• Заманхат
  • 30 Маусым, 2020

БАЛҚАШ ҚАЛАСЫ ӨРКЕНДЕП КЕЛЕДІ

Азамат ОМАРОВ, журналист

Елімізде өңірлерді дамытуға ерекше көңіл бөлініп келе жатқаны белгілі. Аймақтардағы әлеуметтік-экономикалық бағдарламалардың орындалуы, халықты жұмыспен қамту мәселелері, шағын және орта кәсіпкерлік салаларды өркендету жайына Үкімет тарапынан ұдайы назар аударылып келеді. Өткен айда Премьер-Министр Асқар Мамин бірқатар облыс орталықтарына жұмыс сапарымен барды. Соның ішінде Қарағанды облысына атбасын бұрып, Балқаш қаласындағы жол құрылысы, қаладағы жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Осы орайда біз Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбековпен шаһардың бүгінгі тыныс-тіршілігі, атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде әңгімелескен едік.

– Ораз Қайсаұлы, мамыр айында Үкімет басшысы Асқар Мамин Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары аясында Балқаш қаласында болып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысқаны белгілі. Сұхбатымызды Үкімет басшысының осы сапарынан бастасақ. Қандай мәселелерге назар аударылды, қандай міндеттерді орындау тапсырылды? – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі осы жылдың 5 мамырында Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары барысында біздің қаламызда болып, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылу барысымен және Жұмыспен қамту жол картасы аясындағы жөнделіп жатқан нысандардың жұмысымен танысты. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдар-ламасымен салынып жатқан ұзындығы 363 шақырым болатын «Қарағанды-Балқаш» автожолының реконструкциясының үш ірі учаскесінде болды. Күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылы басталған болатын, аяқтау мерзімі биылғы жылдың аяғына жоспарланып отыр. 2021 жылы трассаны абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Қазіргі таңда жол құрылысының барлық учаскелерінде 900 арнайы техника және 1800 жұмысшы тартылған. Үкімет басшысы жол құрылысы жұмыстарының қарқынын күшейтуді және жол инфрақұрылымының сапасын қамтамасыз етуді тапсырды. Ішкі туризмнің дамуының ең басты басымдылығы автомобиль транспортына байланысты. Сондықтан, сапалы жол инфраструктурасы және қазіргі заманғы әуежай Балқашта туризм индустриясының дамуына бірден бір ықпал жасайтыны белгілі. Осы мақсатта Үкімет басшысы Балқаш әуежайында болды. Былтырғы жылы әуежайдың ұшу және қону жолағы республикалық бюджет есебінен 8 миллиард теңгеге күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген болатын. Содан бері, жыл бойы 1-ші сыныпты үлкен жүкті ұщақтарды қабылдауға мүмкіндік туды. Әуежай ғимараты 1967 жылы пайдалануға берілген, соңғы жөндеу жұмыстары 2007 жылы жүргізілген. Авиакомпаниялар мен жолаушыларға толықтай қызмет көрсету үшін бүгінгі күні әуежайдың ғимаратын, бағыттау жолы мен жолаушылар жүріп тұратын алаңын реконструкциялау жоспарланып отыр.Бұл нысандардың күрделі жөндеуі әуе жолаушыларының санын бірнеше есеге арттырады. Мәселен, 2018 жылы әуе жолаушыларының саны шамамен 2,5 мың адамды құраса, 2019 жылы олардың саны 8000 адамға дейін өсті. Бүгінгі күні Балқаш жағалауындағы курорттық зона жылына 80 мыңға дейін туристерді қабылдай алады. 2025 жылға дейін туристер легі 10 есеге ұлғаюы қажет. Үкімет басшысына Балқаш аймағының туристік әлеуетін дамытудың жеке жоспары ұсынылды. Биылғы жылы Бертіс шығанағындағы бос учаскелеріне, Тораңғылық, Шұбартүбек кенттеріне инженерлік желі тарту жобасын әзірлеуді аяқтаймыз. Оларды қаржыландыру 2019-2025 жылдарға арналған туризм индустриясын дамыту бағдарламасында қарастырылған. Премьер-Министр «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан әлеуметтік тұрғын үй салудың барысымен танысты. 2019 жылы 5497 шаршы метр тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілді. 2020 жылы 10800 шаршы метр тұрғын үй құрылысын жоспарлап отырмыз. 5000-нан астам балқаштықтар «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкінде шот ашқан, олар үшін биылғы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 10-шы шағын ауданда 45 пәтерлі № 19 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бүгінгі күні 1400-ден астам адам әлеуметтік тұрғын үй кезегінде, 1000-нан астам балқаштықтар жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегінде тұр. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін шамамен 60 мың шаршы метр үй салу қажет. 2020 жылы бюджет есебінен 45 пәтерлі №18 үй пайдалануға беріледі және бес қабатты №16 тұрғын үйдің құрылысы басталды, №17 үйдің құрылысын маусым айында қолға аламыз. №11 және 15 тұрғын үй құрылыстарын, жобалау жұмыстары аяқталған соң, осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында бастау жоспарлануда. Жеке инвестиция есебінен 6 құрылыс жобасын жүзеге асыруды және қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, «Самал» шағын ауданында коммерциялық және тұрғын үй салу үшін сумен (құны 490,3 млн.теңге), электрмен қамтамасыз ету (738 млн.теңге), дренаж, канализация (785 млн.теңге)жүйелерінің құрылысын бастаймыз. «Қоңырат» шағын ауданын тұрақты түрде жылумен қамтамасыз ету мақсатында орталық жылу электр станциясынан ұзындығы шамамен 17 км болатын жаңа №3 жылу желісінің құрылыс жобасы Үкімет басшысына таныстырылуға ұсынылды. Құрылыс «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында басталды, жобаның іске қосылуы Қоңырат тұрғындары үшін жылу тарифінің төмендеуіне және көп жылдар бойы тұрғындар көтеріп келе жатқан мәселе – «Жұмысшы» кентін, 64, 90 орамдарын, Балқаш-1 станциясын орталық жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік туады. Үкімет басшысы «Қазақмыс Смэлтинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің және Балқаш мыс қорыту зауыттарының жұмыстарымен және алдағы өндірісті дамыту жоспарларымен танысты. Премьер-Министр Балқаш аймағында туризм индустриясын дамытуға басты назар аударып, қаланың экономикасын дамыту және халықтың әл-ауқатын жақсарту бойынша бірнеше міндеттерді жүктеді. – Бүгінгі таңда Балқаш қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы қандай дәрежеде? Халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? Осы ретте шағын және орта кәсіпкерлікті өркендету жайына тоқталып өтсеңіз... – Қаламыздың экономикасының негізгі саласын өндіріс құрайды, онда халықтың экономикалық белсенді бөлігінің 30 пайызы жұмыс жасайды және оған 63 пайыз инвестиция тартылған. Индустриализация картасы аясында іске қосылған: «Сары казна», «Медная компания Коунрад», «ICC», «Эдванс Майнинг Технолоджи», «Недра Балхаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қала экономикасының дамуына үлкен үлестерін қосуда. Қалада 4698 шағын және орта бизнес субъектілері бар, онда 9214 адам жұмыс жасайды. Олармен биылғы жылы 8345,0 млн теңгеге өнім өндіріліп, қызмет көрсетілді. «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында бүгінгі күнге дейін 36 жоба 1,6 млрд. теңгеге жүзеге асырылып, 607 жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінгі күні біз үшін «қарапайым заттар экономикасын» дамыту – басым бағыттардың бірі болып отыр. Қаламызда бұл секторды 28 кәсіпорын құрайды. Алдағы уақытта туризм саласын және құрылыс секторын дамытып, құрылыс материалдарын өндіруді жоспарлап отырмыз. Халықтың әл-ауқатын арттыруға «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы өз нәтижесін беруде. 2017 жылдан бастап, 9995 адам бағдарламаға қатысты. Оның 150-і үшін әлеуметтік жұмыс орындары ұйымдастырылды, 1956 адам қоғамдық жұмысқа орналастырылды, жоғарғы және орта оқу орындарының 207 түлегі жастар практикасынан өтті, 805 адам қысқа мерзімді кәсіби оқуға тартылды. 12 кәсіпкер өз бизнесін кеңейту үшін124,1 млн. несие алды, 16 адамға өз кәсіптерін ашуға 82,5 млн теңге шағын несиелер берілді. 48 жас кәсіпкерге, 10 көпбалалы анаға, 7 мүмкіндігі шектеулі адамдарға және 21 жұмыссызға жалпы сомасы 38 млн. теңге қайтарылмайтын мемлекеттік гранттар берілді. Жалпы үш жыл ішінде 6337 адам тұрақты жұмысқа тұрғызылды. Бағдарламаның іске асырылуымен жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздан 4,7 пайызға түсті. 2020 жылы «Жұмысқа қамтудың жол картасы» аясында 12 инженерлік инфраструктура нысандарының жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 2102,6 млн. теңге бөлінді. Бұл жобалар арқылы жалақысы 85 мың теңге болатын 533 жұмыс орындары ашылады, оның 270 адамы халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы қабылданады. Қазіргі кезде 3 нысан бойынша жұмыстар басталып кетті. – Мәдениет пен руханият саласында қандай ілгерлеушіліктер мен жетістіктер бар? – Қалада ұлттық мәдени мұраны қорғауға және дамытуға, азаматтарды қазақстандық патриотизм негізінде тәрбиелеуге, талантты тұлғаларды қолдауға бағытталған іс-шаралар ұдайы түрде өткізіледі. Аталған шараларды өткізуге жағдай туғызу үшін 2018-2019 жылдары М.Хамзин атындағы мәдениет сарайы жергілікті бюджет есебінен күрделі жөндеуден өткізілді. Қала халқына «Рухани жаңғыру» бағдарламасын толықтай жеткізу және оларды бағдарлама аясындағы іс-шараларға қатыстыру үшін 2018 жылы «Рухани жаңғыру» мәдени-таным орталығы ашылды. Аталмыш жұмысқа қала жастары тартылған. Халық шығармашылығын арттыру мақсатымен қаламызда және Саяқ, Гүлшат кенттерінде 36 клубтық үйірмелер жұмыс жасайды, оған 610 адам қатысады. Биылғы жылы «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламаларын насихаттауға бағытталған және әлеуметтік маңызы бар оқиғаларға, атаулы күндерге арналған 50-ден астам мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілді. 2019 жылы 20-дан астам талантты тұлғаларымыз облыстық, республикалық деңгейде жүлделі орындарға ие болып, жеңіспен оралды. М.Хамзин атындағы мәдениет сарайы жанынан құрылған Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкерлері Иван және Людмила Стусинскийлер атындағы «Ветерок» үлгілі би ансамблі облысымыздың мақтанышына айналған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлтына ұран болған ұлы ақын» атты А.Құнанбаевтың шығармаларын қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқу, мемлекеттік тіл мәртебесін дамытуға арналған өзге ұлттар арасындағы «Қазақ тілін білу – менің азаматтық борышым», М.Хамзин атындағы «Күй құдіреті», М.Ержанов атындағы «Сайра, бұлбұл!», Ш.Қошқарбаев атындағы «Сан қырлы өнердің ақтаңгері» атты байқаулар қалалық, аймақтық, облыстық деңгейлерде дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Қаламыздағы кәріс, неміс, орыс, беларус, украин, татар-башкир этно-мәдени орталықтары және тәжік, өзбек, шешен-ингуш, әзірбайжан этнос өкілдері барлық мәдени іс-шараларға белсене қатысып, еліміздегі татулықты дамытуға өз үлестерін қосуда. Олардың жұмыстарын үйлестіру мақсатында М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында «Достық» залы жұмыс жасайды. Басқа ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеруіне жағдай жасалып, қаладағы «Тілдер» орталығында арнайы қазақ тілі курстары және «Маржан сөз» клубы жұмыс жасайды, онда бүгінгі күні 5000 өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді үйренуде. Оқушылар сарайында «Қазақтану» курсы ұйымдастырылған. Өзге ұлттардың өз ана тілдерін, мәдениетін дамыту жұмыстары мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен «Келісім» жобасы арқылы жүзеге асырылуда. М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында Ө.Әбеуов, О.Злобин, Г.Исатаева, И.Билая, В.Смирнов және жас басқа жергілікті жас суретшілердің жұмыстарын насихаттауға арналған сурет галереясы ашылған. Сондай-ақ, жас ақындардың өнерін шыңдау үшін Ж.Башар, О.Жүнісұлы, Қ.Сәденов, Н.Скляров, Ф.Милованов, М.Бөлекова, Қ.Аманқұл, тағы басқа жергілікті ақындардан құралған «Қаламгер» клубы жұмыс жасайды. Руханият пен мәдениеттің негізі тіл болғандықтан, латын қарпіндегі жаңа қазақ әліпбиін оқыту жұмыстары «Тілдер» орталығында ұдайы жүргізілуде. Осы жылы Қоңырат шағын ауданында жаңа қазақ әліпби залы ашылмақ. – Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына байланысты қандай жоба-жоспарлар жүзеге асырылуда? – Ұлы данышпан Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған қалалық іс-шаралар жоспары бекітілген. Онда 36 ауқымды шаралар қарастырылған. Әрбір шараның мақсаты – балқаштықтардың Абай мұрасын біліп, тануы және өскелең ұрпақты Ұлы ақынның «Толық адам» философиясы бойынша «Нұрлы ақыл», «Ыстық қайрат», «Жылы жүрек» тағылымы негізінде Отанды сүюге, үлкен-кішіні құрметтеуге, биік адамгершілікке тәрбиелеу. Бүгінгі күні ел басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын насихаттауға арналған «Абай әлемі» тақырыбында білім және мәдениет мекемелерінде тақырыптық көрмелер, бейнероликтер, буккросингтер, «Жүрегімнің түбіне терең бойла...» атты Абай әндерін орындаудан челлендждер, «Абайды оқимыз» атты отбасылық конкурстар, олимпиадалар, «Абай және рухани жаңғыру» атты Абайтану курстары, ашық микрофондар, қалалық акциялар ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта Абайдың қара сөздері бойынша байқау, «Толық адам» концепциясы бойынша дебат, үш тілде Абай оқулары, М.Әуезовтың «Абай жолы» кітабы бойынша халық арасында конкурс, «Абай – қазақ халқының рухани қазынасы» атты фестиваль, абайтанушылар Ж.Қалиев, Т.К.Жұртбаевтардың қатысуымен қалалық конференция және кәсіби мерекелер қарсаңында мемлекеттік және азаматтық қызметкерлер арасында Абай мұраларын оқу бойынша эстафеталар өткізілмекші. Абай атындағы №2 мектеп-лицей түлектерінің қатысуымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Абай бюстін қалпына келтіру жұмысы жасалынады және осы оқу орнында «Абай» мәдени-танымдық орталығы ашылады. Жыл соңында «Абайдың мұрасы ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды жаңа биіктерге жетелейді» мазмұнында «Абайдың ұлы рухани мұрасын сақтаймыз!» атты қалалық ғылыми-тәжірибелік конференциямен Абай жылын қорытындылаймыз, бірақ, данышпан ақынның мұрасын толық деңгейде әрі қарай насихаттай береміз. Хакім Абайдың әділетті қоғам орнату принципі мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын жүзеге асырудағы жұмыстарымыздың негізі бола бермек. – Жастар саясатына қаншалықты көңіл бөлесіздер? – Балқаш қаласында 16277 жастар бар. Олармен жұмысты жастар ресурстық орталығы жүргізеді, 2018 жылы жастар-коворкинг орталығы ашылған. Жастар саясаты бекітілген кешенді жоспарға сәйкес жүргізіледі, ондағы басты мақсатымыз жастарды жұмысқа тұрғызу, оларға өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік туғызу. NEET категориялы жастарды анықтау жұмыстары ұдайы түрде жүргізіледі. Былтырғы жылы бұл категориядағы анықталған 70 жас нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатыстырылып, жұмысқа тартылды. Бұл жұмысты биыл да жалғастырып жатырмыз. «Жасыл ел» еңбек отрядына 2018 жылы 45 жас, 2019 жылы 90 жас балқаштықтар жұмысқа тартылды, әрқайсысына жергілікті бюджеттен 51600 теңге, ал облыстық бюджеттен 35394 теңге төленді. Биылғы жылы отрядқа қатысушылар саны 135 адам болады, оған жергілікті бюджеттен 12,3 млн. теңге қарастырылған. Жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатымен 2018 жылдан бастап, қала әкімінің гранты берілуде. 2018 жылы 3 млн. теңге берілсе, 2019 жылы 8 адамға 7 млн. теңге берілді. Бүгінде олар өз кәсіптерін ашып, жұмыстарын жасауда. Биылғы жылы гранттың жалпы сомасы 10 млн. теңгені құрап отыр, бүгінгі күні жобаларды қабылдау жұмыстары атқарылуда. Жастар жылында қалалық «Кәсіпкерлер мен өндірісшілер Одағы» «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің қолдауымен 5 млн. теңге грант бөлді, оған 5 жас бірігіп автокешен ашты. Жазғы уақытта 45-50 жас кәсіпкерге маусымдық бизнеспен шұғылдануға тегін орындар бөлінеді. «Еңбек» бағдарламасының «Жастар – ел тірегі» төртінші бағытының «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 2019 жылы 15,1 млн.теңгеге 30 мемлекеттік грант берілді, биылғы жылы да бұл жұмыс жалғастырылуда. Шығармашылық, кәсіби және қоғамдық қызметтері үшін белсенді жастарға жыл сайын қала әкімінің «Өркен» сыйақысы тағайындалып келеді. 2018 жылы он адамға 70 мың теңгеден берілсе, 2019 жылдан бастап 100 мың теңге болды. 2020 жылы – волонтер жылы болып жариялануына байланысты, Зылиқа Сабитова атындағы шағын ауданында коворкинг элементімен «JAS ORDA» волонтер орталығы ашылды. Осындай орталықтар биылғы жылы Қоңырат шағынауданында және Саяқ кентінде ашылмақшы. Волонтерлер отряды «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл мұра», «Қамқор», «Білім», «Үміт» бағыттары бойынша құрылған. Волонтерлер төтенше жағдай кезінде қарт адамдарға, көп балалы отбасыларына азық-түлік жеткізіп, маскалар тігіп, оларды халыққа жеткізуде көп жұмыс атқарды. Көп балалы отбасыларына күніне 300 таба нан пісіріп, таратты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Солтүстік Балқаш аймағының қасиетті тарихи жерлерін білу мақсатымен волонтерлік каравандар ұйымдастырылмақшы және қаладағы тарихи-мәдени ескерткіштерге үш тілде GR қойылмақшы. «Ұлы даланың жеті қыры» бойынша дала қызғалдағының Гүлшат елді мекенінде өсуіне байланысты «Қызғалдақ fest»фестивалін дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Келешекте қалада волонтерлік қызметті дамыту мақсатымен «Біргеміз» қалалық слеті өткізілмекші, ең белсенді волонтерлерге қала әкімінің «Жыл волонтері» сыйақысы беріледі. Жастар саясатының ең негізгі бір бағыты – жастарды қазақстандық патриотизм негізінде тәрбиелеу. Бұл бағытта қаламыздың білім мекемелерінде «Жас сарбаз» клубы жұмыс жасайды. Биылғы жылы «Жас сарбаздар» слеті және қаламыздағы «Ағыбай батыр» қорымен бірігіп, Ағыбай батыр атындағы спорттық-әсери спартакиадасы ұйымдастырылмақшы. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, әскери-патриоттық тәрбие беруге арналған іс-шаралар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы «Ұлағат» жобасы аясында ұйымдастырылуда. Жастардың өзін-өзі басқару моделін қалыптастыру мақсатымен жастар мәслихаты құрылған, онда 10 депутат бар, олар жастар саясаты саласында туындаған мәселелерді көтеріп, өз деңгейлерінде шешуге немесе оны атқарушы және өкілді билік алдына көтеру дағдыларын үйренуде. – Балқаш қаласы өндірісті қала болғандықтан, экология мәселесі туындайтыны белгілі. Қаланың экологиясын қорғау, ауа тазалығын сақтау бағытында қандай жұмыстар жасалуда? – Біздің қаламыз бойынша экология мәселесі өте маңызды. Экономиканың 90 пайызы өнеркәсіп болғандықтан, бұл өндіріс саласы қаланың экологиясына кері әсерін тигізеді. Сондықтан, біздің ірі кәсіпорындар өздері экологиялық іс-шараларды жүзеге асыруы қажет. Бұл мақсатта экологиялық жағдайды жақсарту туралы 2018-2022 жылдарға арналған облыстық кешенді жоспар қабылданған. Осы жоспарға сәйкес, «Казахмыс Смэлтинг» ЖШС-і екі ірі экологиялық жобаны жүзеге асырады, оны аяқтау 2021 жылға жоспарлануда, қазіргі кезде жобалау жұмыстары жасалуда. Біз өз деңгейімізде экологиялық ахуалды жақсарту үшін бірнеше бағыттарды белгіледік. Біріншіден, тұрмыстық қатты қалдық полигонының жұмысын дұрыс жолға қою. Полигон 2019 жылдың тамызынан бастап, «DD Jol» ЖШС-нің басқаруына берілген, бүгінгі күні бұл компания полигон аймағын рұхсат етілмеген қоқыстардан тазартып, тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдау және оларды көму жұмыстарын ұйымдастыруда. Сонымен қатар, қаладан 16 км қашықтықта ауданы 20 шаршы метр болатын жаңа полигон құрылысын салу жұмыстары да ұйымдастырылуда, биылғы жылы техникалық-экономикалық негіздемесі және құрылыс жобалау құжаттары жасалынды. Екіншіден, қалада рұхсат етілмеген қоқыстарды болдырмау. Бұл бағытта түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылуда. 2019 жылдан бастап қоқыс контейнерлері тұратын алаңдарды ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Осындай 187 алаң бүгінгі күні мемлекеттік мекемелерге бөлініп берілді, алдағы уақытта сенімгерлік басқаруға беру жоспарлануда. Үшіншіден, канализациялық тазалау нысанын салу. Биылғы жылдың қаңтар айында техникалық-экономикалық негіздеме қорытындысы алынды. Бұл жоба Үкімет пен «Қазақстандық тұрғын үй шаруашылығы орталығы» АҚ-мен жасалған келісім негізінде сыртқы қарыз арқылы жүзеге асатын болады. Төртіншіден, суару жүйесін қалпына келтіру. Бұл жүйе 2014 жылдан бастап жұмыс жасамайды, көп жылғы қордаланған мәселені шешу үшін 2019 жылы суару жүйесінің жалпы ұзындығы 4,1 км болатын сол жақ тармағына кезекті жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қаланың 18 көшесінде суару жүйесі қалпына келтірілді. Биылғы жылы ұзындығы 30 км. болатын суару жүйесінің оң жақ тармағына жөндеу жұмыстарын бастаймыз. Сонымен қатар, 24 аулаға абаттандыру жұмыстарын жүргіземіз, бұл былтырғы жылдармен салыстырғанда, 2,5 есеге көп. Соңғы үш жылдың ішінде барлық 160 ауланы абаттандыруды аяқтаймыз. Бесіншіден, көгалдандыру жұмыстарын жалғастыру. Бүгінгі күні қалада 70 мың түп ағаш бар. 2019 жылы 1000 түп ағаш отырғызылды, бізге норматив бойынша әлі 130 мың түп ағаш отырғызу керек, ол 4,0 млрд теңгені құрайды. Бұл жұмысты кезең-кезеңмен атқарамыз. Сонымен қатар, жылына 4500 шаршы метрге гүл отырғызылады. – Туризм саласы қалай дамып келеді? Арнайы жобаларыңыз бар ма? – Бүгінгі күні туризм қаламыздың әлеуметтік-экономикасын дамытудың маңызды саласы болып отыр. Балқаш көлі аумағы бойынша Азияда үшінші орынды иеленеді, географикалық тұрғыдан демалушылар үшін қолайлы жерде орналасқан. Жазғы демалу кезеңі маусым айынан басталып, қыркүйекке дейін созылады. Туристердің негізгі легі Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларынан, көршілес Ресейдің Омск, Оренбург, Тюмень қалаларынан келеді. Балқаш курорттық аймағы еліміздің туристификация картасының ТОП -10-на кірді, оған қаламыздың, Тораңғылық және Шұбартүбек кенттерінің жағалаулары жатады, онда 97 туристік нысандар бар. Қазіргі таңда туризм дамуының тежеуші факторының бірі – инфраструктура мәселесін шешу. 2020 жылы Бертыс шығанағы, Тораңғылық және Шұбартүбек кенттерінің жолдары жөндеуден өткізіледі.Бүгінгі күні курорттық аймаққа инженерлік инфраструктура тарту үшін 9,4 млрд. теңгенің жобалау құрылыс құжаттары дайындалуда. 2021 жылы құрылысты бастауға бюджеттік сұраным беру жоспарлануда. Сонымен қатар, биылғы жылы халықты жұмыспен қамтамасыз ету жол картасы бойынша 12 санитарлық-гигиеналық тораптар салынбақ. Екінші мәселе жоғары санаттағы номерлердің жетіспеуі, қызмет сапасының төмендігі. Осы бағытта жағажайдағы игерілмеген 189 шаршы метр жерге инвесторларды тарту жұмыстары жүргізілуде. Аталған тежеуші факторларды шешу арқылы 2025 жылға туристік нысандар 5 есеге, туристер легі 10 есеге көбейіп,10 мың жаңа жұмыс орны ашылады. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ерекше атап өткені белгілі. Өзіңіз қала басшысы ретінде қала халқының талап-тілектеріне, туындаған мәселелеріне қаншалықты құлақ асасыз? – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатымен менің өкіміммен азаматтардан түскен сұрақтарды жедел әрі сапалы орындау, халықпен кері байланыс орнату үшін мобильдік топ құрылған. Халықтың талап-тілектерін, туындаған мәселелерін дер кезінде шешу – біздің жұмысымыздың негізгі принципі. «Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні» іс-шарасы ұдайы өткізіліп отырады. Биылғы жылы «Оpen акимат» халыққа қызмет көрсету орталығы ашылады. – Мемлекеттік қызмет – жауап-кершілігі мол сала болғандықтан, көп уақыттарыңыз осы қызметке жұмсалып жататыны белгілі. Десек те, қолыңыз қалт еткенде, немен шұғылданасыз? Кітап, газет-журналдар оқып тұрасыз ба? Әлеуметтік желіні қаншалықты жиі қолданасыз? Жеке парақшаңыз бар ма? – Бос уақыттар өте сирек болады. Ұдайы түрде спортпен айналысамын, өз жұмысыма байланысты қала құрылысы және урбанизация бойынша техникалық кітаптарды көп оқимын. Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» трактатын оқуды бастадым. Instagram мен Facebook – әлеуметтік желілерін жиі пайдаланамын. Жеке жұмыс парақшам бар, онда күніне тұрғындардан түскен 30-40 сұрақтарға жауап беремін. – Әрбір әкімнің өз жұмыс стилі болады. Ал сіздің жұмыс стиліңіз қандай? Жұмысыңызда қандай принциптерді басшылыққа аласыз? – Американдық жазушы, қоғам қайраткері Марк Твеннің «Егер, дұрыс істесеңіз қателеспейсіз» деген афоризмін жұмыс барысында әрқашан да басшылыққа аламын. Сондықтан, әрбір сұрақты шешкенде, алдымен қарамағымдағы қызметкерлердің ой-пікірлерін тыңдап, олармен ақылдасамын, содан кейін, шешім қабылдаймын. Негізгі принципім жұмыста жүйелілікті қалыптастыру, командалық әдіспен жұмыс жасату. Демократиялық стильмен жұмыс жасай отырып, жариялылық пен тәртіп болуды қадағалаймын. Барлық мәселені кадр шешеді, сондықтан, кадрларды тәрбиелеуге көп көңіл бөлемін. – Әңгімеңізге рахмет!

713 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз