• Заманхат
  • 31 Шілде, 2020

Жадырасын СӘДУАҚАСОВ, «Қазақстан мүгедектер конфедерациясының» Бас сарапшысы: «МҮМКІНДІГІМІЗ ШЕКТЕУЛІ БОЛСА ДА...»

Жадырасын Сәдуақасұлы, сіз көп жылдан бері мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесімен шұғылданып келесіз. Осындай жұмыстармен айналысуды қашан бастадыңыз? Не себеп болды?

– Мүгедектер мәселесі дегенде, менің айтарым «Кешенді қолжетімділік және кедергісіз орта» айналасындағы мәселелер болмақ және жауапты көбіне, сарапшылар жұмыс тобының атынан айтуға рұқсат етсеңіз.

1975 жылы институтты бітіргеннен кейін бір жылдан соң, мүгедектер қоларбасына отырып қалдым. «Тағдыр – бұл әр адамға, келу мен кету арасындағы Жаратқанның белгілеп берген өмір жолы. Жазмыштан озмыш жоқ» дейтін әкем. Әкені тыңдап өскен ұрпақпыз ғой, сонда да «Неге, неге?» деген сұрақтар анталап тұратын. Осындай депрессиялық кезеңде, тек кітап оқу, ұйқысыз түндерде радиохабарларды тыңдау, уақытша болсын, көңілді сейілтетін. Сол радио хабарлардан («Немецкая волна», «Голос Америки», «Би-Би-Си»), 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасынан кейін паралимпиада ойыны өткізілмегенін және паралимпиада дегеннің не екенін білдік. 1983 жылы Сергиевск қаласында мүгедек жандарға арналған санаторий-курортында қоларбада отыратын мәскеулік жігіттермен бірге болдық. Олар бір әңгімесінде Мәскеу қаласының комсомол комитетінің қолдауымен «Мүгедектер қоғамдық ұйымдары туралы» заңды үкіметке ұсынып жатқандарын айтты. Қысқасы, 1988 жылдың тамыз айында «Республикалық оңалту орталығында» болғанымызда, Қарағанды қалалық мүгедектер ұйымын құрып, Қазақстандағы алғашқы мүгедектер қоғамдық ұйымын ресми түрде тіркеттік. Кейін Шымкент, Байқоңыр қалаларында да мүгедектер ұйымын  құрдық.

Басты себеп, 1980 жылы үйдің жанындағы мектепке сызу пәнінің мұғалімі болып орналаспақ болдым. Бірақ, мектеп ұжымы қарсы болмаса да, қызметке тұра алмадым. Өйткені, ол кезде1-ші және 2-ші топ мүгедектері заң бойынша жұмыс істеуге құқықтары жоқ болатын. Бұл, Кеңес елдерінің заңы бойынша дұрыс болғанмен, халықаралық адам құқының қорғалуы тұрғысынан: 1948-ші жылы 10-шы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының қабылдап жариялаған 217А (III) қарары - «Жалпыға бірдей адам құқы Декларациясының» 26-шы бабына сәйкес мүгедек жандар құқығының бұзылуы екенін білетінмін.  Сол кезден басталды ғой: қайтсем де ресми түрде жұмыс істеймін, - деген мақсатпен кірістім.

 Бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды толғандырған мәселелер аз емес. Олардың бірқатары мемлекеттік тарапынан шешіліп те жатқандай. Дегенмен, сіздерді толғандыратын мәселелер қандай?

– Жоғарыда айтқандай, бізді толғандыратын басты мәселе, талапты мүмкіндігі бар мүгедек жандардың, ертеңгі инклюзивті  – «Жалпыға ортақ еңбек қоғамының» белсенді мүшесі болып, мүмкіндігінше тәуелсіз өмір сүрсе дейміз. Олардың саны еліміздегі 700 мыңдай мүгедек жандардың 45%-ын құрайды (халықаралық орта көрсеткіш) немесе 300 мыңдай жандар. Осындай, мүгедек жанды күтіп тұрған кедергілерді саралап көрейікші: шығар табалдырықтан бастап, баспалдақ немесе лифт, шығар есік және тамбур, сыртқы баспалдақ немесе пандус, ауладағы жүретін жол, аялдама, көлікке міну және түсу, қызмет алатын нысанға жету жолы, кіре берістегі баспалдақ немесе пандус, қызмет алу және қызмет істеу орныңа жету, арнайы бейімделген жұмыс орнының қажеттілігі және осылардың бәрі кешенді түрде қолжетімді болуы керек. Қорытып айтсақ: қала инфрақұрылымы (инженерлік, көлік және әлеуметтік) объектілері мен онда көрсетілетін қызметтер мүгедек жандарға толық қолжетімді болғанда ғана (жағдаятты көмек беруге даярланған қызметкерлері бар), ИНКЛЮЗИВТІ ҚОҒАМ құра аламыз.

Еліміздегі кешенді кедергісіз орта құрудағы бүгінгі жағдайды қарасақ: 700 мыңдай мүгедек жандардың үмітпен күткен, «Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018-ші  жылдарға арналған іс-шаралары» аяқталғанына екі жылдан асты. Өкініштісі, осы шараларды іс жүзінде орындау құралы, «Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын және көрсетілетін қызметтердің мүгедек жандарға қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде төлқұжаттандыру», әу бастан жіберген қателіктерге байланысты, кешенді қолжетімді орта құрудың тиімді әдістемесі бола алмағаны.

Ендігі үміт, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 28 мамырдағы № 326 қаулысымен бекітілген, «Қазақстан Республикасында мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспардың» іс-жүзінде тиімді орындалуы. Құжатта жазылғандай «Ұлттық жоспардың» мақсаты – «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны» ратификациялауға байланысты Қазақстан Республикасы алған міндеттемелерді іске асыру және Қазақстанның 2030 жылға дейінгі әлеуметтік жаңғыруы шеңберінде барлық осал топтар үшін қолайлы орта құру арқылы инклюзивті қоғам  қалыптастыру»   болып  табылады.

Осы қойылған мақсаттың орындалу мезгілі мен соған жұмсалатын қаражат шамасы туралы, бір екі дерек айтып өтсек.

Біріншісі: 2014-ші жылы, бұрынғы кеңес елдерінен 25 адам  (мүгедектер ұйымынан 4 сарапшы, қалғаны шенеуніктер) Германияның Дюссельдорф қаласындағы Халықаралық «INTAMT» академиясының «Кешенді қолжетімді орта қалыптастыру және жұмыстарын ұйымдастыру» – екі жетілік оқу- тәжірибелік даярлық курсында оқыдық. Бірінші күнгі кездесуде Әлеуметтік қорғау министрі орнынан тұрып былай деді: «Дюссельдорф әлемдегі  адамдар өмір сүруге жайлы қалалар рейтингісінде 4-шi орында тұрса да, қаламыз Сіздерге толық қолжетімді деп айта алмаймыз. Кешірім сұраймын! Осы жұмыспен тиянақты түрде айналысып жатқанымызға 20 жылдан асты. Енді 15 жылдан кейін келсеңіздер қала инфрақұрылымы толық қолжетімді деп айта аламыз». Осылай аяқтады (сөзбе-сөз жазылып отыр).

Екінші: Ресейде Үкімет тапсырысымен жүргізілген  «Единая Россия» партиясының «Общероссииский народный фронт» (ОНФ) http://onf.ru/ сарапшыларының 79 субъектілердегі жүргізілген зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша (2015ж), «Бүкіл Ресей қалаларын кешенді қолжетімді етуге ең кем дегенде 10 триллион рубль қажет» деп ұйғарылып, стратегиялық жобалар даярланды.

(Ескерім: Қазақстанда мұндай кешенді зерттеулік жұмыстар жүргізілген жоқ).

Бізді толғандыратын  басты мәселелер: «2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар» мақсаты – елімізде «Инклюзивті қоғам» қалыптастыруға, кем дегенде 30 жыл керек екенін атап өтсек және бұл әлемдегі дамыған 30 елдің тәжірибесі екенін; Қазақстанның 2030 жылға дейінгі әлеуметтік жаңғыруы шеңберінде барлық осал топтар үшін қолайлы орта құру арқылы «Инклюзивті қоғам»  қалыптастыру үшін, кем дегенде 7 (жеті) триллион тенге қаражат керек екені ескерілсе; Осы қаражаттың басым көпшілігі, 01.07.2015 жылға дейінгі пайдаланудағы инфрақұрылым объектілерінің, мүгедек жандарға Конвенцияның «Саналы бейімдеушілік» қағидатына сай, кешенді қолжетімдігін (қызмет қолжетімдігінің басымшылыққа ие болуы) қамтамасыз етуге жұмсалатынын және бұл – қоғам мүшелерінің «Рухани жаңғыруы» аясында атқарылатын іс-шараларымен үндес екенін атап айту маңызды.

Осы мәселелерді тиімді шешу үшін:

«Қазақстан-2050» Стратегиялық Концепциямыздың мақсатына сай, Елімізде «Кедергісіз келешек – Инклюзивті қоғамды» құру үшін,  мамандарды даярлау бағытындағы оқу-әдістемелік шараларынан бастап, ұзақ мерзімді, басымдылық бағыттары айқындалған «2050 Стратегиялық Ұлттық Инвестициялық кешенді жоба» даярлау қажеттілігі туып тұрғанын және осы жобаны, тек Үкімет-бизнес-қоғамдық ұйымдар біріге, инклюзивті әлеуметтік кәсіпкерлік аясында ғана атқаруы тиімді болатынын атап өтсек.

Болмаса, қазіргі жауапсыздық пен формальдық іс-шаралары барлық аймақтарға жайылып, тұрақты қоғамдық созылмалы ауруға айналуы мүмкін. Ал, осының диагнозы мен емдеу шараларының негізі «Ұлттық жоспарда» көрсетілген.

Біздің елде мүмкіндігі шектеулі адамдарға тосырқай қарау көзқарасы жоқ емес. Осындай көзқарасты қалай өзгертуге болады? Сіздер қоғамдық өмірге емін-еркін араласып кету бағытында түрлі кедергілерге тап болатындарыңыз шындық. Кедергілерді жою үшін не жасалуы керек?

– Жауапты мынадан бастасақ: өткен жылы республикалық оқу-тәжірибелік семинар жоспарына сай, «Ақмол» сауда орталығын мүгедек жандарға кешенді қолжетімділік тұрғысынан қарап өткенбіз. Кіре берісте тұрған формалы қызметкер менің қасымдағы таяғы бар зағип жанға көре тұра көмек берген жоқ. «Неге жақындап сұрамайсыз? Сіздің қызметтік міндетіңіз ғой» деген сұрағыма: «Мен не айтатынымды, қалай сөйлесетінімді білмеймін, қорқамын» деп жауап берді. Көрдіңіз бе, бұл қоғамдағы  орын алған мәселе – ӘЛЕУМЕТТІК КЕДЕРГІ. Мұндай көзқарастан арылу үшін, жоғарыда   айтып   кеткен дамыған елдердің тәжірибелеріне назар аударуымыз керек. Олар әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін төлқұжаттау мемлекеттік іс-шарасынан, мүгедек жандарға қызмет көрсетуде жағдаятты көмек көрсетіп – этикалық қарым-қатынаста болатын мамандарды даярлау бағытындағы оқу-ағартушылық шаралары бірнеше қадам алда жүретіні және бұл міндеттілік екені белгілі.

Ал осының бәрі, «Ұлттық жоспарымыздың» «Кешенді қолжетімділік және кедергісіз орта» атты 3-бөлім, 2-тарау, 3-параграфында былай делінген:

1.Көрсетілетін қызметтер мен объектілерге қолжетімділіктің ұлттық салааралық стандарттарын әзірлеу.

2.Сертификаттау және мониторинг жүйесі негізінде көрсетілетін қызметтер мен объектілерге қолжетімділік сапасын бақылау, қолжетімділіктің ұлттық стандарттарын сақтау.

3.Мүгедек азаматтар үшін комму-никациялық кедергілерді жоюға ықпал ететін қолжетімді ақпараттық инфрақұрылым құру.

Осыларды іс жүзінде, стратегиялық мемлекеттік әлеуметтік инновациялық жоба есебінде тиімді орындасақ, қоғам мүшелері арасындағы қарым-қатынаста, «тең мүмкіндіктер мен тең құқықтық» қағидасына сай әлеуметтік ара қашықтықты жақындатып, қоғамдағы тосырқау көзқарастарды өзгертер едік.

 Батыс елдерінің тәжірибелерін зерттеп көрдіңіздер ме? Олардан қандай оң тәжірибелерді үйренуге болады?

– Бұл туралы, өзім көріп танысқан тәжірибелерді айтып өтсем. Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» даму бағдарламасы жарияланғаннан кейін, «Мүгедек жандарды жұмысқа орналастыру: «Кіріктіретін тәсілдеме» (интегрированный подход) иновациялық әлеуметтік жобамызбен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының сол кездегі Бірінші орынбасары Н.Нығматулиннің қабылдауында болып, партия қолдауымен осы жобаны бастап кеттік. Бірінші жылы жұмыс істеуге талпынған 300-дей мүгедек жандардың 51-ін жұмысқа тұрғызғанбыз, жыл аяғында cолардың 8-і ғана қалды. Ең басты себеп жолаушылар тасымалдау көлігімен, қаладағы әлеуметтік нысандардың инфрақұрылымдарында мүгедек жандар үшін кешенді кедергісіз ортаның болмауы. Шет ел грантымен қаржыланған осы жобамыз үш жылға созылды. «Баяғы жартас бір жартас» дегендей, бас кедергі «Қала инфрақұрылымдарында қолжетімді ортаның қалыптаспағаны» болды. Сондықтан, 2014-ші жылы, Германияның Дюссельдорф қаласындағы Халықаралық «INTAMT» академиясяның «Кешенді қолжетімді орта қалыптастыру және жұмыстарын ұйымдастыру» - екі жетілік оқу тәжірибелік курсында оқыдым. Кейін НБФ «Город без баръеров» және РООИ «Перспектива» ұжымдарының даярлық курстарын да бітірдім.

Еуропада мүгедек жандар үшін «қолжетімді орта» бейімдеу бағытында көлемді жұмыстар, 1981-ші Бүкіл әлемдік мүгедектер жылынан кейінгі,  БҰҰ Бас  Ассамблеясының  1982 ж. 12.03. №37/52  қарары бойынша мүгедектерге қатынасты жоспар қабылданғаннан бастап, өте қарқынды іске асырылуда.

Сарапшылар тобымыздың Батыс Европа, Солтүстік Америка, Скандинавия елдерінің осы бағыттағы 30 жылдан астам іс-шаралар тәжірибесі зерттеуіміздің қорытындысы:

–  Бүгінде еліміздегі орын алған «қолжетімді дизайнның» көлеңкелі жағынан бас тартып, Конвенцияның «саналы бейімдеушілік» қағидатына сай барлық әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде (01.07.2015 жылға дейінгі) көрсетілетін қызметтер қолжетімдігін қамтамасыз етуге мамандар даярлау үшін оқу-ағартушылық жұмыстарын жүргізіп, Конвенцияның «универсалды - жалпыға ортақ дизайн» қағидаларын (01.07.2015 жылдан кейінгі салынған және қайта құру күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген объектілерде) жүзеге асыруға жедел кірісу қажеттілігін және бұл шараларды «Инклюзивті дизайнды кеңістік Инклюзивті қоғам» орнату жолындағы өтпелі кезеңдері есебінде қабылдауымыз керектігін көрсетеді.

– Конвенцияны осы мақсаттарға жету жолында қолданатын құқықтық әдістеме құралы есебінде  бағалап, инклюзивті – ізгілікті әлеуметтік қоғам ортасын тиімділікпен қалыптастыру үшін  Қазақстан Республикасы Президенті жанынан «МҮГЕДЕК ЖАНДАР МӘСЕЛЕСІ ЖӨНІНДЕ КЕҢЕС» құру керектігі айқын.

Осы кеңеске, «2025-Ұлттық жос-парында» көрсетілген мүгедектер мәселесінің әр саласы бойынша, осы мәселелердің ерекше  маңыздылығын түсінетін, жауапкершіліктерді өздеріне жүктей алатын, барлық министрліктердегі мүгедектер мәселесі бағытындағы  жоспарланған іс-шараларға жедел, кәсіби сараптама жасап, әу басынан қателіктерге жол бермеу үшін кеңестер беріп, жаңа өзгерістер мен инновациялық жобалар ұсына алатын маман сарапшылар конкурспен таңдалып алынса (тест арқылы).

Бұл, іс жүзінде жүздеген миллион мемлекет қаржысын үнемдететін, атқарылатын бейімдеушілік жұмыстарының сапасын арттыратын – Қоғамға арналған «Әлеуметтік инновация».

 Сіздердің мүдделеріңіз еліміздің заңдарында қаншалықты қорғалған? Ол заңдар қалай орындалып келеді деп есептейсіз?

– Осы туралы әңгіме қозғамас бұрын, заңнамалық тұрғыдан маңызды үш құжатты атап өтсек:

1.«Мүгедектердің құқықтары туралы» Конвенцияға және Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға «Факультативтік хаттамаға қол қою» туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 11 желтоқсандағы N 711 Жарлығы бойынша, Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы сол кездегі Тұрақты өкілі Бірғаным Әйтімова Конвенцияға және хаттамаға Қазақстан Республикасының атынан қол қойды. Бұл осы күннен бастап «Республикамызда мүгедектер құқықтарын нашарлататын заңнамалық актілер қабылданбайды» деп Үкіметіміздің міндеттілік қабылдауы.

2.Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2006 жылғы 13 желтоқсанда Нью-Йоркте қабылдаған «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылы 20 ақпанда (№ 288-V ҚРЗ) қабылданып, 21мамырдан бастап өз күшіне енді.

3.Конвенцияны ратификациялауға байланысты, 2015 жылы 3 желтоқсанда № 433-V ҚРЗ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды.

Осы заң аясында Қазақстан Республикасының 3 (үш) кодексіне, 20 (жиырма) заңнамалықтарына қосымшалықтар мен өзгерістер енгізілді. Бұл үлкен жетістік. Бірақ олардың іс-жүзінде орындалуы, көбіне формальдық тұрғыдан. Бұған үш жақ та кінәлі (мемлекет, жеке бизнес  және қоғамдық ұйымдар). Осы келеңсіздіктерді жеңу бағытында, «2025-Ұлттық жоспарымызға» сай жүйелі іс-шаралар тиімді атқарылса дейміз.

– Мүмкін «қала әкімшілігі» деңгейінде атқарылатын жоба-бағдарламаларыңыз туралы қысқаша айтып өтерсіз.

– Иә, әрбір қала тұрғыны күнделікті өмірінде кедергі келтіретін мәселелермен кездеседі. Мұндайда,  олардың 99 пайызы «бәрібір біз мұны өзгерте алмаймыз» деп қол сілтей салатыны да рас. Бұл үшін күш пен жігер және уақыт керек. Ең бастысы осындай мәселелерді шешуде, білімнің қажеттілігі көзге көрініп тұрады. «Қала» – өте күрделі механизм, үлкен кеме. Ол сонымен бірге инерциалды, сондықтан, кез келген жоғарыдан немесе төменнен.... келетін әсерлерге  (ұсыныстарға т.б.) қарсыласады. Ол қарсыласып қана қоймайды, тұрғындарға - біздерге қысым жасап, өз догмаларына, постулаттары мен ережелеріне сай біздің өмірімізді қала «прокрустово ложасына» (қолданылудағы формальды нормативтерге...) бағыттауда. Сол кезде, қала қауымдастығы бір жағынан және екінші жағынан жеке тұлғалармен (қимылы шектеулі мүгедек   жандарда бар) өз арамызда әлеуметтік ара қашықтығы пайда болады. Бұл әлеуметтік ара қашықтық, неғұрлым «қол сілтеушілер» саны көбейген сайын, солғұрлым үлкейе бермек. Ал «Қала»  осыны көріп, өзіне өзі жұмыс істей бастайды (көбіне дұрыс емес...). Өкінішке орай, қимылы мен қоршаған ортаны қабылдау мүмкіндігі шектелген жандар позициясынан қарасақ, «Қала» мәселелері  одан сайын өткірлене түседі.

Біздер, қимыл-қозғалысы шектеулі адамдар мен мүгедек жандар үшін, кешенді кедергісіз қала ортасын құрумен кәсіби түрде айналысқанымызға бес жылдан асты.

Кедергісіз орта – тек қана мүгедек жандар ғана емес, барлығымызға  да жайлы орта. Елорданың 2050 жылға дейін әлемнің үздік 10 қаласының рейтингіне кіру тұжырымдамасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы № 1394 қаулысы бар. Сол себепті Елордамызда кешенді кедергісіз жайлы орта қалыптастыру мемлекеттік стратегиялық мақсат.

Біздің «Бағдарламамыз» қысқаша, бір қарағанда өте қарапайым көрінетін, ең кемі 4-баптан тұратын және біздің кәсіби қызметімізге қатысты жоба:

  1. Жайлы және кедергісіз орта құруға жұмсалатын қаражаттардың тиімділігін арттыру үшін, мүгедектер қауымдастығы мен «Қала» арасында диалогты жолға қою.
  2. Мүгедектер санаты көп. Олардың жеке қажеттіліктеріне бағытталған сұраныстары өзара қарама-қайшылықта. Оның үстіне, кей жағдайларда, олар басқа қала тұрғындарына қиындықтар тудырулары да мүмкін. Сондықтан, біздің міндетіміз осы мүдделерді біріктірудің формаларын, қазіргі жұмыс істейтін формаларға қарағанда тиімді түрін табуға көмектесу. Ол үшін біздер бірқатар пилоттық жобаларды өткізуді жоспарлап отырмыз және аймақ, қала әкімшіліктерімен, олардың ықыласы болса, алдын-ала келісімдер жасауға даярмыз.
  3. «Қаламен» диалогта болуға білім керек. Ол үшін, кешенді кедергісіз қала ортасын қалыптастыру шеңберінде жұмыс істейтін әлеуметтік жауапкершілікті коммерциялық емес ұйымдарда (КЕҰ) және мүгедектер қоғамдық ұйымдарында (МҚҰ)  кәсіби сарапшылар қауымдастығын даярлау тәжірибесін дамыту міндеттілік болып тұр.

Бұл қауымдастық не үшін керек? Кедергісіз орта құрудың барлық сатыларында «Қала» әкімшілігімен серіктес болуға. Объектілердің мүгедек жандарға қолжетімдігін қамтамасыз ету бағытындағы «бейімдеушілік жұмыстарында»  жаңадан пайда болатын кедергілерді -«технологиялық дискриминациялардың» алдын алып  болдырмау және осы арқылы қала бюджеті қаражаты шығынын әлде қайда азайту.

  1. Сәулет университеттерінде қолжетімді жайлы қала ортасын құратын маман-сәулетшілерді, «Универсалды – жалпыға ортақ дизайн. Кедергісіз қала ортасын жобалау» бағдарламасына сай,  кәсіби даярлау жүйесін құру. Әйтпесе, КЕҰ және МҚҰ-ның кәсіби мамандары кіммен сөйлеседі?

Осы ретте еліміздегі қала әкімшіліктерін, өздерінің «2025 -Ұлттық жоба» іс-шараларын атқару жол карталарына сай, бюджет қаржысын тиімді үнемдеп, қолжетімді жайлы қала инфрақұрылым ортасын құру жұмыстарында, бізбен серіктес болуға шақырамыз. 

 – Сіз әлеуметтік желіні белсенді қолданып келесіз? Жазу-сызуға бейіміңіз бар екен. Жазбаларыңызды кітап етіп шығару ойыңызда жоқ па? Жалпы, өзіңіз жайында айта кетсеңіз. Қай жерде туып-өстіңіз, қандай салаларда еңбек еттіңіз? Қазір немен шұғылданып жүрсіз?

–  Кітапты жастайымыздан жата-жастанып оқып өстік қой. Жасыратыны жоқ, 2003 жылы Елордамызға көшіп келгеннен, тілден тұрақты түрде кемсітушілік көріп келемін. Сәкен Сейфуллин атамыздың: «Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңбайды» деп айтып кеткеніндей, қазір «отбасы, ошақ қасы тіліне», қала берді «шалақазақшаға» айналып бара жатқанын көріп отырмыз. Немерелерінің тілдері қазақшадан гөрі орыс тілінде шыққанына мәз болатын менің құрдастарым, қазіргі ата-әжелер. Өкінішті!

Өткенде, бір дөңгелек үстелге қатыстым. Ең жасы үлкені мен, кезегім келгенде қазақша сөйледім. Спикерде қазақшаға судай кәріс екен, бір-екі рет, қазақша сөйлейік,- деп ескерту жасап еді, ешкім тыңдаған жоқ.

Жалпы, «әлеуметтік қоғам мүшелерінің мүгедек жандарға деген қарым-қатынасы – қоғамның ізгіліктілік-руханияттық даму деңгейінің көрсеткіші» деген пікірлер бар. Менің түсінігім бойынша да, «Мүгедектер құқықтары туралы Конвенция» қазақша сөйлемей, Елімізде мүгедек жандарға толық қолжетімді орта құра алмаймыз – «Инклюзивті қоғам» қалыптастыра алмаймыз. Сондықтан, әлеуметтік желілерге қысқа посттар жазып, көтерілетін тақырыпқа оқырмандардың қызығушылығын туғызсам деген ой. Келесі қадам, әлеуметтік жоба ретінде «Республикалық инклюзивті интернет журналы» ақпарат құралы ашылса, жанынан «Журналистика студиясы» құрылып, талантты мүгедек жандардан болашақ диктор - журналистика саласында мамандар даярланса, «Әдебиет» айдарында олар өздерінің шығармалары туралы ойларымен бөліссе, поэзия-проза саласында әр түрлі номинациядан республикалық байқаулар ұйымдастырылып, «Жылдық альманахтар» шығарылып тұрса деген ойым бар. Шыны керек, мұндай шығармашылық оңалту бағыты (творческая реабилитация), бізде қалыс қалып келе жатқан сала.  Осыған қазіргідей «Рухани жаңғыру» кезеңімізде көңіл аударатын кез келген сияқты.

Туған жерім туралы айтатын болсам, мен Қызылорда облысы Қазалы ауданы Қожабақы аулында дүниеге келгенмін. 1969-1974 жылдар аралығында Павлодар индустриалды институтында оқыдым. 1975 жылы елге келіп, ПМК-81 мемемесінде жұмыс істеп жүргенде, жол апатынан кейін  мүгедек болып, қоларбаға отырып қалдым.  Қазір «Қазақстан мүгедектер конфедерациясында» бас сарапшымын (универсалды-жалпыға ортақ дизайн саласының). Жалпы, ой-арманымды, өмірдегі ұстанымымды бір шумақ өлеңмен былай дер едім:

Ұшамын кейде түсімде,

Қыран боп қалқып биікте.

Істесіп дос ісінде,

Жем беріп Жезкиікке.

Жүремін кейде қол беріп,

Жығылғанды тұрғызып.

Жасы үлкенге жол беріп,

Жылағанды күлгізіп.

Жүремін кейде Бозжонда,

Қолға қыран қондырып.

Астымдағы Бозжорға,

Шаршамайды болдырып.

Толғантып көрген түстерім,

Тебіреніп көп жүрем.

Ағайын, дос-жар көңілін,

Қалдырмасам, деп жүрем!

Бәрі қарапайым: өзіме тілейтін бар жақсылықтарды басқаларға тілеймін.

Салиқалы сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан

Дәуіржан АЙТҚОЖА

 

336 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала БЕЛГІЛІ ТҰЛҒАНЫҢ БЕЙМӘЛІМ ҚЫРЛАРЫ
Келесі мақала ҚАТЕНІ ТҮЗЕТУ – ТАНЫМ ТАЛАБЫ, ІЛГЕРЛЕУ КЕПІЛІ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №8

29 Тамыз, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы