• Ұлттану
  • 31 Шілде, 2020

ҒЫЛЫМ ДА, ДІН ДЕ ЖАНЫҢ ҮШІН

Мағрипа ЖЫЛҚЫБАЕВА, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент

Ана тілімізде адамның көңіл-күйі, сезім талғамы мен психологиялық іс-әрекетіне қатысты «жан» сөзі өте көп қолданылады. Түрлі жағдайларда айтылып жататын «жан тәтті», «жан сырым», «жан жарым», «жан серігі», «жанға шипа», «жаны жайсаң»,  «жаным сүйеді», «тән жарасы жазылар-ау, жан жарасы жазыла қоймас» деген сияқты орамдарды жүрек қылын шерттірерлік нәзіктікпен қабылдайды әр адам.

Сондай-ақ, «жаным қалайды», «жаным сезеді» немесе «жаным жүдейді», «жаным құлазиды» деген тіркестерді де жиі естуге тура келеді.  Ал Бразилияның Солтүстік аймағында зерттеу жүргізген палеонтологтар тіпті бұдан 100 млн жыл бұрын сол маңды алып жатқан мұхитта тіршілік еткен балықтың клеткасының сақталғанын да анықтап отыр (New scientist, 1992. V 133. №1809. р. 19. Ұлыбритания).

Осының бәрі неден бастау алады? Ғұмырымызға шолу жасап, өткен-кеткенді  сараптап, бүгінгіміз туралы ой толғасақ,  қазір ерекше бір кезеңде өмір сүріп жатқандаймыз. Арғы тегін маймылмен байланыстырса да еңбекпен жүріп, ақыл-ойды меңгердім деп санайтын адам, ғылыми-техникалық прогрестің шарықтау шегіне жеткенде әлем билеушісі  атанып, Құдайды жүректен шығарып тастамақ болды. Ғылым ақыл ойдың жемісі болса, діннің жүрек сұранысынан туғанын пенделер ұмыта қалғандай.

Өндірістің  қай саласын алсаң да бұл күнде теңдесі жоқ жаңалыққа толы. Шексіз мұхитта китше жүзіп, тұңғиық аспан әлемінде самұрықша зулаған темір кемелер ұшырдық. Тайыншадай егеуқұйрық өсіріп, мегежінсіз торай алып, шыны ішінде анасыз бала жасап, қызды еркек жынысына айналдырып жіберуге жеткен біліміміз  бен шеберлігіміз әрине,  күпсіндірмей қоя алсын ба?  Бірақ өндіріс пен ғылымның осынша шапшаң өрлеуі жан-дүниеміздегі ізгілік қасиеттерді тұншықтырумен болғанын сезбейміз-ау.

Көңіл сүйсінер әдемілік пен көркемдіктің, жанға жайлы табиғилықтың сырт айналу пейілі тәнді жайлағалы бері гармониялық тұтастық быт-шыт болып бұзылды да, татымсыз тармақтарға жіктелген белгісіз абстракционализмге  бой ұру күшейе түсті. Енді міне, миды сарқа іске асырған сол кереметтеріміз өз еркімен  жіберген көп қателіктер кесірінен ғұмырын қысқартып алып, анау дүниеге мезгілінен бұрын аттанғалы тұрған сырқаттың  бой жазғанын елестетуде. Өйткені, қазіргі ғылым мен адамзатты бақытқа жеткізер жолды көрсетіп бере алған техникалық прогресс айналып келіп адамның өзін күйзеліске ұшыратып тынды.

Техникалық прогрестің дамуы ХХ ғасырда бақытсыздық тұздығын  осынша арттырмас па еді деп ойлайсың. Әсіресе  мынандай үш қателікті айналып өте алғанымызда, біріншіден, ғылымның түрлі саласы бойынша ақыл-ойдың жеткен шыңы, мейлі ол химия, физика, биология, бактериология, кибернетика, психология, т.б. ғылымдар болсын, жалпылама игіліктен гөрі  қару-жараққа жұмсалғаны табиғат  алдындағы кешірілмес күнәнің ең зоры еді. Тіпті бар байлықты жұмсап, ғарышты айналдырдық. Кеткен еңбек пен ойдың 80 пайыз шамасы тағы да  осы түпсіз апанға түскенін білгенде  күйзелмей қалай тұрарсың? ХХ ғасырдың ортасына жеткенде ғылыми тоқыраудың басталуы да жарыса қаруланудың кесірінен емес пе?

Кеңес Одағы бойынша  ғарыштық техника саласының ірі бір маманы К.Феоктистовтың «Квант» журналына (№4 1992, 17 бет) берген сұхбатында ғарышқа ұшырудағы көп жоспарлардың  қайтымдылығы нөлге тең боп, әйтеуір барлық салада бірінші болу керек деген ұранмен қыруар шығынның желге кеткені айтылған. Миллиондаған сомға жасалып, неше ондаған  жылдар ішінде ешбір қолданыс  таппай,  не үшін жасалғаны да белгісіз боп тұрған ракеталар қаншама? Бір өзі  300 млн тұрарлық «Боранның» қызметін де пайдаланып жатқан ешкім жоқ.

 Адамға деген  игіліктен гөрі жер мен көкті тілгілеп, экологияны тоздырған ойсыз жоспарлар еселеп іске асып жатты-ау сол кезеңдерде. «Кім кімнен озады?» дегенді мақсат тұтып, көзсіз қаруланудың нәтижесінде бүгінде жер бетін жайлаған 5,4 миллиард адамның әрбіреуіне үш тоннадан тиетін қару  түрлері жинақталып, іске қосылар сәтін тосып отырғаны да көпке аян.  Ал психология  саласынан қол жеткізген табысты қаныпезерлер қолға түсірсе, Құдай оның бетін ары қылсын, мыңдаған шақырымда қаннен-қаперсіз  жатқан тұтас бір елді  ақыл есінен айырып, тілсіз құлдар тобырына айналдырып жіберер кесапаты да жоқ емес. Қара ниеттің еркіне берілсе жасанды жолмен зілзала туғызып, халықты мылтықсыз қырар тәсілін де дайындаудан тайынып отырған жоқ.

Екіншіден, қомағайлыққа шексіз  берілудің кесірінен пенделер ішер су, жұтар ауасының қасиетін сезінуден ерте айырылды. Сол көзсіздіктің ақырында  бар нәрселер жойылып, кең дүние тарылуда. Адамдар  өзі шақырып алған цивилизация сырқаттарынан қайда қашып құтыларын білмей тоқырауға тап болды.

«Оқырман алдында өзін қандай да болмасын құдірет иесіндей көзқарас тудыру үшін біздің заманымыздағы талай ғылыми шығармалар әдейі жартылай мистикалық тілмен жазылуда» деп К.Ланцош айтқандай, адам мен табиғат арасындағы теке-тірестің шығуына басты кінәлілер соңғы  жүз жылдықтағы  үлкенді-кішілі  ғалымдар тобы. Жаратылыс сырын ұғынып, қасиетін танитын дұрыс  жолға халықты жетелеу орнына олардың әрқайсысы өзін бір-бір дарын иесі санап, тар салаға түсіп алды да, бетімен кетті. Қайсыбірі милитаристік пиғылдың тұтқыны болғанын сезбей де қалды. Ашқан жаңалықтарының көпшілігі  өз елінің  мемлекеттік қорғанысын күшейтті дегенмен, айналып келгенде  табиғат анаға теңдесі жоқ опат боп оралғанын мойындағысы келмейтіндер де жетеді бүгінгі ғылыми ортада.

 Жеке бір саланы ғана емес, түрлі бағыттағы ілімді бойына тоғыстыра білген адал ниетті жандар ғана дамудың ең жоғарғы деңгейіне  жете алмақ. Сонда ғана адам баласы  жүрек пен мидың арқасында  дүниенің бар болмысын  тани алар қабілетке ие боп, бақытты қоғам құруға  шынайы ұмтылар еді-ау. Бірақ тіршілік  атаулының  ұстап тұрған мүшелері түгелдей бір-бірімен жіпсіз байланыста екенін сезе тұра мән бермей, жаратылыстың  тұтастығын түсінбей, ғарышпен байланысты сыңаржақты қабылдап, үшінші қателікті қоса жіберіп, орны толмас өкінішке ұрындық.

Тұңғиық әлем ішінде үлкендігі тарыдай ғана жер бетін жайлаған адам қауыздай қаһарына қарамастан өзін әлемнің тұтқасы сезініп, төңіректегі  жасыл дүние, жан-жануар болмысымен санасуды мүлдем естен шығарды. Бүгінде  секунд  сайын бір гектар орман оталып, тақырға айналса, әр минутта  аң мен құс, жыбырлаған жәндіктің кемінде бір түрі келмеске кетіп, орны жетімсіреуде. Жан тоқырауы тереңдеген сайын  адамдардың ортаға деген ниеті тарылып, қатыгездігі күшейді. Кешегі жарқырап жатқан айдын көлдің суалып, сарқырап аққан өзеннің қаңсып қалуы мен иісі аңқыған көк шалғынды жұпар даланың шөлге айналып, көк төбелердің күл мен қоқырдың мекені болуы имансыздықтың нәтижесі емей, немене?

Жерге де, Көкке де, Аллаға да «Адамға табын» деп, ұрандаған жылдар ішінде  алты қабат  аспан мен жеті қабат  жерде үңгілмей қалған орын бар ма? Жер асты байлықтарын қисапсыз сорғаннан пайда болған үңгірлер аз болғандай  сан түрлі қару-жарақты  жарыса сынаудан түскен соңғы елу жыл ішіндегі жарақаттың зардабынан бүгінде тұтас Планета ыңырсиды. Бабаларымыз 1000 жыл ішінде жасай алмаған оспадарсыздықты біздер, бар болғаны елу жылдық қысқа мерзімде іске асыртып, бүкіл жердің  ұйпа-тұйпасын шығардық. Осы екпіннен таймасақ, өкпеміздің қорегі оттегінің азайғанынан шегер азапқа қоса өзіміз тескен төбедегі озон ойықтарынан зулаған радиация жаңбырының көн тулағына айналар қауіп те онша күттіре қоймас. Ал оның тездетілуі жер бетін жайлағандардың қолында.

Имансыздық оңай жау емес

Пенделердің табиғатқа қатысты жансыздық іс-әрекеті мен тәубеге келмес тойымсыздығынан туған зиян қоршаған ортадан төнер қауіппен ғана шектеліп тұрған жоқ. Ол адамгершілік бейнесіне де, бір-біріне деген кісілік құнының құлдырауымен, түрлі кесапаттыққа бойұсынуымен де қомақтана түсуде.

«Не ексең, соны орасың» дейді халқымыз. Кезінде ұлды әкеге, қызды шешеге, ініні ағаға қарсы айдап салған қатыгездік пен құйтырқы идеология, имансыздық салдары бүгінде  өз жемісін еселеп  беріп жатыр. Жан аурулары мен бұзақылар санының өршуі, тірі жетімдер мен жесірлердің көбеюі, т.б. Өміріміздің көңілге кірбің ұялатар толып жатқан келеңсіздіктері ұзақ жылдар бойы қоректі ортада пісіп жетіліп, мезгілінде қалқып, бетке шықты. Бүгінде креслода отырғандардың ішінде техникалық білімі жетіктер көп, бірақ олар рухани жағынан өте жұтаң адамдар. Рухани жан қазынасы біздің елде құрметті емес, ол модыда жоқ қой. Кезінде КСРО-ның екі съезінде де мәдениетті ең төмен сатыға қоюы арқылы онсыз да күн көре алатындарын танытты. Сөйте тұра біз бетбұрыстың жеңіске жетуін тілейміз, ә?

«Жетпіс жылдан астам уақыт миллиондаған жанның ойлау қабілетін бір деңгейден асырмай, тұқыртып ұстап, жаттанды лозунг пен жалған цитаттар миды шірітіп, түрмелер мен жындыханалар үрейді алып, тек өтірікке толы үгіт пен насихаттан қоректенген» деп жазушы Николай Рачковтың («Правда» №301, 1990) бетінде күйіне жазғаны ақырында шындыққа айналып, мешеулік өз дегенін істеді.

Адамға табыну пиғылы үстемдік құрған заманда уақыт ырқынан шыға алмай, ұршықша зырлап күн кештік.  Кісіліктің не екенін түсінуге  мұрша жоқтан еріксіз роботқа айналу да оңай болды.  Ет пен сүйектен жаралған робот үшін жан сезімі қажет емес пе еді, оның тағдыры  үлкен әріпті адам қолында ғой. Бұған аяу мен мүсіркеу, өзгені  тұрмақ өз жанының құны неде екенін сезінбейтін дінсіздер көп қазірде. Ғылымды қай жерде болса да іздеп барып үйреніңіз. Ғылым іздеу әр адамның парызы. Жолдың қашықтығына, халықтың жаттығына қарамаңыз. Ғылымды қайдан көрсеңіз, сол жерге барып үйреніңіз.

«Халыққа қарсы топырақ шашпа», «Халықтың назасына қалма»  дейді қазақта. Терең толғаулы ой  тұжырымдар мен халықтық наным-сенімдердің қадір-қасиетін ерте бастан бойға дарыту парыз екенін де жалған алданышпен жүріп байқамай қалыппыз. Имансыздың мерейі үстемдік алғанда жеке адам тұрмақ тұтас бір халыққа күйе жаға салу да оңай болды. «Наука и жизнь»  журналы (№5, 1990) ашаршылық жылдары қазақ жеріне қаңғып келіп, қазақ үйінің асын ішіп, жанын сақтап қалған босқынның «Қазақтар кір, лас тұратын халық. Қымыз ішкен үйдің ыдысының кірі-ай! Бірақ сонда да болса қымызын іштім» деген сияқты сандырақтарға тұтас беттің жартысын берген. «Асыңды ішіп, құдығыңа түкіру» деген осындай-ақ болар.

Бабалар мұрасындағы әрбір мектеп оқушысы үшін математикадағы жаттығу кестесінің жанына қойып үйренерліктей жолдар көп. Олар адамгершілік пен саналылыққа жол сілтейді. Шаң басқан архивті көтеріп, өткенімізге үңілсек, жоғалтқанымызға жолығып, жан-дүниемізге керекті таусылмас қорек табатынымыз хақ.

Адам мен Құдай арасындағы байланыс сыңаржақты, адам Құдайға тәуелді, ал Құдай адамға тәуелді емес. Өзінің көңіл-күйімен, іс-әрекетімен адам Құдайға ешбір әсер ете алмайды. Бұл аспан Планеталары мен жұлдыздардың, жалпы бүкіл Әлемнің бар болуы біздің санамыздан тыс екенін, олардың бізге тигізер әсері мол болғанымен біздің оларға  ықпал ете алмайтынымызды білдіріп тұр емес пе? Олай болса пенде өзін дүниенің тұтқасы санауы күлкілі жай. Адамға кең пейілділік пен әділдік Құдайдан деген ұғым бар.

«Құдай жаратқан нәрсенің ешқайсысы да із-түзсіз жоғалып кетпейді» деген халықтық танымнан барып «Тән өлгенмен жан өлмейді» деген ұғым қалыптасқан. Бұл біздің ілімдегі «Материя із-түзсіз жоғалмайды және жоқтан пайда болмайды» деген қағидамен өзектес. «Құдай әділ» деген сөз жаратылыстың негізі әділеттілікке құрылғанын көрсетеді. Адам өзінің іс-әрекетінде әрқашан залалдан қашып, адалдыққа ұмтылумен келеді. Құдіреттің әмірі де солай.

Жалпы дін (религия - латын сөзі),  «байланыс» деген ұғымды, яғни, жер бетіндегілердің аспан әлемімен байланысы барын білдіреді екен. Дінде адамдардың қоршаған ортамен тіршілікке қажетті моральдық бейнесімен қоса психологиялық әрекеті де терең қарастырылған.

Ерте кезде ауыл қариялары мал соярда бата жасап, одан соң бауыздар кезінде  бала-шағаны дабырлап сөйлемеуге шақырар еді. Сөйтсек, ол әрекет малдың жаны шығарда шошынып қалса етінің дәмі болмайды деген сенімнен туған екен ғой. Шынын айту керек, көбіміз  соқыр сенім иесі деп келген бұндай ұғымдарға қазіргі ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша да басқаша баға берілуде. Жаны шыққан малдың етінде улы өнім берер химиялық түзілістердің лезде жүріп өтерін мамандар анықтап отыр. Онда қасаптарда қолданылып жүрген қазіргі  жабайы  тәсілдерден өткен мал етін жеген  біздің денсаулығымызға қанша «үлес» қосылып жатқанын білеміз бе? Осының бәрін  алдын-ала оқып туған көне көздерге соқыр сенім таңбасын жапсырудан тынбаған бүгінгінің «сауаттылары» жығылып жатып, сүрінгенге күлгеннің өзі болып шықпай ма?

Бабаларымыздың ертедегі діни сенімдерінде  әлем ішіндегі табиғи үндестікті түсінуге жүйелі талпыныс болғанын танитын кез жетті. Бірақ ондай таным жолында  қазіргі ұрпақ шешуін таппаған сұрақтар әлі де көп. Соның ең бастысы «жан» туралы. Қоршаған орта табиғатты ғана емес, ішкі дүниеміз бен ой-сананы да барынша жаулап алған техника мен екпінді өндіріс кезеңінде жан туралы сөз қозғасаң қайсыбіреулер оны мысқылмен қабылдауға даяр. Ондайлар жан иесінің ғарышпен байланысын жоққа балап, тек көзге көрінер биологиялық тәнді ғана мойындауға бар, тіршілік процесін түгелдей сол тәнге жүктемек.

 Проф. В.Казначеевтің француз журналына берген сұхбатындағы мына жолдарға зейін қойып көрейікші: «Біз мыңдаған тәжірибелер жасау арқылы тірі организмдердің шынайы табиғаты олардың даралығында емес, бір-бірімен әсерлесуінде  екенін білдік. Біз биоөрістердің де барын мойындауға мәжбүрміз.  Жұмыстарымыз тірі клеткалардан өзге ғарыштық өмірдің де, өрістік өмірдің де бар екенін дәлелдейді.

Қай сала болса да өз шығармаларының қайталанбас ерекшелігімен таңдандыратын дарын иелерінің бар екенін білеміз. Шығармашылыққа  қатысты қолданылатын «дарын» сөзінің өзге тілдегі баламасын іздесек,  орысшасы – одаренный. Сонда оның мағынасы бойынша  кісі белгілі бір қабілетті өз қалауынша еркімен дамыта алмайды, оған сырттан біреу сыйлайтын сияқты. Тағдырдың өзіне тартқан сыйын адам өмір бойы аялап сақтайды. Сақтап қана қоймай, нәр беріп, қанат бітіреді.

Дарынды шығарма (сурет, сәулет өнері, сөз тізбектері) қашанда шабыт қысып, жаны шарықтаған  сәттерде туылатын творчество адамының бәріне аян. Бірақ неге кез-келген творчество адамын бірдей деңгейде шабыт қыса бермейді? Шыңғыс Айтматовтың атақты романдары оның туған топырағынан гөрі өнері мен мәдениеті, әдебиеті мен ғылымы өзгелерді аузына қаратқан  Еуропа елінің бірінде неге өмірге келмеді?

Пушкин сиясы мен қаламын дайындап, музаның келуін күтумен кейде түн күзетеді екен. Ван Гог атақты суреттерін саларда ерекше құшырланып, болмаған күйлерді басынан кешіру арқылы шабытын шақырып, мақсатына жететін болған. Ал Рембрант  есі ауған  кісіше жүрген. Бұдан неше жүз жыл бұрын салынған Ван Гогтың «Күнбағысына» сіңірген  энергиясын ХХ ғасырда дүниеге келген дарынды шығармалардың ешбірі де көрсете алмайды, неге? Жаңа туған сәбиге баяғыда «Басыңа таусылмас дәулет, кетпес бақ берсін, жаның жамандық көрмесін!» деп, бата береді екен. Сонда «берсін» деп кімге қарата  айтылып жатыр?

Егер Гарри Каспаровқа құпия күштерден хабардар экстрасенс  Тофик Дадашев оң ықпал етпегенде Карповты жеңе алмас еді. Ал проф. Зухар талант көзін ашуға себепкер болмағанда Карпов та көптің бірі боп жүрер ме еді, кім білсін? Мінеки, дінге сенбес боп көрінген партия мүшелерінің нағыз материалистердің  кісіні «өлді, бітті» деп санағанымен, көне дәуірліктер, оның ішінде біздің бабаларымыз да өлмейтініне сенген, оны тірі болудың шексіз түр өзгерісінің бірі ретінде ғана қабылдаған. Соның бір көрінісі Тибет аңызындағы аспаннан түскен жұмыртқадан шыққан сиқыршы, алып күшті адам. Жер бетіндегі цивилизацияның алғашқы орталығының бірі Тибет  болғанын еске алайық. Мүмкін ол өзге Планета тұрғынының ұшып келгенін сипаттайтын көрініс болар. Бірақ ол жағы  біз үшін қалың тұман. Шешуін таппаған сұрақтар көп қой. Осыған дейін ілгері даму дегенді сыңаржақты түсініп, техника мен өндірістің өсуімен ғана өлшеп, сансыз зиян шеккенімізді  сеземіз бе? Нағыз прогрестік өрлеу болу үшін рухани жан-дүниенің ілгері өсуі керек емес пе еді? Ол имандылық бар жерде ғана іске аспақ.

Көнеден жеткен үзік ойға жүгінсек...

Адамзат жер бетін  жайлағалы «жан» ұғымына қатысты ойланудан бір тынбапты. Қолына қалам ұстаған зерде иесінің  бәрі де оған аялдамай өтпеген. Жанның бар-жоғына, оның өлетін-өлмейтініне пікірталас бүгінде жалғасып жатыр. «Қайсыбір жағынан қарағанда жан өлетін сияқты болғанымен ол өзінің жаратылысы бойынша өлмеске жатады» деп жазған екен, бұдан 500 жылдай бұрын П. Помпанаций ғылыми трактаттарында.

Адам табиғаты жағынан өте күрделі. Ол мәңгі жасайтын денелер мен ғұмырлы мерзімдіктердің екі ортасында тұрғандай. Сол себептен де үш түрлі жан бар десек болар. Оның біреуі өсімдіктерге тән. Екіншісі сезімге құрылған. Ал үшіншісі ақыл-парасатқа сай, үш түрлі адамдар тобын кезіктіресің. Саны тым аз болса да ұлылық деңгейге жеткендер бар. Кейбіреулер өсімдікке тән сезімталдықты санамен толықтыру арқылы да тәп-тәуір тіршілік етуде. Ал енді біреулердің ақыл-ойы айтарлықтай биікте болмаса да жанның өсімдікке сай түрімен-ақ сезімге бөленген өміріне риза. Соңғысы жануарларға лайық әрекеттен онша ұзап кете алмаған. «Адам жаны түрлі жануарлардың денесіне барып кіре алады» деген Пифагор сөзі  мүмкін осы үшінші деңгейдегілерге тиесілі айтылған шығар.

Аверроэс пен Фемистийдің ой толғауларында, санаға құрылған жан барлық адам үшін сан жағынан бірлікке ие болса, өлетін жануардың түрі тым көп-ақ. Платон: «Адам дегеніміз – денені иемденген жан» десе, Аристотельше «Адам  дегеніміз – сана». Өзге бір ғұламалардың пікірінше, Жан дегеніміз қозғалатынды қозғаушы  ғана емес, кісіге қатысты айтқанда тәнді пайдаланушы жаннан гөрі материяға кигізілген форма. Фома Аквинский ол жөнінде мынандай тұжырымдар ұсынады:

  1. Кісідегі сезімталдық пен саналылық тең шамалас.
  2. Жанның бары рас және ол табиғаты бойынша өлмейді.

3.Жан адамды қозғалысқа келтіруші ғана емес, оның формасы да болып саналады.

  1. Жанның саны индивидум санына тең.
  2. Жанның тіршілігі тәнмен бірге басталады, бірақ ол Құдайдың құдіретімен оған сырттан келіп кіреді және туу процесінде емес, пайда болу сәтінде сонда да болса ол тәнмен бірге өлмей, одан кейін де мәңгі жасап қала бермек.

Хикмат іліміне бой ұрған көнедегілер адамзат ұрпағын түрліше қызмет атқаратын, бірақ мақсаты ортақ, мүшелер  жиынтығынан құралған тұтас бір денеге ұқсата қарайды. Сондай бір мақсат жолында сананың үш түрі де шығармашылық, қайраткерлік пен іскерліктің қоса жұмылуы керектігін  баса айтқан. Осы аталған ерекшеліктер мөлшері жағынан пенденің бәрінде бірдей бола алмасын айта келіп, Аристотель мен Платон мынандай ойға келіседі: «философия – Құдайдың берген ұлы сыйлығы. Адамдардың бәрі де өзінше философ, бірақ соның ішінде оның қыр-сырын жетік меңгеретіндері көп емес... Жүрек денеде қандай қызмет атқарса, шығармашылықпен шынайы айналысатын ұпақтары адамзат үшін сондай қымбат...».

Өзге жандармен қарым-қатынасына қарай кісі баласы мейірімді, не мейірімсіз болары айқын.  Бірақ бұндай қасиеттердің кәсібі іскерлікпен байланысы біліне бермейді. Мысалға, өте жақсы физика маманы деген сөз жақсы кісі деген ұғымды бере алмаса керек. Соны терең түсінген даналар адамзат қоғамындағы тіршілікте парасаттылық пен мәдениеттің жетілген түрін меңгеруге әр кісінің ұмтылуын уағыздайды. Жұрттың бәрі түгел ғалым, не етікші болуы міндетті емес. Бірақ әлемнің бар болуы мен оның ішіндегі ғұмыр жалғасын табу үшін адамдардың өзара әділ де мейірімді қатынас жасайтын ақыл иесіне көтерілуі қажет-ақ. Қазіргі бізде тапшылық танытып жүрген де осындай қасиеттер емес пе?

Мамандық саласы бойынша түрліше істі атқару қоғамға қажет. Ол қолдың қызметін аяқ алмастыра алмайтыны тәрізді кісілердің табиғи ерекшелігінен туған. Тіршілікте әр жанның өз орны, сүйіп атқарар істері бар. Нашар инженерден гөрі жақсы етікші қоғам үшін әлдеқайда қымбат. Табиғаты бөлек, жаны жұғыса алмас жұмыстарды атқарушылардың саны көбейген сайын қоғамда ілгері дамуға тиесілі  өркениет орнына кері шегініс басым болмақ. Әркім өз талғамына сай ой жүйесі жетерліктей қызметпен айналыспаған, жасандылық басым ортада былықшылықтың көбейері хақ. Осылайша жан тоқырауын молайтқан Кеңес үкіметінің соңғы жиырма жылының санамызда қалдырған сырқатынан жазылу үшін әлі қанша күш керек?

Ерте дүниедегілер өмірді «тартқыш» деп атағанда: Адам жаратылысқа оны уақытша бергені үшін де ризашылығын білдіріп, «өлімнің келерін қорықпай күту керек» деген сенімде  болған. Егер ХХІ ғасырдың тұрғындары да осындай тәубеге келіп, өмірдің соңында өлім тұрғанын ойға ала білсе, тіршілікті үрейге толтырған бұзақылықтың саны осынша көп болмас па еді? «Бұзақылар сондай іс-әрекетімен өзінің шексіз бақытсыздығын танытады» деген Платон сөзін еске түсірсек, бақытсыздарды көбейтіп отырған қоғамның да дені сау болмағаны ғой. Бірақ қоғамдық құрылыс дайын күйінде аспаннан түсе ме, оны құратын адамдардың өзі емес пе? Олай болса, қоғамның түрі ондағы ғұмыр кешетіндердің бақытты, бақытсыз болуы сол ортада тұратын әрбір жанның ақыл-оймен істеген әрекетіне байланысты.

«Патшасы халқының өзіне сай келеді» деп, көнедегілер тауып айтқан. Биік мақсатты көздеген өркениетті қоғам парасатты жандардың күшімен құрылмақ. Әрбір түтін иесі саналы өмірге ұмтылған қоғамда халқының да мерейі үстем болады қашанда. Имандылық бар жерге жақсылық та үйір. «Өзгеге жақсылық жасай алар қасиетіңнің болуы сен үшін үлкен сыйлық, – деген Аристотель. – Кім рухани қазынадан гөрі тән рахатын артық көрсе сол хайуанға бірінші боп айналмақ. Кім байлықты бәрінен жоғары қойса, сол алтын теңге құндас күйге түседі. Осы себептен де біреулерді хайуандық тіршілік иесі, екіншілерді ақылдан адасқандар дей ме? Ал енді өзге бір жандарды керемет қасиеттері үшін Құдаймен жақындастырып қоямыз...».

«Жақсылық – жаннан, ал денсаулық – тән күшінен» деп санайтындар тән табиғатын түгелімен жан қозғалысына бағындыра қарап, бет-пішін кісінің ішкі жан-дүниесінің бейімділігін танытып, кейбір құмарлық ерекшеліктерінен де хабар беретініне шынайы сенген. Жанның бар екенін мойындау ниеті қазақтың әдет-ғұрыптарында жақсы сақталған. «Әруақ разы болмай тірі байымас» деген  тұжырым әруақты сыйлау мен құрметтеуден шықты. Діни сеніміне қатыссыз барлық халықтар әруақтың барын мойындайды. «Жан – тәннің қонағы» дейді біздің халықта. Мұсылман діні бойынша кісі қайтыс болғаннан кейінгі берілер жетілігі, қырқы мен жылына тиесілі әрекеттерді еске алсақ, жан тәнді тастап шыққаннан кейін де оның не күйге ұшырағанын үнемі сезіп отыратын тәрізді. Алты-жеті күн өткенде тән бұзыла бастайды, ісіп-кеуіп, қырық күн өткенде жарылады, бір жылда сүйегінен ажырайды делініп, осы өзгерістерді көрген сайын жылайтын жан қиналысын жеңілдету үшін ас беріп, Құран оқытылмақ.

Ал енді сол жанның бар екенін біз неге біле алмаймыз? Бары рас болса бойдан шыққан жан қайда барып орын тебеді? Бұндай сұрақтардың кімді де болса қинайтыны рас.

Жан туралы

АҚШ ғалымдары толып жатқан тәжірибелер негізінде қайтыс болғандардың дене салмағын зерттеген. Ауытқуларды ескере отырып, өлшеулер жүргізу барысында олар денеден шығып кеткен жанның массасы 2,5 пен 6,5 грамм аралығында болады деген тұжырымға тоқтайды. Ол шындығында  адам жанының массасы ма? Біздің түсініктегі инерттілік өлшемінің қызметін атқарып жүрген кәдімгі еркін түсу үдеуіне көбейтсең, дененің жерге тартылу күші – салмақты берер масса, сонда жанның да өлшемі болуға жарағаны ма? Бұл күмәнды нәрсе және физиканың белгілі заңдарына да қайшы. Бұндай қарсы пікір тудыруға себеп болған ойларымызды таратып айтсақ:

Біріншіден, массасы бірнеше грамдық дене тығыздығы шектен тыс жоғары болмаса көзге көрінетіндей болуы керек. Бірақ адамзат жаралғалы бергі уақыт ішінде жанды көзбен көрген пендені ешкім кездестірген жоқ.

Екіншіден, жанның кез-келген тос-қауылдан, бетон қабырғалар мен шойын есік сияқтылардан еркін өтіп кете берері көптен сөз болып жүр. Егер жан толқын іспетті болса ғана осындай қабілетке ие болмақ. Бірақ дененің толқындық қабілеті оның массасына кері байланыста. Массасы артқан сайын бөлшектің толқындық сипаты кемитінін 1924 жылы француз физигі Де Бройль ашып кеткен. Де Бройль ұсынған сол өрнекті негізге алып есептеп көрсек, массасы бірнеше грамдық дененің (мысалы, жанның)  толқындық қабілеті жоққа тән болып шығады. Сонда зерттеушілер ұсынып жүргендей жанның да лабораториялық жүйеде өлшеуге келетіндей бірнеше грамдық массасы болса, онда толқындық қабілетінің болмағаны. Басқаша айтқанда дененің массасымен толқындық ерекшелігі бір қазанға сия алмас екі қошқардың басындай қарама-қайшы қасиеттер.

Жарайды, солай бола тұрса да «жанның» массасын Америка ғалымдары дұрыс-ақ анықтады делік. Осы жерде өзімізге  жақсы таныс денелердің ішіндегі ең жеңілі тозаң түйіршігін еске алайықшы. Оның массасы шамамен грамның миллионнан бір бөлігіндей ғана болса да ақырында айналып келіп ауырлық күшінің әсерінен жер бетіне қонуға мәжбүр. Ал жоғарыда сөз болған жанның массасы бұдан бірнеше миллион есе артық боп тұрғанда тозаңға әсер еткен жердің тартылыс күші жанға әсер етпей, еркіне жіберіп қояды десек, қисыны болар ма екен?

 Сонша үлкен массасы бар болса (тозаңмен салыстырғанда ғой), жерден жеңіл көтеріліп, кез-келген тосқауылдан еркімен өтіп, зулап кете алмайды, жер бетінде қалуы керек. Бірақ жан табиғаты бойынша жер өнімі емес. Сондықтан, тәнді тастап шыққан соң ол жер бетінде қала алмайды.

Топырақ өнімінен құралған біз топыраққа шыққан өніммен қоректенбес едік. Тәніміз болса тиесілі қызметін аяқтаған соң өз төркініне қайта оралады да табиғи процестерге қатысып, уақыт  өте құрамды бөлшектерге ыдырап тынады. Оның ұзақ мерзім бойы сақталар деген қаңқасының өзі неше мыңдаған жылды артқа тастап барып шөгінді жыныстарға (бор, әктас, мрамор, т.б.) айналып, жердің литосфера қабатын құрауға үлес қосуда. Ал енді тіршілігі аяқталған тән қабатынан босанып шыққан жан ол сияқты биологиялық тамыр-талшықтардан тұрмаған соң да жер қойнына орала алмайды. Жан жер өнімі боларлықтай қарапайым нәрсе емес, деңгейі бөлек дүниенің өкілі, біздің лабораториялық ұғымдағы массамен қатысы жоқ, асыл энергия шөкімі. Сондықтан, оның орны жоғарғы кеңістікте болуға тиісті. Кеңістік пен уақыттың қасиетін дұрыс ажырата алмай отырған қазіргі ғылыми таныммен қаруланып, жанның масасын іздеу мәңгі двигательді іске асырмақ болғанмен теңдес әрекеттей.

Жан – жаратылыстың бізге берген ең қымбат сыйы. Оны көзбен көріп, салмағын өлшеп, қыр-сырын анықтай алатын болсақ ХХ ғасырдың қатыгез ғалымдары бүгінге дейін түрліше тәжірибелер жасап, біреудің жанын суырып алып біреуге салғанды лабораторияларда іске асырып та үлгереді. Осындай пендешіліктің боларын алдын ала көре білген құдірет жанымызды көзге түспес, қолға ұстатпас, түйсік жетіп түсіне бермес қасиеттерге бөлеп қойған.

Құдіреттің өз еркімен берілмесе жан пәни дүниедегінің қолынан түсіп, зерттеу объектісі бола алмас материяның ерекше асыл  түрі. Жан иесінің адамдық құны оның өзіне тиесілі жан қасиетінен көрінбек. Жер бетін жайлаған 5,4 млрд адам болса бір-біріне мүлде ұқсамас сонша түрлі жандар бар. Оның біреуінің параметрі екіншісіне мүлдем келмейді. Биологиялық тәндегі мүшелер саны бойынша кісінің  бәрі бірдей  сияқты боп көрінгенмен олардың жаны әр басқа.  Қазіргі деңгейдегі  адам санасы жетерліктей өлшем бірлігіне ол бағына қоймас. Жанның бар-жоғын бүгінге дейін түсіне алмауымыздың себебі де осында жатыр. Адамды адам етіп ұстап тұрған ең қымбат қасиеті грамдап өлшеуге түсерліктей болса, адамзат бойында нендей құн қалмақ? Жаратылыстың ең асыл өнімі ақыл иесі екені онда жай сөз болғаны ғой.

Көптің алдында даралығын танытпақ үшін жалған фактілерге жол беріп, «жан» деп аталар баға жетпес асыл дүниенің қадір-қасиетін таяз танымға лайықтап арзандату бірер кісінің ғана емес, жалпы адам затына тән ерекшеліктің құнын құлдыратады. Кісінің табиғат аясындағы ұстап тұрған орнын жәндіктен төмен мүшкіл күйге түсіру деген сол. Әйтпесе  адам жаны өзіне қызмет етуші өзге денелер мен заттардың құнын өлшейтін өлшем бірліктер жүйесіне бағынбауы керек. Ол тұрмақ бір анадан туған екеудің жандарын бір параметрге сыйғызуға болмайды. Адамның даралығы мен феномен қасиетінің құпиясы да осында деп білеміз. Басқаша болса құдірет мына дүниедегі бір байлық пен билікті пенде қолына беріп қояр ма еді?

Тәннен босап шыққан жан – сана иесі. Оның ендігі қорегі ғарыш энергиясы болмақ. Сол жанның иесін естен шығармай дұға  оқытып тұратын артындағылар да өз ойы арқылы оған қорек жібереді. Бақи  дүниедегі жан үшін ешқандай зат қажет емес, оған жер бетіндегідей ыстық, суық та әсер етпейді. Оны өлтіру де ешкімнің қолынан келмейді. Кеңістікте қозғау да жанға қиын мәселе емес, кез-келген сәтте қалаған орында болып, біздің не істеп жатқанымызды көріп білуге қабілетті-ақ. Сонымен, бұдан мыңдаған жыл бұрын жазылған Шығыстың діни философиялық кітаптарында да, біздің жыл санауымыздан бермен қарай пайда болған мұсылман діні бойынша да, түрлі халық өкілдерінен шыққан ғалымдардың зерттеуіне қарасақ та, мәселенің түйіні біреу-ақ, жанның бар екенін мойындау және тозақ азабын тартпаудың қамын тіршілікте ойлау. Ол үшін әр адамға да имандылық қажет.

Ал енді мына дүниедегі өркениеттің өрлеуі үшін керегі саяси партиялар емес, ғылым мен дін. Ғылым өндіріс пен өнеркәсіпті ілгері жетелесе, дін адамзаттың ертеңін ойламас азғындық пейілден тежеп, мейірімділікке жетелейді. Кісінің жарық дүниеде меңгерген ілім-білімі мен қоршаған ортасына көрсеткен мейірімділік сезімі оның жаны тәнді тастап шыққан соң да басты қызмет атқаратынын америкалық атақты дәрігер, зерттеуші Р. Муди өліп-тірілген мыңдаған куәлардың мәліметін саралау барысында анықтап отыр (Реймонд Муди. Жизнь после жизни, 1990). Көк пен Жердің байланысын  бұдан да гөрі толық түсіну үшін терең талғаулы ғылыми ойлардың әлі өмірге келері анық. Сол кезде барып діннің шынайы қызметі неде екенін жасқанбай айтуға мүмкіндік туар.

Автор туралы дерек. Мағрипа Жылқыбаева – 13 сәуір 1945 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген. Жамбыл ауылындағы мектепті 1964 жылы медальмен бітірген алғашқы үздік түлек. 1969 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетін тәмамдаған. Радиацияның әсерін зерттеу проблемасымен байланысты «Исследование природы центров окраски в оптических кристаллах кальцита (CaCO3)» деген тақырыптағы диссертациясын 1981 жылы Томск мемлекеттік университеті, Сібір физика-техникалық институында қорғап, «физика-математика ғылымдарының кандидаты» деген атақ алған. 1991 жылы 29 қарашада Мәскеуде физикадан «доцент» ғылыми атағы беріледі. М.Жылқыбаева Есік қорғанынан табылған Алтын адам жазуларын 30 жылға жуық уақыт зерттеп, құпиясын физика-математикалық әдіспен ашқан әлемдегі тұңғыш физик. Ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың елге беймәлім болып келген құпия қырларын ғылыми тұрғыдан зерттеген республикадағы жалғыз жаратылыстанушы ғалым. Мағрипа Жылқыбаева халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Алматы қаласындағы №128 орыс мектебінің таза қазақ мектебі болуы үшін ата-аналарды ұйымдастырып, тиісті мекемелерге хаттар жазып, мемлекеттік тіл іргесінің беріктенуіне үлес қосқан. Қазақ тілі отаршылдық идеологияның ықпалында болған кезеңде В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында декан орынбасары қызметін атқара жүріп, аталмыш оқу орнында қазақтың атақты ақын-жазушыларымен студенттердің шығармашылық кездесулерін жиі-жиі ұйымдастырып, ұлт руханиятын игерген саналы ұрпақтың қалыптасуына зор еңбек сіңіру арқылы  ел есінде қалды. 

 

514 рет

көрсетілді

2

пікір
Алдыңғы мақала ЕРТІС-БАЯН САЗДАРЫ
Келесі мақала БИЛЕР СОТЫ ЗАҢ МЕН ӘДІЛДІККЕ НЕГІЗДЕЛГЕН

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Арыстан

11 Қазан, 2020

Жаман

Арыстан

11 Қазан, 2020

Жаман

AQIQAT №8

29 Тамыз, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы