• Заманхат
  • 30 Маусым, 2020

ШОҚАННЫҢ АЛҒАШҚЫ САПАРЛАРЫ

Исмаилжан ИМИНОВ, жазушы, саяхатшы, «Qazaq Geography» республикалық қоғамдық ұйымының мүшесі

Қазақ халқының тарихында тұғырлы тұлға Шоқан Уәлихановтың есімі ерекше орын алады. Заманынан озық туған ойшылдың өмірден өткеніне биыл 185 жыл болса да, онымен теңдес ғалым-зерттеушіні, әдебиеттанушыны табу қашан да қиын. Ол ХІХ ғасырдың 50-жылдарының соңы мен 60-жылдардың басында Ресейдің және күллі Еуропаның ғылыми қауымдастығын өзінің туабітті дара талантымен, асқан білімдарлығымен дүр сілкінтіп, таң-тамаша еткен әлемдік деңгейдегі данышпан еді.  Кез келген дананың тағдыры сияқты, Шоқанның да өмір жолы сыр мен құпияға,  жұмбаққа толы. Демек, Шоқан Уәлиханов тұлғасы ғалымдардың ұзақ жылдар бойы зерттеуі тиіс құбылыс-феномені. Бірақ, бұл жағдайдың өзінде де көптеген сауалдарға толық жауаптар берілмесі хақ.

Осы орайда біз отандасымыздың есімімен тығыз байланысты жер мен аймаққа экспедициялық сапарға шығу арқылы ұлы адамның болмыс-бітімін ұғынуға, түсінуге талпыныс жасадық.

Бізді Шоқанның трагедиялық, әрі романтикалық тағдыры қызықтырып, еліктіре түсті. Шыңғыс ханның ұрпағы, Абылай ханның шөбересі, Кенесарының жақын туысы, Орта жүздің соңғы ханы Уәлидің немересі ол Орта Азияның зерттеушісі және саяхатшысы, ірі ғалым болды.

1853 жылы кадет корпусының түлегі Ш.Уәлиханов Батыс Сібірдің және жеке Сібір корпусының басшысы генерал Гасфорттың адьютанты болып тағайындалды. Әрине, мұндай тағайындау кез келген жас офицер үшін мақтаныш болғанымен, ол өзінің басты арманын бір сәт те ойынан шығармады, яғни, үнемі саяхатқа шығуды көкседі.

1854 жылы 19 жасар Шоқан орыстың атақты жазушысы Ф.М.Достоевскиймен танысты. Олардың таныстығы  берік достыққа ұласты. Шоқан орыс жазушысын өзінің бірегей білімпаздығымен ғана емес, сонымен қатар, сәбидей пәк жүрегімен, туған халқына деген ұлы махаббатымен де баурап, тәнті етті. Ф.М.Достоевский дәл осы қазақтың ұланындай басқа жасөспірімді жақсы көріп көрген жоқ шығар, сірә.

Шоқан өзінің алғашқы сапарын 1855 жылы Жетісуға жасады. 1856 жылы Жетісуда екінші рет болып, Қырғызстанға арналған әскери-ғылыми экспедицияға қатысты. Онда ол Ыстықкөлдің бассейнін зерттеп, қырғыз халқының тұрмыс-тіршілігімен, төл мәдениетімен етене танысты. Тарихта алғашқы рет атақты «Манас» эпосының ауызша нұсқасын қағаз бетіне түсіріп, әлем әдебиеті оқырмандарына осынау айтулы жыр-жауһармен оқып-танысуға мүмкіндік тудырды. Ол өз құндылығын күні бүгінге дейін жоғалтпаған «Қырғыздар» атты ғылыми еңбек жазды.

Талантты, білімді жас офицерді Батыс Сібір генерал-губернаторы делегация құрамында Құлжаға Қытай билігімен келіссөздер жүргізу үшін жіберуді ұйғарады. Дипломатиялық миссияны Верный бекінісінің негізін салушылардың бірі М.Ю.Лермонтовтың Мәскеу университетінде бірге оқыған досы, аса тәжірибелі подполковник М.Д.Перемышльский басқарады.

Орыс дипломатиялық миссиясының мақсаты қандай болып еді? Бірінші – бұл аймақпен сауда-саттық байланыстарды жаңғыртып, қалпына келтіру. Екінші – Құлжа және Шәуешек қалаларында Ресей консулдығын ашу.

1856 жылдың 1-ші тамыз күні Ресей делегациясы Бороқожыр шекара бекетіне келеді. Онда оларды Қытай офицері сыйлық беріп, күтіп алады. Бұл сыйлықтан бас тарту мүмкін болмады. Әрі қарай дипломатиялық миссия елсіз дала бойымен жүріп отырып, Үсек өзеніне жетеді. Экспедиция Іле өзеніне қарай жол тартты. Мұнда бау-бақшаларды, жайнап тұрған егістік алқаптарын, бидай түйіп жатқан диқандарды көрді (Біз бұл жерде 2012 жылы болған едік. Ол әлі күнге дейін дәл сондай бау-бақшаларымен, ерекше күтімі бар алқаптарымен көз сүйсіндіреді).

Уәлиханов бір ағаштың саясында тынығып жатқан шаруаны байқап қалады. Шоқан, әрине, жақындап келіп, танысып сөйлеседі. Олар Іле ұйғырлары болатын. Ғалым олар туралы былай деп жазды: «Шүңірек көздерінің сызығы жұқа әрі түріктің қылышы сияқты майысқан, мұрны мен ерні, белінің арықтығы оларды ортаазиялықтардан ерекшелеп тұрады».

Қазақ саяхатшысы Іле аймағын құлпырып тұрған жерге айналдыра білген адамдар туралы күрсініспен қалам тербеді: «Бұл халық ешуақытта толыққанды азаттыққа ие болған жоқ. Құлдық пен тәуелсіздіктің мұндай әсері олардың жүздеріне қайғылы үмітсіздік табының ізін қалдырды». Құлжаға таяу маңдағы делегацияны осы шаһардағы орыс консулы, белгілі шығыстанушы Иван Захаров қарсы алды. 5 тамыз күні экспедиция өлкенің әкімшілік орталығына келді.

Шоқан мұнда жергілікті тұрғындардың өмірімен танысады. Ғалым Құлжаның әйгілі базарына жиі баратын. Ол жерге адамдар сауда жасау үшін ғана емес, әңгімелесу үшін де жиналатын. Бұл дәстүр жалпы шығыс базарларына тән ерекшелік еді. Шоқанды Шығыс Түркістанның Қашқар, Яркент және Хотан сияқты қалалары да қызықтыратын. Өзі ол туралы былай деп жазды: «Іленің жергілікті халқын түзем мұсылмандары, қашқарлар мен тараншылар құрайды. Ал қалаларда маньчжур-шенеуніктері мен қытайлар тұрады. Сибо-солонды әскери адамдар құрайды. Сайрамкөл маңында Чахар руынан саналатын қалмақтар, ал Текесте олет тармағының рулары көшіп-қонуда». Уәлиханов жазғандай, ұйғырлар Шыңғыс хан заманында мұсылман еді. Олардың өз жазуы болды. Білімді жұрт есебінде моңғолдар оларға жазу-сызу жұмысын жүргізуді тапсырды.

Зерттеушінің ескертпелері әрдайым дәл. Мысалы, біздің Іле аймағына жасаған сапарымыздың кезінде (2012 ж.), біз олардың дүкендерінде сатылып  жатқан нандардың аса үлкен емес, бөлке түрінде болатынын, Қазақстан нанынан айырмашылығы бар екенін байқағанбыз. Енді бұл туралы саяхатшының жазғанына зер салайық: «Қытайда нан біздің елдікімен салыстырғанда ағырақ. Олар бидайды түйген кезінде сулайды, шынында да, ұнды мұндай тәсілмен дайындау оған ақ түс береді, піскен нан да қатып қалады».

Келіссөздер сәтті аяқталып, орыс делегациясы жоспарлаған нәтижелеріне қол жеткізді. Уәлихановтың ойында «Цин империясы бұл шақта әлсіреп, нақты саяси ұстанымы жоқ» деген пікір қалыптасты. Ресей делегациясы Құлжада үш айдай болып, күздің соңында Отанына оралды. Іле аймағына саяхаты кезінде Шоқан «Қытай империясының Батыс өлкесі және «Құлжа қаласы» күнделігін жүргізді. Ол еңбегінің ғылыми өзектілігі күні бүгінге дейін өз құндылығын жоғалтқан жоқ.

ҚАШҚАРҒА ЖОЛ

Шоқан Іле өлкесінде және Құлжада болды. Алайда, Қашқарға сапар жасау туралы арманы оған бір сәт те тыным бермеді. Міне, ол арманы да орындалып, 1855 жылы Қашқарға сапарға аттанады.

Бұл Қашқардың және ұйғыр халқының тарихында қандай кезең еді?

1759 жылы Қашқарды Цин Қытайы жаулап алды. Азаттықты сүйетін халық ондаған рет отарлауға қарсы көтерілістерге шықты. Әдетте мұндай көтерілістердің басында Қоқан хандығы кезінде үй қамақта (Циндік Қытаймен келісім бойынша) отырған Қашқар билеушілерінің соңғы ұрпақтары –қожалар тұрды. Ең бір әйгілі көтерілістің бірі бұл 1826-1828 жылдары орын алған Жаһангир қожа бастаған көтеріліс болатын. Қарсылық әрекет басып, жаншылды, қанға батырылды. Қолбасшы тұтқындалып, Пекинге жеткізіліп, өлім жазасына кесілді.

1857 жылы Жаһангир қожаның ағайындас бауыры – Уәлихан төре бастаған Цинға қарсы жаңа көтеріліс тұтанды. Нәтижесінде барлық Қашқар азат етілді. Халықтың тарихында қарама-қайшы рөлге ие Уәлихан төре болды. Бір жағынан, ол қысқа мерзімге болса да, елдің дербестігін қамтамасыз ете алды, ал, екінші жағынан, халықтың жадында мемлекеттегі тәртіпті диктаторлық әдіспен орнатқан өктем билеуші ретінде сақталып қалды. Үлкен өкінішке орай, көптеген Шығыс мемлекеттерінің басқарушылары өз иелігіндегі елді басқарудың бұдан өзге жолдарын білмейтін еді.

Алтышаһардағы көтерілістен (ұйғыр жерлері ол жылдары осылай аталатын) Циндық Қытай ғана емес, Ресей империясы да үрейленіп қалды. ХVII ғасырдан бастап, бұл жерде билік етуге Қытай, Ресей және Ұлыбритания таласып келді. Ресей Қашқарға Англияның ықпалы түсіп кетуінен қорқып, онда шын мәнінде не болып жатқанын білмек болып, тыңшы жіберді. Қашқарға деген қызығушылық немістің географ-ғалымы Адольф Шлагинвейттің өлімінен кейін туындады. Ол, бәлкім, британ арнайы қызметінің агенті болды, солардың қолдауымен Үндістаннан келді. Кейбір тарихшылар мен әдебиетшілер Ресейдің Шлагинвейттің қазасына қайғырды дегеніне сену қиын екенін, бірақ, фактілер әлемнің Қашқарға деген қызығушылығы неміс зерттеушісінің өлімінен кейін өсе түскенін айтады.

Ресей Сыртқы істер министрлігі Азия департаментінің директоры Егор Ковалевский Омбы генералы Г.Х.Гасфортқа Шығыс Түркістанға жіберуге болатын бір адамды тауып беру туралы өтініш айтып, хат жазады. Әскери министр сондай-ақ генералға дүмпу шыққан аймаққа қажетті адамды тауып беруін өтінеді.

1857 жылдың 30 қазан айында Г.Х.Гасфорт әскери министрге: «Бұл тапсырманы орындауды атқаратын шенеунік ретінде менің ерекше бұйрықтарымды іске асыратындардың қатарында тұрған поручик Уәлихановқа тоқтадым. Бұл офицер лайықты қазақ сұлтаны – Шыңғыс Уәлихановтың ұлы, дарын-қабілеті ерекше, оның тындырымдылығына сенуге болады. Оның үстіне, Орта Азия жерлерімен, халықтарының тарихымен жақсы таныс, өзі мұсылман болғаны үшін орыс шенеунігіне қарағанда, діндестері арасында тезірек сенімге ие болады» деп жазды. Шоқанның Қашқарға баруында үлкен рөл ойнаған П.П.Семёнов Тянь-Шаньский болғанын атап өткеніміз жөн. Қазақ зерттеушісінің ақылына, білімдарлығына тәнті болып, қайран қалған орыс саяхатшысы ғажайып жас өрен туралы шығыстанушы шенеуніктерге ғана емес, өзі беделді болып табылатын биліктің жоғарғы сатысындағы шенеуніктерге де айтып жүрді. Кейінірек Семёнов Тянь-Шаньский өз естелігінде былай деп жазды: «Әрине, мен генерал Гасфорттың назарын бұл жасөспірімге аударуды өзімнің міндетімдей санадым. Тянь-Шаньға оралған соң, Уәлихановты қырғыз киімімен сауда керуеніне қосып, Қашқарға іс-сапарға жіберу туралы ой тастадым. Бұл ойымды Уәлиханов сәтті жүзеге асыра білді».

Қашқардағы бас көтерулерді цин отарлаушылары аяусыз тоқтатты. Мыңдаған көтерілісшілер жазаланды, өлтірілді, Ферғанаға бой тасалады. Көбі Қоқан хандығына жете алмады. Себебі жол бойында тауларда аштық пен суықтан көз жұмды. Төре Қоқан хандығында жасырынып үлгерді.

1858 жылы Уәлихан төренің көтерілісі жеңіліс тапқанын естіген жас офицер Қашқарға жасалатын сапар тоқтатылып тасталады деп уайым шекті. Бірақ, стратегиялық маңызы бар жерге деген қызығушылық бәсеңдеген жоқ. Ресей өз адамын Шығыс Түркістанға жіберуге нықтап бекінді әрі ниетті болды.

Біз Шоқан Уәлихановтың кадет кезінде Шығыс Түркістанның тарихы, географиясы, этнографиясымен әуестенгенін жазған едік. Құлжаға сапары кезінде ол ұйғыр тілін меңгере бастайды да, соңынан Қашқарда ол тілді жетік деңгейде біліп алады. Әрине, Қашқарға сапары алдында Шоқан Уәлиханов ол елдегі саяси жағдаймен егжей-тегжейлі танысты. Бірақ, барлық шындық пен ақиқатты ахуалы тұрақсыз болып тұрған өлкеге табан тіреген соң барып, бір-ақ білді.

Бір айта кетерлігі, құпия экспедицияны дайындаумен генерал Г.Х.Гасфорт және саяхатшы П.П.Семёнов Тянь-Шаньский ғана емес, Сібір қазақтарын басқаратын К.К.Чуковский және Алатау қазақтарына басшылық ететін подполковник М.Д.Перемышльский шұғылданды. Экспедицияны әзірлеу барысында жақын көмекшілері касим татары Файзулла Ноғаев және қоқандық азамат, ұзақ жылдар бойы Құлжада тұрған Мұхаммед-Жақып-Жанқұлов (Якуп Янкулов) атсалысты. Олар екеуі де осы өлкедегі ахуалдан хабардар болатын. Ал Жанқұлов ұйғыр қалалары – Қашқар мен Ақсуға талай мәрте барған. Бәлкім, олар ресейлік барлау қызметімен бірге жұмыс істеген болар. Ф.Ноғаев пен Ж.Жанқұлов экспедиция жоспарын әзірлеуге көмектесіп, Шоқанды Қырғыз тауында күтіп алу туралы уағдаласты. Әрине, қазақ ғалымы үшін ең бастысы Қашқар жеріне барып, ол туралы барша әлемге жария ету болатын. Белгілі тарихшы-ғалым, академик Ә.Марғұлан былай деп жазды: «...Ғылымға әсте белгісіз көне мәдениеті бар Қашқар елін зерттеу үлкен қызығушылық туғызды. Ізденімпаз, еңбекқор ғалым Шоқан Уәлиханов үшін бұл қызықтырарлықтай еді».

Жас ғалымға өзінің ақыл-кеңесімен, оқымыстылығымен танымал ірі ғалым-зерттеуші, Орта Азияның терең білгірі П.П.Семёнов Тянь-Шаньский көмектесті. Шоқан екеуін арада шынайы достық қарым-қатынас байланыстырды. Ресей билігі Қашқарға сауда керуені сияқтанған экспедиция бағдарын мұқият әзірледі. Қоқан билеушісі Құдияр ханның қарамағындағы жер арқылы өту қауіпті болғандықтан, саяхатшылар көне шаһарға Ыстықкөл бойымен қырғыз жері арқылы өтті.

Ш.Уәлиханов Қашқарға Қоқан боданында және Маргелан саудагерінің ұлы көпесі Әлімбай Абдиллабаев есімін жамылып аттанды. Ғалым сауда керуеніне 1858 жылдың 28 маусымында Қарамола шатқалында Қапалдағы отыз шақырым жердегі Қарамола түбегінде қосылды.

Ш.Уәлихановтың миссиясына Ресей аса зор мән берді. Сауда керуенінің Қараталға келетін күні саяхатшымен кездесіп, қоштаса әңгімелесуге генерал Гасфорт арнайы келді. Екі тұлға не жөнінде сөйлесті? Бұл туралы Ш.Уәлиханов ешбір еңбегінде жазба қалдырмаған да, айтпаған. Генерал да осы кездесулері туралы тіс жармаған. Бәлкім, офицер жұмбақ пен құпияға толы және қауіпті аймаққа аттанар алдында соңғы нұсқауларды алған болар. Шоқанға ойлап табылған аңыз бойынша көпес Әлімбай Абдиллабаев (яғни, Ш.Уәлиханов) Ташкенттің керуен басы Мұсабай Тоқтабаевтың (өзге дереккөздер бойынша, Тахтубаев – Автор.) туысқаны болып табылады. Поручик үстіне шапанын киіп, шашын тақырлап алдырып және дініне берік мұсылман сияқты бес уақыт намаз оқи бастады. Сырттай ол сауда керуенінің өзге көптестерінен ешқандай ерекшеленбеді.

Керуенде 43 адам (өзге мәліметтер бойынша, 42 адам, 101 түйе, 65 жылқы, 6 киіз үй, 18300 сомдық тауар болды. Бір күннің ішінде эспедиция 25 шақырым жер жүріп отырды. Тамыз айында экспедиция қырғыздың Бугу руының жеріне жетті. Бір ай бойы көпестер Көкжар, Қарқара және Текесте өмір сүрді. Мұнда қырғыздар Бурумбай манаптың жылдығын беріп жатты. Шоқан Уәлиханов: «Жабайытасты Қырғыздардың арасында сауда керуені келгеннен соң, біздің Қашқарға бара жатқанымыз, сондай-ақ арамызда офицері бар деген қауесет тарап кетті» деп жазды. Әрі қарай қазақ ғалымы: «Жабайытасты ордада біз бір айға жуық тұрдық. Солармен бірге көшіп-қонып, сауда-саттығымызды жасадық. 3026 қойды, 6 жылқыны, 11 түлкі, 44 жылбысын терісін айырбастадық».

Белгілі еске алу асына манаптың қырғыз туысқандары ғана емес, сондай-ақ, Қашқардан ұйғыр көпестері де келді. Ш.Уәлиханов және Мұсабай олармен жақын танысып, көне шаһарға бірге барып қайту жөнінде келісті. Қазақ саяхатшысы күнделігінде: «Қоқандықтар керуен отарына шабуылдап, 300 қойды тартып алды. Қашқарлықтар қолдарына шатырларының үшкір қадаларын алып, төбелеске қойып кетті және тез арада қоқандықтардың ол жерді тастай қашуына алып келді».

26 қыркүйек күні Қашқардың 135 шақырым жерде Ш.Уәлиханов өзінің күнделігін мақтадан жасалған биязы матаға орап, жерге көмді. Күнделігіндегі соңғы жазғандары мынау болды: «Асығыспын, күнделік жерге көмілгелі тұр, егер, Құдай бізді аман-сау оралтатын болса, ылғал бүлдіріп тастамаса, жарық дүниеге қайта көрсететін боламыз. Сені бір Аллаға тапсырдым, кездескенше».

АЛТЫШАҺАР

Саяхатшылар Алтышаһарға қарай жүріп кетті. Экспедиция Қашқардың маңындағы Үстүн-Артуш ауылдарына таман жақындап келе жатты. Шоқан Уәлиханов өзінің күнделігінде: «Үстүн-Артын – Артуш және Тойын өзендерінің арасында орын тепкен бірнеше ауылдардың жиынтық атауы. Үстүн-Артушты құрайтын ауылдарда бау-бақшалармен қоршалған 30-дан 50-ге дейін балшықпен сыланған үйлер бар. Жасыл тоғайларға оранған бұл ауылдар шөп өспейтін шөл далада ерекше әсер қалдырады».

1 қазан күні Шоқан Шығыстағы ең бір әйгілі қаланың бірі Қашқарды көрді. Жұмбаққа толы, әрі қауіпті шаһардың жеріне ол тебіреніспен қадам жасады. Бұл қаланы көруді көптеген еуропалықтар арман етті. Көптеген ғасырлардың ұзына бойында мұнда кәрі құрлықтың ғалымдары, саяхатшылары келуге талпынды. ХІІІ ғасырдың 70-ші жылдарында бұл жерге алғашқылардың бірі болып генуялық Марко Поло келіп кетті. Ол ескі шаһар туралы тамсана: «Бұл жердің халқы – мұсылмандар. Мұнда қалалар, қалашықтар көп. Қашқар – ең үлкен және ең белгілі қала. Ел солтүстік-шығыс пен шығысқа қарай созылып жатыр, халқы сауда-саттықпен, қолөнермен айналысады, оларда керемет бақшалар, жүзім баулары және даңқты жерлер бар. Қыруар мақта өседі. Көп көпестер бұл жерден бүкіл әлемге сауда жасауға аттанады. Мұнда несториандар өмір сүреді, олардың өз шіркеулері мен заңдары бар. Халқы ерекше тілде сөйлейді. Бұл аймақ бес күндік жолға созылып жатыр» деп тамсана жазды.

Әрине, қазақ ғалымы ұлы италияндық саяхатшы Марко Полоның «Әлемнің әртүрлілігі туралы» деген кітабымен таныс болды және Алтышаһарға жүрердің алдында бірнеше мәрте оқыды. Ал енді 1858 жылдағы Қашқарға оралайық.

Қашқар жұртшылығы алдамшы көпес Әлімбайдың «аңызына» сеніп қалды. Мұнда тұрған «туыстары» зерттеушіні құшақ жая қарсы алды. Уақытын жақсы өткізуі үшін барлық жағдайды жасады. Шоқан өзінің «туыстарында» және олардың достарының үйінде қонақта жиі болды.

Көпестер алғашқы күндері-ақ өздерінің тауарларын пайдаға асыра сатты, өздері Устэн-буи және Джан-куге көшелерінде тұрып жатты. Қазақ зерттеушісі: «Керуеніміздің сауда-саттық шаралары бұл қалада қанағаттарлық сипатқа ие болды. Керуен басының маған айтқан есеп-шоты бойынша, керуен жабдықталған кезде 19 мың сомды (күмісімен) құрайтын тауар болғаны көрініп тұрды. Үлкен Қырғыз және жабайы тасты ордада 3026 қойға (бұған екі жасар қойларды қосқанда) бағаланған тауарлар сатылды. Бұл қойлар және қалған тауарлар Қашқарда 4.068,5 қоқан алтынына сатылды. Біздің тауарларымыздың тез арада және алтын мен күміске сатылуын өте тамаша оқиғаға балауымыз керек» деп жазды.

Ол жылдар қоқандықтар Қашқарда ерекше мәртебеге ие болған еді. Қоқан хандығында бақылауда, нақтырақ айтқанда,  үй қамағында елдің бұрынғы билеушілері, Қашқар қожалары отырған болатын. Кейде қоқан билігі оларды өз мақсаттарында пайдаланбақ болды. Цин билігінде Қоқан арасында келісім болды. Ортаазиялық хандық өз қарауында Қашқардың ерекше ықпалды және танымал қожаларын ұстап отырғаны үшін Қоқан Алтышаһардың сыртқы сауда-саттығын өз бақылауына алды. Ал Қашқарда сауда істерін жүргізіп, алым-салық жинаумен айналысатын консул Қоқан өкілі болды. Шоқанның Алтышаһарда болған кезінде Қоқан өкілі (Қашқарда оларды ақсақалдар деп атады) Насреддин, содан кейін, Нұрмағамбет датқа болды. Саяхатшымен олардың арасында ізгі қарым-қатынас орнап, олар Шоқанды өз қорғауына алды. Бұл Шоқанның оның алдында тұрған өз мақсаттарын жүзеге асыруға көп пайдасын тигізді.

Бұл көне шаһарға Ш.Уәлиханов үйренісіп қалды және мұнда үйленіп те үлгерді. Ол былай деп жазды: «Қашқарға және жалпы алты қалада бір салт бар. Ол салт бойынша, мұнда келген барлық шетелдіктер осында болған уақыттарында үйленулері тиіс екен. Жалпы тәртіптің шеңберінен шықпас үшін және таныстардың талап етуімен біз осы салтқа бағынуға тиіс болдық». Бәлкім, бұл әйел 22 жасар жиһангердің өмірінде маңызды рөл атқарған да шығар, өйткені, ол онымен бес айға жуық бірге өмір сүрді ғой. Шоқан ол туралы ешқашан жазған жоқ, бірақ, көне Қашқарды сағынып жүрді.

Әйгілі ғалым Қашқармен танысуды бастады. Әрине, біріншіден, бұл тамаша қаланың сәулетті және тарихи ескерткіштерімен танысты. Ескерткіштер оның Ресейде көрген ескерткіштеріне мүлде ұқсамайтын болып шықты. Шоқан мұқият зерделеуі тиіс байырғы шығыс қаласына, ерекше әлемге түсіп кетеді. Саяхатшы  Қашқар билеушілері жерленген атақты Әппақ-қожа кесенесіне кіреді. Зерттеуші бұл туралы «Әппақ қожа кесенесі Қашқар аймағындағы ең жақсы ғимарат, қаладан солтүстік шығысқа қарай алты шақырым жерде Түмен өзенінің оң жағалауында орналасқан» деп жазды. Қашқарға жасаған сапарымызда біз бұл кесенеде бірнеше рет болдық. Егер де, бұрын мазар ескі Қашқар қабырғаларының арғы жағында болса, ал қазір қаланың құрамына кіреді.

Кесене бұл Әппақ-қожа мазарынан, Джама мешіті мен әйгілі медреседен тұратын біртұтас кешен. Кешеннің барлық көрінісі қашқарлық шеберлердің қолымен салынған ұйғыр сәулет өнерінің ғажайып үлгісі.

Әппақ-қожа мазары – әсемдігімен және таңғажайыптығымен тамсандыратын монументалды ғимарат. Мазардың ортасында – үлкен күмбе, бұрыштарында жасыл және көк түстерден тұратын әдемі оюлармен өрнектелген төрт мұнара бар. Мұнараның үстінде жарты ай бейнесі алтын тәрізді жарқырайды. Мазардың ішінде біз аққа көк оюлар өрнектелген керамикалық плиткалармен қаптала биіктетілген алаңшаны көрдік. Бұл алаңшада жетпіс екі адам арулап көмілген. Бұл Әппақ-қожаның өзі, оның жақын туыстары, арасында ұйғыр халқының батыры Ипархан, Қашқар билеушілерінің бес ұрпағы жатыр. Ипарханның моласы алқызыл жібекпен көмкерілген.

Мазардың қасында көне медресе бар, онда көптеген белгілі ақындар, ғалымдар, діндарлар оқыған. Кесененің аумағында аса үлкен емес жасанды көл бар, оның мөлдір суын Джама мешітіне келушілер қолданған. Әлбетте, Алтышаһарда болған кезінде қазақ ғалымы мұнда талай мәрте келген: ол Джама мешітінде бес уақыт намазын оқып, аңызға айналған тұп-тұнық көлден су ішкен.

Саяхатшы-ғалым былай дейді: «Ескі қала жоғары жарда орналасқан, ал жаңасы төмендеу орынды алып жатыр. Қаланың орталығын Айтқа сауда алаңы иеленген (Күмбезді мешіттің алаңы). Ескі қала Шарсу және Амбаршы болып екіге, ал жаңа қала: Ұрдаалды, Үстенби, Домалақ шаһар мен Әнжан құша болып төртке бөлінген».

Уәлиханов тамашалағанҚайтақ мешіті (Шоқанда – Айтга – Автор.) –  бұл ұйғырлардың ұлттық тұрғыда аса құрметтейтін жері, оны он бесінші ғасырда қашқарлық талантты шеберлер салған.

Әдемі мұнаралар өзінің сән-салтанатымен таңқалдырып, қақпалар көнелігімен қайран қалдырады.  Арабтың өрме жазуымен жазылған ұйғыр жазуы ап-айқын көрініп тұр. Қашқарлықтардың ондаған ұрпақтары мен ежелгі ұйғыр астанасының қонақтары бұл қақпаға кіріп, мұндағы көне қамалды көрді. Олардың арасында, әрине, қазақ ғалымы да болды.

Шоқан Уәлиханов кезінде бұл қала қандай болды? Ескі Қашқар бұл екі мың жылдық тарихы бар шаһар. Өкініштісі, оның өткен уақыттардан бері көп бөлігі қирағандықтан, сақталмай қалған. Қаланың тек біраз ғана бөлігі сақталған. Шоқан саяхат жасаған кезде, қала өзінің қайталанбас тамаша келбеті мен ажарын әлі жоғалтпаған еді. Ол кезде бұл қалада қолөнер шеберлері тұратын тар және қисық көшелерді, бір және кейде екі-үш қабатты үйлерді көруге болушы еді. Ескі Қашқардың өмірі қайнап, қолөнершілер жұмысы, саудагерлердің саудасы қызып жататын. Ғалым сан қилы зергерлік бұйымдарды, ағаш пен сүйектен, асқабақтан жасалған көрікті де көркем заттардың қалай жасалып, сатылып жататын түрлі шеберханаларын аралайды. Әрине, зерттеуші көзешілерге де кірді. Олар ыдыс-аяқ жасап жатқан кезде, жұмыстарына ұзақ уақыт қараумен болды.

Шоқан Қашқарға келіп тұрып, қазір қала құрамына қосылып кеткен Артуш елдімекенінде болмауы мүмкін емес еді. Саяхатшы: «Астыңғы Артуш (Төменгі Артуш), басқаша айтқанда, Алтын-Артуш Қашқардан солтүстік-шығысқа қарай 60 шақырым қашықтықта орналасқан, Сутук Боғрахан қазы зиратында салынған моласы және мешітімен тартымды» деп атап өтеді.

Сұлтан Сатук Боғраханның кесенесі (Уәлихановта – Сутук Бограхан қазы. – Автор) –  Қашқариядағы 956 жылы салынған ең мағыналы құрылыс нысанының бірі. Сатук Бограхан Қарахан мемлекетінің қағаны болған, 920 жылы ислам дінін қабылдаған. Ислам бірте-бірте елдегі үстем дінге айналды, ал 960 жылы ол Қарахан қағанатындағы мемлекеттік дін болып бекітілді. Мазардың жанында таңқалдырарлық мешіт орналасқан, ол сөзсіз Қашқариядағы ең әдемі культті орындардың бірі болып табылады.

Белгілісі: Шоқан өткен шақтарда әкімшілік орталық қызметін атқарып тұрған Жанғысарда да болды. Бұл қалада ғалым көне Дарбаз Алды мешітіне барды. Бірегей мешіт осы күнге дейін сақталып жеткен. Біз оны көріп, мәдени-жәдігерлік құрылыс нысанының әдемілігіне сүйсінген едік.

Қазақ ғалымының табаны тигеннен кейінгі 156 жылдан соң, біз де бұл ауылды көрдік. Ол бізді өзінің тазалығымен және көркімен тамсандырды. Орталық көшелердің бірінде жолдың екі жағын ала жүзім бағы жайқалып тұрды, оның өскіндері жартылай шатырға айналып, жазды күнгі аптап ыстықтан қорғап тұрады екен. Бұл жүзім бағы бірнеше шақырымға созылып жатты.

Мұнда бау-бақшалар өте көп, жаңғақтардың, жер жаңғақтардың, алма мен алмұрттардың әртүрлі сұрыптарын кездестіруге болады. Біз өсіп тұрған аса үлкен өріктің қасынан жай ғана өте алмадық: оның жемісінен дәм таттық, ол өте тәтті болып шықты. Дәнегін лақтырмай, Отанымызға, Қазақстанға барған кезімізде егіп, Шоқан Уәлиханов музейін сақтаушыларға да қазақ халқының әйгілі ұлы жерленген зираттың маңына егу үшін береміз деп шештік.

Шоқан соның бейнесінде Қашқарда өмір сүрген Әлімбай көпес өз уақытының көп бөлігін базарда өткізуі тиіс болатын. Қашқар базары – бұл адамдардың тек сауда-саттық жасаумен ғана айналысып қоймай, сонымен қатар, әңгімелесіп, жаңалықтар сұрасысып, халық арасындағы өсек-аяңдарды талқылайтын, таңғы астарын ішіп, түстеніп жататын ерекше әлем. Базарда қолөнер шеберлері жұмыс істеді, олармен қазақ ғалымы әңгімелесуді жақсы көрді. Шоқанға мешіт пен медреседе болған ұнайтын, онда ол дін қызметкерлерімен сағаттап сөйлесетін. Дәл осы жерде «Тазкирян Султан Сутук Бугра-хан» (История Сатука Бограхана), «Тазкирян Туглук – Тимурхан» (История Туглук Тимура), «Тазкирян Ходжагян» (История ходжей), «Абу Муслим Маурузидің» сирек қолжазбаларын алады.

Зерттеуші ескі тиындарды, тау тастарын, көне грамоталарды, қолданбалы және декоративті өнер туындыларын, көркемдік керамикалық жұмыстардың үлгілерінің жиынтығын жинап алды. Оның ғылыми еңбектерін, күнделіктерін оқып отырған кезіңде, қазақ ғалымы қызығушылық танытқан мәселелердің ауқымдылығына таң-тамаша боласың. Ол еңбектерден біз Қашқардың тарихы, географиясы, экономикасы, этнографиясы мен саяси өмірі туралы көп мағлұмат пен деректер білеміз.

Алтышаһарда болған уақыт аралығында Шоқан Уәлиханов жергілікті тұрғындарды жақсы көріп үлгереді. Ол былай деп жазады: «Қашқарлықтар мейірбан, тіл табысуға жеңіл, жайдарлы, еңбекқор және өте сыпайы мінезді. Барлық таптар тақуалы түрде сыпайлық әдебін сақтайды. Барлығы да сыпайыгершіліктің жөн-жосығын біліп, сақтауға міндетті».

Саяхатшыға қашқарлықтардың музыкаға өте бейім екені ұнады. «Музыкаға қатысты айтар болсам, ол барлық ортазиялықтарда мәртебеге ие. Барлық мереке-мейрамдарда көңілді және лирикалық әуендерді тыңдауға болатын. Қашқарда әйел адамдар жүздерін ашық ұстайды, ерлерімен бірге қонақтарын қуанышты күйде қарсы алады» деп жазды. Ұйғыр әйелдерінің көбісі ұйғыр тарихында үлкен рөл атқарды.

Қазақ ғалымы алғашқылардың бірі болып, ұйғырлардың этнографиялық тобын атап өтті. Ш.Уәлиханов «Мен өзімнің Қашқарда болған кезімде Қашқар халқы сөйлейтін ұйғыр тілін үйреніп алуға тырыстым» деп атап өткен.

Шоқанның пайымдауынша, елдің сол кездегі ең дұрыс атауы – Шығыс Түркістан болды. Өлкені бағындырудағы аяусыз әдістер туралы және көптеген баскөтерулерді жаныштау жөнінде әңгімелегенде қазақ зерттеушісінің қызығушылығы ұйғырлар жағында болғанын сенімді түрде айта аламыз. Ғалым: «Әрбір толқудан кейін (цин отарлаушылары – Авт.), олар шабынып кетеді, тонайды, әйелдерді зорлайды, мешіттерді талқандап, дәруіштер мен кедей адамдарды басқа адамдарға үрей туғызу үшін өлім жазасына кеседі» деп жаза отырып, әрі қарай: «Қытайлықтар аттарынан түспегендердің бәрін ұрып-соғады, тартып алады, ләпкелердегі тауарларды тегін алып, мейрамханаларда пұлсыз тамақтанады» дейді.

Оның еңбектерінде көптеген қызғылықты деректер баршылық. Атап айтқанда,  1756 жылы Үштұрпан қаласында болған толқуды басып-жаншуда оның барлық тұрғындары қырғынға ұшырады. Қазақ зерттеушісі бұл жөнінде: «Түркістандықтар қытайлықтарды жек көреді, бірақ, бұл олардың өркениетінен алмасуға кедергі келтірмейді. Қорытынды сөзімізде біз қашқарлықтарды өзге мұсылмандардан бөлектейтін ең бір тамаша ерекшелігін айтпақпыз, – бұл патриотизм, сондай-ақ, черногориялықтар мен көктөбеліктердің саяси партиялары» деп жазды.

Талантты суретші Шоқан Уәлиханов көптеген суреттер салды, ол суреттерден біз Алтышаһардың ерлері мен әйелдерін, балаларын, осы өлкенің елдімекендерін көреміз. Бұл туындылар – бағасыз, өйткені, онда ХІХ ғасырдағы ұйғырлардың және олардың тұрмыс-тіршіліктері бейнеленген. Өзінің суреттерін қауырсын және қылқаламмен, кейде қарандашпен салатын. Қызықты суреттері: «Қашқар», «Ұйғыр мен ұйғыр әйелінің басы», «Әйелдердің бас киімдері мен шаш үлгілері», «Ерлер бет-бейнелерінің түрлері», «Қала қақпалары» деп аталды.

Қазақ ғалымының Қашқардағы өмірі қауіпті бола бастады. Біріншіден, Уәлихан төренің көне шаһарға оралуы мүмкін деген әңгімелер үдей түсті. Бірақ, ең бастысы – Қашқарда «Ресей тыңшысы» жүр деген сөз ашық айтыла бастады. Тексерулер жүргізу қолға алынды. Шоқан бұл туралы былай деп ой толғайды: «Қашқардағы уақытымды создыруға мүмкіндік болмады: керуенмен бірге орыс агентінің келгені туралы қауесет қала жұртшылығын қатты мазасыздандырып, келушілер мұқият бақылауға алынды».

ОРАЛУ

1859 жылдың 11 наурызында Шығыс Түркістанда бес ай шамасында болып, қазақ ғалымы Қашқармен қош айтысты. Экспедиция өзінің келген жолымен емес, Тойын өзенінің бойымен қайтты.

Шоқанға 26 қыркүйекте барар жолда Теректі шыңына көміп кеткен өзінің жеке құнды жазбалары мен көрген-білгендерінің, көңілге түйгендерінің, көрген әсерлерінің мән-жайы әңгімеленген күнделігін қазып алу үшін керуенді уақытша білдірмей тастап кетуге тура келді. Саяхатшылар Тойын өзенінің аңғарымен үш күн бойы көтерілді. Шатқалда ауа райы өте суық болды және үнемі ызғарлы жел соғып тұрды. Дәл осы жерде, бәлкім, Шоқан өкпесіне салқын тигізіп алып, қатты ауырып қалды.

18 наурыз күні экспедиция Шатыркөлдің алабына жетті, суы қатқан көлдің мұзды жолымен жүріп өтіп, Тас-Рабат жаққа қарай жол тартты.

Біз де, Қазақстан ұлттық географиялық қоғамының заманауи экспедициясы 2014 жылдың тамыз айында Қашқардан қайтып келе жатқанымызда, Тас-Рабатқа соқтық. ХV ғасырда, басқа деректер бойынша Х-ХІІ ғғ.салынған Тас-Рабат бізді өзінің қатаң әдемілігімен таңқалдырды. Ол Қара-Қойын өзеніне барып құятын кішкентай ирелең өзеннің жағасында теңіз деңгейінен 3500 метр  биіктікте орналасқан. Бұл ғимараттың ұзындығы 35,7 метр, ені – 33,7 метр. Тас-Рабат өрісті күмбезбен жабылған. Орталық қасбет тасты ауланың шығыс жақ бөлігінде орын тепкен.

Бұл мығым арқасы және бетше босағасы бар биік тасты дуалды жан-жағынан мұнаралар қоршап тұр. Тас-Рабат таудың астында соғылған. Тасты сарай таулардың жалғасындай болып оның бөлінбес бөлшегіне айналғандай әсер қалдырады. Ғимараттың ішінде қақпадан үлкен залға қарай кең дәліз бар, оның айналасында шағын бөлмелер бар, бұл үй-жайдың едендері дәліздің едендеріне қарағанда төмендеу. Жалпы, барлық бөлмелерде әйнек жоқ десек те болады, сондықтан да, сарайдың іші алакеуім көлеңке, бұлыңғырланып тұрады. Тек күмбезде ғана және кейбір бөлмелерде түндік-әйнек бар, содан ішке таза ауа мен жарық түсіп тұрады, от жағылған кезде түтіні сыртқа шығады.

Ғимараттың ішінде құдық пен зындан (жерасты түрмесі) бар.

...Ал енді 1859 жылға қайта оралайық. Сонымен, керуен қырғыз руы шеріктің әскерлері шабуылдай ма деген үреймен Нарын өзенінің аңғарына қарай тартылған жолмен жүріп келе жатты. Жиһангерлер Күртік бекінісі орналасқан Нарын өзенінің оң жақ бекінісіне келіп жетті. Бұл елдімекенде саудагерлердің тауарларын тексеріп, алым-салық алады. Керуен Нарын бойындағы ұзын жол арқылы қырғыздың сарыбағыс руының Түрегелді деген – осы жердегі кеденшінің ауылына тұяқ іліктірді. Кенет бұл жерде Шоқан өлімдей үрейлі қауіппен ұшырасты. Қырғыздардың біреуі Шоқанды нұсқап, оның орыс офицері екенін және бұрын Верный қаласында көргенін айтты.

Рудың ақсақалы Шоқанға доңайбат көрсеткендей сөйлеп, оны қоқан билігіне патшаның тыңшысы ретінде ұстап беретінін, ал, олар өз кезегінде оның басын алатынын айтты. Бірақ, Шоқанның бақытына орай, мұнда орыс билігі жіберген казак отрядтары келе қалды. Орыс билігі экспедицияның маңыздылығын түсініп, әскер жіберген болатын. Бойын үрей билеген Төрегелді керуенді босатып жіберіп, Шоқан мен Мұсабайға бір-бір ат сыйлады.

12 сәуір күні зерттеуші сауда керуенімен Верный бекінісіне жетті. Экспедиция жалпы тоғыз ай он төрт күнге жалғасты. Бұл саяхатшы, зерттеуші Шоқан Уәлихановтың ерен ерлігі болды.

Шоқан Уәлихановтың миссиясы үлкен сәттілікпен орындалды, бірақ, денсаулығына ауыр залалын тигізді. Ол Омбыға емделуге келеді де, сонымен бірге, Қашқар сапары туралы жазбаларын дайындауға отырады.

Шоқан Уәлиханов экспедициясының негізгі нәтижесі оның «Алтышаһардың жағдайы туралы...» атты бірегей зерттеушілік еңбегі болды. Бұл Қашқарға арналған бірінші ғылыми туынды еді.

1860 жылдың қаңтар айында ғалым Петербургке келіп, Александр ІІ императордың құрметті қабылдауында болады. Әулие Владимирдің 4-дәрежелі орденімен марапатталады, штаб-ротмистрлікке алынады. Қомақты ақшалай сыйлыққа ие болып, Ресей Сыртқы істер министрлігі Азия департаментіне қызметке тағайындалады.

Оның «Алтышаһардың жағдайы туралы...» есебі қысқаша орыс тілінде, содан кейін, көп ұзамай, ағылшын, неміс, француз тілдерінде жарық көреді. Сапарнама жазбасының толық нұсқасы құпия ұсталып, тек 1904 жылы жарияланады. Бұл кітаптың басылып шығуы Шоқанды өз уақытының ең танымал қазақтарының бірі және шығыстанушысына айналдырады. Шоқан Уәлиханов өмірінің соңына дейін Қашқарға оралуды, сол қалада Ресей консулы болып жұмыс жасауды армандайды, бірақ, тағдыр оған жазбады...Қайтыс боларының алдында, 1864-1865 жылы ол Қашқардағы және Іле аймағындағы жаңа көтерілістерді мұқият қадағалайды, бұл туралы оның генерал Г.А.Колпаковскийге жазған хаты дәлел бола алады.

...Осылайша, Ш.Уәлихановтың Қашқарға жасаған ғылыми экспедициясының ұйымдастырылғанына да 156 жыл өтті. Осы жылдар аралығында көп нәрсе өзгерді, бірақ, тамаша ғалым және саяхаттанушының еңбектері маңызы мен өзектілігін жоғалтқан емес. Ол еңбектерге Орталық Азия мемлекеттерінің тарихы мен заманауи жағдайы қызықтыратын зерттеушілер әлі талай оралары сөзсіз.

12737 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз