• Тарих толқынында
  • 30 Қыркүйек, 2020

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ СОҒЫС ӨНЕРІНДЕГІ АЙЛА-ТӘСІЛДЕРІ

Соғыс деген – қиян-кескі ұрыс, атыс, шабыс, майдан алаңындағы жекпе-жек қана емес, стратегиялық жоспар, тактика, қулық. «Соғыс – айла» деген сөз бар. «Соғыс атаулының бірі ғана соғыс, тоғызы қулық» деп те айтады кейде. Соңғы уақыттарда көшпелі тірліктің қым-қуат қарекетімен жүрген ертедегі қазақ халқының жаугершілік уақытында қулық, тактикалық амалдарды пайдаланып, позициялық, стратегиялық ұрыс жүргізудің жолын біліп, айласын асыра алғандығы жөнінде әртүрлі материалдар жазылып, көркем фильмдер түсіріле бастады. «Ердің жолдасы тәуекел» деп, бес қаруын асынып, білекке сеніп, төтесінен шаба беретін емес, енді жаудың аңдысын аңдып, жоспарларын біліп барып ұрыс жүргізудің амалын білген, соғыс өнері мен тактикасынан білім-білігі мол халық екендігін көрсетіп бағуда. Осы ретте төл әскери өнер мен отандық тарихнамадағы мән-маңызы айрықша тақырыпқа біз де үңіліп, ара-жігін ашып көруге тырысқан едік.

Шыңғыс ханның «Ұлы Ясасы» немесе соғыс өнерінен баян ететін ежелгі трактат туралы бірер сөз

Аты аңызға айналған қытайлық қолбасшы Сунь Цзыдың (б.з.д. 6-5 ғ.) трактаты бар, ұрыс жүргізу өнеріне үйрететін, соғыс заңдылықтарын баяндайтын.  Сол еңбекте «Соғыс деген – қулық деген. Қабілетті болып тұрып қабілетсіз көрінуің, қолданып тұрып қолданбағандай болуың, жақын тұрып алыс көрінуің, алыс тұрып жақын көрінуің керек» деген сөздер бар. Жалпы қытайлықтар соғысты қулық деп біліп, шайқасқа бетпе-бет келмей, шығынсыз, ұрыспай жеңіске жетуді әу бастан жоспарлап отырған ғой. Және бұл қулықтары нәтижесіз де болмады. «Сұлу әйелмен аздыру айласы», «Басып алу үшін көмектесу айласы», «Бейшара көріну айласы» («Отыз алты айла») дегендей айла-тәсілдері керемет пайдасын беріп тұрды. Бұндайды тізе берсек көп әрине. Талай еңбектер жазылды бұл хақында. Ал көшпенділердің, оның ішінде қазақ халқының  жауынгерлік дәстүрлері, ұрыс жүргізу мәнері, айла-тәсілдері туралы көп айтылмай келді.  Ел болу жолындағы қиян-кескі ұрыстар, бірнеше жылдарға созылған соғыс пен майдан даласындағы батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен батыр бабаларымыздың ерліктері мен қаһармандық істерін күні кешеге дейін жыр-дастандар мен аңыз әңгімелерден оқып, тамсана қабылдап, үлгі етіп жүрдік. Соны қанағат еттік. Ал олардың тактикалық амал-тәсілдері мен соғысу өнерінен мәлімет беріп таныстыратын, белгісіз боп келген тарихи шындықтарға көзді ашатын маңызды тақырыптар зерттелмей, жарыққа шықпай кейінге қалып қоя берді.  

Иә, әрбір халықтың ертеден қалыптасқан әскери өнері мен жауынгерлік дәстүрлері болады. Елін, жерін көздің қарашығындай сақтау, өзіндік саяси, қорғаныс стратегиясын қалыптастыру кез-келген мемлекет үшін аса маңызды. Көшпенді халықтың жауынгерлік дәстүрі мен ұрыс жүргізу жолдары жаһандық әскери ғылымның қалыптасып дамуына үлкен септігі тиді. Бұны қазір көптеген тарихшы-ғалымдар мойындап, мәлімдеп жүр. Мәселен, сақ, ғұн, түркі тайпаларынан кейін Шыңғыс ханның әскер жасақтаудың ондық жүйесін көп елдер көшіріп алып, тиімді қолданып, іске асыра алды. Өз жарғыларын далалықтар жасап берген әскери жүйе мен заңдарға, қолбасшылық мектептерге сүйеніп құрады. Шыңғыс ханның «Ұлы Яса» заңдар жинағындағы ұжымдық жауапкершілік, антқа адал болу, опасыздық жасамау, бұйрықты сөзсіз орындау, қашып кеткен жауынгер үшін басшының басы алыну дегендері қандай керемет тәртіптер. Ал бұндай темірдей тәртіптер мен қатал заңдар тек жеңіске бастайтыны тағы белгілі.

Тегі «қазақ» деп отандық ғалымдарымыз мәлімдеп жүргеніндей,  ұлы қағанның әулеті Қытай, Қыпшақ жерлеріне биліктерін жүргізіп, Алтын Орда секілді  ұлы мемлекеттердің негізін қалап, жарты әлемге үстемдігін жүргізіп келгенін білеміз.Шыңғыс хан ұлы стратег болды. Және ұрыс жүргізуде үнемі мінсіз жол қарастыратын. Соғысуды бастамас бұрын, жауын зерттеп алу, әскер саны мен батырлары жөнінен толықтай мағлұмат алу, ұрыс жүргізу орнын алдын-ала тексеріп, бағамдап білу ханға тән қасиеттер еді. Соған қарағанда, қаған тек көшпенді халықтың емес, өзге елдердің де соғысу мәнерін үйреніп, әлгі Сунь Цзыдың еңбектерін білуі бек мүмкін. Қытайға жасаған жорығында ол сол елдің білгір саясаткері, ғалым Елюй Чусаймен (лақап аты «Ұзын сақал», тегі-қидан-моңғол) кездесіп, қасына сенімді кеңесшісі етіп алған. Сол  кеңесшісі соғыс өнерінен мәлімет беріп, еңбекпен таныстыруы да мүмкін.  Әрине, Сунь Цзыдың еңбектері көбінесе қытайлықтардың кәсібіне, мінез-құлықтарына лайықталғанын, өмірге, болмысқа қатынасы бөлек жұрттың салт-дәстүрін ескере отырып жазылғандығын ұмытпау керек. Қаған өзіне қажеттісін алып, өз жұртының мың жылдық ұрыс жүргізу тәртібін жетілдіріп, жаңаша қалыптастырды деп ойлаймыз.

Орбұлақ шайқасында Жәңгір хан қолданған тактикалық әдіс

Қазақ халқының соғысу өнеріндегі тактикалық әдіс-тәсілдер туралы әңгіме өрбіткенде ең алдымен Орбұлақ шайқасы бірден еске түсе кетеді. Неге дейсіз ғой? Өйткені, 600 қазақ сарбазы (кейбір деректерде 800 сарбаз) 50 мың жоңғар қолын тас-талқанын шығарып, басымдыққа ие болды делінген. Аңыз секілді көрінетін бұл айқас отандық тарихнаманың  айтулы оқиғасы ретінде саналып жүр. Сонымен Салқам Жәңгір жау бетін қайтару үшін қандай тактикалық әдістерді қолданды? Осы оқиғаға қатысты қазақ уикипедиясы мынандай мәліметтерді береді. 

Шайқас алаңының қия беткейіндегі 600 қойтасты Жәңгір бастаған қазақ жасақтары паналап, ор қазып алып, жау әскерін улы жебемен қарсы алмақ болып жоспарлайды. Улы жебе жанап кетсе, кез-келгенін сұлатып түсіреді екен. Әрі «Сасықтекенің» түтінін пайдаланбақ болады. Таутекелер күйлеген кезде иіскейтін гүлді суға қайнатып, артынша мата малып кептіреді де, жағып жіберсе, түтіні адамды да, жануарды да уландырып жіберетін көрінеді. Жәңгір хан әскерінің бас қолбасшысы Қостоқты батыр 600 сарбазын жасырып, жаудың алдынан өзі шығады. Қулықпен оларды алдаусыратып, «Сасықтеке» түтініне ұрындыруды мақсат етеді. Және бұл жоспары жүзеге асып, жау әскері алданып, түтінге, онан соң улы жебеге ұрынады. Осындай амал-тәсілдің арқасында дұшпан әскері жеңіле бастайды. Аузы-басын мата-шүберекпен тұмшалап, ешкінің майымен майлап алған қазақ жауынгерлеріне түтін әсер ете қоймайды. Бірен-сарандары меңдуананы қымызбен араластырып ішіп, уланудан тазарып аман қалады. Жаудың оң мыңдай жасағын осындай әдіс арқылы қырып тастап, қалғандарын шегіндіріп,  біраз уақытты ұтады. Артынша Жалаңтөс Баһадүрдің жиырма мың қолы көмекке келіп, тықсыра бастайды. Жау әскерлері тағдырмен ойнамай, кейін шегінуге тура келеді. 

Ресейдің әйгілі этнографы, тарихшы А.И.Левшин өз еңбектерінде осы шайқас туралы  былай деп жазады: «Ол ашық шайқастан қашып, аздаған адамдарының бір бөлігін екі таудың арасымен сайға орналастырды. Олар жерді терең етіп қазып, биік қорған дуалын жасады, ал жауынгерлердің екінші бөлігі таудың арғы жағында тығылып отырды. Жоңғарлар қорғанға таяп келіп, оған шабуыл жасады. Көп адамынан айырылған соң, оларды қоршап алуға алаңның тарлығы мүмкіндік бермеді. Сол кезде Жәңгір олардың ту сыртынан шабуылдады. Ойламаған жерден болған соққының, әрі жауынгерлердің батылдығының арқасында, мылтықтарының өте сапалы болуынан Батыр қонтайшыға қатты соққы берді», – деп сипаттайды. 

Бұл оқиғаға әрине әртүрлі пікір айтуға болады.  Бірақ айта кететін бір жайт, кейбір сайт беттерінде мәліметті, оқиғаны дұрыс бермей, оқырманның ойын шатастыратын жағдайлар кездесіп жатады. Мәселен, 600 қазақ сарбазы 50 мың жоңғар қолын тас-талқан етіп жеңді деп емес, 50 мың жау әскерінің 10 мыңын, оның өзінде білтелі мылтықпен (ол кезеңде үлкен артықшылық болатын)  «Сасықтекенің» түтінімен, улы жебемен және тұтқиылдан шабуылдар жасаумен жер жастандырды. Әрі жергілікті жердің қыр-тасы, ойпаты, алаңның тарлығы қазақ әскерлерінің пайдасына шешілді. Артынша Жалаңтөс Баһадүрдің жиырма мың әскері жәрдемге келіп, қалған жауды тықсыра бастайды. Екпіні қайтқан, мысы басылған, әрі көп әскерінен айырылған жоңғарлар шегінуден басқа амалы қалмайды. Бұл нұсқа ақылға келетін секілді. «Сасықтекенің» түтініне келсек, әрине, түтінмен уландыруға болар, бірақ аталмыш әдістің негізгі мақсаты – үрей (паника) туғызу, адастыру. Бірінші Дүниежүзілік соғыста немістер химиялық қаруды жаппай іске қосып, қолданғаны бар. Химиялық қару ретінде хлорды пайдаланған. Хлорлы газға уланған әскердің 4 пайызы ғана жан тәсілім еткен. Яғни,100 адамның 4-уі ғана өлген. Бұл үлкен көрсеткіш емес. Химиялық хлорды «Сасықтекенің» түтінімен салыстыруға келмейді, әрине. Дегенмен де, бұл өсімдіктің түтінін уландырудан гөрі өзге мақсатқа пайдаланған деген пікір дұрыстау ма деп ойлаймын.   

Түйіндей айтқанда, әлемдік соғыс өнерінің жылнамасына енуге лайық бұл шайқаста қазақ әскерлері айла мен әдіс-тәсілдерді тиімді пайдаланып, тактикалық ұрыс жүргізудің үздік үлгісін көрсете алды деп толық айта аламыз. 

Кенесарының «Тосыннан жиналу» тактикасы

Жорыққа шыққанда қазақ жауынгерлері бірнеше топқа бөлініп, алдын-ала белгіленген жерде «Тосыннан жиналу» әдісін де пайдаланатын болған. Бұл көп әскердің қалай, қайдан келгенін білдіртпей, жау жағын қапыда қалдыру тактикасы. Кенесары 1838 жылы Ақмола бекінісін аларда осы әдісті қолданған. Ұрыс барысында жау жағы басым бола бастаса – қазақ әскерлері жан-жаққа шашыла шегініп, белгіленген жерде қайта жиналып, кенеттен шабуылды бастаған.  Сонымен қатар әскер санын көп етіп көрсету үшін «Киіндірілген қуыршақтар» әдісін іске қосқан. Яғни, аттарға киіндірілген қуыршақтарды отырғызып қою. Бұл әдісті жау әскеріне басымдықтарын көрсетіп, рухын түсіру мақсатында қолданған.

Ірі шайқастарда жеңіске жеткізген факторлар

Іргелес, аралас жатқан дала халықтарының бір-біріне деген өшпенділігі, қайта-қайта бас көтеріп, шабуыл жасап, ауыл-ауылдың берекесін алып, елдің мазасын қашырған сәттері ол кезеңдерде аз болған жоқ. Тағдыры қыл үстінде тұрған қиын шақтарда сабырлылық пен ұстамдылықты ту етіп, достық қарым-қатынас орнату үшін жасалған қадамдар, бейбіт келісімдер елдің тыныштығына кепіл бола бермейтін. Жақын, іргелес жатқан бұл елдер бір-бірінің құпия-сырларына, мақсат-мүдделеріне қанық та болатын. Жеңіс тізгіні бірде қазақтарға өтсе, бірде керісінше дегендей ауысып жататын. Бірақ ел тарихында үлкен бетбұрыс жасаған шайқастар болды. Солардың бірі – «Бұланты шайқасы» (1727 ж.). Бұланты және Білеуті өзендері аралығында (Ұлытау өңірі) қазақтардың жоңғар басқыншыларымен болған үлкен шайқасы. Қазақ жерінің шығысы мен Жетісуды, Сырдарияның орта ағысына дейінгі өңірін басып алған жоңғарлар (1723-1725 жж.) Ұлытауға қарай бет түзейді. Ел басына қауіп төнген осы кезеңде Ордабасы жиынында біріккен қазақ қолының бас қолбасшылығына Әбілқайыр хан сайланып, жоңғарларға қарсы ұйымдасқан шабуылға шығуға үлкен мүмкіндік беріледі. Осының  арқасында жоңғарлар 1726 жылы Шұбар теңіз соғысында қазақ әскерлерінен ойсырай жеңіліс табады. Көп ұзамай Бұланты мен Білеуті өзендері арасындағы кең жазықта шешуші ұрыс басталады. Ол тарихқа «Бұланты шайқасы» деген атпен енеді. Кейін майдан кіндігі болған төбені «Қалмақ қырылған» деп атап кетеді. Келесі бір ірі соғыс – «Аңырақай шайқасы» (1729 жылы). Бұл жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі айқас ретінде айтылады. Қазақтан құралған үш жүз жасақтары 1728 жылдан бастап Балқаш пен Шу бойына қарай жылжып, ұрысқа дайындық жүргізе бастайды. Қазақтардың әрекетін сезген жоңғарлар Балқаштың оңтүстігінде үлкен шеп құрып, әзірленуге кіріседі. Шешуші шайқас алдында үш жүз жасақтары  Сұңқар тауында (кейін Әбілқайыр тауы) жиналады. Солтүстігі Балқаш, оңтүстігі Отар, батысы Шу, шығысы Күртіге дейінгі аралықтағы жерлерде (осы өңірді Аңырақай дейді) өтеді. Бір жарым айға созылған ауыр шайқастың нәтижесінде қазақтар жеңіске жетеді. Дегенмен, екі жақтан да қыруар шығын болады. Көптеген батырлар қаза табады. Бірақ қазақтың күші басым болып, нәтижесінде жоңғар әскері одан әрі соғыса алмай, Шарға, Аягөзге қарай шегінеді.

Бұл шайқастарда екі тараптан да тактикалық амалдарды қолданғаны анық. Бірақ жеңіске жетуде қазақтардың жауынгерлік рухы мен жүз-рулардың бірлік танытуы шешуші мәнге ие болды. 

Көшпелілердің әскери өнерінің өзіне тән ерекшелігі

Көшпелі халықтың соғысу өнері мен жауынгерлік дәстүрінің өзіндік ерекшеліктері көп. Бір мақала көлемінде бәрін айтып шығу мүмкін емес. Әрі ғылыми еңбектерге тартатын үлкен тақырып.  Көшпелілерге тән әскер жасақтаудың ондық жүйесі бірнеше ғасырлар бойы өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келгенін алдында айттық. Темірдей тәртіп, мызғымас әскери иерархия, қатардағы ұланының дәрежесі басқа қосын қолбасшыларынан кем болмауы және әрбір ұл жастайынан жауынгерлік өнерге машықтануы міндетті саналған. Көшпелілердің әскери өнерінің өзіне тән ерекшелігі – әскери-аңшылық тактика. Батыр бабаларымыз жауға қарсы «Үлкен жорық соғысы», «Құйрық жеу соғысы», «Ошақ соғысы», «Ұры соғысы» дегендей тактикаларды қолданған. Бес қаруын сайлап, сауыт киінген қазақ сарбаздары алыс жорықтарға екі-үш атты қосарлап мінген. «Ер қаруы – бес қару» деп, бұған қылыш, найза, садақ, айбалта, күрзіні жатқызған. Көшпелі халықтарда шайқастар көбіне батырлар жекпе-жегімен басталатын. Жоңғарлармен айқаста жекпе-жектер апталап, тіпті айға дейін созылған. Жекпе-жек жауынгерлердің жетістіктерін айқындайтын батырлар айқасының төресі болып есептелінетін.

Әлем тарихында асыра дәріптелген шайқастар немесе 300 спартандықтардың ерліктері туралы шындық пен жалғандық

Дүниежүзі халықтарының тарихында көптеген соғыстар, ірі-ірі шайқастар, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батырлар болды. Олар туралы қаншама жыр-дастандар жазылып, аңыз-әңгімелер таралды. Бірақ бұл оқиға тым көп жарнамаланып, дәріптелгендіктен, оның анық-қанығына біз де үңіліп, шындығына көз жеткізсек дедік.

Спартандық 300 жауынгер туралы Голливуд түсірген фильмді мүмкін көрген де, естіген де боларсыздар. Бұл кинофильмнің төңірегінде қаншама сын пікірлер де айтылды. Аталмыш оқиға төңірегінде көп бұрмалаушылыққа жол берілгендігін алға тартты. Расында да Геродоттың Фермопиль түбіндегі шайқас туралы жазбаларында мүлде басқа мәліметтер келтірілетіндіктерін кейін оқып білдік. Иә, соғыс тарихына көз жіберсек, әдіс-тәсілдер мен тактикалық амалдардың көмегімен жеңіске жетіп, жаудан қалай айласын асырғандығы туралы таңғажайып мысалдарды кездестіресің. Ескендір туралы да, пілдерді Альпі тауынан асырып, ата жауы римдіктерді дүр сілкіндірткен Ганибалдың жорықтары болса да жетіп жатыр. Әр ел өзінің отандық тарихынан осы тектес қызыққа толы қаһармандық дүниелерін ұсынып, қуана-қуана көрсете алады.Үлкен айланың,тактиканың көмегімен жүзеге асқандығын айтып береді. Бірақ әлгі спартандық 300 жауынгердің 100 мың, тіпті 1 млн әскерге төтеп беріп, бетін қайтарды дегендей ақылға келмейтін дүниелер ара-кідік кездесіп қалып жататыны бар. Олар туралы кинофильмдер түсіріліп, әсірелеп жарнамалап жатады. Геродот негізінде бұл шайқасқа қатысқан грек жауынгерлері туралы былай деп мәлімет береді: «Парсыларды қарсы алу үшін 300 спартандық гоплиттер, 1000 тегейлік және мантинейліктер, Аркадидегі Орхоменнен 120 адам және қалған Аркадиден тағы 1000 адам. Сондай-ақ Коринфадан 400, Флиунтадан 200 және Микеннен 80 адам. Бұл Пелопоннесадан келгендер. Беотидан 700 феспилік пен 400 фивандықтар қосылады. Бұдан басқа эллиндіктер жақын төңіректен опундық локрлар мен 1000-ға жуық фокиларды көмекке шақырды». Сонда бәрін қосқанда, 5200 жауынгер. Сонымен қатар, бұлармен бірге құлдары (илоттары) болатындығын және қосу керек (kulturologia.ru сайтынан). Иә, спартандық жауынгерлердің саны 300. Бұл анық. Бірақ бұлармен бірге, өзге де грек жауынгерлері шайқасқанын және бұлардың жалпы саны 300 емес, 5000 мен 7000-ның арасында болғанын айту керек. Сондай-ақ Спартанда ол кезеңде заң өте қатал болатын. Қашып келген жауынгерді не өлім жазасы күтетін, не елден қуылатын (олар үшін бұл өлімнен артық жаза). Соңғы демі біткенше соғысудан басқа амалы жоқ-тын. Ал парсы жағынан әртүрлі болжам бойынша 80 мың мен 250 мыңның арасы деп айтылады. Негізінде бұл да күмәнді. Екі күн бойы Фермопиль түбінде гректер өз позициясын ұстап тұрды. Ал үшінші күні шайқас барысы өзгеріп, басымдыққа парсы әскерлері ие бола кетеді. Оқиғаның қалай өріс алғанын оқырман жақсы білер. Бірақ осы үш күн ішінде гректер тарапынан 4000 адам қаза тапса, парсы жағынан бұдан бес есеге дейін мерт болды делінеді.

Әлемдік соғыс тарихында ірі шайқастар, ұлы жеңістер болды. Ерліктің ерен үлгісін көрсеткендер де жетіп жатты. Бірақ тарихи шындықты өзгертіп, болған оқиғаны әсірелеу, қолдан геройлар жасаудың қажеті не дейсің?.. Иә, спартандықтар, гректер, біріге отырып, үлкен ерлік жасады. Жергілікті жердің тау-тасын тиімді пайдаланып, парсы әскеріне төтеп берді. Екпінін қайтарды. Осының өзі, тактикалық соғыс жүргізудің үлгісі ретінде қалдыруға болатын еді. Бірақ мына батыс саясаты деген үлкен күш тарихқа да, мәдениетке де ықпалын жүргізіп, жалған дүниелерді қос-қостан шығарып, ұрпақтың санасына теріс ой, жалған пікір қалыптастыруын қоймай келеді.

Қазақтардың төл әскери өнерінің мәні мен маңызы

Ғасырлар бойы жауынгерлік дәстүр мен әскери өнері бабасынан баласына беріліп келе жатқан көне халық қазақтай ел кемде-кем болар. Бұған дейін бірнеше рет бодандық тепкісін көрсе де, олардың бойынан табылатын батылдық, қырағылық, ата мұрасына деген ұқыптылық әлі де таң қалдырып келеді. Екі жүзден астам соғысқа қатысып, бірнеше мәрте қоршауға түссе де, айла-әдістің көмегімен бұзып, орман-тоғайларды пайдаланып, жау колонналарына шиыршық сипатты («Бауыржановская спираль» 1995г.) тұтқиыл шабуылдар жасап, аз шығынмен тапсырманы артығымен орындауға машықтанған  Бауыржан Момышұлы қорғаныс тактикасына қатысты  мынандай пікірлер айтады. «Қорғаныстың екі түрі бар. Бірі – төніп келген жауды ілгері өткізбей, табан тіресіп, қатып қалу, қалай да алға жібермеу. Екіншісі – табан тірескен жауды теуіп, тепкілеп, үнемі үрейлендіріп ұстау. Сөйтіп қарсыңда жинақталған жаудың тобынан майданның басқа участоктеріне көмек жіберуіне бөгет жасау. Қазақшалап айтқанда, күрескен балуанның белін босатпай, қапсырып, қайыстырып, Қажымұқанша ұстау. Оның бұлтартып, бұлтаңдауға шамасын келтірмеу». Әрине, қорғаныс тактикасы туралы айтылар әңгіме көп. Бұны ежелгі көшпенділер аса ептілікпен, қулықпен пайдалана да білген. Ал Фидель Кастроның өзі құрмет тұтқан батыр ағамыздың бұл тақырыпқа арнаған еңбектері, лекциялары әскери ғылым үшін баға жетпес құндылық. Дала халқының ұрыс жүргізу әдісін бойына сіңіре білген Момышұлының әскери стратегиясы мен тактикасы күні бүгінге дейін шетелдік әскери оқу орындарында оқытылып келетіндігін айта кеткен жөн.

Ғасырлар бедерінде байытылып отырған көшпелілердің қорғаныс пен ұрыс жүргізу өнері өзіндік бірегейлігімен құнды. Тактикалық әдіс-тәсілдері өзге жұрттікінен ерекшеленіп тұратын дала халқының бұл бағытта жинақтаған мол тәжірибесі әскери ілімнің дамып, жеке ғылым ретінде қалыптасуына ықпал етті. Иә, соғыс өнері – айла-шарғы, ұрыс жүргізу ғана емес, бұл – саясат, дипломатия, халықаралық қатынас, ұлттық қауіпсіздік. Жаһандану заманында алпауыт елдердің ықпалынан сақтанып, егемендікті бекемдей түсу мақсатында өткен мен бүгінгіні саралай, өзгелердің тәжірибесінен сабақ ала отырып, ептілік пен қырағылыққа, алысты болжай білуге үйрену – бүгінде аса қажет. Халықаралық қарым-қатынаста, алыс-берісте көп жағдайда соғыс жағдайында қолданылатын айла-амалдар, стратегия мен тактикалар ойыны жүріп жатады. Оған сан түрлі оқиғалар, үлкенді-кішілі соғыстар дәлел. Бастапқыда әңгімені «Сунь Цзыдың» соғыс өнері туралы кітабынан бастап едік. Бұл Қытайдың әскери стратегиясына және саясатына арналған 13 тараудан тұратын еңбек ұзақ жылдар бойы «әскери философиясының мектебі» болып саналып келді. Көптеген ұлы қолбасшылар өз әрекеттерін осы еңбектің негізінде жүзеге асырып отырды. АҚШ-тың әскеріндегі жауынгерлерді оқытуында осы кітаптың негізгі баптары қолданылады. Міне, осындай ірі еңбек бізде де шығып, орта және жоғары оқу орындарында оқытылса екен дейсің. Әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, саралап, далалықтардың ұрыс жүргізу мәнері мен тактикасының мәнін түсіндіріп, суреттер мен кестелерді енгізіп даярланса. Бұл еңбек болашақта ел тізгінін ұстайтын ұрпақтың ата-бабаларының жауынгерлік өнері мен әскери салт-дәстүрін кеңінен оқытып қана қоймай, теріс пиғылды алпауыт елдердің ықпалына түсіп, тәуелсіздігінен айырылып қалмау үшін бойында қырағылық, стратегиялық ойлау, саяси білім беру секілді дағды-қабілеттерін қалыптастыруды да көздеуі тиіс. Өйткені, әлемдік саясаттың бір бөлігі болып табылатын Қазақ елінің болашағы – білімді, білікті, терең ойлай алатын ұлтжанды ұрпақтың қолында екендігін әсте ұмытпау керек.

 Қанат Едігетегі,

Алматы қаласы №59 мектеп-гимназияның оқытушысы

2512 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз