• Тарих толқынында
  • 31 Шілде, 2020

АЗАМАТТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУДЕГІ ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕР МЕН ДӘЛЕЛДЕУ

Сотқа деген азаматтардың сенімі ең маңызды дүние. Сондықтан да, елімізде сот жүктемесін азайту, азаматтық процесті жеңілдету, сот ісін жүргізудің жылдамдығын арттырып, ашықтығын қамтамасыз етуге баса назар аударылған. 2001 жылы Азаматтық іс жүргізу кодексі қабылданды. Түрлі толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп отырды. 2015 жылғы 31 қазанда жаңа азаматтық процестік кодексі қабылданып, оны қазіргі заманғы демократиялық қоғамның деңгейін, әлеуметтік-экономикалық тенденциясының дамуын айқындайтын, сот реформасын жүзеге асыру мен сот төрелігінің санасын арттырудың өзекті мәселелеріне жауап бере алатын заң нормасы деп қарастыруға болады. Соттағы дәлелдеудің негізі табиғат пен қоғамдағы құбылысты байланыстырады. Бұл байланыс сотқа бір құбылыстың (факт, мән-жай) бар болуы, екінші бір құбылыстың шығуына негіз болатынын айқындайды. Елімізде сот жүйесін реформалау сот төрелігінің шынайы тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған орай, азаматтық сот ісін жүргізуде де түбегейлі өзгерістер орын алды. Азаматтық процесс азаматтардың ар-намысын қорғаудың, еңбек және басқа да дауларды шешудің, азаматтық-құқықтық қатынастың барлық субьектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етудің тиімді құралы болуы тиіс. Аталған міндеттерді іске асыру судьялардың, прокурорлардың, адвокаттардың, заңгерлердің жұмысында біліктілікті талап етеді. Заң ғылымының докторы А.Ф.Клейнман «дәлелдеудің өзі тараптар мен іске қатысушылардың сотқа дәлелдемені табыстауынан оларға анализ жасаудан және дәлелдемелерден даулы фактілерге қатысты қорытындылар жасаудан тұрады» деген. Яғни, сот процесінде дәлелдердің жеткілікті болуы маңызды. Жалпы, соттағы дәлелдеуді - соттағы дәлдемелердің көмегімен істі дұрыс шешу үшін маңызы бар немесе жоқ екенін бекітуге бағытталған субьектілердің әрекеттерін қарастыруға болады. Соттық дәлелдеу бұл істің мән-жайларын соттық дәлдемелер арқылы анықтау бойынша процеске қатысушылардың қызметі. Бұл тараптардың және өзге де қатысушылардың дәлелдемелерді табыс етуге, жинауға және оларды зерттеуге әрекеті. Мұндай құқық ҚР АПК-нің 63-бабында көзделген. ҚР АПК-нің 72-бабына сәйкес, ар тарап (талап қоюшы және жауапкер) өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуі тиіс. Осы мән-жайларды ҚР азаматтық процестік заңында белгіленген нақты деректер арқылы дәлелдеу қажет. Бұл нақты деректер: Тараптардың және үшінші тұлғалардың түсініктемелерімен, куәлардың айғақтарымен, заттай дәлелдемелермен, сарапшылардың қорытындыларымен, іс-жүргізу әрекеттерінің хаттамаларымен расталады. Азаматтық сот өндірісінде мән-жайларды танудың негізгі тәсілі ретінде іс үшін маңызы бар мән-жайдың бар немесе жоқ екенін, тараптардың қарсылықтары мен талаптарын, басқа да жағдайларды соттағы дәлелдемелер, яғни, соттық дәлелдеу жолымен бекітеді.Соттағы дәлелдеудің негізі табиғат пен қоғамдағы құбылысты байланыстырады. Бұл байланыс сотқа бір құбылыстың (факт, мән-жай) бар болуы екінші бір құбылыстың шығуына негіз болатынын айқындайды. Жалпы, соттағы дәлелдеуді-соттағы дәлелдемелердің көмегімен істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайлардың бар немесе жоқ екенін бекітуге бағытталған субьектілердің әрекеттері деп қарастыруға болады. Нені бекіту қажет және нендей мән-жайлар дәлелдеуге жатады деген сұраққа жауап ізделінеді. Іс бойынша дәлелдеу нақты және дұрыс анықтау-сот процесінің қорытындысы бойынша заңды және негізгі шешімнің шығуына негіз болып табылады. Азаматтық істерді дұрыс шешуге қажетті заңды фактілер мен өзге де мән-жайлардың жиынтығы қажет. Соттағы дәлелдеу өзара байланысты және өзара шартты бір-бірінен ажырамайтын 3 этаптан тұрады: дәлелдемелерді жинау және табыстау, сот мәжілісінде дәлелдемелерді зерттеу, дәлелдемелерді бағалау. Дәлелдемелер істің дұрыс шешілуіне әсер ететін шынайы мәліметтер. Дәлелдемелер біріншіден іске қатысты болуы тиіс, екіншіден заңда көзделген дәлелдемелерді сипаттайтын бірінші белгі-соттағы дәлелдемелер заңды тәсілмен алынған нақты мән-жайлар болуы тиіс. ҚР Конституцияның 77-бабының 3-тармағының 9-тармақшасында заңсыз тәсілмен алынған айғақтардың заңды күші болмайды делінген. АПК-нің 69-бабының 3-бөлігінде заңды бұза отырып алынған дәлелдемелердің заңдық күші жоқ деп танылады және оларды сот шешімінің негізіне алуға, сондай-ақ іс үшін маңызы бар кез келген мән-жайды дәлелдеу кезінде пайдалануға болмайды деп көрсетілген. Соттың дәлелдемелердің бірінші белгісінде дәлелдемелерге жол беру ережесі бар. А.Х.Гольстем «Дәлелдемелер әрқашанда тараптар арқылы ұсынылады және бұл тараптардың ерекше құқығы болып табылады, сот ешқашан дәлелдеме немесе анықтама жинамайды» деген пікір білдірген. Сондықтан да, сот процесіне екі тараптың да үлкен ізденіспен келуі маңызды.

Айбек АМАНГЕЛДИН, Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық сотының судьясы

2090 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз