• Ұлттану
  • 31 Шілде, 2020

БИЛЕР СОТЫ ЗАҢ МЕН ӘДІЛДІККЕ НЕГІЗДЕЛГЕН

Қазақстанның XV-XVIII ғасырлардағы ортағасырлық тарихын Қазақ хандығының дәуірі деп атайды. Оған бірнеше жекелей тарихи заңдылықтар куә болып табылады. Біріншіден, бұл кезеңде қазақ хандығының қалыптасуы, этникалық процестердің сапалы жаңа даму деңгейіне шығуы, соның нәтижесінде қазақ халқының дербес ұлт ретінде қалыптасуы пайда болады; Екіншіден, мемлекеттік жүйенің қалыптасуы пайда болады. Моңғол мемлекеттік дәстүрлері қыпшақтардың әдет-ғұрыптарымен алмасады; Үшіншіден тарихи дамудың осы кезеңінде (Ресей отарлаушылығына дейін) «Қазақ хандығы» деген саяси термин бекіп, осы кезеңнен бастап халықаралық аренада ол берік жағдайға ие болады. Жазба деректерге байланысты XVI ғасырдан бастап «қазақтардың территориясы», «қазақтар елі» деген саяси түсініктер жөнінде ең алғашқы мәліметтер пайда бола бастады. Төртіншіден, бұл кезең жаңа тарихи дәуірдің негізін салды. Қазақстан тарихында түркілер, қыпшақтар және Алтын Орда дәуірлерінің орнына Қазақ хандығының дәуірі келді.

Қазақ хандығы қазіргі кезеңдегідей айқын белгіленген шекараны білмегенмен мемлекеттік идеология, заңдары, билер соты және басқа да ортағасырлық мемлекеттерге тән мемлекеттік құрылымдар болды. Қазақ қоғамында XV-XVIII ғасырлар аралығында негізгі сот билігіне билер соты ие болды. Қазақ қоғамындағы халықтың жаһандық игілігі билер соты болып табылады. Халық арасында олардың беделі ерекше болды. Олардың пікірі үкімет билігінен де жоғары саналды.

Билер соты қиянатқа бармау және әділдік принциптеріне негізделді. Бұл жүйеде сот шешімдерінің адамгершілік бағдарда болу, қол жетімділік және ашықтық  басшылыққа алынды. Би соты-ның түпкі мақсаты дауласушылардың өзара қарым-қатынасы қандай күрделі болса да екі жақты бітістіру. Белгіленген ереже бойынша «даудың түбі біту» болды. Көшпелі өмір салтында бостандық пен еркін орналасу принциптері, шексіз дала, қоғамдық құрылымдардың «көлденеңдігі» мен мемлекеттік институттардың тіктігінің болмауы көшпенділер ортасында бейбітшілік, бостандық пен әділеттілікке бағытталған құқықтық ережелер мен институттарды қалыптастыру мен дамытуға мүмкіндік туғызды. Соның нәтижесінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса отырып, әділдіктің әмбебап принциптерін жасауға қол жеткізді.

Қазақтардың ең алғашқы заңы Қасым ханның (1448-1518) есімімен байланысты «Қасым ханның қасқа жолы» заңдар жинағының негізіне түркілер мен моңғолдардың мемлекеттік ұйымдарының, басқармаларының, әкімшілік, қаржы, салық жүйелерінің орасан зор тәжірибесі алынды. Ол бес бөлімнен тұрды (мүліктік, қылмыстық, әскери заңдар, елшілік дәстүрлер, қоғамдық (жұртшылық) заңдар).

Бұл заң жинағы Есім ханның кезінде (1598-1645) толықтырылып, «Есім ханның ескі жолы» деп аталды. Ол қазақ хандығындағы саяси жүйені түбірлі өзгерте отырып, басшылықты төрелерден (сұлтан-шыңғыстар) ашық таңдаулыларға, яғни, билер мен старшындарға берді. Бір көңіл аударарлық қызықты жағдай Есімнің өзі Шыңғыс тұқымынан, бірақ оның мұндағы қойған мақсаты: басшылық сапасы мен іскерлігіне қарамай тұқым қуалаушылықты бұзып, сайлану, таңдау арқылы басшы тағайындауды енгізу еді. Есім хан Қасым хан заңдар жинағына хандық биліктің намысын, мәртебесі мен абыройын қолдайтын, халықтың бірлігін нығайтуға, көшпелі ұжымдардың дәстүрлі тұрақтылығын сақтайтын, дәстүрлі заңдық тәртіптерді  ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптарды жаңартатын және нығайтатын ережелерді енгізді.

Қазақтардың әдет-ғұрып заң-дарының жинағы «Жеті жарғы» болып табылады. Заңда мынандай бөлімдер болды: жер дауы; отбасы-некелік заң; әскери заң; сот ісі жөніндегі ереже; қылмыстық заң; құн жөніндегі заң; жесір дауы. Бұл заң жинағы шамамен 1684-1685 жылдары бекіді (Узбекұлы С. «Хан Тауке и правовой памятник Жеті Жарғы». – Алматы. – 1998, - б.30).

Бұл заң жинағын өңдеп, жетілдірген – Ұлы жүзден Төле би (Дулат Әлібек баласы), Орта жүзден Қаздауысты Қазыбек би, Кіші жүзден Әлім руынан Әйтеке би. Бұл заң жинағы барлық қазақтардың ішкі саяси бірлігін нығайтуға, бір орталықтанған біртұтас мемлекет жасауға және қазақ қоғамында жұмыс істейтін бірыңғай заңдардың негізін жасады. «Жеті Жарғы» Қасым хан мен Есім хан заңдарын алмастырған жоқ, ол өзіне солардың нормаларын жинады. Заңда жалпы мемлекеттік құқық нормалары бекітілді. Шоқан Уәлиханов «қазақтарда би атағына шығару үшін халық жағынан қалай болса солай сайлау өткізумен және билік жағынан бекітумен байланысты емес. Тек сот әдет-ғұрыптарын терең білу, шешендік өнермен байланысты болу ғана қазақтарға осы құрметті атақты берді. Би атағын алу үшін қазақтарға әлденеше рет халық алдында өзінің заңды терең білетін білімін және өзіндік шешендік қабілетін көрсетуге тиісті болды. Мұндай адамдар жөніндегі жұртшылық пікірі бүкіл далаға тез тарады және олардың аттары барлығына, әрқайсысына танымал болды. Сонымен, би атағы сот және қорғаушы ісіне қолданатын куәлік (патент) сияқты болды» деп жазды (Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах Т.4. – Алма-Ата. – 1961. – б.91). Билер институты таптық жіктеліс нәтижесінде шыққан жоқ. Ол белгілі бір қоғамдық құрылымдардың қажеттілігімен байланысты еді. Билер институты әртүрлі қоғамдық  күштердің саяси тепе-теңдігін қолдауға қызмет жасады, саяси-құқықтық, әлеуметтік қатынастарды реттеуге әсер етті. Мемлекеттік құрылымдардың тұтастығын сақтау билердің қызметтік міндеттеріне кірді. Билер жеке рулар мен олардың бөлімдерін басқаруға құқылы болды. Мәселен, Төле би 1743-1749 жылдары Ташкеннің билеушісі Тәуке ханның кеңесшісі болды. Әйтеке би Тәуке ханмен Сайрамды жоңғарлардан қорғауға қатысты, қарақалпақтар мен қырғыздарды жоңғарларға қарсы күреске ұйымдастырды. Қазыбек би шебер мәмлегерші ретінде қонтайшы Ғалдан-Церенмен келіссөздерге қатысып, қазақ халқының, әйелдер мен әскери тұтқындардың мүддесін қорғады. Ол Тәуке, Самеке, Әбілмәмбет, Абылай хандардың кезінде  мемлекеттік істерді жүргізуге қатысты. Бұл үш атақты, дана билеріміз қазақтың үш жүзінің бірігуінің бастаушылары болды.

Кенесары хан билер сотын хан сотына алмастырды. Ресей империясы кезінде  билер сотын қайта құру әрекетін XIX ғасырдың басында жасады. 1822 жылы қабылданған «Сібір қырғыздары (қазақтарының – Авторлар) жөніндегі Жарғыдан» билер сотының міндетінен «Қылмыстық істер» шығарылды. Атап айтқанда оған өкіметке қарсы қылмыстармен қатар адам өлімі, ұрлық жатқызылды. Билер енді тек айып салумен шектелді.

1830-1850 жылдары қабылданған заңдар бойынша қазақтар формальді түрде империялық сотқа жүгінуіне болатын болды. Алайда, патша үкіметінің бұл әрекеттері нәтижесіз және сәтсіз деп танылды, өйткені, қазақтар орыс соттарынан қашқақтап, өз істерін әдет-ғұрып ережелерімен шешуге тырысты. Қалай болғанда да қазақ даласында  әдет-ғұрып ережелеріне негізделген жүйе 1920 жылға дейін билік етті.

Қазақ заңдылығы мен мемле-кеттілігінің қайнар көзі ұлы Майқы биден бастау алады. Ол бізге соттың және сот қызметінің, ортағасырлық түркілердің заңдық шеңберінің принциптерінің негізін анықтайтын іргелі заңдарды мұраға қалдырды. Бұл жағдайлардың барлығы оның айтқан қанатты сөздерінде орын алған: «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би», «Тура биде туған жоқ, Туғанды биде иман жоқ», «Қара қылды қақ жарған әділ би», «Парақор биге ісің түспесін, сараң үйге кісің түспесін», «Хан қарашасыз болмас, Дау арашасыз болмас», «Би екеу болса, дау төртеу болады» (Майқы бидің нақыл сөздері//https:massaget.kz<viewtopic).

«Би» сөзінің этимологиясы жайлы қазіргі күні бірауызды келісіліп-пішілген тұжырымды пікір жоқ. Бұл мәселеге алғаш көңіл аударған Г.Вамбери, В.Радлов тәрізді оқымыстылар «би» сөзінің төркініне көне түркі тілінің биіктікті, жоғарылықты білдіретін мағынасынан іздестірсе, мұны Құрбанғали Халид «Би-бектен, бек-бүюктен» қысқарған атаулар. «Бүюк» – «үлкен зор» мағынасында айтылған», – деп толықтыра түседі.

Кейінгі зерттеушілер арасында  мұндай тұжырымды О.Сүлейменов қайталайды. А.Леонтьев «би» сөзін «билеу» етістігінен туындата келіп, оның «басқарушы» мағынасында қолданылғандығын айтады. Ал Шоқан Уәлиханов болса, В.Радлов, Қ.Халид сияқты зерттеушілерге дейін-ақ «би» сөзінің түбірін көне түркінің «бек» және «би»  сөздеріне тіреп, оның негізгі мағынасы «сот» ұғымын білдіретінін атап көрсеткен-ді. Зерттеуші ғалымдардың, әсіресе, В.В.Бартольдтың пікірінше: «би» сөзі шамамен XIV-XV ғасырларда ежелге түркі тіліндегі «бек» атауының бір нұсқасы ретінде пайда болып, басқарушы, ел билеуші мағынасын білдірген. Кейіннен бастапқы семантикалық-тілдік реңкінен ажырап, көбінесе, дау-жанжалды шешіп, кесімді төрелік айтушы, әділ үкім шығарушы адамды бейнелеу үшін қолданылған. XVII ғасырда өмір сүрген Махмұд ибн Уәлидің «Бахр әл-асрар фи манақиб әл-ахйар» атты еңбегінде «жоғарғы мәртебелі әмірлер мен елге сыйлы, пендәуи тірліктен азат адамдардың» барлығы би аталғанын жазады. Ал қазақ халқының дәстүрлі түсінігінде бұл атау төрт түрлі мағынада: 1) ел билеушісі, иелік етуші; 2) сот, төреші; 3) батагөй, шешен; 4) бітістіруші дипломат, елші ретінде ұсынылған. Билердің қоғамдағы рөлін жан-жақты түсіну үшін қазақ халқының тарихи-әлеуметтік даму кезеңдерінің ерекшелігін жете ескеру шарт. Өйткені, ежелгі дәуірлерден XIX ғасырдың басына дейін қазақ қоғамы саяси потестарлы билік жүйесінің негізінде дамығаны белгілі... Әлеуметтік құрылымға арқау болған рулық-тайпалық жүйенің өзі айқын қандас туыстардың ұйымы емес, саяси және шаруашылық қауымдастық қызметін ғана атқарды. Сондықтан, қоғам болмысындағы рулық негіз мемлекеттік институттардың нығайып, жеке-дара үстемдік құрауына қай кезде де мүдделі болған емес (Древний мир права казахов/ Материалы, документы и исследования. В 10 томах. А. – 2001, - Т.2. – бб.449-450).

Билер кеңесі – дәстүрлі қазақ қоғамында өкілетті негізде қызмет атқарған ең жоғарғы кеңесші орган. Билер кеңесі жылдың бір мезгілінде, әдетте, ел жайлауға көшіп болған соң өткізілген. Көбінесе, Сайрам маңындағы Мөртөбеге, Сырдариядағы Күлтөбеге не Түркістан жанындағы Битөбеге шақырылған. Оған хан, сұлтандар, үш жүздің елге сыйлы, «қара қылды қақ жаратын» әділдігімен даңқы шыққан билері, батырлары қатысқан.

Билер – Ата би, Төбе би, Қатар би, Жеке би, Төтен би, Бала би болып бөлінген.

Билер идеологиясының негізінде әуел бастан бір туған, енші алыспаған қазақтың туысқандық қағидасы жатты. Абайдың «біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дейтін тұғырлық идеясы билер идеологиясымен тікелей ұштасып жатты. Қазақ халқы басын құрағанда әр жерден көшіп келгенімен, тілі бар, діні бар, дүниетанымы, құндылықтарға деген көзқарасы, мақсат-мұраттары бірыңғай рухани кеңістікке қалыптасқан ру-тайпалардан құралған. Сондай туыстық пен аумақтық бір-лестіктің аясында қалыптасқан этностың алауыз болмай «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруына» да қазақ билерінің септігі аз тиген жоқ деп білеміз.

...Билер дауының мазмұнына қарай жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал дауы, қыз дауы, мүлік дауы, мұрау дауы деп бөлінетіні белгілі. Солардың ішіндегі салмақтысы, жүгі ауыры – жер дауы. Онан арғы кезекте жесір дауы, құн дауы тұрады. Осы орайда Абайдың жер дауы, қыз дауына байланысты жасаған екі билігін қарастырып, оның мәселені, яғни, себептерін қалай қаузап, істі қалай «қағып», ақиқатты қалай айшықтап, мөлдіретіп жұрт алдына жайып салып, әділетті кесім шығарғанын айтып өтуге болады.

Билердің сот ісін қарауын мынандай құрамдас бөліктерге бөліп қарауға болады:

а) дайындық-бітістіру бөлімі («мәжіліс»).

Бұл бөлімде қаралатын істің мазмұны таныстырылады, сот ісінің мүмкіндігі мен қажеттілігі анықталады. Осы мақсатта маңызды процессуалдық әрекеттер жасалады. Дәстүр бойынша екі жаққа «бітім», «береке» шарттары, кешірім жасау – «салауат» мүмкіндіктері ұсынылады. Сондай-ақ процеске қатысушыларға мәлімденген қарсылықты қарау, кінәліні сотқа жағымды жағымен белгілі адамның кепілдігіне беруді шешуге міндетті болды. Соттың («мәжілістің») бұл бөлімі келесі бөлімге жалғасатын;

б) істің жағдайын және дәлелдерін зерттеу.

Бұл бөлімде істің жағдайы мен дәлелдері және жарыссөз қаралды. Соттың істі қарауы дау айтушы жақты тыңдаудан басталады. Істің барлық жайы түсінуге оңай тілде, ауызша не айыптаушы, болмаса өкілі жеткізетін. Әдетте бұл арада шешендік қажет еді. Содан кейін айыпталушы тыңдалатын. Екі жақты да мұқият тыңдап алғаннан кейін өзінің дәрежесіне қарай куәлер тыңдалады. Содан кейін билер заттай және мүмкін болатын жазбалай дәлелдерді зерттеуге көшетін.

Ірі руаралық таластарда процесс билердің тартысынан басталады. Егерде істі қарауды дау айтушы жақтан екі немесе бірнеше би қатысса сот «кеңес» немесе «съезі» түрінде болады. Мұндай мәжіліс түрінде сот қатысушылардың барлығын шығарып, кеңес бастайды. Егерде істің жағдайы алдын ала белгілі болса, би тараптардың түсініктерін тыңдамай жарыссөз бастауына болады. Сот процесі мен билердің жарыссөздерін «ара-би» (кейін арнайы сот ісінде «төле-би» (төраға) басқарып отырды. Жарыссөзде кезек сақтау міндетті болып саналды. Оны сақтамай, бұзған жақ айып төлейтін. «Ата-би», болмаса оның тапсыруымен тәжірибесі мол «құрметті» ақсақал дәстүрлі құқық пен әдеттегі ата салтына сай дауласушыларды әділеттілікке, істің кінәні ауырлататын, болмаса жұмсартатын жағдайларына көңіл аударатын. Билердің жарыссөзінде бейтарап рулардың, өкімет ұйымдары болмаса ақсақалдар да сөйлей алатын. Бұлардың сөзі, әдетте, әділдікке, сәттілікке шақыратын. Әдетте, «тоқтау айту», «бітімге шақыру» деп аталды. Барлық жағдай егжей-тегжейлі қаралып, дәлелдер анықталғаннан кейін «үкім» шығаруға кіріседі. Сот ісінің бұл құрамдас бөлігі: в) істің жағдайын, дәлелдерін бағалау және үкім шығару деп аталды. Бұл билердің сот мәжілісінің соңғының алдындағы бөлігі болып табылады. Істің жағдайы мен дәлелдеулердің тиянақты түрлерін бағалау жеке, тек ара бидің басшылығымен, болмаса соттың алқалық құрамында өткізіледі. Шешім бірден шығарылады. Шешім шығару ерекше, күрделі, әбден шиеленіскен істерде ғана кешеуілдетуі мүмкін; г) сот ісінің аяқталуы және іс бойынша даудың біткендігі жөніндегі әдет-ғұрып – «ала-жіптің» жасалуы. Би сотының өткізілетін орны мен уақыты жөнінде де айта кету қажет. Бұл мәселеде екі жақтың келісіміне сәйкес жағдайға байланысты анықталатын талас мәселелер төбеде «жүгініске» қатысты (Сатанова Л.М. История государства и права Республикик Казахстан/Оқу құралы. – А. – 2012, - бб.72-79).

Қазақ би-соттарының қазақ заңдылық жүйесіндегі орны мен рөлін халық арасында тараған қысқа да нұсқа, мазмұнды да мәнерлі нақыл сөздерден көруге болады: «Биі жақсының елі жақсы», «Батыр елін жауға бермейді, би елін дауға бермейді», «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірер би», «Тіл жүйрік емес, билікте шын жүйрік», «Турашыл би елін оздырады, тумашыл би елін аздырады», «Жөн сөзге тоқталмаған арсыз», «Батырды екі долы қатынның бірі табады, биді ілуде бірі табады», «Аталы сөзге арсыз жауап қайырады», «Би төрттің құлы: адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік» (Сарсембаев М. Казахское ханство как суверенное государство средневековой эпохи. – Астана, - 2015. – бб.185-186).

Сонымен қорыта келгенде:

- қазақтың дәстүрлі-құқықтық жүйесіндегі билер соты қызметі әдет-ғұрып нормаларымен реттелінген;

- істі шешкенде дала заңының демократиялық қағидаларын басшы-лыққа алып отырған;

- қазақтың дәстүрлі-құқықтық жүйесіндегі дау-дамайлар азаматтық, қылмыстық істер деп бөлінбеген;

- қазақ қоғамында бас бостандығынан айыру, түрмеге қамау, дене мүшелерін жарақаттау тәрізді ауыр жазалар қолданылмаған.

Мұның бәрі ежелгі қазақ әдет-ғұрып құқығының  демократиялық көрінісі болатын. Аумалы-төкпелі замандарды бастан кешкен қазақ халқының мемлекеттік басқару жүйесінде  билер сотының алар орны ерекше. Билер басты нысана етіп қоғамдағы талас-тартыстарды, дау-дамайларды, басқаша айтқанда, адамдар арасындағы қатынастардың бұзылуын, әлеуметтік байланыстары, қоғамдық қатынастарды жүйелі түрде реттеуді мақсат етіп, қылмыстың алдын алуға, оларды болдырмауға ұмтылды.

Істі сөз бұйдаға салмай, әділ де тез шешуге күш салды. Қоғам ішінде ой-пікір, сөз бостандығын, тіпті халықтық дәстүр-салт, жораларды да барынша қорғады. Олар әдет-ғұрып заңдарының бұлжымай сақталуына әрі жан-жақты дамып, жетілуіне ерекше мән берді.

Қара халықтың ортасынан өсіп шыққан билер тобының ықпалы, қоғамдағы рөлі зор болған. Олар жеке қасиеттерімен ерекше көзге түскен.

Халықтың дәстүр-салт, әдет-ғұрыпты терең білуі, сот ісін жүргізгенде дәл сөйлеп, тапқырлық танытуы, жәбірленуші қауым мүддесін қорғай білуі билердің халық алдындағы беделін асқақтата түскен.

Тұяқбай РЫСБЕКОВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА құрметті мүшесі

 

Айсұлтан ТҰЯҚБАЙ, 

ҚазҰУ-дің заң факультетінің студенті

 

 

785 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала ҒЫЛЫМ ДА, ДІН ДЕ ЖАНЫҢ ҮШІН
Келесі мақала ЕҢБЕКТЕН ТАПҚАН ЫРЫСЫН

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №8

29 Тамыз, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы