• Ел мұраты
  • 30 Қыркүйек, 2020

ӘЛЕУМЕТТІК ҚАУІПСІЗДІК – ҚОҒАМ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Дина ИМАМБАЕВА,
«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси
журналы бас редакторының
орынбасары

Босаған көшелер, жабылған базарлар, тым-тырыс сауда орталықтары, өтпей қалған іс-шаралар... Бұл «коронавирус» індеті орнатқан қазіргі қоғамның бейнесі һәм жаңа дәуір келе жатқанының белгісі. Жаппай тұтынушылық қоғам көз алдымызда күйреп жатыр. Миллиондаған адамның тұрмыс салты бірден өзгерді, жарқ-жұрқ еткен өркениет жалтырақтары адам өмірі мен денсаулығының қасында түкке тұрмай қалды. Тәжді тажалды жер шарына жайып жіберген жаһандану кеңестік кезеңде айтылатын «іріп-шіріген капитализмнің» кебін киді. Енді ештеңе де бұрынғыдай болмайды, ертеңгі күнге қанша күмәнмен, үреймен қарасақ та, ертеңнің арғы күні басқаша әлемде өмір сүретініміз анық.

Адамзат қоғамы өзінің құрылымы жағынан ешқашан бірдей болған емес. Қоғам адамдарының арасында теңсіздік бұрынды-соңды бар. Бұл үрдіс әлеуметтану ғылымында әлеуметтік стратификация деп аталады. Әлеуметтік стратификация бойынша адамдар тобы табысының көлемі, білім деңгейі, мамандықтағы мәртебесі, билікке қатынасы, т.б. белгілері бойынша жіктеледі. Әлеуметтанушылар негізінен қоғамды 4 жікке бөледі: жоғары тап; орта тап; жұмысшы табы; төменгі тап. Жоғары тапқа ірі меншік иелері – қаржы және өнеркәсіп магнаттары, жоғары билік элитасы – мемлекет басшылары, премьер-министрлер, министрлер, жеке ведомстволар басшылары, яғни жоғары санаттағы шенеуніктер жатады. Бұлар шамадан тыс байлыққа ие, қоғамның экономикалық және саяси өмірінде шешуші рөл атқаратын топ. Қоғамдағы олардың үлес салмағы аз, дамыған елдерде олар шамамен халықтың 1%-ын құрайды. Әлеуметтік стратификация бойынша орта таптың қоғамда алатын орны ерекше. Дамыған елдерде олар халықтың 60-80%-ын құрайды. Бұл тапты қоғамдағы әлеуметтік тәртіп пен тұрақтылықтың тірегі санайды және олар кәсіпкерлерден, интеллектуалдық мамандық иелерінен тұрады. Сондай-ақ орта тапқа қоғамдағы әр түрлі мамандықтардың өкілдері: ғалымдар, жазушылар, суретшілер, діни қызметкерлер, оқытушылар, дәрігерлер, заңгерлер, орта және шағын кәсіп иелері, маманданған жұмысшылар кіреді. Орта тап адамдарының тұрақты да сенімді қызмет орны, жақсы табысы және заман талабына сай өмір салты бар. Бұл таптың адамдары «жақсы өмірге қажырлы еңбектің, күш-жігердің, білімнің нәтижесінде жетуге болады» деген қағиданы басшылыққа алады. Үшінші тапқа жататын жұмысшылар тобының өз ерекшелігі бар. Қазіргі заманғы ғылым мен технологияның дамуына байланысты жұмысшы еңбегінің мазмұны мен сипаты өзгерді. Олар механикаландырылған және автоматтандырылған өндіріс салаларында – зауыттар мен фабрикаларда, ауыл шаруашылық кәсіпорындары мен халыққа қызмет көрсету салаларында еңбек етеді. Бұл тап өкілдерінің тұрақты табысы, белгілі бір дәрежеде білімі мен кәсіби деңгейі бар. Ал қоғамдағы төменгі тап құрамы жағынан біркелкі емес. Оларға арнайы мамандығы жоқ жұмысшылар, жұмыссыздар жатады. Бұлардың көпшілігінің тұрақты табыс көзі болмағандықтан, кедейшілік жағдайда өмір сүреді. Сондай-ақ кез келген қоғамда люмпендер – әлеуметтік ортадан шығып қалған топ – қайыршылар, босқындар, қылмыскерлер де болады. Өмірде кездесетін бақытсыз оқиғалар салдарынан да адамның люмпенге айналуы мүмкін.
Қазақстандық әлеуметтанушы ғалымдар М.С.Әженов пен Д.Бейсенбаева «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік стратификация» атты кітабында кеңестік дәуірден кейінгі Қазақстандағы жіктелу мәселесін қарастыра келіп, республи­­ка­да соңғы жылдары жүріп жатқан стратификациялық процестерді талдайды. «Қазіргі Қазақстандағы жүріп жатқан стратификациялық процесте қандай да бір этносқа жату ешқандай рөл атқармайды. Қазақстан қоғамында тереңдеп жатқан жіктелудің басты белгілері – бұл табыс пен билік. Білім беру, мәдениет, кәсіптерге келер болсақ, олар әзірше бұл стратификациялық процесте ерекше рөл атқармайды» деп жазады олар. Жалпы посткеңестік қазақстандық қоғам әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени, білім беру институттарының ықпалымен қалыптасты. Нарықтық экономика жағдайында әлеуметтік құрылым меншік пен билік субъектілеріне байланысты жаңаша сипат алды.
Социологияда «стратификация» термині әлеуметтік теңсіздікті, яғни әлеуметтік үдерістер мен қатынастардың ырықсыз салдарынан пайда болатын адамдар тобының кез келген жүйелі түрдегі теңсіздігін зерттеу үшін қолданылады. Мәселен, қоғамдағы кедейліктің шығу себебі, жұмысшы ортасында туған адамның орта тапқа өту мүмкіндігі сияқты мәселелер әлеуметтік стратификация саласына жатады. Ол қоғамды біртұтас жүйе ретінде қарастыра отырып, әлеуметтік тұрақтылық пен ондағы өзгерістерді түсіндіріп береді. Қоғамдағы тыныштық пен әлеуметтік тәртіптің сақталуы үшін әлеуметтік қатынастардың үйлесімі мен қайшылығы өте маңызды. Өйткені, қоғамдағы жіктелудің арасындағы айырмашылықтың шектен шығуы әлеуметтік жанжалдарға әкеп соғуымен қауіпті. Айталық, ауқатты адамдардың аз ғана тобы мен жалпы көпшілік қауымның өмір тұрмысындағы айырмашылық көбейген сайын қоғамдағы тұрақтылыққа қатер төнеді. Ал, керісінше, адамдардың табыс деңгейінің шекті мөлшерде ауытқуы жанжалдар әлеуетін азайтады. Сол себепті қоғамдағы орта тап тұрақтылықтың кепілі саналады және оның қатарының өсуіне мемлекет те мүдделі. Дамыған мемлекеттерде әлеуметтік поляризация деңгейі болмашы ғана, мұндай қоғамда жанжалдардың болу мүмкіндігі шектеулі. Қазақстанда тұрғындардың арасындағы поляризация 1990 жылдардың ортасында – жекешелендіру мен нарықтық қатынастардың енгізілуі мен бағаның ырықтандырылуымен басталды. Содан бері бұл процесс күшейе түспесе кеміген жоқ. Ал орта таптың үлес салмағы әлі де төмен болып отыр. Күнделікті өмірде де жекелеген адамдар мен топтардың мүліктік теңсіздігі, табыс деңгейі көрсеткіштерінің алшақтығы анық байқалып тұратыны жасырын емес. Сарапшылардың айтуынша, Алматы, Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында тұрғындардың мүлік пен табыс деңгейі бойынша жіктелу факторының ықпалы басым.
Тұрғындардың жұмыспен қам-тылуы бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың үлес салмағы едәуір екені белгілі. Мәселен, 2009 жылы бүкіл ел тұрғындарының 22,5 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болды. Өзін-өзі жұмыспен қамту дегеніміз тауарлар мен қызметтерді сатудан немесе өндіруден түсетін табыспен күн көретін адамдар. Олардың арасында жеке кәсіпкерлер, сауда-саттықпен айналысатындар, ауыл шаруашылығындағы жұмыспен қамтылған ауыл тұрғындары бар. Елімізде ішкі көші-қон жаппай сипат алған, оның негізгі себебі ауылды жерлердегі жұмыссыздық пен тұрмыс деңгейінің төмендігі.
Тұрғындардың әрбір әлеуметтік тобының өз мұраты, дүниетанымы мен дүниеге көзқарасы, өз мақсаты, өзіндік өмір салты бар. Өте ауқаттылар тобын айтпағанда орта таптың өзі жоғары деңгейдегі тұрмыс-тіршілікке ұмтылады, аса байлар сияқты өмір сүруді қалайды. Олар бұған лайық та, өйткені, орта тап атану үшін әр адамға жоғары кәсіби деңгей, еңбекқорлық сияқты маңызды қасиеттер қажет, соның арқасында олардың тұрмысы одан әрі жақсарады, тұтынушылық қабілеті артады. Өз меншігінің сақталуы, кәсібінің өрге домалауы үшін олар мемлекетшіл болуға мүдделі, сол арқылы өз елінің дамуына, гүлденуіне үлес қосады. Елімізде орта тап баяу да болса қалыптасып келеді.
Ресми статистикалық деректерге сәйкес, Қазақстанда төменгі тап – кедейлер ел халқының 6 пайызын құрайды. Жалпы анықтама бойынша төменгі тапқа материалдық жағдайы ауыр адамдар жатады. Олардың табысы ең қажетті деген азық-түлік түрлеріне бірде жетіп, бірде жетпейді. Көпшілігі өзін шектеуге мәжбүр. БҰҰ мәліметтері бойынша, алдағы уақытта дүниежүзіндегі кедей адамдардың саны бір миллиардқа жетуі ықтимал. Қазақстан сияқты дамушы елде кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан адамдар бар. Кедейлердің өзі біртекті емес, олардың ішінде төменгі жалақылы тұрақты жұмысы, баспанасы бар немесе пәтер жалдайтын адамдар тобы басым. Бірақ олардың өзі айлықтан айлыққа дейін өмір сүреді. Ал шектен тыс кедейшілікке душар болған жұмыссыз, баспанасыз, қайыршылық жағдайға түскен адамдар тобы азшылық болса да бар. «Стратегия» қоғамдық қорының дерегіне сәйкес, 2018 жылғы әлеуметтік сауалнама қорытындысы бойынша қазақстандықтардың 70 пайызын табысы бойынша екі топқа бөлуге болады: сауал салынғандардың 35%-ы айына 50-100 мың теңге көлемінде, 35%-ы 100 мыңнан 200 мыңға дейін табыс табады. Сондай-ақ сауал салынғандардың арасында 4 және одан көп баласы бар отбасылардың 32%-ын кедей немесе аз қамтылған деуге болады. Олардың негізгі табысы – жалдамалы еңбектен және өзін-өзі жұмыспен қамтудан түсетін қаражат.
Әлемнің көптеген елдері сияқты Қазақстанда да тұтынушылық қоғамға тән үрдістер мемлекеттің әлеуметтік құрылымына айтарлықтай өзгерістер енгізді. Әлеуметтік-экономикалық жүйеге сәйкес жаңа топтар мен жіктер пайда болды: бизнесмендер, кәсіпкерлер, фермерлер, банкирлер, неше түрлі жеке фирмалардың, дүкендердің, қонақүйлердің, сауда орталықтарының, мейрамханалардың, т.б. меншік иелері. Кәсіпкерліктің алуан түрі қалыптасып, олар әртүрлі сала бойынша жұмыс орындарын ашты. Әсіресе, қызмет көрсету саласына қамтылғандар саны қауырт өсті, олар негізінен қонақүй, дүкен, сән салондары, сауда үйлері, денсаулық сақтау кешендері, казино, туризм, санаторий, т.б. Жұмыссыз адамдардың көпшілігі осы салаларда нәпақасын тауып жүр. Алайда, әлемді шарпыған «коронавирус» пандемиясы дәл осы қызмет көрсету саласына өте ауыр соққы жасады. Індетке байланысты жарияланған карантин кезінде банктерден бастап, қонақүй, сауда кешендері, мейрамхана, сән салондары уақытша жабылды. Жалпы қазіргі жағдайда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың басым көпшілігі жұмыссыздар қатарын толықтырудың алдында тұр. Ресми дерек бойынша елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 2 миллионға жуықтайды. Басқа салаларды айтпағанда, базарларда, ірі сауда, ойын-сауық, мейрамхана, спорт кешендерінде толық немесе ішінара жұмыс істейтіндер төтенше жағдай кезінде бос қалды. Сөйтіп, олар басты күнкөрісінен – табыс көзінен айрылды. Мұндай жағдайда мемлекеттегі әлеуметтік стратификация, әлеуметтік топтардың бейнесі де өзгеретіні белгілі. Халықтың әлеуметтік жағдайының шынайы көрінісі 2009 жылғы санақ кезінде-ақ көрінген болатын, сол кездегі мәлімет бойынша ел тұрғындарының үштен бірі туыстары мен жақындарының материалдық көмегінің арқасында өмір сүреміз деп көрсетті. Тіпті қазір де ауылдарда ата-анасының зейнетақысымен күн көріп отырғандар мыңдап саналады. Оларға тақыр кедей деп айдар тақпасақ та, тұрмыс тапшылығында өмір сүріп жатқандары жасырын емес. Сол себепті уақытша жұмыссыз қалғандарға мемлекет арнайы жәрдемақы тағайындады. Бұл жәрдемақыға өтініш білдіргендер саны өте көп болды. Еңбек министрлігінің мәліметіне сәйкес, карантиннің ұзартылуына байланысты тамыз айында 2 млн 372 мың адам 0,5 ЕТЖ – 21 250 мың теңге мөлшерінде қосымша ақы алған. Азаматтардың санаттары бойынша бөлгенде: 834,5 мың өтініш бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерден келген; 265,2 мың өтінішті жалдамалы қызметкерлері үшін жұмыс берушілер берген; 1 млн 492,8 мың өтініш жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалардан келіп түскен. Осылайша, 2 млн 380,2 мың қазақстандыққа ақшалай қаражат аударылған. Демек, төтенше жағдай кезінде 2 миллионнан астам адам күнкөріс көзінен айрылып, жәрдемақыға қарап қалды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын британ экономисі Гай Стэндинг ХХІ ғасырдағы жаһандық нарық жүйесіндегі таптық қатынастарды сипаттай келіп, жаңа еңбек табының қалыптасатынын айтқан еді. «Прекариат» деп аталатын бұл таптың жағдайы ең кедейлерден сәл жоғары, бұрынғы люмпендердің мәдениеттілеу түрі делінеді. «Прекариат» деген терминнің өзі – ағылшынша «precarious» – тұрақсыз және өзіміз білетін «пролетариат» - жұмысшы деген сөздің қосындысы.
Прекариаттың – жаңа әлеуметтік-экономикалық топтың ерекшелігі: олардың жұмыс орны тұрақсыз, ертең не жұмыс істейтінін білмейді, қазақша айтқанда таңғы асты тәңірден күтеді. Демек, жалақысы да бірде бар, бірде жоқ. Жұмыс орны тұрақсыз болғандықтан, олар жұмыссыздыққа байланысты мемлекеттік жәрдемақыдан, әлеуметтік кепілдіктерден де қағылады. Бұндай жағдайда қоғамның басқа мүшелеріндей азаматтық құқықтарын да толық пайдалана алмайды. Прекариат саны негізінен ішкі мигранттардың, әйелдердің, студент жастардың есебінен өседі. Қалай дегенде де, орта тап – мемлекеттің тірегі, тұрақтылығының кепілі болса, керісінше, прекариаттың тұрақсыздығы, содан туатын ішкі наразылығы оны қауіпті әлеуметтік топқа жатқызады.
Сонымен, прекариат – әлеуметтік жағдайы құбылмалы, тұрақты жұмысы жоқ адамдар. Негізінен бейресми еңбек нарығында үнемі уақытша жұмыс істейтін болғандықтан олардың әлеуметтік мәртебесі белгісіз, әлеуметтік құқықтары да шектеулі. Кейбір шет елдерде прекариат саны еңбекке қабілетті халықтың 30-40 пайызын құрайды. Демек, бұл заманауи қоғамның бет-бейнесін беретін әлеуметтік құбылыс. Әлеуметтанушы ғалым Ж.Тощенконың тұжырымдауынша, прекариаттың құрамына мынадай әлеуметтік топтар кіреді:
1.Үнемі уақытша жұмыс істейтіндер (еңбекке қабілетті тұрғындардың 30-40-%-і);
2.Толық емес жұмыс күнімен немесе маусымдық және кездейсоқ табылған жұмыспен күнелтетіндер;
3.Жұмыссыз тұрғындар;
4.Өзін-өзі жұмыспен қамтыған шығармашылық кәсіп адамдары;
5.Жалдық еңбек жұмыскерлері (аутстаффинг);
6.Дискриминацияға жиі ұшырайтын мигранттар;
7.Қоғамнан өз орнын табу үмітімен өзіне ұнайтын кәсіп іздеген немесе күнкөріс үшін кез келген жұмысқа келісетін тағылымгерлер мен студенттер.
Прекариат тобына жататындар қамтылған салалардың өзі олардың өз еңбегінің нәтижесінен ғана емес, қоғамнан, әлеуметтік топтардан оқшау екенін көрсетеді. Өйткені, олардың еңбегі, білімі, біліктілігі тиісті дәрежеде пайдаланылмайды. Жұмыс берушілер үшін ең бастысы – пайда табу. Мәселен, еліміздегі ірі қалаларда жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған сауда-ойын кешендері мен базарларда жұмыс істейтіндердің ешқандай әлеуметтік мәртебесі де, әлеуметтік құқықтары да жоқ екені белгілі. Заңды тіркелмегендіктен олар жыл сайынғы еңбек демалысын ала алмайды, баспана алу кезегіне тұра алмайды. Біліктілігін арттыру, кәсіби өсу, мансап жасау туралы сөз болуы да мүмкін емес. Осылайша, уақытша жұмысы тұрақты сипат алған бұл адамдар өмір бойы осы қалыппен өмір сүруі мүмкін. Ал маусымдық, жарты күндік және кездейсоқ жұмыспен қамтылғандар – нағыз жұмыссыздар. Себебі олар бұл шартқа жұмыссыз болғандықтан келісуге мәжбүр. Оның үстіне, тәжірибе көрсетіп отырғандай, маусымдық және кездейсоқ жұмыс істейтіндер өз еңбегіне өте аз төлем алады. Шындығын айтқанда, бұл топтарды қаналушылар десе артық айтқандық емес. Мысалы, құрылыс нысандарында ауыр жұмысты атқаратындардың көбі дерлік уақытша алынғандар және олар сол мекемеде тұрақты жұмыс істейтіндерден едәуір аз жалақы алады. Екі қолға бір күрек іздеп келген бұл адамдар ауылдан қалаға жұмыс іздеп келген және осындай күнкөріспен отбасын асырайды.
Экономикалық дағдарыстар тұсында прекариат саны өседі дейді сарапшылар. Мәселен, 2014-2015 жж. экономикалық санкция кезінде Ресейде жұмыссыздық 50 пайызға дейін өскен. Қазіргі пандемия салдарынан әлем елдерінің көпшілігі дағдарысқа тап болды. Демек, прекариат саны да өспесе кемімейді.
Прекариат тобына заманауи креативті кәсіп иелері – ақпараттық технология мамандары, бағдарламашылар да кіреді дейді ғалымдар. Бұл мамандар бұған дейін де қашықтан жұмыс істейтін. Өздерін қожайынға тәуелсіз, еркін еңбекті қалайтындар деп санайтын олар да әлеуметтік қорғансыз топқа жатады. Әлеуметтік кепілдіктерден тыс қалған олардың жұмысы да тұрақты емес, бірде бар, бірде жоқ. Сондай-ақ, жастардың бір тобы уақытша жұмыспен – тұрмыстық қызмет көрсетумен айналысады. Қазіргі сән әлеміндегі үрдістерге орай олар түрлі косметологиялық қызметтерді үйреніп, қосымша кәсіп ретінде игерген. Бұл да қазіргі жағдайда тұрақсыз жұмыстың бірі болып отыр.
Сонымен, ХХІ ғасырдың басында бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстанда да жаңа әлеуметтік тап – прекариат пайда болды. Олар тұрақсыз, уақытша немесе ішінара жұмыспен қамтылған. Прекариат – өзіндік ерекшелігі бар әлеуметтік топ, қазіргі заманның бет-бейнесі. Айта кетерлігі, олардың саны барған сайын өсуде, өйткені, дағдарыс жағдайында орта таптың кейбір санаты прекариаттың қатарына қосылуы ықтимал. Ешқандай мәртебесі жоқ, тұрақсыз әлеуметтік-экономикалық ахуалда өмір сүретін прекариат өкілдеріне ортақ нәрсе – тұрақты жұмыспен қамтылмауы. Сол себепті оларға әлеуметтік кепілдіктерден айрылу, әлеуметтік қорғансыздық тән. Прекариат тобы алдағы уақытта үлкен әлеуметтік жікке – әлеуметтік проблемаға айналуы мүмкін. Өйткені, көптеген ірі компаниялар дағдарысқа байланысты жұмысшылар санын қысқартуда. Бұлардың дені уақытша жұмыстарға баратыны анық. Сондай-ақ жыл сайын жоғары оқу орнын бітіргенімен өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтін түлектер де прекариаттың әлеуетті мүшелері.
Прекариат ең төменгі жалақы алады және денсаулық сақтау жөніндегі кепілдіктерден де айрылған топ. Олар тұрақты жұмыс істейтіндер алатын сыйақыдан да қағылған. Бұл жұмыс берушіге тиімді – уақытша жұмыскерге шығын аз кетеді. Ешқандай заңды мәртебесі болмаған соң прекариат құқықтық кепілдіктерді, еңбек туралы заңнаманы да пайдалана алмайды. Жұмыс орнында ресми тіркелмегендіктен ол жұмыс берушінің заңды-заңсыз талаптарына көнуге, бағынуға мәжбүр. Сондықтан, прекариаттың келешекке сенімі де, үміті де аз. Бұл олардың қоғамдық құрылымға, мемлекеттік жүйеге наразылығына әкеп соғуы ықтимал. Болашаққа сенімсіздік бұл жағдайдан шығудың жолдарын өзінше іздестіруге итермелейтіні күмәнсіз. Мұндай жағдайда прекариат тығырықтан шығудың бірнеше жолын көреді: қалыптасқан жағдайға мойынұсыну, көну, ағыммен аға беру; өз өмірін тұрақтандыру үшін өзі шешім қабылдап, әрекет ету; белсенді әрекетке бару – өзінің басындағы жағдайға кінәлілерді жазалау – билікке қарсы шығу немесе қылмыстық топтарға қосылу.
Кәсібі уақытша болғандықтан прекариат жұмыс орнын жиі ауыстырады. Өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтін болғандықтан көптеген адамдар амалсыз осылай табыс табуға тырысады.Жұмыс орнын жоғалтқан сайын адам басқа салаға барып, өзіне тапсырылған жұмысты атқару үшін белгілі бір қажетті дағды-машықтарды меңгереді. Бұл әсіресе жастарға тән құбылыс. Елімізде арнаулы және жоғары оқу орнын бітірген түлектердің көпшілігі алған мамандығы бойынша жұмыс істемейтіні белгілі. Мәселен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының мәліметі бойынша, 2018 жылы ЖОО түлектерінің 60%-ға жуығы мамандығы бойынша жұмысқа орналаспаған. Нәтижесінде жаппай бейкәсібилену, кәсіптік ерекшелігін жоғалту, кәсіптік мәдениеттен айрылу үрдістері жүреді. Тіпті бұрын белгілі бір мамандықта жұмыс тәжірибесі бар адамдардың өзі прекариат тобына қосылғаннан кейін кәсіби біртектілігін сақтай алмайды. Себебі прекариаттың таңдау құқы жоқ, ол қандай жағдайда да жұмыстың шартына қарай еңбек етуге тиіс. алдына қойған мақсаттарының әртүрлілігіне қарамастан, қалай да жұмысқа қол жеткізу үшін прекариаттың барлық өкілдеріне тән бір нәрсе – ол жұмысының мәжбүрлі, кездейсоқ, сенімсіз екендігін сезіну. Оларға жұмыс беруші ұйымның, кәсіпорынның басшылығын да олар білмейді, көрмейді, олармен ешқандай қарым-қатынас мүмкіндігі жоқ. Яғни, бұл әлеуметтік оқшауланудің бір түрі.
Прекариаттың тұрақсыз әлеуметтік жағдайы уақытша емес, ұзаққа созылуы да мүмкін. Бұл адамдар өздерін қоғамға қажетпін деп ойлай алмайды, өз мамандығы бойынша жұмыс істеуден күдер үзген, өзімен бірге отбасы да әлеуметтік қорғаудан тыс қалғандықтан ертеңге сенімі жоқ, өз құқын қорғап кімге жүгінетіні де белгісіз.
Әлеуметтік құрылымдағы өзгерістерге 1980 жылдары француз социологтары назар аудартты. П.Бурдье маусымдық жұмысшылардың жағдайын зерттеп, барған сайын қатары көбейіп жатқан уақытша жұмыс істейтіндер тобы туралы мәселе көтерді. Тұрақсыз еңбекпен қамтылған, кепілді әлеуметтік игіліктер алмайтын, күрделі өмірлік жағдаяттардан қорғалмаған жұмысшылар тобын «прекариат» деп атау сол кезде қалыптасты. Зерттеушілер бұл құбылыспен санаспауға болмайтынын айтады. ХХ ғасырдың аяғы – ХХІ ғасырдың басында әлемнің көптеген елдерінде адамдардың көбі көлеңкелі және бейресми еңбек қатынастары жағдайына тап болды. Бұл жұмыс беруші мен жұмыскер арасында өзара құқықтық міндеттемелердің болмауын, өркениетті әлемдегі ең қарапайым құқықтардың өзіне кепілдік берілмегенін білдіреді. Бұндай еңбек шартымен жұмыс беруші (немесе оның өкілі) жұмыстың саласын, орнын, оның төлемақысын өз еркімен өзгерте алады, қандай талап қойса да қақылы. Тіпті кейбір жұмыс берушілер стажерлардың кәсіби даярлығын тексеру деген себеппен бірнеше ай бойы тегін жұмыс істетеді. Сынақ мерзімі біткеннен кейін «сенімді ақтамады» деген желеумен жұмыстан босатып, оның орнына тағы да уақытша құрбандықтарды алады. Оның ішінде интеллектуалдық қабілетін пайдалана алмаған, кәсіби мансап құру мүмкіндігі жоқ талантты жастардың болуы алаңдатады. Бұның бәрі жұмыс іздеген адамдардың көптігін және жаңа әлеуметтік тап – прекариаттың қалыптасуы тұрақты сипат алғанын көрсетеді.
Коронавирусқа байланысты жария-ланған төтенше жағдай, карантин шаралары біздің елімізде де жұмыссыздар қатарының көбеюіне әсер етті. Базарлар, сауда орталықтары, т.б. әлсін-әлі жабылуда, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың табыс көзі де соған сәйкес тұрақсызданып отыр. Олардың жұмыс орнының сақталуына ешкім де кепілдік бере алмайды.
Прекариаттың пайда болуы эконо-микалық, әлеуметтік, саяси және мәдени салада деструктивті әсер етуі мүмкін дейді сарапшылар. Әлеуметтік жағдайы тұрақсыз адамдар қоғамның да тұрақсыздығына қауіп туғызады. Қоғамда әлжуаз топтар өсуде, адамдар жұмысынан айрылып қалудан қорқады. Ертең не жұмыс істейтінін білмейтін адамдардың алаңсыз қарттыққа да сенімі болмайды. Бұл жағдайда еңбекке, қызметтік міндетке деген көзқарас та басқаша болатыны заңды. Жұмыс орнын сақтау үшін кейбір жұмыскерлер жанын аямай жұмыс істейді, басшылықтың көзіне түсу үшін барын салады, денсаулығына зақым келеді, адамгершілік, моральдық жағынан азады. Прекариатқа кіретін әлеуметтік топтардың көбі айқын азаматтық ұстанымы жоқ, делинквентті мінез-құлыққа ие адамдар болатыны байқалған. Әлеуметтік әділетсіздіктен күдер үзген, қоғамға жат адам рухани-адамгершілік деградацияға жылдам ұшырайды. Мұндай адамдар уақтылы толыққанды отбасын да құра алмайды, өйткені, олар ертеңіне сенімсіз, өзіне жауапкершілік алуға қабілетсіз, өзін құрбандық санайды. Бұл сондай-ақ суицидке апаратын жолдың бірі. Сарапшылардың айтуынша, өзіне-өзі қол жұмсауда әлеуметтік себептер басым. Ауыр тұрмыс тауқыметімен қаржылық тұйыққа тірелген адамдар одан шығатын жол таппай қиналатыны анық.
Әлеуметтік мемлекет бағдарын ұстанған еліміздің басты мақсаты – әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтардың бақуаттығы. Басты міндет – кедейшіліктің өсуіне жол бермеу деп белгіленген. Әлеуметтік игіліктер әрбір қазақстандық азаматтың өміріне оң өзгерістер енгізіп, пайдасын тигізуі тиіс. Сондықтан, әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін ұдайы жетілдіріп отыру, жұмыссыздықтың алдын-алу бағдарламаларының тиімділігін арттыру маңызды. Мемлекеттік әлеуметтік саясат осы бағытта резервтер мен мүмкіндіктерді іздестіруге тиіс. Пандемияға байланысты бүкіл әлем тап болған экономикалық сілкіністер кезеңінде қоғамның әлеуметтік құрылымындағы өзгерістерге дер кезінде назар аудару әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың бір кепілі екені анық.

 

1307 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз