• Тарих толқынында
  • 31 Шілде, 2020

ҚАПШАҒАЙ ҚАЛАЙ САЛЫНДЫ?

Алтынбай СИҚЫМБЕК, Қапшағай қалалық «Нұрлы өлке» газетінің бас редакторы

Қазақтың Қапшағайы

Қапшағай – қазақ елінің ежелгі мекені. Осынау дария бойы, Іле алқабы – ұлтымыздың ұйық жұрты. Қазақ халқының негізін құрайтын байырғы тайпалар біздің эрамызға дейін-ақ, Іле бойын мекендеп, мемлекет құрған. Оны тарихи жазбалардан білеміз. Адамзат өркениетінің ерте заман тарихына жататын Сақ, Ғұн, Үйсін ұғымдары біздің тегіміз десек, олар құрған мемлекеттер қазіргі Қапшағай қаласының аумағында із қалдырған. Ол да біздің мемлекеттігіміздің түп тегі екені даусыз.

Бүгінгі біз отырған мекенде адамзат ақыл-санасының ең алғашқы сұлбалары да көзге түседі. Ол – тас кітап. Біздің түп тегіміз – бабаларымыз өз таным-түсінігі мен тотем-сенімдерін, жаратылыс жайлы пайымдарын тасқа тамғалап, қашап қалдырған. Тас кітап деп отырғанымыз сол.

1856 жылы ғалым, қазақтың аяулы перзенті Шоқан Уәлиханов бүгінгі Қапшағай аумағындағы қысаңнан өткен. Ол сондағы Тамғалы тастан будда құдайларының суретін көшіріп сызғанын жазады. Ал бұл дегеніміз ата-бабамыздың мыңдаған жыл бұрынғы қолтаңбасын тастан қағазға қайта көшіру деп, ерте заманнан өркендеу уақытына аударып алу деп түсініңіз.

Қапшағай қазақтың байырғы мекені. Ол үшін әңгімені әріден бастап, күні кешеге дейін тізбектеп әкелуге әлеует берерлік дерек пен дәйек іздегенге табылады. Соның қатарында Бесшатыр және Шеңгелді қорғандары да бар. Бұған да алғашқы болып назар аударып, тарихқа бүгінгі ғылымның талабы-мен талдау жасаған кісі ол да Шоқан Уәлиханов болып табылады. «...18 шілде күні кешқұрым біз Шеңгелдіден өттік. Осы мекеннен мен ежелгі су айдау жүйесін көрдім. Құбыр тауып алдым», деп жазады ғалым Шоқан Уәлиханов. Бұл 1856 жыл болатын.

Шеңгелдідегі қала жұртының атауы туралы болжам әртүрлі. «Бұл Екіоғыз қаласы» дейтіндер де, «Жоқ, бұл Ілебалық қаласы» дейтіндер де бар. Ғалымдар қай атауға тоқталғанына қарамастан, бұл мекеннің тарихы мыңжылдықтарға тартатыны анық. Сол сияқты Іленің жоғарғы бойындағы Бесшатыр қамалы да таяу заманның құрылысы емес екені белгілі.

Қапшағай аумағындағы қала тарихын ертегідей дәуірден бастайтын деректер топтамасы жетерлік. Ол – шатқалды суға толтырар тұста су түбіне кетіп бара жатқан қорымдарға жүргізген ауқымды археологиялық зерттеу нәтижесіне тән. Ол кезде осы аумақтан неолит, тас, қола дәуіріне жататын жәдігерлер көптеп табылып, республикалық мұражай қорларын толықтырған болатын.

Ежелгіге жатпайтын, бірақ ертегідей болып естілетін Еділ батыр (Аттила) заманынан бері Қарахан, Горхан, Күшлік хан, Шыңғыс хан, Жошы хан сияқты неше ғасырлық тарихи есімдердің де Іле бойына із қалдырғанын анықтайтын айғақтар бар. Сонан кейінгі Бабыр мемлекеті, Қазақ хандығы және Жоңғар шапқыншылығына қарсы отан соғысы заманындағы хандар мен батырлардың Қапшағай шатқалына ат шалдырғаны-шындық. Оған байланысты деректер көбіне тарихи жер атауларымен байланысты. Сол себепті көркем әдебиеттен де жиі көреміз.

Халқымыздың ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы зұлмат ашаршылық пен 40-жылдардағы дүниежүзілік соғыстан аман қалған бөлігі бұл мекенде жаңа құбылыс жасады. Күнгейі құм төбелі, теріскейі қырат-қырқалы Қапшағай қысаңын қолмен буып, шалқар айдын көл жасаған, қолдан қалап, жасыл қала тұрғызған сол ұрпақ, сөз жоқ, бұрынғы бабалар арман-мақсұтының мұрагері.

Өзіміздің де, өлкеміздің де өткенін білу маңызды. Ол – бүгінгі біз үшін де, біз «өткен шағы» болып қалатын болашақ ұрпағымыз үшін де сипаты биік құндылық. Басы Үшбуырыл атанған Қас, Күнес, Текестен басталып, мыңдаған өзен-бұлақтарды жетелеп, Балқашқа қарай жылжитын бір жарым мың шақырымға созылған Іле дариясына сүйінсек, оның ең бір толысқан шалқар тұсы ол – Қапшағай аумағы. Қапшағай туралы, оның қайнары және су қоры туралы алғашқы зерттеу жазбалары ХІХ ғасырдың соңына тән. Сол заманнан басталған ойдың жалғасы өткен ғасырдың отызыншы жылдарына қарай су ағынынан қуат өндіру идеясын туғызды. Бұл Халқымыздың қызыл террор кезеңіне тап болып, мал-мүлкін отаршыл үкіметке тонатып, миллиондап қырылған қазалы шағына тура келді де, ел ес жиғанша тоқтап қалды. КСРО құрамында одақтас республика сипатындағы Қазақстан жері ен байлықтың қайнары еді. Сол байлықты игеру жұмысы аса мол қуат көзіне мұқтаж болатын. Осы тұста су құрылысы саласындағы бүкіл КСРО ғалымдарының назары 28 жастағы қазақ аспиранты Шапық Шокинге, ол ұсынған аса ауқымды гидро-құрылыс бағдарламасына ауды.

Жас аспирант 1940 жылы қолға алған кандидаттық диссертациясын Қапшағай қысаңына ГЭС салуды зерттеумен бастап еді. Сөйтіп бір кездері ұлттың біртуар перзенті Мұхаметжан Тынышбаев темір жол өткізген Іле дариясына 30 миллиард текше метрдей су айдыны бар ГЭС салудың, ол өз заманының осынау ұлы құрылысын жобаға қоюдың кезегі енді қазақтың келесі ғалымы Шапық Шокиннің еншісінде болды. Жас ғалымды сол кездегі Қазақ КСР басшылары Жұмабай Шаяхметов пен Нұртас Оңдасынов қолдап, оған сенім артты. Бұл қазақ ғалымының КСРО ауқымындағы ғылымды мойындатуы және туған отанындағы ірі өндірісті игеруі еді. Бұл аса ауқымды жоба біршама елді мекендерді су түбіне жіберді. Ал оның есесіне Қазақстанға Қапшағайдай ғажайып қала сыйлады. Одақтас Қазақ КСР-дің 12.12.1958 жылғы №1124 Қаулымен бекітілген Қапшағай ГЭС-ін салу жұмысы 1965 жылы қолға алынса, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1970 жылғы 9 шілдедегі Жарлығымен Қазақстан картасында Қапшағай атты қала пайда болды.

Қапшағай қаласын салу идеясын қолдаған және оның кемелді келешегін қалыптастыруға ақыл-парасатын арнаған аға буынның алдында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев тұрды. Қапшағайдың жастық шағы коммунистік идеологияның жоспарлы шаруашылық дәуірінде қалыптасты. Қала алғашқы жиырма жылда қуат өндіру, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, балықшылық салалары бойынша мемлекеттік тапсырысты абыройлы атқарды. Бүгінге дейінгі жарты ғасырлық қала тарихының үштен екісі ол – азат Қазақстанға тән және оның алтын әріптермен жазылатын тұсы. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың батыл қадамдар жасап, нарықтық экономикаға шұғыл бет бұрған шағымыз болатын. Ұлт тәуелсіздігіне қол жеткен кезде осылайша ойда жоқ еркін нарықтағы бәсеке басталды. Жан-жақтылы дамушы қуатқа ие Қапшағай жоғары сипатты инвестициялық тартымға, және аса қуатты этно, эко туристік өзгешелікке ие қала екенін көрсете алды.

Бүгінгі Қапшағай – біразы қазірде арамызда көзі тірі жүрген аға буынның қан-тері сіңген қала. Ол дегеніңіз ежелгі адамдар алғаш мекен еткеніне 50 ғасыр толатын қоныстың бір қыратында жарты ғасыр бұрын ірге тасы қаланып, енді ғана елуінші жылын тойлаған гүл қала. Ол – азат Отанның оңтүстік шығысындағы жерұйық мекен. Ол – Тәуелсіз Қазақстанның таң нұрымен жайнаған жаңа Қапшағайы, Қазақтың Қапшағайы.

Қапшағай осылай салынған еді

Қапшағай қаласы – Дінмұхамед Қонаевтың бастамасымен өмірге келген шаһар. Алматы қаласының дамып, халық санының күрт өскеніне байланысты осы қанаттас қала туралы әңгіме қозғалған күннен бастап екіұдай пікір қатар жүрген кезде «Алматы – жыл сайын дамып бара жатқан еліміздің үлкен астанасы. Баршаға ұнайды десек те, бірақ айналасын тау қоршаған, жан-жағы қысылып-қымтырылып тұр. Қала өскен сайын өнеркәсіптің де өркен жаятыны-заңдылық. Сондықтан, бұл ауаның табиғи алмасуына қиындық әкеледі. Алматыға енді бір қанаттас қала салу өзінен-өзі сұранып тұр. Болашақ өндіріс орындарын қаладан мүмкіндігінше шеткері маңға салсақ, ал Алматыны таза мәдениет пен ғылымның, әкімшіліктің орталығы ретінде қалыптастырсақ, бұдан ұтылмаймыз» деп Д.Қонаев өз пікірін білдіріп, алғашқы ұйымдастыру жұмыстарын бастаған екен.

 Дінмұхамед Қонаев бастамасымен Қапшағайдың етегіндегі Іле бөгеліп, жаңа бір шалқар айдын көл пайда болды.              Қапшағай Іле өзенінің шатқалына орналасқан су электр станциясының өзен арнасы тар, жартасты шатқалға салынуы сәулетшілер мен ғалымдардың ұзақ жылғы тынбай ізденген қажырлы еңбектерін танытты. Қазақтың ұлы тұлғасының үлкен арманынан туған Қапшағай ГЭС-і салынғанда Қапшағай қаласы елдің стратегиялық маңызды нысаны және республикада экономикалық-стратегиялық мәні бар құнды жобалардың қатарын құрады әрі бірегейі екенін дәлелдеді.

Қапшағай ГЭС-і мен Қапшағай қаласының салынуы қашан, қалай, неден басталып еді? Балқаш пен Іле сияқты су қоры мол бассейнге ғылымның назары ежелден түсіп келсе де, Іле өзенінің бассейні су шаруашылығы жағынан өткен ғасырдың 1890 жылынан бастап қана зерттеле бастады. Ресейдің оңтүстігін суландыру бойынша Іле өзенін зерттеген инженер Сущинскийдің экспедициясы алғашқылардың бірі болды. Экспедиция Шеңгелді жазығынан Шарын өзенінің бойымен Қытай шекарасына дейін қарап шықты. Осы жұмыстардың нәтижесінде Іле өзенінің суын каналмен ағызу жолымен Шеңгелдінің оң жағалауындағы  жазықты суландыру мүмкін емес деген қорытынды жасалды.

1902 жылы генералдық штабтың подполковнигі Д.Федоровтың және басқа да зерттеушілердің Іле өлкесіне жүргізген зерттеу қорытындысы бойынша 1903 жылы Ташкент қаласында Түркістан әскери округ штабы «Іле өлкесіне әскери-статистикалық сипаттама тәжірибесі» атты шығарған кітапта Іле өзені бассейні жөнінде өте қызғылықты материалдар жарияланды. Одан кейін Жетісу облыстық Қоныстандыру басқармасының инженерлері Пермяков пен Карпеевтің 1905-1917 жылдардағы экспедициясы жақсы жұмыс істеп, бассейннің табиғи ресурстары жөнінде құнды мағлұматтар берді.

Бүкіл елді электрлендіру туралы лениндік жоспар Бүкілроссиялық Кеңестердің VІІІ съезінде бекітілгені мәлім. 1920 жылдың желтоқсан айында өткен осы съезде В.И.Ленин елді электрлендірудің маңызына тоқтала келіп, оны «партияның екінші бағдарламасы» деп атады. Қазақстанда республиканың энергетикасын дамыту мәселелерін зерттеу Кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдардан қарқынды дами бастады. Бірінші кезеңде Қазақстан аудандарының едәуір бөлігін зерттеушілердің негізгі назары су ағындарын кешенді ирригациялық-энергетикалық пайдалану су шаруашылығын дамытудың негізгі нысаны болып табылды. Балқаш-Іле бассейнінде жүргізілген келесі көлемді жұмыс 1926-1932 жылдары республика егіншілік Халық Комиссарлары Кеңесі су шаруашылығы басқармасының жұмысы болды. Ол осы бассейнде ирригациялық мәселелерді шешудің алғашқы талпынысына айналды. 1927 жылдың 12 маусымында Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі Мемлекеттік жоспардың баяндамасын тыңдап, «Қазақстанды электрлендіру жөніндегі жұмыс гипотезасы туралы» қаулы қабылдады. Онда электрлендіру бойынша жұмыс гипотезасының негізіне қойылған принципті тану жөнінде айтылып, аудандық станциялардың өнеркәсіпті дамыту үшін жергілікті энергетикалық ресурстарды дұрыс пайдалану міндеті алдыға қойылды.

Осы қаулыдан кейін 1928 жылдан бастап Ленинградтың «Гидроэнергострой» бөлімшесі бірінші рет энергетикалық мақсатта Шарын, Шелек өзендері мен Іле өзенінің бассейнінде Іле кентінен бастап, Қапшағай шатқалына дейін техникалық сұлбалар жасап, 1929-1930 жылдары Шарын және Шелек өзендерін пайдалану, ал 1932-1934 жылдары Іле өзенінің барлық бассейнін кешенді ирригациялық-энергетикалық пайдалану бойынша маңызды зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл зерттеулер тек қана үлкен әлеуетті энергия ресурстарын анықтап қана қоймай, қосынды қуаты жүз мың киловатт болатын бірқатар ірі және орта су электр станцияларын салуға болатындығына көз жеткізді. Сонымен қатар, алғаш рет Қапшағай шатқалында қуатты ГЭС салу мүмкіндігі дәлелденді.

1932 жылдың жазында жүргізген И.Н.Скрылемнің «жұмыс гипотезасында» Қапшағай ГЭС-інің шатқалы мен су қоймасы үшін Іле өзенінің алқабында таңдалған жерлердің геологиялық, гидрогеологиялық зерттеу материалдары жинақталды. 1932-1934 жылдары Іле өзені бассейнінің су-жер және энергетикалық ресурстарын кешенді пайдаланудың «Гипроводопроект» жұмыс гипотезасының пысықталуына байланысты инженер С.Л.Пиралов өзен аңғарында топографиялық және гидрологиялық зерттеулермен бірге геологиялық зерттеуді қатар жүргізді. Гидрологиялық зерттеу Қапшағай шатқалының телімінде және Қапшағай ГЭС су қоймасы шегінде жүргізіліп, ұңғымаларды бұрғылаудан тұрды. Бұрынғы жылдары жүргізілген барлық сараптамаларға қарағанда инженер Л.С.Пираловтың жетекшілігімен жасалған «жұмыс гипотезасының» жалпы түсіндірме жазбасында Іле бассейнінің тарихи сипаттамасы беріліп, географиялық орналасуы, орографиясы, геологиясы, гидрогеологиясы, климаты, гидрографиясы және ауданның гидрологиясы нақтырақ сарапталды.

Жас ғалым Шапық Шөкиннің ғылымға қызығушылығы жалпы энергетика, су энергетикасы, су шаруашылық-энергетикалық мәселелерден басталды. Осы салада Қазақстан энергетикасы дамуы ғылыми-техникалық болжамының кешенді жүйесін құрды. Сол арқылы елді жылу-энергетика кешенімен қамтудың негізін салды. 1940 жылдардың бас кезінде Шапық Шөкин «Іле өзеніндегі Қапшағай су энергетикалық қондырғысын пайдалану шектері» деген тақырыпта техникалық ғылым кандидаты атағын алу үшін диссертация жазуға кіріскенде, осы тақырыптың таңдалуында да өмірдің өзінен туындаған белгілі заңдылық бар еді.

Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқанда Қазақстанның ғылыми-зерттеу базасы шұғыл міндеттерді шешуге жұмылдырылған-ды. Сондықтан да, ең әуелі Алматы мен оның маңайын энергиямен ұтымды қамтамасыз ету мәселесін шұғыл шешу керек деп ұйғарды. Бұл ойдан шығарылған міндет емес еді. Алматыда соғысқа дейін ірі өнеркәсіп болған жоқ. Ұн, кондитер, нан фабрикалары мен шағын зауыттар жергілікті мұқтажды ғана қанағаттандыратын. Ал соғыс жылдарында оған жау қолында қалады-ау деген аймақтардан бірнеше ірі зауыт көшірілді. Сонан да энергияға сұраныс күрт артты.

1944 жылдың 3 қарашасында республика үкіметі Энергетика институтын ұйымдастыру туралы қаулы қабылдап, оның ережесін бекітті. Көп ұзамай оның директорлығына Шапық Шөкин тағайындалды. Институт құрылымы Қазфилиал төралқасында бекітілгенде негізгі бағыттар-гидроэнергетика, су және гидроэнергетика ресурстары, электр техникасы және жылу техникасы бағыттары секторларға біріктіріліп, олар кейін зертханаларға айналдырылды.

Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев басқарған Қазақ Ғылым академиясы 1944 жылы Іле өзені бассейнінің табиғат ресурстарын суармалы шаруашылыққа пайдалану жөнінде арнайы экспедиция жасақтады. Осынау топ «Іле-Балқаш бассейнінің су, су-энергетика және жер ресурстарын кешенді пайдалану жөніндегі экспедиция» деп аталды. Экспедиция құрамына Ғылым академиясының алты институтының (энергетика, геологиялық ғылымдар, топырақ, ботаника, зоология, эксперименттік биология) және оның үш секторының (география, экономика, көлік мәселелері) білікті мамандары кірді. Кешенді экспедицияға қатысушы барлық институттар мен секторлардың жұмысын үйлестіру Энергетика институтына жүктелді.

Экспедицияның басты назары біріншіден, республиканың астанасы Алматы  қаласының өндіргіш күштерінің қалыпты дамуын қамтамасыз ете алатын қуатты энергетикалық база құру мақсатында бассейннің гидроэнергетикалық ресурстарын пайдалану жолдарын зерттеп, анықтауға,  екіншіден, өзеннің төменгі бөлігін халық шаруашылығы мақсатында игеруге және бассейнде аса күрделі зерттеу объектісі болып табылатын, алайда, жете зерттелмеген халық шаруашылығының мүмкіндіктерін қарастыруға бағытталды.

Аталмыш институттар мен секторлардың жұмысын үйлестіру Энергетика институтының директоры Шапық Шөкинге тапсырылды. Іле кешенді экспедициясының жетекшілігіне Энергетика институтының аға ғылыми қызметкері, техника ғылымының кандидаты Г.Р.Юнусов, оның орынбасары болып  көлік проблемалары секторының аға ғылыми қызметкері, экономика ғылымының кандидаты А.В.Осоргин бекітілді.

Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде Қапшағай гидроэнергетикалық торабы Балқаш-Іле кешенді су шаруашылығы проблемасын шешудегі орталық буыны саналатын аса маңызды және болашағы зор нысан болып табылды. Оның құрылысы Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде бірқатар жаңа, аса маңызды өндірістер ұйымдастыруға, сондай-ақ республиканың астанасы Алматы қаласын энергиямен жабдықтау проблемасын түбегейлі шешуге мүмкіндік беретіндігі тұжырымдалды. Сонымен бірге Қапшағай ГЭС-і Іле өзені бассейнінің су шаруашылығының басқа да бірқатар салаларына (ирригация, су көлігі және т.б.) арналған мәселелерді қайта жаңғыртудың әлеуетін айқындады.

Экспедиция қырға сапарын аяқтап, Алматыға оралысымен Энергетика институтының директоры Шапық Шөкин бұрыннан ғылыми жұмыстарда бірге істес болып келе жатқан П.П.Лаупман мен Н.С.Калачевты ақылдасуға шақырды. Үшеулеп Іле өзенінің түу бастауына дейін барып қайтты, картографиялық материалдарды көтерді, қанша генератор керектігін есептеп шығарды, сөйтіп ГЭС-тер каскады құрылысын негіздеді. Жоба жөнінде ақтық шешім жасауға Ташкенттегі Орта Азия Гидроэнергопроект институтының бас инженері Петр Степанович Непорожный (кейін КСРО энергетика министр) келді.

Тиянақты зерттеу жүргізіліп, ғылыми жұмыс жазылып біткен 1945  жылдың   15 қарашада Мәскеуде «Іле өзеніндегі Қапшағай су энергетикалық қондырғысын пайдалану шектері» деген тақырыпта Шапық Шөкин техникалық ғылым кандидаты атағын қорғады. Кандидаттық диссертациясын жазуға дайындық  кезеңінде ол су-электр станциялары құрылысын ғылыми негіздеудегі кемшіліктерге барынша көңіл аудара отырып, ГЭС типін негіздеу, оның қуатын және басқа параметрлерін таңдап алу міндеттерін шешу керек болды.  Энергетика институтының директоры Шапық Шөкин 17.03.1948 жылы Қазақ КСР Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов пен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновқа хат жазып, институт ғалымдарының жоғарыда жүргізген зерттеу қорытындысын баяндай келе,  Қапшағай ГЭС-ін салу үшін зерттеулер мен жобалық және басқа да жұмыстарды жалғастыруға көмек беру жөнінде өтініш білдірді. Оның жобасын Орталық Комитеттің басшылары қолдап, одан кейін тиісті көмек көрсетіле бастады.

Елуінші жылдарға иек арта Сарыарқа төсінде ірге көтерген өндіріс орындарын сумен қамтамасыз ету мәселесі қайтадан көтеріліп, қосымша су көздерін іздестіре бастағанда Іле өзені тағы ауызға алынды. Осы мұқтаждықты өтеу үшін ғылымда Ертіс жағынан тоғыз нұсқасы туса, оныншы нұсқа болып Іле көрсетілді.

Перспективалық жобалау секторының тапсырмасы бойынша 1951 жылдың тамыз және қыркүйек айларында Іле өзенінің алқабында инженерлік-геологиялық зерттеулер тағы өз жалғасын тапты. Зерттеудің алғашқы кезеңіне Ленинград пен Алматы қалаларында Іле өзені туралы топографиялық, геологиялық, гидрогеологиялық және инженерлік - геологиялық іргелі зерттеулер туралы жарияланған архив материалдарын жинақтау, оны өңдеу жұмыстары жатқызылды. Осы кезеңде аталмыш ауданды регонцировкалық тексеруден өткізу  және Іле өзенінің алабында белгіленген бөгеттерге тұстамаларды айқындау кірді. Регонцировкалық зерделеу жұмыстары геология жөніндегі бас маман - инженер Ю.В.Разумовский мен жобаның бас инженері И.И.Озерцованың басшылығымен аға геолог Л.И.Щербаков пен топографиялық партияның бастығы Н.С. Доросевичтің қатысуымен іс жүзіне асырылды.

Зерттеудің екінші кезеңіне бөгеттер мен су қоймалардың тұстамалары учаскесінде инженерлік-геологиялық іздестіруді ұйымдастыру жұмыстары жатқызылды. Іле өзенінің орта және төменгі ағысының  алқабында инженерлік-геологиялық іздестірулердің негізгі міндеті – алдын-ала жобалық пысықтау және оны тексеру барысында «Ленгидэптің» перспективалық жобалау секторы белгілеген ГЭС-тің үш телімін (жоғарғы, орта және төменгі), сондай-ақ Қапшағай су қоймасының төменгі, орта және ішінара жоғарғы орнын зерттеу болып табылды. Олар келешекте Іле өзенінің ағысы бойында салынатын «жоғарғы» – Үлкен-Қалқан, «ортасындағы» – Қапшағай, «төменгі» – Құланбасы, Тасмұрын, Бақанас  ГЭС-тері болатын.

Геологиялық, жобалық және экономикалық негіздемелер бойынша Қапшағай ГЭС-і, өзге ГЭС-мен салыстырғанда бірқатар елеулі артықшылықтарға ие болып, оның құрылысын салу бірінші кезекке қойылды. Осыған байланысты Іле өзенінің бойындағы геологиялық-барлау мен картографиялық жұмыстар халық шаруашылығын электрлендіру және энергетикалық ресурстардың қорын зерттеу Қапшағай шатқалының шегінде жүргізілді.

1954 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының тарих, археология және этнография институты болашақ Қапшағай ГЭС су қоймасы аймағында археологиялық ескерткіштерді зерттеу бойынша елеулі жұмыстарды қолға алды. Зерттеу жұмыстары Қапшағай ГЭС-ін жобалаушы Ленинградтың «Гидроэнергопроект» институтымен келісім-шарт арқылы жүргізілді. Экспедиция жұмысына ҚазПИ-дің аға оқытушысы И.И.Копыловпен бірге орта мектептің ұстаздары Л.Ф.Катурга, Н.И.Дибцов, сондай-ақ ҚазМУ мен ҚазПИ студенттері тартылды.

Археологиялық экспедицияның басым көпшілігі аса маңызды халық шаруашылығы міндеттері айқындалған аудандарда жұмыс істеді. Олардың екеуі (Іле және Шығыс Қазақстан) Қапшағай мен Бұқтырма СЭС-ін салу барысында су басуы немесе жойылуы мүмкін деген тарихи ескерткіштерді зерттеумен бірге қазба жұмыстарын қатар жүргізді. Іле археологиялық экспедициясы (жетекшісі - тарих ғылымының кандидаты Кемел Ақышев)  жұмысына Қапшағай су қоймасының аумағы, Іле өзенінің сол және ішінара оң жағалауындағы сағалары болып табылатын Қаскелең, Талғар, Түрген, Құр, Үлкен Шелек өзендері және басқаларының шегі ретінде қарастырылды. Жалпы, ол Қапшағай шатқалынан Борохудзир ауылына дейінгі ұзындығы 180 километр, ені 20-32 километр көлеміндегі алқапты қамтыды.

 Экспедицияның негізгі міндеті су басу аймағындағы барлық археологиялық ескерткіштерді толық анықтау, картаға түсіру және барлау жұмыстарын жүргізу болды. Экспедиция бір жарым ай ішінде аталмыш аумақтың бойын толықтай жүріп өтті.

Іле өзенінің сол жағалауында ГЭС құрылысына жақын жерде «Қапшағай» деп аталған 2 қорым,  8 қорған және ұсақ қорған топтары, сондай-ақ  Іле өзенінің оң жағалауында 52 қорым мен 2500-ден астам көне жерлеу орындары бар қорғандық топтар анықталды. Су қоймасы ауданындағы ең көне ескерткіштер экспедиция барлауында белгілі болғандай, неолит дәуіріне (б.з.д. 12-15 мың жыл) жатқызылды...

1958 жылы Қапшағай ГЭС-ін жобалау Ленин орденді Бүкілодақтық С.Я.Жук атындағы «Гидропроект» жобалау-іздестіру және ғылыми-зерттеу институтына беріліп, ГЭС-тің белгіленген қуаты 250-ден 360 мың киловатқа дейін арттырылды. Осы жоба КСРО Мемлекеттік жоспарлау техникалық-экономикалық сараптама кеңесі бірқатар ескертулермен мақұлдады және Қазақ КСР Министрлер Кеңесі 1958 жылдың 12 желтоқсандағы №1124 санды қаулысымен бекітті. Арада үш жыл өткенде  Гидропроект институтының 1961 жылғы 20 қарашадағы №53 санды бұйрығымен жобалық тапсырманы ары қарай пысықтау «Гидропроект» институтының Қазақ филиалына тапсырылды. Техникалық-экономикалық сараптама кеңесінің ұсыныстары ескеріліп, «Ташгипротранс» және «Ленгипротранс» институттары авто-темір жол өткелдерін есепке ала отырып, көлік өткелдерінің бірнеше нұсқалары бойынша жобалық тапсырмаларды қайта жасады. Нақтыланған жобалық тапсырма КСРО Министрлер Кеңесінің 1967 жылғы 16 ақпандағы №356-р санды қаулысымен бекітілді. КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің 1962 жылғы 8 шілдедегі «1963-1965 жылдары КСРО энергетикасын дамытуды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» №570 санды қаулысында Іле өзенінде Қапшағай ГЭС - інің құрылысын 1964 жылы бастау атап көрсетілді. КСРО Энергетика және электрлендіру министрлігінің 1963 жылғы 26 ақпандағы №52-ші және «Иртышгэсстрой» құрылыс басқармасының 1963 жылғы 24 мамырдағы №198/к санды бұйрықтарымен Қапшағай ГЭС құрылыс басқармасы құрылды.

Қапшағай ГЭС құрылысы Іле өзенінің төменгі ағысын ауыл шаруашылық үшін игеру проблемасын шешумен тығыз байланысты болды. Алдын ала жүргізілген зерттеулер барысында нақтыланған деректер бойынша, Іле өзенінің қазіргі және ежелгі сағасы шегінде Қапшағай су қоймасын салу  арқылы жаңадан 65 кеңшар ашуға, сондай-ақ 300 мың гектар жерді игеруге, 1.200 мың гектар жайылымдық және шабындық жерлерді суландыруға мүмкіндік беретіндігі, Алматы облысы Іленің мол суын пайдалану нәтижесінде республикада ғана емес, Кеңес Одағы бойынша күрішті облыс бола алады деп болжанды. Бұл ұйғарым жоғарғы жақтан бірауыздан қолдау тапты да, бесжылдық алыптарының бірі Қапшағай су-электр станциясының құрылысы басталып жүре берді.

Ленинград ғылыми-зерттеу және жобалау қала құрылысы институты Қазақ КСР Мемлекеттік құрылыс пен Алматы облыстық атқару комитетіне «Новоилийск қаласын орналастырудың техникалық-экономикалық негіздемесін және қала аумағын бөлу сұлбасын» бекітуге ұсынды. Сұлбада қаланың экономикалық бағытындағы даму базасы, аумақты инженерлік-коммуникациялық және көлік жүйелері, өңірдің табиғи-климаттық жағдайлары, су ресурстары және оны орналастыруға арналған алаңдарды таңдау аспектілері қарастырылды.

Алдын ала әзірленген бес нұсқаның ішінен қаланы орналастыруға арналған алаңды таңдауға барынша көңіл бөлінді. Аса қолайсыз инженерлік-геологиялық жағдайларына байланысты Қаскелең өзенінің жанындағы ІV және ІІІ нұсқалары бірден алынып тасталды. 200-250 мың халқы бар қала құрылысына таңдалған нұсқаның Алматы қаласынан алыстығы, темір жолының жоқтығы сияқты өз кемшіліктері бар еді. Сондай-ақ Шеңгелді алабы мен ГЭС арасындағы ІІ және ІІІ нұсқалар темір жолға және Қапшағай ГЭС-іне жақынырақ болғанымен өте көп шығынды қажет етті. ІІ-А нұсқасы салынып жатқан ГЭС пен Гидроқұрылысшы кентіне, теміржол мен автомобиль жолдары жақындығынан едәуір үлкен артықшылықтарға ие болғанымен төбешікті, қолайсыз құмды топырақ жерлер, сумен қамтамасыз ету, т.б. кемшіліктерден кенде болмады.  Алайда, бұл нұсқа Алматы үй құрылысы комбинатына салынып жатқан қалаға тұрғын үйлер мен басқа да әлеуметтік нысандарды салу үшін темір-бетон бұйымдарын жеткізуге тиімді мүмкіндік беретін.

Ғалымдар мен білікті мамандар бригадасы жинақтаған материалдардың қорытындысы Алматы өнеркәсіптік облыстық атқару комитеті мен Қазақ КСР Мемлекеттік құрылыс комитетінде қаралып, 1-ші нұсқа бірауыздан мақұлданып, тиісті шешіммен бекітілді. Ал, суармалы және көгалдандыру, көріктендіру, көркейту, т.б. қала құрылысы үшін өте қолайлы алаңы бар І-А нұсқасы келешектегі резервке жатқызылды. Осыдан кейін бас жоспардың нобайы бойынша жобалық жұмыстар басталды.

200 мың тұрғынға арнап болжанған болашақ қала кәсіпорындарының титулдық тізімінде жартылай өткізгіш аспаптар зауыттары, қалааралық телефон станциялары мен телефон аппаратуралары, тігін фабрикасы, сыра қайнату, шарап жасау, кеме жөндеу, нан, сүт зауыттары  және т. б. кәсіпорындар жоспарланған еді. Алайда, қалада басталған құрылыс жұмыстары өзгеше сипат алды. Жаңа әрі заманауи тұрғын үйлердің жобасын күтпестен қымбат уақытты жоғалтпау үшін  бірінші шағын ауданда сол кезде қолдағы бар жоба бойынша үйлер салу туралы шешім қабылданды.

Қаланың бірінші ықшам ауданында алғашқы 54 пәтерлік кірпіш үйдің іргетасы қаланысымен сауда-қоғамдық орталығының, аудандық байланыс торабының, тұрмыстық қызмет көрсету комбинатының, «Строитель» мәдениет үйінің, кинотеатрдың, банк, аурухананың, өзен портының, балық өңдеу кешенінің, 900 орындық мектеп, 240 орындық балалар бақшасының құрылыстары жүргізіле бастады. Бұлар Қапшағайда салынған  алғашқы  нысандар  еді...

1969 жылдың 20  маусымында    су-электр  станцияның  іргетасын  қалауға  қатысу  үшін  КОКП   Орталық  Комитеті  Саяси  Бюросының  мүшелігіне  кандидат,  Қазақстан  Компартиясы  Орталық  Комитетінің  бірінші  хатшысы  Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев,  Қазақ  КСР  Министрлер  Кеңесінің  төрағасы  Мәсімхан Бейсебайұлы Бейсебаев  құрылысшыларға  келді.  Осында Алматы  облыстық  партия  комитетінің  бірінші  хатшысы  Асанбай Асқарұлы Асқаров, Алматы  облыстық  атқару  комитетінің  төрағасы  Петр Семенович Канцеляристов,  Қапшағай ГЭС құрылыс  басқармасының  бастығы  Евсей Герсанович Вайнруб  және  басқалар  болды.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев  ескерткіш  плитаны  қазаншұңқырдың түбіне өз қолымен орналастырып, қазақтың салт-дәстүрімен «Той болсын» деп күміс тиындардан шашу шашқаннан кейін механик Василий Кузьмин  алғашқы  бетонды берді. Оны Роман  Штейн басқаратын бетоншылардың озат  бригадасы  қабылдап, социалистік жарыстың жеңімпаздары С.П.Решетников пен С.В. Казанков болашақ ГЭС іргетасына бетонның алғашқы текше метрін құйды.

Осы күннен бастап ГЭС қазаншұңқыры мен ГЭС агрегаттарының  іргетасын бетондау басталып, басқа да қосалқы  монтаждау жұмыстары жалғасып жүре берді.

Іленің алып күшін тізгіндеп, бөгеу жолында ұшан-теңіз  көп  жұмыс  атқарылды. Ол үшін  су  айрығы  каналдың  арнасынан  жобадағы  тапсырманың  бестен  төрт  бөлігіндей 2.300  мың  текше  метр  топырақ  қазылып,  1.100  мың  текше  метр  құм тас  қопаруға,  ауданы  120  мың  текше  метр  жақпар  тасты  тесіп  өтіп,  биіктігі  35,  ұзындығы  жотасынан  қарағанда  370  метр  аңғар-апанның  бөгетін жасауға,  350  мың  шаршы  метр  жерді  бетондауға,  8.500  тонна  технологиялық  металл  конструкцияларын  жабдықтауға  тура  келді.  Осы жұмыстардың  барлығын  ойдағыдай  атқарған  Қапшағай  құрылысшылары Жетісудың  ең  мол  сулы  Іле өзенін  бөгеп,  оны  жаңа  арнамен  ағуға қол жеткізді.

Қапшағай ГЭС-і мен су қоймасы идеясының авторы, Қазақ Ғылым академиясының президенті, академик Шапық Шөкин арнайы келіп, бұл жұмыстардың барысын жіті бақылап тұрды. Ол өз ойының жүзеге асқандығына шын жүректен қуанып, құрылысшыларға алғыс сезімін білдірді.

1970 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Иртышгэсстрой» басқармасының әкімшілігі, партия комитеті, құрылыс комитеті бірлестігі және комсомол комитетінің органы болып саналатын «Қапшағай оттары» газеттің алғашқы нөмірі өз оқырмандарына жол тартты. Көптиражды газетті дайындауға, шығаруға және қалыптастыруға сол кездегі редактор И.Т.Бездудный бастаған «Огни Алатау» газетінің ұжымы үлкен көмек көрсетті. Газеттің редакторы тәжірибелі журналист Н.Г.Казакова болды. Газет 1981 жылға дейін аптасына екі рет шығып, Талғар қаласындағы баспаханада басылды. «Қапшағай оттары» құрылыстың нағыз айнасына айналды. Газеттің әр санында қызу қайнаған еңбектің ортасында жүрген еңбек озаттары туралы мақалалар жарияланып, озат тәжірибелер кеңінен насихатталды. Қапшағайда күн сайынғы болып жатқан жағымды жаңалықтар, барлық саладағы өркенді істер мен игі бастамалар, сонымен бірге кемшіліктер мен олқылықтар сын тезіне алынып, газет беттерінен кеңінен орын алып отырды.

Іле аудандық кеңесі халық депутаттары атқару комитеті мен Іле кенттік кеңесі жүргізген есебі бойынша 1967 жылдың 1 қаңтарында Іле кентінде 2808 отбасында 11637 адам, 1476 жекеменшік үй, 195 кәсіпорын мен мекемелердің  ғимараттары есепте тұрды. Су басу аймағына Іле өзені арқылы өтетін темір жол көпірі, Іле темір жол станциясы, Іле өзен кемефлоты бар Іле кенті, 8 колхоз, балық зауыты және басқа да кәсіпорындар жатқызылды.

Казақ КСР Жоғарғы Кеңесі Пре-зидиумының 1970 жылғы 9 шілдедегі Жарлығымен          Новоилийск кенті Қапшағай қаласы болып аталуына байланысты қаланы одан әрі дамыту үшін қажетті жағдай жасау, оны жоспарлау мен құрылыс сапасын жақсарту, сондай-ақ еңбекшілердің жаппай демалуы үшін су қоймасының жағалау белдеуін пайдалануды ретке келтіру мақсатында Қазақ КСР Министрлер Кеңесі 1970 жылдың 20 шілдесінде «Қапшағай қаласының құрылысын жақсарту, абаттандыру және одан әрі дамыту жөніндегі шаралар туралы» №442 санды қаулы қабылдады.

Осы қаулыны орындау бойынша Алматы облыстық атқару комитеті 1970 жылғы 15 қыркүйекте арнайы шешім қабылдап, қала құрылысының бірінші кезегін  1975 жылға, екінші кезегін 1980 жылға дейін деп белгіледі. 1971-1973 жылдары Қапшағай қаласындағы №1,2 шағын аудандардың қызмет көрсету және осы шағын аудандардың аумағы бойынша іргелес жатқан көшелерді абаттандыру, қоғамдық көлік пен жарықтандыруды қоса алғанда кешенді құрылыс жұмыстарын аяқтау, 1970-1971 жылдары 1-шағынауданда 8-9 қабатты үш ірі панельді тұрғын үй, 2-шағынауданда үш тұрғын үй салу үшін қажетті жобалау және басқа да дайындық жұмыстарын жүргізу, ал 1972-1975 жылдары олардың құрылысын толықтай жүзеге асыру  тапсырылды.

Бас жоспар бойынша келешекте демалыс базаларының орталығы Қапшағай су қоймасының ағысына қарай бой түзейтін сәулетті мекен – Жаңа Іле қаласы болады деп атап көрсетілді. Оның шағынаудандарының әрқайсысы 10-15 мың адамға есептелді. Ал қала орталығындағы ықшамаудандарға мәдени ағарту, сауықтыру, спорт, балалар мекемелері, мектептер мен интернаттар және коммуналдық кәсіпорындар, мәдениет үйі мен кітапхана, мейрамханалар, қалалық стадион салу қарастырылды. Қала келбетін одан әрі айшықтандыра түсу үшін жиырма қабатты зәулім үйлер салу, теңіз жағасынан қаланың батыс жағына қарай тоғыз шақырымға созылған ені бес жүз метрлік орманды алқап отырғызу бас жоспарға енгізілді.

1970 жылы 22 желтоқсан күні сағат 8-де Қапшағай гидростанциясы 1500000 киловатт-сағат электр энергиясын берді. Орта Азиядағы ең ірі су-электр станциясының шамшырақтай оттары өз сәулесімен жан - жаққа нұрын шашты. Жаңа су электр станциясының электр энергиясы Алматының энергия жүйесіне келіп, бұл жүйе Орта Азия республикаларының электр магистральдарымен жалғасты.

1970 жылдың 24 желтоқсаны Қапшағай су электр станциясы құрылысшылары үшін салтанатты мереке күніне айналды. Құрылысшылардың мейрамына Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Бюросының мүшелері Бәйкен Әшімұлы Әшімов, Алексей Семенович Колебаев, Асанбай Асқарұлы Асқаров, республика министрліктері мен ведомстволарының, Алматы облыстық партия және кеңес органдарының басшылары қатысты.

Қапшағай ГЭС құрылысын салуда жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізген елеулі еңбектері үшін Казақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1970 жылғы 6 қаңтардағы Жарлығымен «Қазақ КСР-нің еңбегі сіңірген құрылысшысы» төсбелгісімен балташылар бригадасының бригадирі Анатолий Филиппович Клепиков, жылжымалы құрылыс колоннасының жүргізушісі Қабидолла Қожақов, эксковатор машинисі Степан Павлович Решетников, азаматтық және өндірістік объектілер құрылыс басқармасының  бастығы Геннадий Павлович Чудновский марапатталса, 12 адам Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын, 18 адам Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің  грамотасын иеленді. Шаһардың өркендеуіне сүбелі үлес қосқан өзге де көптеген еңбек майталмандары марапатталды.

Бұлардан басқа Қапшағай ГЭС-нің 425 жұмысшы және инженер-техник қызметкерлері «Еңбектегі ерлігі үшін» және «Еңбектегі жетістігі үшін» медальдарының иегерлері атанды. Қапшағай ГЭС-і мен Қапшағай су қоймасының авторы Шапық Шөкиннің орасан зор еңбегі Еңбек Қызыл Ту орденімен атап өтілді.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың бастапқы кезде айтқаны тура келіп, Қапшағай ГЭС-і құрылысына жұмсалған шығын екі-ақ жылда өтелді. Қала аумағында  өнеркәсіп, құрылыс, көлік, сауда,  тұрмыстық қызмет, балық және ауыл шаруашылығы құрылымдары іске қосылған сол жылдары тұрғындар өміріне самаладай шуақ  шашылды. Алматы мен Қапшағайдың арасы қан тамырындай бүлкілдеп сала берді.

Ұлы Қазақ даласының дара тұлғасы кемеңгер Дінмұхамед Қонаев сусыған сары құмдар мен шулы тоғайларды жарып өткен Іле өзенінің жағасында Қапшағайды салу арқылы талай мәселенің түйінін шешіп, өзінің қолтаңбасын қалдырды. Қапшағай ГЭС-і арқылы Жетісу өңірі электр жарығымен қамтылды. Ақдала мен Шеңгелді алқаптары және басқа да егістік жерлер су қоймасынан нәр алып, бау-бақшаға айналды. Жер жәннаты Жетісудың сан тармағына халықтың дамылсыз қатынауын қамтамасыз еткен автомобиль көпірі, теңіз үстінен өтетін Талдықорған-Қорғас арқылы Қытайға жететін теміржол дәлізі,  Қапшағай су қоймасы халықтың нағыз игілік көзі болды.

Тәуелсіздік жылдарындағы Қапшағай

Тарих – өткен күннің белгісі, өткен уақыттың шежіресі. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады. Тәуелсіздіктің таңы атуын тілеп, үш ғасыр бойы азаттық көтерілістердің басында болған ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолы тарихтан белгілі. ХХІ ғасыр бүгінгі ұрпаққа бұйырған бақыт деп ойлаймыз. Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Тәуелсіздік ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі.

Тәуелсіздік таңы атқан Қапшағай қаласында да оң өзгерістер бола бастады. Солардың бірі экономиканы алға дамытудың бір жолы инвестиция тартудың қажеттілігі туды.  Қапшағайдағы туристердің ең көп баратын жері «Аквапарк» шетел инвестициясының алғашқы қарлығашының жемісі. Бұл нысан 1994 жылы итальяндық жоба бойынша салынды.

Осыдан кейін де Қапшағайға инвестиция келе бастады. Қазіргі таңда Қапшағайға  құйылып жатқан шетелдік инвестициялар көлемі артып келеді. Бұрын қаламызда 4-5-ақ кәсіпорындар болса, қазір олардың қатары анағұрлым молайған. Міне, осында келген инвестициялардың арқасында Қапшағайда жаңа жұмыс орындарының ашылуына түрткі болып, екі қолға бір жұмыс тапқан халықтың әлеуметтік жағдайы тұрақтала бастады.  Бір адамға шаққанда 2008 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 12 985 теңге болса, 2014 жылы оның өсу динамикасы байқалып, 20 717 теңгені құрады. Осыған қарап отырып ел экономикасы, соның ішінде Алматы облысының экономикасын дамыту жолындағы жоспарлардың орындалып жатқанын Қапшағай жұрты өз көзімен көрді.

Бұл жағдай облыстағы ішкі миграцияның жүре бастауына себеп болып, Қапшағайға көшіп келушілердің саны артты. Мысалы 2010 жылы Қапшағай жұртшылығының саны 54,9 мың халықты құраса, 2017 жылы оның көрсеткіші 61,6 мыңға жетті. 2010 жылы Қапшағайға келушілердің саны 1,8 мың адам болса, жеті жылдан кейін бұл шаһарға көшіп келгендердің саны 3 мың адамға жеткен көрінеді. Дәл осы екі мерзім аралығында жұмыс істейтіндердің көрсеткіші 24,4 мыңнан 31,1 мыңға жетті.

2008 жылы Орта мектеп-гимназияның пайдаланылуға берілуі, одан кейін Ақөзекте 120 орынды жаңа мектептің салынуы, 2009 жылы «Балдәурен» балабақшасының ашылуы Қапшағайдағы демографияның өскендігінен хабар берсе керек. 2008 жылы Қапшағайдағы балабақшалар үшеу ғана болса, 2014 жылы олардың саны 17-ге, ал 2018 жылы 24-ке жетті. Олардың қатарында «Балбөбек», «Академия детства», Заречный ауылындағы «Еркетай» балабақшалары бар.

Тамақ өнеркәсібі Қапшағайда да дами бастады. Оған 2018 жылдың 11 желтоқсанында Қапшағай қаласы «Арна» индустриалдық аймағында  өндірістік-логистикалық орталық ашқан «Маревен Фуд Тянь-Шань» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де өз үлесін қосты. Бұл кешен Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар бойынша комитеті мен «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС  арасында қол қойылған инвестициялық келісімге сай салынды.  Оның қуаты жылына 50 мың тоннадан аса немесе 400 млн. бірліктен астам дайын өнімді құрайды. Кәсіпорын өз өнімдерін Қазақстаннан бөлек Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қытай және Монғолияға шығаруда. Қазір мұнда 400-ге жуық адам істейді. Макарон өнімдерін шығаратын осы кешеннің  бесінші кезеңі таяуда іске қосылды.

Қапшағай аймағында тамақ өнеркәсібін одан әрі дамыту бағытында «Kaz Organic Produсt» ЖШС 2017 жылдың басында іске қосылып, содан бері өндіріс орны түрлі балықтарды өсірумен айналысып келеді. Осы өндіріс орнының балық өңдеу цехының 700,0 млн. теңге тұратын құрылысы 2021 жылға жоспарланған.

Қапшағай қаласының экономикасына тек өндіріс нысандары ғана емес, ауыл шаруашылығы саласы да өз үлесін қосуда. Мал шаруашылығы саласында төрт түліктің өсу динамикасы байқалады. Жасыратыны жоқ, Қапшағай қаласы ішінде жолаушылар тасымалдау мәселесі автобустардың ескілігінен, өз пайдалану ресурстарын тауысқаннан сын көтермейтін жағдайға келгені анық. Осы мәселе 2019 жылдың күзінде аздап та болса шешілгендей болды. Автобус паркін жаңалаған жеті автобус қала маршруттарында халыққа өз қызметін жасап жүр.

 Денсаулық сақтау ісі елімізде ең маңызды саланың бірінен саналады. Соның айқын көрінісі ретінде 2019 жылдың соңына қарай Қапшағай қаласында Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен медицина бағытында жаңа зауыттың ашылу салтанаты болды. Зауыт жобасының барлық шығыны 735,0 млн. теңгені құрайтын осы нысанның құрылысы бір жыл бұрын басталған болатын. Осыған дейін медицина саласындағы емханалар осы зауыт шығаратын медициналық өнімді шетелден сатып алып, қолданып келген екен. Зауыттың іске қосылуы елу жаңа жұмыс орындарының ашылуына негіз болды.

Мемлекеттік бағдарламаларды, оның ішінде өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы, әрбір отбасы үшін тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылып, «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «7-20-25», сондай-ақ бағдарламалары мен алдыға қойылған міндеттерді орындау бойынша нақты мақсат айқындалған.

          Кешегіден келешекке...

2008 жылғы шілде айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қапшағай қаласына келген жұмыс сапарында «Мен Қапшағай қаласының келешегі зор деп санаймын» деп баға берген еді. Құрылғанына биыл елу жыл толатын қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы оң өзгерістермен мол деп айтуымызға негіз бар.

Қапшағай да дамудың дара бағытын таңдап, ел үмітін болашаққа жалғап, жасампаздық жолымен келешекке бағыт алған игілікті әрі ізгілікті жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Соған орай кешегіден келешекке бағыт алған қапшағайлықтардың бүгінгі қоғамға деген сенімі мен қолдауы бұрынғыдан да нығайғанын көреміз.

Бұл күндері Қапшағай өзінің әлеу-меттік-экономикалық және мәдени даму жағынан кемелденген  кезеңіне аяқ басқан. Қапшағайдың ертеңгі күні туралы әңгіме қозғағанда оның даму басымдықтарынан бастау керек. Қала мен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы төрт бағытта жүрмек.  Оның бірінші бағыты ертоқымның екі үзеңгісіндей болған өндіріс пен ауыл шаруашылығы. Екінші бағыты туризм кластері мен шағын және орта бизнес. Үшінші бағыты тұрғын үй-коммуналдық жүйе және төртінші бағыты әлеуметтік сала болып есептеледі.

«Кнауф Гипс Қапшағай», «Поли-мерметалл-Т», «Рыбпром», «Пеноплэкс», «Магнетик», «АЯМ», «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС-рі өндіріс көлемін арттырды. Сонымен қатар қуаттылығы 100,0 МВт «Эневерс Күнқуат» ЖШС күн электростанциясы, қуаттылығы 416,0 КВт күн электростанциясы «Samruk-Green Energy» ЖШС, қуаттылығы 9,0 МВт құрайтын «Кербұлақ», «Кербұлақ 2» желі- электростанциялары жұмысын бастады.  Макарон өнімдерін өндіретін «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС-нің 5 қондырғы линиясын іске қосу жұмысы жүргізілуде.

Қаланың өнеркәсіптік кәсіпорындары  2019 жылы  жалпы сомасы 75500,0 млн.теңгенің өнімін өндірді. 2020 жылға жоспарланған көлем 80000,0 млн.теңгені құрайтын болады.

Болашақтағы басымдық бағыттағы инвестициялық жобалардың қатарына Қапшағай өзен портын реконструкциялау және кеңейту, Алматы-Қапшағай-Жаңа Іле бағытына жүрдек поезын қосу, Қапшағайдан 10-14 шақырым жерден Қытай тәжірибесіне сүйенген күл-қоқыс қалдықтарын өңдейтін өндірістік комплексінің орнын ашу, халықаралық транзитті тасымалдау бағытында жаңа «Саяхат» әуежайын, «Жаңа Іле» көпсалалы туристік комплексін  салу жатады.  Өңірдің келешектегі көлік байланысы құрамына Алматы-Жаңа әуежай бағытына жүретін монорельсті және электрлі темір жол көлігі, Алматы-Қапшағай автобаны, тарихи, табиғи, мәдени және археологиялық ескерткіштерге апаратын автомобиль жолдары, Іле өзені мен Қапшағай су қоймасында су кемелерінің жүруін қамтамасыз ету кіреді. Қаланың оңтүстік бөлігінде, бас жоспар негізінде жасалған егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында, болашақта көпқабатты әлеуметтік және тұрғын үйлер, білім беру объектілері, балабақша, кампустар, әкімшілік орталық құрылыстарын салу жоспарлануда.

Жоба жобалық алаңның 6,7,9,11,13 шағынаудандарға бөлінуін қарастырады және инженерлік коммуникациялық желілерді орналастыру үшін кең көшелер қарастырылған. Бас жоспарға сәйкес Абай көшесінен жаңа шағынаудандар мен көк шығанаққа дейін көше түсіру жоспарланған. Сонымен қатар, ауданы 250 гектар болатын егжей-тегжейлі жобаға демалу аймақтары бар жаңа сауда нысандарының құрылысы қарастырылған, қазіргі аквапарктан шығысқа қарай Жамбыл көшесіне дейінгі аумақ кіреді. Қапшағай су қоймасы жағалауы бойымен жалғасатын қалалық жағажайдың 2 кезеңін салу, демалушылар мен туристер ағынын жеңілдетуге ықпал етеді.

Қала мен аймақ өміріндегі елеулі жаңалық – көгілдір отынның келуі. Газ беру жалғасуда. Қалада  аудандар арасында желілер жүргізілді. Бүгінгі таңда 3, 5, 8, 10, «Гүлдер» және «Восточный» шағын аудандарында 904 тұтынушы газға қосылды. Газбен «Кнауф Гипс Капшағай» ЖШС, «Перлит Юнион», «Магнетик» және «Маревен Фуд Тянь-Шань» сияқты кәсіпорындар қосылған. 30,0 км газ желілері тартылды. 1156 тұтынушыға газ жеткізілді. Бұл жұмыс ары қарай өз жалғасын табары анық.

Барша отандастарымыз сапында Қапшағай қаласының халқы да елдік мақсат-мұраттарға адалдық танытып, алға басып келеді. Осыдан он-он бес жыл бұрынғы  Қапшағайды бүгінгі күнмен салыстыруға келмейді. Қала мен өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай бұрынғыдан көш ілгеріледі. Қаланың тыныс-тіршілігіне еліміздегі өркенді істердің ықпалы артты. Қаламыз қайта көркейе бастады. Жыл сайын көріктеніп, көркейіп, абаттанып келеді. Ең бастысы, дағдарыстан жаңару мен дамуға бет алған мемлекеттік саясат пен экономикалық тиімді жобалардың негізінде жаңа кәсіпорындарды, халыққа қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысандарды көптеп ашуға мүмкіндіктер көбейді.

Қала тұрғындарының саны 62 мың адамды құрайды.  Жыл сайын қала тұрғындарының саны 1300 адамға өсуде. Демографиялық жағдай жақсарды.    Болашақта іске асатын осынау орасан маңызды істер Қапшағайдың өркендеуіне тың серпін беретіндігіне халық сенімді. Қазіргі танда қапшағайлықтар қала мен өңірді жаңартып, жақсартатын істерге барынша үлес қосуды парыз санайды. Қала халқы ұлтаралық татулық пен бірлікті қастерлейді. Елбасы саясатын қолдайды. Оны дамуымыздың дара бағытының, елдің кемел келешегінің негізі деп біледі.

Қала болашағы жайлы көп мәселе қозғалып жүр. Өнеркәсіптік-логистикалық, өндірістік және экономикалық маңызды жобалар қазір елге таныс. Ондай мемлекеттік тіпті, халықаралық деңгейдегі ірі бағдарламаларға негіз болған жұмыстардың біразы таяу уақытта қолған алынбақ. Олар жүзеге асырылғанда Қапшағай қаласы мен аймағы қазіргіден де көркейіп, көріктенетін болады. Қала әкімдігі Қапшағайды дамытудың стратегиясын тұжырымдап, нақты іс-шараларды жүзеге асыру үстінде. Жергілікті жерде атқарылған жұмыстар аз емес. Дегенмен, мемлекеттік деңгейдегі ірі жобалардың маңызы тіпті бөлек екені даусыз. Тарихын жетпісінші жылдардан бастаған қала талай уақыт белестерінен осылай асты. Бір кезде комсомолдық жолдамамен келген жиырмалардағы ұл-қыздар бүгіндері қаланың құрметті ардагерлері атанған. Шаһар тарихы-әкелеріміз бен аналарымыздың, онда тұратын әрқайсымыздың тарихымыз. Осы алтын арқауды жалғастыру – бүгінгі ұрпақтың міндеті.

 Қапшағай қаласының жартығасырлық мерейтойы ғұлама ұстаз әл-Фа-рабидің 1150 жылдығымен, қазақ сахарасының философ-ақыны Абайдың 175 жылдығымен және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығымен тұстас келіп отыр. Кешегісіз келешектің болмайтынын ескерсек, өткенімізді саралап, таразыдан өткізіп, келешекке үлкен үмітпен қадам жасайтынымыз ақиқат. Олай болса осындай мерейлі жылда елуге толған қаланың келешегі кемел, халықтың ертеңі нұрлы деуге болады.

Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде кешегі кемел тарихы, бүгінгі көрікті келбетімен келешекке жарқын жол салған Қапшағай талай ұлттың, талай ұрпақтың өкілін құшағына алып, жылдармен бірге есейді. Осы жерде ГЭС бой көтергенде Қапшағай қаласы елдің стратегиялық маңызды нысаны және республикада экономикалық-стратегиялық мән-маңызы бар құнды жобалардың қатарын құрады, әрі бірегейі екенін дәлелдеді.

Көл мен шөлдің түйіскен жерінде, Талдықорған мен Алматы секілді алып шаһарлардың арасын байланыстырып жатқан Қапшағай қаласы мен өңірінің даму бағытындағы біз қысқартып баяндаған бүгінгі таңдағы аяқ алысы – осы дүниелер. Уақыт өте келе араға қосылған жылдар жылнамасы кешегіден келешекке бет алған Қапшағайдың әлеуметтік-экономикалық және мәдени өміріне елеулі өзгерістерін әкелері анық. Олай болса сол дүниелерді бірге көруді бәріміздің маңдайымызға жазсын дейік.

 

330 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала АЗАМАТТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУДЕГІ ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕР МЕН ДӘЛЕЛДЕУ
Келесі мақала ТҮРІК ЕЛІНІҢ ҚАЗАҚТАРЫ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №8

29 Тамыз, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы