• Ел мұраты
  • 29 Тамыз, 2020

МӘШҺҮР ЖҮСІП КЕСЕНЕСІ ҚАЛАЙ САЛЫНДЫ?

Ұлы ғұлама, діндар, әулие, ақын, тарихшы, этнограф, шежіреші Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының есімі Алты алашқа жақсы таныс. Ол кісі көзі тірісінде зиратын салдырғаны көпшілікке мәлім. Молда алдырып, жаназасын шығарып, келіндеріне жоқтау айтқызып, зиратының бір бөлмесіне өзі жатып көрген. Қайтыс болған соң жиырма жылдан артық айына бір-екі рет қана алмастырып тұратын ақ жамылғының астында тәнінің еш жері бұзылмастан жатқан. Партияның өкілдері Мәшекеңнің мәңгілік мекені «табынатын жерге айналды» деген желеумен өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында әулиенің мүрдесін көмдіріп, зиратын бульдозермен бұздырып тастады.

Осы тұста ғой, жазушылар Сәбит Мұқанов, Дихан Әбілев Мәшһүр Жүсіп мұрасының, қол жазбаларының жоғалып кетпеуіне аландаушылық білдіріп, газет беттерінде мақалалар жазғаны. Бірнеше жыл өткен соң Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туыстары, немерелері кіші баласы Пазылдың үйіндегі келіні бар, сол ауылдағы кеңшар директорының жәрдемімен  1970-ші жылдың соңына қарай зират қайта көтерілген екен. Бұған сол жылдары Мәшекеңнің үлкен немересі, Ұлы Отан соғысының ардагері Төлеубай Шәрәпиұлы ағамыз бен Ұлы Отан соғысының ардагері, Алматы қаласының тұрғыны, зиялы ақсақал Нағи Ахметов екеуінің сол кездердегі Павлодар облысының облыстық атқару комитетінің төрағасы, Кеңес Одағының батыры,Ұлы Отан соғысының ардагері Махмет Қайырбаевтың қабылдауында болып, мәселе көтергендігі септігін тигізген болу керек.

Бертін, 2000 жылдардың басында елдегі  немерелері  Ұлы  Отан  соғысының ардагері Төлеубай ақсақал, Сүйіндік ағай, келіні Нүрилә апай, тағы басқа ауылдас жерлестері уақыт талабына сай кесене салсақ деген оймен аудан басшыларына тілектерін жиі айтып жүрді. Ол кездерде ауданда, облыста бюджет қаражаты тапшы болғандықтан бастаманы іске асыру оңай емес еді. Әйтсе де, қиындықтарға қарамай аудан әкімдігі кесененің жобасын жасауға байқау жариялап, 2003 жылы Алматы қаласының «Экология» жауапкершілігі шектеулі құрылыс мекемесінің жобасын таңдап алып, Павлодар облысының әкімі Даниял Ахметовке ұсыныс жасады. Даниял Кенжетайұлы қолдау көрсетіп, өзі бас болып ақшалай қаржы салып, арнайы қор ашып, есеп шотына облыстың ірі кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің, жеке адамдардың қаржысын жинау үшін облыстық Мәдениет басқармасына көмек көрсетуді тапсырып , басқарманың сол кездегі басшысы Айым Ханафинаға жүктейді.

Аудан ұсынған жобада кесене екі ғимараттан – зираттан басқа күмбезді, арнайы намаз оқитын бөлме қарастырылған болатын. Облыс басшылығы қаржы тапшылығына сәйкес бір ғана ғимарат салу керек деп шешті. Кейіннен, бірер жылдар өткен соң, әрине, бірнеше ғимарат тұрғызылды. Мысалы, қонақ үйі, кітапхана, мұражай, жазғы ас ішетін орын, тағы басқа зиярат етушілерге қолайлы тұрмыс қажеттілігін өтейтін орындар салынды. Сөйтіп, үлкен құрылыс кешені орнады. Бұл істерді жалғастыруда көптеген азаматтар, ірі кәсіпкерлер, жоғарғы лауазымды билік басындағы адамдар атсалысты. Атап айтатын болсақ, Павлодар облысын әр жылдары басқарған облыс әкімдері Ерлан Арын, Қанат Бозымбаев, ірі кәсіпкер, Қазақстан Республикасының кәсіпкерлер ұлттық палатасының төрағасы Тимур Құлыбаевтың қаржылай көмегінің арқасында бірталай құрылыс салынды.

Жалпы осы кешенді құрылыс салынуына көптеген лауазымды қызметтерде істейтін азаматтар да атсалысты. Солардың бірі - Павлодар мұнай өндеу зауытының бұрынғы директоры Шухрат Данбай. Сондай-ақ Қазақстан Рес-публикасы Үкіметінің вице-премьері Роман Скляр бірнеше мәрте көптеген мәселелерді шешуге көмектесті. Сөйтіп, сметалық құжаттар дайын болысымен құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін Баянауылда  600 орындық мектеп-интернат, аудандық аурухана ғимараттарын салған Екібастұз қаласының Бағдат Апаханов басқаратын «Ремстрой»құрылыс кәсіпорны таңдалды. Құрылыс аланыңа электр желісін тарту, су ұңғысын қазу, құрылысшыларға уақытша жатақхана, ас-су дайындалатын  орындар, тағы басқа қажеттіліктер тез арада шешімін табу керек еді. Құрылыс материалдарының көпшілігі Екібастұз қаласынан жеткізілді. Құрылысшыларға азық-түлік мәселесі, әсіресе, етпен қамтамасыз ету аудан кәсіпкерлері мен тұрғындары есебінен тегін шешілді.

Кесененің іргетасы, баспалдақтың сырты жергілікті жердің Жаңатілек, Бірлік ауылдарының қызыл және жасыл тастарымен көмкерілді. Баспалдақ демекші, Мәшһүр Жүсіп атамыздың өмір сүрген жасына сәйкес 73 баспалдақ жасалды. Мәшекең көзі тірісінде: «73-ке келгенше балталасаң өлмеймін, 73-ке келген соң байлап қойсаң тұрмаймын» деп, бір жыл бұрын зиратын салғызып, жұртты жинап молда алдырып жаназасын шығартып,  келіндеріне жоқтау айтқызғаны белгілі. Ақын Рауан Қайдар «Ескелдіге барғанда» өлеңінде:

«Жазғанына сын айтпас пешененің,

Жырға жүйрік, тілге бай шешен едің.

Бұл оның өмір сүрген жасы дейді,

Жетпіс үш баспалдағы кесененің»  деп жырлайды. 

Баспалдақпен көтерілетін тұста  сол жағында ақын Ғафу Қайырбековтың:  

«Мен келдім музейіңе жолым түсіп,

Егілдім рухыңды сүйіп-құшып.

Өмірдің жолдарында жар бола көр

Қазақтың пайғамбары Мәшһүр Жүсіп», - деген бір ауыз өлеңі және баспалдақтың оң жақ қапталында Нартай Бекежановтың:

«Ақмолла,Ұзақ ақын, Мәшһүр Жүсіп,

Заманға жатушы еді үлгі пішіп.

Солардың ағып жатқан теңізінен

Біз пақыр сөйлеп жүрміз қанып ішіп», - деген өлеңі тасқа қашалып жазылған.

Кесенеге көтерілетін баспалдақтың оң жақ қапталында және кесенені айналдыра қойылған тастарға Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының төрт шумақтан өлендері ойып жазылған. Мұның да кішігірім тарихы бар. Айтайық. Кесене құрылысы аяқталуға таяған кезде Мәшһүр Жүсіп атамыздың немересі, филология ғылымының докторы Қуандық Жүсіповке арнайы жолығып, кесене баспалдағының бойына және айналасына тастар қашап, оған Мәшекеңнің өлеңдерін жазбақ ойымыз бар екенін жеткіздік, соған Қуандық ағаның өзі өлең жолдарын таңдап беруін өтіндік. Кешікпей қолымызға 40-50 бет қағазға басылған жыр жолдары тиді. Соның ішінен іріктеп 18 тасқа Мәшекеңнің жырлары қашап жазылды. Көңілге қонарлық тамаша іс - осы өлең жолдарының барлығын, сол кезде «Жұлдыз» журналының бас  редакторы болып қызмет істеген ақын Ұлықбек Есдәулет, басылымның 2008 жылғы 10-шы санына «Біздерге бұл өнерді берген - Құдай» деген атпен басып шығарды. Бұл қолдауға риза болып, Ұлықбек ақынға төмендегі мазмұнда жедел хат жолдадым. «Аса құрметті Ұлықбек інім! «Жұлдыз» журналының 2008 жылдың 10-шы санынан «Біздерге бұл өнерді берген - Құдай» атты өлеңдер топтамасын көріп Сізге ел атынан зор ризашылық білдіріп, алғысымызды айтпақшымын. Егеменді еліміздің әдебиеті мен мәдениетінің тұтқасын ұстап жүрген қадау-қадау ұлдарының, ақындығы мен азаматтығы қатар өскен ерен ұрпақтарымен – өзің мен Ғалым Жайлыбай ініммен таныс, етене жақын, сыйлас дос, жолдас болғанымды бақытқа санаймын. Құдай тағала өзіңе тумысынан көкірегіңе көз бітіру арқасында тасқа жазылған ұлы ғұлама Мәшһүр Жүсіптің сөздерін енді «Жұлдыз» журналы арқылы тек Мәшһүр Жүсіп басына зиярат етушілер ғана емес, бүкіл қазақ жұртшылығы тегіс оқи алуға мүмкіншілік алды. Алаш Азаматы атағына сай өздерің үшін қазақтың Алатауы мен Алтайы, Маңғыстауы мен Үстірт, Қаратау, Көкшетауы – бір ұғым болғандайын Баянауыл, Жаңарқа, Күршім, Зайсан да бір ұғым. Баянаула жұртшылығы атынан Сізге бақытты ғұмыр, шығармашылығыңызға шабыт тілеймін. Достық, туыстық ниетпен Баянауыл ауданының әкімі Қорабай Шәкірұлы, 28 қараша 2008 жыл» делінген хатта.

Құрылысшыларға көмекке сол жылдары Ерлан Мұхтарұлы Арын басқарған Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің бір топ студенті «Жасыл  Ел» бағдарламасы аясында жұмыс істеді. Қаражаты Баянауыл Ұлттық табиғат паркі есебінен төленді. Ауданда барлық мекемедегі қызметшілер уақытпен санаспай кесенені мерзімінде бітіруге күш салды. Кез келген аудан тұрғыны өз көмегін көрсетуге әзір еді. Кесене құрылысы жаз шыға басталғанымен біраз уақытқа созылды. Күз түсіп, күн салқын тарта бастады. Кесененің ашылуына байланысты жоспарланған ат бәйгесі, ақындар айтысы, концерттік бағдарламалардың өткізілу-өткізілмеуі көңілге күдік тудырған шақтарда, сол кездегі облыс әкімі Қайрат Нұрпейісов телефон шалып, алаңдаушылығын білдірді. Әне-міне дегенше, 2006 жылдың 10-шы қарашасы да келіп жетті. Бұл уақыттарда біздің солтүстік өңірде салқын түсіп, қар жауып, қыс басталатын мезгіл. Кесененің ашылу рәсіміне сол кездегі ҚР Мемлекеттік хатшысы Оралбай Әбдікәрімов қатысып, сөз сөйледі. Аймақ басшысы Қайрат Нұрпейісовтен кейін сөз алған белгілі қоғам қайраткері, жазушы Ақселеу Сейдімбеков: «Есеміз кеткен ел едік, олқылықтардың орны толуда...» деп бастап, жиналған жұртты қысқа да, мазмұнды сөзімен риза етті. Аудан тұрғындары атынан бұрыңғы «Жаңа жол» кеншарының директоры Мұрат Рахметов ақсақал сөйледі. ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған ресми және лауазымды қонақтарға арнайы дастархан жайылды.

Әлі күнге дейін естен кетпейтін бір тосын жағдай болды. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесінің ашылуына арнайы жабдықталған 12 қанат киіз үйдің ішіне үлкен табақпен ет тарту үшін алып келе жатқанымызда табақ есікке сыймады. Ақыры табақты кигіз үйдің есігінің мандайшасын ашып кіргізуге тура келді. Ынғайсызданып қалған бізді де, үрпиісіп қалған қонақтарымызды да белгілі жазушы, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Медеу Сәрсеке ағамыздың: «Қазақ салтымен табақ тартайын деп жатыр ғой» деген сөзі жуып-шайып жіберді.

Той жоспарланған бағдарлама бойынша өтіп жатты. Павлодар қаласында басталған екі күнге созылған ақындар айтысының финалдық жарысында  Қазақстан Жазушылар одағының төрағасының бірінші орынбасары ақын Ғалым Жайлыбай төрағалық еткен қазылар алқасы шешімімен Қарағанды облысының жас ақыны Дидар Қами бас бәйгеге ие болды. Отыз шақырымдық аламан бәйгеден Астана қаласының сәйгүлігі бірінші келді.

Кесененің құрылысы мен ашылу салтанаты жалпыхалықтық сипат алды. Тойға облыстың барлық қалаларынан: Павлодар, Екібастұз, Ақсу, сол сияқты барлық аудандар қатысып 100-ден аса киіз үйлер тігілді. Сонымен қатар Алматы, Астана, Қарағанды, Семей қалаларының киіз үйлері де бой көтерді.

Сонымен той өз мәресіне жетті. Жоғарыда айтқанымыздай, күз түсіп, күн суытып кетеді деп қауіптендік. Дегенмен, күн жылы болып, барлық жоспарланған істер ойдағыдай атқарылды. Кесене басындағы Мәшһүр Жүсіп өлеңдері жазылған тастарды аудандағы тас қашаушы маман Озкен Жәмінұлының екі ұлы Қайыргелді мен Балта қашады. Әрбір тасты дайындауға өз қаржыларынан ауданның белгілі азаматтары үлес қосты. Сөйтіп, кесене басына келіп зират етушілерге Мәшекең:

«Дауысы бар тастан аққан бұлақтың да,

Маңыраса үні зарлы лақтың да,

Қалайын қалсам өзім айдалада,

Болсын да сөзім сырға құлақтыға» - деп өсиет-нақыл сөздерін үлгі етіп тастарға жазылған жырымен жеткізуде. Өз қаржысымен тастарға өлең жолдарын жаздырған азаматтарға ұйымдастыру комитеті арқылы төмендегі мәтінде ескерткіш алғыс хаттар таратылды.

Кесененің келбеті түсірілген фотоның үстіне Мәшекеңнің: 

Қылғалы шамға білте мақтаны алар

Алғанмен майсыз мақта қалай

                                               жанар?

Жауын мен жел тиетін жерге              

                                                   қойсаң,

Саулап жанып тұрғанмен, сөніп

                                                     қалар.

Дүкеннен жаңа шыққан мен бір

                                                  мақта.

Бозбала, жағып қара, майым тап та.

Түніңді күндіз қылып жіберейін,

Жаңбыр мен жел тимейтін жерге сақта, - деген өлеңі басылған осы «Алғыс хат» қаржылай көмек көрсеткен азаматтардың  әрқайсысына  аты-жөндері көрсетіліп, сондай-ақ ізгі тілектермен өрнектеле отырып жолданды. Мысалы, Павлодар қаласының тұрғыны Бәкір Демеуов деген азамат өзінің ұлы Әділетке демеуші ретінде қаржы салдырды. Қазір оның үйінің төрінде де қос бірдей «Алғыс хат» тарихи оқиғаның куәгеріндей болып ілулі тұр. Осы мәтіндес алғыстар кесене құрылысына қолғабысын тигізген көптеген азаматтардың отбасының төрінде бойтұмардай сақтаулы. Мысалы, осы мақала жолдарының иесінің төрінде отбасының құнды мұрасындай төрден орын алған хатты («Құрметті Шәкіров Қорабай Шәкірұлы! Қазақ халқының ұлттық мұрасына зор үлес қосып, кейінгі ұрпаққа баға жетпес рухани мол мұра қалдырған ғалым-фольклорист, ақын, этнограф, ойшыл дана, әулие атанған Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының кесенесін тұрғызуға атсалысқаныңыз үшін және басталған істің баянды бітуіне өзіңіз тікелей араласып, қол ұшын тигізгеніңізге алғысымды білдіремін. Павлодар облысының әкімі  Қ.Нұрпейісов») көзімнің қарашығындай сақтап келемін.

Жоғарыда айтқандай, кесене құрылысының аяқталуы жалпыхалықтық сипат алып, тойға ұласты. Жиналған жұрт бір-біріне деген ризашылық сезімдерін, ыстық ықыластарын білдіріп жатты. Қатардағы адамдар, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жұрағаттары, аталас туыстары,  ауылдастары, Мәшекеңнің шарапаты тиді дейтін көптеген адамдар сыйлы адамдарға, бір-біріне ат мінгізіп, шапан жауып сый-сыяпат көрсетіп жатты.

«Жақсыны білмек үшін» дегендейін, бұл да біздің еліміздің егемендік алғаннан кейінгі жаңа тарихымыз, ұлағатты істің ұрпаққа қалар өнегесі. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өзі бірнеше ұрпаққа азық болар қолжазбалар жинағы «Месті» мұраға қалдырып кетті. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қолдауымен М.Ж.Көпейұлының  бірнеше  мәрте  5, 12, 20  томдық  шығармалар жинағы жарық көрді. Әлі талай томдарға жететін мұрасы сақталуда. Иә, той жөнінде сөзімізді жалғастырар болсақ, ешбір үлгі ұлағаты тындырылған ісі жоқ, артынан үйілген шөлмектер ғана қалған, арақ-шарап суша аққан талай жиын-тойларды да көрдік. Керісінше, ұлтымызға үлгі болған тойларды да көрдік.

Сондай тойлардың бірегейі 1990 жылдардың басында Ордабасыда өткен үш бидің тойы, әсіресе, сән-салтанатпен тігілген сансыз киіз үйлердің іші-сыртының көркі, жиналған мындаған халықтың тойға деген ықылас-ниеті есте қаларлықтай еді. Ішімдікке тойып алып, масаң болып жүрген бір адамды  көрмейсің, даурығып сөйлеп, дауыс көтеріп сөйлегендерді де естімейсің. Жиылған халықтың тәртіпті, тәрбиелі екені сезіліп тұрды. Бір ғажабы, айналаның таза болғаны сонша, тойға киген сәнді де таза киімдерге жұққан шаң, топырақ, шөп-шалам байқалмады. Осыларды көріп Оңтүстік өңір халқының бойында қазақ салтына, той-думанға, ел тарихына құрмет көрсетуінің үлгісі сақталғанына көзімізді жеткіздік, қазақ екеніңе шаттанып, масайрап, келешегіңнің жарқын боларына сеніммен қарайсың.

Сөз реті келгенде айтайын, Мәшекең өзі салдырған бұрынғы зиратында бізге беймәлім талай табиғат тылсымдары ескерілген болу керек.  Мысалы, көнекөз қариялар кесене қабырғасында желдеткіш саңылаулар болғанын, олар арқылы мамыр-маусым айларында рауан шуағы өтетінін Мәшекең өзі айтқан екен деп отырушы еді. Соған қарағанда әулие Мәшекең бәрін ойластырғандай. Ескелді алқабының ұзақ жолдың үстінде орналасқанын, жер шалғайлығын ескеріп, зиратына жолаушыға арналған пеш, шам, керосин, отын, ыдыс-аяқ, тіпті ат-арба тәрізді көлік құралдары мен оларға арналған құрал-саймандар сақталған екен.

Мұндай деректер ел аузында және Мәшекеңнің жазба мұраларын сақтаған жиені Жолмұраттың, Иманғали Мәненов, Төлепберген Аллабергенов ақсақалдардың қолжазбаларында жиі кездеседі. Жоғарыда айтқандай, Мәшекеңнің көріпкелдігі, жолаушыға деген қамқорлығының бәрі өркениетті түрде шешілгенінің куәсі болдық. Кесенеге дейін Екібастұз қаласынан тақтайдай асфальт жол тартылған. Қарағанды-Қалқаман республикалық жолынан Мәшһүр Жүсіп ауылы арқылы кесенеге дейін де, Павлодар қаласынан Баянауыл ауданының орталығы арқылы да жол төселген.

Қорыта айтқанда, Мәшһүр Жүсіп  Көпейұлының кесенесі өңірдегі сакральді орындар ретінде туристік маршрутқа енгізілген. Бүгінде кесенеге зиярат етіп келушілерге қажетті барлық жағдай жасалған. Мәшһүр Жүсіп кесенесі қалай салынды деп қызығушылық танытып, зерттеймін деген азаматтарға сол бір тарихи оқиғаның куәгері ретінде көрген-білгенімді, көңілге түйгенімді қағаз бетіне түсіріп, «Ақиқат» журналының оқырмандарына осылайша баяндап беруді жөн көрдім. Телегей-теңіз мұрасы бар, қасиеті ерекше абыз атамыздың аруағы шат болсын, жас ұрпаққа айтарым, еліміздің осындай киелі жерлерін танып, біліп жүрейік!

 Қорабай ШӘКІРОВ,

Павлодар облысының және Ертіс,

Баянауыл аудандарының «Құрметті азаматы»

 

609 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала «БАҚЫТ» ПЕН «БАҚЫТСЫЗДЫҚ» ШЕКАРАСЫ
Келесі мақала АБАЙ ПЕДАГОГИКАСЫ – ТӘРБИЕ ІЛІМІНІҢ ТҰНЫҒЫ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №8

29 Тамыз, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы