• Еркін ой мінбері
  • 30 Қыркүйек, 2020

Экологиялық мәдениет – өміріміздің өзегі

Назым САМЕТ,
журналист

Сананы серпілтуге бағытталған жаңа міндет жалпы әлемдік маңызы бар мәлімдемемен жалғасын тапты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы оқу жылында білім үдерісі «Экология» пәнімен толығуы тиіс екенін жеткізді. Осы уақытқа дейін ҚР Экологиялық Кодексі, Білім және ғылым министрлігі ұсынған арнаулы оқулықтар, зерттеу жұмыстары, диссертациялар жарық көріп, балабақшадан ЖОО-на дейін балама, жаратылыстық пәндер тұрақты жүргізілген. Тал бесіктен құдіретті Жер-Ананың алтын қағидаттарына құндақталып өссек те, экологияны өз деңгейінде сақтап қала алмадық. Көптің назарынан қаға беріс қалып келе жатқан қоршаған ортаға салғырттық танытуымыздың салдары әр тектес проблемаларға душар еткені ақиқат. Бұған дәлел Каспий, Арал теңіздері мен Балқаш көлінің, ядролық сынақтардың құрбаны болған Семей полигонының ахуалы. Әлемдік ақпарға арқа сүйесек, көп жылдық тәжірибеге табан тірейміз. 1970 жылы алғаш рет «Экологиялық сауаттандыру» тақырыбындағы конференция АҚШ-та өткен еді. Сол кезеңнен бері батыс елдері «барлығы өзара байланыста» қағидатымен өмір сүріп келеді. Адам әрекеті, технологиялардың дамуы, жаһандану үдерісі дерлік күллі қарым-қатынас табиғатқа тікелей әсер етеді. Қалың бұлттармен қатарласа мұнартқан тауларымен әйгілі Швейцария эко-мектептер, эко-клубтар дайындау ісінде көш бастап тұр. Мұндағы теория мен тәжірибені ұштастырған экология бағытындағы бірнеше мектепті атап өтуге болады. Солардың бірі  Leysin American School, Альпы институт мектебі, Жергілікті жерді зерттеу (LETS) бағдарламасы. Шартарапты тамаша көріністерімен ғана емес, тәртібімен де таңқалдырған Швейцариядағы көше небәрі 80-ші жылдардың басында дене тітіркенетін лас жағдайда еді. Жер асты суларының, өзендердің ластануы, шірінділердің көптігі, жердің эрозияға ұшыруы елді экологиялық апаттың құзар биігіне шығарды. Мемлекет шұғыл шешім қабылдауына тура келді. Олар қоқыс қалдықтарымен жүйелі жұмыс істеудің ережесін жасап шығарды. Қалдықтарды түріне, құрамына, типіне бөліп, сұрыптайтын арнаулы жәшіктерді орнатты. Экологиялық залал келтірмей, қоқыстарды өртейтін ірі зауыттарды, отыздан аса қайта өңдеу жұмыстарын атқаратын кешендік орталықтарды ашты. Қыруар еңбек желге ұшпауы үшін заң жүзінде қадағалау қатаң тәртіппен іске асты. Осылайша үздіксіз даму, өткеннен тағылым алу арқылы өркениетті елдердің қатарына қадам басты. Әлемдік баға тізіміне (price list) зер салайық: қоғамдық ортада темекі, тағам, қағаз, т.б. қоқыс қалдығын лақтырғаныңыз үшін Австрияда – 90 евро, Қытайда – 50 юань, Австралияда – 7500 доллар, Швейцарияда – 300 швейцар франкін, Ирландияда – 5000 евро төлесеңіз, АҚШ-тың кей штаттарында бір айға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Осы орайда батыр Б.Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген ел – құл болмайды» деген сөзі еріксіз еске түседі.
Экологияны табиғаттағы тірі организмдердің өзара байланысын зерттейтін ғылым ретінде қарастырсақ, оның химия, биология, физика, география, геология т.б. жаратылыстану пәндерін қамтитынын байқаймыз. Мектеп бағдарламасына экологиялық білім пәнін енгізбес бұрын, «экология ғылымын» жан-жақты саралап, сызбалық-жоспарлық жүйесін жасағанымыз жөн. Бұл жөнінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Мемлекет басшысының жүктеген тапсырмасын сапалы орындау міндетіміз. Сондықтан пәнді 1 қыркүйекке дейін әйтеуір енгізу керек деп асығыс шешім қабылдауға болмайды. Оның әдістемелік қырын, балалардың жас ерекшелігін ескеруіміз керек» деді. Экологиялық мәдениетті оқушы кезден қалай қалыптастыра аламыз? деген сұрақтың тууы орынды. «Тәрбие ошағы – отбасы» десек, ұл-қызын қасына ерткен әрбір ата-ана қоғамдық ортаны ластауға болмайтынын, әр ісі ұрпағына әбірет екенін сана биігінде түйсіне алғаны абзал. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру еңбектеген сәби шақтан ғұмырымыздың соңына дейін үзіліссіз жетіліп отыруы тиіс. Үй күтімін талап ететін гүлдерді өсіру, бау-бақшаны арам шөптерден тазарту, жеміс-жидектерді күтіп, баптау, әрқайсысының жас ерекшеліктерінен, атауынан, тіршілік ету көзінен хабардар болу, т.с.с. еңбектің дағдыға айналуы экологиялық ілкі ілімді қалыптастырады. Отбасында осындай тәрбиемен сусындап өскен бала балабақшада да табиғатты аялауға, қорғауға тез икемденіп, тазалыққа үйірсек келеді. Мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер ақпаратты ойын, іс-қимыл, ән, би арқылы тиімдірек қабылдаса, жоғары сынып оқушылары үшін визуалды, тыңдалым мағлұматтары анағұрлым құндылау. Ақпараттың 90 % көру арқылы қабылданатындықтан, айналамызды ескертпе, ақпараттық белгілермен безендіргеніміз жөн. «Көгалданған аймақты аяқпен таптама!», «Гүлдерді жұлма», «Ағаш отырғызуға арналған алаң», т.с.с. Алғашқы сыныптағы балдырғандар үшін сабақ түрлі-түсті кітаптармен, таныстырылымдармен толықтырылып, гүл күтімі, жасанды (макет) қоқыстардан тазарту, көшет отырғызу ісімен жалғастығын тапса. Осылайша еңбекпен өсіп-жетілген жеткіншек табиғаттың әр тау-тасының қадірін ұғынып өспек. Оқу барысына еліміздегі әрбір географиялық аймақтың өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктерінен хабар беретін әдістемелік құралдарды қоса аламыз. Мысалы, Әбілбек Нұрмағамбетұлының «Жер-судың аты – тарихтың хаты» деп аталатын танымдық кітабы. Мұнда еліміздегі әртүрлі жер, су, тау атауларының шығу тарихынан бастап, географиялық сипаттамасы, зерттеушілері туралы жазылған. Көпке аян Алатау тауының дәл бұлай аталуы түстер симфониясынан емес, қырқа, төбешік, тау тізбегі ұғымдарынан, яғни, «маньчжур» тілінен тәржімаланғанын білесіздер ме? Алатаудың Жетісу аймағында алтын, мырыш, қорғасын кентастары бар. Осы орайда мектеп оқушыларына химиялық қосылыстар, тау үгінділері, қазба байлықтарды молайту жөнінде ұғынықты, қарапайым тілде мәлімет бере білу маңызды. Мамандардың бір тарапы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал ететін көмекші құралдар – мультфильмдер, деректі фильмдер, мобильді қосымшалар, ойындар екенін атап өтті. Бүгінгі таңда «Balapan» Ұлттық арнасынан көрермендерге жол тартқан «Орман күзеті», «Маймылдар мекені», «Ғажайыпстанға саяхат», «Өзін-өзі тану» пәні бағдарламаларын мысал ете аламыз. Алайда, тікелей экологиялық сауаттылыққа бағытталған бағдарламалық тізім әлі де толығуы керек. «Экология» тақырыбына арналған тәрбие сағаттары, ашық сабақтар, конференциялардың жиі, әрі сапалы өткізілуі ортақ мақсатқа қол жеткізудің өнімділігін арттырады. Табиғатты қорғаудың маңызын түсіндірумен қатар, оны іс жүзінде көрсете білу заңи қолдау мен қаржы көзіне тікелей тәуелді. Сан түрлі топтар мен аудиторияларға психологиялық, әлеуметтік, рухани әсерін тигізетін БАҚ экологияны жақсартушылармен мүдделес болуы замана талабы. Телефонға телмірген жұртшылықты айналаңыздан кездестіру өте оңай. Ақпарат тасқынының ғасырында экологияға қатысымы бар графикалық мүмкіндіктер аясын кеңейтуге, инфографикалық сызбалар санын мейлінше ұлғайтуға, деректі мәліметтерді жүктеуге, видеоконтент, сайт ашып, жүргізуге тосқауыл жоқ. Тек бұған басты әсер етуші факторлар – қызығушылық, уақыт, соны идея, қаржылай қолдау. Жыл сайын дәстүрлі түрде Мәскеуде экологиялық проблемаларға арналған «Ecocup Film Festival» кинофестивалі өткізіледі. Әр жылдары фестивальде жеңіске жеткен кино туындылар шын мәнінде көруге тұрарлық. Көш бастап тұрған «Ыңғайсыздау шындық», «Заттардың тарихы», «Үй», «Валл-и», «Қоқыс армандары», «Адамдардан кейінгі өмір» кинолары экологиялық сананы қалыптастыруға әйдік септігін тигізеді. Көп үлгіден кенде, көп өнерден кенже қалмау үшін бізге қашан да жаһандық тәжірибеге ұмтылыс қажет-ақ. Жинақтаған тәлім мен білімнің мол қорын экологиялық жетістік іспетінде көрсету – ортақ мақсат.
Мемлекеттік экологиялық бағдарламаны жүйелеу және жоспарлау ісі үш бағыт бойынша өрбіді. Алғашқысы, салалық табиғатты қорғау бағдарламалары, екіншісі, жеке табиғат ресурстарын немесе табиғи ортаның жекелеген құрамдас бөліктерін қорғау шаралары, үшіншісі, кешенді табиғат қауіпсіздігі. Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңында «Білім берудің ғылыми сипаты, құқылық, экологиялық бағыты» туралы 3-бабы қазіргі заман талабына сәйкес, экологиялық білімнің қоғамдық маңызы мен рөлін айқындап отыр. Қазіргі таңда тәлімгерлерге білім беру үдерісінде біртұтас ғылыми-теориялық жүйенің болмауы, қоршаған ортаға деген сыйластық пен айтарлықтай жауапкершіліктің жоқтығы «экологиялық білімге» пән ретінде сұранысын төмендетті. Қазақстандық ғалымдармен бірқатар зерттеулер жүргізіліп, экологиялық білім мен тәрбие берудің қажеттілігі, мақсаты мен міндеттері, мазмұны мен принциптері зерттелді, экологиялық ұғымдар жүйесі анықталды. Табиғатты қорғау және экологиялық тәрбие берудің педагогикалық негіздерін Г.Т.Хайруллин; жеке пәндерді оқыту процесінде экологиялық тәрбие беруді У.Ә. Есназарова, А.Д.Болтаева; білім беру мәселелерін Д.Жангельдина, С.А. Орынбеков; биосфераны Ж.Ж.Жатқанбаев, Е.Ә. Мәмбетқазиев зерттеді. Елімізде орта мектептерде экологиялық білім мен тәрбие беру мәселесін теориялық тұрғыда негіздеп, оған ғылыми-әдістемелік жағынан талдау жасаған педагог-ғалымдар И.Н.Нұғыманов, У.Мақанов, Ж.Ә. Шоқыбаев, Н.С.Сарыбеков, Ә.С. Бейсенова, т.б. еңбектерінің маңызы зор. Экология пәнінің басты нысаны организм мен қоршаған орта арасындағы байланыс болғандықтан ол жалпылама және аутэкология, популяциялық, биоценология, жаһандық экология деп бірнеше түрге жіктеледі. Жыл сайын табиғаттың көркем кейіпке еніп, көз баурайтын әдемілігімен тамасандыруы экологияның тағы бір тармағын дүниеге әкелді. Экотуризм. Ол экологиялық ахуалды жақсартып, урбандалу, психологиялық күйзелістен шаршаған адамдарға қолайлы табиғи ортаны ұсынуды мақсат етеді. Бүгін де экотуризмді экономикалық кірістің негізгі көзі ретінде қолданып отырған мемлекеттер аз емес. Мәселен, 2019 жылдың дерегі бойынша Түркия қаңтар мен қыркүйек айларының аралығында туризмнен 26,63 млрд доллар пайда тапқан. Экотуризмнің дамуына өз үлесін қосып отырған әлемдік ұйымдардың, мемлекеттік және мемлекеттік емес органдардың үлесі де таудай. 2002 жылы БҰҰ-ның қаулысымен «Халықаралық экотуризм» жылы деп аталып, Квебекте Бүкіләлемдік саммит өткен. Нәтижесінде экотуризмнің тұрақты дамуын ілгерілету, биологиялық әртүрлілікті сақтау және халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту жөнінде бірқатар мәселелер оң шешімін тапты. Экологиялық мәдениеттің жаңа бір деңгейге көтерілуі Қазақстанның туризм дәрежесін жақсартуға оң ықпал етері сөзсіз. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында туризмнің, әсіресе, эко және этнотуризмнің дамуына экономиканың маңызды саласы ретінде ерекше көңіл бөлуді тапсырған. Эко және этно туризмнің тамаша үйлесімі әлемдік туризм саласында Қазақстанның өзіндік рөлін айқындай түседі. Жетісу өңірі, Алматы қаласы этно туризмді насихаттау, көрсетуде көш ілгері тұр. Таудың салқын самалын тыныстауға, жылқы малының мүмкіндіктерін пайдалануға, ұлттық бедерімізді тануға ұмтылыс жүзге жуық жаңа эко үйлердің ашылуына мұрындық болды. Қазақстанда бағзыдан табиғи күйінде сақталып келген туристік нысандарға Баянауыл, Бурабай, Үстірт, Қарқаралы, Түрген, Есік, Ұлытау, Марқакөл, т.б. аймақтары кіреді. Жетісудағы Сақ қорғандары, Батыс Қазақстандағы Сарайшық, Түркістандағы кесенелердің барлығы азды-көпті реконструкциядан өткенімен, көп көңіл бөлуді қажетсінеді. Бұл жерлердегі тарихи-археологиялық ескерткіштер туристер үшін аса қызықты. Биыл карантиннің тыйым ережелеріне селқостық танытып, Алакөл, Қапшағай, Балқаш көлдеріне демалуға бет алған адамдар саны да аз болмады. Бірақ демалыс орындарына жеткізер жолдың ұзақтығынан бұрын, сапасы көңіл көншітпейді. Кедір-бұдыры, ойық-шұңқыры көп жолдар эко туризмнің әлеуетіне, еліміздің имидждік атағына нұқсан келтірері анық. Жол бойындағы сервистік қызмет көрсету орталықтарының жұмыс істеу стандарттарына сай келуі, тамақтану орталықтарының деңгейі өз халқымыз үшін де, әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристер үшін де аса маңызды.
Экологиялық проблемаларды шешуде заңдық нормалардың, қатаң ережелер мен темірдей тәртіптің орнығуы маңызды. Ел арасында жүзім деп аталатын бейнебақылау камераларының көмегімен қатаң қадағалау жүргізіп, орасан мөлшерде айппұл салу арқылы тазалықты сақтай аламыз ба? Әлеуметтік зерттеулер бірыңғай тәртіп орнықтыруда бұқараны айыппұлға шегендеу тәртіпке баулудың тиімді әрі тез жолы деп біледі. Бірақ заңның пәрменділігінен табиғаттың қасиетін іштей ұғыну анағұрлым маңыздырақ. Мемлекет экологияны пән, факультатив, қосымша дәріс, тәжірибелік сағат аясында қарастырғанымен, саналы түрде адамзат табиғаттың қадірін өз бетінше ұғына білуі керек. Әр тектес саладағы пәндердің теориялық негіздемесін оқып-білу бір бөлек, сол саланың маңдайалды маманы атану бір басқа. ЖОО-дағы «қаржылай сауаттылық» курсын тәмәмдағандардың күллісі экономикалық сауатты азамат болып қалыптасты ма? Несиені несиемен өтеп отыратын халықтың саны қаржылай сауаттылықтың салдарынан неге азайып, жоққа айналмайды? Егер, әр адам табиғаттың алдындағы жауапкершілікті сезіне алмаса, экологиялық мәдениет мәселесінде де дәл осындай қателіктер қайталануы мүмкін. Әлемді өзгерткіңіз келсе, өзіңізден бастаңыз.

715 рет

көрсетілді

11

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз