• Ұлттану
  • 29 Тамыз, 2020

ДІНИ-ПӘЛСӘПАЛЫҚ ЭССЕЛЕР

 ҰЛТТЫ ҚҰТҚАРУ

Ұлтжанды азаматтардың сөзі қайда сөйлесе де, газетте ме, теледидарда ма, радиода ма, бір жерден шығады. Бәрі  ұлтты құтқарудың жолы – ұлттық сананы дамыту дегенге тоғысады. Олардың өздері де сол жолда қызмет етіп жүргендер. Яғни, ана тілінің мемлекеттік мәртебесіне араша түскендер, ұлттық салт-дәстүрді насихаттаушылар, тарих, әдебиет сынды рухани құндылықтарды дамытушылар. Олардың бәрі осыларды дамыту арқылы ұлттық санаға жетеміз деп, ойлайды.

Бірақ, бізге «ұлттық сана» деген ұғым әлі жеткізер емес. Егер ондай сана болса, қазақ тілін мазақ етушілерге көнпістік жасап жата бермес едік қой... Ұлттық сана деген өзін қорғаудың нақты көрінісі болуға тиіс емес пе?!

Ұлт деген Ұлы Жаратушының  қауымға берген бір мүмкіндігі. Ал, ұлттық қасиетті қорғау – олай болса қауымдағы әр адамға аманат етілген нақты нәрсе.

Жаратушы жақсылық жасағандарға сыйлық, жамандық жасағандарға азап берем деп, ескертті. Бұл мағынада жамандық жасаушылар дегендер – тілін сатқандар, өз дәстүр-салтынан бас тартқандар болып шығады. Біз «ұлттық сана» деген елестің соңынан қуып жүріп осы мақсатты парыз секілді бәрінен жоғары қойып алған секілдіміз.

Расында, осы ұлт қамы үшін күрескендер мен оған қастық ойлағандардың бәрінің тең сұралатын ортақ бір міндеті бары анық. 

Ақырет күнінде, ең әуелі Алла Тағаланың парыз еткен міндеттерінен сұраламыз. Осынау ұлты үшін жақсылық жасаушы, жақсы адам – өз Жаратушысын таныды ма? Қасиетті Құран арқылы бұйырылған иман сөзін жүрегімен сеніп, тілімен айтты ма?  Сонсоң, осы сенімін пенделік нәпсіден қорғап жүру үшін бес уақыт намазға мойын ұсынды ма? Намазын ықыласпен қалтқысыз өтеу жолында, жаны мен тәнін тазартатын  ораза секілді тиісті құлшылықтарын орындады ма? Иманын дүниелік пиғылдан арылту мақсатында, дәулетінен жоқ-жітіктерге, жетім-жесірлерге зекет-садақа бере алды ма? Сенімін кәміл етіп, күнәсінан тазару ниетінде, жиған-терген дәулетін қажылық сапарға арнауға кісілігі жетті ме?  Осы сауалдардың алдынан шығатындығы, өзін мұсылман санайтын саналы азаматқа тосын нәрсе емес. Бірақ...

Міне, мынау ұлты үшін күрескен жақсы азаматтар, рас пенделік өмірінде, «таудай жақсылық», «тарыдай ғана жамандық» жасаған болуы, бек ықтимал.

Бірақ, бұлар бір төбе. Бұл пәни дүниеде сауап үшін жасалатын жақсылықтар – жәй құлшылықтар, делінген.

Ал, Алла Тағала үшін жасалған құлшылық – бәрінен жоғары тұрған мақсат екені белгілі. Парыз етілген құлшылықты жасау – жаратылу мақсатының  өтемі, өзінің Жаратушысына ризалықпен шүкір етіп, оны танудың белгісі. Егер, осы негізгі мақсат орындалмаған болса, онда әлгі ұлтжанды жақсы адамның жасаған көп жақсылықтары  жақсылық болып есептеле ме?

Алла Тағаланың разылығы үшін жасалмаған жақсылықтардың тек пәни дүниенің мақсатын көздеген болуы мүмкін ғой. Өйткені, осы еңбегінің ақысына атақ, сыйлық алып, даңққа бөленген азаматтың ұлттық санасы жетілген адам екеніне күмән жоқ дейік.

Алайда, бәріміздің шулап, жетсек деп жүрген «ұлттық санамыздың» соңғы нәтижесі осындай сыйлыққұмарлық болса, осыны кемелдік деуге келе ме?! Жетістік деп туымызды желбірете аламыз ба?!

Шынында, ондай жалаң ұлттық санамен ұлттымызды құтқарамыз деп құр алданып жүрміз. Әлгіндей ұлттық күрескерлер «жоғарыдан» келген сыйлыққа кенеліп, төмендегі елінен сый-құрмет дәметіп, өзін марапаттатудың қамымен жүргеніне көзіміз әбден жетті емес пе?! (Дәл қазіргі қазақ қауымында осындай жағдай дерттей дендеп тұрғанын жасыра алмаймыз).

Олай десек, ұлтты шын құтқарушылар ұлттық санаға жеткендер емес, имандылық санаға жеткендер болуға керек. Имандылық сана дегеніміз, сөзі мен ісі бір кәміл мұсылмандардың үлгілі өмірінің көріністері.

Халық басына қатер төнген алмағайып замандарда атойлап шыққан ерлердің түгел кәміл мұсылман болғанына ешкім қарсы дау айта алмайды. Қазақ орысқа бодан болып елдігінен айырыла бастаған кезеңде шыққан «зар заман жыраулары» түгел мұсылмандар, «ежелгі дұшпан ел болмайтынын» ерте біліп Он екі керейін соңынан ертіп оңаша елдік құрған әулие көсем Ақыр Жәнібек, оның ізін қуып халқын аман алып қалудың қамымен басын өлімге тіккен Көбешұлы Асылбек, шоқындыру басталған тұста халқына қалқан болған Ыбырай мен Абай, балшабектер қазақты түп-тұқианымен жоймақ болған жылдарда халқының келешегін көздеп шетелге шығып кеткен көреген көсем Мұстафа Шоқай,  құдайсыздар халқын қынадай қырған қанды қол жылдарда Алладан ғана жәрдем тілеп тақуалық жолда болған Мәшһүр Жүсіп пен Шәкәрім, Ақыт хажы, Зұқа хажылар, қызыл қырғыннан аман қалудың амалын іздеп атойлап шыққан Оспан батыр, Рысхан, Есімхан, Елісхандар түгел нақ мұсылмандар еді. Олардың бәрі де атақ-абырой, сый-сияпат үшін емес, қолынан келген жақсылығының бәрін Алла разылығы үшін жасап, басына түскен ауыртпашылықтың бәріне сабыр сақтаған салиқ құлдар болған. Бәрі де Жалғыз Жаратушыға арқа сүйеп тәуекел еткен, келешектен  күдер үзбей, ұрпағына жақсылық тілеп кеткен ізгі жандар еді.

Демек, «ұлттық сана» деп, жалаулатып жүргеніміз - «имандылық сананың» бір бөлігі ғана екен. Яғни, имандылық сана болмай, шынайы ұлттық сананың да болуы екіталай.

НАҒЫЗ ҚАЗАҚ яки МҰСЫЛМАН ҚАЗАҚ

Даталы жылдарын халық болып тойлап, рухын асқақтатып жоқтап жатқан ұлтымыздың батыры, ақыны, күйшісі, елінің мұңын жоқтаушы біртуар көсемі болған Махамбеттің басын кескен кім?!

Кез-келген көлденең көк атты кек ала салуға болатындай біреу емес, сондай киелі адамды, тапа-тал түсте, қатын-баласының көзінше өлтіруге қандай пенденің қолы барды?! Ол жасырынған, құпия қылмыскер емес, белгілі кісі. Батырдың жанашыр туысы, өз ауылдасы еді!

Осы қылмыскер  рас, қазақ па? Күмәнсіз! Қаны, жаны, тілі, ділі – бәрі-бәрі мүлтіксіз қазақ. Біздің қазір арман қып жоқтап жүрген қазақылығымыздың қаймағы да осы қанды қол адамның бойында болғаны күмәнсіз. Сонда, бұл – Нағыз қазақ екен!

Бірақ, осы мұсылман қазақ па? Күмәнді! Шын мұсылман нақақ кісі өлтіру секілді ауыр күнә жасауға жүрегі дауаламайды. Кәміл мұсылман себепсіз тірі жәндікті өлтірудің асқан зұлымдық екенін жақсы біледі.

Онда, мақсат – нағыз қазақ болудан бұрын мұсылман қазақ болу емес пе?!

Мұсылман қазақ – қазақтығын да, адамшылығын да сатпайды. Мұнапық  екіжүзді қазақтан мұсылман қытай сенімді, кәпір қазақтан мүмін орыс кісілікті десек, ұлттығы сыртқы көрінісі болғаны, ізгілігі – жүрегіндегі иманында екені даусыз.

Елдікті сақтау жолында «Жаным – арымның садағасы» деген, халқымыздың рухани туын көтерген көсемді топтанып барып, тобырлықпен өлтірген осы адамдар да адасушылар еді.

Осындай адасушылардың түрі бүгінде, көбейді дейді, дінтанушылар.

 «Ата-баба жолы» деген «ақ», «көк», «сары» деп, түрлі-түрлі ат тағынып, қыруар қауымды соңынан ертіп жүргендер де түгел нағыз қазақтар.

Адасқандар өз жолын дұрыс санайды. Адасушыны – адасушы тапса, олар топ құрып топтанады. Топтасып, тобырланып адасқандар – секта деп аталатын болды.

Хақ жол – жалғыз. Ол Құранда жазылып, пайғамбар (с.а.у.) арқылы үлгі етілген. Одан өзге жеке әулие, ғұламалардың бөлек жолы деген жоқ.

Қожа Ахмет Яссауидің жолы деген – дара жол болған емес, ол – хақ жолмен өзі дара жүрген әулие. Яссауише жүрем десең Яссауи болып туу керек қой, оның жөні жоқ, Яссауи ғана Яссауи бола алған. Орташа пенделерге дара үлгі емес, ортақ үлгі ұсынылған. Ол – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үлгісі – хадис арқылы кейінгі үмбетіне мүлтіксіз жеткен үлгілері:

Дін ұстанудағы құлшылығы, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, ішіп-жеуі, кісілермен қатынасы, отбасындағы әдебі... пайғамбардың бар ісі, әр ісі – бар пендеге, әр пендеге үлгі. Ол дүниешілікті – дүниеге қызыққандардың жүрегіне кілт етіп тура жолға шақырса, дүниеге әуес еместерді, дүниешіліктен арашалап тура жолға бастаған. Бұдан өткен орта жол, бұдан өткен әділ үлгі бола ма? Дүниенің баянсыздығын бұдан өзге әдіспен, өзге бір жол көрсете ала ма? Сопылық жол – дүниешіліктен алыстап, рухани даралықпен өзін-өзі құтқарудың үлгісі.  Ол – біртуар адамдарға болмаса бар адамға үлгі емес. Сопылық – бар адамзатқа үлгі болса, онда дүние қайда қалады? Олай болса, хақ жолда дара жүргендердің жолын үлгі етем деу – өзіне нәсіп болмаған нәрсемен таласумен тең қылық.

Пенделік дәреже пенделік шамадағыларға нәсіп болған, оның жетер биігі – талпынса кәміл мұсылмандық.Нағыз қазақтың да бар мұраты – мұсылман қазақ болу болса, арманның орындалғаны осы.

ЗАУАЛ

Атан кенже қызын ағылшын тілді мектепке бергентұғын. Елдің алды болсын, деп. Ол айтқандай өсіп-жетіліп, Америка, Англияға барып біршама жылдар жүріп қайтқанда, ел атасы Атан ажалы жетіп, тілі кәлимаға келмей қиналып жатыр еді.

«Ағылшын» қызы, әкесіне беті темірдей, көзі шыныдай болып келіп, міз бақпай тұрып ағылшынша қоштасты. Шалға тіл кіріп, күбірледі: «Әттең! Алжыған кәрі ит деп, қазақша боқтап, басымнан тепсе, арманым болмас еді!» деп, жантәсілім етті.

  ***

Дандай мен Жанбай Нәріннің басына ат іздеп шығып, апаннан қашқан қаншық қасқырдың үстінен түсті. Келсе, көзін ашпаған жеті бөлтірік жатыр екен.

Жанбай саусағын тосып еді, бір-бірлеп келіп жабырлап еме бастады. Дандай қолына ілінгендерінің  көзіне пышақ жүгіртіп, соқыр етіп жатыр. Күшіктер қыңсылап шыр айналады.

Күзде келсе, қаншық қырдай  болып арықтап апанның маңында айналсоқтап жүр екен. Жеті күшік жүндері жылтырап, есейіп қалыпты, тек бірінің құйрығынан бірі тістеп айналшықтап жүр.

Даңдай енесін атып, бөлтіріктерін бір-бірлеп ұрып алды.

Даңдай қартайғанда суқараңғы болып, өлгенше жер сипалап жүрді. Жанбай жасын ұмытқанша жасап, баланың сөзін сөйлеп қалды.

ӘУЛИЕ

Ертеде қазақ халқында әулиелер көп болған дейді. Елдің қызықты әңгімесі солар туралы болатұғын, себебі, ол заманда кісіліктің өлшемі киімнің әдемілігімен емес, имандылықпен өлшенетін-ді.

Кәміл иманға жеткендердің әулие болатындығы сөзсіз еді. Әулие деген көңілінде бір Алладан өзге ештеңе қалмаған пәк пенде. Жаратушыдан сұрағаны қабыл болғыш таза адам. Содан да әр ауылдан әулиелердің кезігуі таңғаларлық нәрсе емес, сол заманның бір рухани берекеті болатұғын.

Керейдің ішінде Торғайты деген әулие көп айтылатын, пішіні бала секілді, жасы нешеде екені білінбейтін, тоқсанға таяған қариялар менің бала кезімде осылай болып жүруші еді дейді екен. Көлікке мінбейді, неше күншілік жердегі тойға салт атпен кеткендерден бұрын барып, оларды алдынан тосып отырады. Немен келдің дегендерге не кезіксе соған мініп келдім, аю болса аю, қасқыр болса қасқыр деген жауап айтады екен...Қарақалпақ жақта Шәшті ишан деген әулие болыпты дегенді оқығанымыз бар. Ол қысы-жазы жалаңаш-жалпы жүре береді екен. Аяғының астындағы мұз, қар еріп тұрады екен.  Сол әулие себебін сұрап артынан қалмай қойған біреуді оңаша апарып, табанын тіліп көрсетсе, өз терісінің ар жағынан бөлекше ұлтарақ секілді әдемі нәрсе көрініпті. Әлгі әулие осы пейіштің киімі депті... 

Әулиелік тазарған ниет, мөлдіреген көңіл, шын жүректен беріле жасаған құлшылық,  нәпсісін дегеніне көндірген сарабдал сабырға ие болған адамдардың бойына Алла Тағаладан берілетін сыйлы қасиет. Пенде баласы тозаңдай болса да мақтаннан арылғанда, түйірдей мінін өзі білгенде әулиеге айналады.

Бірақ, Құдай әркімге әр түрлі қабілет бергеніндей әулиенің де дәрежесі бар:

Өзі  де білмейтін, өзге де білмейтін әулие бар. Ондайлар оқымаған, қарапайым диуана кейпінде жүруі мүмкін. Өзі білетін, өзгелер білмейтін әулие де бар.  Олар тақуа, бірыңғай құлшылық жолында жүрген кісілер. Өзі де білетін, өзгелер де танитын әулиелер. Көбі асқан оқымысты, машайықтардан шығады. Әулиенің алдыңғы аталған екеуі қазір өз ішімізде де жүр, дінге қыспақ түскен заманда не дін жаңа бас көтерген кезде елеусіз жүріп, Құдайдан жарылқау тілеп, көпшілікке жақсылық сұрайтын жайсаң жандар осылар.

Соңғылары діннің салтанат құрған замандарында болған, енді болу- болмауын бір Алла біледі. Осылардың қай-қайсысының тілеген дұғасы қабыл болатын, заманның зардаптарын тап басып танып, сол үшін Алладан кешірім тілеп, ел үшін игілік сұрайтын ерекше адамдар. 

Пайғамбар, сахаба, табиғындардан кейінгі қауым ішіндегі Алла Тағалаға ең жақын адамдар да, Құдайды еске салып, құлшылыққа құлшындыратын, көпшілікті кісіліктен тайып кетпеуге үндейтін осындай әулиелер.

Әулие көбейсе заманның түзелгені, ойда жоқ жақсы оқиғалар болып жатса, ғайыптан тайып қатерден адамдар аман құтылып жатса, ол Құдайсыздардың айтып жүргеніндей кездейсоқтық емес, ел ішіндегі әулиелердің дұғасы қабыл болып, не кереметтің көрсетілгені сол.

ОҚИҒАЛАР  СЫНАҒЫ

Үлкен оқиғалар адамзаттың басынан өтетін Ұлы Жаратушының сынағы. Түркілер  қауымдастығы  жер жүзіндегі бүкіл адамзаттың ішіндегі ең алыбы. Қиыр Шығыс Сахалиннен бастап, алыс батыс Анадолыға дейінгі кеңбайтақ Еуразияда қырықтан астам түркілер елі болды. Шығыс шегінде Сахалар жатса, батыс жиекте Түріктер тұрды. Осынау тілінің төркіні бір, ділі ортақ халықтың қырқының басынан қырық түрлі сынақ өткен. Осы сынақтардан бірі азды, бірі тозды, бірі жойылды, көбі бөтеннің бодандығына бойұсынды...

 Осылардың бел ортасындағы қазақ деп аталатын түркілердің көрген қорлығы мен зорлығын тарихшылар айтып тауыса алған жоқ.

Солардың  ең әйгілісі  ретінде «Ақтабан шұбырындыны» тарихшылар көп жазды. Бірақ, одан да зоры он алтыншы жылғы ұлт-азаттық көтерілістен басталып қызыл төңкеріске жалғасқан «қызылтабан шұбырындыда» халықтың жарымы ел жерінен босып, айдалада оқтан, қылыштан, аштан қырылды.

Одан кейінгі он жылда қорасындағы малын, қабындағы азығын тартып алғанда «қаратабан» қайыршы кейпінде өз жерінде аштан өлді. Тәуелсіздікке дейінгі елу жылда «көнтабан» жалшылықпен советтің дегеніне көніп  өлместің күнін көрді.

Тәуелсіздік туғанда ауылдан қалаға, елден елге шұбырған «көктабан» жылдарды бастан кешті.

Осындай сынақ болған үлкен оқиғалардың әрбірінде,  мәселен «ақтабан шұбырындыдағы» жаугершілік жылдарда жанын елі үшін қиған ерлер сыннан өтті. Орыстың отаршылдығы кезінде елдігін сатпаған дегдар тұлғалар сыналды. Ашаршылықта сабырлылар жеңді. Бірін бірі қаралап ұстау етек алған зұлмат кезде ауызбірлік сынға түсті.

Осылайша, арын жаннан, елдігін қара басынан артық көргендер сынақтан аман өтіп, өлсе де жаны жай тауып өкінішсіз кетті. Сынақта сатқындық жасағандар екі өлді.

Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында қаншама қазақ әйелі уыздай жас қалпы жесір қалды. Қартайғанша зина деген күнәдан өзін қорғап, арын сақтап ажалмен қауышты. Осы жылдар сол кездегі әйелдерге бір ауыр сынақ еді. Өйткені, қоғамы құдайсыз, зинаға қатаң тиым жоқ, бәріне сылтау көп заманда мұндай әйелдердің  мінсіз мінезін жиһатпен тең ерлік десе жөн.

Соғыстан кейін белі бүгіле майысқан қазақтар ақ жауыннан кейінгі  тың даладай қайта дүркірей көктеуінің, қайта өсуінің сыры да осы сынақтан аман өткендігінің жемісі,  Алланың бір сыйы болғандығы деп пайымдауға тиіспіз. Осындай әулие аналарымызға үнемі дұға жасауға міндеттіміз.Одан кейін мал-жаны өскен қазақтың тілі мен ділін қорлайтын зымиян сынақ басталды. Жанның сынағынан гөрі рухани сынақ әлдеқайда жеңіл көрінсе де халық болып қалу, қалмауымыз осы жылдары таразыға түскенді. Тіл мен ділден аздыру жолында сыйлық пен сияпат, атақ пен лауазым саудаға түсті. «Өзіміз аман болсақ, өзге тілде сөйлегеннен өлмеспіз» дедік. Сыртқы тұлыбымыз қазақ, ішкі рухымыз жат-бөгде болу осы кезеңдердің кесапаты – сынақтан өтпей сатылғандарымызға Алла Тағаладан жіберген зауалдың көрінісі деп мойындауымыз лазым.

Тәніміз тірі қалған, бірақ рухымыз өлген кейіпке ұшырадық. Баяғы жылдардағы рухы тірі қалпында жанымен қоштасқандар бақытты екен! Тірі қалпыңда тіліңді суыртқаннан, жанды күйіңде рухынан айырылғаннан өткен зауал бар ма!? Қаншама сынақтардан аман өтіп келіп, Елдік құрған кезде айыр тілді, көп дінді болған қазақ қауымы тағы да жаңа сынаққа жолықты.Байлықпен таласу, ақшамен арбасу бұрынғы сынақтан  өзгеше. Байлыққа жетсек халық болып, ұлт болып қалатындай бар ақылымызды осы жолға сарп етіп жатырмыз. Бұрынғы сынақтар сол жағымыздан қасірет болып келсе, бүгінгі сынақ оң жағымыздан қадірлі, сыйлы қонақ секілді келіп тұр. Пенде баласы қасіретті сынақтан гөрі, қадірлі сынақтың алдауына оңай түсетінін өткен кезімізде көз жеткізсек те оған иланғымыз келетін емес. Өткенде, «Өзіміз аман болсақ, өзге тілде сөйлегеннен өлмеспіз» деп едік, сол бүгін елдігімізге пәле, басымызға дау болып тұрғанын көрмей отырмыз ба?! Енді, бүгін «Бай болсақ, ұлтсыз болғанда тұрған не бар!» деген пиғыл белең алды. Оған да етіміз үйреніп бара жатқан секілді, одан да пәлекеті «Заманнан қалмай жүрсек, ағылшынша үйренсек дінде тұрған не бар!» деген шайтани ойдың арбауына ұшырай бастадық. Бұл пәнидің сынақ екені есімізден шығып кететін секілді.

Перғауын заманында сыналғандар мен бүгінгі күні сыналғандарымыздың заманы бөлек болғанмен сынағы бір. Мұса әлейсәламмен таласқан сиқыршылар, перғауыннан қорықпай Аллаға бет бұрғаны үшін көкіректері иман нұрына толғаны сонша, аяқ-қолдарын қиғаштап шабатын қорқынышты өлімнің өзін – олар құтқарушымыз деп таныды. Сөйтіп, соған дейін перғауынға бағынса да, соңында Алла елшісіне еріп хаққа қауышты. Бүгінгі біздің сынақ та осыдан аумайды, сыйлыққа табысқың келе ме, хаққа қауышқың келе ме, әркім өзі шешетін сынақтың алдында тұр.

Ендігі сынақ – ұлттығымызды ұрлап, халқымызды қуыршақ қылмақ екен. Ал, бірақ  ұлттығымыздың ұстыны – біз ойлап, ойбайлап жүргендей тек тіліміз ғана емес, хақ дінімізде екені дәл осы уақытқа дейін әбден дәлелденді. Хақты танысақ, халқымыз екі дүниеде құтқарылмақ.

ОПТИМИСТ ПЕН ПЕССИМИСТ

 Бір белгілі саясаткер бар, қазақ тілін қалай құтқарудың неше түрлі әдістерін айтумен жүреді. Көбі өмірге еш жанасымы жоқ, өз қиялындағы жағдай. Әйтеуір, ол өзін оптимистпін деп есептейді.

Оптимист дегендер шындығында, «майшамнан» жұлдыз жасайтындар. Алыстан өлеусіреп көрінген майшамның болымсыз жарығын «жұлдыз» деп дәлелдейді. Ал, оның қарама-қарсы жағы, пессимист болса,  күннің өзін «майшам» деуге  барады.Реалист болса, майшамды «майшам», күнді «күн» дейді. Егер, осы салыстыруларға илансақ, ел мақтағандай «оптимист» дұрыс адам емес. Ол да адастырушының бір түрі. Тіпті,  көпшілік жақтырмайтын пессимис-тен де жаман. Себебі, пессимист күнді майшам десе де, күн күн қалпында қала береді.

Осы екі көзқарастағы, яғни, дүниетанымдағы адамды – Исламдық көзқараспен қарағанда екеуі де адасушы әрі адастырушы деп бағаланады. Екеуінің де айтатыны өтірік, біреуі жаманды жақсы етіп жағымды өтірік айтса, біреуі жақсыны жаман етіп, жағымсыз өтірік айтады. Қандай түрде айтылса да өтіріктің аты өтірік. Негізінде, нағыз реалист көзқарас дегеніміз – Исламдық көзқарас. Ол – айналадағы барлық заңдылықтардың Ұлы Жаратушыдан тағайындалғанын мойындайды. «Кездейсоқтық» деген құдайсыздардың айтатын заңсыздығын жалған деп біледі. Олардың «хаос» деп атаған бей-берекетсіздік секілді көрінетін тозаңдардың физикалық қозғалысын қайта, нағыз «тәртіптілік» деп санайды. Егер осы тозаңдар тек бір бағытқа қозғалса, күшті ағыннан айнала тас-талқан болар еді. Әр тозаң, өз жолымен жүретіндігі осыдан-ақ білінеді.

Ең болымсыз  тозаңның өзі Ұлы Иесінің бұйрығымен жүретінін,  дауылдар мен қара құйындардың осы болымсыз ауа тозаңдарының бір сәт бір бағытқа қарай ұшқанда қандай күшке айналатындығын көрсетеді (Оны дінсіздер стихия деп атайды, расында ол дүлей күш емес, Жаратушының пенделерге жіберген мақсатты жазасы, басталар аяқталар уақыты бар).

Тілге келсек, ол рухани дүние болғандықтан материалдық дүние секілді оның да Ұлы Жаратушыдан тағайындаған өз заңдылығы бар. Жаңа туған сәбиді қасқыр асырап алғанда ол бөріге ұқсап ұлитын болып шыққаны, адамзат тарихында әлденеше оқиғамен дәлелденген. Тілді де құтқаратын хақ дін, яғни, Алла Тағаланың заңдылығына бағынсақ қана ана тілімізді – аманат болған рухани қазынамызды құтқара аламыз.

Әйтпегенде, оптимистер мен пессимистердің құрғақ тәсілдері тілді құтқара да, құлата да алмайды. Оптимистер көбінде Тіл туралы заңды түзесе болды, қазақ тілі қалпына келеді дейді. Пессимис-тер болса, заман талабына ілесе алмайтын тіл тұрмыстық деңгейден аса алмайды дейді. Бұл екеуі де біз бағындыра алмайтын, өзіміз бағынуға тиіс Ұлы заңдылық бар екенін түсінбейді.

 Ұлы Жаратушының себептер заңдылығымен ана тілді дана тіл етіп дамыту бәрімізге адамгершілік міндет етілген.

ҚАУЫМНЫҢ АДАСУЫ

Қауымнан – халық, халықтан – ұлт, ұлттан ел құралады.

Қауымның хақ жолмен жүруіне не адасуына ел басқарушылар ықпал етеді. Құран Кәрімдегі қиссаларда Алла Тағаланың қаһарына ұшыраған қауымдар патшасының нәпсісіне ергендер еді. Тіпті, дінбасы дегендердің өзі патшасының билігін қолдаймын деп жүріп, бір білгенде Құдайға емес, патшасына табынып кеткендерін өздері де білмей қалған.

Сонда, қауымның өзі – жеке адамның иманын сынайтын көрініс қана. Хақ жолдан адаспаймын деген адам-пенде қауымның іс-әрекетіне де, патшаның билігіне де айна ретінде қарап, хақ жолдан таймаудың амалын жасағаны дұрыс делінген. Асхабы кеһпідегі әулиелік дәрежеге жеткендер соның үлгісі (Құран Кәрімдегі осы аттас сүреде баяндалған қисса. Өзін тәңірмін деп жариялаған патшаларына қарсы шығып, қуғыннан қашқан сарайдағы ақсүйек жас жігіттер үңгірге жасырынады. Осы үңгірде үш жүз тоғыз жыл ұйықтап жатып, қайта оянады. Өздері бір түн ғана ұйықтадық  деп ойлайды. Осы жанкештіліктері үшін Алла Тағала оларды әзиз әулие етіп, осындай ғажайыппен сақтап жас қалпында тірілтеді. Бұл керемет олардың өздеріне де, кейінгі қауымға да көрсетілген қайта тірілудің хикметті дәрісі).

Олар, Бір Құдайға сену жолында зәрі қатты патшаға қарсы келуден қорықпай, өз қауымынан тіпті, өз отбасынан да ажырап қалудан өкінбей бір сәтте бірегей амал етіп, қатал сынақтан өткен Алланың асыл құлдары. Соның дәлелі ретінде Ұлы Жаратушының қасиетті кітабынан орын алған.

Сол жағдай қазір де өзгерген жоқ, сол заман, сол сынақ – сол қалпында, тек уақыт қана алға озды.

Патша қашанда қауымның дүниеқоңыздық, мәнсапқорлық, даңққұмарлық пиғылын пайдаланып, сол арқылы оларды соңынан ертіп, өзі де адасады, елін де адастырады.

Дүние ауаны да елді адастырады. Қазір еуропалануды біреулер мақтан санап жүр. Құдайды ұмытып, қу дүниенің соңынан түсемін деп, адамзат тарихында екі рет қанды қырғын жасаған, пайғамбарлардың жолымен емес, жәдігөй пәлсапашылардың жолын қуған қауымда адам үлгі ететін не бар? Бізді алдайтыны дүниешілікте олардың  алға шыққандығы. Сөйтіп, тіршілік әрекетінде солардың үлгісін алғанын – алға басқандығым, ақылымның асқандығы, артықшылыққа жеткендігім деп, өзін сендіреді. Өзгені де соған сендірмекке жанын салады, өзіне ермегендерді артта қалғандар деп мансұқтайды. Неге десеңіз, қашанда, сырт жаңалықтары адамдарды тез еліктіреді. Үй-тұрмыс, киім-киініс, көлік-көпшіктің жаңа түрін солар алдымен қолдана бастайды. Соны жасаудың жолын үйрететін оқу жүйесін де солар тағайындайтын болады. Ол оқу – өмір сүрудің мәнін тіршілік ету қарекеті етіп ұқтырды. Былайша, ондай оқудың бас-ты мақсаты тек, нәпсінің қалауларын қанағаттандыратын сыңаржақ оқу, рухани қанағат беретін жүйеден жұрдай дінсіз оқу.

Хақ жолындағы көзі ашық адамдар ондай оқуды «теріс оқу» деп атаған. Оған ақыл-ойын түгел бергендерді «оқу соққандар» дейтін. Ондайлар хақ ілімін үйренуден алыс қалған «көк ми» атанатын.

Біздің көбіміз сол оқу соққандарданбыз. Сол сыңаржақ білімді нағыз білім дейміз, соның тұжырымдарын айнымас дәлел деп сенеміз, тарихқа да, дүниетанымға да солардың көзқарасымен қарауға дағдыланғанбыз.

Ақ тон киіп атқа мініп жүрген ізгі ниетті бейуаз адамнан гөрі, айырпыланға мініп, астындағы елді бомбалап жүрген безбүйректі артық санайтын ақымақтық, ақылымызды меңдеткен адасушылармыз.

 Енді  міне, еуропалықтардың  пәрменімен «жаһандану» атты адасудың тағы бір шытырман жолдарына түсіп кетіп барамыз...

ЖАДЫ

Жады болмаса адамшылықтан қалар едік. Ойдың тереңдігі де, ақылдың кеңдігі де жадыға  сай болады. Жады  ақыл-ойды сақтайтын сандық болса, зерде оның құлыбы. Жады керекті нәрсенің бәрін еске сақтауға үйрету болса, зерде оны ұмытпау үшін қайталап отыратын амал.

Ұлы Жаратушы осы қасиетті қалай сақтауды адамға аманат еткен. Ең, әуелі сөздің басы «бисмилла» болсын дейді. Оны айтпай ештеңені қолға алма дегені. Бұл сөзден жоғары киелі сөз жоқ, бүкіл игіліктің бәрі, жақсылық біткен осыған сиысады. Осы киелі сөзбен бәрін бастау, оны үнемі қайталап ауыздан тас-тамау нағыз адамшылықтың белгісі әрі Алланың құлы екендігін ұмытпаудың жолы. Жадыны кеңейтудің де, зердені аман сақтаудың да кілті осы сөзде.

Одан кейінгі жадыны жамандықтан сақтаудың жолы, кемелдікке көтерудің амалы деп, сәби туа сала құлағына азан шақырып ат қою мен тілі шыға бере кәлима таухид айтқызу деп білген. Осы екі шариғат дәстүрінде талай құпия сыр бар. Өткен дінсіз қоғамда құдайсыздар осыларды мұсылманға ұмыттыру үшін жанын сала арпалысты. Сөйтіп, өзін жаратқан Құдайын танымайтын мағнауи мәңгүрттерді туғызды. Сол мағнауи мәңгүрттер қазір бүкіл қоғамды билеп, қауымды айдағанға жүріп, айтқанға көнетін тобырға айналдыру амалын қарастырып «үшкіл тілді, шұбар дінді» ұрпақ тәрбиелемекші!    

Асылында, біздің халқымыз жадыны дамытуда алдына жан салмаған дана қауым еді. Халықтың қара өлеңі деп жүргеніміз сол жадыны жетілдірудің көп жолының бір жолы ғана. Қара өлеңде дініміз де, тіліміз де, діліміз де түгел сиып тұратын керемет кемел еді. «Не бар дейсің өлеңді білген құлға; Ақ теңгесін кім берер қара пұлға; Ата анасын сыйлаған ұл мен қызға; Дами берсін дәулетің жылдан жылға!» Осы азғана мысалда қаншама, құндылық жатыр десеңші!?Көшпенді біздер ел тарихы мен өз шежіремізді түгел өлең мен мақал-мәтелдерге келістіре кестеледік. Өлең – сөзге айналған жады да, ұйқасы – оны сақтаушы зерде.

Өлең мен мақал сөз өзгертуге оңай көнбейді, кім айтса да сол қалпында қалады. Ұйқас қажетті ойды ғана қабылдайды, тек керектіні сыйғызады да кім естісе, солайша есіне сақтайды. Көшпенді қазақтар осылайша, жадыны өлеңмен жетілдіріп «шешендік өнерін» шегіне жеткізсе, ұйқас арқылы бір естігенін өмірі ұмытпайтын «құйма құлақтарды» тәрбиеледі.   Жеке адамның жады өстіп  «Қоғамдық  жадыға» айналды. Жеке адамдардың зердесі күллі көшпенділер даласын қамтыған өшпес «Сөз өнерін» туғызды. Он жетінші ғасырда еуропалық саяхатшылардың келіп «қазақ даласы түгел өнер сахнасы екен» деп, тамсанатын кезең осы еді. Жадының ғаламат шарықтау шегіне шығуы сал, серілер заманы. Біржан салдың: «Базарың құтты болсын Қоянды елім!» дейтін атақты «Көкшетау»  әні, өлеңнің әуенмен әрленіп жадының Жаратушы нұрымен жарқыраған шағы!  Осы бір ауыз қарапайым сөздің ғасырдан ғасыр аттап, жайнай түсуінің сыры неде? Ол – бүтін халық жадысының, жадысы  – жарық нұрға айналған бір  ерекше дарынды адам арқылы жария болу сәті еді.

Өлең-әуен-орындаушы. Осы үш асыл тізбек бірінен бірі өтетін керемет еді. Өлеңнен  әуен артық түсті, әуеннен орындаушы биік тұрды. Үшеуі бірін-бірі жарқыратты. Өлеңнің сөзі – Біржандардың өзінің шын ғажап өмірі, әуені – судың сылдыры, шөптің сыбдыры, желдің суылы, бозторғайдың нәзік шырылы,  айналаның тылсым лебізінен шабыт алған шынайы үн,  дауысы – қозы көш жерден естілетін қайта тумас дара дыбыс. Сірә, «жадының жарық жұлдызы» деп осыны айту жөн шығар.

Осындай жадымызды жарық жұлдызға айналдырған кезеңде сомдалған ән-жыр, аңыз-дастан, мақал-мәтелдерден басымыздан өткен дүйім тағдырымыз, жан-дүниеміз, ой-арманымыз, сенім-нанымымыз,  тұрмыс-тіршілігіміз, елдік-ерлігіміз айнадан көрінгендей көрінеді.

Әрине, оны сондай анық көру үшін өзіміздің де жадымыз солардай болмаса да, соны тани алатындай шамада болуы шарт емес пе? Қайта елдік құрғандағы мақсатымыздың өзі сол болу керек еді. Тек, айтыскерлеріміз ғана осы жолда тер төксе де, кеңістікке шыға алмай тыпырлауда...

Жемірілген жадымызды қайта қалпына келтірудің кілті – Ұлы Жаратушыға жалбарынып, көңілімізді тазартып, ата-бабаның аманаттарына адалдықпен  қайта  оралу ғана.Ұлы Заң орындалса дүние гүлденетінін, бұзылса бүлінетінін тарих талай ескертпеді ме?! 

СӨЗ  СЫНЫ

Басқа сынның бәрі ұмытылған соң, сөз сыны да бағытынан адасты...

Әуелі, оны «сөз өнері» деген атау беріп, шешендікпен шатастырдық, не «сын» деп ненікі екені белгісіз жалқы атауға айналдырып жалғызсыраттық...

Қазақта қашаннан қалыптасқан «ат сыны», «қыз сыны», «бүркіт сыны» деген сөз тіркестері бар. Осының бәрі жүйрік ат, сұлу қыз, қыран бүркітті танудың сындарлы сынын түгелдейді. Жүйрік атты танитын екі жүз елудей белгі бар екен. Мұны түгел білген адам нағыз бапкер. Ондай сыншы мыңнан біреу шығады. Одан өткен сыншы он мыңнан не жүз мыңнан біреу. Ал, түгелденген сынға сын қосатындар түменнен біреу – ерен туғандар. Сынға сын қосу үшін және тағы да сыналған аты бұрын тумаған ерен болуы шарт. Осылай сынға сын қосылып, сыншылар бірінен бірі өткен сыншылдығымен атақты ат сыншылары шыққан. Оның үстіне көшпенді ауылдың балалары ес біле ат мініп, жылқы ішінде өседі, әлгі сындарға құлағы үйір болып, көзі қанады, осы көптің ішінен ат сынын көкейіне тоқыған ерек біреуі дараланады.

Әлгі атсыншысы жүйрік атты көргенде көңіліндегі көсем көріністер көз алдынан өзінен өзі шұбырып, тұлпардың тұла бойын сүзіп өтеді, көкірек көзіне түскен қапысыз суреттер сынның шын шешімін шығаратын-ды. Ат сыншысының аузынан: салқы төс, бөкен танау, жұмыр тұяқ, салпы ерін... оқтаудай, тоқ жарау, еті ояз, мейіздей қатқан...деп, ерек сөздер ағылатын.

Қыз танитын серілер: қолаң шашты, бұраң бел, бота тірсек, сыңғыр үнді, наз мінезі жаз күніндей, білегі жас баланың білегіндей... деп, кете беретін.

Атақты құсбегі керей Тотай: «Ойпырымның тұмсық бітісі-ай! Мұздай тұнық, болаттай асыл, ақкөк тастың өзі екен... шымыр да жұқа, ұзын да түзу, тиген жерін жұлып түсіп, аңның сүйегін омырып жіберер! Әнеки, соған сай езуі сынық сүйем, тынысы кең танаудың саңырайып тұрғанын! Қауырсынын төгіп сілкінгенін қарашы, таудың тасы құлағандай күлдірлетіп, жауған бұршақтай сатырлатқан қанаттың екпіні қашқанын құтқармас! Сыртын жапқан арқа, қабырға жүндері тораңғының жапырағындай жалпайып, ұшы сүйірлене шығып қызыл-жасылдана сан құбылып тұрғанын қарашы, нақ қыран қаракердің өзі екен!..» деп.

Бәрі табиғи еді, әдепкі өз соқпағымен өзін-өзі танытатұғын. Бүгінгі кезеңде оның бәрі біткен, қазақ қауымының сынды сыналтатын ортасы құлаған, күйреген...

Ендігі сын деген бөтеннің көзімен, жаттың талғамымен болатын жасанды, жатбауыр сын...

Төл сыны осылай болған соң, сөз сыны да адасты дедік. Әуелі, сөз құдіретінің Иесін ұмытқандықтан, сөздің адам-пендесіне нендей мақсатпен берілгендігін естен шығардық. Мақал-мәтелден бас-талып, күнді-түнге жалғап айтылатын жыр-дастандарда да жүйрік аттың сынындай жүздеген сынға түсер сымбат бары рас. Бірақ, бір ауыз сөз мақал мен мың ауыз сөз дастанның алдымен айтпағы не? Ақиқаттануда көкірегіңізге бір ұшқын сәуле тастай алды ма, жоқ, түн-түнегіндегі секілді жолсыз бағытқа адастырды ма? Осы сауал алдымен қойылуы шарт.

«Мың  күнгі  ұжмақтан бір күнгі жарығым артық» деген сырты жұп-жұмыр мінсіз мәтелдің ішіне,  не айтпағына үңілсек, шайтани азғырындымен ақыретті жоққа шығарып тұрғанын байқаймыз. Бұл – ақиқаттанудағы адастырушы азғын сөз, онда оның басқа сыр-сипаттары түкке тұрғысыз болғаны.

Бізге бүйірден келіп кірген «соцреализм сыны» ақиқаттанудың басынан аттап барып, бұл дүниенің өзгермелі уақытша шындықтарын негізгі өлшем етіп, оқырманды адастырып, оның жазушысын одан әрі шатастырды. Сол заманның сыны, сондықтан түзетуші емес, бүлдіруші, бүлік туғызушы сиқымен есте қалды.

Туындының тылсымына бойлап, адам-пенденің жүрегіндегі хақты танысам деген ынтызары ескерілмейтін болды. Сыны бас-ты бағытта адасқан соң, әдебиеті де «Анна Каренина» мен «Мартин Иден» секілді, жүрек иманынан сыр шерткен туынды тудыра алмады... Сын көтере алмай «Сөз сыны» құлады... Қазір ол орын қуыс қалған иесіз, қаңырап тұр.

ДАЛА ӨРКЕНИЕТІ

Дала өркениеті – дара өркениет. Оны отырықшы жұрттардың өркениетімен салыстыруға келмейді. Себебі, екеуінде қарама-қарсылық көп. Содан да отырықшылар өз тарихнамаларында дала өркениетін әдейі елемейді, жазбайды.

Ол – әр салада қайталанбайтын мәдениеттер жасады. Қоғамдық құрылысы туысшылдық жүйемен құрылған. Бір не бірнеше атадан таралған түтіндер ауыл атанды.

Бір ауыл қыстау, төлдеу, жайлау, күзеу деп аталатын бір қоныста іргелес отырды. Бұлар жеті атаға дейін өсіп, ондаған туыс ауылдар бір өзен не бір тауды мекен етті. Он үш атаға жеткенде ру атанды. Қандас рулардан тайпа құралды, тайпалар қауымдасып ұлыс (жүз), ұлыстан іргелі халық қауымдасты. Халық жетіліп, өсіп, өз тілі, ділі, діні, ата-бабадан тиесі жер-суы арқылы елдік құрады. Елдіктен «Ұлт» деген жүйе қалыптасады.

Біздің көшпелі қазақ осы ұзақ жолдың бәрін басып өтті.

Оның ішкі берік қорғанысы – Жеті ата: 1.Әке 2.Ата 3.Әз ата (бұл үшеуі аталар) 4.Баба 5.Тектін 6.Төркін 7.Тұқиян (Бұл төртеуі бабалар). Осы жетеуі бірігіп «Ата-бабалар» деп аталған. Өзара қыз алыспаған, жесірін өзінде қалдырып, жетімін бірігіп асыраған, құн беріспеген.

Осыдан үш ағайындық жүйе шығады:

Бірінші, немере ағайын: 1.Бала 2.Немере 3.Шөбере 4.Шөпшек 5.Өбере.

Екінші, жамағайын: 6.Туажат 7.Жүрежат 8.Жекжат 9.Жұрағат 10.Жамағат.

Үшінші, қалыс ағайын: 11.Өрен 12.Әулет 13.Зәузат 14.Жаран 15.Қалыс. 

Осы он бес ұрпақтық жүйе бір-біріне байланған. Байланыс ішінен сыртына қарай әлсіресе, сыртынан ішіне қарай күшейтілген. Мәселен, біріншісі – туыстық жүйенің қазығы аталған, екіншісі – арқан, үшіншісі – шідер делінген. Ал, жеке азамат өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты деген үш жұртына байланған. Бір-бірінен өрнек  секілді өрбіп шығатын сансыз көп туыстық атаулар осы үшеуден бастау алады: Нағашы-жиен, нағашышар мен жиеншар, бөле, бөле аға, бөле жезде, бөле әпеке, бөле сіңілі, бөле келін, бажа, күйеу, жиен күйеу, келін, жиен келін, жиен сіңлі, бөле-қарындас, нағашы ата, нағашы апа, нағашы аға, нағашы әпеке, қайын сіңлі, қайынбике, қайын ата, қайын ене, қайынаға, құдаша, жезде, қайын, іні, немере іні, әпеке, жезде, балдыз, балдыз келін... Бұл атаулар өзара туыстық байланыспен түрлене береді. Осылардың арасындағы сыйластық, қимастық, жанашырлық... бірегей  «туыстық мәдениетті» қалыптастырды.

Осыншалық ілік-шатыстық –  өзара барыс-келісті өрістетті. Алтай мен Атырау, Жетісу мен Өр Алтай арасындағы алты айшылық алыстағы нағашы жұрт пен қайын жұртқа барғанда ат жеткен жердегі ауылға түскен адам «Құдайы қонақ» атанды. Осылайша, «қонақ күту мәдениеті» қалыптасты. Осындай кісілікпен шырайланған бейбіт өлкеде не түрме болмағаны, не жандарм жасақталмағаны, не ақылы қонақ үй тұрғызылмағаны ізгіліктің шын іске асқандығын дәлелдейді.

Тұрмыста басындағы баспанасы – киіз үй, бала өсіретін жөргегі – бесік, екеуі де әншейін тіршілік қарекеті емес, өнер дүниесіне айналды. Киіз үй мен бесіктің әр заты, әрбір қажет нәрсесі өнер шабытымен жасалып, «тұрмыстық  мәдениет» туды. Киіз үйдің кереге, уық, шаңырақ, үзік, туырдық, түндік, текемет, сырмақ, желбау, дөдеге, адалбақан, көңғап, тұлып, көнек, саба, піспек, тегеш, ошақ, талыс...осындай көп тұрмыс қажетін қазақ өз қолымен өзгеше сәнді етіп жасап, кең далада, келіскен баспанада дегдар тұрмыс құрды. Қайталанбас көшпенділік мәдениетін жасады. 

Киіз үйдің ішін жиып, бесік тербету де ізгі өнердей қыз-келіншектердің сәнді іс-қимылымен әрленген «бала тәрбиелеудің бірегей мәдениетін» өмірге әкелді. Соғым сою, дастархан жаюдың өзі қайталанбас мәдениет екенін айтсақ, ең аяғы от тамызып, шоқ көсеу де мәдениет еді, «көрмегенге көсеу таң» деп, содан айтқан. Ал, көктеуден жайлауға, жайлаудан күзеуге көшу – батыстағылардың бас қатыра дайындалып жасайтын – әр көші бір «карнавал» еді. Бәйшешек гүлдердей қызыл-жасыл киінген қыз-келіншектер ат жалында ойнап, әуелеген әуезді дауыстары бұлтқа жетіп, көл бетін  тербеп  шымырлатқан неткен асқақ рух деші! Бұның бәрі ата-әжелеріміз басынан кешкен нақтылы өмір еді, бұл сол шалқар заманның бір тамшысын өкінішпен еске түсіру ғана. Қайта келмейтін өтпелі өмір.

Осылайша, дала  өркениеті – өркениеттің нағыз мағынасына жауап бере алды.  Осыған қалай жетті? Оны осындай ізгілікке жеткізген ер көшпенділердің жүрегіндегі иман мен тұрмысына сіңген мұсылмандық әдеп екен. «Құдайы қонақ» деп бүтін дала қонақты сыйласа, бұл Пайғамбарымыздың с.а.у. асыл сүннеті еді, «жесірдің қақысы, жетімнің көз жасы» деп, әмеңгерлікті әдет етсе ол – қасиетті Құран Кәрімнің бұйрығы еді. Әйелдердің басындағы көздің жауын алған кимешек-шылауыштары әбүйірді ашық-шашық ұстамауды орындаған, шариғаттың шешімін шеберлікпен іске асырғаны екен.Солай, дала өркениеті – имандылықтың қоғамдық көрінісі.

ҰЛЫСТЫҢ  ҰЛЫ  КҮНІ

Сексенінші жылдың ортасы ауа естен шыққан ескі мерекеміз оралды. Содан бері «Наурыз төл мерекеміз», «ұлттық жаңа жылымыз», «Ұлыстың ұлы күні» деген түсінік сан қайталанып жаңалығы – қасаңдыққа ауысып кетті.

Бұл күнде «жер күнді айналады» деген пікірге қарсы адам шықпайды. Енді, ондайға қарсы біреу шықса күлкіге қалады. Тарих үшін кеше деуге келетін бірнеше жүз жылдың алдында ғана еуропалықтар Коперник деген астрономды осындай «гелиоцентр»  пікірі  үшін өртеп жіберді, оны қолдаған Галилейдің мойнына  дар жібін іліп қойып,  «жоқ, күн жерді айналады» деп, зорлықпен айтқызып, «кешірім» жасады. Еуропада осындай масқара оқиға болып жатқан кезден әлдеқайда бұрын Еуразия даласындағы біздің ата-бабаларымыз «жер күнді айналатынын» баяғыда білген.

Күн жүйесінің жазықтығында жатқан он екі шоқ жұлдыздың тұсына жердің күнді айналып келген кезіндегі күн мен түннің теңесу нүктесін жыл басы етіп белгілеген.

Бір ғажабы – жерді бесік еткен адамзатқа осы он екі шоқ жұлдыздың бірдей қашықтықпен орналасуы Алла Тағаладан әдейі жыл есебі етіп белгіленгені анық. Өйткені, он екі мүшелдік жыл есебі де осы шоқ жұлдыздар бойынша мүлтіксіз дәл анықталады. Еуразияның қоңыржай белдеуіндегі тұрғындар үшін наурыздың жиырма екісінде суық пен жылу қойындасып майдақоңыр жылымыққа ұласып, дүние тепе-тең сәттегі уыз жас күйінде, бар тірлік мәреден басталар шақ туады. Өсімдік бүршік жарған, мал төлдеген, бозбаланың жүрегінде өзі түсінбейтін сезім оянған, адамдардың жүрегіне қуаныш қонақтаған... ақырет күніндегі хашір – қайта тірілудің ұлы шаттығына ұқсас жаңару күні.

Осы белгілерге қарағанда бұл адамдар тағайындаған жасанды жаңа жыл емес, Құдайдың нағыз жаңа жылы.

Осыны ғұлама Ақжан Машани атамыз былайша дәлелдеген: «Жердің Күнді бір айналып шығатын бір жылдық жолы – жұлдыз жолы эклиптика. Сол жол он екіге бөлініп, әр қайсысына бір жұлдыз тобы алынған. Соларға он екі жануардың аты қойылған. Жыл басына таласу деген сөз сол он екі топ мүшел жұлдыздың қайсысы бірінші болады деген сөз. Көктегі шөмішке ұқсас Жетіқарақшы жұлдызы аспан сағатының тілі, оны бекіткен қазық еш қозғалмайтын Темірқазық жұлдызы. Күн мен түннің теңелген наурыз мейрамында осы аспан сағатының тілі он екі мүшел жұлдыз тобының қайсысына дәл келсе, аты қойылған жануар жыл басы болмақ. Теңеліс ноқаты – эклиптика шеңберін 25 725 жылда бір айналып шығады. Осы санды он екі мүшелге бөлсек 2 143 жыл шығады. Яғни, жыл басы болу әр мүшел жұлдыз тобында осынша жыл тұрақтайды. Біздің заманымыздағы жыл басы Доңызға дөп келген. Тышқан дегеніміз шамамен 2 500 жыл бұрын болған, сиырдың жыл басы болғаны 5000 жыл шамасы бұрынғы оқиға. Ал наурызды «Ұлыстың ұлы күні» деп атаудың себебі, осыдан 12 000-13 000 жыл шамасы бұрын жыл басы Ұлу болған. Осы  халқымыздың  мәдени  тарихында ұлы жыл болуы ғажап емес».

Осы ғылыми дәлелге илансақ, қаңтардағы жаңа жыл – жасанды жаңа жыл, асыра айтсақ сайтани жаңа жыл. Дәстүрімізге зорлықпен енгізілген, санамызды ақиқаттан ажырату мақсатында, шатастыру үшін не қилы танымсыз, тамырсыз дырдулармен толтырылған шайтани мереке. Соның шартты белгілері от қадаған ағашты шыр айналу болса, соңғы жылдарда есепсіз отты шарларды аспанға атып, қаланы түтінге тұншықтырып, көшені қоқысқа толтырып, мән-мағынасыз мәре-сәре болу көрінісі белең алған. Осы күндері арақ-шарап ішу шектен шығады. Мұндай жаңа жылды, жаңару, тазару жаңа жылы деп айтуға ауыз бармайды. Міне, бұл біздің – адамзаттың төл мерекесі  Ұлыстың күнінен  қаншалықты алыстап, оны жәй бір ұлттық дәстүр деңгейіне дейін төмендетіп, оның нағыз шындығынан адасып қалғанымызды айғақтайды. Олай болса, Құдай бұйыртқан адами жаңа жылымызды қалпына келтіруге күш салып, ниет етсек, бұл да хақ жолындағы  бір жақсы қадамымыз болар еді.

МӘҢГІЛІКТІҢ  МӘҢГІЛІГІ

Біз бұл дүниеге  келмеген кездің өткенін  нақты мойындаймыз. Және, біз болмайтын кездің де келетініне еш күмән келтірмейміз. Олай болса, дүние өткендер, қазіргілер, келешектегілер үшін де уақытша екеніне, өтпелі  болатынына  келісеміз. Онда, аз жасап өлу де, көп жасап өту де уақытша болғаны. Өйтсе, оның нақты мақсат болмағаны.

Сонда, мәңгілік мақсат қайда?

Мәңгілік – біз келгенге дейін болған, біз бұл өмірден кеткеннен кейін де жалғасады. Бірақ, бұл пәни дүниенің мәңгілігі ғана. Себебі, адамзаттың жаратылуы Адам Атада бастау алған болса, соңғы Пайғамбарымызбен (с.а.у.) аяқталу кезеңіне бет алғаны да рас болғаны. Олай болса, алдағы заманда келетін пенделердің  де ақыры болатыны анық. Олай десек, бұл дүниедегі бүкіл адамзат дәуірінің өзі де уақытша екен.

Сонда ғана, уақытша өмірді тудырған мәңгіліктің бақиға айналатынын, яғни, уақыт өлшемінен тыс болатын өмірдің бар екендігін түсінеміз. Ондай өмірді Бақи дейді, ол – ақырет дүниесі. Пәни яки өтпелі дүние болса, ақыретке жететін көпір ғана екен.Оны бір ғұлама: «Дүние өмірі деген, шексіз уақыттың жолындағы сабынның көбігіндей ғана!» деп тамаша суреттеген.

Пәни дүниедегі «мәңгі» деп аталатын уақыт өлшемінің немесе «уақыт» дейтін  заман  өлшемінің өзі бақи дүниеде мәңгіліктің мәңгілігіне айналатыны осылай түсіндіріледі. Себебі, пәнидегі уақыттың сипаты біреу ғана  - тек  алға қарай, өткеннен ақырына қарай жүреді. Жоқ пайда болады, бар жоғалады, жас қартаяды, туған өледі. Пәни уақыттың көрінісі осы. Уақыттың өзі де жаралған нәрсе болғандықтан ол да осылайша таусылатыны, аяқталатыны мәлім.

Ал бақидағы мәңгілік пәнидегі уақыт өлшеміне ұқсамайтындықтан, оны түсінуге біздің шекті ақылымыз жетпейді.  Оны Құран Кәрімде «жәннаттағылар мәңгі жас қалпында қалады» деген мағынадағы аяттармен суреттеген. Яғни, ақырет дүниесінде «уақыт» деген өлшем жоқ деген сөз.Пәнидің шекті уақыты таусылғанда бақидың шексіздігі басталады. Оны біз мәңгіліктің мәңгілігі деп атасақ ақылымызға қонады.

 ҰЛЫ ЗАҢ

Алла Тағаланың бізге берген игіліктері осы дүние үшін жаралған. Оны жақсылық жолына жұмсасақ  жанымыз жайланып, рахаттанамыз.  Сол рахаттану сезімі жәннаттың нышаны. Жақсылық яки сауап жолы деген – қажеттен тыс қажеттіліктерді жетімдерге, мүгедектерге, мұқтаж адамдарға жұмсау, хақ жолды насихаттаушыларға демеушілік жасау деген сөз.

Берілген игіліктің бәрін тек тұрмыстың бітіп болмайтын сұраныстарына арнай берсек, дүниешіліктің түпсіз тұңғиығына кеткенімізді өзіміз білмей қаламыз. Ешкім де біліп тұрып су түбіне кетуді қаламайды ғой. Сонда, дүниешілік тұңғиығынан бізді құтқаратын не? Игілікке берілген дүниелерді соны берген Иесінің бұйрығына сай жұмсау – бізді  құрдымнан құтқаратын қайыққа ұқсайды.

Яғни, дүние тиеген қайығың суға батуға таяғанда ауыр нәрселерді теңізге тастасаң аман қалатының секілді.  Дәл сол бейнеде, берілген игілікті мұқтаждарға жұмсасақ садақа бізге саулық әкеледі, сұрқай көздердің кесірінен қорғап, пәле-жаланы алыстатады. Алла разылығы үшін берген дүние ортаймайды, қайта оның орны еселеп толады.  Садақа осылайша, дүниеде саулық, ақыретте сауап болып оралады.Бірақ біреуге жасаған  жақсылығымызды жарнамалай берсек, ол – өзімізге жасаған жамандық болып шығады. Жақсы атану үшін жасалған жақсылықта ізгілік болмайды, сауап та жоқ.

Егер, біреудің өзімізге жасаған жамандығын жасырсақ, ол өзімізге жақсылық болып қайтады. Кек сақтамауда ізгілік бар. Жүректі нұрландыратын кісілік қасиет бар.

Қайғыға да, қасіретке де сабыр сақтап, артының қайырын күту – осы дүниенің өтпелі сынақ екендігіне иланудың дәлелі.

Әр нәрсенің байыбына бармай айта беру – ғайбат болады, себебі, ненің де нақтылығын білетін – Бір Құдай ғана. Сондықтан, үндемеу – иманымыздың қорғаны. Болмаса, тек жақсы сөз сөйлеңіз, жағымды мінезді болып көрінесіз. Жақсы мінез – иманның жартысы болса, жақсы сөз – жақсы мінездің жартысы деген тәмсіл содан шыққан.Осындай жақсы мінез де – Құдайдан қорқудың бір көрінісі. Өйткені, Жаратушыдан жасырын қалатын ештеңе жоқ. Ол жүрек түбіндегі тылсым сырды да білетін – Ілім сипатына ие. Осыған  иланған шын мұсылман тіліне де, құлағына да сақ болмақ (Керекті-керексіз ақпараттар селінің ішінде өзімізді осындай алапаттан қорғай білу де – кәмілдікке жеткізбей тұрмайды).

Осындай әдептің бәрі адамның рухани дамуына жол ашады.

Рухани жетілген кезде ақиқат танылады. Ақиқат  танылғанда  оның  заңдары мойындалады. Оны мойындаған адам ақиқат заңына шүбәсіз бағынады. Оның  заңына бағыну – Хақ жолмен  қауышу деген сөз.

Осынау аталған азғана мысалдардың өзі Ұлы бір Заңның тармақтары ғана.

Себептердің түп себебі – Ұлы Жаратушы. Жаралғандардың барлығы жалғыз Жаратушының  ұлы заңына бағынады. Ол – жүйе заңы. Тозаңның да осы жүйеден тыс бола  алмайтыны анық. Жүйенің ішінде болған соң, тозаң да жүйедегі жалпы заңға бағынады.

Ол заңға бағынса оның да әрбір әрекеті, қозғалысы заңды болғаны. Өзіне тағайындалған әрекет заңын орындаушы болғаны. Олай болса, әлемде ешқандай кездейсоқтық деген бола алмайды. Бүкіл іс-әрекеттің бәрі  де өзара келісіммен болатыны осыдан.

Құдайсыз ғалымдардың тіршілік кездейсоқ сәттіліктің туындысы деуі ақиқатты тани алмаған надандықтың көрінісі. Осы білімсіздіктің басты себебі – барлық себептердің түп себебі бар екендігін біле алмағандықтан. Ұлы Заңның бар екендігін мойындамай содан шығатын кіші заңдардың шырмауында қалғандықтан.

Тіршіліктің кілті есепті болған ДНК-ны (тіршілік иелерінің тұқымы сақталатын аса күрделі белок) бүкіл әлеммен салыстырсақ, расында тозаңдай ғана. Бірақ, сол тозаңдай заттың аса нәзік құрылысы өзінен-өзі құрастырылды деу –  қандай ақымақтық.

Тіпті, тозаңдай затты қойып, тірішіліктің ең кемел жаратылысы, миының өзінде он миллиард нейрон мүлтіксіз қызмет атқаратын Адамды өзінен-өзі пайда болды дейтіндерді, оған сенетіндерді – ақымақ деу аз, оларды Ұлы Заңнан бас тартып адасқандығы үшін,  бұл дүниеде-ақ «жаза заңымен» жазаланып, «ақылынан алжасқандар» десе орынды болатындай...

(Соңы. Басы 4-ші санда)

552 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала ЕҢБЕКТЕН ТАПҚАН ЫРЫСЫН
Келесі мақала ҰЛТ МҰРАТЫН ҚАЛАМЫНА АРҚАУ ЕТКЕН

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №8

29 Тамыз, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы