• Еркін ой мінбері
  • 29 Тамыз, 2020

ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – МЕМЛЕКЕТ ҚАУІПСІЗДІГІ

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
журналист

Биыл, яғни, шілде айының 21-інде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» агенттігінің 2020 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары бойынша алқа отырысы өтті. Төрағаның бірінші орынбасары О.Бектенов Агенттік қызметінің негізгі бағыттары бойынша баяндама жасады. Бірінші жарты жылдықтың есептік қорытындысы бойынша бірқатар іс-шаралардың жүзеге асқанын байқадық. Мәселен, сыбайлас жемқорлықпен әшкереленген тұлғалар саны артқан. Жалпы, 28 – республикалық, 65 – облыстық, 72 – қалалық және аудандық деңгейдегі басшылар қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты.

Өтелген залал сомасы 33,3 млрд теңгені құрап, өткен жылдың көрсеткіштерінен біршама асып түсті. «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп жүргізілетін сатып алу мониторингі нәтижелері бойынша 6 млрд-қа жуық бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың жолы кесіліп, жүйелі сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу 30%-ға, бизнестің ісіне заңсыз араласуды тіркеу 20%-ға артқаны айтылды. Жиын барысында өзге маңызды деректер ортаға салынды. Сонымен қатар Арнайы мониторинг тобы, Ақпараттық-ағарту штабы, «Adaldyq Alany» жобалық кеңселері, «Adal kómek» сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға ерекше үлес қосуда. Бұл бірлестіктердің күш-жігері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және парасаттылық мәдениетін насихаттау тұрғысында қоғамдық бақылау құралдарын нақты іске асыруға бағытталған. Отырыс соңында Агенттік Төрағасы А.Шпекбаев ведомство жұмысының алдағы кезеңдегі басты басымдықтарын айқындады.

Жемқорлықпен күрес саласында ілгерілеушілік бары байқалады. Бәрі бір күнде бола салмайтыны белгілі. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» демекші, тамырын тереңге жіберген бұл кеселмен күрес жүйелі әрі қарқынды түрде жүргізіле бергені дұрыс. Жемқорлық пен парақорлық, коррупция – мемлекет қауіпсіздігіне төнген қауіп екенін ұмытпайық.

Елімізде Мемлекет басшысының 2014 жылғы 26 желтоқсандағы №986 Жарлығымен «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» қабылданғаны белгілі. Бұл маңызды бағдарламалық құжатта сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында көп мәселе қамтылған. Тұтастай алғанда, бұл Стратегия мемлекет пен қоғамның тыныс-тіршілігінің негізгі салаларын қамтуға, жан-жақты және дәйекті сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар кешенінің әзірленуін және жүзеге асырылуын көздеуге, сөйтіп, мемлекеттік биліктің барлық деңгейлерінде, сондай-ақ, жекеше секторда сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуды қамтамасыз етуге, қазақстандық азаматтардың осы әлеуметтік зұлымдыққа төзімсіз көзқарасын қалыптастыруға тиіс екені атап көрсетілген. Сонымен қатар, Стратегияда келесідей бірқатар өзекті жайттар нақтыланған: «Қоғамдық өмірдің неғұрлым маңызды мәселелерін қозғайтын шешімдерді қабылдаған кездегі ашықтықтың жеткіліксіз болуы, мемлекеттік аппараттың қызметінде тиісті азаматтық бақылаудың және қоғамдық пікірді ескерудің болмауы артық төрешілдікке, әкімшілік кедергілер мен лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануға алып келеді, бұл жиынтығында сыбайлас жемқорлық көріністерінің өсуіне ықпал ететін келеңсіз факторларды қалыптастырады.  Ұлттық заңнаманың базалық салаларының болып жатқан сапалы жаңаруына қарамастан, қолданыстағы ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктерде басты проблема тиісті құқық қолдану мәселелерінің шешілмеуі болып қалып отыр. Сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау құралдарының барлық арсеналын пайдалану әлі де өзекті проблема болып табылады.

Философ, ғылым докторы Амангелді Айталы айтқандай, жалпы, жемқорлықтан таза ел болу үлкен проблема. Бұл індеттен тазару – жалпыұлттық үлкен күрестің арқасында жүзеге аспақ.

Осы тақырыпты зерттеу барысында ғаламтор деректерін шола отырып, «Википедия» мәліметтеріне назар аудардық. Онда былай деп жазылған екен (сөзбе-сөз келтіріп отырмыз): «По итогам 2019 года Казахстан в рейтинге занял 113 место в списке из 180 стран и набрав 34 балла из 100 [1], а годом ранее Transparency International отвёл Казахстану 124 место (которое было поделено с несколькими другими странами) по уровню коррумпированности. Общий балл Казахстана тогда равнялся 31 из 100 возможных (при том, что балл ниже 30 обозначает «безудержную коррупцию»). По итогам 2014 года Казахстан занял 126-е место из 175 стран мира по уровню восприятия коррупции по версии Transparency International. (https://ru.wikipedia.org)».

Әлемдік статистикалық деректер осындай цифрларды алдымызға тартып отыр. Әрине, мұндай мәліметтер жыл сайын өзгеріп тұрады. Қалай болғанда да, коррупция, жемқорлық біздің елімізде де бар. Онымен күрес те жүріп жатыр. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі» көптеген жұмыстарды жүзеге асыруда.    

Шынтуайтына келгенде, біз жемқорлықты қоғам болып, ел болып қатты айыптауымыз керек. Себебі біз бәріміз де белгілі дәрежеде жемқорлықтың құрбандарымыз. Жемқорлық дегеніміз – сапасыз білім, білімсіз, біліксіз мамандар, сапасыз медицина, сапасыз жолдар, сапасыз құрылыс, т.б.

Жемқорлық кең етек алып, тамыр жайған елде ештеңенің көсегесі көгермейді. Бірде-бір сала ойдағыдай дамып, өркендемейді. Алға баспайды. Әйтпесе, тәп-тәуір бағдарламалар бар, оларды жүзеге асыруға бөлініп жатқан қаржы-қаражат та аз емес. Бірақ, жеме-жемге келгенде көзге көрінбейтін суық қолдар мемлекетіміздің (халқымыздың деп түсінсек те болады) қаржысын ата-бабасынан мұраға қалған байлықтай түрлі жолдарды іске қосу арқылы иемденіп, үптеп кетеді. Мемлекетке адал қызмет етеміз деп оң қолын кеуде тұсына қойып ант берген министрлердің, әкімдердің арасынан талай жемқорлар шықты, ұсталды, сотталды. Сонда да тойым жоқ, әлі де іліп қалудан, қарпып қалудан тайынар емес. Біздің шенеуніктер «мемлекеттің қазынасы» дегенді қалай ұғынып, қалай түсінетінін білмейсің. Әйтеуір, далада жатқан тегін ақшадай қабылдайтын сияқты. Оны үнемді пайдалану, жанашырлықпен қарау, әр тиынын қадірлеп пайдалану дегенді үйрене алмай келеді. Әлде үйренгісі келмейді. Майлы шелпектің басына келгендер сол мүмкіндікті қалайда молынан қолданып қалғысы келеді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда «Сыбайлас жемқорлық» ұғымына келесідей анықтама берілген: «Сыбайлас жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу.

С.И.Ожеговтың «Словарь русского языка» сөздігінде жемқорлыққа мынадай анықтама беріліпті: «Коррупция – подкуп взятками, продажность должностных лиц, политических деятелей». Аталған сөздікте берілген анықтамаға қарағанда жемқорлықтың көбіне саяси сипаты бар ұғымға жатқызылатынын байқау қиын емес. Әсіресе, «продажность должностых лиц», «политических деятелей» деген тұстары ойландырмай қоймайды. Шынымен де, жемқорлық дерті – ақшалы, қазыналы жерлерде шаң беріп, өрши түсетіні белгілі. Ал ондай жерлерде лауазымды, саяси тұлғалардың қызмет тұтқасын ұстап отыратыны ақиқат. Мұндайда қазақтың «Қолыңнан келсе, қонышыңнан бас» деген байырғы мақалы еске түседі. Қолынан келіп тұрғанда, қоныштан басып қалу әрекеттері біздің елде өте көп. Осы уақытқа дейін ұрланған, жымқырылған, шетел асып кеткен ақшалардың көлемі атан түйе тұрмақ, бірнеше состав вагондарға жүк боларлықтай шығар, сірә. Сол ұрланған қаржы-қаражаттың барлығы ел игілігіне жұмсалғанда баяғыда-ақ дамып кетер едік. Халықтың әлеуметтік жағдайы түбегейлі шешілер еді. Жұмыссыздық жойылар еді. Зауыт-фабрикалар дүрілдеп жұмыс істеп тұрар еді. Айналасын жегі құрттай кеміріп бара жатқан жемқорлық ақшадан басқаны құндылық деп танымайды. Оның бар көздеген мақсаты – мемлекеттің ақшасын жымқыру, қазынаны белден басу. Өкінішке қарай, ХХІ ғасырдың ауыр кеселдерінің бірі – елге, халыққа, тұтас мемлекетке зардабы мен зиянын тигізіп отырған – жемқорлық кеселі болып отыр. Аталған мәселе қазақ баспасөзінде ең жиі көтерілген мәселелердің бірі екені жайдан-жай емес. Жемқорлық – елдің дамуына жол бермейтін, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін қара ниетті күш. Сол үшін де оның тартар жазасы ауыр болуға тиіс. 

Жемқорлық пен парақорлықтың белгілері елімізде жүріп жатқан пандемия кезінде қатты байқалғанын көз көріп, құлақ естіді. Мәселен, «СК Фармация» тәрізді дәрі-дәрмекті халыққа жеткізумен айналысатын компанияның әрекеттері Президент пәрменімен дереу тексеруге алынды. Денсаулықтан асқан қандай қымбат байлық болушы еді. Пневмонияға шалдығып, өмір мен өлімнің арасында жатқан науқастарға керекті дәрі таба алмаған ағайын-туыстары дәріханаларды шарлап, ұзақ-сонар кезектерге тұрып, аяқтарынан таусылды. Сол аралықта екі өкпесін дерт қысып, ауа жетпей тұншыққан қаншама науқас бақилық болды. Қаншама отбасылар қайғыдан қара жамылды. Олардың арасында елімізге белгілі бірқатар ақын-жазушылар, журналистер, өнер майталмандары да бар.

СК «Фармация» тәрізді компаниялардың қоймаларында халыққа керек дәрі-дәрмектер жеткілікті болғанына қарамастан, мол пайдаға кенелу мақсатында дайын тұрған дәрілерді қасақана ұстап отырғаны анықталды. Мәселенің бұл жағын заң мен құқық органдары анықтай жатар. Айтпағымыз, не деген жанашымастық, не деген безбүйректік. Мұның бәрінің астарында парақорлық пен жең ұшынан жалғасқан жемқорлық пиғылдың жатқаны айдан-анық. Міне, мәселе қайда. Шетелден гуманитарлық көмек ретінде келіп жатқан тегін дәрі-дәрмектердің өзін таратпай, оны сатып, үстінен пайда көрмек болғандар, дәрілерді бірнеше есе бағада қымбаттатып сатқандар туралы не дейміз. Бұл дегеніміз барып тұрған қылмыс! Олардың әрекетіне ешқандай ақтау да, ақталу да жүрмейді! 

Бізде жемқорлықтың себеп-салдарына үңілу аз. Әр нәрсенің, кез келген дүниенің басы бар, аяғы бар. Демек, себебі, негізі де бар. Осыған дұрысырақ мән бермей келе жатқан сыңайлымыз. Мәселен, жемқор, парақор деген кім? Ол қайдан шықты? Аспаннан салбырап түскен жоқ, жерді жарып шыққан жоқ. Ол сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғамның өкілі, мүшесі. Сонда не өзгеше дейтін болсақ, көзқарас өзгеше, таным-түсінік басқа, қоршаған ортаның игіліктерімен санасу, қалыптасып жатқан ортақ құндылықтарға қызмет ету пейілі жоқ. Қысқасы, парақор адамның бойында көп нәрсе жоқ. Кетік-кемшілік неден кетті? Өскен-өнген ортадан ба, берілген тәрбиеден бе? Парақорлыққа бүткіл қоғам аса бір жиіркенішпен қарайтын сана-сезімге келе алмаудамыз. Демек, қоғамдағы белгілі топтар дейміз бе, адамдар дейміз бе, мұны соншалықты бір теріс көрмейтін сияқты. Осылай деп тұжырым жасауымызға толыққанды негіз бар. Мәселен, бүгінгі таңда әрбір адам парақорлықтың дұрыс емес екенін пайымдайды, біледі. Бірақ көп жағдайда соған қарсы тұра да бермейді. Парақорлыққа итермелейтін жағдайлар алдынан шықса, оңай беріле салады. Тек мәселесі шешілсе болды. Бұл жайында философ Амангелді Айталы былай дейді: «Жемқорлық – халықтың соры. Сондықтан, жемқорлық пен экономикалық дамудың арасында, жемқорлық пен халықтың бүгінгі әлеуметтік тұрмысының арасында тығыз байланыс бар. Жалпы, ерекше атап көрсететін бір мәселе, жемқорлықты тудыратын мемлекет емес, сол мемлекеттің саясатын қалыптастыратын бюрократия. Мемлекеттік органдар бизнес-ке араласқан сайын шенеуніктердің ықпалы артады, құқы өседі. Мынадай бір жемқорлық пен азаматтық белсенділік туралы социологиялық зерттеулердің қорытындысына талдау жасап көрейік. «Пара берудің себебі не?» деген сұраққа азаматтар былай деп жауап беріпті: 1) Шенеунік дәметіп тұрады. 2) Өзіміз үшін сұрамай-ақ береміз. 3) Ол да менің беретінімді, мен де оның алатынын айтпай-ақ біліп тұрамыз. 4) Пара беруден басқа мәселені шешудің жолы жоқ. «Егер сіз бір азамат өз бастығының пара алғанын прокуратураға хабарласа, сіз ол адамға қалай қарайсыз?» деген сұраққа азаматтардың 42 пайызы нағыз батыр, 15 пайызы бұл ерсілік қылық, 9,9 пайызы бұл біреуді көре алмай жүрген адам; 4,7 пайызы басшыны көрсету нағыз сатқындық деп жауап берген екен. Міне, қоғамдағы психологиялық айырмашылық пен пікір алшақтығының қандай екендігін осыдан анық көруге болады. «Пара беруге намысым жібермейді», «пара бермей-ақ өз дегенімді жасаймын» деген де жауаптар болған. Бірақ мұндай пікірлер тым аз. Мұның астарында бізде әлі де болса азаматтық белсенділіктің жоғары дәрежеде емес екендігін көруге болады». Иә, философ ағамыздың сөзінің жаны бар. Әлі де болса азаматтық белсенділігіміз жоғары дәрежеде емес. Не істемек керек? Жемқорлыққа қарсы халықтың азаматтық белсенділігін бір күнде немесе бір жылда көтеріп жіберу мүмкін емес. Ол жылдар бойы және бірте-бірте қалыптасатын үдеріс. Қазірдің өзінде қоғам мүшелерінің арасында Абай атамыз айтпақшы, адал тұрып, адал жүруге, ешкімге артық ақша төлемеуге, заң аясында өмір сүруге талпынып келе жатқан азаматтар қатары көбейіп келеді. Бірақ,  заңды айналып өтуге тырысатындар да жетерлік. Ең өкініштісі – «біздің қоғамда барлық мәселені ақшамен шешуге болады» деген түсініктің халықтың санасына әбден орнығып кеткендігі. Ал ақшадан да биік, ақшадан да қадірлі ұғымдардың бар екені қазір екінің бірінің ойына кіріп те шықпайтындай. Осылайша қоғамдағы моральдық ахуал, моральдық тепе-теңдік бұзылады. Жемқорлық пен парақорлықтың арқасында байығандар байи береді, кедейлер кедейлене береді. «Қымбат бағалы көлік мініп, сәулетті үйлерде шалқып тұрып жатқандардың барлығы бірдей дүние-мүліктерін адал еңбектерімен тапты дейсіздер ме?» деп қарапайым ел-жұрт наразылығын танытуы әбден орынды емес пе? Иә, әр адам байлыққа әртүрлі жолмен жетеді. Бірақ, тез байып, дәулеті бір сәтте көбейіп кеткендерге қоғам, әрине, күдік-күмәнмен қарай бастайды. Адамның бір сәтте байып кетуі мүмкін емес нәрсе ғой. Мысалы, көршісінің неліктен байып кеткенін екінші көршісі немесе сол көшедегі тұрғындар айтып береді. «Оның баласы дөкей қызметте» дегендей уәждерді алға тартады. Халықтан өткен сыншы жоқ қой. Қарап тұрсаң, ел айтқан нұсқа айна-қатесіз шығып, оның соңы «ұсталыпты, сотталыпты» деген хабарларға ұласып жатады. Бүгінде жемқорлық пен парақорлық кез келген салаға дендеп кірді десек, артық айтқандық емес. Одан аман қалған бірде-бір сала жоқ. Қыл аяғы жайма базарларға көліктерді кіргізіп тұратындардың өздері бір нәрсе дәметіп тұрады. Пара берген адамның мәселесі біздің қоғамда тез шешіледі. Пара берген адам жауапкершіліктен сытылып шығады, оңай құтылады. Қысқасы, пара беруші үшін ешқандай заң кедергі емес. Оның түсінігінде «бәрін сатып алуға болады» деген ой мықтап орныққан. Мұның соңы әділетсіздіктің белең алуына, сот шешімдерінің орындалмауына, қылмыстық істердің қозғалмауына, лауазымды тұлғалардың жауап беруден жалтаруына әкеп соғады. Бәрі бір-бірімен байланысты дүниелер. Ар мен адалдықтың биік өлшемі болуы тиіс кейбір судьялардың өзі парамен ұсталып жатқан соң, ондай соттарға жұртшылық тарапынан сенім жоғалмағанда қайтеді? Яғни, биліктен де, заң өкілдерінен де әділдік таба алмаған адам үмітін үзіп, қолын бір-ақ сілтейді. Мемлекеттік аппараттың басты мақсатының бірі – халықтың мемлекеттік салаға, жалпы мемлекеттік аппаратқа деген сенімін қайтару. Ал бұл оңай жұмыс емес. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, мемлекеттік қызметте жұмыс істейтіндердің арасынан қолы таза, ары таза еместер шықса, әрине, бұл дегеніміз мемлекетке, оның ішінде билікке деген ел сенімін азайтады.

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, елімізде жемқорлықтың дендеп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, бұның қоғамға қауіпті дерт екенін атап көрсеткен болатын. Нақты сандарды алға тартып, жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен 2 мыңнан астам сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркелетінін, мыңнан аса адам жауапқа тартылатынын, бұл – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын кесел екенін айта келіп: «Осы ауруды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін» деді. Сонымен қатар, жемқорлықтың ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келтіретінін тілге тиек етті.

Жиында Президент биліктің жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының жеті негізгі шарасын атап өтті.

– Бірінші – азаматтардың құқығын қорғау. Мен Конституцияға сәйкес ұлтына, дініне, мүлік жағдайына қарамастан барлық азаматтар тең деген ережені басшылыққа аламын. Ешкім де заңнан биік емес. Қол астындағы қызметкерлердің жемқорлыққа қатысы болса, орталықта да, өңірлерде де бірінші басшылар тікелей жауап береді. Сондықтан, кешенді алдын-алу шараларын қолға алу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент айтқандай, ешкімде заңнан биік емес. Өкінішке орай, осы көзқарас, осы ұстаным қоғамда әлі дұрыстап қалыптаспай жатыр. Біздің қоғамда заң талаптарын місе тұтпайтындар, заңды құрметтемейтіндер жетіп артылады. Заңды көпе-көрнеу бұзу, сыйламау, ардақтамау – жақсылыққа жетелейтін қадам емес екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Асылында, біз заңға бағынғанда ғана өркениетті ел боламыз. Өмірдегі ең жоғарғы құндылықтың бірі де бірегейі – заң талаптарын сақтап тіршілік кешу.

Қасым-Жомарт Тоқаев екінші шара ретінде мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының конструктивті әріптестігін атап, жемқорлықпен күресте күштік шаралар аздық ететінін айтты.

– Қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қалыптасуы шарт. Барлық мемлекеттік органдар осы бағытта жұмыс істеуі керек. Әділет министрлігіне көпшіліктің жемқорлыққа қатысты құқықтық сауатын арттыру жұмыстарын күшейтуді тапсырамын. Білім және ғылым министрлігі де балаларды ерте жастан жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздеріне баулуды қолға алғаны жөн, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Кемелұлы «қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қалыптасуы шарт» деген ұстанымды алға тартты. Бұл мәселені мақаламызда азды-көпті тарқатып айттық. Шынымен де, жемқорлықтың кез келген түрін қатаң айыптай отырып, «оған мүлдем төзбеушілік психологиясын» қалыптастыра білуміз қажет. Неге десеңіз, жемқорлыққа төзе беру, көз жұма қарау – кез келген қоғамды орға жығады.

Үшінші шара ретінде Президент қоғамдық бақылауды күшейтуді тапсырған болатын. «Парламенттің, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді қатысуы негізінде мемлекеттік шешімдердің әділдігін қамтамасыз ету керек. Жер учаскелерін беру, балабақшадан кезек алу сияқты мәселелердің бәрі де қоғамдық бақылау негізінде жүзеге асуы шарт. Бізде мұндай жұмыстар үшін құқықтық механизмдер бар. Әрбір мемлекеттік органда қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Алайда, іс жүзінде олардың жұмысы көңіл көншітпей отыр. Азаматтық қоғаммен жұмыс істеу тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет. Мемлекеттік аппараттың жұмысын азаматтардың талабына сай бағыттау керек» деді.

Жемқорлық мәселесінде қоғамдық бақылаудың жеткіліксіздігі немесе аздығы сезілетіні рас. Ақиқатына келгенде, жемқорлық пиғылды ұстанғандар қоғамдық бақылауды хош көрмейтіні түсінікті. Олар мұндайға барынша қарсыласып, түрлі тосқауылдар мен кедергілерді жасайтыны анық. Қалайда қоғамдық бақылаудың назарынан тыс қалуды, сөйтіп, өздерінің арам ниетті ойларын жүзеге асыруды көздейді. «Бармақ бастылық, көз қыстылыққа» жол береді. Қоғамдық бақылау жұмыстары әлі де өз деңгейінде болмай жатқанының бір себебі осында болса керек. Жемқорлар қазына қаражатына қол салу үшін, қамбасын заңсыз ақшалармен толтыру үшін кез келген амал-айлаға баратыны түсінікті. Олар да ай бағып отырған жоқ. Түрлі технологияларды іске қосуда. Жемқорлықты азайту үшін жасалған тендерлердің өзі ақша бөлісу алаңына айналып кеткелі қашан. Сондықтан, Президент айтқандай, қоғамдық бақылау – бұл мәселеге өз септігін тигізуі керек.  Қоғамдық бақылаудың бір тұсы – азаматтық қоғаммен де байланысып жатқанын ескере отырып, осы орайда А.Айталы ағамыздың мына бір пікірлері көңілге қонарлықтай: «Азаматтық қоғам дегеннің астарында не тұр? Ол – елін сыйлайтын, өзін сыйлайтын азамат пара бермейді және пара алмайды да деген сөз. Осындай тәрбиені Еуропа ХІХ-ХХ ғасырларда асқан белсенділікпен жүргізді. Жемқорлыққа желеу беретін жағдайлар біздің елімізде жетерлік. Қоғамымызға пайдасы шамалы, шамадан тыс көп қаржы жұмсайтын жобалар белгіленеді. Оның астарында да жемқорлық жатыр. Мен көп жыл депутат болып, еліміздің бірқатар заңдарын қабылдауға қатыстым. Сонда көзім жеткен бір жағдай, осы заңдарды іс жүзіне асыратын нұсқаулар мен ережелер өте күрделі. Орындалуы қиын да қитұрқы. Сол ережелерді жасаушылар адамдарды қалай да жемқорлық жасауға итермелейді. Тіпті, көп ретте қабылданған заң далада қалады, нұсқаулар мен ережелер өз бетінше жұмыс жасайды. Яғни, шенеуніктер жемқорлыққа жол ашатын қолайлы саңылаулар жасауға әбден төселіп алған. ...Бұдан келіп, мемлекеттік құрылымға көлеңке түседі, халық биліктен түңіледі. Бұл өте қауіпті жағдай. Қарап отырсақ, кейбір облыстар мен министрліктер құрылыс салуға құмар. Олардың әлеуметтік мәселелерді қолдауға құлқы жоқ. Мүгедектердің, зейнеткерлердің, көп балалы аналардың мүддесіне немқұрайлы қарайды. Себебі олардан түсер пайда аз, пара алатын мүмкіндік жоқ. Ал құрылыс пайдалы. Кәсіпкерлерден алатын пара салық сияқты, айналып келгенде, халықтың мойнына түседі» дейді.

Сөзімізді әрі қарай сабақтай түсер болсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев төртінші шара ретінде бюджеттік саясаттың ашықтығын атап көрсетті. Ақиқатына келгенде, бұл да маңызды сауалға айналып отыр. «Бюджеттік үдерістің кезеңдері, яғни, құрылудан бастап жүзеге асуға дейінгі аралықтың барлығы ашық болуы керек. Азаматтар қажет етпейтін тауарлар алынып, ғимараттар салынып жататын мысалдар аз емес. Тиімсіз «имидждік» жобалар мен бағдарламалардан бас тарту қажет. Даңғойлық пен ысырапшылдыққа жол берген шенеуніктер қатаң жазалануы керек. Халықтың қаржысы тиімсіз жұмсалса, құқық бұзушылыққа жол берілсе, оның жазасы ауыр болады. Мемлекеттік органдар жанындағы ұйымдар мен ұлттық компаниялар да қоғам бақылауында ашық әрі түсінікті болуы керек» деді. Мұндағы негізгі мәселе мемлекеттің әрбір теңгесін тиімді жұмсау болып отыр. Осыған лауазымды қызметтегі басшылар, шенеуніктер дұрыс мән бере ме? Мемлекеттің қаржысын үнемді пайдалану, тек қажетті салаларға бөлу жайы бізде кемшін соғып келе жатқаны жасырын емес. Мұның да бірден-бір себебі – жең ұшынан жалғасқан жемқорлық. Осы мақсатта түрлі жобаларды ойлап тауып, әртүрлі бағдарламаларды желеу етіп, ал түпкі мақсаттары – бас пайдасы болған талай басшыларды Қазақстанның тәуелсіз тарихы жақсы біледі.

Президент бесінші шара ретінде өңірлердің рөлін күшейту қажеттігіне баса назар аударып, өз сөзін әкімдерге қарата айтты: «Жемқорлықты түбегейлі жою – сіздердің жұмыстарыңыздың негізгі көрсеткішінің бірі. Оған сіздер тікелей жауаптысыздар. Әрбір елді мекеннің өз бюджетіне қарай төртінші деңгейлі бюджет құруды аяқтау керек. Менің Президент ретіндегі ұстанымым бюджет шығындарын жоспарлауға, әсіресе өңірлерде халық өкілдерін қатыстыру керек. Бұдан ел экономикасы дамып, тиісінше, халықтың әл-ауқаты артады» деді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсету ісіндегі үдемелі цифрландыруға, мемлекеттік сатып алу жүйелерін жетілдіріп, бизнеске әкімшілік қысымды төмендету жайына назар аударып, оларды алтыншы және жетінші міндет ретінде тілге тиек етті.

Түйінді сөзін: «Егер біз жемқорлықты түбегейлі жоюды міндет етіп алсақ, меніңше, мемлекеттік орган басшылары мұндай жағдайда отставкаға кетуі керек. Олардың отставкаға кетуін қабылдауды немесе қабылдамауды Мемлекет басшысы шешеді. Бірақ жұмыстан босату туралы арыз жазуы міндетті шара болуы керек» деп аяқтаған Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықпен күрес мәселесіне айрықша көңіл бөлетінін, нәтижелі жұмыстардың талап етілетінін байқатты.

Уақытында белгілі қоғам қайраткері, журналист Айтан Нүсіпханұлы жемқорлық тақырыбына арналған «Іштен шыққан жау жаман» атты мақаласында былай деп ой толғаған еді: «Жарық дүниеге шыр етіп келген нәрестенің жолдасы тәрізді сыбайлас жемқорлық республикамыздың тәуелсіздік алуымен бірге туды десе де болады. Жемқорлар тұрғызған салтанатты коттедждер мен особняктардың астында халқымыздың, мемлекетіміздің өмірлік мүддесі жаншылып жатқанымен ешкімнің ісі болмады. Мұның өзі елді тек экономикалық дағдарысқа ғана емес, сонымен қатар сенім дағдарысына да душар етті. Қоғамның моральдық-рухани бейнесі шеккен зардап ел тағдырын ойлаған адамдардың жанын түршіктірді. Іскерлік жылпостықпен, адалдық ақымақтықпен теңестірілді. «Халық үшін қызмет ету» деген сөз лауазым иелерінің сөздік қорынан шығып қалды. Бұл сөз ілуде бір шенеуніктің аузынан шыға қалған жағдайда, ол жай әншейін рәсім үшін айтыла салған қансыз, сөлсіз күйде естіліп, қарапайым адал адамдардың езуіне кекесінді күлкі үйіретін болды. ...Реформаның әрбір қадамын өздеріне оңтайлы бағытқа сала отырып, ұлттық байлығымызды көпе-көрнеу талан-таражға салған лауазым иелері билік тармақтарының қай саласында болсын, сол баяғы қалпы, құрымаған күйінде «қызмет» атқарып келеді. Олай болса, біздегі» Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жекелеген адамдармен есеп айырысып, «хирургиялық» операция жасаумен бітетін шаруа емес. Ол – шын мәнінде, тұтас бір әлемге қарсы сұрапыл шайқас. Сыбайлас жемқорлар үшін мемлекет, ұлт дегендеріңіз құндылық емес. Олар үшін ең басты құндылық – қарабастың қамы. Мемлекеттің ұйытқысы болуға тиіс қазақ ұлтының өзінің еңбек етіп, күн көру мүмкіндігінен, тәни және рухани қорғану кепілдіктерінен айырылып, мейлінше титықтап бара жатқаны бізді осындай ойға еріксіз жетелейді. ...Біз қазір көптеген жақсы заңдарымыз барына қарамастан, адалдық азап шегіп, арамдық асқақтап тұрған заманды бастан кешіріп отырмыз. Біз сыбайлас жемқорлықты «тұтас бір әлемге» жайдан-жай теңеген жоқпыз. Ол шын мәнінде солай. Ол әлемнің өз заңдары, өз теория-лары, өз институттары, өз органдары бар. Сыбайлас жемқорлықтың құрбаны, ең алдымен, қазақ ұлты болып отыр. Орталықтардан шалғай мекендерге шашырап қоныстанған қазақтардың өз құқықтарын бірлесіп қорғау мүмкіндіктері тым әлсіз» (А.Нүсіпханұлы «Қайғыңды, қайран қазақ арқаладым»... - Алматы: «Қоғам және қылмыс». - 2002 жыл).

Қарап тұрсақ, Айтан Нүсіпханұлының мақаласында ортаға салынған мәселелер әлі де өзектілігін жойған жоқ. Соған қарағанда жемқорлық қоғаммен бірге өмір сүруде, формаларын өзгертіп түрлі заңдық жауапкершіліктерден сытылып шығып кетудің жолдарын да қарастыруда. Осы орайда жемқорлық кеселін, жемқорлық дертін түбегейлі жоюға бола ма? Қоғамнан аластауға бола ма деген заңды сауал туындайды. Түбегейлі жою қиын шығар, бірақ азайтуға, елдің, халықтың жемқорлыққа қарсы иммунитетін қалыптастыруға  болады. Жемқорлықты аяусыз жазалап келе жатқан көршілес Қытай елінің өзінде жыл сайын шенеуніктер түрлі парақорлық фактілерімен ұсталып жатады. Әлемнің өркениетті дейтін дамыған елдерінде де жең ұшынан жалғасқан жемқорлық деректері кездеседі. Демек, жемқорлық бұл сырттан келетін дүние емес, ол адамның пиғылынан, ниетінен, тойымсыз нәпсісінен туындайтын кесел. Жемқорлықты түп-тамырымен жою үшін адамның «нәпсі» дейтін сезімін жою керек шығар. Ал бұл мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Жемқорлық, парақорлық психологиясының біздің қоғамның санасына әбден сіңісті болғаны сонша, қазір көп адамдар алдынан туындаған проблеманы ақшаның күшімен шешкісі келіп тұрады. Тамыр-таныс іздейді. Жоғары жақтағы лауазымды шенеуніктерді жағалайды. Ал біз заңға бағынатын, демократиялық қоғам құрып жатқанымыз жоқ па? Мұндай көзқарас, мұндай санамен қашанға дейін өмір сүрмекпіз? Ең басты мәселенің бірі де бірегейі – жемқорлыққа деген адамның сана-сезімін өзгерту.

Иә, талай жыл өтпелі кезеңдерде өмір сүрдік. Халқымыз талай қиындықты басынан кешірді. Әлеуметтік-экономикалық салалар тұралап қалған кездер де болды. Өтпелі кезеңдерде жемқорлық сияқты әртүрлі қоғамдық кеселдер бас көтеріп, қанатын кеңге жаятыны белгілі. Енді еліміз біршама орнықты, бағыт-бағдарымыз айқындалды, ненің жақсы, ненің жаман екенін, неден үйреніп, неден жирену керек екенімізді біршама түсініп, біліп қалғандаймыз. Мемлекеттің қасы кім, жауы кім, досы кім дейтін мәселелердің де ара-жігі біліне бастады. Айналып келгенде, мемлекет және халық деген біртұтас ұғымды ешкім де бөліп-жара алмауы тиіс. Жемқорлық, парақорлық сияқты кеселдер ешбір елге опа бермеген. Талай елдер мұндай кеселдің ауыр зардабын әлі күнге дейін тартып келеді. Көзі доллардан басқа ештеңені көрмейтіндер елге жақсылық ойлай ма? Осы елге, осы жерге, мемлекетімізге болсын дей ме? Әрине, болсын демейді. Асылы, ондайларға Қазақстанымыздың гүлденіп, көркейгені керек емес, өз жағдайларының жақсарып, ұры қалталарының қазынаға тола бергені керек. Ал бұған қоғам болып, ел болып қарсы тұруымыз керек.

 

849 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз