалы өте үлкен қазақ кітапханасына айналар еді» дейді. Осы жердегі академия басшыларынан Ғ.Мүсірепов жұмыс атқаруға көмектесу үшін адамдар бөліп беруін сұраған болатын. Бір қызығы, бұл кісінің өмірін зерттей келе, осы жұмысымда академик атағына жету жолында ғылым кандидаты немесе докторы дәреже алу үшін диссертация қорғамаған еді.

«Сөз зергері, қалам шебері» атағын қалай орынды алған болса, әдебиетте қолтаңбасын қалдырды. Жыл сайын жарық көрген өнер туындылары мен мақалдары топтастырылып, «Суреткер парызы» (1970), «Заман және әдебиет» (1982) атты кітаптары шықты.  Ал енді 1960 және 1970 жылдары Ғабит Махмұтұлы қазақ мәдениеті мен әдебиетінің жеткен жетістіктері мен қосқан үлесін алыс-жақын шетелдерде конференциялар мен жиналыстарға қатысып, Отанының әдеби туындыларын таныстырып жүретін болған. Мәселен, 1960 жылы Африка және Рим мен Еуропа жазушыларының конференциясында жұртшылықты Қазақстан ғылымының, әдебиетінің, өнерінің даму жолдарымен таныстырады.

Жазушы өмірінің соңына дейін әдебиет, сын мәселесін зерттеп, талдап, шын жүйріктерді әділ түрде бағалап отырған. Ол шығармалар мен өнер туындыларын тек сынап қана қоймай, кемшілік жерлерін түзетуге тырысқан және әдебиеттегі қателіктерді уақытында жөндеуге шақырған. 1984 жылы жазылған «Ана тілімізді арымыздай ардақтайық» атты мақаласында бірқатар мәселелерді ортаға салған. Оларды пайдаланылған салиқалы ғылыми ақпараттар жөнінен болсын, көтерген мәселелер жөнінен болсын, ұсынылған принциптер жөнінен болсын, сондай-ақ, талданған мақалдардың саны жағынан болсын (олар 60-тан асады), толығымен аса маңызды ғылыми жұмыстардың қатарына жатқызуға болады. Сондай-ақ, 1950-80 жылдары қазақ әдебиетінің дамуы жалғасып, оны партиялық-кеңестік бюрократиялық машинаның бақылауымен жазушылардың, ақындардың жазған шығармаларына деген тексерістің күшеюімен сипатталған болатын.

Ал 1954 жылы «Марксизм-ленинизмнің шығармашылық шеберлігі» негізінде шындықты зерттеуге шақырған Қазақстан Жазушыларының ІІІ-съезі және ІІ-Бүкілодақтық съезі өтті. 1958 жылы Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі қазақстандық мәдениет жетістіктерінің өзіндік көрінісі болды. Жоғарыда атап өткендей, 1950 жылдары төрт томдық «Абай жолы» романын аяқтаған көрнекті жазушы М.Әуезов әдебиеттің дамуында үлкен рөл атқарды. 1959 жылы бұл жұмыс Лениндік сыйлыққа ие болды. Мемлекеттік сыйлық Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы мен Ж.Молдағалиевтің шығармаларына берілді. Бұл кезеңдегі қазақ әдебиетінде тарихи тақырыптағы шығармалар, ең алдымен И.Есенберлиннің «Көшпенділер» роман-трилогиясы және А.Әлімжанов, С.Мұқанов, С.Марков, Д.Снегин және М.Симашконың шығармалары маңызды орын алды. Осы кезеңде жазушылар Б.Момышұлы, Т.Ахтанов, Ш.Мұртазаев, Ә.Кекілбаев, 3.Шашкин және тағы басқалар есімдері белгілі болды. Талантты ақындар – Ғ.Қайырбеков, С.Мәуленов, М.Мақатаев, А.Тәжібаев шықты. Кеңестік әдебиеттің «басшылығының» барлық әдістерін басынан өткерген О.Сүлейменовтің жұмысы ерекше және қызықты болды. Оның 1974 жылы жарық көрген «Аз и Я» атты ғылыми кітабы сынға ұшыраған болатын, идеологиялық және саяси тараптан қайшы келетін заңсыз деп танылды және оған тыйым салынған болатын. Соғыстан кейінгі кезеңде қазақ халқының әдеби мұрасын зерттеудің жаңа кезеңі басталады. 1957 жылы осы мәселе бойынша, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің арнайы қаулысы қабылданды, республикада халық шығармашылығының үлгілері мен өткен ақын-жазушылардың шығармаларын жинау және басып шығару жұмыстары басталған еді және сонымен қатар, қазақ әдебиеті тарихының 3 томдығы жарық көрді. Осы жетістіктердің барлығы ұлт әдебиетінің заман көшінен қалмай, уақыт ағымымен бірге өрлеп, өркендей беруіне зор септігін тигізді.

Гүлзат ӘБДІКӘРІМОВА,

ҚазҰУ-дің тарих факультетінің магистранты

 

1485 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз