• Ел мұраты
  • 29 Тамыз, 2020

ҚАЗАҚСТАН ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН АЗАТ БОЛҒАН КҮН

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  «Бейбітшілік кіндігі» атты кітабынан үзінді:

- Алдымен полигонға барып, жер қойнауындағы соңғы жарылыс жасалған жердің нақ ортасында тұрып (жер қап-қара болатын, быт-шыт болған, әлі қызу қайтпағандай, қиыршық тас жатты) қайтқан соң, мен КСРО басшылығының келісімін алмай-ақ, парламенттің ядролық полигонды жабу туралы мәселені талқылауға арналған арнайы сессиясы ашылатынын жарияладым. Сессияға әскерилер мен ядрошы ғалымдардың үлкен бір тобы қатысуға тырысып бақты. Олардың депутаттарды полигонды жаппауға үгіттейтіні айқын еді. Уәдені үйіп-төгетіні, ядролық жарылыстың зиянсыздығы туралы, тағы басқа әңгімені көбейтері анық еді. Бірақ мен оларды сессияға қатыстыра алмайтын едім. Мәселені қазақстандықтардың өздері шешуге тиіс болатын. Таңертең басталған талқылау кешке дейін созылды. Сөз тимей қалған адам жоқ. «Ядролық лоббидің» депутаттардың бір бөлігімен жақсылап жұмыс істегені байқалып тұрды. Қорытынды кезеңде кейбір депутаттар ғана емес, Семей облысының кейбір басшылары да (жарылысқа жанталаса қарсы шыққандар) аймақ үшін елеулі материалдық өтем алу мақсатымен, бірнеше жарылыс өткізуге мүмкіндік беруімді сұрай бастады. Ондай уәделер, орындалмайтын уәделер бұрын да талай берілген болатын.
Қорытынды сөзімде мен жауапкершілікті өз мойныма алатынымды айтып, өкілеттіктерімді пайдаланып, полигонды Жарлықпен жабатынымды жарияладым. Ядролық тарихтың бір беті және ең оңай емес беті, сөйтіп жабылды...Бүкіл халықтың қолдауына ие болып, біз ядролық қарудың адамзатқа қарсы жарылыстарына біржақты тыйым салатынымызды, барлық қазақстандықтардың шын мәнінде бас ауруына айналған Семей полигонын жабатынымызды жариялап, өзіміздің еліміз бұдан былай мәңгілікке ядролық қару мен оның сынақтарынан арылған аймақ болады деп жар салдық. Осынау тарихи күндерді ұмытуға бола ма? Семейдің және ядролық жарылыстар кіндігіне жапсарлас жерлердің көп тақсірет тартқан халқының иығынан жүгі түскендей болып жеңілейген, психологиялық жайсыздықтан арылған сезімін ұмытуға бола ма? Ядролық монстрға өзінің «жоқ» деген сөзін бекем айтқан Қазақстан халқы үшін мақтаныш сезімін ұмытуға бола ма? Ядролық қаруы бар Қазақстанның қажеттігі мен «болашағы молдығын» аузы көпіргенше дәлелдеп бағу арқылы халық еркіне кесе-көлденең тұру үшін шын мәнінде тарихи ессіздікпен, арсыздықпен ауыру керек.
Ядролық әзәзілге төтеп бере алмасақ, Қазақстан халқы бізді ешқашан кешірмес еді. Біз халықтың еркін орындап, сол күндері демократияны үйрендік. Бұл тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы тәуелсіз қадамдарының бірі еді. Біз тоталитарлық кеңестік өткеннің қателіктерін ұғынып, түзей бастадық. Біз жаңа демократиялық жолға түстік және бұл жолдың іргетасы ядролық қарусыз Қазақстан туралы нақ осы тарихи шешіммен қаланды.

1163 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз