• Тарих толқынында
  • 08 Шілде, 2020

Құрманғазы оркестрінің қобызшы концертмейстерлері

ХХ ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап қазақ халық аспаптар оркестрін ұйымдастырушысы және алғашқы дирижері болған – академик, өнертану ғылымының докторы, профессор Ахмет Қуанұлы Жұбановтың есімі тарихта алтын әріппен жазылды. Аталған ұжымның жаңа аспаптардың туындауына, жалпы қазақ музыка мәдениетінің өркендеуіне қосқан үлесі орасан зор. Осындай аспаптардың бірі, оркестрге жаңаша дыбыс беретін қыл қобыз аспабы негізінде жасалған  үш ішекті, кейінен төрт ішекті болған «прима-қобыз» аспабы  пайда болды[1, 5].

Қыл қобыз аспабы негізінде оркестрге жаңаша дыбыс беретін аспап -  үш ішекті, кейінен төрт ішекті болған «прима-қобыз» аспабы  пайда болды. Бұл аспаптың алғашқы пайда болуы, отызыншы жылдары қазақтың халық аспаптар оркестрінің құрылуына байланысты [2, 4], үш ішекті прима-қобызды (бұрауы кіші октавадағы «соль» және бірінші октавадағы «ре», «ля» дыбыстарына келтірілді) жасады. Күрделі шығармаларды орындауда бірталай қиындыққа ұшырап, үш ішекті прима-қобыздың музыкалық аспап ретіндегі құндылығы төмен екендігі байқалды. Нәтижесінде, 1953-1954 жылдарда үш ішекті қобызды өзгерту жолымен прима-қобыздың тағы бір түрі жасалып, дүниеге төрт ішекті прима-қобыз келді. Көлемді шанағы кең ұстап отыруға ыңғайлы, шанақ қақпақтары өзара желдік арқылы байланысының нәтижесінде, олардың тербелігі жақсарды. Тынысы кең аспапқа айналды. Алғашқыда үш ішекті болған прима қобыз аспапбының дамуына үлкен үлес қосқан, түрлендіріп, әуездендіріп ойнай білген, талғамы биік талапты дүл-дүл өнер шеберлерінің алғашқыларының бірі – Гүлнафис Баязитова.

Концертмейстер (нем. konzertmeister) – симфониялық оркестрде жеке скрипкаға жазылған партияны орындайтын, кейде репетиция кезіндегі дирижердің орнын ауыстыратын оркестрдегі бірінші скрипкашы. ХVІІІ ғасырда концермейстер аспаптық капеллаларда дирижер қызметін атқарды[4]. Ал, қазақ оркестрінде бас концертмейстердің ролін – домбырашы атқарады. Оркестр құрамындағы әр аспаптар тобының өз концертмейстері бар.  Жалпы концертмейстер ұғымы – оркестр мүшелерінің ішіндегі ең алдыңғы қатарлы шебері болып келеді. Концертмейстер болу үшін музыкадан сауатты, ең қабілетті, жұмыс тәртібін қатты ұстайтын, нотаны қағаздан тез оқитын, орындаушылық шеберлігі мықты адам болу керек. Концертмейстер оркестрдің, дирижердің рухани жәрдемшісі[5, 84-85].ХІХ ғасырдың 30-50-ші жылдар аралығында Гүлнафис Баязитова қазақтың Құрманғазы атындағы оркестрі құрылған тарихи кезеңінде қобызшылар тобын басқарып, өзі де шебер орындаушы ретінде талай мемлекеттерде өткен концерттерде қазақ өнерінің, қазақ даласының, қазақ көңілінің кеңдігін көрсете білген өнерпаз[3, 16]. Гүлнафис Баязитова Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің қобызшылар тобының ең бірінші концертмейстері.

Осындай сипатқа ие Гүлнафис Баязитова жоғары беделін сақтап қалу үшін әрдайым өзін жетілдіру жолында болды.

Белгілі қобызшы Жаппас Қаламбаев және оның шәкірті Жұмағали Қасымовтан үйренген музыка сабақтарының орны Гүлнафис үшін ерекше болды. Қобызды үйренудің қиындығына қарамастан ол бірер жылдан  соң әдемі, жан дүниені тебірентер нәзік үнімен-ақ ерекшеленді. Гүлнафис үш ішекті қобыздың орындаушылық шеберлігін нақышына келтіріп, оның өзіне ғана тән штрихтарын, үн бояуын байытқан қобызшы.

          1953 жылы Бухарест қаласында өткен студенттердің Бүкіләлемдік фестивалінде Гүлнафис Баязитова лауреат атанды.

1959 жылы Гүлнафис Баязитова Республиканың Халық әртісі атағына ұсынылып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің мақтау грамотасымен марапатталды.

Біраз уақыт Гүлнафис Баязитова К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектеп-интернатында, музыкалы театр техникумында қобыз аспабы бойынша сабақ берді. Кейінгі жылдары Қазақконцертте жеке қобызшы ретінде қызмет атқарған.

Қобызшылар тобының келесі концертмейстері - Фатима Балғаева. Ол Жаппас Қаламбаев пен Гүлнафис Баязитованың қобыз аспабында ойнауына қатты қызықты. 1945 жылы Ф. Балғаева осы аталған консерваторияға түсіп, сол танымал скрипкашы И. А. Лесманнан сабақ алу мүмкіндігіне иеленді.

1950 жылы Ф. Балғаева консерваторияны бітіріп, 1951 жылы Берлин қаласында өткен жастар мен студенттердің Бүкіләлемдік ІІІ фестиваліне қатысып, А. Жұбановтың, Тәттімбеттің шығармаларын орындап, қазақ даласының бірде нәзік, бірде дауылды, бірде тынысты асқақ әуендерін бірінші рет қобыз үнімен тындатты[3, 17].

1957-1958 жылдары Мәскеуде өткен Бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінде оркестр мүшесі болып және де оркестрдің сүйемелдеуімен қобызда жеке өнер көрсетті. Тек қана Республика және Одақ шеңберінде ғана емес, Қытай, Индия, Канада, Франция елдерінде де қобыз үнін жеткізді.

Фатима Балғаеваның қазақ музыка мәдениетін көркейтуіне, дамытуына қосқан үлесі үшін 1954 жылы Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген әртіс атағы берілді. Ф. Балғаеваның  музыка өнеріне деген  шымылдығын ашқан ұжымы – Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрінде қобызшылар тобының жетекшісі әрі жеке орындаушы ретінде 22 жыл бойы талмай еңбек етті[3, 18].

Сондай-ақ, келесі концертмейстер болып алғашқы қобызшылардың бірі – Алмажан Жаманшалова-Шағырова тағайындалды. Оның орындаушылық қызметі 40 жылдан астам уақыт Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің қалыптасу, дамуымен тікелей байланысты болды. 15 жасынан бастап Алмажан оркестр құрамына алынып, осы бір күрделі аспапты меңгере бастады. Ол ұстаз Ж.Қаламбаев, Г.Баязитовалардың класынан қобыз тартудың қыр-сырын үйреніп, әдістемелік сабақтар алды. Оркестрде жұмыс істей жүріп, Алмажан 1946 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияға түсіп, қобыз класында атақты скрипкашы А.С.Ауэрдің шәкірті, профессор И.А.Лесманнан дәріс алды.

    Алмажан Жаманшалова Құрманғазы атындағы халық оркестрінің құрамында жүріп Қазақстанның қалалары мен облыстарына және шет мемлекеттерге өнер сапарларына шықты. Бухарестте (1953ж.) өткен концерттеріне қатысты.

    Бірнеше рет мақтау грамотасымен марапатталды. 1957 жылы белсенді шығармашылық жетістіктері үшін, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген атағы берілді. Жастар мен студенттердің Бүкіләлемдік фестиваліне қатысып дипломант атанды.

    1962-1972 жылдарға дейін осы аталған оркестрдің бірінші қобызшылар тобының концертмейстері болып, сонымен қатар ұжымның жеке орындаушысы ретінде белсенді қызметтер атқарды.

 Меруерт Кәленбаева – орындаушылық, шығармашылық жолы, ең алдымен, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің қобызшылар тобында жеке орындаушы және сүйемелдеушілік қызметімен тікелей байланысты. 1961-1979 жылдар аралығында

  1966 жылдан бастап өзінің орындаушылық шығармашылығын Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында педагогикалық қызметпен ұштастырады. Меруерт Кәленбаева 1957-1958 жылы Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық жастар мен студенттер фестиваліне және Қазақстанның онкүндік өнеріне қатысты. Жеке орындаушы ретінде Қазақстан шеберлері тобының құрамында жүріп көптеген шет елдерге: Франция, Италия, Германия, Польша, Венгрия, Куба, т.б. өркениет аймақтарына ұлттық мәдениеттің жетістіктерін таныстырды.

          Ол Бүкілодақтық үнжазба «Мелодия» фирмасынан «Қобыз – сазы» күйтабағын жарыққа шығарып, прима қобыз аспабына арналған біршама туындыларды орындап шықты[3, 19].

          Меруерт Кәленбаеваның ұстаздық еңбегі өзінің көптеген талантты түлектерімен жалғасты. Олар: ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі Ғ. Болтаева, Т. Қарақожаева, сондай-ақ Ж. Ермағамбетова, М. Естаева және т. б. шәкірттері шоқтығы биік Халықаралық байқауларда жоғары жүлденің иегерлері атанып келеді.

1981 жылы Шамғон Қажғалиевтің шақыруымен Қазақ мемлекеттік ұлт аспаптар оркестріне қобызшылар тобының концермейстері қызметін Раушан Мұсақожаева атқарған болатын.         Раушан Мұсақожаеваның үлкен шеберлікпен ойнаған әуендері күйтабақтарда және жеке концерттері теледидар мен радиода жазылған.

          1982 жылы «Отырар сазы» оркестріне ауысып, біраз уақыт қобыз тобының концертмейстері болып жұмыс істейді.

          Қазақ күйлерімен және қазіргі заманғы Қазақстан композиторларының шығармаларымен бірге, ол қобызға бейімделген классикалық музыканы да майталман орындаушы және қобыз репертуарындағы көптеген шығармалардың тұңғыш орындаушысы болып табылады. Жеке орындаушылар «Камералық оркестр академиясы» дара орындаушысы ретінде оның концерттері Австрияда (1995ж.), АҚШ-та (1996ж.), Оңтүстік Кореяда (1998ж.), Италияда (1999ж.), Түркияда (2003ж.) ойдағыдай өтті.

Гүлсара Ізтілеуова консерваторияда оқып жүріп ол үшінші курстан бастап Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрінде жұмыс істей бастады.

          Көп жылдар Гүлсара қатардағы қобызшы, оркестрдің қобыз тобының концертмейстері болып еңбек етті. Оркестр құрамымен шетелдерге, Қазақстанның қалаларымен облыстарына өнер сапарларымен шығып, халық музыка өнерін насихаттауға өз үлесін қосты. 1982-1984 жыллдар аралығында Іші қобызшылар тобының концертмейстері болып қызмет атқарды[3, 20].

          Оркестрдегі ұзақ, жемісті еңбегі бағаланып, 1984 жылы Гүлсара Ізтілеуоваға «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағы берілді.

Ғайни Болтаева консерваторияда оқып жүріп, 1979 жылы Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің қобыз тобына орналасады. 1980 жылы консерваторияны бітіріп, оркестрде жұмысын әрі қарай жалғастырады. 1981 жылы ансамбль құрамында Үнді еліне және Португалияға аттанып, қазақ өнерінің белсенді өкілі ретінде көзге түсті. 1983 жылы Ғайни Болтаева І Республикалық Құрманғазы атындағы сайысқа қатысып, лауреат атағына ие болды[3, 21]. 1984-1994 жылдар аралығында қобыз тобының концертмейстері қызметін атқарды. 1994 жылы Ғайни Болтаеваның қазақ өнерін өркендетудегі зор еңбегі ескеріліп, "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі" деген құрметті атақ берілді. Ғайни оркестрдің құрамында жүріп, көптеген шет мемлекеттерге шығып қазақ өнерін таныстырып қайтты. Шығармашылығын одан әрі дамытып, шыңдала берді. Мансүр Сағатовтың «Күйін» дирижер Ж.Бегендіковтің оркестрге өңдеуінде  концертте оркестрмен алғаш орындады. Ғайниға дейін М.Сағатовтың «Күйін» оркестрмен бірге прима қобызшылардан ешкім ойнамаған еді. Ал, Ш.Қажғалиевпен біргелікте еткен еңбегінің ішінде, Г.Динику «Жавронок» румын халық әуендері (В.Кондратьеваның өңдеуінде), италияндық скрипкашы Витторио Монтидың шығармасы «Чардашты» оркестрмен ойнауы болып, бұл шығарманы да алғашқы ойнаушылардан болып репертуарына қосты[6, 21]. Сонымен қатар, Қазақстан мен шетел композиторларының әр түрлі, әсерлі, орындалмай жүрген шығармаларын бағдарламаға енгізіп жиі орындайды. Жалпы, прима қобыз репертуарын жаңартып, байытуға баса назар аударады.

Роза Қойшиева 1976 жылы үшінші курс оқып жүріп, Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрінде еңбек жолын бастады.

1985 жылы Құрманғазы атындағы республикалық сайысына қатысып, ерекше бағаланып, лауреат атанды.

1992-2002 жылға дейін Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің қобызшылар тобының концрмейстері болып, оркестрдің өркендеуіне зор үлес қосқан. Оркестрдің сүйемелдеуімен Е.Брусиловский «Алтынай», А.Жайымов «Толғау», П.Чайковский «Русский танец» атты шығармаларын шебер орындаушылардың бірі еді. Көп жылдар бойы ерен еңбегі бағаланып, 1996 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі» атағына ие  болды[3, 16].

Жанар Ермағамбетова  1995 жылы Ж.Ермағамбетова Құрманғазы атындағы оркестр ұжымының көркемдік кеңес мүшелері шешімімен 1-қобызшылар тобы концертмейстерінің орынбасары болып тағайындалды.  2001 жылы 1-қобызшылар тобының концертмейстері қызметіне жоғарлатылды. 1995 жылы сәуір айында консерваторияда жеке концерт берді. Құрманғазы атындағы оркестрімен және «Қазақстан камераты» атауымен Қазақстанның халық артисі Г.Мырзабекованың басқаруындағы камералық оркестрмен жеке концерттерін берді. Творчестволық орындаушылық еңбектері үнтаспаларына түсіріліп, Қазақ радиосының алтын қорына енді[3, 21].

Оркестр құрамында Ж.Ермағамбетова Республикамыздың жер-жерлерінде, сонымен бірге Қырғызстан, Өзбекстан, Башқұрстан, Татарстан республикалары мен Түркия, Қытай, Ресей, Италия, Франция, АҚШ шетелдерінде өткен концерттерде өзін шебер де өнерлі өнер иесі ретінде көрсетіп келді. 2003 жылы Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен үлкен концерт өткізді. 2002 жылы Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің 70 жылдығына орай «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» атағына ие болды.

Адилова(Искакова)Айнагул 2003 жылдан бері Құрманғазы оркестрінде қызмет істеп келді. 2005 жылы өткен конкурс комиссиясының шешімі бойынша I-қобыз тобы концертмейстерінің орынбасары қызметін атқарып келді. Осы оркестр құрамында Ресей, Башқұртстан, Татарстан, АҚШ, Франция,т.б. көптеген шетел мемлекеттерінде гастрольдік сапарларда абыройлы қазақ өнерін дәріптеп келеді. 2005 жылы Қытай Халық Республикасы Алтай өнірінде арнайы шақыртумен прима-қобыз және қыл-қобыз ойнау деңгейлерін көтеріп, сабақ беріп қайтты. 2013 жылы Қытай Халық Республикасында өткен Қазақстан Республикасының мәдениет күндері аясындағы концертке қатысты. 2014 жылы өткен конкурс комиссиясының шешімі бойынша I қобыз тобының концертмейстері қызметіне тағайындалды. 2014 жылы Америка Құрама Штатарында өткен Қазақстан Республикасының  Мәдениет кундеріне қатысты.

Рақымжан Әсел 2012 жылдың қыркүйегінен бастап, бүгінгі таңға дейін Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің әртісі қызметін жалғастыруда.

2014 жылы сәуір айында конкурс-аттестацияға қатысып, қобыз тобының концертмейстер орынбасары болды. Қазіргі күнге дейін І қобыз тобының концертмейстері қызметін атқарып келеді.

Сондай-ақ, Әсел Рақымжан өз тобымен көп дайындалып, әрдайым шығармашылық ізденісте жүреді. Соның айғағы, 2018 жылдың 20 сәуір күні Астана қаласының 20 жылдығына арналған Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің 1ші қобыз тобының «Асқақтай бер Астана» атты концертін ұйымдастырды. Бұл қазақ оркестрінің тарихында алғаш рет ұйымдастырылған қобызшылар тобының жеке концерті болды.

2019 жылдың 19 сәуір күні Құрманғазы оркестрімен «Қобыз сыры» атты өзінін жеке концертін берді. Кеште алғаш рет қобыз аспабында орындалған бірнеше шығармалар болды. Олар С.Танеевтің скрипка мен оркестрге арналған Концерттік сюитасынан соңғы бөлімі «Тарантелла», Н.Хесстін «Дамы в лиловом», халық аспаптар оркестрімен алғаш орындалған П.Сарасате «Интродукция и тарантелла» шығармалары. Құрманғазы оркестрінің алғаш орындауында Е.Құсайыновтың «Қыпшақ жыры» атты қобыз бен оркестрге арналған концерті кештің нүктесі болды.

          Төл мәдениетіміздің өркендеуі, өнерді одан да биік асуларға жеткізу бүгінгі ұрпақтың күш-жігерін талап етеді. Музыка өнерінің биік шыңына қол артқан қаншама майталмандардың іздерін басып, тәлім-тәрбиесін бойына сіңіріп, әрі қарай жалғау әр өнер адамының тағдыры.                         Ауқымды мақсаттармен шығармашылық ізденістер, әр ат салысқан тұлғаның кәсібилігі, музыкалық мазмұнының байлығы уақыттың сынынан өтіп, әртістердің жаңа буынын тәрбиелеуге зор ықпал етеді. Оркестрдің өсуі немесе құлдырауы дирижерге және әр топтың концертмейстерінің қызметіне  тікелей байланысты. Жоғарыда аталған Құрманғазы атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің қобызшылар тобының концертмейстерлерінің ерен еңбегінің жемісі – бүгінгі еліміздің музыкалық және мәдени өміріне өзінің үлесін қосқандығын аңғартады.

Пайдаланылған әдебиеттер

        А. Жұбанов «Ғасырлар пернесі» - Алматы: Дайк-Пресс, 2002.

  1. Жүнісова Б. Қазақстан музыка өнеріндегі прима қобыз аспабының даму тарихы (Г. Баязитова шығармашылығы бойынша): автореферат – Алматы, 2012.
  2. Ғ. Уразалиева-Шілдебаева «Ғасырлармен үндескен қобыз» Астана, «Елорда»,2006, 136бет.
  3. https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%9A%D0%BE%D0%BD%D1%86%D0%B5%D1%80%D1%82%D0%BC%D0%B5%D0%B9%D1%81%D1%82%D0%B5%D1%80
  4. Жұбанова А. «Домбыра оркестрі» және Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди «Оркестрмен жұмыс жүргізу методикасы». Оқу құралы. – Алматы:2013.-100б.
  5. Болтаева Ғ. Қоңыр үні қобыздың - Қарағанды, 2013-104б

Шынар БАЛТИНА

 

418 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала ТАРИХПЕН ТІЛДЕСКЕН, БОЛАШАҚПЕН ҮНДЕСКЕН
Келесі мақала АЗАМАТТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУДЕГІ ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕР МЕН ДӘЛЕЛДЕУ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №8

29 Тамыз, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы