• Тарих толқынында
  • 29 Тамыз, 2020

ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕНІҢ ИГІЛІГІН ТОҒЫСТЫРҒАН ҚОЯНДЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ

ЕрмекЕрмек БАЛТАШҰЛЫ,

ҚР Мәдениет қайраткері

 Қазақ жері орыс мемлекеті жүргізген озбыр отарлық саясаттың табанына түсіп, құнарлы өңірлері келімсектердің пайдасына тартылып алынғаны өз алдына, Ресей империясының игілігі үшін тауар шығаратын өндіріс ошақтары ашылып, үлкен елді мекендер көбейген сайын жергілікті халықтың, кешегі арда жұрттың әлеуметтік жағдайы төмендей бергені белгілі. Пікірімізді дәлелдеу үшін ұлан далада тіршілік кешкен жұрттың сол кездегі негізгі материалдық игілігін құрайтын мал саны жыл өткен сайын кеміп отырғанын мысал етсек те жеткілікті. Қазақтың Орта жүзінде хандық институт жойылып, байтақ өлке губерниялар мен дуандарға бөлінген кезде жергілікті тұрғындарда қанша мал болғаны жайлы мәлімет қолға түспеді. Алаштың ұлы перзенті, ғалым, саясаткер, публицист Әлихан Бөкейхановтың сілтемесіне сүйенетін болсақ, әрбір ауылдан жер қайысқан мал өріп шығады екен. Қазіргі Қарағанды облысының мұрағат құжаттарындағы деректер 1840 жылдан бастау алады.

Мұрағат құжаттары XIX ғасырдың соңына қарай Қарқаралы оязындағы халықтың табиғи өсімі біршама ілгері басқанын айғақтайды. Бірақ, өңірдегі мал саны кеміп отырған. Айталық, 1902 жылдың мәліметінде Қарқаралы оязында 145.538 жылқы, 675.781 қой мен ешкі, 28.837 түйе, 54. 265 сиыр болған. Яғни, барлық мал саны 904.421 бас. Осыдан екі жыл кейінгі санақ нәтижесі өңірде барлығы 676.231 бас мал қалғанын көрсетеді. Губернияға Семей, Қарқаралы, Кереку, Зайсан, Өскемен, Бұқтырма ояздары қараса, соның ішінде Қарқаралы өңірінде 171.655 адам, яғни бүкіл губерния халқының ширек бөлігі өмір сүріпті (1897 жылғы мәлімет).

Қазақстанда өнеркәсіп желілері құрылып, теміржолдың келуі ұлы далада үш мың жыл бойы қаймағы бұзылмай тұрған формацияның орнына біртіндеп капиталистік қатынастар орнығуына мүмкіндік берді. Еуропалық      үлгідегі емдеу-сауықтыру мекемелері, мектептер жүйесі құрылды. Сонымен бірге, мүлік пен өнім айырбасының жаңа түрлері мен тәсілдері пайда болып, сауда айналымы өсті. Бұған дейін далалықтар үшін сауданың негізгі орталығы болып келген айырбас сарайлары ендігі жерде жәрмеңкелер мен базарлар қызметіне жол берді.1848 жылғы жаз тоқсанының басында Ялуторск көпесі Варнава Ботов Талды өзенінің Қарасор көліне құятын сағасына жақын жерге, Тоқпан тауының бауырындағы кең жазыққа өндіріс бұйымдары тиелген керуенін тоқтатып, еру жасайды. Мақсаты – Қызылжар базарына мал айдап бара жатқан қазақтардың алдын тосып, олар үшін қат дүниеліктерді тірі тауарға айырбастау болатын.

Ойға алған жоспары артығымен орындалып, шашетектен пайдаға батқан саудагердің әрекеті шеттен келген басқа пайдакүнемдердің де аранын ашады. Бұл, екінші жағынан, таяу маңдағы қазақтар үшін де қолайлы болды. Олар ит арқасы қияндағы Қызылжар, Омбы сияқты қалаларға мал айдау бейнетінен құтылды. Өздеріне қажетті бұйымды, әуре-сарсаңға салдырмай, жақын жерге әкеп берген саудагерлер жергілікті халық үшін тегін дүние таратқандай еді. Жыл өткен сайын айырбас дәстүрлі сипат алып, біртіндеп дамып отырған сауда орны көп ұзамай-ақ әйгілі Қоянды жәрмеңкесіне айналды. Ресей империясының ресми құжаттарында ол 1869 жылдан бастап «Ботов жәрмеңкесі» деп аталғанымен, қазақтар оны Қарасор көлінің терістік бет кейіндегі Қоянды туымен байланыстырып, осы атаумен әйгілі етті. Батыс дүниесі мен Шығыс әлемін байланыстыруда көне Жібек жолының бойындағы Отырар қандай рөл атқарса, XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың алғашқы ширегінде Қоянды жәрмеңкесі де сондай маңызға ие болды деп пайымдау жасай аламыз. Төрткүл дүниенің игілігін Сарыарқаның төсінде тоғыстырған сауда орталығы қазақ жұртының бұдан кейінгі экономикалық, мәдени және саяси дамуына айтарлықтай ықпал жасады.

 Жәрмеңке жаңалықтары

Петр I патша бастап, одан кейін Екатерина ІІ патшайым сәтті жалғастырған саяси һәм экономикалық реформалардың нәтижесінде капиталистік құрылымға дендей енген Ресейдің ішкі бөлігі мен отар аймақтың сауда-экономикалық байланысы қолайлы дамуына, соның ішінде тауар-ақша қатынасының өрістеуіне осынау сауда орталығы үлкен мүмкіндік туғызды. Негізінен мал өсірумен шұғылданатын жергілікті халықтың нарық сұранысына сай шаруашылық жүргізуіне әсерін тигізді. Қарқаралы мен Қарөткел өңірлерінде Благодат-Стефанов, Александров, Богословский, Спасск түсті металл өңдеу зауыттарының іске қосылуы байырғы көшпелі жұрттың шектеулі натуралдық тіршілік көзінен біртіндеп бас тартып, алуан түрлі кәсіппен айналысуына жол ашты.Қазақтардың шаруашылыққа қолайлы, сулы-нулы жерлерінің тартылып алынуы салдарынан XIX ғасырдың 50- 60 жылдары мал саны едәуір азайып кеткеніне қарамастан, Қоянды жәрмеңкесіндегі негізгі тауар мал болып қала берді. Мәселен, тек 1869 жылы ғана Қояндыда жарты миллионнан астам қой мен ешкі, жылқы мен сиыр саудаға түсіпті. Жәрмеңке бір-ақ ай, мамырдың 25-і мен маусымның 25-і аралығында өтетінін ескерсек, ондағы сауда-саттық жұмысы қандай қарқынмен өрістегенін біршама пайымдауға болады. Оның үстіне, сол тұстағы қазақ даласында өсірілген мал өнімдерінің сапасы өте жоғары болғанын алдыға тарта аламыз. Мысалы, Орта жүз қазақтарының арасында болған И.Заволишин есімді адам: «Қазақ малы орыс малынан ірірек, оның еті нәрлі де дәмді. Қазақтың өгізі 10 пұт ет берсе, орыс өгізі 5 пұт қана ет береді» деп жазған екен. Осы уақыттары қазақ даласында өсірілген малдан алынған май Лондон биржасында Дания мен Жаңа Зеландияда өндірілген майды ығыстырып шығарғанын мысалға алсақ та жетер. Саны азайып кетті деген кезеңнің өзінде қазақ жерінің солтүстік және солтүстік-шығыс бөліктерінде ғана 10 миллионға жуық мал болыпты.

Жыл өткен сайын қанатын жая түскен Қоянды жәрмеңкесі қазақ даласының  шегінен шығып, Сібір мен Орта Азияға, Жайық сыртындағы елдерге ықпалын тигізді. Ресей көпестері мұнда астық дақылдарын, еуропалық зауыттар мен фабрикалар бұйымдарын, Бұқара мен Самарқанд саудагерлері бау-бақша өнімдерін, Қытай алыпсатарлары жібегі мен шыны ыдыстарын және шайын әкеліп, малға айырбастады. 1899 жылы Қоянды жәрмеңкесіндегі сауда-саттық айналымы 1.731708 сомды құраса, өткен ғасырдың басында үш миллион сомның үстіне көтеріліпті. Ресми тіркеуден өткен мәлімет осындай. Мұндағы айырбас саудасының баламасы – құнан қой 2 сом күміс ақшаға баланғанын негізге алсақ, жәрмеңке ауқымы азғана уақытта қаншалықты өскенін осыдан-ақ пайымдай беруге болады.

Қоянды жәрмеңкесінің  қарыштап дамуына бірнеше қолайлы жағдай әсер етті. Ең алдымен, ол Семей губерниясының сыртындағы Қарқаралы оязының теріскей бетінде орналасты. Оған Ақмола облысының, Торғай өңірінің шаруалары еркін қарым-қатынас жасай алатын. Екіншіден, сол кездегі мол сулы Талды өзені жер қайысқан малды шөлден тарықтырмауға еркін жететін. Оның үстіне, саудаға түскен ауыл шаруашылығы және тау-кен өнеркәсіп шикізатын Ресейдің еуропалық бөлігіндегі кәсіпорындарына жеткізуге өте қолайлы Қарқаралы – Кереку көлік жолы Қоянды жәрмеңкесінің үстін басып өтетін-ді. Осының нәтижесінде әңгіме болып отырған сауда орны тауар-ақша айналымы бойынша қазақ жеріндегі ең ірі базарға айналды және уақыт өткен сайын үдемелі түрде ұлғайып отырды. 1910-1913 жылдар аралығында ғана жәрмеңкеде әр алуан түлік түрінен 567 920 бас мал сатылыпты. Сонымен бірге, аса ірі көлемде мал өнімдері де базарға түскен екен. Мал шикізатын көтерме саудада сатып алып, оған қосымша баға қосып, Ресейдің ішкі аймақтарына өткізу саудагерлерді белшесінен байлыққа кенелтті. 1905 жылғы дерек бойынша, тері мен жүнді, ешкі түбіті мен киізді, жылқы қылы мен елтіріні, т.б. шикізатты мол-молынан сатып алумен ғана 14 адам айналысқан екен. Жиналған шикізат арнаулы қоймаларда қатталып, сақталып, одан соң Қызылжар, Қазан, Нижний Новгород қалаларына жөнелтілген. Мәселен, қызылжарлық саудагер Ахметжан Абдул Ваганов 1904 жылы 4 мың пұт жабағы жүн, 2 мың пұт түйе шудасын, 700 аршын киіз сатып алса, келесі жылы 4264 пұт жабағы, 127 пұт ешкі түбітін, 10 иленген өгіз терісі мен 19 жылқы терісін әкеткен. Луи Зальман есімді алыпсатардың 1905 жылғы ақша- тауар айналымы 27.120 сомды құрапты. Қойдың құны 1-2 сом, сиыр 8-15, жылқы 18-30 сом тұрғанын ескерсек, саудагердің қалай-қалай қол сермегеніне еріксіз тәнті боласыз. Жәрмеңкеде мал және мал өнімдеріне қоса мануфактура, бакалея тауарлары, Еуропа мен Ресей зауыттарының бұйымдары сатылды. Жергілікті халық темір мен шойыннан, жезден жасалған қазан, самаурын, балта, пышақ, қайшы, шәйнек сияқты заттарды, қарапайым ауыл шаруашылығы құралдарын сатып алды. Көпестер берген мәліметтер жыл сайын Қояндыда 200 мың пұт әр түрлі мата, 50 мың пұт шай, 10 мың пұт қант, т.б. саудаға түсетінін айғақтайды.

Қазақстан мен Оңтүстік-Батыс Сібірдің шаруашылық жағдайы үшін Қоянды жәрмеңкесінің маңызы ерекше екендігіне сол кезеңнің өзінде мән берілді. «Жетісудың, онымен шекаралас Қытайдың, Ташкенттің, Ақмола облысының, Том және Тобыл губернияларының саудагерлері мен базарлары есептеседі» деп жазыпты «Сибирьская жизнь» газеті 1990 жылғы 9 шілдеде жарық көрген санында («Восточная Сарыарқа. Каркаралинский район в прошлом и в настоящем», Алматы. 2004).

Қоянды жәрмеңкесі қазақ жұртының, соның ішінде сауда орталығына жақын орналасқан елдің тек мал өсірумен ғана шектелмей, алуан түрлі кәсіппен айналысуына әсерін тигізді. XIX ғасырдың соңына таман өңірде егіншілікпен айналысатын, жартылай отырықшы түтін саны көбейді. Өткен ғасырдың басында малдың қысқы азығы үшін шөп шабу жалпылама сипат алды. Ірі байлар жемшөп әзірлеу үшін сол кездегі озық жұмыс тәсілі мен технологияны жаппай пайдалана бастады. Соның ішінде ат жегілетін шалғылар мен тырнауыштар үлкен сұранысқа ие болды.

Губернияға қарасты ояздар арасында Қарқаралы өңірі егіншілік жөнінен ең төменгі орынды иеленгенімен, бұрын мал сүмесімен ғана күн көріп келген елдің жер емшегінен қорек алуға бет бұрғаны анық байқалады. Айталық, қос ғасыр аралығында Қарқаралы оязының қазақтары 6899,3 десятина жерге егін салып, диқаншылықпен айналысқан шаруа саны 21,833 болыпты. Егіншілік негізінен Шу, Нұра, Қусақ, Бақанас, Талды, Жарлы, Тоқырауын өзендерінің бойында өрістеген екен. Кей жылдары қазақтар егіншілік дәстүрі қалыптасқан орыс, т.б. жұртқа қарағанда біршама мол өнім жинапты. Мәселен, 1911 жылы Қарқаралы өңіріне қоныстанған орыстар мен басқа да ұлт өкілдері 1083 пұт бидай, 598,495 пұт сұлы, 462.028 пұт картоп жинаса, қазақтар 2.014.349 пұт бидай, 1.193.435 пұт сұлы һәм 393.705 пұт картоп өндіріпті. Бұның өзі жергілікті халықтың экономикасы ілгері басып, шаруашылығы түрленіп, әлеуметтік мәселелерін шешуге талпыныс жасауға ұмтылғанын көрсетеді.Жәрмеңкенің ықпалымен Орталық Қазақстан өңірінде тұрақты сауда орындары жұмыс істеді. Шағын және орта кәсіпкерлік дамыды. Мысалы, өткен ғасырдың басында Қарқаралыда 11 диірмен, тері илеу, сабын өндіру, кірпіш құю, май еріту және сыра қайнату зауыттары іске қосылып, оларда жалдамалы жұмысшылар еңбектенді.

Қоянды жәрмеңкесі жаз тоқсанының басында бір-ақ ай жұмыс істеп, маусымдық сипатқа ие болғанымен, ондағы сауда дүкендері мен әкімшілік-әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінің саны ұдайы өсу үстінде болды. 1876 жылы 16 дүкен ашылып, 120 киіз үй тігілсе, арада ширек ғасыр өткенде мұнда 30 үлкен сауда үйі, 276 шағын дүкен жұмыс жасап, 707 киіз үй шаңырақ көтерді.1885 жылы жәрмеңке жанында пошта бөлімшесі ашылса, көп ұзамай телеграф байланысы жетті. 1894 жылы мемлекеттік банкінің, алғашқы дүниежүзілік соғыс қарсаңында сыртқы сауда жөніндегі орыс банкінің бөлімшелері қызмет көрсете бастады. Сауда орталығын жәрмеңке комитеті басқарды. Дүкендермен қатар мейманханалар, қырықтан астам тұрғын үй, қойма ғимараттары салынды. Қылмыс жасағандарды уақытша қамайтын абақтысы бар сот үйі, ояз бастығының уақытша жұмыс істейтін кеңсесі «Ақсүйектер орамында» орналасты. Жәрмеңкедегі тәртіпті сақтау үшін 15 атты және 20 кіші шенді күзетші қызмет жасады. Медициналық және мал дәрігерлік мекемелердің жұмысы жолға қойылды. Қазақтар үшін әлеуметтік-қоғамдық маңызы бар іс-шараларды – жер дауын және жесір дауын, рулар арасындағы қақтығыстар мен барымтаны, салық жинау, қарызды қайтару мәселелерін шешу үшін билер мен болыстардың бас қосатын, съездерін өткізетін жері де осы болды. Жәрмеңкенің бір қанатында азық-түлік дүкендері мен қымызханалар, шайханалар мен моншалар орналасты.

Өнердің алтын ордасы

Арқада алты айға созылатын «кәрі құда» қыстан арып-ашып, бір-бірін сағынысып, жылына бір мәрте бас қосатын базарлы орны болғандықтан, жәрмеңке киіз туырлықты қазақ жұртының мәдениеті мен өнерінің салтанаты жарасқан орталыққа айналды. Небір дүлдүл әнші-күйшілер, ақындар мен балуандар, он саусағынан өнер төгілген шеберлер мен зергерлер осында жиналып, Қоянды өңірін ұлт рухының Меккесіне айналдырды. Мұнда әншілердің сайысы мен ақындардың айтысы, балуандар күресі мен халық циркі артистерінің өнері қатар жүріп жатты. Бұрынғы Шортанбай, Қалдыбай, Нарманбет, Жанақ ақындардың ізін ала Шөже, Балта, Кемпірбай, Әсет тәрізді дүлдүлдер шықты. Мұнда қазақ ақыл-ойының алыбы Абай бірнеше мәрте болды. Тәттімбеттің тәтті күйі тербеткен далада «Тамсантып Орта жүзді әнмен қырған» Біржан сал, аспандағы аққуға үнін қосқан Айтбай, өршіл рухты Жаяу Мұса, сыршыл да сырбаз үкілі Ыбырай, әр әні әнұрандай Мәди, «жанына ерген жігітке олжа салған» Иманжүсіп, сырнайын үзілдіре сызылтқан Майра тәрізді бұлбұлдардың әні қалықтады. Бертінірек базаршы жұрт Ғаббас пен Әміренің, Қали мен Жүсіпбектің үнін тыңдады. Балуан Шолақ пен Қажымұқан сияқты бұла күш иелерінің, сиқыршы һәм акробат Зәрубай, Қара Омар, артист Қаллеки, суырып салма ақын Иса сияқты тарландардың өнеріне тәнті болды. Қазақтың ғасырлар тереңінен жеткен мәдени мұрасын талмай зерттеген өнертанушы, Қазақ КСР- ының тұңғыш  халық  артисі Александр Затаевич француздың даңқты жазушысы Роман Ролланға жазған хатында Сарыарқаның сұлу табиғатын тамсана сипаттай отырып, осы аймақ әншілерінің орындаушылық шеберлігі деңгейін әлемдік өнер жұлдыздарымен шендестіреді.

 Батыс пен Шығыстың әр алуан ұлттары мен ұлыстарының өкілдері бас қосқан жер болғандықтан, жәрмеңкеде түрлі-түрлі мәдениет үлгілері тоқайласты. Қазақтың қоңыр домбырасы мен қара қобызына орыстың балалайкасы, татардың сырнайы үн қосып, шығыстың сұлу әуеніне Қап тауын жайлаған жұрттың қанды қыздыратын биі ұласып, ұлан даланы думанға бөлеп жатты.

Қоянды жәрмеңкесінде қазақ тіліндегі жарнаманың алғашқы үлгілері, ауызша газет пайда болды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін радио желісі тартылып, Семейде шығып тұрған «Степная правда» газетінің «Ярмарочный вестник» атты қосымшасы жарық көрді. Қазақ тілінде спектакльдер қойған халық үйі шын мәнінде кейін (1925-29 жылдары) республика астанасы Қызылордада ашылған кәсіби өнер ордасының, қазір М.Әуезов есімін иеленген академиялық драма театрдың негізін қалады десек, ақиқаттан аулақ кетпейміз. Өйткені, аталған театрдың тұңғыш актерлерінің көпшілігі, тіпті режиссері Жұмат Шанин де ең алдымен Қояндыдағы халық ағарту үйінің сахнасына шыққан өнерпаздар-ды.

Қоянды жәрмеңкесінде 1928 жылы Орталық Қазақстан көлеміндегі тұңғыш жылжымалы киноқондырғы орнатылып, ақ пердеге түскен сағым арқылы заманауи техника өңірге өнердің жаңа түрі келгенін паш етті. Оқырмандар залы бар кітапхана және балалардың ойын алаңы қызмет көрсетуге кірісті.

Қоянды жәрмеңкесінің қызықтары, соның ішінде мәдени өмірі, қымызханалар мен ашық аспан астындағы дүбірлі думандар Мұхтар Әуезов пен Сапарғали Бегалиннің, Николай Анов пен Сәбит Мұқановтың, т.б. қаламгерлердің көркем шығармаларына, деректі еңбектер мен кинофильмдерге, телехабарлар мен радио бағдарламаларына арқау болды. Олардан халқымыздың талай буыны рухани қуат алып, ұлттық өнерге деген іңкәрлігі оянды. Бір ауыз сөзбен айтар болсақ, қазақ мәдениетінің өркен жаюына, оның үздік үлгілері әлемнің бірегей туындылармен үндесуіне Қоянды жәрмеңкесінің қосқан үлесі өлшеусіз.

 Арқадан – ақ патшаға

Отаршыл орыс империясының орнын басып келген Кеңестер одағының ыдырауы нәтижесінде қылышынан қан тамған коммунистік-фашистік держава құлап, Тәуелсіздікке қол жетті. Бүгінгі ұрпақ қызықтап, азат елдің азаматы деңгейінде көрініп отырған бақыт алаш баласының басына қонуына Қоянды жәрмеңкесі айтарлықтай үлес қосты. Оны танып, білу, мәселенің байыбына барып, Тәуелсіздіктің қандай күреспен, күшпен келгенін зерделеу, аға ұрпақ өкілдерінің қасиеті мен қадірін сезіну – әрбір қазақ баласының парызы. Әңгімені бағамдау үшін халқымыздың қазіргі тарих оқулықтарында санаулы ғана жолдармен берілген, күні бүгінге дейін көпшілік қауымның назарынан тыс қалып келе жатқан оқиғаға, шын мәнінде ұлттың эволюциялық көшіндегі құбылысқа – Қарқаралы петициясына ден қою керек. Отаршыл империяның озбырлық әрекетін бүркемелеген, тіпті, мал соңында жүрген «жабайы» халықты «мәдениеттің мәйегіне мелдектетіп  жатырмыз» деп күпінген коммунистік зымиян идеология  дәуірінде Қарқаралы петициясы мектептердің оқу бағдарламасынан тыс қалды. Еліміз тәуелсіздігін жариялаған мезгілден бері де орасан маңызы бар осынау оқиға отандық ғалымдардың, замана шежіресін жасаушылардың назарына көп іліне қойған жоқ.

Кезінде Еуразияның жартысына жайылып жатқан Ресей ақ патшасының жүрегін солқ еткізген құжат 1905 жылғы маусым, шілде айларында Қоянды жәрмеңкесінде дүниеге келген болатын. Жәрмеңкенің қанбазары қызу жүріп жатқан кезде жазылған петиция стихиялы түрде, кездейсоқ атқарылған іс емес, әбден жан-жақты ойластырылған, сауатты ұйымдастырылған саяси әрекет еді. Орыс шовинистері «тағы» деп кемсітетін халықтың санасы қаншалықты деңгейге өскенін көрсететін Қарқаралы петициясын зерттеу еңбектеріне арқау етіп жүрген зерделі ғалым Зарқын Тайшыбайдың пайымдауынша, қазақтар империя билеушілеріне кем дегенде үш талап-арыз жолдаған. Әңгіме болып отырған петициялардың заңдылық тұрғысынан аса сауатты жазылуын және стильдік ерекшелігін сараптай келіп, ғалым ағамыз олардың мәтінін әзірлеген қазақтың тұңғыш заң магистрі Жақаң, яғни Ақбайдың Жақыбы деп тұжырым жасайды. Саяси күрестің басында Алаштың азаттығы жолындағы күресте басын бәйгеге тіккен ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан тұрғаны даусыз. Оның төңірегінде Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Көлбай Тоғысов тәрізді біртуар тұлғалар топтасқан-ды.

«Семей облысының әскери губернаторы генерал-майор Галкин 1905 жылы шілденің 19-ында Дала өлкесінің генерал-губернаторына аса құпия және суыт хабар жіберген. Онда былай деп жазыпты:

«Қарқаралының уезд бастығы биылғы 30 маусымда маған мынаны хабарлады: тыңшылар арқылы алынған деректерге қарағанда, Қоянды – Ботов жәрмеңкесінде бас қосқан Ақмола облысының және сол жақтағы Семей облысы уездерінің (Павлодар уезі де бар) қазақтары ортасынан өкіл сайлап, патша ағзамның атына петиция дайындаған.

Менің қолымдағы құпия қағаздарға қарағанда, петициядағы негізгі талаптар мыналар: салықты азайту, қарашекпен бастықтарын тарату, діни сенімдерге толық мүмкіндік беру, қазақ арасынан мүфти сайлау, орталық үкіметтегі халық өкілдігіне депутаттар сайлау. Уезд бастығының хабарлауына қарағанда, Қарқаралыдан екі сенімді адам арызды Омбыға алып барады (дәл осы тұсқа генерал-губернатор көк қарындашпен «Букейханову» деп белгі соғыпты – авт. З.Тайшыбай, Н.Дулатбеков). Омбыда Ақмола, Семей, Торғай облыстарының барлық уездерінен сайланған өкілдер жиналыс ашып, петицияны талқыламақ. Сөйтіп, Омбыда бүкіл қазақтан екі адам сайланып, Петербургке алып кетпек.

Штабс-ротмистр Оссовский қырдағы дүрлігу жағдайын маған үнемі хабардар етіп келді. Қазақтар Ресейде болып жатқан оқиғалардың барысын мұқият қадағалап отырған көрінеді...» деп жазады З.Тайшыбай мен Н.Дулатбеков «Жақып Ақбаев» деген монографиясында.Жоғарыдағы деректе атап көрсетілгендей, генерал-губернатор Әлихан Бөкейханға жайдан-жай қадала шұқшимапты. Ресей империясының итаршылары мен салпаңқұлақтары өз қожайындарының мүддесі үшін сол кездің өзінде-ақ беріле жұмыс істегені, кейін ұлт көсеміне айналған ұлы түлғаның болмыс-бітімін ертеден танып, ізін баққаны, ортасынан аластатуға тырысқаны анық байқалады. Әлекеңнің үздік тұлғасын тек дұшпандары ғана емес, ниеттес, мүдделес серіктері де жақсы білді, мойындады. Алаш қозғалысына белсене қатысушылардың бірі, қаламгер һәм қайраткер Қошке Кемеңгерұлы кейінірек Әлекең Думаға мүше болғанда: «Білімімен жолды алған бір Әлихан болмаса, басқа оқыған азаматтар оқуының арқасында депутат болған жоқ» деп ашық жазды.

Сонымен, Қоянды жәрмеңкесі қызу жүріп жатқан 1905 жылдың маусым айының ішінде империя билеушілеріне үш талап арыз жолданды дедік.

Біріншісі «Ұлы мәртебелі Император Ағзамның» атына жіберілді. Онда бірегей мәдениеті мен игерген білімі, экономикадағы жетістігі жағынан алып қарағанда, қазақтардың Ресейге бағынышты халықтардың ешқайсынан кем түспейтіні, сондықтан, алты миллион адамы бар ұлттың бұдан әрі империя тарапынан жасалатын қандай да бір қысымға, кемсітушілікке көнбейтіндігі, өз орталарынан мемлекеттік думаға депутаттар сайланғанда ғана империя құрамындағы басқа жұртпен өздерін тең сезінетіндіктері айтылған. Осындай мәтіндегі құжатқа Қарқаралы оязынан іріктелген 42 адам қол қояды. Кереметті қараңыз – ішінде әлеуметтік, таптық кемшілік пен қорлық көріп жүрген бір адам жоқ: барлығы да ел ішіне белгілі, құрметті жандар – болыстар мен билер. Төңкеріс жасап, өкімет билігін тартып алайық, жүмысшылар мен шаруалар диктатурасын орнатайық демейді ешқайсы.

Петиция мәтініне назар салған адам Қоянды жәрмеңкесіне жиналған қазақтардың патшадан талап етіп отырғаны қарын тойдырудың қамы, күнделікті әлеуметтік мұқтаждық, таптық теңсіздіктің тетігін реттеу емес, одан әлдеқайда биік тұрған ұлттық һәм рухани мүдде екенін бірден байқайды. Ресей империясының бюрократтық аппаратын шошытқан, олардың шовинистік шел қаптаған, қатып-семіп қалған көрсоқыр сенімдерін тас-талқан қылып, бұлтсыз күнгі найзағайдай әсер еткен де осы – үш ұйықтаса да олардың түсіне кірмеген талаптар шығар.

 Қарқаралы оязының бастығы Оссовский генерал-губернаторға жіберген қосымша мәлімдемесінде: «Арыз Омбыға, Әлихан Бөкейхановтың атына кетті. Ол осы арызды жазудағы басты ұйымдастырушы және жетекші. Кейбір деректерге қарағанда, арыздың бастапқы мәтінін жазған Ақбаев. Сондықтан, Бөкейханов тек ынтагер, жетекші деп есептеледі. Халық өкілі атынан сайланғандар Әлихан Бөкейханов пен Жақып Ақбаев», – дейді.

Қоянды жәрмеңкесі үстінде әзірленіп, Ресей империясының Ішкі істер министрлігіне жолданған екінші петицияда қазақтар үкімет алдына қойған талаптарын нақтылай түседі. Олар: «Әр болыста мешіт салынсын, медресе ашылсын. Бізге баспахана, газеттер мен ана тіліміздегі кітаптар керек; жергілікті бастықтар қазақ тілін білетін болсын, олар білімді адамдардан сайлау жолымен қойылсын. Білімді адамдар бізде баршылық. Іс қағаздары қазақша жүргізілсін. Песір, стражник, шабарман сияқты кіші қызметкерлер тек қазақтардан болсын; Болыстар демократиялық жолмен сайлансын. Сауатты, білімді кандидаттарға артықшылық берілсін; Учаскелердің мировой судьялары қазақша білетін болсын. Тергеу қазақша жүргізілсін, адвокаттар қазақша білетін болсын; Соттар тікелей Юстиция министрлігіне бағынатын болсын; Салықтар ерікті түрде төленсін; Ертіс бойындағы жерлер, әскерге деп кесіліп берілген жерлер қазақтарға қайтарылсын; Қыстаулар бұрынғы иелеріне қайтарылсын; Қазба байлықтар, ашылған кен орындары, зауыттар мен кеніштер қазақтардың ұлттық байлығы боп саналсын. Ал басқа біреу пайдаланатын болса, тиісті аренда ақысын төлесін; Ормандар, өзендер мен көлдер, олардағы балығына дейін қазақтың ұлттық байлығы болып бекітілсін; Соңғы 20 жылда қазақтардан тартылып алынған жер өздеріне қайтарылсын; Мемлекеттік Советке қазақтан депутат сайлансын» деген талаптар. Тәуелсіздігіміздің  ширек ғасырлық белесіне жақындап қалсақ та осы петиция авторлары көтерген қазақтар проблемасы әлі күнге дейін тәртібінен түспей тұрғаны баршаға аян. Арада бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өміршеңдігін жоймаған құжаттағы мәселелер дәл қазір атқарушы биліктің алдына тартыла қалса, өзіміздің әсіреқызыл интернационалист шенеуніктеріміз соның тең жартысын сызып тастайтынына күмәніңіз болмасын.

Бюрократизм батпағына былыққан империялық басқару жүйесі өкілдерінің көзімен қарағанда мешеу, бұратана болып көрінетін халықтың тарапынан жоғарыдағыдай батыл талаптар қойылуы сол кездегі атқарушы биліктің зәресін ұшырды. Оның үстіне бұл талап-арызға қол қойған төрт адам да ел ішіне қадірлі: би, болыс, молда кісілер еді.

Есімдері аталған ғалымдардың еңбегінде көрсетілген үшінші петицияны да осы Қоянды жәрмеңкесінде, 1905 жылдың 20 маусымында Ақбайдың Жақыбы бастаған қазақ зиялылары әзірлеп, оған 12767 адам қол қойған. Ресей империясы Министрлер Советінің төрағасына жолданған арызда қазақтардың құқы табанға тапталмауы, олардың азаматтық тұлғасы Ресейдегі барлық халықпен тең дәрежеде қарастырылуы, отаршылардың озбырлық жасамауы, ар-ождан бостандығы, рухани тәуелсіздігі, жер-суларының тарихи иелеріне қайтарылуы талап етілді. Бұл кезде қазақтар отарлаушыларға өздерінің жері ғана қажет екенін, байырғы мәдениеті бар, әлемдік өркениеттен өзіндік орын алатын жергілікті халық түп-тұқиянымен қырылып қалса да кесірлі келімсектердің ешбір қынжылыс білдірмейтінін, тіпті, қуана түсетінін түсініп болған-ды.

Қазақтардың қордаланған мәселелері ұлт көсемдері дем берген сағатта жанартау лавасындай лықсып шығып, ояз бастығынан бастап Петербургтегі ақ патшаға дейінгі лауазым иелерін қалтыратты. Алаш аспанында Тәуелсіздіктің көк байрағы желбіреген күнге қол жеткенімен, Әлекең мен Жақаң сияқты арыстар армандаған мұраттардың бірсыпырасы әлі де орындалмай жатқанын көзіміз көріп жүр. Сондықтан, халық қаһарланса қамал бұзатынын, шыдамның да шегі болатынын кез-келген қоғамның көсемдері, билеуші топ естен шығармағаны жөн-ау. Қоянды жәрмеңкесі тек 1905 жылдың маусымында империя билеушілеріне жолданған петициялардың жазылған жері ғана деп тоқтала алмаймыз. Бұл қазақтың біртуар тұлғалары, соның ішінде зиялы қауым өкілдері бас қосқан, пікір алысқан өңір болғандықтан, ұлт рухын оятқан «Қазақ» газетінің жарыққа шығуына, тіпті, ұлттық-демократиялық «Алаш» партиясының бағдарламасы дүниеге келуіне, кейін тағдыры тәлкекке түскен Алаш үкіметінің құрылуына негіз жасаған мекен шығар деп шамалаймыз.

Түйін

Қазақтың экономикалық, мәдени һәм саяси дамуына орасан зор ықпал тигізген қасиетті қоныстың одан кейінгі тағдыры қалай болды деген сауал төңірегінде сөз қозғайық.

1914 жылы, осыдан тура 106 жыл бұрын Ресей империясының бірінші ғаламдық қырғынға араласуына байланысты Қоянды жәрмеңкесінде сауда тоқтатылды. 1917 жылғы ақпан, оған ілесе келген қазан төңкерісі салдарынан ел іші алабұртып, «байтал түгіл бас қайғының» кері келді. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін жәрмеңке кеңестердің билігіне көшті. Сөйтіп, Семей облыстық кеңесінің атқару комитеті 1918 жылдың мамырында Қоянды жәрмеңкесі туралы ереже қабылдады. Онда арнайы комитет құру, натуралды тауар айырбасы мәселелері қамтылды. Әйткенмен, бұл тұста сауда орталығының жұмысы айтарлықтай береке таппады.

Қоянды жәрмеңкесінің қайта өрлеуі тек 1923 жылдан кейінгі, «Жаңа экономикалық саясат» өрістеген уақытқа дөп келді. Базарлы думан жыл сайын өткізіліп, ол жергілікті халық арасына кеңестік саясатты насихаттау орталығына айналды.

Жиырмасыншы жылдардың соңында Қазақстандағы билік басына Қужақтың – И.Голощекиннің келуіне орай республикада «кіші октябрь» науқаны басталып, жәрмеңкенің негізгі тауары – жергілікті халықтың малы түгелдей дерлік тәркіленіп, «балапан – басына, тұрымтай – тұсына кетті». Ұлан дала аштан қырылған қазақтардың ақсөңке сүйегіне толғанда жәрмеңке өткізіп жетісетіндей жағдай жоқ еді. Сөйтіп, 1930 жылы Қоянды жәрмеңкесі ресми түрде жабылып, оның құрылыстары мен аумағы жаңадан құрылып жатқан кеңестік шаруашылық құрылымдары мен ұжымдарына берілді. Мұндағы берік те көркем ғимараттардың талқандалуы негізінен кеңестік дәуірде жүрді.  1961 жылы бұрынғы Карл Маркс атындағы колхоз бен Қоянды машина-трактор шеберханасы біріктіріліп, «Қоянды» шаруашылығы құрылған кезде осында болған, жәрмеңкенің тарихы жайлы біршама зерттеу жүргізген зерделі азамат Тілеуқабыл Жақыпжанов (марқұм) бірінші рет көргенінде мұнда жәрмеңке комитетінің екі қабатты кеңсесі, мешіт үйі мен христиандар шіркеуі және сегіз қойма ғимараты дін аман жеткенін айтқан еді. Жетпісінші жылдардың ортасында, журналистік қызметін жаңа бастаған шағында осы жолдардың авторы да «Қоянды» кеңшарына іссапармен барып, қызыл кірпіштен өріліп, төбесі қаңылтырмен жабылған, әйдік темір қақпалары бар екі қойма сау-сәламат тұрғанына куә болған-ды. Қалған құрылыстар құлатылып, материалдары кеңестік қой қора салуға жұмсалып кетіпті. Содан бері қырық жылға жуық уақыт өтті. Азын-аулақ үзіліспен 82 жыл ғұмыр сүрген, ұлтымыздың тарихынан айрықша орын алатын Қоянды жәрмеңкесінің осы жерде өткізілгеніне куә болып, қазір жалғыз қойманың құландысы ғана қалқияды. Айтпақшы, кезінде Қарқаралы – Кереку телеграф байланыс жүйесінің бағандарын бекіткен тұғыр деп айтылатын темір рельстердің ұшы қылтияды жол бойында. Сірә, тым терең орнатылса керек, әйтпесе, бұрынғы жоспарлы экономика күйреп, ел жабайы нарықтың жалына жармасып жүрген бұлғақ жылдары бұлар да көрші-қолаңның шелек-шәйнегі мен қол жуғышына дейін сыпырып жүрген темір-терсек терушілердің құлқынына жұтылып кетер еді.

Бұрынғы дүркіреген Қоянды жәрмеңкесінің  орнында  қазір үркердей ғана үйі қалған ауыл бар. Ауылдық округтің орталығы саналғанымен, коммуникациясы құлдыраған, өнеркәсіпті орталықтардан алыс жатқан елді мекеннің өзіндік проблемалары жетерлік. Ол, әсіресе, жол қатынасына қатысты. Тек, өңірдің патриоты, кәсіпкер Нұрлан Қалтаев есімді азаматтың іскерлігі нәтижесінде соңғы төрт-бес жыл көлемінде ауылдың экономикасы сауығып, әлеуметтік-мәдени өмірінде оң өзгерістер байқалуда. Осыған үстеме көмек ретінде облыстық, аудандық деңгейдегі жергілікті басшылық азын-аулақ қаржы шығарып, Қоянды жәрмеңкесінің аумағын Қарқаралы өңіріндегі этно-экотуризмнің бір тармағына айналдырса,оның қайтарымы шашетек байлыққа кенелтпесе де шапағаты шалғайдағы ауылға да тиер деп үміттенеміз.

993 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз