• Заманхат
  • 31 Шілде, 2020

М.ӘУЕЗОВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫ

Гүлзия ПІРӘЛІ, «Әуезов үйі» ҒМО-ның бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы

ХХ ғасыр басында қазақ өміріне енген жаңа кезең  жаңа кейіпкерлер мен оқырмандарды қалыптастырды, жаңа заман оқиғасына құрылған тарихи шығармалар, ондағы жаңа дүниетаным, философиялық, адамгершілік  көзқарастар, қарым-қатынастар  әдеби жанрлардың жаңа түрлерін байытты, олардың мазмұны мен құндылығына өз өрнектерін, таңбаларын түсірді. Сауаты ашылған санаулы оқығандар енді өткеніне қарап, тарихын тануға талпынды, кешегі тұлғаларының тағдыры мен ерлігін жырлауға, оларды насихаттауға, ел арасындағы әдеби мұраларды жинауға, жариялауға, зерттеуге тырысты. Бұл бағыттар әдебиетті байытты.

Мұхтар Әуезовтің феноменін жаңаша зерделеу  міндеті де осы бағытта көп ізденуді талап етеді. Әдебиетшінің шығармашылық өміріндегі ең шешуші әрі жемісті жылдары болып саналатын 20-30-шы жылдары алдыңғы кезекте  әдебиет тарихы, сыны, теориясы және әдеби мұраларды жинау, ғылыми және әдеби тіл мәселелері туралы маңызды  ойларды теориялық тұрғыдан  қалыптастырды. Осы мақсатта мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар жазып, ұлттық білім беру  жүйесін жақсартуға, жетілдіруге талпыныстар  жасады. М.Әуезовтің әдебиет тарихына  деген ғылыми көзқарастар жүйесі сол ХХ ғасыр басында қалыптасты. Ол өз заманындағы  рухани құбылыстардың көшбасында жүріп, өзінің кәсіби біліктілігін, дүниетанымын дамытқан дара дарын иесі. Әрбір тарихи кезеңде  «жаңа мен ескінің күресі» болатыны белгілі, осы реттегі ой мен пікір қақтығыстарында М.Әуезовтің ғылыми ойлары мен әдеби еңбектері өте маңызды рөл атқарды. Тақыр жерде ештеңе болмайтынын  жақсы білетін ғалым көнеден келе жатқан халықтың рухани құндылықтарынан қол үзбей жаңамен жаңғыртып жалғастыруды өзінің міндеті санады. Ұлттық мүдде ХХ ғасыр басында үстемдік алған соцреализм әдісіне көз жұмып берілуге мүмкіндік бермеді. Сол үшін талай саяси соққыға да жығылып, теперіш көрді. Алайда, Октябрь революциясы әкелген коғамдық саяси өзгерістер әдебиетті де түбірімен өзгертті, соған орай кейіпкер, оқырман өзгерді, олар өздерінің ішкі тізгінін, эстетикалық еркіндіктегі табиғатын өзгертіп, идеологиялық, таптық өлшемдерге лайықтануға мәжбүр болды. Еркін ойлы дүниелерге тыйым салынып, Алаш зиялыларының, жалпы қазақ оқығандарының тәуелсіз ойлары тұсауланып, саяси репрессияға ұшырады. Олар «буржуазиялық, байшыл, ұлтшыл» деген жалған жаламен жиі-жиі жазаланып отырды. Енді еңбекші халықтың, кедей жұмысшылардың өмірін жазу, психикасын зерттеу, санасындағы өзгерістер мен құбылыстарды суреттеу, коммунистік қоғамды құрушыларды мадақтау, насихаттау, дәріптеу, олардың көзқарастарын қалыптастыру мәселелері алғы шепке шықты. Советтік соцреализм әдісіне сай келмейтін, ұстанымына бағынбайтын шығармашылық тұлғалардың тағдыры тым аянышты болды. Мұхтар Әуезовтің  жеке өмірі  ғана емес ғылыми жолы да ауыр әдебиетші болғандығы да белгілі.

  Қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының көшбастаушысы болған М.О.Әуезов бүкіл ғылыми, әдеби, т.б жұмыстарын  және өзінің өнегелі өмірін  ұлт әдебиеті мен ғылымының қалыптасып, дамуына арнады. Ғұламаның ғибратты ғұмыры  мен ғылыми  еңбектерін зерттеу мемлекетіміздің маңызды мәселелердің бірі ретінде көтеріліп, әдебиетші ғалымдардың назарын аударуының себебі де осында. Өйткені, «Қай заманда туса да, асыл ой өлген емес, поэзия өлген емес. Сөзге өлім жоқ. Сөз арқылы туған ойға өлім жоқ» (Ғабит Мүсрепов). Ал, Мұхтар Әуезовтің әдеби, ғылыми, сын мұраларын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін адамның өзі емес, оның сөзі екендігі мәлім.

М.Әуезовтің ұлттық ғылымға, әдебиеттану ғылымына сіңірген осынау ұлан-ғайыр еңбектерін жан-жақты әрі тереңдей зерттеу мәселесі әлі әзірге дейін  кенже  қалып келе жатқаны да өтірік емес. Осы мәселеге орай, М.Әуезовтің ғұламалығы мен оның қазақ әдебиеттану ғылымы мен  әдеби сынның қалыптасуы мен дамуындағы рөлі, ғылыми өмірбаянының зерттелуі заңды да.  Бұл тақырып аясында бұрындары зерттелмеген ұлы суреткердің республикалық және одақтық аренадағы әр түрлі жиындарда сөйлеген сөздері, ондағы ғылыми құнды пікірлері, әлемдік рухани өмірдегі ғұлама білімдарлығы, ұлттық әдебиеттану ғылымының қалыптасып, дамуына қосқан қыруар еңбектері, жалпы ғылыми өмірбаяны арнайы мәселе ретінде қарастырылып, жүйеленіп, зерттелуі уақыт талабы.

М.Әуезовтің Ресей архивтері мен республикамыздағы  қолжазба қорлары мен КСРО Жазушылар одағы мұрағатының «КСРО халықтары әдебиеті жөніндегі комиссия» қорынан  табылған қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен декадасы, өзге де шараларда, т.б  сөйлеген сөздері, ғылыми баяндамалары, стенограммалардағы сөздері, 1952 жылғы Фрунзеде өткен ғылыми конференцияда «Манасты» қорғауда сөйлеген сөзінен соң басталған саяси қудалау қазақ қаламгерлерінің да қолдауымен өршіп, өз елінен кетуге мәжбүр болуы себепті екі жылдай  Мәскеу университетінде  оқыған дәрістері мен ғылыми еңбектерінің қолжазба нұсқалары мен тезистері, сан түрлі тақырыптағы  жазба пікірлері,  эпистолярлық мұралары, түрлі мінбелерден сөйлеген сөздері бүгінде қолжетімді.  Атап айтар болсақ, «М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық академиялық  толық басылымының (Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2010.-420 бет) 44-49 томына дейінгі жинақтарда бұрындары беймәлім болған көптеген ғылыми зерттеулері мен  жазбалары, ғылыми баяндамалары берілген. М.Әуезовтің КСРО-ның мемлекеттік және түрлі әдеби мәжілістерінде сөйлеген бұл сөздері біздің ұлттық рухани қорымызға қосылған қымбат әрі қыруар қазына байлықтар. Көп жағдайда арнайы монографиялық зерттеу еңбектер болмағандықтан мұндай шағын мәтіндерге назар сала бермейтініміз болады. Ал, ақиқатында Мұхтар Әуезов секілді алып ой иесінің әрбір  сөз,  әрбір  мәтіндерінің өзінде қаншама тың мәліметтер, соны ойлар, жаңа пайымдаулар, құнды қазыналар бар екендігін ескере бермейтініміз өкінішті. Көрнекті зерттеуші М.Әуезовтің елу томдық академиялық жинағында тұңғыш рет жарияланған тың мұраларды, әдеби пікірлерді ғылыми айналымға енгізіп, кәсіби мамандар назарына ұсыну бүгінгі күннің рухани қажеттілігі. Өйткені, бүгінгі ұрпақ жаңалықты орнату үшін ескіні білуі, болғанды білуі міндетті. Өткенді білмей қазіргіні түсіну мүмкін емес. Ал, қазіргі тұрмыс болашақтың негізі. Ұлы тұлғалардың өмірбаяны мен қызметі, ұланғайыр мұрасы, ойы мен сөзі бүкіл  адамзаттың мұрасы. Ғасырдан ғасырға жалғасар ғұламалардың ғибратты ғұмыры ерекше рухани құбылыс ретінде  ұрпаққа ұлағат. Ұлы адамдардың мұрасын меңгеру, тану мен таныту үшін олардың өз сөзі мен ойы маңызды.

Осы көп томдықта жарияланған жазушының жеке мұрағатында және тәуелсіздік жылдары ғана алуға мүмкіндік болған Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер мұрағаттарында  сақталған, бұрындары не әдеби, не ғылыми айналымға енбеген одақтық көлемдегі (мысалы, КСРО Жазушылар одағы басқармасының мәжілістерінде, М.Горький атындағы әлем әдебиеті институтындағы ғылыми кеңестерде, т.б) әдебиет пен ғылымның алуан түрлі тақырыптардағы  жиналыстарда қазақ әдебиетінің тарихы, ұлттық әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері бойынша сөйлеген сөздеріне, ғылыми баяндамаларына, пікірталастарда ортаға салған ең маңызды әрі үздік ойларына  тоқтала отырып, сол кезеңдегі әдеби үрдіске назар салуды мақсаттап отырмыз. Әрине, М.Әуезовтің мұхитқа бергісіз әдеби мұрасы мен әр кезде айтқан құнды пікірлерін тізіп жаза берсек молынан табылары сөзсіз. Бірақ қазақ әдебиеті, тарихы, ұлттық әдебиетттану ғылымы, әдебиет теориясы, көркем сыны жөніндегі пікірлері қандай, ол ойлар айтылған жерде қалып қойған жоқ па, бар болса ол неге ғылыми айналымда жоқ деген сауалдар  төңірегінде талдау жасауға тырысамыз. Өркениетті ел ұлы тұлғаларының бір сөзін, қолтаңбасын тапса әлемге жар салып  дүниені дүрліктіріп жатады емес пе? Біз де  жазушының елу томдық толық шығармалар жинағының бес томына (44-49 томдар) енген ұлының ұлан-асыр сөздерін, арнасынан асып төгілген ойларын бір тақырып, яғни, қазақ әдебиеттану ғылымының әр алуан мәселелері  төңірегіндегі бұрындары бір ізге түсіп, жүйеленбеген ғылыми теориялық тұжырымдарына тоқталуды жөн көрдік. Өйткені, «теңіздің дәмі тамшыдан танылады» дегендей дара дарынның даналық ойлары, ғылыми теориялық пікірлері жинала келе қазіргі қазақ әдебиеттануында жете көңіл бөлінбей, бұрындары еленбей жүрген, біздің назарымызға ілінбей келген қаншама құнды тұжырымдарды тарту етері күмәнсіз.

  Олай болса, ұлы ойшылдың үзік-үзік ойларын шашыратпай тек қазақ әдебиетінің тарихы, ұлттық әдебиеттану ғылымының көкейкесті мәселелеріне қатысты құнды ойларын ойып алып, ұқыптап, ұғуға, жүйелеп жинауға назар аударалық. Ұлы тұлғалар туралы ғылыми ізденістердің ғылымдық, монументальдық, фундаментальдық зерттеулер туу қажеттілігі бүгінгі уақыт талабы. Біздің  мақаламызда осы іргелі зерттеулерге бағыт-бағдар, жөн сілтер, өзегі болар түрлі жазбалар, сөздер, баяндамалар, дәйектер белгілі дәрежеде қарастырылады. Мұхтар Әуезовтің өміріне байланысты әрбір дерек қазақ әдебиеті тарихы мен мұхтартану саласы үшін өте қымбат.

М.Әуезовтің 44-ші томда жарияланған «Речь Ауэзова Мухтара на пленуме Союза советских писателей СССР» деген сөзінде  көркем әдебиеттегі сын, көркем туындыны қалай сынап, қазіргі әдебиеттегі сынды қалай дамыту керек, оның өткірлігі мен ұшқырлығын дамыту үшін қандай шаралар мен талаптар қолдану керек деген көкейкесті мәселе  төңірегінде ой толғайды. Сөз өнеріне деген өліп-өшкен сүйіспеншілік қана сын мен әдебиетті өсіре  алатынын жақсы білетін әдебиетші ғалым қандай нашар шығарманың ішінде де көңіл аударар бір жақсылық барын, қандай жақсының өзінде бір осалдығы барын тағы да тани отырып, өзі талдаған туындыларға барынша әділ. Әрбір жазушының өзіне тән шеберлік өрнегін өсіре айтуды, кемістігі болса жасырмай жеткізуді  міндеті санаған баяндамашы М.Әуезов сөз өнеріне ең керегі көркемдік, шеберлік, шындық екендігін ұстаным еткен.

Осы ретте С.Сәдуақасұлының: «Сын мидың жануы. Сын ойларды қосып, адамның пікірін қайрап отырады. Сынсыз жазылған сөз қайралмаған пышақ сықылды. Сондықтан, бізге сын керек» деген сөзі оралады.

М.Әуезовтің мәтінінде жылы мен күні көрсетілмегендіктен  кеңестік кезеңде Мәскеуде жиі өтетін одақтық пленумнің бірінде болу керек, алайда  бізге оның  мерзімінен гөрі онда айтылған ойлар маңызды. Бұл мәжілістің маңыздылығын М.Әуезов: «...Например, впервые на общесоюзной арене наш отряд казахской советской литературы отчитывается перед своими  собратьями по перу, при ближайшем, деловом и глубоко заинтересованном участии в обсуждениях секретариата и правления Союза советских писателей СССР...»,- деп атап көрсетеді (125 б,44-т..). М.Әуезовтің сөзінен өзінің әуені, жазушы стилі мен ойлау жүйесі аңғарылады. Расында да тұңғыш рет 15  одақтас республиканың бетке ұстар  көрнекті жазушылары мен әдебиетшілері, сыншылары және Мәскеудегі мүйізі қарағайдай қоғам қайраткерлері мен қаламгерлер, әлемге танымал ірі оқымыстылар алдында бүкіл бір ұлттың осы аз ғана уақытта жеткен жетістіктері мен мұқтаждықтары жөнінде сөз сөйлеу үлкен жауапкершілік екендігі белгілі. Орыс тілінде төл тіліндей еркін сөйлейтін қаламгер шағын сөзінде соцреализм әдісін пайдалана отырып дамитын қазіргі әдебиетте ұлттық дәстүрді, ұлттық форманы қалай сақтап, қалай дамытуға болады деген даулы сауалдар қояды. Әлемдік және орыс әдебиетіндегі озық үлгілерді үйрене отырып, ұлттық характер, ұлттық салт-сана, болмыс-бітімді бейнелеуде қандай жетістіктер бар деген мәселелерді Мәскеудегі ірі пленумда көтеру ол кездері өте сирек болатын құбылыс. Жалғыз қазақ әдебиеті емес, бүкіл түркі тілдес туысқан   ұлт әдебиетінің туын көтеріп шыққан М.Әуезов ортақ ұлы мұратты жүрексінбей еркін жеткізеді: «...Ведь и изустное творчество у наших народов теперь далеко не прежнее. Какова природа и сущность социалистического реализма, воплощенного в самом советском устном песне творчестве? Каково качество и наличие традиций фольклора, естественно проникающего в новые жанры, ранее неведомые для него, скажем, в наших романах, повестях, драмах?...» (127 бет, 44-т). Кеңестік кезеңде күрделі көркем прозаға бет алған ұлт әдебиетіндегі жаңа ізденістер, соцреализм әдісін игерудегі жетістіктері, әлем және орыс әдебиетіндегі классикалық шығармалардан үйрену нәтижесінде  одақтық аренаға шығуға қол жеткізетінін, алайда әр ұлт өзінің әдеби мұраларынан ажырап кете алмайтынын, соның тамырынан нәр алып өсетіндігін әдебиеттанушы ғалым ретінде ғылыми теориялық тұрғыдан түсіндіріп, талдап береді. Ұлттық тарих, ұлттық мінез, болмыс-бітім болмай  ұлттық ерекшелік болмайтынын, тамырынан  үзілген әдебиетте ешқандай көркемдік те, идеялық та сапа болмайтынын ерекше атап өтеді. Туған әдебиетіміз бен мәдениетіміздің тағдыры жөнінде әңгіме болған сәттерде өзінің энциклопедиялық біліміне сенген Әуезов нағыз жауға шапқан батырдай қайраттанып, қайсарлықпен қайраткерлік көрсетіп, қорғаушы болатын қасиетін осы одақтық мінберлерде сөйлеген сөздерінен байқаймыз. Біз оған осы мақалада талданған баяндамалары мен сөздерін оқып, куә боламыз. Кеңестік кезеңдегі саяси идеологиялық нұсқау бойынша орыс мәдениеті мен әдебиетінен үйрену, үлгі алу басты қағида, тапжылмас талап болғанымен оның да өзіндік әдісі, ғылыми тұжырымы, тәжірибелік тағлымы бар екенін  әдебиетші ғалым былайша түсіндіреді: «...при этом  я бы  подчеркнул две стороны вопроса. Во-первых, изучать  критически степень плодотворности, культурности данной конкретной учебы. Во-вторых, на положительных фактах глубоко продуманной истинно творческой учебы писателей. Но задачу учебы некоторые критики и литературоведы сами понимают недостаточно ясно и правильно. Часто они смешивают понятия метода и темы. Зачастую по сходству тем или иных признаков, порою даже чисто внешних признаков, находят учебу у Горького или у Маяковского примерной, плодотворной у данного национального автора...»,- деп олардан үйреніп емес, жалаң еліктеген жазушылардың шығармаларындағы кемшіліктерге тоқталады (130 б,44-т).

Шын мәніндегі реалистік өнердің күші өмірдегі жағдайлардың ықпалымен өзгеріп, қайта қалыптанып отыратын адам жанының диалектикасын, оның ойларын, көңіл-күйін, толғаныстарын, сезім кешулерін суреттеуінде. Сондықтан, қай ұлттың суреткері де өз туындысында өзінің ұлттық табиғатына тән характер болмысын, психологиясын, іс-әрекетін бірін-бірі толықтырып әрі жалғастырып, кейде қарама-қайшы қақтығысқа құрып диалектикалық даму үстінде жазса ғана жалғандыққа ұрынбайды. Пролетарлық әдебиеттің классиктері саналған екі шығармашылық тұлғаның туындыларынан тек қазақ емес, өзге ұлт әдебиетінің өкілдері де пір тұтып жүргенін, бірақ «үйрен де жирен» дегендей еліктеудің де жөні барлығын, жадағай, жалпылама көшірме емес көркемдік, шеберлік шыңдау, сапа жағынан өсуге мән беру керектігін М.Әуезов: «...Я признаю и оцениваю искренность стремлений указанных авторов учиться у Горького. Хотят этого и авторы, как хотят и их читатели. Но хотеть и мочь – это две разные дистанции. Досадно, но факт, что зачастую «хочется, да не можется» деп өткір сынға алады (130 б,44-т). Осы пленумдағы сөздерінде  С.Мұқановтың «Сырдария»  атты роман жазғандығын, алайда, оның роман деп қойған жанрдың көркемдік шарты мен талабына сай келмейтінін, көлемін көбейтіп күрделі шығармаға жетудің жөнсіздігін кәсіби сыншылдық талғаммен талдап береді. Романдағы  көңіл толтырарлық тақырыптық, идеялық жетістіктеріне қоса кемшіліктер де орын алғанын: «...Да, в романе есть недостатки. На них правильно указывалось на страницах «Литературной газеты» и еще более правильно и разносторонне убедительно сказал т.Горбатов. Герой Муканова изображаются часто внешне, без внутренней мотивировки их поступков. В данном романе еще есть недоделки, в части композиционной, герои недостаточно показаны в самом трудовом процессе, где бы их формирование и становление было раскрыто полнее и убедительнее» деп, көркем шығармаға қойылар талап ең бірінші көркемдік, шеберлік екендігін, ал кейіпкер - адамның табиғатына тән ішкі ой-толғаныстары, сезімдік эмоциялық процестері мен жанды тіршілік иесі екендігін танытуы жөнінде ғылыми талдаулар жасайды (131 б,44-т). М.Әуезов өз сөзінде қазақ  көркем прозасының кемелденуіне көмек берер әдеби сынының  кәсібилігі, теориялық жағынан төмендігі, ойлы, орнықты сындардың жоқтығы осындай олқылықтарға алып келетініне көңіл бөледі. Қазақ өмірінің қалың оқиғаларын қамтитын бұл роман жөнінде сан түрлі көзқарастар мен пікірлер салмақтанғаны белгілі. «Сынның аты – шындықта, заты – сүйіспеншілік, айтылған достық сын жек көруден емес, сүйіспеншіліктен туады. Сын және өзара сын қоғамдық ой-сананың қозғаушы күші» екендігін кезінде Томас Манн айтқан. М.Әуезов осы ойды ұстанғаны мәлім.

Қазақ поэзиясындағы жетістіктер қатарында Орманов, Аманжолов, Саин, Бекхожин және  әдебиетке жаңа келген жастардың орыстың классикалық шығармаларынан үйрену мектебінен өтіп жүргенін, оларда олқылықтардың орын алып отырғанын, осы ретте көрнекті орыс сыншыларының кәсіби талдауларының қажеттілігі, соцреализмнің ұлттық түрмен байланысы, әдеби үйрену мектебінің тәжірибелері турасындағы бағыт-бағдары, кәсіби кеңестері керектігін де құлаққағыс етеді. Өйткені, енді ғана жазба әдебиеттері дамып, көптеген жаңа жанрларда жазып жүрген жазушылардың көбінің кәсіби  тәжірибелерінің таяздығы, әдеби білімдерінің жетімсіздігі осындай олқылықтарға орын бергенін орынды атап өтеді.

   Ерекше дарынды ұлы данышпандарды қадірлей білген жұрт олардың өмірінің әр сәтін, әр күнін, әрбір сөзін зерттей отырып, сол  заманның тарихын, рухани кеңістігін аңдайтыны ақиқат. Ғасыр туралы түсінік-таным да осы ұлы тұлға болмысын, табиғатын, жан-дүниесін, ғылыми және көркемдік ойлау жүйесін, парасатты пікірлері мен ойға толы сөздерін терең танып, білу арқылы да қалыптасып, жалғасатындығын ескерсек, Әуезовтің әдебиет туралы әрбір сөзі сол кезеңнің әдеби үрдісінен үлкен ақпарат беретінін ұмытпаған жөн. Әуезов айтқан сөз кеңестік кезеңдегі руханиятты шежірелеп, келер ұрпаққа қалған әдеби мұра. Өз кезеңі мен келешек алдындағы жауапкершілік, мұқияттылық, замандастарымен қарым-қатынасы, олар туралы тірі кезінде айту мен жазу,  әрине қиынның қиыны, бұл аса бір біліктілікті, терең зерделілікті, замана құбылыстарын терең, ғылыми түсінуді, мұқият дайындықты, аса шеберлікті, өзге де адами, кісілік қасиеттерді, тағы басқа шарттар мен талаптарды талап етері  хақ. Сондықтан да, ұлының сөзі ұрпағы үшін қымбат.

 Қазақ әдебиетінің балалық күйінен асып, есеюге бет қойған кеңестік кезеңде таланттарды табатын да, танитын да, оларды тәрбиелейтін де таза сын, әділ пікір, жанашырлық ой екендігін ескерткен  ғұлама ғалым, әдебиеттанушы М.Әуезов ең бастысы, әдеби шығарманың көркемдігін, оның авторының таланты мен суреткерлік шеберлігін тап басып, дәл диагноз қоятын сыншының кәсіби кемелденуі күн талабындағы көкейкесті мәселе  дегенге жете көңіл бөледі.Сын туралы сөз негізінде әдебиет, әдебиеттану ғылымы  туралы сөз екені және сынның дәрежесі жалпы әдебиеттік білім-бітімнің дәрежесін көрсететінін жақсы білетін ғалым сынның кәсіби деңгейі көтерілмей әдебиеттану ғылымының да  көсегесі көтерілмейтінін әрдайым еске салып отырады. Қай кезде де әдебиеттің тарихы мен әдебиеттану ғылымының барлық ғылыми жүйесімен жете таныс кәсіби дайындығы жоғары әрі шығарманың көркемдік құндылығын терең тани алатын көркемдік эстетикалық талғамы биік маман ғана өзінің асқан білгірлігі мен талғампаздығы, әділдігі, әдебиет алдындағы ар тазалығы, жауапкершілігі нәтижесінде сыншы болуға толық моралдық құқығы бар екендігін дәлелдей алмақ. Осы ретте В.Белинский бастаған орыс әдебиетіндегі кәсіби сын мектебінен тағлым алар ұлт әдебиеттерінің өкілдеріне орыс тіліндегі басылымдарда кеңінен орын беріліп, кәсіби сыншы, білгір әдебиетшілер жаңа туындыларды, олардың жетістіктері мен кемшіліктерін талдап, әділ бағалап отырса деген тілек, талабын да жасырмайды: «...Почему бы и товарищам Заславскому, Ермилову, Кирпотину, Тарасенкову, Ковальчик и многим другим критикам, к голосам которых с огромным вниманием прислушиваются в национальных республиках, не высказываться по поводу наших поэм, драм, романов, повестей и т.д.?..», (132 б,44-т). Ұлт республикаларынан Айни, С.Мұқанов, Айбек, Кербабаевтарды атай келіп: «...скажем, «Нового мира», «Октября», «Звезды», «Знамени» следовало бы помещать разносторонне характеризущие их творчества солидные статьи, критические исследования. Есть национальные авторы с известными для всего Союза именами, о которых пора бы уже иметь и монографические труды на русском языке...» деп  ұлт әдебиетін насихаттап, олардың да жетістіктерін танытатын танымды зерттеулер, кәсіби кеңестер, ғылыми теориялық талдауларды талап етуі М.Әуезовтің  әдебиеттану ғылымының, көркем әдеби сынының одақтық көлемде танылып зерттелуіне, насихатталуына ықпал еткенін көрсетеді (132 б,44-т). Мұхтар Әуезовтің қазақ әдеби сыны ғана емес, өзге ұлт әдебиеттеріндегі кәсіби сынды көркейтуге, олардың ғылыми дәрежесін, аналитикалық талдау тәсілдерінің сапасын өсіруге осындай ойлар қосып, одақтық дәрежеде қазақ әдебиеттануы мен сынының кәсіби деңгейі мен сапасының өсуіне үлкен  үлес қосуы деп түсінген жөн. Осы жиында сөйлеген сөзінде келешекте де ұлт әдебиетінің өсіп-өркендеуі үшін осындай әдеби ортаның отырыстары кеңейіп, пленум, декадалармен ғана шектелмей әдеби байланыстардың түрлі формадағы  жиындары, пікір алмасулары, жаңа туындыларды талдап, насихатталуы жүйелі түрде жүргізілуін де талап етеді. Ұлт әдебиетіндегі жаңалықтар мен жетістіктерге, кейде кемшін түсіп жатқан тұстарды да орыс тіліндегі басылымдарда жазып, сыни көзқарастарын білдіріп жүретін жалғыз Скосыревтің жазғандары жеткіліксіз екендігін, Орта Азия халықтарының әдебиетін зерттеушілер, кәсіби ой айтатын сыншылардың санын көбейту мәселесі де М.Әуезовтің дау туғызбайтын даналық сөздерінде өте мәдениетті мәнермен жеткізіледі. Ұлт әдебиеті өкілдерінің өз шеңберінде қалмай одақтық деңгейдегі рухани кеңістікке шығуы керектігін де өте ұнамды сөздермен ұтымды жеткізеді: «...Пора бы от представительства по национальным литературам, от представительства, несущего непосильные, необъятные функции, перейти к широкому, непосредственному знакомству с теми или иными произведениями, авторами и литературами многим ведущим писателям и ведущим критикам Союза»,-деп әдебиетшілер мен сыншылардың міндет-мақсатын да айқындап береді (133 б,44-т). Әрине, Одақ қана емес, Орта Азия халықтарының бетке ұстар абыройы мен даңқты ұлы, әлем таныған Әуезовтің үлкен мінбеден айтқан сөзі талай жылдар тоң болып жатқан сеңді бұзып, осы пленумнан кейін ұлт әдебиетінің өкілдерінің туындыларына деген шовинистік көзқарастың шеті сөгіліп, көңіл бөліне бастағаны белгілі. Соның бір куәсі – бес жылдан соң  орыс әдебиеттанушысы, көрнекті сыншы Зоя Кедринаның «Мухтар Ауэзов» деген алғашқы орыс тіліндегі монографиясының жарық көруі дер едік. Алайда, ол қуаныш ұзаққа бармай монография саяси репрессияға ұшыраса да тарихта қалғанымен біз үшін бағалы зерттеу болды.

Кеңестік кезеңдегі жаңа өмірді бейнелеу тек орыс әдебиетіндегі пролетариат жазушылардың шығармаларының үлгісінде жазу деген жеңіл ойлы жазушыларды өткір сынмен шенеп жазуы, әділ пікірді көзге айтуы М.Әуезовтің әдебиетке деген адалдығын, шынайы жанашырлығын көрсетеді. Оның осы бағыттағы бағалы пікірлеріне шығармашылық, тұлғалық түсінікпен қараған Смағұл Сәдуақасұлы: «Мұхтардың, Жүсіпбектің де жазғандарына өмір тану, тұрмысты ұғыну ретінен қарағанда оларға рахмет айтпасақ, лағынет оқитын орнымыз жоқ» деп орынды атап көрсетеді.

Біз бүгінгі мақаламызда М.Әуезовтің бұрындары қазақ руханияты үшін беймәлім болып келген, енді ғана ғылыми айналымға енген бір ғана жиында сөйлеген сөздеріне тоқтала отырып, ұлының ұланғайыр білімін байқатар сөздерінен, ғылыми теориялық тұжырымдарынан, өз кезеңіндегі әдеби үрдістен хабар берер мол ақпараттан мол мағлұмат алдық деп ойлаймыз. «Теңіздің дәмі тамшыдан танылады» дегендей дананың даналығын осы азғана сөздер де танытары сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиет:

М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық   толық жинағы. Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2010.-320 бет.  

786 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз