• Еркін ой мінбері
  • 29 Тамыз, 2020

ТҮЗУ АҒАШТЫҢ КӨЛЕҢКЕСІ ҚИСЫҚ БОЛМАЙДЫ немесе қоғамдағы әкелердің рөлі

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

Әңгімемізді ертеден келе жатқан бір тәмсілден бастағанды хош көріп отырмыз. Ертеде бір патша ешкім танымасын деп қарапайым киініп, ел-жұртының жағдайын білуге шығып тұрады екен. Бір күні ел аралап жүріп жас балаға жолығады. Бала жастығына қарамай зерек те алғыр екен. Патша онымен әңгімелесе түседі. Сөйлесе келе баладан мұсылманның қырық парызын сұрапты.  Бала мүдірмей жауап береді. Патша оған риза болады. Мұны кім үйреткенін білмек болады.

– Медреседе оқимын, – деп бала кідірмей жауап қатыпты.

Патша қалтасынан бір уыс теңге шығарып, «керегіңе жаратарсың» деп балаға ұсынады.

– Осы білгеніңді өзгелерге де үйрете жүр, – деп патша баламен қоштасып жүріп кетеді.

Келесі күні патша тағы да көше аралап жүріп бір диірменге кезігеді. Мұнда көп жылдан бері бір кісі жұмыс істейді екен. Ол нағыз диірменші еді. Жұмыстың қыр-сырын жақсы білетін. Патша оның мұнысына риза болып, әдеттегідей мұсылманның қырық парызын сұрапты.  Өз  ісі бойынша сұрақтарға  мүдірмей жауап беріп тұрған диірменші осы жолы сүрінеді.  Патша  бұған  қатты  қапа болыпты. Сөйтіп, оған дүре соғуды бұйырады. Осы кезде бір бала келіп қалып, диірменшіге араша сұрайды. Қараса, кешегі өзі бір уыс теңге беріп кеткен бала.

– Патша ием! Бұл кісі – менің әкем. Аяушылық таныта көріңіз, – дейді ол.

– Не үшін кешіруім керек? – деп патша таңырқай сұрайды.

– Мені медресеге жетектеп апарған осы әкем болатын. Ол өз міндетінен құтылды. Әкемді кезінде діни оқуға бермеген атам кінәлі. Қабірден тұрғызып алып, сол кісіні сабаңыз, – депті бала тайсалмай қарап.

Патша сөзден тосылып, жөніне жүріп кетіпті.

Осы тәмсілден шығатын қорытынды не? Әрине, әр әке өз міндетін орындағанда ғана өзіне жүктелген жауапкершіліктен құтылмақ. Мұны біздің ардақты әкелер қай деңгейде орындап жүр? Мәселе осында.

Біздің қазақта «Әкенің жақсылығы жездедей-ақ» деген жексұрын бір сөз бар. Осы сөздің ықпалынан шыға алмай жүрген көптеген әкені білеміз. Әзәзілдің жетегіне еріп, ащы судың соңында кеткендер, тұрмыс тауқыметін алға тартып, қарақан басын алып жүре алмағандар, отбасы жылуынан қашып жан тыныштығын іздеп кеткендер, дөңайбат, дөкір мінездерімен жарына, бауыр еті – балаларына жеккөрінішті болғандар арамызда толып жүр.

Отбасының құлдырауы түптеп келгенде ұлттың, қоғамның өркендеуіне зиянын тигізеді. Отбасын сақтай алмаған ер-азаматтар қоғамда түрлі кедергілерге тап болады. Әке мейіріміне мұқтаж балалар өз ортасында орындарын таба алмайды. Олар жалтақ, біреудің көмегінсіз ештеңе жасай алмайтын бойкүйез болып қалыптасады. Ер-азаматтың мысы болмағандықтан да мінез-құлқында ауытқушылықтар аңғарылады. Көрген-баққаны анасы ғана болғандықтан, соған еліктейді. Өз бетінше шешім қабылдай алмайды. «Жасық, қорқақ, екіжүзді, жасқаншақ, бос сөзге құмар, сыр сақтай алмайтын балалар әкесіз өскендер» дегенді де психологтар айтып жүр.

Бүгінде отбасында еркек пен әйелдің орындары ауысып кеткендей. Еркек – бас та, әйел – мойын. Демек, мойын басты қалай қарай бұрамын десе де еркінде. Осыдан соң еркектің беделі қала ма? Бұған жетпіс жыл бойы үстемдік еткен кеңес одағының идеологиясы да себеп сияқты. Сол кезеңде ерлі-зайыптылар ажырасатын болса, балаларын анасының бауырында қалдыратын заң әлі күшінде. Ал, еркек баласы он сегіз жасқа толғанша алимент төлеуі тиіс. Осының өзі әке беделін төмендету емес пе? Ұл-қызға қашан да әке мейірімі керек.

Шетелдерге еліктеп, гендерлік саясат дегенді қолдап жүрміз. Қыз-келіншектердің отбасындағы ынтымақ-берекесін алатайдай бүлдіріп жүргеніне мысалдарды мыңдап табуға болады. Ұлттық салт-дәстүрлерімізге кереғар жат көріністер аяулыларымыздың бойынан көп табылатыны жасырын емес. Қай қылығын айтайық, бүгінгі қазақ қыздарының бойында ибалылық, имандылық кемшін екені жасырын ба?

Сөз жоқ, отбасында береке-бірлік, балалардың тәртіпті, әдепті болып өсуі шаңырақтың негізі болып табылатын әке мен анаға тікелей байланысты. «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» дегенді кешегілер тегін айтқан жоқ. Ал, біздің айтқалы отырғанымыз, отбасындағы әке орны болғандықтан негізгі тақырыпқа оралайық.

Әке – асқар тау. Баласы үшін тау тұлға. Бала әкесіне қарап өседі. Сондықтан, әр әке арнайы уақыт бөліп, баласымен сырласып, кеңесіп, ақылдасып отыруы керек. Сонда баланың ой-өрісі қалыптасып, көңіл көкжиегі кеңейіп, кез келген мәселеге байыпты қарауға ұмтылады. Әкесі сенім артып, ақыл қосып отырған соң өзіне деген сенімділігі артады. Есейе келе өзі де бір шаңырақтың иесі болатынын сезініп, болашақтағы орнын айқындайды. Түзу ағаштың көлеңкесі қисық болмайды.  Әке дұрыс тәрбие берсе, қоғам да дұрыс дамиды.

Осы ретте әкелер  біріншіден  баласының ішкі дүниесін тануға ұмтылғаны жөн. Балаға таңдау берген дұрыс. Әр баланың өзіндік ішкі жоспар-бастамасы болады. Мұндай жағдайда баланы кез келген дүниеге қызықтыра білулері керек. Жас кезінде баланың өмірге көзқарасы, түсінігі, пайымы қалыптасып үлгермейді. Оны қалыптастыру, дамыту әр ата-ананың міндеті.

Әке баласының қабілеті мен неге бейімі бар екенін, нені ойлайтынын, нені сүйеді, нені жақсы көреді, неге қызығады, не нәрсені көргенде көзі жайнап кетеді, қандай күйде жан сарайы ашылады, міне, осының барлығын қадағалап, бақылап жүргенде ұрпағының шамын жаға алады. Айталық, Батыс психологтары осы ретте баланы екі бағытта үйірмеге беруді ұсынады. Біріншіден, міндетті түрде спортпен шұғылдануы тиіс. Өйткені, жасынан спортты серік еткен бала жерде қалмайды.  Екіншіден, өзін қызықтыратын дүниені меңгеруі тиіс. Балаңыз, мейлі, робототехникаға, мейлі, өнер саласына қызықсын, қолынан қақпаңыз. Жалпы, баланың бос уақытын тиімді пайдалануына үнемі көңіл бөліңіз. Осы жерде бір мысал келтірейік.

2016 жылы Ким Кардашян қызы Норттың күн тәртібін әлеуметтік желіде жариялаған. Қыз таңғы 6.30-да оянып, кешкі сағат 20.00-де ұйқыға жатады екен. Осы аралықта ата-анасымен сұхбат құруға 1 сағатын, демалуға 45 минутын арнайды. Уақытының көп бөлігін тіл үйренуге, шеберлік сабағына жұмсайды. Норттың қуыршағы бар. Онымен ойнаған 30 минуты ішінде қуыршағына жаңа үлгідегі киім ойлап табуы тиіс. Компьютерлік білімге, сән блогын жүргізуге де уақыт тауып үлгеретін кішкентай Норт ағылшын тілінен бөлек, французша да жақсы сөйлейді. Ол 2018 жылы модель ретінде подиумда бағын сынаған. Әкесімен бірге түрлі спорттық жарыстарға барады. Норт Уэст осы белесті бар-жоғы алты жасында бағындырған.

Біздің қазақ балаларына да әкелері осы талап үлгісінде назар аударса, арамыздан небір Димаштар, Бекзаттар шығатыны шүбәсіз. Әйткенмен, біздің әкелердің жұмысбастылығы сондай, бала тәрбиесімен айналысуға көбіне уақыт таба алмай жүреді. Соның салдарынан жасөспірімдер арасындағы қылмыс, түрлі оғаш тірліктер, сабақ үлгерімінің нашарлауы орын алып жатады. Бұған мыңдаған мысал келтіруге болады. Жә, тереңге бармалық.

...1929  жылғы 19 маусымда АҚШ-тың Спокан қаласының тұрғыны Миссис Доддтан алғаш рет әкелер күнін атап өтуге ұйытқы болды.  Ол өзінің әкесі, сондай-ақ баланы жақсы тәрбиелеп жүрген барлық әкелерді жоғары бағалайтынын осылай білдіргісі келген. Оның әкесі Уильям Смарт деген кісі екен. Әйелі алты баланы дүниеге әкеледі. Алтыншы баласының туған күні кенеттен көз жұмады. Уильям Смарт алты баланы тәрбиелеп шығарады. Содан бері АҚШ-та бұл күн – ұлттық мереке. 1966 жылы АҚШ Президенті Линдон Джонсон маусымның үшінші жексенбісін ұлттық мереке деп жария-лады. Дәстүр бойынша жыл сайынғы мерекелік іс-шаралар кезінде мемлекет қарапайым отбасылар мен көп бала тәрбиелеп, өсіріп отырғандарды, табысы төмен әкелерді қолдап отырады. Уақыт өте келе жас отбасының құндылықтарын құрметтейтін басқа да елдер АҚШ-қа қарап, әке-шешелерге құрмет көрсетіп келеді.

2015 жылғы 3 желтоқсанда ҚР «Білім беру», ҚР «Бала құқығы», ҚР «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу» Заңдарын негізге ала отырып, еліміздегі мектептерде «Әкелер кеңесін» құру жөнінде шешім қабылданды. Әкелер кеңесі қызметі ҚР-ның заңдары мен нормативтік-құқықтық актілер шеңберінде жүзеге асады. Әкелер кеңесі мектептің ата-аналар жиналысының бөлімі ретінде жұмыс істейді.

Облыс әкімдігінің тапсырмасымен барлық аудан, қалаларындағы орта мектепте «Әкелер мектебі» құрылды. Мектеп құрамына ауыл-аймақтың айтулы ақсақалдары, түрлі ұйым мүшелері енген. Олар жасөспірімдер тәрбиесіне оң ықпал жасап, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарды насихаттаумен айналысады.

Иә, ендігі мәселе «Әкелер мектебін» қайткенде мерейлі, ықпалды етуде. Мектеп жиналыстар, тәрбие сағаттарын өткізумен ғана шектеліп қалмауы тиіс. Асыраушысынан айрылған отбасыларға қамқоршылар белгілеп, олардың балаларына жан-жақты көмек көрсетіп отыру керек шығар. Біздің қазақ итің жаман десе намыстанатын ел. Асыраушысынан айрылған отбасылардың туған-туыстары жиі келгіштеп жүрген қамқоршыларды намыс көріп, «өзіміз-ақ асыраймыз, аулақ жүріңіздер» деуі әбден-ақ мүмкін. Басқа да кедергілер кездеспейді дейсіз бе? Сондықтан, әкесіз отбасыларға қамқорлық жасауымыздың да өз реті бар.

Қорыта келгенде, отбасында әкенің орны қашан да бөлек. Ол тек бір отбасының ғана емес, ауылдың, рудың қамқоршысы. «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну» депті Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз. Ал, сахабалардың хадистерінде: «Баланың ізгі болуы – Алла тағаладан, ал әдептілік  – әкеден» делінеді. Біздің қазақ «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді. Демек, өнеге өрісі әке мен түпкі негізге қатысты. Бұл жерде ананың орнын төмендеткіміз келмейді. Әңгіме – әкелер мектебі жайлы болғандықтан, отағалары жөнінде ой тастап отырмыз. Айтқымыз келгені, әкесіз өскен бала жартыкеш болып қалады. Отбасылық береке толыққанды ұрпақ тәрбиелейді. Бұл жерде әке – тірек болса, бала – жүрек екенін естен шығармау керек.

Ал, сайып келгенде әр әке – өзіндік бір мектеп. Әр әкенің әр түрлі мінез-құлқы болатыны сияқты әр мектептің өзіндік тәрбиесі болуы керек. Үйректің балапандарындай бір-бірінен аумай қалған тәрбие – тәрбие болып жарыта ма? Өмірдің сана-сапасы сияқты отбасы, ошақ қасының да өздеріне тән ерекшеліктері, қанға сіңетін өнер мен тәлімі болады. Мұны қайда қоясыз? Сондықтан, әке мектебі саналуандығымен бағалы. Әкеден биік тау жоқ. Тау тұлғалы болса, ұл – ұлағатты. Ешбір мектеп әке орнын алмастыра алмайды. Сондықтан, әр әке өзінің ұрпағы алдындағы борыш-міндетін өмір бойы ұмытпауы керек. Ұрпақты сақтау арқылы ұлтты сақтай алатынымыз жүректерде жазулы тұруы тиіс!

952 рет

көрсетілді

107

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз