• Тарих толқынында
  • 02 Қазан, 2020

АБАЙ ЖОЛЫ – ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫ

Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор

Кеңес дәуірінде Абай көрнекті ақын ретінде дәріптелді, танымал болды. Абайдың ақындығын  кезінде жоғары бағалаған Ахмет Байтұрсынов болды. Ол Абайды «қазақтың бас ақыны» деп сипаттады. Абайды философ ретінде алғаш  таныған Жүсіпбек Аймауытов болды: «Ақыл, білім, сезім  терең ойлылығына қарағанда Абай қазақтан шыққан  философ», – деп жазды. Мағжан Жұмабаев Абайды дана-хакім деп атайды: «Шын хакім сөзің асыл баға жетпес, бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес», – дейді. Мағжан Абайды ойшыл ретінде бағалап тұр.

Абайдың інісі, ізбасары Шәкәрім де Абайды жай ғана ақын емес, «данышпан хакім, философ кісі», – деп атап көрсетеді. «Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді... Қор елде туды да, қорлықпен өтті», – дейді  Шәкәрім. Мұның бәрі Қазан төңкерісіне дейін айтылған сөздер. Ал Кеңес заманында Абайды әлемге танытқан М.Әуезовтың өзі Абайды «философ» деп айта алмады, айтуына болмады. Кеңес заманында Абайға да, Шоқанға да, Ыбырайға да сыңаржақты көзқарас қалыптасты: Абай – ақын, Шоқан – ғалым, Ыбырай – педагог-ұстаз деумен шектелдік. Үшеуін де ағартушылар қатарына жатқыздық. Олардың шығармаларының дүниетанымдық, философиялық мағынасы ол  кезде ашылмады, айтылмады. Айтуға да болмады. Егер де Абайға, Шоқанға, Ыбырайға қазақ қауымы ойшыл-философ деп қарайтын болса, онда олар қазақтың көзін ашар еді, қазақты ойландырар, оятар еді. Қазақтар: «Біз қалайша басқа елдерден артта қалдық, бала сияқты бейқам өмір сүріп жүрміз», деп ойланар еді. Кеңестік идеология осыдан қауіптенді. Қазақ халқының ой-өрісі тар болғаны кеңес өкіметіне тиімді болды.

Сөйтіп, қазақ ойшылдарын, зиялыларын – Ә. Бөкейхановты, А. Байтұрсыновты, М. Жұмабаевты, С. Сейфуллинді, т.б. құртты.

Мен «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Абай философиясының қыры мен сыры» деген көлемді мақаламда былай деп жазған едім: «Мен  кейде ойлаймын: егер де Гегель болмаса, оның өміршең диалектикасы болмаса, Маркс болмас еді. Маркс болмаса, Маркстің  коммунистік ілімі болмаса, Ленин болмас еді. Ленин болмаса, ол құрған большевиктер партиясы болмаса, онда 1917 жылғы Қазан төңкерісі болмас еді. Ресейдің, Ресей құрамындағы елдердің, соның ішінде Қазақ елінің де даму жолы басқаша болар еді. Бұлар қазіргідей дамыған елдерден көп артта қалып қоймас еді», – деп жазған едім.

Идея, идеология, философия деген – осындай пәрменді қару. Егер де, олар халықтың санасын билеп алса, оның өмірін де, тұрмысын да өзгерте алады. Сол сияқты қазақтар Абайдың сөзін тыңдап, соңына ерсе, Абай жолымен жүрер болса, кешегідей, бүгінгідей болмас еді. Рухы да, намысы да жоғары, ұяты да қалыпты болар еді. «Жол» деген – киелі ұғым. Қытайда адамға дұрыс жолды ұсынатын да осизм деген Лао Цзының ілімі бар. Философия өмір жолына, ғылым жолына, тарих жолына ерекше мән береді. Осы жолдан тәлім, тағылым іздейді, сабақ алады. Мұхтар Әуезов  қазақты, қазақтың ұлы ақыны, кемеңгері Абайды әлемге танытқан шығармасын «Абай жолы» деп өте дұрыс атаған екен. Бүгін де бізге керегі – осы Абай жолы, Абайдың өнегесі. Мен елімізге, халқымызға, билік басындағы адамдарға, қазақ философиясына, мәдениетіне бетке ұстар үлгі ретінде Абай жолын ұсынар едім.

Абай ілімінде бүгінгі қазақтарға, қазақстандықтарға қажет нәрсенің  бәрі бар: нарық та, демократия да, бәсекелестік те, ғылым-білім де, намыс та, рух та бар. Тек Абайдың ілімін игере білу керек. Абайды оқып түсіну керек. Абайды оқымаған, білмейтін адам арамызда болмас. Бірақ Абайға ден қойып, оның жолымен жүріп келе жатқан, Абайды түсінген адам, өкінішке қарай, көп болмас. Бір кезде Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов айтып еді: «Абайы бар қазақ адаса қоймас», деп. Олай болмады. Қолда бар қазынаның, Абайдың  қадірін білмей, біз көп адастық.

Биыл еліміз Абайдың туғанына 175 жыл толғанын лайықты атап өтуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы мерейтойға байланысты «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» деген бағдарламалық мақаласын жариялады. Мақалада Абай мұрасының елімізге, халқымызға тигізер пайдасы зор екендігі айтылды. «Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ», – деп атап көрсетті. «Сондықтан, Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн», – дейді Президент. «Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі... Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет», деп жазды Қ.Тоқаев.  Президент мына сөзін де бәрімізге арнап отыр: «Жалпы өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз».

Абайдың ілімі дәстүрлі философиямен, әлемдік философиямен үндесіп жатқанын мен «Философия тарихы» деген кітабымда да, соңғы кезде «Қазақ әдебиетінде», «Егемен Қазақстанда» жарық көрген мақалаларымда да  ашып көрсеттім. «Абай – бүкіләлемдік  ойшыл-философ» деп жаздым.

Философия дегеніміз – даналық, даналыққа құмарлық. Абай туындылары – өлеңдері де, қарасөздері де тұнып тұрған даналық. Абай Сократты пір тұтады, Сократша ойлап, Сократша әңгімелескісі келеді. Сократша сұхбат құрып, оған 27 қара сөзін арнайды. Абай не үшін  Сократқа ден қойды? Әрине, даналығы үшін, бүкіл ғұмырын даналықты насихаттауға, даналықты жүзеге асыруға арнағаны үшін. Сократ даналығы үшін өлімге басын тікті. Абай Сократты хакім деп, яғни, дана деп қадірлейді. Абай өзінің өмірлік миссиясын да  Сократша түсінеді: халқына аянбай қызмет ету, кемшілігін ашық айтып, сынап, халқына дұрыс жолды көрсету, халқын үйрету, түзету. Сол үшін де Абай шығармаларында Сократша сынды, мысқылды көбірек пайдаланады. Мен кітабымда Абайды – «қазақтың Сократы» деп атадым. Ақынның ұстанымы – тағдырын туған халқымен бір деп сезетін, халқы үшін қуанып, халқы үшін күйінетін жанашыр жанның, зиялының ұстанымы.

Әдебиетте «Абайдың трагедиясы» деген сөз бар. Оның өкініші көп болды. Абайға не жетпеді? Оны қинаған халқының қасіреті, қараңғылығы, надандығы, бодандық тағдыры болды. Абай өлеңдерінде ащы, ашынған, жаралы жүректің назын білдіретін жолдар бар: «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей», «жүрегім менің қырық жамау», «мен ішпеген у бар ма ?», «ішім өлген, сыртым сау», «көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» деген сияқты.

Батыста осы кезге дейін философияны ғылым деп, логика, гнесеология, онтология, методология деп таниды. Сондай философия болғаны, бары рас. Бірақ қазақ философиясы ХХ ғасырға дейін Батыс жолымен, ғылым жолымен дамыған жоқ. Демек, Батыс философиясы тұрғысынан, Батыс жолымен дамыған кеңестік  философия тұрғысынан қазақтарда ХХ ғасырға дейін нағыз  философия болған жоқ. Кеңес дәуірінде осындай түсінік болды. Әдебиетте «Қазақ философиясы» деген ұғым болған жоқ. Бахтин айтқандай, нағыз философтар, әрине, Германияда деп ойладық. Гегельге, Маркске баса көңіл бөлдік. Бірақ философия дегеніміз – ең алдымен даналық. Философияның негізгі қызметі – даналықты жүзеге асыру. Сократ та, Сократқа ден қойған Абай да философияны даналық деп біледі. Даналықты бетке ұстайтын философия, әрине, адаммен айналысады, адамды тануға, түсінуге тырысады. Мұндай философия ғылымнан гөрі әдебиетке, өнерге, дінге жақын болады.

 Даналықтың нақты көрінісі – түсінік. Адамға қатысты нәрселердің бәрін Абай терең түсінеді. Абай туындыларында адам туралы, өзі айтқандай, «адамның кейбір кездері» туралы, уақыт туралы, адамның дүниедегі орны туралы, дүние, өмір, ар-ұят, махаббат, білім-ғылым, дін туралы таңғажайып түсінік бар. Абайдың «Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ, Саған жар менен артық табылса да» – деген сөзінен махаббаттың не екенін аңғаруға болады. Мұндай түсінік оқудың барлық жолдарынан өткен бүгінгі адамдарда жоқ.

Білім, ғылым болар, бірақ, түсінік жоқ. Демек, қазіргі адамдардың даналықтан хабары да  жоқ. Олар даналықты қажет құндылық деп білмейді. Білім, ғылым болса, кәсіп, мамандық болса болды, осының өзі жетеді деп ойлайды. Даналық, түсінік болмаған соң, адамдардың арасында, қарым-қатынасында шынайылық, табиғилық жоқ. Оның есесіне жасандылық көп. Адам артист немесе біреудің еркімен әрекет жасайтын робот болып барады. 2016 жылы 100 томдық «Бабалар сөзі» мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып еді. Комиссия оны лайық емес деп тапты. Міне, біздің даналыққа көзқарасымыз.

Философия даналық арқылы, түсінік арқылы адамды адам болып өмір сүруге, адам атын ақтауға үйретеді. Тап осындай даналық философиясы, түсінік философиясы Абайда, оның шығармаларында бар. Бізге қазір де осындай философия қажет. Бұрын философия әмбебап ғылым болғысы келді. Бәрін қамтуға тырысты. Жоқ. Бұл – біз таңдайтын жол емес. Қазақ философиясы қазір де, болашақта да Абай жолымен дамуы қажет деп айтатыным содан. Менің бір мақалам «Қазақ философиясының үлгісін Абайдан табуға болады» деп аталады. Енді Абай туындыларынан ақынның ойшылдығын, даналығын, терең түсінігін, тәлім-тәрбиелік өнегесін сипаттайтын ұлағатты сөздерін келтірейін:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Талай адамның басынан өткен, талай адамды өкіндірген нәрсе. Жастар да Абайдың сөзіне ден қойса дұрыс болады. Ғылымды меңгеретін кез 50-60 жас емес, қазіргі студенттердің, докторанттардың жасы. Есейгенде тек ғылымды іске асыруға болады.

Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,

Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме!

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме!

Қанша айтса да жастарға жетпей жатқан, бірақ, ешқашан да ескірмейтін шындық осы. Елімізде отбасын құрған жастардың жартысына жуығы көп ұзамай, ажырасып жатыр. Сонда үйлену ойыншық болғаны ма? Спектакль ме? Демек, жастар адамның мінезіне, кісілігіне қарап үйленбейді, лапылдақ көрсеқызар нәпсіге ереді деген сөз. Тағы да сол, «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деген өлеңінен үзінді келтірейін:

Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба,

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма.

«Атасына қарап ұлын ал, анасына қарап қызын ал» деген осы. Ар-ұят туралы Абай өлеңдерінде де, қара сөздерінде де жиі-жиі сөз болады.

Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық ғылым кітапта,

Ерінбей оқып көруге.

Мен студенттерден «осы жолдар Абайдың қай өлеңінен» деп әлденеше рет сұрадым. Ешкім айта алмады. «Интернатта оқып жүр» деген өлеңінен ғой. Демек, студенттер көркем әдебиетті, Абайды оқымайды деген сөз. Сонда тәрбие қайдан болады? Жастар қайдан үлгі алады? Абай он сегізінші сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан  ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», – деп жазады. Тайға таңба басқандай етіп айтылған шындық. Отыз алтыншы сөзінде Абай хадистегі «кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» деген сөзді келтіреді. Сосын «ұят деген – адамның  өз бойындағы адамшылығы» деген тұжырым жасайды. Демек, ұяты жоқ  адамды хайуанға қосуға болады. Ұялмайтын, қызармайтын адамдар айналада толып жүр. Міне, Абай адамға қандай биік талап қояды! Абай замандастарын, кейінгі ұрпақтарды – білім, ғылымды игеруге, орыс тілін, бүгінгіше айтсақ, шет тілдерін меңгеруге шақырады. «Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі», – дейді 25 сөзінде.

Абайдың сол кездің өзінде-ақ терең ойды алға тарта беруі – таңқаларлық жайт. «Терең ой, терең ғылым іздемейді», – деп қазақты кінәлайды. «Ынсап, ұят, терең ой, ойлаған жан жоқ, жауып қой», – деп тағы айтады. «Малда да бар жан мен тән, ақыл, сезім болмаса, тіршіліктің несі сән, тереңге бет қоймаса», - деп өз ойын тағы қайталайды. «Терең ойдың телміріп, соңына ермей», – адамның ісі бітер ме дейді. Мұндай талапқа сол кездің адамдары түгіл бүгінгі заманның адамдары да жауап бере алмайды. Абайды өз уақытын басып озған данышпан десек, артық болмас.

Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» деп басталатын өлеңін бәріңіз де, бәріміз де білетін сияқтымыз. Бірақ, Абайдың сөздері санамызға сіңбей, басшылыққа алынбай, жаттанды сөз болып қалған сияқты. Әйтпесе, әрбір сөзі саф алтын ғой! Осы өлеңнің алғашқы жолдарын келтірейін:

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз...

Шын ғалымға мақтанудың қажеті жоқ. Ол өз орнын біледі. Ғылым таппай мақтанып жүргендер қазіргі қаптап кеткен жалған ғалымдар. Бірде-бір мақала жазбаған, бірақ, басқаның еңбегін пайдаланып, доктор, академик атанып жүргендер қазір жетеді.

Абай ғылымды адам үшін де, қоғам үшін де өсіп жетілудің бірден-бір шарты деп есептейді. Оныншы сөзінде «ғылымсыз ахирет те, дүние де жоқ» дейді. Ахирет арабша болашақтағы өмір, шынайы өмір дегенді білдіреді. Ғылым бізде әлі алдыңғы  орынға шыға қойған жоқ. Ғылымға бөлінетін қаражат жағынан біз көп елдерден артта қалып қойдық. «Орын таппай баптанба» – дейді Абай. «Орын» деген философияда жай сөз емес. Оның  терең мәні бар және салмағы ауыр: әр нәрсенің дүниедегі орны, адамның дүниедегі орны, олардың біріне-бірі лайық болуы – қай кезде де күрделі мәселе. Абайдың осы «орын» деген ұғымға мән беруі – даналық. Абай атап көрсеткен «бес дұшпан»: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – бүгін де біздерге, қазақтарға  әл берер емес. Олармен күресу ойымызға да кірмейді. Біреу бізді мақтаса, артық екенін біліп тұрсақ та, мәз боламыз.

Абайдың адамға қойған талаптары бүгін де өзекті болып табылады. Адам бүгін де, болашақта да адам болу үшін Абай ұсынған бес асыл істі игеруі керек. Абай философиясының өзегі болып табылатын «Адам бол!» деген идеясы бар. Адам әзір күйде туа салмайды, адам болып қалыптасады. Философияда адам болу сатыларын бейнелейтін индивид (пенде деуге болады), индивидуалдық (даралық) және тұлға (кісі) деген ұғымдар бар. Адам  болу екі жақты процесс. Бір жағынан, бұл қоғамға, отбасына, ата-анаға, солар арқылы қалыптасқан жағдайға байланысты. Екінші жағынан, адамның өзіне – оның ынтасына, жігеріне байланысты. Адамды сырттан күштеп, зорлап, адам қыла алмайсың. Адамды күштеп инабатты, мәдениетті қыла алмайсың. Адамды зорлап оқытып, маман қыла алмайсың. Оқу да, ғылым да, өнер де, кәсіп те – бәрі де ынта-жігерімен, талаппен келеді. Абай не дейді: «Кісіде бар болса талап, отырмас ол бойын балап. Жүрер, әрқайдан ізденер, алар өз сүйгенін қалап» - дейді.

Адам еңбек етеді, өседі, жетіледі, бақытты болады. Бақытты болудың сенімді жолы – еңбек. Еңбек – Абай іліміндегі киелі ұғымдардың бірі. Адамға еңбектің қай түрі де жарасады. «Тәуелсіз, талапсыз мал табылмас, еңбек қылмас, еріншек адам болмас», – дейді Абай. «Бейнет көрмей, дәулет жоқ»,  деп тағы айтады. «Болмасын кекшіл, болсайшы көпшіл. Жан аямай кәсіп қыл. Орынсыз ыржаң, болымсыз қылжаң, Бола ма дәулет, нәсіп бұл? Еңбек қылсаң ерінбей – тояды қарның тіленбей» – дейді. Даналық деп  біз осыны айтамыз. Адам болудың, өсіп жетілудің тағы бір шарты – қанағат. Қанағат деген бәрінен бас тарту емес. Қанағат деген анаған да, мынаған да алаңдамай, бар күш-жігерді бір мақсатқа жұмылдыру. Қайткенде де, адам болуға, адам құрлы өмір сүруге ұмтылу.

Қанағат деген қазіргі нарық заманында да керек-ақ. Қанағат, рақым, ынсап, ұят болса, елімізде жемқорлық осылай жайылып кетер ме еді? Бүгін де Абайша айтуға болады: «Бар ма екен жай жүрген жан қанағатпен, Құдайдың өз бергенін жеп көрем деп?» Шәкәрім Абай атап көрсеткен «бес асыл іске» адам атын шығаратын тағы сегіз мінезді атап қосады: «Өзге жақсы мінездің бәрі дағы Шығады осылардан түгел деңіз. Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан, Анық төмен болмай ма хайуаннан. Ынсап, рақым, ар, ұят табылмаса, өлген артық дүниені былғағаннан» – дейді.

Атақты неміс  философы И.Канттың адам туралы ілімінің – антропологиясының – бір сұрағы «Мен неге үміт арта аламын?» деп қойылған. Оған ол: «Бәріне де, тіпті Құдайға да үміт артуға болады. Бірақ, түбінде бәрі адамның  өзіне келіп тіреледі», – деп жауап береді. Осындай күрделі сұраққа нақты жауапты Абай ілімінен де табуға болады:

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар

Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

Тереңдік деген, түсінік деген осы емес пе?! Бұл да – Абай ілімінің әлемдік философиямен ұштасып жатқандығының бір көрінісі. Абай тек қазақ философиясының ғана өкілі емес. Ол, Президент атап көрсеткендей, «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы», «Ғұлама Абай, – деп жазды Қ.Тоқаев, – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады».

Абайда «толық адам» туралы ғажап ілім бар. Толық адам – жан-жақты жетілген адам. Адам қалай толық болады, өсіп жетіледі? Абайдың жауабы қысқа,  қысқа болса да нұсқа: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек», – дейді Абай. Тағы бір жерде: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» – деп өз ойын нақтылай түседі. «Қарашы, өз бойыңда түгел ме екен, ыстық жүрек, өң шырай, қуат пен күш», деп тағы қайталайды. «Адамзатқа не керек? Сүймек, сезбек, күйінбек, харекет қылмақ, жүгірмек. Ақылмен ойлап сөйлемек», – деп. Абай ақыл, қайрат, жүректің қалай іске асатынын көрсетеді.

Батыс философиясында ақыл туралы көп айтылады. Қайратқа, практикалық ақылға, дүниені өзгертуге көп мән беріледі. Бірақ классикалық, ғылыми философияда, айталық, Гегельде, Марксте жүрек туралы сөз болмайды. Тек бір данышпан Блез Паскаль таным құралдарының қатарына ақыл, парасатпен бірге жүректі де қосады. «Біз ақиқатты ақыл арқылы ғана емес, жүрек арқылы да тани аламыз», - деп жазады. Жүрек нені тани алады? Сыртқы дүниені ме? Жоқ, адам өмірінің  қырлары мен сырларын. Абай ақылды, қайратты жүрекке бағындырып қояды. Ақыл мен қайрат «өзім білемдікке», «әлім жеттікке» салынып көп нәрсені бүлдіруі мүмкін. Адам өмірінде ізгілікке қатысты нәрселердің бәрі жүректің қалауымен болады. Құдайды қалайтын – жүрек. Адамды адамға қосатын – жүрек. Махаббат та, достық та – жүрек ісі. Он төртінші сөзінде: «Рақымдылық, мейірбандылық әр істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі»... «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады» (он төртінші сөз).

Абай ілімінің тағы бір ерекше сипаты – гуманизм. Абайдың даналығын, тереңдігін адам өміріндегі жүректің ерекше рөлін ашып көрсетуінен аңғаруға болады. Осы мәселеде біз тағы да Абаймен бірге әлемдік философия деңгейіне шыға аламыз. Абайда даналық деген атына сай нағыз философия бар екендігіне тағы да куә боламыз. Қазіргі Батыс философиясында «жалғыздық» деген өзекті мәселе бар. Жалғыз болды деп біз Абайды да айта аламыз: «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым, тап шыным», – дейді. Тағы бір жерде: «Досты қайдан табарсың, кеңесерге адам жоқ. Әрлі-берлі шабарсың, жалғыздықтан жаман жоқ», – дейді. Батыстағы ғылыми философияның ірі жетістігі – диалектиканы теория, метод, көзқарас ретінде жан-жақты дамытқаны. Диалектика – дүниедегі, өмірдегі шиеленіскен қайшылықтарды танып, шешу жолдарын ұсынады.

Өмір – тартыс, күрес, қайшылық. Еш нәрсе бір күйде қалып қоймайды, өзгереді, дамиды, жоқ болады. Адамға ештеңе де оңайлықпен қолға түспейді. Бәріне де ол еңбекпен, күреспен ие болады. Осындай диалектикалық түсінік Абай өлеңдерінде де, қара сөздерінде де кездеседі.

Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ.

Иілтіп екі басын ұстаған хақ.

Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ.

Құлап кетпе, тура шық, көзіне бақ.

Өмір осындай қайшылыққа толы болса, онда оның екі жағында, оңын да, солын да, жақсысын да, жаманын да көре білу керек, тану керек.

Жас қартаймақ, жоқ тумақ,

                                              туған өлмек,

Тағдыр жоқ еткен өмір қайта келмек. 

Басқан із, көрген қызық артта қалмақ, 

Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек.

Тағы бір өлеңінде: «Адамзат – бүгін                                        адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың білемісің,

Өлмек үшін туғансың, ойла шырақ...», – деп жазады.

Диалектикалық пайымдау деген осы. 20 сөзінде Абай мынадай диалектикалық тұжырым жасайды: «Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақлұққа құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ», – дейді. Абай адамға да диалектикалық тұрғыдан қарайды: адам, аса күрделі, шексіз, қабат-қабат қасиеттерден тұратын жұмбақ құбылыс. Сондай жұмбақ адам – Абайдың әкесі Құнанбай. Абайдың өзі де – жұмбақ: «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла», деп ескертеді. Абайдың:

«Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы

Өлмейтұғын артына із қалдырған», деген сөзін бәріміз білеміз. Мына сөзін де Абайдың өзіне қаратып айтуға болады:

Бұл өмірдің қызығы махаббатпен

Көрге кірсең, үлгілі жақсы атақпен.

Арттағыға сөзің мен ісің қалса,

Өлсең де өлмегенмен боласың тең.

Мәдениеттегі Абай әлемінің тағы бір қыры – аудармашылығы. Бұрын да, қазір де аударма мәселесі өзекті болып тұр. Абайдың, Махамбеттің, Шәкәрімнің өлеңдерінің орыс тіліндегі аудармалары мені қанағаттандырмады. Бетімен қалқиды, түбіне, тереңіне бойламайды. Абай айтқандай, тереңге бет қоймайды. Орыс тіліндегі аудармалардан Абайдың, Шәкәрімнің ақындығын аңғаруға болар, бірақ ойшылдығын, даналығын аңғару қиынға соғады. Ал, Абайдың өзінің Пушкиннен, Лермонтовтан, Крыловтан аударған өлеңдері түпнұсқаға формасы жағынан да, мазмұны, тереңдігі жағынан да сайма-сай келіп тұрады. Бұл Абайдың түсінігі терең әрі жан-жақты екендігін көрсетеді. Мысал ретінде Абайдың М.Ю.Лермонтовтың «Из Гете» атты өлеңінің аудармасын келтірейін. Бұл өлең бәрімізге таныс.

Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым-жырт, дел-сал қып,

Түн басады салбырап.

 Шаң шығармас жол-дағы,

Сілкіне алмас жапырақ.

Тыншығарсың сен-дағы,

Сабыр қылсаң азырақ.

Енді орысша нұсқасын келтірейін. Салыстырып көріңдер.

Горные вершины

Спят во тьме ночной.

Тихие долины

Полны свежей мглой.

Не пылит дорога,

Не дрожат листы.

Подожди немного,

Отдохнёшь и ты.

Пушкиннің «Евгений Онегин» деген өлеңмен жазылған романынан Абай аударған «Татьянаның Онегинге жазған хаты», «Онегиннің Татьянаға жауабы», «Татьяна сөзі», «Онегин сөзі» деген өлеңдері де аударманың классикалық үлгісі болып табылады. Ал Абайдың Крыловтан аударған «Шегіртке мен құмырсқа», «Қарға мен түлкі», «Есек пен бұлбұл», «Бақа мен өгіз» сияқты өлеңдері орыстар мен қазақтардың арасында да орын алатын надандықты, даңғойлықты, әлін білмей, әлек  болатын есерсоқтықты, істің жайын түсінбейтін тайыздықты, алды-артын ойламайтын алаңғасарлықты шебер суреттейді. Бұл өлеңдер, бір жағынан, дәлме-дәл Крыловтікі, екінші жағынан, Абайдың дәл өзінікі болып шыққан. Даналық деген осы, тереңдік деген осы. Абай тектен тек Крыловқа айрықша көңіл бөліп отырған жоқ. Философияның бір қыры – сыншылдық болса, Абай туындыларында бұл да лайықты орын алады.

 

158 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ СОҒЫС ӨНЕРІНДЕГІ АЙЛА-ТӘСІЛДЕРІ
Келесі мақала АЛТЫН ОРДА ЖӘНЕ ОНЫ БИЛЕУШІЛЕР

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №8

29 Тамыз, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы