• Тарих толқынында
  • 29 Тамыз, 2020

РЕСЕЙЛІКТЕР АДИЕТТІҢ ЕРЛІГІН МАҚТАН ТҰТАДЫ

Сталинград. Майдан шебі. Гүрсілдеп жарылған снаряд дауысы, басыңды көтерсең, қарша жауған оқтар, ол жетпегендей немістің ұшағы жаңа ғана төбемізден бомба лақтырып өтті. Біздің артиллеристердің атқылаған жерін байқап қалған немістер, шабуылдау екпіндерін одан сайын күшейте түсті. Қатты бораған оқтан біздің солдаттар бомбылаудан кейін құлаған «Красный Октябрь» заводына келіп бекінді. Оның үстіне немістің снаряды дәл түсіп жатты. Біздің батальон тұрған жерін бірнеше рет, басқа бағытқа өзгерткенмен еш нәтиже бермеді. Жаралы солдаттарды сол жағалауға алып баруға, оларды ауыстыратын да мүмкіндік болмады. Осылай немістердің атқылауы бірнеше күнге жалғасып жатты. Біздің шыдамымыз таусылды.

1942 жылы дивизион командирі аға лейтенант В.С.Лукьянов,барлаушы Өтенбек Мұхтаров пен политруктің орынбасары аға байланысшы Адиет Шакимовты шақыртады. Адиет ойланбастан қандайда бір қиын, орындалмас тапсырма бар ма деп сұрайды.Отырғандарға қарап барлаушы командирі Лукьянов сіздерге өте шұғыл да маңызды тапсырма бар деді.Денелі де алып иықты өзі жас украин жігіті лейтенант Михаил Бескоровайный планшетінен карта мен түрлі-түсті қарандаштар шығарды. «Бері қараңыз, сіздер дәл қазір неміс картасын түсініп болғанша уақыт жоғалтамыз, одан да мен сіздерге өзім былайша сызып берейін» деп, қолындағы картасын снаряд жәшігінің үстіне қояды да, түсіндіре бастайды. Біздің байланыстың үзілген жерін, сол жақта қаптаған немістер, аржағынан жаңадан келіп қосылып жатқан танкілері мен артиллериясы жайында айта келіп: «Өтембек сен ол жақта болдың ғой, сол жақты мықтап барлаңдар» деп тапсырма береді.Одан әрі дивизия командирі Лукьянов орнынан көтеріліп, «Ешкімге көрінбей, өздеріңді байқатпай, немістің мықты шоғырланған ауданына өтіп, олардың әр қадамын, жаңадан қосылған техникасының тұрған жерін белгілеп, сызып, байланысты қалпына келтіріп хабар беру қажет дей келе, ұзақ жүріп, көпке отырып қалуларың мүмкін, азықты мол алыңдар, байланысты қалпына келтірген бойда жаудың тұрған жерін, өлшемін тез хабарлаңдар» деп жауынгерлерге үлкен сенім артады. Бұл сіздерге бұйрық. Сендерге берілген тапсырманың жемісі ол біздің шешуші жеңісіміз болмақ. Сол кезде командир Лукьянов қолын қысып тұрып, қазақшалап «достар» дегенде Өтенбек таң қалды, күліп тұрып Лукьянов жақсы сөз жылдам жатталады деген. Бұл тапсырманың командирі Шакимов Адиет. «Адиет, саған шешуші тапсырма жүктеймін, өте сақ болыңдар! Қандай жағдай болса да тиянақты аяғына дейін орындау міндетің, жолдас Шакимов» деді. Күн батысымен екеуі асығыс жолға шықты, түн қараңғысын пайдаланып алға жорғалай жылжып келеді. Алдында Өтенбек, қолында орам сымы бар, жылжыған сайын, жүріп өткен жерін тазалап, қар астымен сымын тартып Адиет жетеді.
Немістің жарқыраған мықты жарық шамдарымен қоса ауық-ауық түн қараңғысында атқылаған оқтары төбесінен ұшып жатты.Екеуі түнімен таң бозарып атқанша, бірнеше шақырым жүріп үлгереді. Бұрынғы картоп егілген, бомбылаудан кейін айналасы сасыған күл-қоқысқа толы жерге немістер мүлдем жақындамайды, әрі барлауға да ыңғайлы жерге жасырынады. Осы сәтті Адиет мықты пайдалана білді. Өтенбекке немістің шоғырланған ауыр танкілері мен артиллериясының бағытын қағазға түсір деп, өзі алға жылжып кете барады. Арада бірнеше уақыт өтеді. Өтенбек қобалжып мазасы кете бастайды Адиет әлі жоқ.Түс мезгілі жақындаған кезде қолынан қан тамған Адиет келеді. Өтенбек арқасындағы қапшығынан дәке алып Адиеттің жаралы қолын байлап отырып, не болғанын сұрайды. Ол жымиып қана: «Жай сыдырып өткен ғой» деп жауап береді. Немістің түскі тамақ дайындап жатқан даладағы асханасының исі мұрынды жарып барады. Екеуі қазір сіздерге күшті түскі тамақ болады, сәбізбен көк қиярды көп береміз деді. Үзілген байланысты қалпына келтірген Адиет байланыс құралын іске қосып, «мен замок» деген сөзді бірнеше рет қайталады. Байланыстың арғы жағынан, «Гильза» тыңдап тұр,ара қашықтарын тұрған жерлерінің дәл нақты қадам есебін беріп, жаңағы өздері тұрған жерге немістің түстенетін жерін айтып, осы араға үлкен самаурынмен шәй қайнатып жатырмыз, бізге көк қияр мен сәбізден молырақ жіберші деп хабарлап, байланыс құралын асынып алға жылжып жүре берді, сол-ақ екен біздің зеңбіректер атқылады. Өтенбек пен Адиеттің үстінен өзіміздің зеңбірек оғы ұшып жатты, екеуі артына қарап: «Шәй қайнады, ұят болды-ау түскі тамағын ішкізбегеніміз, - деп Өтенбек күлді. Байланыстың басқа бағытындағы үзілген жерін тауып, қалпына келтіріп немістің барлық бағытта тұрған танкілерімен, қозғалғыш артиллериясының нақты тұрақтарының есебімен өлшемін алып, ертеңгісін кеш қарая тапсырманы орындап ортаға оралады. Жолдас командир, сіздің бұйрығыңыз орындалды деді, - Шакимов Адиет Составұлы.
Осы жерде тағы да біздің артиллерия немістерге бұршақты жаудырды. Кешқұрым немістерге атылған, жарқылдап ұшқан оқтарға қарап тұрып «Адиет, қарашы, ұят болды, кешкі тамағын ішкізбедік қой» деді Өтенбек Мұхтаров. Бұл естелікті Қазақстанға еңбегі сіңген артисі, бұрынғы 193-ші атқыштар дивизиясының политругі, Сталинград шайқасына қатысушы Евгений Федорұлы Патрушев күнделігіне жазып кеткен екен. Бұл кісінің жолдасы Нина Михаилқызы Патрушева Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, профессор, қазақ скрипка мектебінің іргесін қалаушысы, бұл кісінің оқушылары Айман Мұсаходжаева мен Марат Бисенғалиев. Мен қарапайым фотосуретші болсам да майдангерлердің өшпес ерлігін, жүріп өткен жерлерінен тың деректер іздеуді дағдыға айналдырғанмын. Шакимов Адиеттің ерлігін көптен іздестіріп келемін. Ендігі қуанышты хабар ол Ресейдің Волгоград қаласында. Сол бұрынғы «Красный Октябрь» заводының тұрған жерінде. Яғни, 193-ші атқыштар дивизиясының қорғаған жері, сол арада 35-ші мектеп орналасқан. Осы аталмыш мектептің музейінде Шакимов Адиет Составұлының фотопортреті ілулі тұр. Мектеп оқушылары Адиет ағайдың ерлігін бірінен соң бірі паш етіп, жарыса жатқа айтады. Ресейлік оқушылар жерлес ағамыздың ерліктері туралы жарыса айтқанда, еріксіз толқып, жанарыңа жас келеді.Мен Волгоградтағы мектеп оқушыларын Адиет ағайдың туған жеріне, өзіміздің Орал қаласына қонаққа шақырып келдім. Ондағы мақсат: бабалар ерлігін өскелең ұрпаққа танытуда екі ел арасындағы мектептермен тығыз байланыс орнату. Майдангер 1914 жылы дүниеге келген. Комсомол қатарына ерте өткісі келіп туған жылын 1912 жылғымын деп артық көрсеткен екен. Отызыншы жылдың аяғында қазақ балаларының алды болып, Саратов көлік институтына оқуға түскен. Соғыс басталғанда алғашқылардың бірі болып, ерікті түрде барып жазылған. Харьковтің танкі училищесінің жеделдеткен түрін бітіріп шығады. Т-34 танкісінің командирі, Сталинград шайқасында барлаушы-байланысшы болған. «Красный Октябрь» заводын қорғауда политруктің орынбасарының жазбасында «384 артиллерия полкінің 193 дивизиясының аға байланысшысы Шакимов Адиет 115 рет үзілген байланысты қалпына келтірген» делінген.
Ол әлем тарихында орын алған Прохоров ауылы маңында Курск доғасындағы атақты танк соғысында рота командирі болған, бірнеше рет өртеніп жараланған. Ержүрек жауынгер Сталинградты қорғағаны үшін, Прага қаласын қорғауда көрсеткен ерліктері үшін екі «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Бұдан басқа да көптеген марапат, наградаларға ие болған. Шакимов Адиет 1970 жылы дүниеден өткен. Жауынгердің балалары да елімізге белгілі құрылысшы, қоғам қайраткерлері. Ұлы Тимур Адиетұлы Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында әкімнің орынбасары болып еңбек етсе, Болат Адиетұлы Ресей Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше прозалық шығармалардың авторы. Батыс Қазақстан облысының бірнеше аудандарында Орал қаласының әкімі қызметінде болды. Адиет Шәкімов Составұлының ерлігін ресейліктер өшпейтін, қайталанбас ерлік деп санайды.

Рафхат ХАЛЕЛОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

495 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз