• Ел мұраты
  • 30 Маусым, 2020

ЕДІЛ МЕН ЖАЙЫҚ АРАСЫ – АШЫЛМАҒАН ЖҰМБАҚ

Туған жеріңе мақтаныш терең тамырлы тарихымен тікелей байланысты. Осы орайда Еділ-Жайық қос өзен аралығын мекендеген Құрманғазы ауданының да үңіле қарап, тамсана таңырқайтын тұстары көп. Шарықтап шалқыған кезге, қасірет-қайғының құшағына еніп, құлдыраған заманға да куә болған. Ғасырлар өтіп, бізге жеткен ақындарымыздың жырларында келтірілген:

Бұл қоныс жеті жұрттан қалған қоныс,

Ноғайдың көшіп талақ салған қоныс.

Қазтуған, Асан қайғы, Орақ, Мамай,

Біз түгіл осылардан қалған қоныс

Жеті жұрт көшіп кеткен соң – дей келіп,

Атамыз қазақ баласы                               

Қоныс мекен еткен жер, – деген Мұрат Мөңкеұлы (1843-1906 ж.ж.) Біздің аймақта ежелден бері мекендеген халықтардан сонау Сақтардан (скифтер) бастау алған Гундар, Хазарлар, Түркілер, Орыстар, Қалмақтар тізбесі айғақтайды. Іргеміздегі Каспий теңізінің атауы да сол дәуірлердің жаршысындай. Қара теңіз, Көк теңіз, Парсы теңізі, Гиркан болса, кейіннен Хвалинский, Хазар есімдерін иемденіп, Каспий болып тұрақталғаны атырапты қоныстанған халықпен тығыз байланысты.

1227 жылғы Батый хан құрған Алтын Орда, оның ізбасары Ноғай Ордасы Қазақ хандығының толысып тұрақтауына белсене араласқан. Бір текті туысқан халықтар бірге жайлап, тағдыр тәлкегімен айырылысқаны да тарихтан мәлім.

– Алтын Орданың ізбасары Ноғай Ордасы бетпе-бет майданда Орыс империясынан жеңіліс тауып, ыдырап құлап, күйреп зарлана көшкенін Асанқайғы ата  Қазтуған батыр-жыраудың жырлары жеткізеді. «Ақжонас» тауларын Мұрын жыраудың «Ақжонасұлы ер Кеңес» толғауынан туындатсақ, қате кетпеспіз:

Сексен күнде келермін,              

Қайта айналып мен, деді,        

Отыра бер ордаңда,                 

Қайғы етпе сен! – деді.

Сол сөзді айтып Ақжонас      

Батыр туған еріңіз                    

Кетуге атты жөндеді («Қырымның қырық батыры» Алматы: 2005 ж. 351 бет) Ақжонас батырдың Алладан бала сұрап, Арыстан бабадан тілеп шыққан жерін бейнелейді.

Едігенің Ұлытауда Қадірберді әскерімен шайқаста жараланып, сол жерде майып болғанын анықтау қажет дерек сияқты. Өйткені, шайқастың Еділ атырабында өткендігі жөнінде де аңыз бар.

Аңызға айналған ақиқаттар

1.Еділ патша (Атилланың) Еділ бойынан шыққаны аңызға айналуы тарихи шындыққа негізделген.                  

2.Алтын Орданың Еділ бойындағы бас қаласы Сарай берке болса,  теңізге іргелес Жайық жағасындағы Сарайшық экономикалық сауда орталығы болған. Екі қаланы байланыстыратын керуен жолы қос өзені қазір біздің мекен етіп отырған жерден өтіп, күн құрғатпай қатынасқан. Үштағаннан 15 шақырымда орналасқан Домбай қыраты – Кезінде Батый хан мен Берке ханның тұсында бас әскербасы болған Домбаулының қоныстанып, жайлаған жері деп болжаймыз. Боғда тауы Құрманғазының ұстазы Ұзақ бабамыз дәрісті Қараұлы Боғда күйшіден алған. Боғда тауы сол өнерпазымыздың құрметіне аталған ба?      

3.Асан ата (Асанқайғы) Хасан Сәбитұлы ХV ғасырда өмір сүрген. Еділ бойында дүниеге келген. Әкесі саятшы екен дейді. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» заманды аңсап, қазаққа жайлы қоныс болатын  Жерұйығын табуды армандап, жаһан кезген, өмірде болған жан. 1456 жылы Шу алқабында Қазақ хандығы құралған кезде алғашқы болып қосылған. Халықты біріктіріп ұйытушы, ұраншы болған. Қай қиырда дүние салғаны белгісіз. Бірақ ғасырға тарта өмір сүріп, сүйегім туған топырағымда қалсын деген мақсат қойып, Еділ-Жайық аралығына келмеді ме деген болжамымыз да бар.   

  1. Сүйінішұлы Қазтуған (ХV ғасыр). Еділ бойында дүниеге келген. Еділдің салалары Бозан, Ақтөбе бойында билік құрып, өмір сүрген. Орыс әскерлерімен қиян-кескі майданда жаугершіліктен жасып, өз қарауындағы елмен Тесік тау өтті десе, шындығы Қазақ хандығының құрамына өтіп, оның қалыптасып нығаюына үлес қосқан әскербасы.

Алаң да алаң, алаң жұрт,        

Ақала ордам қонған жұрт,

Атамыз біздің бұ Сүйініш

Күйеу болып барған жұрт,

Анамыз біздің Бозтуған

Келіншек болып түскен жұрт,

Қарғадай мынау

Қазтуған батыр туған жұрт,

Кіндігімді кескен жұрт,

Кір-қоңымды жуған жұрт,

Қарағайдан садақ будырып,

Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,

Жанға сақтау болған жұрт    – деп ауғанда, баласы Манаш ілеспей қалған дейді.                                                            

  1. Жайық өңірінде дүниеге келген Шалгез Тіленшіұлы (1465-1560 жылдары) Нарын бойындағы нағашысы Мұса бидің тәрбиесінде болып, Еділ-Жайық арасындағы Ноғайлы елінде еркін жүріп өскен.

Ақылсыз достыдан                    

Ақылды дұспан артық-ты,     

Дұспаныңнан бір сақын.           

Ел ішінде айқасып,                    

Ойнап жүрген достарыңнан мың сақын – деген ойшыл. Қазақтың жыраулық поэзиясының атасы дәрежесіне көтеріліп дүниеден өтті. Қай қиырда қалды? Еділ-Жайық арасынан іздесе артық болмас.

Зердеге сәуле берер атаулар

Ғасырлар тізбегіндегі сан қилы хикаяттарды көтеріп, атауын өзгертуге жасалған қиянатқа бой алдырмай, еркіндік пен тәуелсіздігімізге дейін  жеткен «Ақжонас», «Бесоба», «Тасоба», «Герей ашығы», «Домбауыл», «Қасым таулары», «Манаш» атаулары Алланың бізге берген сыйы. Жер ананың аманаты. Бесоба (біздер Бесшоқы) атағы жөнінде айтсақ, «Қыдырбайұлы Қобыланды» жырында:

Жайықтың арғы бетінде

Жиренқопа деген жер еді        

Бесоба деген дөң еді.                 

Ол жерді мекен қылған             

Қарақалпақ Қатты                                  

Сыбанның елі еді,                       

Алшағыр деген хан еді – деп («Қырымның қырық батыры» 533 бет) келтіргені ХV ғасырдағы Ноғайлының жайлаған жері. Моғолстан, Сыр бойын қоныстанған елдің аталмыш жырындағы Жайықтың оң бетіндегі Бесоба, қазіргі біздің Бес шоқы екеніне күмән келтіру артық.

Тасоба сол дәуірден жалғасқан атау деуге толық негіз бар. Себебі ол жердегі қорғанның сілемдері – садақтың масақтарының көптеген қалдықтары әскерлердің шайқасты қорғанды паналап жүргізгенін дәлелдейді. Тасобаның шығысы Герей ашығы (Керей атап жүрміз) атағы асып, ырысы тасып тұрғанда Ноғайлы мырзаларының жайлауы болғаны хақ.  Кейінгі кезде Ноғай ордасын атауымен құрту саясаты үстемдік алғанда, ол атауды өзгертіп, Керейге ауыстырған деп топшылауымыз негізсіз емес. Терістіктегі Домбауыл (Көк Домбай) қыраты. Аңыз-әфсаналарға сүйеніп, болжам жасасақ, Домбауыл Жошы ханның сенімді серігі, бас батыры болған. Жошы – Алтын Орда мемлекетін құрушы алғашқы ханы Батыйдың әкесі. Алтын Орданың бас қаласы Сарай-бату мен Сарайшық аралығын Домбауыл қоныстанған десек, шындыққа жуыспайды деу қисынсыз.

Сүйіндіктің шығыс терістігінде 40-50 шақырымдай жерде «Толыбай теректісі» құмын жиектеген топырақты-тау жынысы аралас жоталардың «Қасым тауы» делінуі тектен-тек дей алмаймыз. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының 5-томында 666 бетте Алтын Орда ханы Ұлық-Мұхаммед баласы  Қасымның 1452 жылы өз билігіндегі Кама бойындағы жерінде, дербес хандық құрғаны көрсетілген. Қасым таулары мен дербес хандық тікелей аса алшақ орналаспаған. Сол хандықтың шет аймағына кірдік пе, әлде ханның қоныстарының бірі болды ма? Немесе Мұхаммед Қайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» кітабында «Қасым хан ...әскерінің саны мың-мыңнан асатын еді», деп (306 бет) келтірген. 1518 жылы қайтыс болған қазақтың Қасым ханының ізімен аталған дей аламыз ба? Сасық тау, Қошалақ адыры, Сақып терегі, Айбас, Найза шағыл және басқа да көптеген атаулардан үміттіміз.

Тұжырым

Қазақ елінің қай қиыры да қасиетті. Соның бір пұшпағы өлкеміз сан ғасырлық дүбірмен өткен құбылыстарды баяндайтын аңызға толы, бірақ айғақтар ақиқаты жұтаң. Келісті сөзді айшықтар дәлел тапшы.

Сондықтан да, республикалық «Туған жер» қоғамдық бірлестігінің белсене қатысуымен аймағымызды зерделеу мақсатында іздестіру, барлау, қазба жұмыстарын жүргізу жүзеге асырылса, еліміздің, халқымыздың тамыры тереңдеп, тарихымыз байи түсер еді. Біз ғылыми жұмысты жүргізуге үлкен дайындықтар жасауға міндеттіміз. Ондай шара да алынды.

  1. Астрахань Кремлінің Батыс шетінде елеусіздеу болып ескі араб өрнегімен жазылған 5 құлпы жатыр. Олар сол аумыттағы жерленген адамдарға қойылған белгі, құрылыс кезінде бір жерге жинақтаған. Мүрделері қайда қалғаны белгісіз. Аудан әкімі Қайрат Талапұлының араласуымен үш құлпының жазуы шешіліп, анықталды. Екеуі ескі араб қаріптерімен таңбаланғандарын айқындауға жұмыстанып, терең білімді ғалымдардың сараптауына жолдады. Ауылымыздың белсенді тұрғыны Берік Тілегенұлы 2005-2007 ж.ж. аудан өңіріндегі ескі қорымдарды анықтауға келген Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институты экспедициясымен тығыз байланыста болып, Үлкен күйген жотасындағы қорымда қызығушылық танытатын құлпы тапқан. Оған зерттеу жүргізу болашақ ісіміз.

Белгілі өлкетанушы, ардагер-азамат Орынғали Құмарғалиұлы көп нәрсені зерделеп, жадына сақтап, ортаға салуға даяр. Кобалев ауылының жанындағы қорымда бір құлпының ерекше жазуын ұзақ жылдардан бері оқыта алмай, қызметтеніп келеді. Ауданымыздың барша тұрғындары көне тарихымызды жаңғыртуға атсалыса қатыспаса, жергілікті халқымыз түп-тамырынан айырылып қалу қаупі жоқ емес. Осы орайда ауданның елім деп жүрген зерделі азаматтардың басын қосып өлкеміз жөнінде ел аузындағы деректерді жинастырып, айқындау жұмысын пәрменді жүргізуге, көзі қарақты, құлағы түрік, азаматтармен маслихаттасуға шара белгіленген,  ауданымыздың түлегі, қазіргі басшысы Қайрат Талапұлының ісі құптарлық. Оны баршамыз қолдап, үлкендерден естігендерімізді, көргенімізді жинақтап, ортаға салып, ашық та өркенді қызметтерді жүзеге асырсақ, болашақ алдындағы борышымызды ақтар едік. Еділ-Жайық арасының тұңғиығының шетін түруге көмек жасау әрбір тұрғынның қасиетті парызы болмақ.

Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИЕВ,

жазушы, өлкетанушы

1679 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз