• Ел мұраты
  • 30 Қыркүйек, 2020

Халық пен билік һәм мемлекетшілдік көзқарас

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
журналист

Сонымен, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Жолдауын жариялады. Парламенттің кезекті сессиясын аша отырып, сессияның жұмысы күрделі кезеңде басталып отырғаны, елімізде жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасып жатқанын атап өтті. Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу екенін тілге тиек етті. «Қазір әлем соңғы 100 жыл ішінде болмаған аса күрделі дағдарысты бастан өткеруде. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіру үшін кемінде 5 жылға дейін уақыт қажет. Дей тұрғанмен, болашақта көш бастайтын мемлекеттердің бәсекеге түсу қабілеті дәл осындай дағдарыстар мен іргелі өзгерістер кезінде шыңдалады. Қазақстан жаңа әлемде өзінің лайықты орнын алуға тиіс. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында экономиканың дамуы үшін берік негіз қаланды, әлемдік аренада абырой-беделге ие болдық. Сондықтан, әлемнің жаңа болмыс-бітімі қалыптасып жатқан шақта біз реформаларға тың серпін беруіміз керек. Бұл бағытта Ұлт жоспарын және Бес институционалдық реформаны негізгі бағдар етіп ұстануымыз қажет. Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында билік пен халық арасындағы  платформаға айналған «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі» азаматтық диалогты дамыту ісіне тың серпін бергенін, яғни Кеңес еліміздегі жалпыұлттық диалог үдерісін орнықтырып, өз миссиясын орындағанын да тілге тиек етті.

– Соның нәтижесінде саяси реформалар топтамасы жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» демократиялық тұрғыдан мүлде жаңа заң қабылданды. «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңдарға өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 130-шы бабын қылмыс санатынан алып тастау және 174-ші бабын ізгілендіру үшін өзгерістер қабылданды. Жұмысты сапалы әрі жедел атқарғаны үшін Парламентке ризашылығымды білдіремін. Бұл – саяси саладағы реформаларымыздың бастамасы ғана. Оны жаңғырту ісі жалғаса береді. Мемлекеттік биліктің барлық дерлік институттарын реформалау керек. Жаңғыртудың негізгі мақсаты – тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру. Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президенттің Жолдауда айтылған әрбір сөзінен – халықтың әл-ауқаты мен тұрмысын арттыру, ел-жұртты толғандырған мәселелерді созбалаңға салмай сапалы шешу, атқарушы биліктің жұмысын едәуір ширата түсу, бір сөзбен айтқанда биліктің қызметін халықтың мүддесіне бағыттау көзқарасы менмұндалап тұрғанын байқау қиын емес. Осы орайда біз «Халық пен билік һәм мемлекетшілдік көзқарас» мәселесін сөз етсек деп отырмыз. Өйткені, бұл қазіргі таңда біздің елімізде ғана емес, жалпы, әлемде де өзекті мәселенің біріне айналып келе жатқанын мойындауымыз қажет.

Иә, «халық» пен «билік» ұғымы ерте замандардан-ақ талқыланып, оның айналасында көптеген теориялар мен тұжырымдар, заңдылықтар өркен жайғаны белгілі. Сонау Платон, Аристотель замандарынан бері ойшылдар мен даналардың ғылыми трактаттарына арқау болған мәңгілік ұғымдар еді ғой.  Демек, бұл тақырыпқа әр заманның өкілдері өздігінше жауап іздеп, өздерінің пайым-парасаты тұрғысынан талдап, тұжырым жасайтыны анық. Халық бар жерде билік бар, билік бар жерде халық бар. Халық ешуақытта биліксіз болмайды. Халыққа басқарып, бағыттайтын билік керек. Билікке де халық керек. Себебі халықсыз билік мазмұнды, мағыналы болмайды. Халық пен билік мемлекетті құрайды. Яғни, мемлекеттің негізі де осы екі ұғымның шеңберінде қалыптасып дамиды. Халық билікке қашаннан да сын көзімен қарайды. Биліктің әрбір басқан қадамын, қабылдаған шешімдерін ой безбеніне, ақыл таразысына салып, дұрыс-бұрыстығын анықтап береді. Биліктің жаңсақ басқан қадамын, қиыс кеткен жолын да халық сезеді, тез аңғарады. Билік болса, халықтың талабынан шығуға тырысады. Сыни пікірлерге құлақ асады, мәселелерді шешеді, бұрысты жөндейді, ретке келтіреді. Жалпы, халық тарапынан билікке деген пікір, баға, көзқарас та біркелкі болмайтыны түсінікті. Халық биліктің өн бойынан өзінің талап-тілегінің ескерілгенін, орындалғанын көргісі келеді. Елдегі әрбір азамат – халық дейтін үлкен ұғымның бір бөлшегі іспетті. Демек, әрбір азаматтың көзқарасын, мүддесі мен тілегін белгілі дәрежеде халықтың да мүддесі, талап-тілегі деп қабылдауымыз керек.

Былтыр ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғаны белгілі. Осы тұжырымдама көп түйіннің шешілуіне, шешіле бастауына кәдімгідей жол ашты. Әрине, оны өзінің шын мәніндегі дәрежесіне жеткізу үшін әлі де көп жұмыстар атқарылуы керек. Десек те, сең қозғалды. Қазір әкім-қаралардың, лауазымды шенеуніктердің бұрынғы жұмыс стилінен әлдеқайда өзгере бастағаны байқалады. Олар ел-жұртпен жиі жүздесетін болды, әлеуметтік желілерде дербес парақшаларын ашып, халықтың талап-тілегіне құлақ асуға тырысып бағуда. Мұны жақсы өзгеріс деп қабылдауымыз керек.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет. Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға реформа аса қажет» деп атап көрсетті. Иә, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы толыққанды іске асатын болса, халықты толғандырған көптеген сұрақтарға жауап табылады. Атқарушы билік шамадан тыс көбейіп кеткен бюрократиядан бірте-бірте арылады. Жалпы, кез келген өркениетті елдің өзінде биліктің жұмысына жүз пайыз қанағаттанатын халық болмайды. Халықтың көңілінен жүз пайыз шығамыз деп әрекет жасайтын билік те болмайды. Дамыған елдердің өзінде солай. Қанша адам болса, сонша пікір бар. Қоғамның тынысы әрдайым уақыт-кезеңнің алдында жүреді, көп жағдайда қабылданып жатқан заңдар да қоғамның сұранысына жауап беріп үлгермей жатады. Бірақ билік халықтың талабына құлақ асуға міндетті. Өйткені, билік қызметінің негізгі бағдары – халықтың өмірін жақсарту. Бір данышпанның айтқан сөзі бар: «Билік халықтың өмірін жұмаққа айналдырмауы мүмкін, бірақ тозаққа түсірмеуге міндетті» деген. Ойлап қарасақ, осы сөздің астарында терең мағына жатыр. 

Шынтуайтына келгенде, халық тіршілігінің дұрыс болуы, өмір сүру қалыбының бұзылмауы, әрбір азаматтың, яғни қоғам мүшесінің қоғамдық-елдік жағдайлармен үйлесімді ғұмыр кешуінен көп мәселенің сұрағы өздігінен шешіледі. Мемлекет мықты, тұғырлы болуы үшін билік те, халық та бір-біріне сенуі керек. Сенімсіздік бой көрсеткен жерден әртүрлі келеңсіз оқиғалар, түсінбеушіліктер орын алады. Мұндай мысалды әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз. Халықтың сеніміне селкеу түсіріп алған билік қандай амал-әрекетке барса да ол сенімді қайтарып алуы қиынға соғады. Демек, халық сенімінен асқан биік сенім жоқ. Ал сол сенімге сай болу – бұл үлкен мәселе. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, біздің елімізде кейде атқарушы билікті орынсыз сынай беру көзқарасы белең алып кетіп жатады. Елде, қоғамда орын алып жатқан барлық кемшіліктерді, қателіктерді атқарушы билікке жаба салу психологиясы да жоқ емес. Әйтеуір, барлық нәрсеге билік кінәлі дегендей, қалыптасып отырған жағдайға, туындап отырған проблемаға түбегейлі зер салмай, мәселеге атүсті қарау көзқарасы басым. Асылында, жауапкершілік жүгі, салмағы екі жаққа да бірдей болуы керек емес пе. Халық биліктен талап еткенін, өзінен де талап етсе, бәлкім жаңаша деңгейге шығар едік. Мысалы, күнделікті өмірден көріп жүргеніміздей, қоғамдағы кейбір азаматтар мемлекеттің мүлкіне ұқыпты қарай бермейді. Жаңадан салынған әлеуметтік, спорттық инфрақұрылымдардың бір жылдан кейін-ақ тоз-тозы шығып, қирап жатады. Үйден шығарылған қоқысты жетер жеріне жеткізбей, орта жолда тастап кететіндер болады. Қоршаған ортада экологиялық тазалықты сақтау жайы мүлдем ескерілмейді. Өкінішке қарай, біздің қоғамымызда заң талабына сай өмір сүру, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау көзқарасы жеткіліксіз болып тұрғаны шындық. Мемлекеттің мүлкіне жанашырлықпен қарамайтындар үлкендер тарапынан ғана емес, жастар мен жасөспірімдер тарапынан да байқалады. Мәселен, бір жас баланың аулада өсіп тұрған  талды аяусыз теуіп, сындырып тастағанын қандай «мәдениетке» жатқызуымызға болады? Ал сондай балаға «бұл – мемлекеттің, шындап келгенде, өз мемлекетіңнің мүлкі, дүниесі, ол ағаш сені мен біздің денсаулығымыз үшін, таза ауамен тыныстауымыз үшін өсіп тұр ғой» деп айтып түсіндіретін ата-ана қайда? Әрбір адам өз мүлкіне қалай қараса, мемлекеттің де мүлкіне солай қарауы керек емес пе? Аулалардағы спорттық нысандарды ұқыпты ұстауға болмас па? Ол да халықтың ақшасына келіп жатқан дүние ғой. Әйтеуір, мәселенің осы жағына келгенде бізде біршама кемшіліктер бар. Мемлекет – өзіміздікі, жер – өзіміздікі, табиғат – өзіміздікі. Демек, осылардың барлығына ұқыпты қарамайтынымыз қалай? Ұқыпты қарамағанымыз үшін де билікті кінәлаймыз ба. Барлық мәселені жаппай биліктен көре беретін ештеңесі жоқ, көп мәселе – халықтың өкілі саналатын жекелеген адамдардың мәдениетінің төмен болып келетіндігінде.

Жалпы, мемлекетті қалыптастыратын – халық. Халық қандай болса, мемлекет те сондай. Яғни, халық – мемлекеттің айнасы. Айнаның таза болғанын бәріміз де қаласақ, соған әрқайсымыз атсалысуымыз керек емес пе? Тым болмаса, қоршаған ортадағы экологиялық мәдениетті, тазалықты сақтасақ, соның өзі мемлекетімізге жасаған жақсылығымыз болар еді. Мысалы, өткен айда «Қазақфильмдегі» декорациялар, тарихи кинотуындылар түсіру барысында пайдаланылатын қажетті материалдар қасақана өртелді. Мұны өртеген адамдар – ел мәдениетінің көркеюіне жақсылық ойламайтын қылмыскерлер. Мемлекет кино саласы өркендесін, дамысын деп қаржы-қаражат құяды, ал адамдар оны өз қолдарымен жоқ қылады. Игілікті дүниелерді жояды, өртейді, қиратады, әйтеуір, болсын, осы сала гүлденсін демейді. Әлемдік нарықта көші енді ғана түзеліп келе жатқан қазақ киносы осындай қылмыстық әрекеттердің салдарынан тағы да бірнеше жылға артқа шегінуге мәжбүр болады. Қолдан жасалып отырған қастандықтың зардабы мен салдары кино саласына оңайға соқпайтыны белгілі. Ол декорацияларды жасауға мемлекетіміздің қаншама қаржысы жұмсалды, қаншама шеберлер күн-түн демей еңбек етіп, маңдай терін төкті. «Қазақ хандығы» деген тамаша фильм түсірілді. Әрі қарай да көптеген тарихи туындылар осы декорациялардың көмегімен түсірілетін еді ғой. Игілігін барша халық көретін еді ғой. Мұндай жағдайдың орын алуы, тіптен, ұят. Жарайды, декорациялар қалпына келер деп өзімізді жұбатсақ та, бірақ бәрібір де сол бір қылмыстық әрекеттің рухани-моральдық зардабы кино жанашырларының жүрегінде көпке дейін сақталатыны анық қой. Қысқасы, біздің қоғамда бәрі де мүмкін. Таңқалмайтын да, таңқалатын да жағдайлар көп. Олардың дұрыс-бұрысын елеп-екшеп алу – әр адамның санасына, білім-парасатына байланысты.

Жалпы, өзіміз жиі айтып, жиі талқыға салып жүретін тәрбие, білім, ақыл дейтін құндылықтар – адамның үш тағаны. Осының біреуі кем соқса, адам толымды болмайтын сияқты. «Тәрбие – тал бесіктен» екені белгілі. Адам жастайы­нан ата-анасының, өсе келе балабақшаның, мектептің, қоғамның, қоршаған ортаның тәрбиесін алады. Өз бойына көңілге түйген тәлімін жинайды. Барлық адам бірдей тәрбиелі болып кетпейді. Мұның себебі, айтылған ақылды, берілген тәрбиені әр адам бірдей қабылдай бермейді. Біреулер өзгеріп, жақсы, өнегелі болып қалыптасса, енді біреулері керісінше адамға жұғымсыз, жат әрекеттерімен, теріс қылықтарымен қоғамдық ортаға сыймай жүреді.

Бәрі адамның өз қолында, яғни өзіне байланысты екенін тағы бір мәрте мойындауға мәжбүрміз. Ақиқатын тұжырымдап айтқанда, әр адам өз-өзін жетілдіруге, дамытуға жұмыс жасауы керек. Кітап оқысын, рухани дүниелерден сусындасын. Қазір, құдайға шүкір, заман оқимын деген адамға көптеген мүмкіндіктерді беріп отыр. Ғаламтор бар, ақпарат құралдары күн сайын дамып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, адам кемелденіп, ақыл-парасаты толыға түсуі керек. Асылы, адам баласы өмір бойы оқып өтуі тиіс. Шетелде «Өмір бойы білім алу» деген керемет жоба бар. Ол жоба бойынша әр адам өмір бойы оқиды. Мейлі ол қызметте жүрсе де, әрдайым оқып, өзінің қабілетін дамытып, жетілдіріп отырады. Қоғамда да осыған байланысты оң түсінік қалыптасқан. Бәрі де өмір бойы оқу керек екенін біледі. Өйткені, оқымаса, ол артта қалып қояды. Заманның ағымына ілесе алмай қалады. Жақсы маман да болып шыға алмайды. Бізге де осындай тәжірибені ендіру керек. Біз заманның бағдарын дер кезінде аңғарып, өзіміздің іс-әрекетімізді уақыттың талабына байланысты жоспарлап отыруымыз қажет. Уақыттың талабын елемеген адам көп жағдайда өзінің алға қойған мақсатына қол жеткізе алмасы анық. Ондай адам тіпті өзінің өмірін де бір арнаға бағыттай алмайды. Өз бетінше шешім де қабылдауды білмейді. Ал өмір адамнан тек шынығуды, алға талпынуды қажет етеді. Бұл шындап келгенде үлкен әрі зор мақсат. Осыған батыл қадам жасап, қабілетін, талантын дамыта білген кісі бақытты болуға лайық адам.

Шынтуайтына келгенде, қоғамдық мәдениет бірден қалыптасып, бірден орнығып кетпейді. Ол күнделікті ізденіс, күнделікті жұмыс негізінде іске асады. Жұмыстың ең үлкені, ең биігі бұл, әрине, әр адамның өз-өзін тәрбиелей білуге ұмтылуы. Егер олай болмаса, қоғамдық мәдениет те қалыптаспайды. Қоғамдық мәдениеттіліктің басты шарты – бұл имандылық, сабырлылық. Сонымен қатар парасаттылық. Парасаттылық болмаған жерде игі істің өркен жайып кетуі күмәнді. Алды-артын ойлап барып шешім қабылдайтын ақыл керек. Сөйтіп барып, қоғамымыздың кемшін тұстарын түзеп, қоғамдық мәдениеттіліктің жоғары деңгейін қалыптастыра білсек, өте орынды болар еді. Қазақта «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген жақсы сөз бар. Әдептен озбаған да дұрыс. Қалай дегенмен, әдет пен әдеп сақтау адамның өз қолында.

Тағы бір өзекті мәселе – өкінішке қарай, біздің қоғамда «масылдық» дертіне ұшыраған адамдар аз емес. «Алма піс, аузыма келіп түс» дегендей ұстанымның жетегінде жүріп, жан қинап еңбек етуден бойды аулақ салады. Бұл да қазіргі әлеуметтік өміріміздің кемшін тұсы. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты көлемді мақаласында: «Масылдық пен әлеуметтік инфантилизм секілді құбылыстарды еңсеріп, жеке адам мен биз­нес­тің жоғары жауапкершілігіне, барлық еңбек субъектілерінің мемлекетке қатысты әріптестік өзара қарым-қатынасына негізделген еңбек қызметі мен игілікке жаңа тартымдылық енгізу қажет» деген болатын.

Иә, шын мәнінде масылдықтың астарына үңілсек, онда белгілі бір қоғамдық себептердің бар екеніне көз жеткізуге болады. Адам – табиғатынан өзгермешіл. Бұл орайда қоғам мен өмірлік жағдайлардың өзі тудырған әлеуметтік теріс психология жылдар бойы қалыптасып, санаға әбден сіңісті болған жағдайды да көріп отырмыз. Біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз қылықтар, әсіресе, нарық заң­дылықтарына негізделген қоғамда айқын байқалып қалады. Жалпы алған­да адамның еңбекке де­ген қабілет-қарымы, ынта-жігері жайдан-жай қалыптаспайтыны тағы белгілі. Еңбекке деген сұраныстың жоқтығы, адамның өзіне деген сенімсіздігі көп жағдайда «масылдық психологиясын» туындатуы да мүмкін. Дамыған елдердің қатарына енуіміз үшін азаматтарымыз осындай психологиядан алыс тұруы керек.

 Еңбекті еңбек ретінде қабылдамаушылық, «еңбектің ырыс пен байлық әкелетінін түсінбеушілік, еңбектің әр адамға бөліп берер несібесінің барын ұға алмаушылық, еңбекті тек қана еңбек тудыратынын білмеушілік, еңбектің арқасында барша өмірдің жақсара түсетінін мойындамаушылық тәрізді көзқарастар адам жүрегінің түбінен терең орын алып алған сыңайлы. Рас, қазір әлем, заман басқа. Бұрынғыдай елдің барлығы жаппай зауыттарда, еңбектің қайнаған өтінде қызмет етпейді. Әркім өзіне ұнайтын, өзінің көңіліне жағатын жұмысты атқаруға құмбыл. Бос жүрген адамды жазалайтын кеңестік жүйе келмеске кетті. Уақыт талаптары өзгерді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ойшыл Абай сөзі кейбіреулердің санасын аса бір тебіренте қоймайтын да жағдайларды көріп жүрміз. Бүгінгі заманда ең үлкен жауапкершілік – әр адамның өзінде болуы керек. Өз өміріне бейжай қарамаған адам – мемлекет өміріне де бейжай қарамайды.

Ақиқатына келгенде, көп мәселе қоғам мүшелерінің өзіне байланысты болып отыр. Әрине, атқарушы билік өкілдері халық алдындағы өз міндеттерін мүлтіксіз атқаруы тиіс. Оған ешқандай дау жоқ. Бірақ, халық та, қоғам мүшелері де мемлекет алдындағы жауапкершіліктерін толыққанды сезінсе дейсің. Мәдениеті жоғары, өркениетті ел болуымыз үшін көп нәрсе керек. Бірлігімізді бекемдей түсіп, ұлт мұратымызды барынша сезініп, мемлекетіміздің кәсібилігі, мықтылығы сіз бен бізге де байланысты екенін терең пайымдай білгенде ғана, қоғамдағы көп түйткілдер шешімін тауып, қарышты қадамдармен алға басамыз. Бұл орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықтың сөзіне құлақ асатын мемлекет» деген тұжырымдамасы нағыз дер шағында ұсынылған тұжырымдама. Яғни, Президент осы тұжырымдаманы ұсыну арқылы халықтың уәжін жоғары орынға шығара отырып, атқарушы билікке үлкен тапсырма жүктеп отыр. Шынтуайтына келгенде, атқарушы биліктің барлығы демесек те, біршама бөлігі халықтың сөзіне құлақ аспай кеткендей жағдайлар жиі орын алды. Әрине, мұндай жағдайда халық тарапынан билік жұмысына деген көңіл толмаушылық, наразылық, өкпе-реніштің туындайтыны сөзсіз. Мәселен, өмірден әділеттілік таба алмаған талай жандар мемлекеттік мекемелердің дәліздерін тоздырып, басын тауға да, тасқа да соғып, толғандырған мәселесін шеше алмай, дал болады. Көрдіңіз бе, белгілі бір мекемелер жұмысындағы орын алған олқылықтардан әлгі адамның өкпе-реніші тұтас билікке деген өкпе-ренішке ұласады. Мемлекеттің атынан қызмет атқаратын барлық мекемелер өз жұмыстарын мінсіз атқарып, азаматтардың өтініштері мен талап-арыздарына кәсіби тұрғыдан мән беріп, назар аударатын болса, бюрократиялық созбалаңға салынбай, мәселесінің шешілуіне атсалысса, бәрі де өз орнына келмей ме.

Неге екенін қайдам, біздің елде көп мәселенің түйіні Мемлекет басшысы араласқаннан кейін, кемшілікті жедел жоюға пәрмен бергеннен кейін шешіліп жатады. Құдды бір атқарушы билік өкілдері, жергілікті жерлердегі құзырлы мекемелер өздері заң аясында қызмет жасай бермей, тек қана Президенттің пәрмен бергенін күтіп отыратындай әсер қалдырады. Мәселе тікелей Мемлекет басшысына байланысты болып тұрса, түсінер едік. Бірақ, облыс көлемінде пайда болған мәселені облыс басшылары, құзыретті мекемелер неге өздері шешпейді деген заңды сауал туындайды. Биылғы жазда Көбейтұз көлінде орын алған жағдайды барлығымыз білеміз. Көлдің тұзы пайдалы екен деген әңгіме шыққаны сол еді, адамдар жаппай көлдің тұздарын қапшықтап әкете бастады. Тіпті, көлдің қадірін қашырып, қоқыс тастап, су үстінде машинамен жүргендер де табылды. Әлеуметтік желі қолданушылары қанша жерден шулап жатса да, жергілікті биліктің әрекетсіз отырғанына қайран қалдық. Күрделі мәселеге Президент назар аударғаннан кейін ғана жағдай ретке келді. Қарап тұрсақ, осындай мысалдар елімізде аз емес. Азаматтық, қоғамдық жағдайларды реттеп отыратын заңдар бар. Әртүрлі заң бұзушылықтарға жол берілсе, оған тиісті органдар дереу назар аударып, тайлы-тұяғымен іске кірісулері керек қой. Қысқасы, осындай жеделдік, тез шешім қабылдап, тез әрекет ету жайттары жеткіліксіз болып жатқаны қынжылтады. Бұл не, кәсібиліктің аздығы ма, әлде жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмеушілік пе? Бәлкім, қоғамды мазалаған мәселенің туындағанын көре, біле тұра, оған көз жұма қарау, қам-қарекетсіз отыра беруге жол берген лауазым иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту керек шығар. «Халық айтса, қалып айтпайды» демекші, халықтың күнделікті өмірінде, қоғамда ұсақ-түйек мәселе болмайды. Қоғам тарапынан сын айтылған, наразылық туындатқан фактілер билік тарапынан жедел қарастырылып, жедел шешімдер қабылданған кезде ғана, халық әділдікке, әділеттілікке сене бастайды. «Иә, шын мәнінде, мәселе көтеріп едік, реттелді. Баршамызды қанағаттандыратын шешім қабылданды» деп риза болады.

Халыққа, билікке де мемлекетшілдік көзқарастың қажеттігі айқын. Себебі барлық іс-әрекеттер, атқарылып жатқан іргелі шаруалар мемлекетшілдік көзқарасқа негізделіп жасалмаса, ойдағыдай нәтиже шықпайды. Мемлекетшілдік көзқарастың ар жағында – отаншылдық, патриотизм, елжандылық тәрізді асыл құндылықтар тұр. Әр салаға мемлекетшілдік көзқарас керек. Мемлекетшілдік көзқарас – мемлекетшілдік санаға бастайды. Әлбетте, мемлекеттік мекеме басшысы болсын, қызметкері болсын – өзінің атқарып отырған жұмысын мемлекет ісімен байланыстыратыны белгілі. Бірақ, бәрі бірдей осындай дәрежеде еңбек етеді деп айту қиын. Мемлекеттік қызмет арқылы жеке бас мүддесін көбірек күйттеп, әлеуметтік жағдайын жақсарту, жемқорлық әрекеттерге бару, яғни, өзінің атқарып отырған қызметіне адалдық танытпау да, мақалада тілге тиек етіп отырған «мемлекетшілдік көзқарас» ұғымына айтарлықтай зиян келтіреді.

Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы Жолдауындағы айтылған көптеген мәселелер мемлекетшілдік көзқараспен байланысты болды. Оны аңғару үшін Президент Жолдауынан алынған мына бір үзіндіге назар аударалық «Сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алуда. Жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын- алу жұмыстары жүргізілуде. Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен күрес жауапқа тартылудан қорыққан шенеуніктерді дербестік, бастамашылдық және жедел әрекет ету қасиеттерінен айырмауға тиіс. Біз мемлекеттік бақылауға балама ретіндегі қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыруымыз керек. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырамын. Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыра түсу керек. Оларды сатып алуды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына тарту қажет. Сондай-ақ, квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құру мүмкіндігін қарастыру керек. Парламент қарауындағы тиісті заң жобасын жыл аяғына дейін қабылдаған жөн. Сонымен қатар, Қоғамдық кеңестердің құрамына түрлі әлеуметтік топ өкілдерін кеңінен тарту қажет. Мысалы, біз мүмкіндігі шектеулі адамдар осындай ұйымдардың жұмысына араласып, өз үндерін жеткізуі үшін қолайлы жағдай жасауымыз керек» деді Мемлекет басшысы. Көріп отырғанымыздай, әрбір мәселенің төңірегінде сапалы өзгерістен бастап, жұмыс тәсілдерін жетілдіру, дамыту тұжырымдамалары бой көрсетуде. Осының барлығы да, айналып келгенде, мемлекетшілдік көзқарасты қалыптастыратын маңызды дүниелер.  

Негізі, мемлекетшілдік көзқарас халқымызға да керек. Онсыз мемлекетіміздің іргетасын нығайтып, тұғырын бекіту де қиынға соғады. Салыстырмалы тұрғыдан алғанда, біз тәуелсіз жас мемлекетпіз, бірақ ұлт ретінде тарихымыз терең. Демек, мемлекетшілдік көзқарасты санамызға сіңіру арқылы біз жаңа сапалық деңгейге көтеріле аламыз. Яғни, әрқайсымыздың жүрегімізде, ойымызда: «Мен атқарып жүрген қызмет, жұмыс мемлекетім үшін керек, мен өз біліміммен, кәсібіммен мемлекетімнің дамуына үлес қосып келемін» деген ұстаным және жанкешті еңбек керек. Мемлекет өз-өзінен ешуақытта гүлденіп, көркейіп кетпейді. Оған әрбір азаматтың маңдай тері, адал еңбегі керек. Өкінішке орай, осы тұрғыдан алғанда ауыз толтырып айтарлық нәтижелеріміз аздау сияқты көрінеді. Жапония тәрізді елдермен салыстырғанда біздің қоғам әлі де болсын ерен еңбекке бой ұрып, құлшына кірісе қойған жоқ. Бірақ заман ағымы, уақыт талабы – бәрібір де қажырлы еңбекке қарай әкеледі. Ал біз айтып отырған мемлекетшілдік сана, мемлекетшілдік көзқарастың негізінде де осы еңбек философиясы жатқанын пайымдай білгеніміз жөн. «Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» дейтін пиғылдан арылуымыз керек. Шынтуайтына келгенде, бүгінгі қоғамда шоу-бизнес өкілдерінің бейнесі емес, нағыз еңбеккерлердің бейнесі жиірек насихатталғаны абзал ғой.

Сөзіміздің түйініне келер болсақ, ел Президенті өз Жолдауында алдымызда ауқымды әрі күрделі міндеттер тұрғанын, соларды табысты жүзеге асыру үшін тың тәсіл, жаңаша ойлау, жалпыұлттық ынтымақ және өзара қолдау қажет екенін атап көрсетті. Жұмыстың жемісті болуы әрқайсымызға байланысты екенін де айтты. «Баршамыз өз-өзімізді дамытуға күш салуымыз керек. Замана сынағы бізден үздіксіз қозғалысты, мықты күш-жігерді және табанды еңбекті талап етіп отыр. Сондықтан, еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланысты болмақ» деді. Демек, өзіміз тілге тиек етіп отырған мемлекетшілдік көзқарастың қажеттілігі елдік, мемлекеттік істерде айқын да, анық сезіледі.

 

501 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз