• Тарих толқынында
  • 29 Тамыз, 2020

МҰСТАФА ШОҚАЙ ЖӘНЕ ТҮРКІЛІК МҮДДЕНІҢ БІРЛІГІ

Әбдіжәлел БӘКІРӘбдіжәлел БӘКІР, 

саяси ғылымдарының докторы, профессор

Биыл туғанына 130 жыл толатын Мұстафа Шоқай бар саналы ғұмырын бүкіл түркі жұртының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күресіне арнай отырып, туысқан түрік халқы туралы бірнеше тілде отыздан астам мақала жазған болатын. Бүгін негізінен «Яш Түркістан» журналында жарық көрген шағатай жазуынан аударылған еңбектерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Кеңес насихаты Мұстафа Шоқайды кім деп атамады. Ат қоюдан кенде болмады. Опасыз, сатқын, кері төңкерісшіл, нағыз панисламист және пантюркист тәрізді сан түрлі ат қойып, айдар тақты. Алайда, осылардың ішінде түрікшіл (пантюркист) дегеннің Мұстафаның табиғатына қисыны келетін еді. Оған дәлел Түркістан Мұқтарияты құлап,  шетелге бет алып, 1920 жылы Грузияда жазылған алғаш «Түрік коммунистерінің сапары» атты мақаласынан бастап 39-жылы жазылған «Ататүріктің реформалары» деген мақалаға дейін туысқан түрік халқы туралы орыс, француз,  шағатай тіл жазуларымен  отыздан астам материалы түрлі басылымда жарық көрді. Автордың бұл тақырыпқа қайта-қайта  оралып отырғанын толық түсінуге болады және бұдан екі нәрсе айқын аңғарылады. Біріншісі, түбі бір, тілі бір, діні бір туысқан түрік халқына деген ерекше ықылас. Кез келген мақаланың мазмұнынан ыстық сезімнің лебі ұрып тұрады. Бұл, әсіресе, Түркияның әлемнің іргелі мемлекеттерінің қатарына тең құқықты мемлекет ретінде Ұлттар Лигасына кіргені жөніндегі хабарды естігендегі көңіл-күйі бөлекше танылады. Күндердің күнінде 1922 жылы тәуелсіздік алған елден  азаттық лебі есер ме екен деген арман авторда болмады деп айту қиын. Екіншіден, ХХ ғасыр басында «әлеуметтік әділеттілікті» ту етіп,  адамзат қазынасына  бергені аз, алғаны көбірек болған Кеңес өкіметі тарих сахнасына шығысымен өзінің революциялық идеяларын, коммунистік насихатын қол жеткен елдерге түрлі жолдармен тасымалдай бастады. Бірақ большевиктердің насихаты Түркияда кең өріс ала алмады.

Большевиктердің 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін бетке ұстар ұрандарының бірі «ұлттардың өзін-өзі билеуі» болғаны белгілі. Бірақ өздері өкімет басында нығайып алғаннан соң бұл ұран бос дақпыртқа айналған болатын. Мұндай кеңестік саясаттың екі жүзділігін Мұстафа Шоқай елден кетіп, Грузияда 1920 жылдың ақпанынан 1921 жылдың наурыз айларында жазған мақалаларында жақсы танытқан еді. Тиблисте өзі ашқан «Независимый горец» газетінде жарық көрген «Түрік коммунистерінің сапары»  атты тұңғыш публицистикасында тарих сахнасына келгеніне үш жыл тола қоймаған кеңестік  насихаттың саяси сипаты айқын аңғарылады. Мақалада Бакуден Анатолияға сапарға шыққан белгілі қайраткер Мұстафа Субха басқарған құрамында Әзербайжан денсаулық халық комиссары Әлімов бар 16 коммунисі топтың негізгі мақсаттары – большевиктік идеяларды насихаттау және анатолиялық бұқараны таптық негізде жікке бөлуді тез жүзеге асыру, Ресей үлгісінде  коммунистік ұйымдар құру болатын. Алайда, бұл топ шекаралық Карс мекенжайда-ақ өздері күтпеген жайға кезігеді. Олардың билікті жедел қолға алуға шақырған коммунистік теориясы да, Мұстафа Субха мен қасындағы жолдастарының қызыл сөздері де түрік шаруаларына түк әсер етпей, қайта олар насихатшылар тобынан өздерін тыныш қоюды талап етеді. Ал Түркияның ішіне кірген сайын  олардың жағдайы қиындап, түрік халқын жұмысшы-шаруалар демократиясы жолына түсуге шақырған митингілері қарсылыққа ұшырап, тіпті бұлардың елден тезірек кетулері туралы шешім де шығады. Бұлай қарсы алудың қағидатты себептері бар еді. Біріншіден, жергілікті түрік коммунистері Ресейден келген коммунистердей  экстремистер емес-тұғын. Екіншіден, анатолийлік түріктер  Мұстафа Субха және қасындағылардың «чекамен»  байланысы барын және Түркістан және басқа Ресейдің мұсылман аймақтарында болып, қаншама кінәсіз түріктерді, сонымен бірге басқа мұсылман халқының зиялы қауымын қаза таптырғандары үшін кінәлі деп түсінді. Сондай-ақ оларды Әзербайжандағы, Солтүстік Кавказдағы және Түркістандағы шындықты жасырғандары үшін айыптайды. Мұның бәрін жергілікті түріктер Түркістаннан және басқа жақтан келген түрік солдаттары мен офицерлерінен естіген болатын. Ал 1920 жылғы  12 маусымда жарияланған «Большевизм және Анатолия қозғалысы» атты мақалаға Ресей большевиктері мен Түркиядағы Анатолия қозғалысына қатысты ақпарат арқау болған. Ресейліктердің хабарларында Түркиядағы барлық революциялық күштің шоғырланған орталығы Анатолия кеңестік Қызыл армиямен бірге мұсылман Шығысын еуропалықтардың езгісінен тез босатуға ынтығып отыр деп Түркиядағы бар шындық теріс айналдырып берілген еді. Алайда, автор Кіші Азиядан Константинополь арқылы Батумиге келген Түркиядағы жағдайды жақсы білетін кісінің мәліметіне сүйене отырып, Мұстафа Кемал бастаған қозғалыстың революционизмі тек Антантаға қарайтын Константинополь билігіне бағынбауда, ал Анатолиядағы қозғалыстың Мәскеулік коммунизммен ешқандай идеялық жолы қиыспайды деп жазады.  Бұл мақаладан әлі тарихы толымсыз әрі әлсіз болса да Ресей большевиктерінің Түркияға әсер етуге ұмтыла бастағандығы байқалады.

Түркия мен Ресей елдерінің жетекші ұйымдарының арасындағы өзекті сипат алып отырған өзара қатынас мәселесі, екі елдің билігінің Әзербайжанға қатысты ұстанымдары «Кемалистер мен большевиктер» атты мақалаға негіз болған. Саяси шолушы соңғы кездері большевиктер мен кемалистердің арақатынастарының  шынайылығына жарық беретін әрбір жаңа хабарды елеп отырудың қажеттігін, мысалы большевиктерді Анатолиядағы қозғалыстың қанағаттандырмауы, оларша Бакуде өткен съезде сөйлеген сөзіндегі Мұстафа Кемалдың революциялық  сипатының жетімсіздігі, Ресей үлгісімен кеңестер құра алмағаны. Бірақ та олар кемалистерге әлі де қол созып, большевиктік «ұшқын» нағыз революциялық өрт тудыруы мүмкін деп үміттенеді.

Тарих сахнасына келгеніне үш жыл толмай жатып кеңестік  насихаттың саяси сипаты, оның болашағы мен Әзербайжанға қатысты ұстанымдары «Кемалистер мен большевиктер» атты мақалада танылады. Мұнда саяси шолушы соңғы кездері екі елдің билігінің өзара қарым-қатынасы туралы мәселе өзекті сипат алып отырғандығын, сондықтан, бұл арақатынастың шынайылығына жарық беретін әрбір жаңа хабарды елеудің қажеттігін алға тартады. Түркия елінде болғандардың нақты мәліметтері негізінде ондағы большевиктердің азат етушілік миссиясына күдікпен қарап, олардың насихатында көтерілген мәселелердің жалғандық сипатын дұрыс түсіне бастағандығына дәлелдер келтіріледі. Мысалы, Әзербайжандағы Гянджадағы қиратуды естігеннен кейін оларда ешқандай күдікке негіз қалмаған. 

Мұстафа Шоқай большевизм мен кемализмнің арақатынасы әңгіме өзегі болған екі мақаладағы түйер түйін  –Кеңес Одағының  екіжүзділігін  көрсету, «достық»  қолын ұсынған болып, көрші елге өз революциялық идеяларын тықпалау, халық арасында іріткі салу, реті келсе төңкеріс жасауға үміт артуын таныту. 1920 жылғы қараша айында түрік халқы туралы Грузияда жазылған соңғы «Анатолиядағы түріктер арасында» атты көлемді  мақалаға Ангорадан келген Анатолиядағы ішкі билік жағдаймен толық таныс, тіпті Мұстафа Кемалды жеке танитын және ангор Үлкен Халық Жиналысының басқа да көптеген мүшелерін жақсы білетін адамның әңгімесі негіз болған. Оның мәліметінше, Анатолиядағы мемлекеттік билік ангордың 250-дей депутаты бар Үлкен  Халық  Жиналысында  шоғырланған. Жиналыстың төрағасы Мұстафа Кемал, ол әрі үкіметтің басшысы. Депутаттар негізінен үш топтан тұрады. Олардың басым бөлігі Мұстафа Кемалдың билігін қуаттайды және өздерінің  бағдарламасы  халықтық басқару ұранын көтергендіктен «халықшылдық» деп аталады. Ал өздерінің органын «Халық басқару» деп атайды. Екінші депутаттар тобы –  «Халк зюмряси», мұсылман социалистер. Үшінші топтағы депутаттар коммунистерге идеялық жағынан ниеттес. Олар өте аз.

Мақалада түріктерге Ресей большевиктерінің насихатындағы халықтардың, ұлттардың, бүкіл түркі мұсылман әлемінің құқықтарын қорғаймыз деген ұраны ұнайтындығы туралы айтылады. Сол себепті жергілікті халық большевиктердің Англия және Франциямен күрес туралы ұрандарын қолдайды.  Өйткені, бұл екі мемлекет өздерін, тұтас түріктерді екіге бөліп отырған Антантаға кіретін еді. Осыларды мәлімдей отырып, әңгіме иесі түрік газеттерінде большевиктік радиодан алынған 1920 жылдың мамыр айының соңында Әзербайжан төңкерісінен кейін  болған ерекше мәнді ақпаратқа тоқталады. Онда Бакуге башқұрт және қырғыз қызыл әскерлері кіргені, оның жаппай Анатолия-да ерекше қуаныш  туғызғаны айтылады, тіпті  мұны Халық Жиналысының бір депутаты бостандықтың ұлы идеясына сәйкес батыс пен шығыс түріктерінің қосылуына мүмкіндік беретін оқиға ретінде санап большевиктерге қанағаттанғандық сезімін жеткізген болатын. Алайда, Бакуде орныққан Гянджаны талқандаған орыс әскерлерінің бөлімдері екені мәлім болғаннан кейін бұл сезімдер күрт өзгереді. Жиналыс депутаттары басқаша сөйлей бас-тайды. Тіпті Мұстафа Кемалдың өзі орыс большевиктеріне қатысты мәселе туралы бірнеше рет айтып, ал  27 қыркүйекте Үлкен Халық Жиналысын ашардағы ресми сөзінде ол  орыс большевиктерін білмейтінін, оның ішкі мәнінің өзіне мәлім емесін, тіпті  әлеуметтік-саяси  доктрина ретінде  большевизмді білудің қажеті бар ма дей отырып, қолдан келетін мүмкіндіктермен өздерінің мемлекетін құру қажеттігін және осы жолда нақты көмек көрсете алатын барынша  интернационалистермен қолма-қол тығыз қарым-қатынаста болуды жақтады.

Мұстафа Шоқай Түркия тақырыбына араға біраз уақыт салып,  1928 жылы қайта оралады. Оның себептері бар еді. 1921 жылдан 1927 жылға дейін Париждегі орыс басылымдарымен, оның ішінде П.Н.Милюковтың «Последние новос-ти» және  А.Ф.Керенскийдің «Дни» газеттеріне  мақала жазып, тіпті бұлар ұйымдастырған жиналыстарға да қатысып жүрді. Екі газетте 150-дей мақала жариялады. Бұл басылымдарда Түркия тақырыбын қозғай алмағаны белгілі. Әуелгі кезде Түркістан бостандығы үшін күрес алаңын іздеп, сондай ақ күн көріс қамымен орыс демократтарымен қарым-қатынасқа түссе, кейін олардың шовинистік көзқарастары айқын белгі бере бастағанда бұл қатынас үзілген болатын. Содан біраз үзілістен соң «Мәскеу Коминтерні және Түркия» атты француз тілінде жазылған мақаланы 1928 жылы «Прометей» журналында жариялай алды.  Ал Түркия тақырыбына Мұстафа Шоқайдың етене кірісуі «Яш Түркістан» журналының жарық көруімен тікелей байланысты болды. «Түркия және Ұлттар Лигасы» атты алғашқы мақалада ірі мемлекеттер болғанымен Түркияның Америка және Кеңес Одағы сияқты Ұлттар Лигасының сыртында қалғаны айтылып, енді оның Ұлттар Лигасының Кеңесіне кіретіні туралы хабар төтенше тарихи һәм маңызды оқиға саналады. Бұл хабардан  енді  Түркия батыстың мәдениеті мен демократиясы жолына түседі, өзінің халықаралық жағдайын нығайтатын болады деп қуанышпен қабылдаған публицистің көңіл-күйін  айқын аңғаруға болады. Мұстафа Шоқай «Яш Түркістан» оқырмандарына сол кезде жер бетінің 54 мемлекетін біріктіріп, ұлттардың саяси-әлеуметтік өмірінде маңызды рөл атқарып отырған Ұлттар Лигасы туралы қысқаша мағлұмат беріп, оның жұмысының ерекшеліктері мен мақсат-міндеттерін баяндаған болатын.

Түркия үкіметінің елдің бүгінгі ауыр жағдайына қарамастан, шетелдердің қыспағынан құтқару мақсатында теңіз жағалауындағы Трабзон, Самсон, Адырна және Мерсин қалаларында,  Анадолының шартарабына  болат жолдар салынып жатқанына байланысты қуанышын автор «Большевиктердің Түркияға қарсы ынтымағы» атты мақаласында берген. Бұл шынайы достың көңіл-күйі болатын. Ал Кеңес үкіметінің Түркістандағы ресми органы саналатын «Правда Востока» осы оқиғаларға орай «Түркияны сату» айдарымен жариялаған «Кемалшылдар шетел капиталистеріне Түркияны үлестіріп жатыр» деген ақпараттарында  кемалшылдарды түркі халқына жау етіп көрсетуге тырысқан еді. Большевиктердің осы сипаттағы көзқарасы «Түркияның Ұлттар Лигасына кіруіне большевиктердің көзқарасы» атты мақалада да айқын берілген. Автор өздерін Түркияның ең жақын досы етіп көрсетіп жүрген большевиктердің Түркия Республикасының Ұлттар Лигасына ресми мүше болуын оның халықаралық жағдайын нығайтатын айрықша маңызды тарихи оқиғаға балаудың орнына олардың ең күшті қарсылық көрсетіп, Түркістан түріктерінің көз алдында Түркияның беделін түсіру мақсатында алуан түрлі өтірік-өсектер таратып жатқанын айтып қатал сынға алып, нақты мысалдар келтіреді. «Түркменская искра» газетінде «Түркия – алтын мен дипломатия торы ішінде» деген көлемді мақалада: «Түркияның Ұлттар Ұйымына (дұрысы Лигасы – Ә.Б.) кіруі – оның француз империалистік саясатының қақпанына түскендігі...Мұның өзі Түркияның ірі елдер қатарына кіріп іріленуін көрсетпей, қайта оның әлсіздігін және ұлттық бас игіштігін көрсетеді...» деп жазылған [1,275б.].

Мұстафа Шоқай Франциядағы орыс мұғажыр газеттерінің Түркия тақырыбына қатынасын назардан тыс ұстаған емес. Олар  әдетте ұлт азаттығы мәселесін теріске шығарса, орыстың республикашыл-демократтарының ой-пікірін білдіруші «Последние новости» және «Дни» газеттері бұл мәселеге көз жұмып, жақ ашпайтын. Социалист емес орыс мұғажырларының ең беделді осы екі басылымы ұлт мәселесіне келгенде мақсаттары бір болғанымен, оған жету тәсілі жағынан олар бір-бірінен көп алшақ жататын. Ара-тұра болса да Украина ұлттық қозғалысы туралы материалдар жариялап тұратын «Возрождение» большевиктердің қол астындағы орыс емес өлкелердің бөлініп кетуінен үрейленбейді. Оның ойынша, азаттық күресі ұлттық тәуелсіздік туы астында жүргізілсе де ештеңе емес. Мұндай күрес Кеңес өкіметін бөлшектеп құлатуға көмектеседі деп қарайды. Большевиктік Ресейден бөлініп кеткен өлкелерді қызыл өкімет құлаған соң қайта жинап алатынына шек келтірмейді. Ал «Последние новости» газетінің көреген авторлары түрікке қарсы мағлұматтар жинауға келгенде ішкен асын жерге қояды. Міне осыларды айта келе, Мұстафа Шоқай 1933 жылы жазылған «Орыстардың «Түрік ауруы» атты мақаласында пантүркизм, панисламизм – бұлардың бәрі орыс саясаткерлері душар болған «түрік ауруының» көріністері деген қорытынды жасайды. Мақала «Егеменшілер, шебімізді мықтап қорғайық! Өзара берік ынтымақта болайық. Харламов, Деникин және Милюковтардың үрейі ұша берсін. Біз отанымыздың азаттығы жолындағы күресімізді күшейте түсейік!» деген сөздермен аяқталады [1, 298 б.].

Мұстафа Шоқайдың ойынша, Түркия республикасының 10 жылдығына Түркістан түріктерінің жүрек түкпірінде сақталып келе жатқан арнайы сөздердің болмауы, Түркия ұлттық төңкерісінің тарихи маңызын терең сезінбеу, Анадолыдағы бауырларына өздерінің шексіз сүйіспеншілікпен достық сезімін білдірмеу де мүмкін емес еді. Бірақ жағдай олай болмады. Кеңес өкіметі Түркия мен Ресей түріктері арасына «Қытай қорғанын» соғуды көздеп, біртұтас түрік ұлтының осы екі бұтағын бір-бірінен бөліп тастауды ойлап, әншейінде Кемал Түркиясына дос болып көрінгісі келетін Мәскеу Түркістандағы түріктердің Түркиядағы қандас бауырларына өздерінің ең қарапайым туыстық сезімдерін білдіруіне жол бермеген. «Социалды Қазақстан» және «Шоралар Түркіменстаны» Мәскеудің қас-қабағынан қорқып, 29 қазандағы Түркияның ұлттық мерекесі туралы еш материал бере алмаған. Тіпті «Яш Түркістанның» бұрынғы бір санында түркістандық бір журналистің Анкараны аса бір ыстық сүйіспеншілікпен суреттегені және Түркия Жоғары Ұлт мәжілісін бүкіл түрік халқының ерік-жігерін білдіреді дегені  үшін ол Түркияның мәскеулік достары тарапынан «пантуркист» деп  айыпталып,  партиядан шығарылғаны, т.б. «Түркістан  кеңес баспасөзі  және Түркия  республикасының 10 жылдығы» атты мақалада әңгіме өзегі болған.

Осыдан бір жыл кейін, яғни, 1934 жылы жарық көрген, Кеңес Одағындағы түріктердің азаттығы үшін күресте тұтастықты қамтамасыз етіп, алауыздыққа жол бермеу мақсатында жазылған «Түркия-Кеңес достығы» және «Алауыздыққа орын қалдырмайық» атты екі мақаласын Мұстафа Шоқай Түрік баспасөзі беттерінде түрікшілік мәселесін өз деңгейінде бірден-бір көтеріп жүрген түрік қаламгері Уәли Нұралдин бектің Ыстамбулда шығатын «Хабар» атты газетінде (14 және 15 желтоқсанда)  жарық көрген үш мақаласына орай жазған. Мақалалардың алғашқы екеуі «Дүниежүзіндегі түріктер...танысыңыз!», екіншісі – «50 миллион түрік бұқарасы қауіп астында» деп аталады.  Автор Кеңес Одағы шекарасы ішіндегі Түрік автономиялары бастарынан кешіріп отырған қайғы-қасіретін кеңестік құрылым мен Түркия арасындағы достық-ынтымақ арқылы үйлестірмек болса, екінші қаламгер Мырзабала бек «Кеңестік құрылым мен Түркия Республика арасында ешқандай да достық болуы мүмкін емес» деп пайымдайды. Мұстафа Шоқай екінші қаламгерді құптай отырып: «Кеңестік құрылым мен түркілік – бір-біріне мүлде жанаспайтын екі басқа ұғымдар» деп төрелігін айтады [2,6 б.]. Бұған орыс большевиктерінің түріктерге қатынасын  көрсететін бірнеше мысалдар келтіреді. Соның бірі – кеңес партия  мектептері мен  сауда оқу орындары үшін  оқулық ретінде  1926 жылы Ташкентте басылған кітапшада: «Жергілікті (яғни, Түркістан) халық бұқарасының ұйымы ұлт мәселесі төңірегіндегі айтыстарымызды Кеңес үкіметінің ұлттық автономия саясатына орай қоздырып,  ауыр зардаптарға апарып соғуы ықтимал аса қауіпті жолға түсті. Бұл «ұлттық қозғалыстар» тез арада пантүркизмге, Шығыстың езілген түріктерінің басын қосып біртұтас түрік ұлтын қалыптастыруға бағыт ұстады» деп жазылған [2, 6-7бб.]. Сонымен бірге Мұстафа Шоқай Уәли Нұрадин бектің ой-пікірлерінің пайдалы екеніне назар аударады. Біріншіден, большевиктер Түркияның ұлттық және мәдени идеологиясы – түрікшілдіктің бітіспес жаулары екенін Түркия Республикасындағылар сезінулері керек. Екіншіден, большевиктердің тепкісінде жатқан түріктердің мұғажырдағы өкілдері – түрікшілдік үні атамекенімізде әлі өшпегенін анық көру мүмкіндігіне ие болып отыр. Ал «Алауыздыққа орын қалдырмайық» атты екінші мақаланы  Мұстафа Шоқай Уәли Нұрадин бектің мақалаларын «Яш Түркістанда» басқанда ешбір саяси мақсат көзделмегенін,  Кеңес Одағының түрікшілдікке, түріктердің бірлігіне  қарсы бағытталған «Қытай қорғаны» мен «Кедергі қою» саясатының салдарынан өзара байланыстарын барған сайын әлсіретіп бара жатқаны туралы шындықты Түркия түріктеріне әйгілеп, Түркия баспасөзінің назарын аударуды мақсат етіп жазған. Сонымен қатар Мұстафа Шоқай Уәли Нұрадин бектің түрікшілдіктің ең қас жауы большевиктерді Түркияның ең жақын досы деп санайтынын, біздің ең ауыр ұлттық қасіретіміздің өзі осыдан туындап отырғанын, мұны Анадолыдағы түріктер сезінбегенімен, Түркістандағы түріктер өз бастарынан кешіріп жатыр дейді. Осыларды мәлімдей отырып, автор өз жақтастарының  түркиялық бауырлар аса жоғары бағалап отырған Ресейдегі кеңестік жүйеге қарсы еместігін, Әзербайжан, Еділ-Орал, Қырым және Түркістанда еңсені басып тұрған орыс пролетариаты диктатурасына қарсы күресудеміз деп түйіндейді. Мақала: «Біз еркін және азат өмір сүргіміз келеді. Біз де Түркия тәрізді  ұлттық билікке қол жеткізуіміз керек. Осы мақсатымызға жету үшін біз өзімізге қарсы келген күштермен күреспей тұра алмаймыз» деген сөздермен аяқталады [2, 11 б.].

Мұстафа Шоқайдың келесі «Мәскеу және Түрік коммунистік партиясы» атты мақаласында Ресейде шыққан «Шығыс коммунистік партиялары бағдарламаларына қатысты құжаттар» атты кітаптағы «кеңес достарының» Түркияға көзқарасын, «достығын» білдіретін Кемал Түркиясына берген бағасы, яғни, оны «жартылай тәуелсіз ел» деп жазуы әңгіме болады. Кітап авторлары Түркия коммунистік партиясына мүше болғандардың 90 пайызы түрік бұқарасы екенін айта келіп, түрік компартиясы күллі түрік халқына, түріктің төңкерісшіл демократтарына, жұмысшы, шаруа диктатурасы мен социализм құру жолындағы күресіне басшылық ете алатын деңгейге көтерілді, ол кеңестік тәсілмен жұмысшы және шаруалар диктатурасын орнату үшін шарт-жағдай әзірлеуде деп ашықтан-ашық жазған. Алайда, кітаптың кіріспесінде  түрік төңкерісіне Ресейдің көзқарасын білдіретін: «Кемал төңкерісі – империалистерге қарсы күрес тудырған тек буржуазия табының төңкерісі. Бұл төңкеріс өз табиғатында жұмысшы, шаруаларға және шаруа төңкерісіне жат» деген сөздер келтірілген [2, 16  б.]. Мақала  соңында  автор Түркия коммунистік партиясының бағдарламасында келтірген Сталиннің осы сөздерін орыс большевик төңкерісі мен түрік ұлттық төңкерісі арасынан мұрат, мақсат бірлігін тауып, түрік оқырмандарын, әсіресе, саяси күрес тәжірибесі жоқ түрік жастарын адастырып жүрген түріктің кейбір қаламгерлерінің есіне алғаны жөн болар еді дейді.«Большевиктердің «Түрік достығы» атты мақалада Мұстафа Шоқай «кеңестік-түріктік достықтың» буына есі кетушілер арасында орыс большевик төңкерісі мен  түрік ұлттық төңкерісі мұраттарынан ортақтық көре бастағандарды қатал сынға алып, «большевизм» және «ұлтшылдықты» бірі-біріне ешқашан жанаспайтын екі басқа дүние екенін, өйткені, большевизм ұлтшылдықты теріске шығаратыны тәрізді, ұлтшылдық та большевизмді теріске шығарады дейді. Түркияның батыстың мәдениеті мен демократиясына түскен жолы орыс большевиктерінің жолымен еш қиылыспайтынын ескертеді. Большевиктердің өздері негізінен теріске шығаратын, ешбір ымыраға келгісі келмейтін «ұлтшылдық» ұғымын «пролетарлық төңкеріс» идеяларын жүзеге асыру жолында тиімді құрал ретінде пайдаланудан  бас тартпайтыны, олар еуропалықтарға қарсы қою үшін қытай ұлтшылдығын танитыны және қолдайтыны, ал ағылшындарға қарсы үнді ұлтшылдығын да оңды құбылыс деп санайтындары атап көрсетіледі. Сонымен бірге ұлтшылдықты мойындай, қолдай отырып, ұлттың ішкі бірлігіне іріткі салуды, ондағы күштерді өздерінің «пролетарлық төңкеріс» идеяларына қарай икемдеуді де ұмытпайды деп ескертеді. Осыларды айта келе, Мұстафа Шоқай кемализм жеңістері большевиктердің материалдық және идеологиялық көмегінің нәтижесінде емес, ең алдымен, түрік қоғамының салауатты ұлттық негізге құрылуы мен түрік халқының асқан ерлігі, жол бастаушыларының парасаты мен көрегендігі арқасында түбі туысқан елдің алған бағыты дұрыстығының нәтижесі деп қорытындылайды.

Мәскеу большевиктерінің Түркияға байланысты ұстанып отырған екі жақты саясаты арқау болған «Түркия туралы большевиктердің екі басылымы» деген мақалада Түркия Республикасының 10 жылдық мерекесіне тарту ретінде шыққан профессор Жуковскийдің «Екінші Түркия» («Земледельческая Турция») атты кітабы түрік-кеңес достығының нығаюына қызмет ететіндігі, ал «Түркиядағы ауыл шаруашылығы мәселесі және шаруалар қозғалысы» атты мақала  Кеңес Одағындағы «еріксіз» және  бейбіт  әлемдегі «ерікті» оқырмандардың санасына түрік ұлттық төңкерісіне қарсы дұшпандық, өштік ұрығын себетін құрал іспетті екендігі туралы айтылады. Екінші кітап авторы Түркия шаруаларында кемализм саясаты нәтижесінде туылуы тиіс «таптық жіктелуді» көрсету үшін олар бір жағынан байлар мен кулактардың тепкісінде екенін көрсетуге тырысса, екінші жағынан олар үкіметтің ауыр салығы астында жаншылып жатқан тәрізді суреттеледі. Осындай жағдайдан шаруалар арасында соңғы кезде «бандитизм» сияқты әрекеттер көбейіп кеткен. Автордың ойынша, өздерін түрік шаруаларына Түркия үкіметінен де жақынбыз деп санайтын Мәскеу большевиктері кемализмнің ұлттық-біржуазиялық төңкерісін пролетариат социалистік төңкерісіне жылдамырақ айналдырып жіберу керектігін барынша ашық аңғартып келеді. Алайда, Мұстафа Шоқайдың білуінше, Сталин кемализмге сәл басқаша қарайтын тәрізді, ол кемализмді пролетарлық-социалистік төңкеріске жылдам ұластыруды жақтамайды. Оның сызып берген жобасы бойынша Кеңес өкіметі Түркияны Мәскеудің саяси мақсаттарына пайдаланбақ, кемализді Түркиядағы жұмысшылар мен шаруалардың көз алдында қаралап, оларға жау етіп көрсету арқылы Түркия ұлттық төнкерісінің мән-маңызын жоймақ, сондықтан, екінші кітап осы бағытқа қызмет етпек.

1931 жылдан Ұлттар Лигасының тең құқықты мүшелігіне өткен Түркия еліне деген әлемдік көзқарас әртүрлі болды. Бұл  заңды еді. Өйткені,  ондай көзқарас әр елдің мақсат-мұратынан туындайды. Мұстафа Шоқай «Мен патриотпын» («Je suis partout») газеті «Түркия саясаты хақында» атты мақаласында Франция баспасөзінің ара-тұра болса да Түркияға мойын бұрып қоятынын, бірақ оның сая-саты жөнінде ылғи да дұрыс мағлұмат бере бермейтінін айта келе, Түркияны көбіне Мәскеудің шылауында, өзінің дербес саясаты жоқ деп кінәлайтыны сияқты материалдардың  баспасөзде жиі жариялайтынын атап көрсетеді. Бұған мысал ретінде Францияның ішкі саясатында көрнекті рөл атқаратын, күшті авторитарлық үкімет құру идеясын жақтаушылардың органы болып саналатын «Мен – патриотпын» газетінің Түркияға Италия жақтан төнетін қауіп туралы осы беделді газеттің ашықтан-ашық жазуына назар аударғанда оның себебін Францияның Түркияға жаны ашығандықтан іздемейтінін, Анадолының оңтүстік жағына Италияның аяғы тисе, өздерінің Сириядағы мүдделеріне қауіп төнеді деп үрейленетінімен түсіндіреді. Сонымен қатар, Францияның кейбір баспасөзінде түріктердің коммунизмге достығы, кез келген уақытта Анкараның қызыл жүйе жариялауы ықтимал екені туралы да сөз болып жататынын айта отырып, Мұстафа Шоқай мұндай пікірге өз көзқарасын былайша білдіреді: «Біз атамекенімізді бұғауында ұстап отырған Мәскеу қызыл үкіметі мен бауырлас Түркия арасындағы достыққа қуана қоймағанымызды мойындаймыз» [2, 32]. Сонымен қатар, автор Түркияның қызыл түзімге (жүйеге – Ә.Б.) және коммунизмге деген түпкі, шын мәніндегі көзқарасына ешқашан шүбә келтірген емеспіз деп туысқан түркі халқының берік ұстанымын танытады.

Кеңестік  Ресей  саясатының  Түр-кияға  байланысты жаңа қырлары Мұстафа Шоқайдың Армения тақырыбына арналып жазылған мақалаларында да ашыла түседі. Өз ішінде «ұлт мәселесін» тұншықтырып, Финляндияның автономиясын бірте-бірте жойған, украиндарға өз тілінде сөйлеуге тыйым салған, өзіне қарағанда әлдеқайда мәдениетті мемлекет Польшаға автономия туралы ауыз аштырмаған көне Ресейдің Түркия шекарасы ішіндегі Армения автономиясы жөніндегі жобасы оның Түркияны бөлшектеу саясатынан туғандығын және армян мәселесін оған қарсы жұмсау үшін болып отырған еді.

1929 жылдан шығып келе жатқан «Яш Түркістан» басылымы Түркия үкіметінің 1934 жылғы 16 қазан күнгі «Үкіметіміз бен кеңестік Ресей үкіметі арасындағы қатынастарға байланысты Берлинде шығатын «Яш Түркістан» журналын елімізде таратуға тыйым салынды» деген мазмұндағы қаулысымен Түркия жерінде таратылмайтын болды. Бұл Мұстафа Шоқай бастаған ТҰБ ұйымының ғана емес, Түркия тұрғындары және оны екінші отаны санайтын барлық түркістандықтар үшін күтпеген жағдай болады. Сол себепті Мұстафа Шоқай «Яш Түркістан» Түркияға кіргізілмейтін болды» («Жығылғанға жұдырық») атты мақала жазды.  Автор мұндай  шараға Түркия үкіметінің баруына не себеп болды деген сұрақ қойылып, өздерін сыртқы саясатымызға сәйкес келмейтін  істермен шұғылданды деген кінәлауға түсініктеме береді. Біріншіден, түрік-кеңес достығына қарсы баспасөз беттерінде ешқашан, ешқандай материал жарияланбаған, екіншіден, өздерінің түрік-кеңес достығы қандай жағдайда пайда болғанын және нендей факторлардың ықпалымен оның дамығанын жақсы білгенімен, оны суытуға бағытталған мақсат көзделмеген.

Мұстафа Шоқай түрік-кеңес достығының алғашқы жылдарында  Антанта мемлекеттері арасында Түркия басшылары большевиктеніп барады-мыс деп кінәлайтын пікір қалыптаса бастаған кезде өзінің Түркістан түрік ұлттық ұйымдарының өкілі ретінде хат жазып, кемалшыларды большевиктік Ресеймен жақындасуға мәжбүр еткен себептерге талдау жасағанын және енді жолға қойыла бастаған түрік-кеңес қатынасын Түркия мүддесі тұрғысынан жақтағанын айтады. Ал қазір ертеңгі күннің бейбіт боларына кім-кімнің де сенімін азайта бастағанда түрік-кеңес қатынасын бұзуға тек саяси санасы тым төмен адамдар ғана баруы ықтимал екенін ескертеді. Бүгін бүкіл дерлік Еуропа Мәскеумен достық қатынас орнатып отырған кезде, өздерін түрік-кеңес достығына нұқсан келтіріп, Түркияны Еуропа мен Кеңес Одағы арасында жалғыз қалдыруға әрекет жасаушылар ретінде айыптауды ешқашан қабылдай алмайтынын, оған дәлел боларлықтай ешбір материал жарияламағандарын, сонымен қатар бауырлас Түркияның атамекенімізді жаулап алған империямен достығына сүйсіне  алмайтынын ешқашан жасырмағанын да ашып айтады. Өздерінің ешқашан түрік-кеңес қатынасын суытуға ұрынбағанын, түрік ұлттық төңкерісін большевиктік насихаттың жаласынан қорғағанын, бұл осы күнге дейін өздерінің борышы деп санап келгенін, бұдан соң да солай ете беретінін мәлім етеді. Өйткені, түрік ұлттық төңкерісі көтерген ұлт азаттығы мәселесі өздерінің де арман-мұраты, ол түркістандықтардың азаттық күресіне де күш-жігер беретініне сенім білдіреді. Сондықтан да, түрік ұлттық төңкерісіне көлеңке түсіріп, оны қаралап, оған жала жабуға дейін барған Мәскеу насихатына тойтарыс беруді, түрік халқын қорғау, ақтау және қолдауды өздерінің ұлттық міндеті деп білетінін ескертеді. Мақала «Амал жоқ. Осы бір ауыр, естен кетпес соққыны да қабылдай отырып, біз оның жан-дүниемізге салған терең іздерін қымтап ұстап, бұған да төзіп, жолымызды жалғастыра береміз» деген сенім сөздермен аяқталады [2,44 б.].

Мұстафа Шоқайдың туысқан түрік халқына деген ықыласын оның өз сөзімен айтқанда Түрік нәсілінің тарихында ең басты орындардың бірін иеленетін, ең ұлы тұлғалардың бірі Мұстафа Кемал Ататүрік сынды көсем-қолбасшының, ұлы реформатор және мемлекет қайраткерінің дүниеден өтуіне байланысты жазған «Ататүріктің қазасы» және «Ататүріктің реформалары» деген екі мақаласынан жақсы тануға болады. Алғашқы мақалада Ататүрік басшылық еткен соңғы  10 жылдық барысында Түркияда қол жеткен оңды өзгерістерді, әсіресе ең бастысы түрік халқының таным-түсінігін, ойлау жүйесін өзгерткені атап көрсетілсе, екіншіде өз халқын шексіз сүйетін Ататүріктің Түркия тарихының бағытын өзгерткенін, ал реформалары  Түркия тарихының жаңа бет-бұрысына қызмет етіп, оның табыстан-табысқа  жете беретініне, елдің болашағына ешқандай күдік-күмән жоқ екеніне сенім білдіріледі. Мұстафа Шоқай алды осыдан бір ғасыр бұрын жазылған туысқан түрік халқы туралы мақалаларындағы рухани құнын бүгін де жоймаған, қайта азаттыққа жеткен екі елдің кешегі тарихынан мол мәліметтер мен идеяларының ішіндегі біріне соқпай кетуге болмайды. Ол ұлы тұлғаның «Ұлттық зиялы» атты мақаласындағы «Батыстық білімді» «Шығыстық рухымен» ұштастыра білген Түркия тәжірибесі туралы айтқан: «Біздіңше, дүние тарихында бұрын-соңды көтерілмеген жетістіктердің түпкі себептері – Түркия ұлттық күштерінің Еуропа тәрбиесін алған түрік зиялылары мен шығыс зерделі зиялылары түркі менталитетін (Мепіаіііеі) сәтімен үйлестіре алуында жатыр» деген аса құнды пікірі [1,157 б.]. Бұл бүгінгі күрделі қиыншылықтарды артқа тастап, тәуелсіздікті тұғырлы етуге бет алған  еліміз үшін ғылыми, философиялық жағынан мәнді, практикалық жағынан  аса маңызды.

 Сөзімізді қорыта келіп, бір өзі бірнеше мақала жазған, түбі бір халыққа өзінің ерекше сезімін аямаған Мұстафа Шоқайдың бұл сенімін түрік елінің өткен тарихы да, бүгіні де толық дәлелдеді. Осындай тамаша тағдырлы халыққа деген шынайы қызығушылық туысқан Қазақстанда тәуелсіздік алуымен жаңарды, жаңа деңгейге көтерілді. Ол жаңа мазмұн, жаңа сипатқа ие болды. Өйткені, Түркия – Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқы таныған елдердің бірі.  Ал үстіміздегі ғасыр түбі бір тектес, тәуелсіз,  өз тағдырлары өздеріндегі  екі ел арасындағы саяси  және экономикалық, қоғамдық және әлеуметтік қарым-қатынастардың жаңа сапалы кезеңі басталғанының куәсі болып отыр.

 Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Шоқай М. Таңдамалы шығармалар. Үш томдық. 1-т. – Алматы: «Қайнар» баспасы.– 2007. -352 бет.

2.Шоқай М. Таңдамалы шығармалар. Үш томдық. 2-т. – Алматы: «Қайнар» баспасы.– 2007. -392 бет.

 

 

1073 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз