• Келелі кеңес
  • 09 Қаңтар, 2013

Зиялы қауым зиянды қауым ба?

Сайлау  Байбосын, журналист

Осы зиялы қауым деген кiм? Ақын-жазушылар ма? Оқымысты ғалымдар ма? Болмаса, түрлi деңгейдегi шенеунiк мырзалар ма? Әлде, ұлт келешегi үшiн жаны шындап ауыратын саналы азамат­тар ма? Бiр қарағанда, осылардың бар­лығы да зиялылар тобына жататын сияқты. Сонда, жоғары бiлiмi бар, мой­нына галстук тағып жүргендердiң бәрiн зиялы деп атаймыз ба? Кеңес уақытында бұларды орысшалап “интеллигенттер” дейтiнбiз. Бертiн, заман өзгерген соң, бiржола “зиялы” деген сөзге тоқтадық. Ахмет, Мiржақып, Сұл­танмахмұт, Жүсiпбек, тағы да осылар секiлдi қазақ арасынан тұңғыш шыққан сауатты адамдарды “ұлт зиялылары” деп атайтын болдық. Халықтың қараңғылау уақытында азды-көптi бiлiм алып, ұлтының жоғын жоқтаған бұл адамдар шын мәнiн­дегi зиялылар едi. Жай ғана сауаты бар зиялы емес, ел мен жұрттың келешегiн ойлап, көкiректерi қарс айырылған, нағыз ұлт жанашырлары болғанын бiлемiз. Қазiр құдайға шүкiр, халық сауат­ты. Екiнiң бiрi жоғары бiлiмдi. Бiрақ, солар­дың барлығы бiрдей зиялы қауым­ға жата ма? Анау күре жолдың бойын­да есебiн тауып, олай-бұлай өткен жолау­шының қалтасын қағып тұрған МАИ инспекторын зиялы деп айта аламыз ба? Бiрақ, ол да жоғары бiлiмдi ғой! Немесе арын ақшаға сатып, басы дауға шатылып жүрген шенеунiктердi зиялы қауым өкiлi деп атай алар ма едiк? Бұлардың бір емес, бірнеше, тіпті шет елдің жоғарғы оқу орнын бітірді деген дипломдары бар. Болмаса жылына бiрер қараның құнын берiп, университет дипломын сатып алып, бала оқытқан болып жүрген шала сауатты мұғалiмдер ме екен, зиялы қауым өкiлдері? Егер, саналылық тұрғысынан алып қарайтын болсақ, қазiр ауылдағы көзi ашық аға­йындардың да көбiн зиялы дер едiк. Қорадағы азғана малын жайғап келген соң, бұлардың бар уақыты көгiлдiр экранның алдында өтедi. Бүкiл әлемдегi болып жатқан жаңалық-оқиғалардан жан-жақты хабардар. Тiптi, саясат пен қоғам тiрлiгi жайлы өздерiнiң кәдiмгiдей көзқарас, пiкiрлерi бар. Сосын, зиялы емес деп қалай айтасыз? Анау-мынау кертартпа шенеунiктерге қарағанда, осылар көп сауатты сияқты көрiнедi маған. Сонымен, “зиялы” деген сөзге сон­ша неге шұқшиып отыр дейтiн шығарсыздар? Айтайық. ...Айтқанда, соны қай пұшпағынан бастасақ екен деп, тағы да ойланамыз. Әңгiмемiздiң тақырыбы “зиялы қауым” болған соң, зиялы жұрттың көп шоғырланған жерi – елiмiздiң бас қаласы, содан бастасақ. Қазiргi тiлмен айтқанда, “элита” деп аталатын жоғарғы топ өкiлдерi де сол жерге шоғырланған. Елiмiз тәуелсiздiкке қол жеткiзiп, одан кейiн орталығымыздың Арқа жерiне қоныс аударуы, әрине, талай теперiштi бастан өткерген халқымыз үшiн үлкен тарихи оқиға болды. Осы жақтағы орыстанып бара жатқан қандастарымызға рухани сiлкiнiс берер деп қуандық. “Өтпелі” деп аталатын кезеңде өң-ажарынан айырылып қалған ағайын-жұрттың әлеуметтік жағдайы түзелер деп үміттендік. Аз жылдың iшiнде Астанамыз адам танымастай айбарлы қалаға айналды. Бұл жөнiнде аз жазылып жатқан жоқ. Бiрақ, бiздiң айтпағымыз бұл емес едi. Астана көшiп келгенге дейiн, осы аймақтағы халықтың басым көпшiлiгi орыстiлдi тұрғындар болатын. Тiптi, сонау тоқсаныншы жылдардың басында Ақмола облысы бойынша, жергiлiктi ұлт өкiлдерi (қазақтар) 22 па­йызды ғана құрайды деген деректi көзiмiз көрген. Әрине, бұл мақтанарлық шаруа емес. Сол кезде ұлт ретiнде үлкен рухани күйзелiске ұшырадық. Әсiресе, тiл мәселе­сiнде. Бұл дерттен әлi де айыға алмай келемiз! Ол өз алдына бір әңгіме. Бiрақ! Бiрақ сол кезде белгiлi бiр дәрежеде қоғамдық тәртiп бар едi! Яғни, парақорлық, руға, жүзге бөлiну, жершiлдiк деген “дерттен” бұ жақтағы ел ада болатын. Егер, қалтаңда арнаулы дипломың болса, қолыңнан iс келiп тұрса, қалаған жұмысыңа орналасу онша қиындық туғызбайтын. Және дұрыс атқара бiлсең, iстеген еңбегiң бағаланатын да едi. Сол уақыттарда қалың орыстiлдiлердiң ортасынан жарып шығып, үлкен-үлкен шаруашылықтарды басқарып, партия-кеңес қызметiнде болған жергiлiктi ұлт өкiлдерi шын мәнiндегi iскер, мiндетiне адал, ар-абыройлары таза азаматтар болатын. Оны бұл жақтағы ел-жұрт жақсы бiледi. Жасыратыны жоқ, ел ордасы Арқа жерiне қоныс аударып келген соң, жоғарыда айтылған пара алушылық, жершiлдiк, топ құрушылық (команда) деген келеңсіздіктер бiрге ере келдi. Осыны көбiмiз бiлiп тұрсақ та, айт­қымыз келмейдi. Бұл өзi жұқпалы ауру тәрiздi болады екен, парақорлық деген аз жылда осы аймақты тегiс жайлап алды десем өтiрiк емес. Қазiр өзiм қолымнан ешкiмге пара бермесем де, жиі естимін, кез келген шаруаны шешу үшiн, оның “бекiтiлген бағасы” бар екен. Жұмысқа тұру (әсiресе, темiр жол бойына, кеніштерге), кез келген қызметке орналасу, қызметте жоғарылау, балаңды әскерден алып қалу, қылмысыңды жабу, әйтеуiр не керек, барлығының тура заңдастырып қойғандай, белгiлi бiр деңгейде төлейтiн құны бар екенін көріп жүрміз. Естiген құлақта жазық жоқ, тiптi, облыс пен аудан әкiмiнiң лауазымы да, олардың орынбасарларының орны  да сатылады дейдi үлкен қызметте болған бiр ағамыз. (Егер, аудан астықты болса, онда бағасы да қымбатырақ болатын көрiнедi) Осының бәрiн кiм ұйымдастырады, төленген ақша ақыр соңында кімнің қалтасына барып түседі, ол бiр құдайға ғана аян. Әйтеуiр, жоғарыдағы мықтылардан шығып отырғаны сөзсіз. Яғни, зиялы қауым өкiлдерiнен деген сөз. Ал, ендi iндетiп iздесең, жiптiң ұшы Астанаға алып барары айдан анық! Ал, ендi, жершiлдiк, рушылдық деген кес­апат, зерделеп қарасаңыз, қалам ұстай­тын қауымның арасынан шығып отырғанын оп-оңай аңғарар едiңiз. Яғни, нағыз зиялы қауым өкiлдерiнен! Оның iшiнде жазушысы, жорналшысы бар, тарихшысы бар деген сияқты. Кешегi кеңес уақытында шынайы ұлттық тарихымызды оқи алмадық деп зар иледiк. Себебi, идеология солай болды. Ендi, егемендiкке қол жеткiзген соң, тарих жазатын жазушы да, тарихшы да көбейдi. Бiрақ, байқасаңыз, қазақтың тарихын жазғысы келiп жатқан ешкiм жоқ сияқты. Бәрiнiң мақсаты өз руы мен ұлысын, рулас батыр-билерiн мадақтау. Осылардың барлығы том-том кiтап болып баспалардан шығып жатыр, күнделiктi баспасөз бетiнде жарияланады. Халық оқиды, сосын осының қайсысы рас, қайсысы өтiрiк екенiн бiле алмай, айран-асыр болады. Кейiнгi жылдары тарихи тақырыпқа жазылған кез келген шығарманы алып оқып көрiңiзшi, көбiнен осындай рушылдық лебі есiп тұрады. Тiптi, ауызға iлiгiп жүрген Қ. Жұмадiлов­тiң “Дарабоз” романын оқыған кейбiр адамдар: “Апырмай, Қабанбай батыр қол бастап ұрысқа шыққанда, Бөгенбай батыр қайда болады екен, көрiнбейді”, деп жүредi. Жайдан-жай сөз туындамайды ғой!Қазыбек бек Тауасарұлы деген кiсi жазыпты-мыс деген “Түп-тұқияннан-өзiме шейiн” атты кiтап та бiраз жыл дау-дамайға өзек болды. Сегiз серi Баһрамұлы төңiрегiндегi айтыс-тартыс та бiрнеше жылдардан берi толас­тамай келедi. Өмiрде болған Сегiз Серiнi болмады деп жүрген даукестер ненi мақсат ететiнi белгiсiз. Аты көпке белгiлi бiр ғалым ағамыз ана жылы Ақтамбердi жырау ұлы жүздiң ошақты деген тайпасынан шыққан екен деп баспасөзде жариялап, Аягөз, Семей төңiрегiндегi жыраудың көзi тiрi ұрпақтары бiраз дүрлiккенi есімізде. Егер, сауатсыз, бiлерлiгi шамалы бiреу жазып жатса, қолды сiлтей салар едiң. Ал, мынадай адамның аузынан шыққан соң, не дерсiң? Мiне, осындай шаруалардың барлығы зиялы қауым өкiлдерi тарапынан туындап отыр! Әйтпесе, күнiн қалай көрем деп қара басымен әуре болып жүрген жай қазақтың руда да, басқада да жұмысы жоқ екенi белгiлi. Бiр таңғаларлығы, зауқымыз соқса, кез келген тарихи тұлға жайлы өзiмiздiң көңiлiмiз қалаған бiр “дерек” ойлап табамыз да, сосын оны айғайлатып баспасөз бетiне шығарамыз, артынан жақсы мен жайсаңдарды шақырып дүрiлдетiп той жасаймыз, аузы дуалы, халыққа танымал бiр-екi адам мiнбеге шығып, бұл “тарихи деректiң” дұрыстығын құптап бередi. Бiр мысал. Алматыдағы “Жазушы” баспасынан 1975 жылы жарыққа шыққан Сүйiнбай Аронұлының өлең-толғаулары, айтыстары топтастырылған “Ақиық” деген кiтап бар. Құрастырушылары танымал ғалымдар – Сұлтанғали Садырбаев пен Есберген Естаев. Редакция алқасы да мықты (бiразы бүгiн ортамызда жоқ): Әбдiлда Тәжiбаев, Ханғали Сүйiншәлиев, Мырзабек Дүйсенов, Мырзатай Жолдасбеков, Сағи Жиенбаев сияқты адамдар. Осы кiтаптың соңындағы түсiнiктерде Қарасай батыр жөнiнде мынадай анықтама берiлiптi: “Қарасай Алтынайұлы, Шапырашты елiнiң ұранына айналған атақты батыр. ХVI ғасырдың аяғында Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қарасаз деген жерде туған. ХVII ғасырдың орта тұ­сын­да жорықта жүрiп өлген. Денесi Орта­лық Қазақстандағы Ереймен тауына қойылған”. Ал, “Қарасай батырдың сүйегi Көкшетаудағы Айыртауда жатыр” деп, ана бір жылы Ағынтай атты батыр екеуiне кесене салынып, ұлан-асыр тойланғанын бiлемiз. Сонда қайсы дұрыс деп ойлайсыз? Ана жылы Астананың түбіндегі Рож­дественка ауылында Қабанбай батырдың сүйегі жатыр деп кесене тұрғызылып, ас берілді. Қарап тұрсақ, бұл да дүдәмәлдау шаруа. Егер, Қабанбай батыр шынымен-ақ сол жерде жатса, ондай әңгіме атадан-балаға ауысып, бүгінгі күнге жетер еді. Өкінішке орай, ондай дерек жоқ. Ал, тарих түгендеп жүрген кейбір адамдар Қабанбайдың жерленген жері деп бүгінгі Талдықорған өңірін, не болмаса Тарбағатай жағын ай­тады. Сонда, бір адамды бөліп-бөліп, бірнеше жерге жерлеген бе? Қабанбай батыр Астананың түбінде жерленген деген “жаңалыққа” батыр  жайлы кере қарыс кітап жазған Қабдеш ағамыздың да қарсы болғанын білеміз. Ал, енді, өткен тарихымызға үңілер болсақ, Есіл бойын Арғын елі Сыр бойынан бері ауған уақыттан бері Қуандық балалары және бер жағынан барып Қанжығалы ауылдары жайлап жүрген. Бұны дәлелдейтін ұшан-теңіз деректер бар. Бірақ, оны назарға алып жатқан ешкім жоқ. Қабанбайдың “сол жерде жатқаны біреулерге керек болды, сосын қойылды. Сонда, біз өз тарихымызды өзіміз бұрмалап, кімді алдап жүрміз? Өзіміз-өзімізді ме, болмаса, келер ұр­пақ­ты ма? Iздей берсеңiз, осындай мы­сал­дарды көптеп келтiруге болады. Ана жылы бiраз адамдар нысанаға Абылай ханды алып, біраз төпеледі. Бұл жөнiндегi мақалалар әркез баспасөз бетiне шығып жүргенiн көзi ашық оқырман бiледi. Қысқа қайырсақ, айтатындары, Абылай ханның қазақ елiнiң алдында сонша дәрiптейтiндей ешқандай еңбегi жоқ. Ар­ғындар күн көрсетпей, Сарыарқадан қуып жiберiп, ақыры Түркiстанға барып өлген-мыс. Абылай жөнiнде терiс пиғылда жазылған осы сарындас мақаланың бiрін ана жылы “Таң-Шолпан” журналынан оқыдым. Сол замандағы жыраулардың Абылай жөнiнде айт­қан жағымсыз сөздерiн ғана терiп-терiп келтiрiптi. Дұрыс айтылған сөздерiнiң бiрi көрiнбейдi. Әйтпесе, Бұқар мен Үмбетейдiң аузынан шыққан ондай сөз жеткiлiктi ғой. Не де болса, қиямпұрыстықпен жазылған дүние екенi көрiнiп тұр. Сонда, мақала авторының алдында Абылай ханның не “жазығы” бар және ненi дәлелдемекшi, сол жағы түсiнiксiз! Тоқсаныншы жылдардың басында түрлi басылымдар көбейiп, баспасөзде жариялылық пайда болысымен-ақ, тарихи тұлғалар­ға күйе жағу басталды. Бұл да сол рушылдықтан бастау алып отырған шаруа. Сол кезде алғашқылардың бiрi болып, “Шалқар” деген газетте Қытай жерiнде тұратын бiр қандасымыздың Қабанбай батыр туралы мақаласы басылған едi. Басылғанын қойшы, қандай өшi бар екенiн бiлмеймiн, әйтеуiр Қанжығалы Бөгенбай батырды оңдырмапты. Бұқар жыраудың: “...тақымың кеппес ұры едiң, сен қашан Қабанбайдан бұрын найзаңды жауға тiредiң?” деген сөзiн мысал етiп келтiрiптi (егер, оны шыны­мен-ақ Бұқар айтса). Автордың мақсаты Қабанбай батырды мадақтау екен. Дұрыс-ақ делiк. Сонда, сол үшiн Бөгенбайға тiл тигiзу керек пе? Мақтаймын десе, Бөгенбайдың аруағын қозғамай-ақ, Қабанбайдың ерлiк iстерi жетiп-артылады ғой. Екi батыр да халқымыздың тарихынан ойып тұрып орын алатын, бар қазаққа мақтаныш болуға жарайтын айтулы тұлғалар. Екеуi де тарихта атымызды қалдырайық, сосын соңымыздағы ұрпақтарымыз бiздер үшiн айтысып-тартысып жатсын деп атқа мiнбеген шығар. Ел мен жұрттың ертеңi үшiн бастарын бәйгеге тiккен теңдессiз ерлер екенi белгiлi. Сонда, жаңа­ғы автордың алға қойған мақсаты не? Жарайды, жазылды, жұрт оқыды, оған бiреу сендi, бiреу сенбедi делiк. Авторға өзiнiң рулас, тайпалас туыстары бiрер мәрте “ой, маладес, қатырдың!” деп арқаға қаққан шығар. Сосын, әрi қарай ендi кiмдi қаралаймыз, кiмге күйе жағамыз? Жалпы, осы сарындас “бұралқы” дүниелердi интеллектуалдық деңгейi төмен адамдар ғана жазуға тиiстi деп ойлаймын, өз басым. Әйтпесе, ойлап көрiңiзшi, не жетпейдi бiзге? Талай ғасыр аңсаған егемендiкке қол жеткiздiк! Ендi, осыған тәубе етiп, кешегi күндерi қазақтың тағдыры тара­зыға тартылған алмағайып уақытта ел қорғаны болған бабаларымызды бiрдей әспеттеп, келер ұрпаққа баянды тарих қалдырудың орнына, әлгiндей келеңсiз шаруалар жасауға жанымыз құмар! Қарап отырсақ, Абылай да, Бөгенбай мен Қабанбай да дәуiр мен тарихтың алдында баяғыда-ақ бағасын алып қойған бiртуар тұлғалар. Олар қазiргiдей үкiметтiң қаулысын шығарып, “хан” немесе “батыр” деген ресми атақ алған адамдар емес. Бұлардың есiмiн ұмытпай қастерлеп, ғасырдан-ғасырға жалғап, бүгiнгi күнге алып келген халықтың өзi! Бiз жамандағанмен олар жаман болып қалмайды. Соны неге түсiнбеймiз?! Кейде ойлайсың, тарихи тұлғаларға орынсыз тиiсiп, қара күйе жағып жүрген адамдарға жаза қолданып, болмаса аты белгiлi ақсақалдарымыз неге қой деп бiр ауыз сөз айтпайды екен деп! Мiне, осының барлығын жасап отырған басқа емес, зиялы қауым өкiлдерi! Сонда бұлардың алға қойған мақсаттары не? Кешегi Ахаң бастаған Алаш зиялыларының бар арман-тiлегi қайтсе де қазақтың басын бiрiктiрiп, санасын оятып, ел қылу болса, бүгiнгi зиялылардың мақсаты қайткен күнде алауыздық туғызып, елдiң арасын бүлдiру сияқты. Қой деп басу айтатын құдайдың құлы жоқ. Әлгi, қазақтың “бассыз үйдiң итi осырақ” деген мәтелi ерiксiз еске түседi. Үлкендерден естимiз, кешегi кеңес уақытының өзiнде Арқадағы ел Шудың бо­йына жайлауға шығып, ар жақтағы елдiң малшы-шаруалары берi беттеп, жаздай төскейде-малы, төсекте-басы қосылып, мәре-сәре болып, қыз алысып, қыз берiсiп, құда-жекжат болып тарасып, келесi жылы қайтадан жылап көрiседi екен. Олар өздерiнiң ата-тегiн қазiргi қазақтардан артық бiлмесе, кем бiлмегенi анық. Бiрақ, мен – Ұлы жүз, сен – Кiшi жүз, сен – Орта жүз деп жiкке бөлiнбептi. Сыйластығы жоғарыдағыдай болыпты. Әлде, араларында оқыған зиялылары болмаған соң ба екен? Қазiр баспа, редакция төңiрегiнде шаруаң болып, Астана мен Алматыға бара қалсаң еститiнiң: “Өй, ол газетке барып текке әуре болма, оны алматылықтар ұстап отыр, баспайды. Ана журнал кiшi жүздiкi, ана телеарна мұнайшылардiкi, мына басылымды “оңтүстiктен келгендер” билеп отыр дегендi жиi естимiз. Бәрiн ата баласы болып бөлiп-бөлiп меншiктеп алған сыңайлы. Сосын, жоғарыдағыдай терiс пиғылдағы кiтаптар мен мақалалар осындай баспалар мен басылымдардан басылып шығып, халыққа тарап жатады. Апырмау, дейсiң сосын, егемендi ел боламыз дегенде, iздегенiмiз осы ма едi?! Кешегi кеңес уақытында бұлай бөлiнбеушi едiк қой! Әлде бодан болып, басқаның қол астында жүргенiмiз дұрыс па едi? Мүмкiн сонда ба­уырмалдығымыз мықтырақ болатын шығар! Еститiнiмiз, Астанадағы үлкен-үлкен лауазымды орындардың көбiнде жағдай осындай көрiнедi. Басшы қай өңiрдiкi болса, қызметкерлерi сол рудан, сол төңiректен. “Ана жақтан” келгендер сыйғызбай, жұмыс­тан шығып кеттiм” дегендi Астанада талай жергiлiктi азаматтардың аузынан естiп жүрмiз. Сонда, бұның аяғы не болмақшы? Бара-бара, тоқсаныншы жылдардың басында памирлiк-күләбтiк болып екiге бөлiнiп алып, бiрiн-бiрi қуып жүрiп қырған тәжiктер құсап кетпеймiз бе дейсiң! Осылай бола берсе, ол да мүмкiн! Ал, пәленiң бәрi жаңағы “зиялы қауым” өкiлдерiнен, жоғарғы жақтан шығып отырғаны айқын! Ел бiрлiгiн ойлайды, халыққа үлгi-өнеге болады деген “жоғарғы эшалондағы” шенеунiктерiмiз бен құқық қорғаушылардың сиқы анау, өздерi екi күннiң бiрiнде iстi болып, у-шу қылып жатады. Бiр жақсысы, қазiр халыққа шытырман оқиғалы фильмдер көрiп қажетi жоқ. Өзiмiздiң шенеунiк­терiмiз бен байларымыздың iс-әрекетi көп сериялы кез келген фильмнен артық. Мемлекет қаржысын қымқырып, шетел асып қашып, бiрiн-бiрi оққа байлап жүрген шенеунiктер мен отандық олигархтердiң бүгiнгi тiрлiгi қай киноңнан да кем емес. Ал, ендi, байқап тұрсаң, бұлардың да барлығы зиялылар тобынан. “Балық – басынан шiри­дiнiң” нағыз өзi! Бүгiнгi қоғам үшiн дiншiл экстремис­тердiң әрекетi, нашақорлық дертi т.с.с. қауiптi деп жатамыз. Солай да шығар. Бiрақ, зер салып байқаңызшы, кейбiр зиялы қауым өкiлдерiнiң, оның iшiнде белгiлi бiр топтардың қазiргi қылығы мен iс-әрекетi жаңа құрылып жатқан қазақ қоғамы үшiн бәрiнен де қауiптi сияқты! Яғни, қоғам үшiн зиялы қауым – нағыз зиянды қауым болып тұр! Себебi, жершiлдiк, парақорлық, трайбализм, ұйымдасқан қылмыс сияқты кеселдер тек қана осылардан тарап отыр! Ол кесел қоғам тiрлiгiнiң тамырына түскен жегi құрт секiлдi. Ал, құрт жайлаған дүниенiң ұзаққа бармасын бәрiмiз де жақсы бiлемiз!

748 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз