• Еркін ой мінбері
  • 29 Тамыз, 2020

БҮГІНГІ ТОЙЛАРДЫҢ ӘДЕБІ ҚАНДАЙ?

Алтынбай СИҚЫМБЕКАлтынбай СИҚЫМБЕК,журналист

Бұл күнде не көп?Дүниеге келген перзент қуанышы, оның бес-алтыға келгендегі сүндет тойы, мектепке баруы, мектеп бітіруі, жоғары оқу орнына түсуі мен бітіруі, ұлы үйленген немесе қызын тұрмысқа шығарып салу тойы, елуге, алпысқа келген мерейтой дейсіз бе, той көп. Басқаша айтсақ, той өткізудің себептері мен түрлері көп. Әлемде той жасаудан бәсеке болса, қазақтың озып шығары – дау тудырмайтыны ақиқат. Той тойлайтындардың көпшілігі өзіміздің қаракөздеріміз. Қазақ барын қуанышқа, тойға жинайтыны анық. «Құдай тойдан арылтпасын» дейміз осындайда. «Бұл тойға жеткен бар, жетпеген бар» дейміз, одан қалса, «Баласына бір той жасап бере алмай, Бұл өмірден өтіп жатыр қанша адам?!» деп, әнге қосатын қазақтың байы да, кедейі де той жасаудан бір-бірінен қалысар емес. Бай бар ақшасын шашса, кедей байғұс намыстан жыртылып бара жатса, банктерден қарызданып-қауғаланатын несие деген бар, соны алып, жасай береді. «Ертең оның орнын қалай жабамын?» деп сасатын емес. Той өтсе болды. Арғы жағын Алла тағала көрсетеді.
Жалпы бүгінгі қазақтың той өткізу салты туралы ортаға салынып жүрген пікірлер аз емес. Ұлттық тәрбие беретін, оның бесігі болған қазақтың тойы қазір қандай деген мәселе ойландырмай қоймайды.
Той туралы не десек те, оның болғаны жақсы, әрине. Балаларының көңілдерін қалдырғылары келмей, жыл он екі айда бір болатын қуанышта бір мақтанып, шашылу үшін отқа да, суға да түскен ата-ананың баласына жасап берген тойы қалай өтеді? Біз бүгінгі әңгімеміздің арқауын осы арнаға бұрмақпыз.

 Қазақтың тойы даңғаза ма?

Даңғаза тойдың болғанынан болмағаны жақсы.

***

Тойға келген халық дем алып, қуанышты отыруы, жарасымды әзіл сөздер мен тамаша әндерді естіп, той иесімен бірге қуанышқа бөленуі керек. Бірақ қазіргі өткізіп жүрген тойдан көбіне дем алып емес, шаршап, даңғаза әуендерді естіп, құлағымыз сарсылып қайтатын болдық. Жаппай даңғазалықты, күпінуді, жапа-тармағай дүние шашуды, ішімдік ішуге салынуды дертке айналдырған тойларды көргеніңде, оның болғанынан болмағаны жақсы ма еді дейсің. Осындай жағдайларды көріп отырып, «біз осы  қайда бара жатырмыз?» деген ой мазалайды. Осы тақырып көпшіліктің ойын қозғап, пікір таластыратын деңгейге келгені анық. Айтылып та, жазылып та, жатыр. Дегенмен ұлттық құндылықтарымызға бетбұрыс әлі баяу.

 Қазақ тойының қаражаты қанша?

«Арыстан айға шауып мерт болыпты» деген сөз бар.

***

Баяғыда біреу «әкесін сабағанды көрген едім, алайда, әкесін арбаға байлап қойып сабағанды бірінші рет көруім» деген екен.  Оңтүстік астананың түбіндегі шағын қала Қапшағай мейрамханалары ары кетсе 200-300 орынға ғана шақталған. Алматыда бұл көрсеткіш 500-ге барып жығылады. Ал Шымкент қаласында, таң қалмаңыз,  1000 адам сыятын мейрамханалардың бар екені-ақиқат. Неге мың орынды мейрамхана салған?  Оған деген сұраныс болғандықтан. Осыдан кейін, бір мың адамды тойға шақыру үшін қанша қаражат керек екенін өзіңіз есептей беріңіз.Ауылдық жерде 200 адамдық тойға жоқ дегенде, 800 мың – бір миллион теңге кетсе, қалалық жерде асабаның, әншілердің, бишілердің еңбегі, дастархан мәзірі, етің, суың, шарабың, одан қалса, құдаларға беретін киіт деген атаудағы сыйың бар, мейрамханаңның арендасы бар, бір тойың жоқ дегенде екі-үш миллион теңгеңді қылғытып жұтып-ақ қояды. Шіріген байға бұл қаржы баласына велосипед алып бергенмен бірдей болса, кедейдің баласы үшін жоқ дегенде бір жылдық  азыққа кететін шығын.

«Той жасап бере алмады» деген намыс-тан құтылу үшін саналы түрде тәуекелге барып, одан кейін нокдаун алған боксердай 5-6 жыл несиесін төлеп, сергелдеңде жүретін қазақтың ертеңгі күн көрісі қалай болады? Оны бізден емес, сол жағдайды басынан өткізіп жатқандардан сұрау керек шығар. Бір анығы – жағдайдың мәз  еместігі. Міне, ештеңеден қайтпайтын қазақ тойын осылай жасайды.

 Стамбұлдағы қазақтар тойының жеті өзгешелігі

Қаламгер  Бейсен Ахметұлының Түркияда өткен қазақ тойының асабасыз, тост айтпайтын өзгешеліктері туралы жазғаны назар аударардай.

***

Түркиялық қазақтар үшін шілде мен тамыз той-думан айлары көрінеді. Олай дейтініміз олардың бір бөлігі еңбек шартымен Еуропаға кетіп, сонда тұрып қалған. Жазғы демалыс келісімен өзі туған жерлеріне қайтып, туыстарымен қауышады. Туыстары да тойды сол мезгілге тойлауды дәстүрге айналдырыпты.

– Біз болған үйлену тойы ресторанда асабасыз  өтті, тост айтылмады, - дейді қаламгер  Бейсен Ахметұлы. -Залдағы экранда отау тігіп жатқан екі жастың аты-жөндері шығып тұрды. Залға кіргенде қыз жақтың қонақтары сол, жігіт жақтікі оң жақтағы орындарға еркін жайғасты. Ешқандай аты жазылған тізімдер мен арнайы қонақ күтіп  алушы болған жоқ.Біз дәл уақытында барғанда,  қонақтар да келе бастапты. Мөлшермен бір сағаттан кейін той басталды. Тойды 2-3 сағат кешіктіріп бастайтындар үшін уақытында басталған той ғой. Жігіт пен қыз той басталғаннан, яғни, қонақтар келіп жайғасып болғаннан кейін келді. Жастар тұрып, қалған қонақтар орындарында отырып, музыкалық шоу басталды. Екі жас ортаға қатар тұрысымен торт келді. Екі жас қос қолдап тортты кесу рәсімін жасады. Іле-шала «торт кесу» ырымы істелген торттан екі жас ауыз тиді. Басқа ешкімге берілген жоқ. Тост та айтылмады. Мұнда шарап (жеміс шырыны) ішу дәстүрі қалыптасқан екен. Бұл да – көне Османлы патшаларынан қалған ырым. Шын мәнінде онда шарап емес, шырын болуы да мүмкін. Екі жас махаббаттың бал шырынын татсын, бақытқа бөленсін деген ниет болса керек. Осылайша торт пен шараптан кейін беташарға кезек келді. Беташар соңы батаға ұласты Батадан кейін келіннің бетін ашты. Келіннің бетін қазақтың байырғы дәстүріндегідей домбыраның сабымен ашты.

Жас отау иелеріне той сыйын беру басталды. Ол туралы ешкім де хабарлаған жоқ. Сыйлықты алдымен той иелері табыстады. Келіннің қолына білезік, мойнына алқа, құлағына сырға, саусағына сақина таққандар көп болды. Ал жігіттің өңірі лентаны бойлап қыстырылған түрлі елдердің ақшасына толып кетті.

Би «Қаражорғадан» басталды. Аста-төк тамақ та, артық сөз де болған жоқ. «Тойға барсаң, тойып бар» деген қазақ мақалы бар. Сусындар, бір  ыстық тамақ пен шай. Сонымен бірге нанмен қоса бір-бір кесілген торт. Кем де емес, артық та емес. Қарапайым. Тойымды. Столда бірнеше сусын мен бір ыдыстағы тіске басар салат қана бар. Бір адамға бір тарелка ыстық тамақ қана берілді. Ән мен биден кейін жұрт ақырындап тарай бастады.

Түркия қазақтарының тойын түйіндесек,  Қазақстандағы тойдан жеті өзгешелігі бар екен. Атап айтсақ, асаба болмайтыны, тост айтылмайтыны, аста-төк тамақ қойылмайтыны, ақша төлеп әнші-биші шақырмайтыны, шақырылған қонақтар келген уақыттарына қарай орын талғамай отыратыны, музыка дауы-сы да қатты шықпайтыны, яғни, артық шудың жоқтығы. Олардан бөлек, жігіт пен қалыңдық үшін арнайы безендірілген орынның да болмайтыны,  той біткенше отырмайтыны да бар көрінеді.

 Асаба туралы бірер сөз

Бір тойда айтқанын екінші тойда айтатын жаттанды сөзінен басқа ғибраты жоқ асаба суы тартылған көл секілді.

***

Тойға кетер қаражатты жоғарыдағы әңгімемізде айттық. Енді тойдың бұлбұлы, асаба төңірегінде аздаған әңгіме айтайық.

Асаба – тойдың дирижері. Тойдың жақсы, жаман өтуі олардың кәсіби шеберлігіне байланысты. Той иесі ас мәзірін былай қойып, ең алдымен той басқаратын асаба іздейді.  Жақсы асабаның көркі келісті, жүзі жылы, дауысы үнді, сөзі айқын әрі шешен, әрі әнші, әрі  әзіл  әңгімелерімен елді күлдіріп, еліктіріп отыратын жан-жақты адам болуға тиіс.  Той иесі өз қуанышын аманат етіп, оның жақсы өтуін алдымен Алладан, одан соң асабадан сұрап, оны басқару тізгінін оған толық сеніп тапсырады.

Өмір болған соң көрер көз асабалардың естісін де, есерін де көріп жүр. Бір тойда бір журналист асаба тұрып: «31-ші арнаны білесіңдер ме?» дегені тойдың басында. Ешкім он тоғызыншы ғасырдан келген жоқ қой. Халық «асаба ары қарай не дер екен?» деп, үндемей отыр. «Не, білмейсіңдер ме?» деп, елді одан әрі ақымаққа теңегені. «Білсеңдер, сонда «Информбюро» деген хабар топтамасы бар. Соның маңдай алды тележүргізушісі мына алдарыңызда тұрған Пәленшеев деген мен болам!» дегені. Мен де журналист болғандықтан ба, әріптесімнің әлгі қылығы үшін қатты ұялдым. Тойға екі жастың келешек өмірдегі бақытын насихаттауға емес, өзін жарнамалауға келгендей.

Көпшіліктің басы күнде қосыла бермейді. Ағайынның қосылатын жері – бір қуаныш пен бір қайғыда. Қайғыға бастары қосылған жұртқа мешіт имамы уағыз айтып, адамдардың жүрегіне иман дәнін себеді. Той да жұртшылықтың бас қосар жері болғандықтан маңайына бір ауылдың жұртын жинаған асабаның да айтар сөзі ғибратқа, тәрбиеге арналуы тиіс деп ойлаймыз. Ал қазіргі кейбір асабалардың деңгейлерінің төмендігі соншалық, айтар сөзінің арзан, мән-мағынасы жоқтығы өз алдына,  келіні мен баласы, қызы мен әкесі қатар отырған жерде еркек пен әйел тақырыбының төңірегінде дөрекі қалжың айтып, лағып кетуі оның қайда тұрғанын, қандай миссия орындап тұрғанынан хабары жоқ, санасыздығын байқататын секілді. Ол ол ма? Бір тойда асабаның «Ішкен-чемпион, ішпеген-шпион» дегенін де естігенбіз. Арақты «атаңнан қалған ас па еді?» дейміз. Сонда шпион атанбау үшін арақты орыстың мұжығынан қалыспай, лайға аунаған шошқадай жер сүзе құлағанша ішуіміз керек пе?

Қазіргі  асабалардың  басым бөлігі тойға сол күні келіп дайындалады. Нақтырақ айтсақ, тойға бір сағат ерте келіп, той қонақтарының тізімімен және тойды өткізіп отырған әулетімен танысады. Бұл тапсырыс берушілерге деген құрметінің аздығын көрсетеді. Себебі той иелерінің қуанышы тікелей сол асабаның не айтып, не қоюына байланысты.Расында, той – біреудің көптен күткен қуанышы. Асаба өз аудиториясын зерттеп, оған дайындығын шыңдауы керек.Тойды жүргізу – тұнып тұрған өнер. Асаба өзін төрт-бес сағатқа жалғасатын театрлық қойылымның жалғыз актері сынды сезіне білуі керек. Көпке қызық болсын деп, жеңіл әзілдерді айтып, әдепке жатпайтын ойындарды ойната беруімен халықты жалықтырып жібермеуін ойлағаны дұрыс.

Халықтың алдында жүріп, бәрін сөзіңе еліктіру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Асаба сахнадағы жүрісін, қай жерде қанша аялдауына шейін жос-парласа, арзан әзілдерін қысқартса, сұранысқа ие болады. Осы бағыттағы ойымызды түйіндесек, тағы да қайталап айтайық, тойдың жақсы  не  жаман өтуі тікелей асабаға, оның кәсіби шеберлігіне байланысты. Той бизнесінің салықсыз табыстың нағыз көзі екенін білгендіктен бе, асабалардың басым бөлігі асабалығын тастап, басқа салаға кеткісі келмейді. Ендеше осы салада нанын тауып жүрген екен, өз біліктілігін де үдемелі түрде дамытып отыруға тиіс. Әрбір адам өз саласының маманы ретінде қызмет етсе, осындай қателіктер болмайды.

«Беташар табағы» таласқа түскенде...

Беташарды ақша табудың жеңіл әдісі ретінде көретіндер тарихи салттың маңызын тым құлдыратып жіберді.

***

Немістің тойында болғаным бар. Беташарды көрмедім. Алайда, сондағы екі үш белсенді жастар үйден екі жас туралы қолдан бес алты дана газет шығарып  келіпті. Ішінде не жоқ дейсіз? Газет беттерінде фотосуреттер, екі жас туралы шығарылған поэзиялық жолдар, шағын естеліктер,  жақындарының құттықтаулары орналасыпты. Тойдың бір сәтінде әлгі бес газетке аукцион ойнатылды. Әр данасының бағасы екі жүз теңгеден басталып, бес мың теңгенің төңірегіне жетіп,  бес газеттен жиналған отыз мыңға таяу ақша конвертке салынып, жаңадан үйленіп жатқан жастарға сыйға тартылды. Ұтылған ешкім жоқ. Асабаның басқарған тойы да жарасымды өтіп жатты. Жас жұбайлардың келешек өмірлеріне сәл болса да қаржы келді. Бізде де сондай жол бар. Оны беташар дейміз. Көп жағдайда сол беташардан түскен қаржы жас жұбайларға емес, бет ашқан адамның қалтасына түсіп жатады.

Тағы бір қазақтың үйлену  тойының куәсі болғаным бар. Тойдың басталуы сағат алты деп белгіленген. Алайда, сағат тілі кешкі сегізден ауып кетсе де, басталар түрі жоқ. Бір кезде тойға келген қауым жиналып болды-ау деген кезде беташар айтылып, баршаның назары қара домбыраның күмбіріне ауды.

Бет ашып тұрған жігіт жаңа түскен келіннің болашақ ата-аналарының үлгілі отбасы екенін, ағайындарының бетке ұстар азамат болғандарын жырға қосып, жақсы жақтарымен қоса, ауылда сыйлы жандар екенін тізіп айтып берді. Солардан үлгі алуға шақырды. Беташар жігіттің әуезді үні мен домбыра тартысы, біріне-бірі үйлесіп тұрғаны – бір жарасымды дүние. Беташардың орта тұсында: «Ей жұртым, маған қарай қараң деймін, мың теңгеден кем салсаң  сараң деймін» дегені. Беташар айтушы жігіттің мына сөзіне бір түрлі ыңғайсызданып қалдық. Ақшаны алдыңғы кезекке қойған жігіттің пендешілігіне қарнымыз ашты. Әрине, әркім өзінің шамасына қарай ақша салады ғой, мынау енді барып тұрған әдепсіздік болды. Сол беташардың табағына түскен қаражат енді ғана шаңырақ көтеріп, жас отау болып өмірге аяқ басқан жас жұбайлардың қолына тисе бір сәрі. Оны беташар айтып тұрған жігіттің өзі алды. Беташарға жиналған ақша аз болсын, көп болсын, екі жастың ризығы болатын жөні бар еді. Басқаша айтсақ, беташар рәсіміндегі көрімдік ақша – жас отау иелерінің несібесі. Ол тасада тұрған басқа біреудің қанжығасында кетті.Тойға келген ел-жұрт бет ашқан жігітке жылу жинап бергендей болды. Неге? Бұл да бір ақша табудың амалы ма деп қынжылдық. Өкінішке қарай, бүгінгі заманға бейімделген беташар шоуға айналып кетті. Беташарды ақша табудың жеңіл әдісі ретінде көретіндер тарихи салттың маңызын тым құлдыратып жіберді.

 Қазақтың тойға кешікпей барғанын көрдіңіз бе?

Бүгінде тойдың кешігіп басталуы әбден үйреншікті жағдайға айналып кеткені жасырын емес. Қазақ тек ауызашарға кешікпей келеді.

***

Қазақта «Шақырған жерден қалма...» деген сөз бар. Сол мақалға «Шақырған жерге кешігіп барма» дегенді қосу керек еді. Ауылдық жерде той иесі қонақты кешкі мезгілге шақырса, қонақ  міндетті түрде одан бір-екі сағат кешігіп келетіні анық. Темір жол вокзалы перронында поезд күткен жолаушыдай,  мейрамхана алдында иіріліп, тойдың басталғанын күтіп тұрған басқа қонақтардың не жазығы бар еді?! Тойдың басталуы алты деді, қонақ той иесін сыйлап, алтыдан қалмай келді. Неге біз  енді оның алтын уақытын ұрлаймыз? Белгілі бір уақытқа белгіленген дүние сол уақытында басталуы тиіс емес пе?!

Ал ауыл тойына кешіккеннің айтар сылтауы белгілі. «Өрістен келген малды жайғап болғанша... Өздеріңіз білесіздер ғой. Кебенек келгір әлгі бір мүйізі қарағайдай қара теке өрістен келмей қалып, көршінің қорасындағы ешкілердің ортасынан  әрең тапқан жоқпын ба?» деген сарындағы сылтау әңгімелер сүйегі жоқ қызыл тілден шұбырып шыға береді. Жақсы, бұл ауылдың жағдайы дедік. Қалада да елдер балконда ешкі ұстап, кешке соларды жайғап келе ме, білмедік, осы кешігу әдеті қала қазақтарына  да жұққан секілді.

Кейбір тойда шақырылған екі жүз адам бір бастықсымақты, болмаса әкім-қараны Аяз ата күткендей күтіп, сеңдей соғылысып тұрғанын көресің. Екі сағаттан кейін ыңыранып той иесінің «қадірлі» қонағы келген соң ғана аһілеп-уһілеген жұртшылық орындарына жайғаса бастайды. Мұның бәрі той мәдениетін қалыптастыратын жекелеген адамдардың сана-сезімдерінің төмендігін байқатса керек.

Бұл жердегі ең басты кемшілігіміз, әлі күнге тойға кешігіп бару «дертінен» айыға алмай келеміз. Ауылдық жерде той белгіленген уақыттан бір, бір жарым, кейде, тіпті, екі сағат кешігіп басталатынын жұрттың бәрі біледі. Білсе де, үндемейді. Тіпті, кейбіреулер бірінші дастарқаннан кейінгі үзілісте табалдырықтан аттайтынына не дерсіз?! Міне, осы бір келеңсіз көрініс, жағымсыз қылық қалалық жерде де белең алғаны өкінішті.

 Микрофон қолға күнде тие бермейді

Өзбек тойға билеу үшін, орыс арақ ішу үшін, ал қазақ сөз сөйлеу үшін баратынын көз көріп жүр. Несін жасырайық, сөз бермесе «Қараң қалғыр, бір ауыз тілегімді айтпасам, несіне бардым?!» деп, қомпаңдайтын да өзіміз.

***

Ал сөз берді екен, қазакеңді тоқтату қиын. Әңгімені он сегізінші ғасырдан бастайды-ай дейсің. Әсіресе, олардың арасында мұғалімдер болса, микрофонды жуық уақытта қайтармайды. Бұл той залында отырғандарды үлкен кісілер деп емес, сыныбындағы  оқушылардай сезініп, қырық бес минуттық әлқисса лекциясын бастап кетеді. Әрі айтар әңгімесі «Қобыландының саймен келе жатқанындай» бітіп болмайды.

Көз үйреніп қалған тағы бір көрініс. Үлкен тойда алғаш болып сөз алған жігіттің бір жақыны  бастайды: «Қыздарыңыз Аллаға шүкір, жаман жерге келген жоқ. Құдайға тәуба, өскен елміз, өнген әулетпіз.Руымыз қазақтың маңдайына біткен «пәленше» деген. Жер қорғаған бәленше батыр бабамыз бен ел билеген түгенше данамызды бәріңіз білесіздер. Біз де тегін емеспіз, солардың ұрпақтарымыз. Қыздарыңызды алып отырған баламыз университетті қызыл дипломға бітірген.Қазір бәленбай деген компанияда, түгенбай деген қызметте...». Айтып-айтпай не керек, осылай кете береді.

Келесі кезек құдалар жаққа келеді. Ол жақтың да көш бастаған «серкесі», сөз бастаған «еркесі»микрофонды қолына алар-алмастан көсіліп те, шешіліп те сала береді. «Біздің де қыз жаман жерден шыққан жоқ» деп басталатын әңгіме біраз жерді шарлап қайтады. Сөйтіп екі әулет тегін түгендеймін дегенше біраз уақыт өтеді. Осы әңгімені ешкімнің уақытын алмай, жеке «құда сыйы» деген оңаша басқосуда таусылмай, екі-үш сағаттап айтса да болады ғой. Осыдан кейін тойға келгендер қалай шаршамасын?! Саналы асаба осыны ескеріп, бәрін иірмей, колхоз жиналысын жасамай, көпшіліктің атынан бір-екеуіне ғана сөз берсе, жеткілікті. Қалғандары осы тілекке қосылары анық.

 «Той бастар» емес, «Той тарту» десек...

Той тарқап жатқанда таратылатын сый табақтары қалайша «Тойбас-тар» атанып кеткен?

***

Қазақ тойында тойбастар рәсімін жасау дәстүрі бар. Бұрындары әр үстел маңайында отырғандар тойбастар өлеңін айтып барып, «тойбастар» сыйлық-кәдесіне содан кейін ғана ие болып жатушы еді. Кейінгі кезде айтатын бірлі-жарымды  ақ жаулықты көнекөз аналарымыз болмаса,  той бастар өлеңі естілмей кетті.  

Жауабын таппай жүрген тағы бір сауал бар.  Той тарқап жатқанда таратылатын сый табақтары қалайша «Той бастар» атанып кеткен? Біріншіден, аты айтып тұрғандай, бұл кәде тойдың басында жасалғаны дұрыс па дейміз. Той соңында таратылған «Той бастар» табақтарын алатын адамдардың бір тобы  тойдан шаршап, баяғыда үйлеріне кетіп, олардың үстел басында қалған саны сиреп қалған. Сонда бұл кәде кімге таратылды? Той соңында берілсе, «Той бастар» емес, «Той тарту» деп аталғаны дұрыс болар еді. Осы кәденің елдер кетіп қалғанда берілетіні  қисынға келмейді. Бұл – біздің жеке пікіріміз.

              Арзан шапан, сыймайтын кәстөм-шалбар...

Бидайдың бара жері – диірмен,

шапанның барар жері – сандық.

***

Той төңірегінде әңгіме қозғалып жатқан тұста мына бір дүниені айтпай кетуге болмас. Құдаларға естелікке сый берген дұрыс-ау. Тойға келген сыйлы адамдарға шапан жауып, құдаларға киіт кигізу ісінде шикіліктер бар секілді. Шапан жабу – дәстүріміздің бірі, оны жоюға болмас. Дегенмен де заман талабына сай басқа сыйлықтар берсек те болатын секілді. Олай дейтінім елдің бәрі шапан киіп жүрсе бір сәрі, шапанды алған адам үйіне апарған соң лақтырып тастайтыны анық. Басқа киімдері жеткілікті болған соң ол шапанның баратын жері – сандық. Сонда ол сыйдың қызығын, игілігін көрмесе, ондай шапан кімге керек? Оған кеткен ақшаға қонақтың талғамына жақындау басқа  сый алса қонағың да мәз болмай ма?!.

Киіттердің ішінде костюм-шалбарлардың да жүретінін көз көріп жүр. Алған адам ол киімнің үлкендігі сонша, ішіне күмп етіп, сүңгіп кетеді. Болмаса жеңі қысқа, сыймайтын киімді тыға салады. Қуаныш сыйлағың келсе, сыйыңды дұрыстап, лайықтап сыйла. Мұндайда сый алатын адамның киімінің өлшем-размерін сұрап алған артық етпейді. Денесіне шақ емес киім тағы да өз орнын сандықтан табады. Мәселенің осы жағын ойластырған дұрыс па деймін.

 

Паровоз ойыны немесе той ма, балабақша ма?

Қазақтың тойында үлкен кісілерден гөрі бала-шаға көп. Той соларға арналған ба?

***

Бір тойда асаба той басқарып жүріп, шегінем деп, артындағы үстелдердің арасында ойнап жүрген үш жасар қыз баланы байқамай қағып кетті. Шырылдап бала қалды. Шешесі жердегі баласын көтеріп жатып, «алдағы көзің көз бе, жара ма, қарамайсың ба, артыңдағы балаға?!» деп асабаға шүйліккені. Бұған не дейсіз? Әлгі асаба әлгі жағдайдан кейін бір сәт басқарып жатқан тойын жайына тастап, қасына сол тойда асыр салып жүрген жиырма шақты бүлдіршіндерді «паровоз» ойнаймыз, менің артымнан тіркеліңдер» деп,  жинап, поездың вагонындай тіркелгендерді  бос бөлмеге кіргізіп жіберіп, есігін сыртынан үстелмен бекітіп қойды да, тойын ары қарай жалғастыруға  мәжбүр болды. Асабаның шешіміне риза болған жұрт қыран-топан күлкіге қарық болды да қалды. Балаларын балабақшасына әкелгендей ойда жүрген кейбір ата-аналарды мүмкін осындай жолмен тәрбиелеп, санасын ояту керек те шығар.

Осы жағдай тағы бір ойларға жетелейтіндей. Заманға сай осы күндері тойды кафе-мейрамханаларда жасау үрдісі қалыптасып келеді. Демек, мұндағы тойдың өзіне тән ерекшелігі де бар екені анық. Қазақтың көңілі қанша кең болғанымен кафе-мейрамханалардағы әр орын сатулы. Той иесі шақыратын адамын да қалтасына қарап шақырады. Біздің қазаққа ол жағын ескеру қайда, сығанның тобырындай сол тойға өздерімен қоса бала-шағасын ертіп апарады. Олар қайда отырады? Балалары үстел үстін жаулап алса, қалған шақырылған жұрт қайда отырады? Оны ойлайтын адам жоқ. Құдай берген тегін дүниеге тап болғандай.

Алматы облысы Балқаш ауданында Айтмағамбет деген кісі баласына той жасап беріпті. Ертеңінде құрдастары: -Айтеке, тойың қалай өтті?-деп сұрапты.Айтекең  тұрып: «Тойдың той сияғы болмады. Бала-шаға ішіп-жеп кетті» деген екен. Сол кісі айтпақшы, той үлкен кісілерге емес, бала-шағаларға арналған той секілді. Той иесі «Бала-шағаңды неге ертіп әкелдің?» деп сұрай алмайды. Бала-шағасымен келген қонақтың оған санасы да жетпей жатады. Бұл бала бақшадағы емес, үлкен мейрамханаларда болып жатқан той ғой. Тойға бара жатқан адам бір сәт осыларды ой-санасынан өткізсе деймін.

 Тойдан не түйдік?

Бүгінгі күні тойдың дастархан сәнін дұрыс жолға  қойдық  дейік, ал той өткізудің мәнін әлі дұрыстаған жоқпыз. Ой салған той – нағыз той. Ондай тойлар сирек өтуде.

***

Бүгінгі әңгімемізде тойға қатысты айтар дүниеміздің әр қырын бір шолып, қысқа қайырдық. Тізгін тартар уақыт келген сияқты. Ойымызды түйіндейік.Көрер көз болған соң көрер дүниені көріп, жүрегіңмен қабылдап, ой таразысынан өткізесің. Бір байқалғаны, қазақ секілді дүбірлетіп той жасап жатқан басқа ұлттың өкілдерін көрмейсің. Көрсең де сирек. Олар біз сияқты тойға барын шашуды дұрыс көрмейді. Той жасауға шамалары жоқтан емес. Шамалары бар. Деншілігінің тұрмыс жағдайлары пәтер жағалап, жалдап жүрген қаракөз бауырымызға қарағанда анағұрлым жақсы. Неге дейміз ау сонда?

Ал біз ше? Несін жасырайық, той жасауда кейде шамамыздың жетіңкіремей жататыны анық. Олай болса неге жалған намыстың құрбаны боламыз? Екі-үш сағаттың қызығы үшін неге екі-үш жылдың қамытын мойнымызға ілеміз? Тойды көрпемізге қарай көсіліп жасауға «ойбай, ел-жұрттан ұят қой!» деген санамыз кедергі келтіріп  жатқаны ма? Ойланатын, ойлантатын жәйт. Жалпы той жасауда артық шығындарға бара бермейтін өзге ұлт өкілдерінің тойларынан үлгі алғанымыз дұрыс па деген ой менің санамды мазалай береді. Мұндағы мақсат той біткен соң сол шаңырақ той шығынының зардабын көрмеуі тиіс. Әрине, келінді болған жақ құдаларынан ыңғайсыздануы мүмкін. Алайда, құдалар да бұған түсіністікпен қараса дейміз. Ертең олар да келінді болады. Бүгінгі құдасының басындағы жағдайды олар да көреді. Айналып келгенде арыстан айға шапса да, мерт болмауы керек қой.

Қазақтың тойы туралы ойымызды одан әрі жалғастырып, тағы бір тойға кірейік. Дүрілдеп өтіп жатқан тойды көзіңмен көріп, ондағы тіршіліктің тірі куәсі болып отырасың. Тойға демалу үшін барам деп ниеттенгенмен де, несін жасырайық, кейбір тойлардағы келеңсіз көріністерден жиіркеніп, шаршап қайтасың. Ағайынның көңілі үшін барсаң да, «есіл кеткен бір күнім-ай» дейсің.Той жасар адам мәселенің осы жағына ерекше назар аударса деген ой сананы мазалайды. Бұл ретте тағы да таяқтың ұшы тамада деп кеткен асабаға тірелетіні анық. Ақшасын ала ма, жұрттың көңілінен шықсын. Оған қояр алдын-ала талап солай болуы керек. Кез келген тойдың берер өнегелік, тәрбиелік мәні, ұлттық нақышы болғаны абзал. Той мәдениеті сақталған жерде ғана тойға келгендер рухани демалып қайтады. Ой салған той ғана нағыз той болып, ел-жұрттың есінде қалары анық. Ол дүниелер болмаған жерде, жиналып алып, ішіп-жеп, әркім өзін көрсету үшін жиылатын  той той емес, дарақылық болары анық.

Сондықтан, біз дәстүріміздің озығын дамытып, тозығын жаңғыртып отыруымыз керек. Ұлттық дәстүрімізден безе алмаспыз, бірақ, жаңа заманға лайығын өңдеп, жөнге келтіру, кейінгі ұрпақты соған көндіру аға буынның міндеті болып қалуы керек деп ойлаймыз. Той барынша көңілді болсын делік. Бірақ тым даңғаза той да шаршатады. Сондықтан, тойды да ойлы той жасау керек тәрізді.

Осы мақаламызда топалаңға айналып бара жатқан қазақ тойының кемшілігін айтуды, қисығын түзеуді азаматтық парызымыз санадық. Тойға қарсылығымыз жоқ, тек бәрі мән-мағыналы өтсе деген тілек бар. Қандай той болмасын, оның мақсаты – ұлттық игі-дәстүр мен мінезді қатаң сақтау, кейінгі ұрпаққа қолыңнан келгенше көмектесу, ғибрат болар салт-дәстүрімізді кеңінен қолдау.

Хал-ахуалымыз қандай болса, тойымыз да сондай болса игі. Белшемізден несиеге батып, той өткізуден арылу керек. Күпіну мен дабыраға, даңғазалық пен атағымызды шығарамыз деген дарақы құмарлыққа жол бермей, көп болып, келесі ұрпақтың қамын ойлап, үгіт-насихат жұмыстарын жан-жақты жүргізу керек. Әрбір той қабырғалы ұлттық мәдениеттілігіміздің бейнесін көрсететін шара екенін ұмытпа-ғанымыз абзал.

Жаны қазақ болып табылатын адам үшін той жасауға деген мүмкіндіктің болуы асқан бақыттың көрінісіндей. Мүмкін, ең құрығанда той жасай алу үшін өмір сүрудің, әрекет етудің, қызмет атқарудың өзі қажет те шығар. Бірақ қазіргі заманда тойға төккен ысырапшылықтан гөрі болашақта материалдық та, моральдық та табыс алып келетін шаруаға жаратқан дұрыс болар еді деп ойлаймын.

Қапшағай қаласы

Алматы облысы

 

3763 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз