• Тарих толқынында
  • 30 Маусым, 2020

АУЫЛДЫ ҚАЛАЙ ДАМЫТАМЫЗ?

Қамбар Әжібеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, зейнеткер

Жуырда Парламент Сенатында «Агро-өнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері» тақырыбындағы Парламенттік тыңдаудан кейін, сол кездегі төрағасы Д.Назарбаева елі-міздегі азық-түлік қауіпсіздігіне алаң-даушылық білдіре отырып, осы саланың аса маңызды стратегиялық мәнісіне егжей-тегжейлі талдау жасап, алдағы уақытта агроөнеркәсіпті тұрақты дамытуды және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын өсіруді қамтамасыз етуге бағытталған 9 ұсынысын газет беттерінде жариялағаны белгілі. Азық-түлік пен ауылдың жағдайына алаңдаушылық білдірген еліміздің көптеген жанашырларының ой-пікірлері мерзімді басылымдарда, теледидарда да жиі көрініс табуда. Расында, өткен ғасырдың 90-жылдарында елдің ішкі жалпы өнімінің 25 пайызынан астамы ауыл шаруашылығына тиесілі болса, қазіргі жағдайда оның үлесі 5 пайызға да жетпеуі, әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың 6-нан импортқа тәуелді болуымыз, оның ішінен құс етінен ішкі тұтынудың 49 пайызын, шұжық өнімдерінен – 39, ірімшік, сүзбеден – 46, алмадан – 32, қанттан – 58, балық өнімдерінен – 72 пайызының шетелден тасылуы шын мәнінде алаңдатарлықтай жайт.

1990 жылдары республикамыз астық-ты айтпағанда, жылына 1млн. тонна ет өндіріп, оның жартысынан астамын шетке шығаратын, сүт өнімдері сырттан әкелінбейтін, көкөніс, картоп, жеміс-жидек өнімдерінің керекті көлемі негізінен өзімізде өндірілетін. Біздің еліміз әлемде егістікке жарамды жер көлемінен 10-орын, жайылымдық жерден 5-орын, 4 млн.га егістікті суаруға жететін су ресурстары болғанына қарамастан, жалпы халыққа керекті азық-түлік өнімдерінің 23 пайызын шет мемлекеттерден сатып алуда, оның басты себебі елдегі 76 пайыз жердің нашарлауы, шөлденуі, 48 млн.га жайылымдықтың тозуы, суармалы жердің 40 пайыздайы айналымнан шығуы, салаға көзқарастың нашарлауынан ауыл тұрғындарының қалалық жерлерге үдере көшіп, елді-мекендердің, жердің, судың, табиғаттың иесіз қалуы секілді факторлар.

Қазіргі таңда, бүкіл ел халқының ауылдықтар 7,7 млн. адамын құраса (42%), мұнан елу жыл бұрын 50 пайызын құрайтынды және ол кезде бұл санатқа тек қана ауыл статусы бар елдімекендердің тұрғындары ғана есептелсе, кейінгі 10 жылдықтан бері ауылдықтар санатына кент, қала типтес поселок тұрғындары да қосылғандығын ескерсек, сонда шын мәніндегі ауылдықтардың үлес салмағының көп азайып бара жатқандығы белгілі. Тәуелсіздік жылдары біздің елдің дамып келе жатқаны негізінен мұнай-газ секторынан түскен қаражат есебінен қамтамасыз етілуде екенін бәріміз білеміз, ал агросектордың жағдайы дамыған батыс елдерімен салыстыруға келмейді, оларда халықтың 4-5 пайызын құрайтын фермерлер бүкіл елін асырап, артық тауарларын экспортқа да шығарып жатыр дегенмен, біздің ауылдардың деңгейінен айырмашылығы жер мен көктей, олар қала халқын асырауға тиіс болғанмен, ауылдықтардың саны күн санап кемуде, тиісті қолдаулар мардымсыз болуына байланысты мүмкіндіктері де шектелуде.

Оның үстіне, республикадағы 6443 ауылдың 3477-і іріктеліп, болашағы бар «тіректі ауылдар» қатарына жатқызылса, қалғаны «келешегі жоқ ауылдар» санатында. Тек бір ғана Үкіметтің 2012 жылғы 9 тамыздағы шешімімен еліміздің 409 ауылы, негізінен қандастарымыз тұратын елді-мекендер, осы соңғы категорияға жатқызылып, қолдаулар көрсетілмейтін болғандықтан, басқа жерлерге көшу де ұсынылды. Ауылда өсіп, еңбек етіп үйренген жандарды өздерінің ата-бабасының қаны тамған, бабаларының молалары жатқан жерлерден алыстату дұрыс шаруа емес. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жат жерліктерден қорғаған, өсіп-өнген, тамыр жайған қасиетті жерін тастап кетуінің себептері өте көп, бірақ оны түзеуге болады ғой, ел болып, халық болып туған өлкені көркейтуге бірігіп күш жұмсасақ, жаңадан жұмыс орындарын ашсақ, жағдай түзелер еді.

Қостанай облысының құрметті азаматы К.Карбозовтың «Егемен Қазақстан» газетінің 2020 жылғы 13 наурыздағы санында жарияланған мақаласындағы «Қазақстанның байтақ жері, әсіресе, ауылдық жерлердегі өзендер, көлдер, шабындықтар, жайылымдықтар бос қалса, мал бағатын жерлер игерілмесе, келешекте халықтың жағдайы қалай болмақ?» деген жан айқайын түсінуге болады. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өнімдерінің, қызметтердің, шикізат пен азық-түлік бағаларының теңсіздігі, ауыл инфрақұрылымын қаламен салыс-тырғандағы айырмашылықтардың ұлғаюы ауыл халқында қазір үрей туғызуда, олар қашан мектебімізді жауып тастайды, мәдени ошақтар жұмыс істей ме, байланыс не болады, сауда дүкендері жабылып қалса не істейміз, жұмыссыздық деңгейі белең алып келе жатқан соң, ауыл халқы, әсіресе, жастарға жұмыс орындары болмағандықтан, алаңдаушылық артуда. Ауылдан жастар кеткен соң, «ауыл қартайып», олардың болашағы бұлыңғырланып барады. Осыған нендей қарсы шаралар қабылдау керек, ауыл шаруашылығын өркендетіп, ауылға көмекті үйіп жатырмыз деп «лозунгілей» бергенше, нақтылай ауылдың шаруасымен айналысатын кез жетті.

Біздің елімізде аграрлы секторды дамытудың экономикалық негіздері бар, ғалымдардың пайымдауынша, еліміздің ауыл шаруашылық ресурстары қазіргіден бірнеше рет артық өнім өндіруге мүмкіншілігі бар екендігі және сол арқылы 100 млн. халықты тамақпен қамтамасыз ете алатындығы айтылуда.

Енді аграрлық саланы дамыту, ауылдарды көркейту үшін жасалынуға болатын ойларды баяндағым келеді.

  1. Әр ауылдық елді-мекенде бұрынғы айналысқан кәсіптерін саралап және бүгінгі күннің талабына сәйкес жүргізуге болатын кәсіп түрлерін анықтап, ауыл халқын толық жұмыспен қамтамасыз етіп, оларға лайықты еңбекақы төлейтін шаралар іске асыру жолдарын қарастыру, ол үшін:

- Ауылдық жерлердегі майда шаруа қожалықтары, фермерлердің елдің азық-түлікке сұранысын толық шеше алмайтындығынан, олардың басын қосып, ірі-ірі ұжымдық шаруашылықтар, кооперативтік құрылымдар, басқа да ауыл шаруашылық тауар өндіруші, өңдеуші ұйымдарды құруды батыл қолға алған дұрыс болар еді. Олай дейтініміз еліміздегі 200000-нан асатын шаруа қожалықтарының 90 пайызы майда шаруашылықтар, олардың несие алуға ауылда кепілдікке қоятын мүліктері, ғимараттарының аздығы және төмен бағаланатындықтан, алатын несиелері де мардымсыз, оған да аяғынан тозып жүріп, қол жеткізсе, қалған 10 пайыздық ірі шаруашылықтар мемлекеттің қолдауының пайдасын көруде. Осы секторға шын мәнінде мемлекет тарапынан басымдықтар мен қолдау тетіктері қарастырылып, қазіргі қолданыстағы заңнамалық актілер сарапталып, тиісті өзгерістер енгізілсе, әсіресе, несие алу үшін кепілдікке жалға алынған жерлерді қою мәселесі шешілсе.

Тарихты парақтасақ, көптеген өміршең оңды практикалық шешімдерді көз алдымызға елестетуге болады, мысалы, Сингапурдың премьер-министрі Ли Куан-Юдың бұрын көшіп кеткен елдің қалталы азаматтары мен кәсіпкерлерін елге қайта шақырып, оларға мемлекет тарапынан толық қолдау шараларын жасап, «қала-мемлекеттің» әлемдегі экономикасы дамыған көшбасшы елдер қатарына қосылуы, 1929-1933 жылдардағы бүкіләлемдік капиталистік елдердегі ұлы дағдарысты, жұмыссыздықты ауыздықтау үшін ұсынылып, іске асырылған капиталистік еңбек қатынастарын реттеудегі нарықтық жолмен бірге экономиканы басқаруда мемлекеттік реттеудің керектігін дәлелдеген ағылшын мемлекет қайраткері, экономист Джон Кейнстің «Кейнс теориясы» деп аталып кеткен көрегенді еңбегін қазіргі өтпелі кезеңде де басшылыққа алуға болады.

Сонымен бірге, қазіргі еліміздегі ақпараттарда таратылған мәліметтердегі келешегі жоқ ауылдардан қалаларға, кенттерге көшетіндерге пәтер беру көші-қон шығындарын жеңілдетуге кететін қаражаттарға сол ауылдардан жұмыс орындарын ашып берсе ауыл өзінен-өзі дамып кетпей ме? Тұрғындары сиреп қалған ауылдарға қайтадан адам апару оңай тірлік емес екені белгілі, бірақ та осыдан біраз жылдар бұрын ғана «тың көтерудің»  қиыншылығын да, нәтижесін де көрдік емес пе, мемлекет шындап қолға алса, ауыл шаруашылығын, ауылды дамыту қиын болса да, жөндеуге көнетін тірлік;

- Ауылда өндірілетін өнімнің рентабельділігі төмен, көп жағдайда өзіндік құны сатылу бағасынан жоғары болуынан азық-түлік өндіру зиянды кәсіп болуда. Бұрын ауыл шаруашылығының бірқатар шығындары орталықтандырылған жолмен өтелетінді, атап айтқанда, машина-трактор паркін жаңалау үшін арнайы «энергетика» атты бағдарлама мен күрделі қаражат бөлініп, 80 пайызға дейінгі бағалары өтелсе, минералды тыңайтқыштар шаруашылықтарға тіптен тегін беріліп, тұрғын үйлердің құрылысы да осы тектес бағдарламамен бюджет есебінен толық қаржыландырылатынды.

Иә, қазіргі кезде де субсидияландырудың бірнеше жолдары қаралған, бірақ, шаруашылықтардың еңсесін көтеруге жетімсіз, «ДСҰ шеңберінде Қазақстан саланы мемлекеттік қолдау деңгейін ІЖӨ-нің 10 пайызына дейін жеткізе алады, бірақ, қазіргі таңда 5 пайызын ғана пайдаланып отыр. Біздің ЕАЭО бойынша серіктестеріміз де ол 10-15 пайызға жеткен (Ресей, Беларусь)» деп, егер де өз мәнінде салаға қолдау болмаса, агросекторды оңалту мүмкін емес. Сондықтан да, ауылдық жерлерде салынатын үйлерді арнайы бағдарламамен мемлекет есебінен жүргізсе, алынатын трактор, автокөлік және тіркемелерді, минералды тыңайтқыштарды субсидиялау үлесін тағы да едәуір арттырса, өндірілетін өнімнің де өзіндік бағасы арзандап, сапасы артып, нарықтағы бәсекелестікке де төтеп беретін халге жетер еді;

- Ауыл шаруашылығында еңбек ететіндердің орташа жалақысы экономиканың басқа салаларына қарағанда, төмен екендігі және оның былтырғы жылғы орташа айлық мөлшері 127,3 мың теңгені құрағанын статистика деректерінен көруге болады. Агросектордағы нақты жұмыс атқаратындардың табысы өспесе, бұл салада мамандарды ұстап тұру, әсіресе, жастарды қызықтыру проблемалы бола бермекші. Кезінде климаты қатал аймақтарда, шөл, шөлейт және сусыз жерлерде, отгондық учаскелерде жұмыс атқаратындар үшін жалақыға 1,10-1,40 мөлшеріндегі аудандық коэффициенттер төленетін және мұндай қолдау сол өңірлерде еңбек ететіндерді ынталандырып, кадрлерді тұрақтандыруға себепші болатын, кезіндегі «ауылды қалаға теңейміз» деген бастаманың орындалуына да бір табан жақындап қалуына негіз болатын. Біздің еліміздегі ауылдықтарды қолдап, тұрғындардың көшу процесін тежеу үшін бұрынғы өзін-өзі ақтаған қолдауларды зерделеп, қайта енгізсе, ауыл еңбеккерлерінің, әсіресе, мал шаруашылығымен айналысатындардың айлық жалақысына 25 пайыздан кем емес жоғарылатылған төлемақы төлеу механизмі шешілсе. Кезінде Б.Майлиннің айтқан «гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» деп ұрандатқан сөзінің орындалуына біршама болса да аяқ басар едік;

- Ауыл шаруашылығы өндірісін өркендету жанар-жағармайға және электр энергиясына тікелей тәуелді болса, осы энергетикалық компоненттердің бағасының да барлық тұтынушыларға бірдей болуы, агросектордың өнімдерінің өзіндік құнының қымбаттауына тікелей әсер етеді. Жыл сайын егін егу, жинау науқанында жанар-жағармайдың бағасының нарықтан 15 пайыз төмендетіліп берілетіндігін ескергенде де, ауылдықтар үшін энергоресурс бағасы ауыр тиюде. Сондықтан да, ауылдықтар үшін жанар-жағармай мен пайдаланылатын электр қуатын 50 пайызға төмендетудің мүмкіндіктерін қарастырған дұрыс болар еді. Өзіміз куә болған кешегі Кеңестік дәуірде 1 квт-сағат электр энергиясы үшін қалада 4 тиыннан төлесек, ауылдық жерлерде 1 тиыннан ғана төленген еді ғой;

- Ауылдықтарға өнім өндіру, бастапқы өңдеу, өңдеуші кәсіпорындарға делдалсыз өткізу мүмкіндігін тудыру мақсатында арнайы қабылдау пункттері, ет-сүт комбинаттары жүйесін қалыптастырып, тапсыру бағаларын тұрақтандырса нұр үстіне нұр болар еді. Бұл бұрынғы социалистік шаруашылық жүргізу жүйесіне қайта оралған сияқты болып көрінер, бірақ та, жоғарыда аталып өткен «кейнс теориясы» кезінде әлемдік капиталистік жүйеде де мемлекеттік реттеу қолданылып, оң нәтиже беріп еді ғой;

– Елімізде мал басын өсіріп, онан өндірілетін өнімдерді арттыруда негізгі қолбайлау болып тұрған мәселе – мал азығын дайындау болса, осы мәселе өте қиын да емес, шешімі табылатын шаруа. Шабындық, жайылымдықтарда шөп өсуде мал азығындық дақылдарын егетін егістік жерлер де жетерлік, тек оны оруға, тасуға әрбір ауылға 3-4 трактор мен арнайы тіркеме, механизмдер керек. Осы мәселені шешу үшін ауылдардағы әкімдіктерге бастапқы кезде 1 тракторды тележкасымен, соқа, арық салғышы және басқа да механизмдерін алып беріп, ауыл тұрғындарының үй іргелік жерлерін жыртып, жүйек, арықтарын жүргізуге, күл-қоқыстарын шығару, отын, шөптерін тасу және басқа да жұмыстарын жергілікті қоғамдастық келісіммен әкім бекіткен тарифпен атқаруға болар еді. Біздің облысымыздағы 132 ауыл округтерінде 2017-2019 жылдарға арналған бюджетті бекіткенде осы шараларға тиісті қаражат мүмкіндігі қаралғанды, бірақ та, Бюджет кодексінде ауыл әкімдеріне шаруашылық мәселелерімен айналысуға қаржы бөлуге болмайды деген желеумен бастама аяқсыз қалды. Осы мәселеге қайта оралып, қазіргі ауыл округтерінің дербес бюджеттерінің болуы және жергілікті әкімдердің өзін-өзі басқару функцияларын да жүзеге асыратындығын ескеріп, керекті заңдарға тиісті өзгерістер енгізіліп, ауылдың бірінші кезектегі мұқтаждарын өтеуге мүмкіндік беру өте-мөте қажет шара деп есептей отырып, осы мәселенің оң шешімі табылса. Мүмкін, осыдан сәл ғана бұрын тәп-тәуір істей бастаған селолық тұтынушылар кооперативтерін (СТК) қайтадан қолға алып, соларға осы міндетті жүктеп, қаржылай қолдаса. СТК-лардың орнына келген ауыл шаруашылығы кооперативтері өз дәрежесінде жұмысын жандандыра алмағанын көріп отырмыз.

  1. Әлемнің 30 озық елдерінің қатарына қосылу үшін саладағы инновациялық, институционалдық өзгерістер мен экономиканы әртараптандыра өсуіне білімді мамандардың қажет екендігін мойындауымыз керек. Қазіргі уақытта ауылға әлеуметтік сала мамандарының баруына бірқатар жағдайлар жасалған. Алайда, жастарға жұмыстан бос уақытында көңіл көтеретін мәдени, спорт кешендері жеткіліксіз, айлық жалақысы да мәз емес, сондықтан да, ауылдық жерлерде қалғаннан қала, аудан орталықтарында жұмыс атқару ыңғайлы және тиімді саналады. Енді осы әлеуметтік сала қызметкерлері мен шаруашылықтың мамандарын ауылда тұрып, жұмыс атқаруға қызықтыратын мәселелерге көңіл аударсақ, олар:

– Ауылдық жерлердің инфрақұрылымын өз дәрежесіне жеткізу бірінші кезектегі мәселе болуы керек, барлық ауылдарға да жылдың кез келген мезгілінде қиындықсыз жететіндей автожол болуы, электр энергиясы, байланыстың (оның ішінде, ұялы телефонға қосылуы) тұрақты жұмыс атқаруы, ауыз судың, үй іргелік жерлерін суаратын судың болуы, ауылда сапалы білім алу үшін заманауи мектептің ғимаратының, медициналық, мәдени ошақтардың, спортпен айналысатын алаңдар мен залдардың өз дәрежесінде жұмыс атқаруы қамтамасыз етілуі тиіс. Шүкіршілік етуіміз керек, біздің облысымызда осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар көңілге қонарлықтай, игі шаруа жалғасты болып, ауылдарымыз көркейе беріп, көші-қон жағдайы тұрақты болсын деп тілейік;

– Қолданыстағы «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңы бойынша ауылдық жерлерде тұратын денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, ветеринария салалары мамандарына жергілікті мәслихаттардың шешімдерімен лауазымдық айлық жалақыларына 25 пайыздан кем емес, қалаларға қарағанда, жоғарылатылған төлемақы төлеу, бюджет есебінен коммуналдық қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау мәслихат бекіткен тәртіппен және мөлшерде көрсетілетіні қаралған. Бұған қоса, мамандар қызметтік тұрғын үймен немесе жалдамалы үймен қамтамасыз етілуі белгіленген.

Енді осы жеңілдіктер нақты қалай іске асып жатыр десек, біздің Қызылорда облысында аудандық мәслихаттардың шешімі бойынша лауазымдық айлық жалақыға үстеме тек 25 пайыздық мөлшерде төленуде (заңда 25 пайыздан кем емес), отын алуға 4 еселенген айлық есептік көрсеткішке тең немесе 0,5 тонна көмірге ғана жететін біржолғы көмек көрсетілуде. Тұрғын үймен қамтамасыз ету барлық жерде бірдей жолға қойылмай отыр.

Аталған мамандардың ауылдық жерлерде қызмет атқаруын ынталандыру мақсатында және кадр тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында оларға көрсетілетін қолдауларды ұлғайтқан абзал, ол үшін келесі шаралар жүзеге асса дұрыс болар еді:

1) Мамандарға  лауазымдық жалақы-ларына төленетін үстеме мөлшерін тұрақты «40 немес 50 пайыз» деп заңмен бекітсе. Ескеретін тағы бір жайт, қазіргі уақытта да жергілікті әкімдер мен мәслихаттардың өздері-ақ қолданыстағы заң аясында елді-мекендердің алшақ-тығына, инфрақұрылымдарының даму деңгейіне қарап, дифференциалды түрде үстеме мөлшерін бекітуге болады. Мысалы, облыстағы Қазалы ауданының орталығы 50 мың халқы бар, теміржол, автожол бойына орналасқан Әйтеке би кентінде тұрып қызмет атқаратын әлеуметтік сала қызметкерлері де, аудан орталығынан 120-200 км. қашықтықта тұратын дұрыс жолы да жоқ отгондық жайылымда орналасқан Шәкен, Қызыл-құмның кіндігіндегі Кәукей, Тасарық ауылдарында да осы тектес қызметкерлер де жалақыға бірдей 25 пайыз үстеме алуда, мұны жергілікті билік иелері өздері шешсе ғой;

2) Тұрғын үйлерді жылыту үшін керекті отынның мөлшерін оның ауданына шақтап, Үкіметтің қаулысымен бекітсе (жергілікті биліктің қарауынан алып), қатты отын-тамызықты ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін жеткізіп берсе, мұндай практика 1993 жылға дейін болып, тұрғын үйдің әрбір шаршы метріне 50 кг. көмір, 12 кг. тамызық есебінен қамтамасыз етілетінді;

3) Тұрғын үйді жарықтандыру үшін де арнайы нормативпен бекітілген мөлшерде электр қуатын пайдаланғаны үшін де шығындары өтелсе, ол да бұрын 2 бөлмелі пәтерге 384 квт-сағат қуаты үшін төленетінді, сондай жағдай ауыз суға да енгізілсе;

4) Ауылдық жерде тұратын және жұмыс істейтін жас мамандарға өздерін азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында, үй іргелік бау-бақшалық жер учаскесін беру, 1 бас бұзаулы сиыр немесе жылқы, түйе, 10 саулық қойды тегін беру қарастырылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Осы әлеуметтік жеңілдіктер мен қолдаулар аталған мамандардан басқа ауыл шаруашылығы мамандарына да (зоотехник, гидротехник, механик, т.б.) көрсетілсе, ауыл шаруашылығын дамытудың, өздерін-өзі азық-түлікпен қамтудың, ауылдарды қайта түлетудің негізгі тетіктерінің бірі болмақшы және осы бағытқа жұмсалған қаржы еселеп қайтатыны анық.

ІІІ. Ауылдарды сақтап қалудың тағы қандай амалдары бар еді деген сұрақ орала береді, ол жөнінде оқырмандармен ой бөліскен дұрыс секілді.

– Ауыл мұқтажына көңіл бөлу, сол жерден шыққан білімді, қолында билігі, қаражаты бар, әртүрлі жағдайларға байланысты сырт жерлерде қызмет атқарып жүрген азаматтардың да перзенттік парызы болуы тиіс. Қара шаңырақты егесіз қалдырмау кейінгі ұрпақтың міндеті, бұл аталар әруағына қошемет пен құрмет іспеттес. Ақпарат құралдарындағы жарияланымдар мен өзіміз күнделікті куә болып жүрген осы бағыттағы оңды мысалдар көптеп саналады. Облыстың Сырдария ауданының Бесарық, Н.Ілиясов ауылдары, Қазалы ауданының Ғ.Мұратбаев, Қармақшы ауданының Дүр Оңғар ауылдарына барғанда тура кішігірім қалаға барғандай боласыз, тұрғындары негізінен жұмыспен қамтылған, әлеуметтік ошақтар толығымен жұмыс атқарып, ауыл абаттандырылған. Осындай жағымды тірліктерді барлық ауылдарға да тән ету мақсатында патриоттардың, қалталы азаматтардың, меценаттардың, зиялы қауымның ықыласын бұрса, біршама ауылға керекті мәселелер шешілетін еді. «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасы аясында меценаттар көп көмектер атқарып жатса, жергілікті жерлерде ұйымдастырылған «Парыз» және осы секілді игілікті бастамалар да өз ықпалын тигізуде.

Биылғы жылды Президентіміз «волон-терлар – еріктілер жылы» деп жариялап, елдің мұң-мұқтажын өтеуге бағыттаса, келесі бір жылдарды «Туған жерге туыңды тік» жылы деп атап, мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетсе құба-құп болар еді.

– Біздің облысымызда 2001-2003 жылдары ауылдықтардың еңсесін көтеру мақсатында бірқатар бағдарламалар іске асырылғанды, атап айтқанда, ауыл тұрғындарына арналған «1000 тұрғын үй» жобасы іске асырылса, оған бюджет қаржысынан бөлек, тұрғын үй алушылар да қолғабыс етіп, қоғамдық жұмысқа тартылғандар да қатысып еді. Сонымен қатар, облыстың экономикасы тоқыраған ауылдарынан 3 жылда 21 ауылдық округіне арнайы бағдарлама жасалып, оларға біршама көмектер беріліп, жұмыс орындары ашылғанды. Мысалы, Жаңақорған ауданындағы Ақүйік ауылдық округіндегі 5 елді-мекенде 3 мектеп, қаржылай қолдаса, «асар» әдісімен тұрғызылса, жабылып қалған аурухана қайта ашылып, мәдениет үйі жөнделіп, 4 елдімекенде саялы ағаш бақтары қалпына келтіріліп, маусым кезінде 54 жұмыс орны ашылса, кейіннен 27 жұмыс орны тұрақты болып қалған-ды. Осындай практиканы қайта қолға алуға болады ғой.

– Ауылдық жерлердегі «бала саны азайып кетті, ауылдың болашағы жоқ, мектепті жабамыз» деген қазіргі кездегі үрейді сейілтудің бір жолы  Үкімет бекіткен елдімекендегі мектепке баратын бала санына сәйкес, бастауыш, негізгі, орта мектептердің ауыл жағдайындағы бала контингентін қайта қарап, өзгеріс енгізу. Осы қаулыға сәйкес, бастауыш мектепте 5,  орталау мектепте 41, орта мектепте 81 оқушыдан кем болмау белгіленген, яғни, мектепте 40-ақ оқушы болса, негізгі мектеп бастауышқа немесе 80 ғана оқушысы болса, орта мектептің статусы өзгеріп, негізгіге айналуы керек. Мұндай жағдайда, бірқатар оқушылар ауыл мектебінен тыс қалады, оның салдарынан мұғалімдер жұмыссыз қалса, әрі қарай көші-қонмен жалғасады. Билік басындағылар Үкімет қаулысына өзгеріс енгізіп, мектептердің сатыларына қарап, ауыл жағдайындағы контингентті төмендетіп, олардың жұмыс атқаруына мүмкіндік бергенін ойланған дұрыс болар еді.

Ауылдық жерлерде дәрігерлердің қызмет атқаруға, сонда тұрақтап қалуларын ынталандыру үшін олардың жүктемелеріне төленетін лауазымдық жалақыларын аудан орталықтары, қалаларда қызмет атқаратын әріптестерінен біршама жоғарылатылған ставкамен төлесе. Біздің елімізде бұрын ауылдық жердегі дәрігерлердің лауазымдық жалақысы қалалық жерлердегі осындай ұйымдарда қызмет атқаратын дәрігерлерден 10 пайызға артық және олар ауыл жағдайында 3 жылдан артық және онан да көп еңбек етсе, 10 пайыздан 40 пайызға дейін қосымша төлемақы есептеліп, жыл сайынғы демалысына да 3 күн қосылушы еді. Сонымен қатар, қос басындағы егіншілер мен жаз жайлауында, қыс қыстауында үнемі жүретін малшыларға медициналық көмекті үнемі көрсету үшін «отгондық фельдшер» бірліктері енгізіліп, олардың жалақысына қосымша жүріп-тұру (разъездной характер) шығындары да енгізілсе.

– Қоғамымыздың үздіксіз дамуында ауылдың рөлін арттырудағы тіректерінің негізгісі жергілікті өзін-өзі басқару болып табылады. Біздің жағдайымызда шектен тыс орталықтандыру жүйесі қалаптасқан, қалай дегенде де, орталық билік жер-жердегі әлеуметтік-шаруашылық мәселелерін жергілікті жердегілерден жақсы білмейді де және мәселелерін толық шеше алмайды да, оны ауыл, аудан халқының өзі ғана шешуі мүмкін. Ғасырлардың тоғысында елімізде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту бағытында Үкімет тарапынан 2 рет заң жобасы ұсынылғанымен, нақты шешімдер қабылданбай, әкімдер мен мәслихаттар жүйесі деңгейінен  аса алмады. Жергілікті өзін-өзі басқару негізінен ауылдық жерлерге өте қажет, бізде өзін-өзі басқару функциялары да әкімдерге берілген. Қазіргі таңда барлық ауылдық әкімдіктерде дербес бюджет бар деп есептеледі, бірақ, оның бюджетіне аумақтағы бірқатар мекемелерді қаржыландыру жүктелмегені түгілі, оның кірістері шектелген немесе осындай «күзелген» бюджет шығыстарының 5 пайыздайы ғана өз кіріс көздерімен жабылуда, аумақта жиналатын жеке табыс, әлеуметтік салықтардың барлығы орталықтандырылған, бір сөзбен айтқанда, жергілікті мәселелердің қаржылық шешілу деңгейі күрделі. Осы сенімсіздікпен жергілікті проблемаларды дер кезінде шешу, өзін-өзі басқаруды тиісті дәрежеде атқару бағытында ауылдық жерлерге тиесілі биліктерін берген абзал. Осындай жағдайда ауылдарда өз мәселелерін өздері шешіп, беделдері де артқан болар еді.

              Қызылорда облысы

 

1292 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз