• Заманхат
  • 09 Қаңтар, 2013

Хазария қасіреті немесе көпдінділік пайдалы ма, әлде зиянды ма?

Өз арамызда өзге діндер мен діни бірлес­тіктер жаңбырдан кейінгі саңырау­құлақша қаптап кетті деген сөздер жиі айтылады. Бүгінде ресми мәлімет бойынша, елімізде 40-тан ас­там конфессияны құрайтын 3 мың 992 діни бірлестік бар көрінеді. Оның 2334-і мұсылман, 282-сі православие, 98-і католик, 28-і иудей бірлестігі, 100-ге жуық протестанттық, буддизм, индуизм және соңғы кездері белгілі бола бастаған пре­светериандық конфессияларға жататын «Жа­ңа апостол», «Благая весть», «Жаңа аспан», «Агапе» сияқты толып жатқан діни сек­та­лардан тарайтын қауымдар бар болып шықты. Бұл ресми дерек, ал, бейресми дерекке зер салсаңыз төбе шашыңыз тік тұрады. Өйткені, арамызда тіркеуден өтпей, жасырын түрде тайраңдап жүрген мысықтілеу миссионерлер қаншама?! Соңғы жылдары Астанада дәстүрлі діндер съезі өткізілуде. Осылайша өзімізді бірлігі жарасқан ел ретінде әлемге көрсетіп жүрміз. Жөн-ақ. Бірақ, та осылай болды екен деп, елдегі көпдінділікке жол беруге бола ма? Көп діни секталардың еліміздегі толеранттылықтың тірегі болмақ түгілі, Конституцияға кереғар әрекеттері, адам құқықтарын аяққа таптап, ел ішінде дау-дамай тудырып, қазақты жік-жікке бөліп, айрандай ұйысып отырған отбасының ойранын шығарып жүргендері ешкімге де құпия емес. Осындайда еске түседі. Көпдінділік пайдалы ма, әлде зиянды ма? Ерте заманда Хазария елінің болғанын тарихтан білеміз. Сол ел өзге діндерге басымдық береміз деп, «ақ­қу көкке, шортан көлге, шаян жерге тар­тып», соңында ел ретінде жер бетінен жойы­лып кеткен. Осы орайда, Хазария елі­не қысқаша анықтама беріп көрелік. Үлкен совет энциклопедиясында (28 том, М., 1978, с.163) Хазар қағанаты хақында қысқа да тұжырымды мағлұмат берілген. Хазар қаға­наты VІІ ғасырдың орта тұсында Батыс түрік қағанаты ыдырағаннан кейін  төменгі Еділ мен Солтүстік Кавказдың шығыс бөлігінде пайда болған феодалдық мемлекеттік құрылым. VІІІ ғасырдың басына дейін хазарлардың астанасы  Дағыстан жеріндегі Семендер, одан кейін төменгі Еділдегі Итиль қаласы болады. VІІ ғасырда хазарлар Азау (Азов) төңірегіндегі болгарларды, Дағыстан шегіндегі савирларды бағындырған; ал Кавказ Албаниясы хазарларға салық төлеп тұрған. VІІІ ғасырда хазарлар Солтүстік Кавказды, Азау аймағын, Қырым жағалауларын және Шығыс Еуропаның Днепрге дейінгі далалық және орманды жерлерін иемденген. 735 жылы Каспий жағынан басып кірген арабтар Хазар қағанатының әскерін қиратып жеңеді. Осыдан кейін қаған мен оның төңірегіндегілер мұсылман дінін қабылдайды. Сегізінші ғасырда Хазар қағанаты мен Византия арасында тығыз қарым-қатынас орнауы христиандықтың таралуына қолайлы жағдай тудырды. Хазар қағанаты жерінде митрополия – діни орталық ашылып, жеті эпархия пайда болды. VІІІ ғасырдың ақыры мен ІХ ғасыр басында қағанаттың тізгінін ұстаған Обадия иудаизмді мемлекеттік дін деп жариялады. Хазар қағанатының әлсіреуін көздеген Византия хазарларға қарсы айналасындағы көшпенділерді айдап салып отырды. Бірақ, Хазар қағанатына ең үлкен қатер орыс мемлекетінен келді. 913-914 және  943-944 жылдарда орыс әскерлері Каспий жағалауындағы елдерді қырғынға ұшыратты. Х ғасырдың ақырында Хазар қағанаты өмір сүруін тоқтатты. Көне заманда дүниені дүрліктіргендей болып көрініп, бас-аяғы үш ғасырдан сәл ғана артық өмір кешіп, тағдырдың тәлкегіне ұшырап, ғайып болған Хазарияның мән-жайына қанықтыратын зерттеудің бірі – С.А.Плетневаның «Хазары» деген монографиясы. Бұл мемлекеттің шығу тарихын кеңінен сөз ете келіп, С.А.Плетнева «Хазар өздерін Түрік қағанатының тіке­лей мұрагері, өздерінің билеушісін қаған, мемлекетін қағанат деп атаған» дейді. Хазария қағанатының аз уақытта қыруар аймаққа билік жүргізіп, күшті мем­лекет орнату сырын зерттеуші хазарлар құрамына оларға тілі жақын көптеген түркі тайпаларының бірігуінен деп түсіндіреді. Алыс, жақын көршілерімен соғыста көбінесе жеңіске жетіп, «бағы» өрлей бас­та­ған Хазарияны әлсірету, бірлігін бұзу үшін дұшпандар түрлі әдіс-айла қолданудан іркілмеген. Олар Хазария мемлекетінің этнос­тық жағынан құрамдылығын, көп­дінділігін, мемлекет билеу жүйесінің әлсіздігін пайдаланып, алуан арам әре­кетке барған. Сондай тәсілдің бірі – Хазария мемлекетінің беделді адамдарын, әсіресе, елді билеуші әулеттің өкілдерін кейде түрлі сый-сияпатпен алдарқатып, енді бірде құдандалы болу арқылы христиан не еврей дініне  кіргізудің өзі сырт күштердің осындай жүйелі, мақсатты, жат әрекеттерінің жемісі. Ол замандағы күшті империя – Византия да жауынгер көшпенді халықтардың арасына іріткі түсіріп отырған. Өзінің қарақан басының пайдасы үшін елінің дәстүрін, ғұрпын сатып кететін дүниеқоңыз жандарды іздеп, оларды бірте-бірте құрған торларына түсіру арқылы қарсыластарының шебін ыдырату христиан елдеріне мемлекеттік саясат деңгейіне көтерілген еді. Мемлекеті де, халқы да, тілі де жо­ғал­ған осы жұрттың тарихы, кәсібі, дәс­түрі, тілі, діні, қалалары жөнінде түрлі тілдерде жазылған еңбектер бар. Мәселен, М.И.Артамановтың «Очерк древнейшей истории Хазар» (1937), С.А.Плетневаның «Хазары» (1976), М.Павичтің «Хазарский словарь» (2000) еңбектерінде де кезінде айбыны асқан Хазарияның басы таудай тарихының аяғы қылдай болуының нақты себептері баяндалған. Ал, белгілі академик марқұм Рахманқұл Бердібайдың кезінде жазған «Хазария қасіреті» деп аталатын мақаласында жері де, халқы да бай, қаһарлы мемлекет Хазарияның өзге елдер секілді гүлденуге, көркеюге барлық мүмкіндігі бола тұра өрлеудің орнына кері кетіп, тарихтың құрдымына түсуінің негізгі себептерін атап өткен. Бұл мақала 2005 жылы «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген Р.Бердібайдың бес томдық шығармалар жинағының екінші томында жарияланған. Айталық, Рахманқұл Бердібай өз мақаласында төмендегідей  бірнеше мәселені бөліп көрсеткен: Бірінші, Хазарияның қасіреті, ең алдымен, қағанның көз алдындағыдан әріге зердесі жетпейтін парасатсыздығына, қандай  мемлекеттің де  іргесі бүтін болуы халықтың басым көпшілігі тұтынып келген дін мен тілдің беріктігіне тәуелді мән бермей, дүниенің әр бұрышынан келген миссионерлердің жетегінде кеткендігіне байланысты; екінші, Хазарияда көпдінділікті қолдау саясаты мемлекеттің негізі халқы хазарлардың дәстүріне, ғұрпына, өзара бірлігіне орасан залал келтіріп, «шексіз космополитизмнің» үстемдік құруына жол ашқан. Мұндай көпдінділік Хазарияны елім, отаным дейтін отаншылдық сезім мен сенімді жоғалтқан, халық күнделік тіршілігінен басқаны ойламайтын тобырға айналған. Мұндай елді кез келген дұшпан қаусатып, құлға айналдыруға мүмкіндік туған; іштей тозығы жеткен мемлекет орыс князі Святославтың бір соққысына шыдамай, күлі көкке ұшуы осыдан; үшінші, ең сұмдығы сол – Хазария қағаны да, оның айналасы да дін деген қасиетті ұйымды ойыншық көріп, тілдің ұшымен ғана айтатын болған; қай күні қандай мықты мемлекет өкілдері келсе, солардың дініне бас шұлғып, ауанына жығылған; ақша, тарту әкеліп берсе, қас жауларымен де тіл табысқан; төртінші, хазарлар ежелгі дін, сенімінен адасып, елі талан-таражға түсіп, өздері басқа жұрттармен мидай араласып кеткеннен кейін тілінен айырылуы таңқаларлық емес. Ғалымдар хазар тілінің қазіргі мұрагері қай тіл дегенде толық жауап бере алмай жүргендіктері де елмен, дінмен бірге тілдің де жойылуының салдары болса керек. PS: Хазария қасіретін еске түсіруі­міздегі мақсат – ой-сана оянар ма дегендік еді. Асылы бізде «ел болайық, жұрт бо­­­лайық» дейтін сөздер көп айтылады да, соның орындалуына келгенде жай­барақаттық танытамыз. Нақты құқық­тық құжаттар қашан жүзеге асады? Неге салақпыз, ірге қайтып қым­талады? Ой­ла­найық ағайын, көпдінділік түптің түбінде түпке жетіп жүр­месе неғылсын, қауіптенгеннен айтамыз… Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

795 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз