• Келелі кеңес
  • 29 Тамыз, 2020

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУ – МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

Бүгінгі әлемде мемлекеттердің бейбіт өміріне төнетін қауіп-қатер көбеймесе, сейілмегені анық. Таяу Шығыс және басқа да аймақтардағы тұрақсыздық, лаңкестік оқиғалар мен экстремизм біздің еліміз үшін де ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне жіті көңіл бөліп, барынша сақ болуымызды қажет ететіні түсінікті. «Жау қайдан деме, жар астында» дейтін қазақ даналығы да осыны меңзейді. Күн тәртібіндегі осы сауалдар жан-жақты зерттеуді, талдауды қажет етеді. Сонымен қатар соңғы жылдары елімізде заң мен құқық қорғау саласында көптеген реформалар да жүзеге асырылғаны мәлім. Әрине, әрбір реформаның көздеген мақсаты – сала жұмысының тиімділігін арттыру, құқықты базаны нығайту, құқық қорғау механизмдерін жетілдіру. Шынтуайтына келгенде, мемлекетіміздің тұрақтылығы мен дамуы, экономикалық өрлеуі де құқықтық саланың барынша мінсіз жұмысына тікелей қатысты. Осы орайда біз елімізге ғана емес, шетелдерге де жақсы танымал ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор Айдарқан Сқақов мырзамен әңгімелескен едік.

Алдымен «Ақиқат» журналының оқырмандарына Айдарқан Байдекұлы жайында азды-көпті мәлімет бере кетуді жөн көрдік. 

А.Б.Сқақов 1958 жылы 6 ақпан күні Ресейдің Новосібір қаласында дүниеге келген. 1980 жылы Новосібір электротехникалық институтының машина жасау факультетін инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдайды. 1983 жылы Свердловск заң институтына оқуға түсіп, 1988 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ  мемлекеттік университетін заңгерлік мамандығы бойынша  бітіреді. 1982  жылдан  бастап  құқық қорғау органдары мен ұлттық қауіпсіздік органдарында, атап айтқанда Ішкі істер министрлігінде, Мемлекеттік тергеу комитетінде, Әділет министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет етеді. 2010 жылы зейнет жасына жетуіне байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі қызметін тапсырады.  Әскери шені – полковник. Құқық қорғау және арнайы қызмет салаларында еңбек еткен жылдары білікті мамандарды даярлауға, заңнамалар мен нормативті-құқықтық актілерді дайындауға сүбелі үлес қосады. Өндірістен қол үзбестен ғылыми-педагогикалық жұмыспен шұғылданады. 1995 жылы «Назначение вида режима колоний в порядке исключения» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да, ал 2006 жылы «Прогрессивная система исполнения лишения свободы и её отражение в новом законодательстве Республики Казахстан»  деген  тақырыптағы докторлық диссертациясын Минск қаласындағы Беларусь мемлекеттік университетінде қорғайды. 2000 жылы ҚР Жоғары аттестациялық комитеті, 2015 жылы РФ Жоғары аттестациялық комитеті профессор ғылыми дәрежесін береді. А.Б.Сқақов 200-ден астам ғылыми еңбектің, 2 монографияның, 8 оқу құралының, 6 ғылыми есептің және т.б. ғылыми жұмыстардың авторы. Профессор А.Б.Сқақов Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформасы комитетінің, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы құқық қорғау органдары академиясының, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы қоғамдық институтының құқық мәселелері және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің жемқорлыққа қарсы комиссиясының сарапшысы болып табылады. Бүгінгі таңда ҚР Ішкі істер министрлігі Қарағанды академиясы «Қылмыстық құқық» кафедрасының, сондай-ақ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының «Қылмыстық құқық және жазаны орындауды ұйымдастыру» кафедрасының, көршілес ФСИН (Ресей) Құқық академиясы  мен басқармасында «Криминология және профилактикасы» кафедрасының профессоры ретінде өз тәжірибесімен бөлісіп, білікті мамандар даярлауға атсалысып келеді. Заң саласындағы еселі еңбегі үшін «Құрмет» ордені және өзге де марапаттарға ие болған.

– Айдарқан Байдекұлы, әңгімемізді мына бір түйткілден бастайықшы. Қазіргі таңда әлемде түрлі сын-қатерлер жылдан жылға артып келе жатқаны баршамызға аян. Мұндай қауіп-қатерлермен әрбір мемлекет шама-шарқынша күресіп, қауіпсіздік мәселелеріне жіті назар аударуда. Өзіңіз құқық қорғау мен заң саласында көп жылдар бойы қажырлы еңбек еткен кәсіби маман, тәжірибелі басшы әрі білікті  ғалым ретінде осы жөнінде  не  айтар едіңіз? Мемлекетіміздің қауіпсіздігі қалай сақталуы керек?

– Еліміздің гео-саяси аймағы, әлемнің «қайнап тұрған нүктелерімен» көршілестігі оның мемлекетіміздің экономикалық, әлеуметтік, саяси және басқа ахуалдарына табиғи түрде әсер ететіні сөзсіз. Бір жағынан республикамыздың Еуразия континентінің орталығында орналасуы Еуропа мен Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың, дамудың  транзиті ретінде  респбуликамызға үлкен мүмкіндіктер туғызады. Сөзсіз, өзге де себептермен қатар осының барлығы Қазақстандағы миграциялық процестердің қарқындылығы мен жиілігін айқындайды. Екіншіден, Еуропа мен Азияның арасындағы сауда-саттық жолдарында орналасуымыз жағымсыз салдарларға да әкеліп соғады. Оның ішінде біздің еліміздің аумағы арқылы кәрі құрлыққа өтетін есірткі тасымалдары, саяси жағдайлары тұрақсыз болып саналатын көршілес мемлекеттерден келетін экстремистік, террорлық қауіп-қатерлер, ең бірінші кезекте – исламдық экстремизм мен лаңкестік әрекеттер.  Халықаралық ұйымдардың мәліметтері бойынша, «Игил» террорлық ұйымының мүшелері Сирияда жеңіліс тапқан соң, Ауғанстанға жылжып, Түркіменстан мен Қырғызстанның шекаралас аймақтарын паналауда. Олардың пиғылдары түсінікті: Түркіменстан мен Қазақстан аумақтары арқылы исламды ұстанатын тұрғындары басым Ресейге жетуді көздейтіні анық.

Екінші бағытқа келетін болсақ, мұнда лаңкестер Қырғызстан аумағы арқылы Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданына баруды ойластырады. Мұнда олар қытай мен ұйғыр халқы арасындағы күрделі ахуалды ескере отырып, жергілікті ұйғыр экстремистері мен лаңкестерін пайдаланып Батыс Қытай аймағындағы жағдайды тұрақсыздандыруды мақсат етеді. Террор мен хаос зорлық-зомбылық пен заңсыздықтардың салдарынан өзге елдерге қоныс аударуға мәжбүр болған босқындардың ағынына әкеледі. Осылайша, лаңкестік ұйым өкілдері Ресей мен Қытайдан Сирия билігін қолдағаны үшін кек алуды мақсат етеді.

– Қалыптасқан ахуал қауіп төнген мемлекеттерге қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Қалыптасқан ахуал, әлбетте, халықты исламдандыру үдерісі қарқынды жүргізіліп жатқан күллі Орталық Азия елдерінің саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайына әсерін тигізеді. Бұдан бөлек, әр елдің өздеріне тән экстремистік және лаңкестік ұйымдары сыртқы қолдаудың жасалуы арқылы іс-әрекеттерін жандандыра түсуі мүмкін. Осы орайда, Қазақстан мен Ресейдің азаматтарын Сириядан қайтару туралы шешім асығыстау қабылданды ма деп ойлаймын. Себебін түсіндірейін. Біріншіден, лаңкестік ұйымдарға қатысы бар азаматтарға іс қозғалып, сотталған соң олар өз жазасын еліміздің түзеу мекемелерінде басқа сотталушылармен бірге өтейді. Демек, сотталушылар контингенті арасында экстремистік және террористік идеялардың таралу қауіптілігі жоғарылайды. Мұндай прецеденттер, яғни мысалдар Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесінде бар. Өмір тәжірибесі көрсетіп отырғандай, жазасын өтеп шыққандар әрі қарай да экстремистік және террорлық көзқарастарын ұстануды жалғастыра береді. Өздерінің материалдық жағдайларын жақсарту мақсатында бөгде елге аттанған, ол елдегі тұрғындардың өмірін қиған адам өзінің идеясынан ешуақытта бас тартпайды. Олардың ұрыс қимылдарындағы тәжірибелеріне қарай отырып, әрқайсысы лаңкестік топтарда қолбасшысы бола алатынын ескермеске тағы болмайды. Оның үстіне экстремистік пиғылдағы адамның отбасы, яғни әулеті мен бала-шағалары да «уаһаббистік исламизм» идеяларын бойларына сіңіреді, яғни қоғам мен мемлекетке қатер төндіреді. Көпшілікке белгілі жайт, исламист әйелдер мен балалардан өз өмірін өлімге тігетін «жанкештілер» дайындалады.

– Сіздіңше, осы орайда қандай мәселелерге баса назар аударғанымыз жөн?

– Осындай жағдайда барлық мемлекеттік органдар бейбітшілік құндылықтары мен шекаралас мемлекеттер арасындағы жақсы қарым-қатынасты, өзге дін мен конфессиялар өкілдеріне сыйласымды көзқарасты қалыптастыруға көбірек мән беру керек. Сонымен қатар мемлекеттік ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қарулы күштер мен құқық қорғау органдары әскери құрылымдарының  жауынгерлік даярлығын жетілдіру керек. Екінші өзекті мәселенің бірі – Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер мен заңсыз мигранттардың жүріп-тұруын, құжаттануы мен Қазақстан Республикасы азаматтарының тіркелуін, шетелдіктердің жағдайларға байланысты тұрақты мерзімге осы елде қалуы мен азаматтықты қабылдауын бақылауда ұстау, сондай-ақ босқындармен жұмыс жасау миграциялық қызмет саласының бірден-бір маңызды міндеті болып саналады. 

Бұл орайда миграциялық қызмет комитеті тәрізді арнайы орган қалыптасып келе жатқан жағдайларды үнемі мониторингілеп, соның негізінде «осал нүктелерді» анықтап, іс-шараларды жақсарту бойынша объективті және  негізгі шешімдерді қабылдауы керек.

– Жалпы, бүгінгі таңда көптеген мемлекеттер заңсыз миграциямен күресіп келеді. Заңсыз миграция фактілері біздің елімізде де кездеспей қоймайды. Қазақстанға кіріп-шығып жатқан шетелдіктерге бақылау, есеп-қисап жүргізілетін шығар. Мұндай сандардан қандай қорытындылар жасауға болады?

– Жүргізілген зерттеулер миграциялық белсенділіктің жоғары екенін көрсетіп отыр. Мысалы «Бүркіт» ЕИС-дің мәліметтеріне сүйенсек, 2018 жылы Қазақстанға 5.949,772 шетелдік кіріп, 5.935,873 шетелдік шыққан. Ішкі істер органдарында 1 млн.927 мың 742 шетелдік тіркелген. Салыстырмалы түрде алғанда, бұл көрсеткіш 2017 жылы – 1 млн. 708 мың 081 адам болған. Шетелдіктердің келудегі басым мақсаты – жеке шаруаларымен – 1 млн.276. 667 адам. Қазақстан Республикасына келушілердің арасындағы ең жиі көрсетілетін мақсат: жұмысқа – 461 мың 518 адам, туризм – 96.448 мың, іскерлік сапарлар – 32 мың 226, оқуға 20 мың 104 адам. Бұл 2018 жылдың мәліметтері. Ал 2017 жылдың мәліметтерімен салыстырғанда мұндай статистиканың өсе түскенін байқау қиын емес.

ТМД аумағынан келген азаматтардың көбісі мына елдерден тіркелген: Өзбекстан (1 млн.453 мың. 648 адам), Ресей (тіркелгендер пайызы төмендеген: 189 мың, 255 адамды құраған), Тәжікстан (59 мың 404 адам), ҚХР (34 мың 766 адам), Үндістан (20 мың, 483 мың адам). Ең көп шетелдіктер тіркелген қала Алматы (364 мың 237 адам), Алматы облысы (244 мың 686 адам), Маңғыстау облысы (186 мың  377 адам), Нұр-Сұлтан қаласы  (127 мың 694 адам). Миграция саласындағы арнайы органдар қызметінің маңыздылығы – заңсыз миграцияға жол бермеу, мигранттардың тарапынан жасалатын әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу. 

2018 жылғы миграциялық  бақылаулар барысында 108 мың 493 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 625 мың теңгеден аса айыппұлдар салынған. 34 мың 561 шетелдіктің елімізде жүріп-тұру мерзімі қысқартылған, 2018 жылдың 12 айындағы көрсеткіштерге сәйкес, 12 мың 984 шетелдік құқық бұзушы республика аумағынан шығарылған. Осындай деректерді сараптай келгенде айтарым, миграциялық процестерді регламенттейтін заңнаманы әрі қарай да жетілдіре түсу керек; ТМД аумағындағы құқық қорғау органдарының заңсыз миграциялардың алдын алу үшін әріптестік байланыс-тарын арттыру керек. Этникалық қылмыстық ұйымдарда жедел іздестіру әрекеттерін жүзеге асыру үшін «Интерпол» мысалында ТМД-ның бірегей құқық қорғау органын құру қажет.

– Енді әңгімеміздің бағытын – заң саласындағы реформаларға бұрсақ. Сіз еліміздің заң мен құқық қорғау саласындағы 15-ке жуық заң жобаларын әзірлеуге атсалыстыңыз. Осы орайда соңғы жылдары қандай өзгерістер жасалды, нендей жаңашылдықтар енгізілді?

– Қазақстан Республикасындағы 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат концепциясын жүзеге асыру барысында мемлекеттік органдардың заңнама және құқық қолдану мәселелерінде бірқатар сауалдар туындады. Оларды уақыт ағымына сай дереу шешу қажет болды. Осыны ескере келе, еліміз қылмыстық жауапкершілікке тарту жүйесіндегі заңнаманы жетілдіру бағытында нақты қадамдар жасады, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесін қайта құрылымдау бағытында іс-шаралар белгіледі. 

– Ол қандай іс-шаралар еді?

– 2014 жылы қабылданып, 2015 жылдың 1 қаңтарынан жүзеге аса бастаған жаңа Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалды және Қылмыстық-атқару кодекстері сотталушылардың құқықтық  жағдайларын едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді. Бұл қылмыстық жазаларды гуманизациялау бағытындағы мемлекетіміздің ұстанған бағытына сәйкеседі.  Аталған заңдарды даярлау барысында қылмыстық жазалардың түрлерін әрі қарай жетілдіру көзделді. Мұндағы негізгі мақсат қылмыстардың алдын-алу жұмыстары бағытында олардың тиімділігін арттыра түсу. Арада 5 жыл уақыт өткеннен кейін, Қылмыстық және Қылмыстық-атқару кодекстерінің орындалу барысын бақылайтын болсақ, жағымды да және жағымсыз да тұстарының бар екенін көреміз.

Кемшін тұстарға, меніңше, мыналарды жатқызуға болады: біріншіден, прогрессивті жүйе бойынша бас бостандығынан тиімді айырудың құқықтық және материалдық жағдайлары қарастырылмаған. Мұны да атап өтуге тиіспіз, сотталушылардың жүріс-тұрысын заманауи ғылыми жетістіктерге сүйенген бағалау критерийлері жоқтың қасы. Сотталушылардың түзелуінің жақсарғанын анықтау дәрежесі оларға қолданылатын жеңілдіктер арқылы болса, бұл құқық қолданудың озық институттарының талаптарына жауап бермейді. 

Екіншіден, прогрессивті жүйе институттарын қолдану процедурасы қиындатылған. Аталған жүйенің барлық элементтерін сот қана тағайындай алады. Ал судьялар жұмысының көптігін ескерер болсақ, олардан прогрессивті жүйені тиімді қолдануды күту қиын. Үшіншіден, қылмыстық-атқару заңнамасында коллизиялар мен ақаулар байқалады. Олар адамды бас бостандығынан айыру жазасын жүзеге асырудың құқықтық регламентациясында кездеседі. Айта берсек, осындай мәселелер бар. Әрине, жаңа қылмыстық және қылмыстық-атқару заңнамасының нәтижелі жақтары да жоқ емес. Бұл жайында да айтуымызға болады. Соның бірі – бас бостандығынан айыру жазасына кесілген сотталушылардың азаюы. Аталған критерий бойынша, Қазақстан әлемде 3 орыннан 97 орынға ойысты.

– Өте маңызды көрсеткіш екен. Шын мәнінде, бұл еліміздегі заң саласындағы гуманизациялық процестердің жүзеге аса бастағанын байқатса керек. Десек те, бас бостандығынан айырылғандардың жазасын өтеу орындарындағы ахуал жайында да көптеген сұрақтар туындап жататыны мәлім.

– Бас  бостандығынан  айырылғандардың жазасын өтеу орындарында әлеуметтік ахуалдың дұрысталғаны байқалады. Жазасын өтеушілерге «криминалды авторитеттердің» теріс ықпалының жолы кесіліп келеді. Қылмыстық-атқару саласындағы ғылыми қызметкерлерді даярлау мен біліктілік дәрежесін көтеру мақсатында түзеу мекемелері үшін кадрларды даярлайтын жоғары оқу орнын құру керек деп ойлаймын. Онда түзеу мекемелеріне барып еңбек ететін психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, тәрбиешілер және т.б. мамандарды даярлауға мүмкіндік туар еді.  Тиімсіздігін көрсеткен, жемқорлыққа шырмалған «Еңбек» өндірістік жүйесінің жұмысын тоқтатып, оның функцияларын түзеу мекемелерінің әкімшіліктеріне беру керек.

Судьялар  азаматтардың тікелей, жасырын, баламалы дауыс беруі арқылы сайланып, оларды Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі бекітуі керек. Судья қызметіне тағайындалатын азаматтың жасы 40-тан, заң саласындағы тәжірибесі (тергеуші, адвокат, компанияның заңдық өкілі) – 15 жылдан кем болмауы керек. 

Барлық инстанциялар судьяларының жалақылары бірдей және министр лауазымының жалақысына сәйкес келу керек.  5 жыл еңбек өтілі бар судьялардың жалақысы 50 пайызға, 10 жыл еңбек өтілі бар судьялардың жалақысы – 100 пайызға көбеюі тиіс. Соттардың төрағалары аталған сот инстанциясының судьяларымен бір жыл мерзімге сайлануы қажет. Төрағалыққа ақы төленбейді. Бұл қоғамдық салмағы бар жұмыс. Сот төрағаларының өндірістегі істері болуы керек. Сот төрағасы өзінің атқарған жұмыстары туралы Мәжілістің, облыс, қала және аудан әкімдерінің алдында есебін бергеннен кейін, алфавиттік ретпен келесі төраға сайлануы керек. Осы аталған іс-шараларды жүзеге асыру судьялардың тәуелсіз болуын, сот қызметінің тиімділігін қамтамасыз етіп, жергілікті органдардың ықпалынан арылтады. Судьялар ішкі сенімдерін емес, әділдік пен заң принциптерін басшылыққа алулары керек. Бұл сот билігінің беделін көтеріп, олар қабылдаған шешімдердің орындалу тиімділігін арттырады. Адвокаттың құқықтық мәртебесін прокурордың құқықтық жағдайымен бірдей етіп, оның, яғни прокурордың жоғарғы қадағалаушы функциясын алып тастау керек.  Осы арқылы қылмыстық сот өндірісінде тартыстық принциптің жүзеге асуы шынайы түрде қамтамасыз етіледі. Коррупцияның жаңа ұғымын енгізу, лауазымды және лауазымды емес тұлғалардың, жеке кәсіпкерлердің, ұлттық және халықаралық қоғамдық ұйымдардың, кез келген жеке және заңдық тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін көздейтін халықаралық құжаттарға сәйкестендіру.  Бұл еліміздегі жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан саясаттың тиімділігін арттырады.

ҚР «Пробация туралы» заңына өзгерістер енгізу керек. Сотқа дейінгі пробацияға күдіктілер мен айыпталушылардан бөлек, бейәлеуметтік өмірді ұстанатын тұлғаларды (нашақорлық, жезөкшелік, алкоголизм және т.б.) қосу керек. Үкімдік пробацияға тек қана бас бостандығынан айыруға кесілген немесе шартты түрде сотталған сотталушыларды ғана емес, сот жазаға тарту туралы шешім шығарған барлық тұлғаларды да кіргізу. Мұнан өзге де көптеген ұсыныстарымыз бар, әрине. Олардың барлығын жазбаша түрде ұсынған болатынбыз.

– Елімізде жиі кездесіп жүрген қылмыс түрінің бірі бұл – педофилия қылмысы болып отыр. Педофилдерді жазалауды күшейту мәселесі де қоғам тарапынан жиі айтылып келеді. Жалпы, осындай ауыр қылмыстардың жазасын күшейту мәселесі қалай жүзеге асады?            

– Осы сауалыңызға бірнеше мәселені алға тарта отырып, жауап берейін. Жалпы, елімізде жүзеге асырылып жатқан қылмыстық саясаттың бүгінгі кезеңі заманауи сын-қатерлер мен адамның, қоғамның, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи талаптарына толыққанды жауап бере алмайтынын айтуымыз керек. Біздің пайымдауымыз бойынша, мұның барлығы қылмыспен күресті және құқық қорғау органдарындағы кадрлық құрамды регламенттейтін іс жүзіндегі қылмыстық заңнама әлеуетінің төмендігімен байланысты. 2014 жылдың 3 шілдесінде қабылданып, әлі күшіне енбеген Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізіле бастағанда қазіргі таңда олардың саны 1000-нан асып кетті. Бұл жаңа Кодекс іспетті. Еліміздің қолданыстағы құқықтық жүйесінде пробациядан өтпеген жаңа институттар іске қосылды.

Қылмыстық саясатқа теріс әсерін тигізетін тағы бір жағдай, ол – қолданыстағы жазаға тарту жүйесі. Көптеген жазалар толыққанды жүзеге аса алмайды (мысалы, қаржының болмауына байланысты тыйым салынған үйлер тұрғызылмаған) немесе жүзеге асыру ережелері бір-бірін қайталайтынына байланысты жазалар (мысалы, түзеу жұмыстары мен бас бостандығынан айыру). Біздің тарапымыздан жазаның 3 түрін (ФРГ еліндегідей) – айыппұл, қоғамдық жұмыс және бас бостандығынан айыруды сақтап қалуды, сондай-ақ өлім жазасының мораторийін алып тас-тау ұсынылып отыр. Қолданыстағы Қылмыстық кодексте 17 бап бар, олардың санкциялары өлім жазасын қарастырады. Біздіңше, сараланған қылмыс, терроризм және өзге де т.б.қылмыстарға педофилия мен коррупция тәрізді қылмыстық әрекеттерді қоса отырып, олар бойынша 4 бапты қысқарту керек.  Осылайша, өлім жазасына кесуді қарастыратын 6 құрамды қылмыс болуы керек. Бұрын өлім жазасына қарсы болатынмын.  Алайда, тұлғаның, қоғамның, мемлекеттің қауіпсіздігінің заманауи ахуалы өлім жазасының мораторийін алып тастауды қажет етеді. Олай болмаған жағдайда тергеусіз сот, яғни қылмыскерді халықтың өзі жазалауы (бұған дәлел өткен айдағы Сәтбаев қаласындағы жағдай) орын алуы мүмкін. Жемқорларға келсек, бұл орайда ешқандай полемика болмауы керек. Короновирус пандемиясының жағдайында (ауырған науқастардың саны бойынша Қазақстан дерттің өршуі басталған Қытайдың алдына шығып кетті) бұл қылмыскерлер одан сайын баюға талпынуда, сөйтіп, еліміздегі әлеуметтік жағдайдың тұрақсыздығына әкеліп соғуы әбден мүмкін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Азамат ОМАРОВ,журналист

23954 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз