• Еркін ой мінбері
  • 30 Қазан, 2020

ҚАШЫҚТАН ОҚУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Кезекті оқу жылы оқушылар үшін қашықтан оқумен басталды. Ресми дерек бойынша, 2020-2021 оқу жылында 3,3 миллион оқушы білім алуға кірісті. Олардың ішінде бірінші сыныпқа барған 352 мың бала бар. Санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға байланысты балалар мен педагогтердің денсаулығын сақтау мақсатында мектепалды даярлық сыныптарында, 1-11 сыныптарда мектептерде қашықтан оқыту жалғасуда. Оқу процесінде мұғалім мен оқушының қашықтан өзара байланыс жасауына негізделген қашықтан оқыту барысында түрлі интернет-платформалар, «WhatsApp» желісі, компьютер, ноутбук, планшет секілді қолжетімді құрылғылар мен байланыс құралдары пайдаланылады. Сонымен қатар, ата-аналардың өтініштері негізінде мектепалды даярлық, 1-4 сынып оқушылары үшін санитарлық нормалар сақталып, кезекші сыныптар ашылды. Ал арнайы мектеп-интернаттардағы ерекше білімді қажет ететін оқушылар ата-аналарының өтініші бойынша штаттық режимде оқи алады. Жалпы қашықтан оқыту еліміз бойынша коронавирустің таралуына қарсы күрес шараларын күшейту кезінде қолға алынды. Індеттің әлі де толығымен жойылмауына байланысты жаңа оқу жылы да осы тәртіппен жалғасуда. Өткен оқу жылының төртінші тоқсанындағы оқыту кезінде бірқатар мәселелер болғаны белгілі. Оның ішінде, аймақтардың интернетпен толыққанды қамтамасыз етілмеуі, мұғалімдердің қашықтан оқыту тәртібінде жұмыс істеуде жүйелік тәжірибесінің жоқтығы, мектептердің цифрлық білім беру ресурстарымен жеткілікті қамтамасыз етілмеуі, т.с.с. олқылықтар болды. Білім және ғылым министрлігі тарапынан жаңа оқу жылына дайындық барысында бұл кемшіліктерді түзету шаралары жүргізілді.
Қашықтан оқытудың өз әдіс-тәсілдері, қағидалары бар. Қазіргі жағдайда бұл мұғалім жұмысының жаңа шарты. Оқушыларға тыңғылықты білім беру үшін мұғалім әдеттегі сабақтан да артық күш салуы керек. Қашықтан оқу кезінде әрбір сабақ қызықты, тартымды өткенде ғана оқушы жаңа білімді меңгере алады. Бұл ата-аналар тарапынан да мұқият қадағалауды, көңіл бөлуді, уақыт арнауды қажет етіп отыр. Баланың жұмыс орнын жасақтау, қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз ету, сабақ барысы мен үй тапсырмасын қадағалау сияқты қосымша жұмыстар ата-аналарға артық жүктеме болатыны түсінікті. Сондықтан да, мектеп басшылары, мұғалімдер қауымы ата-аналардан бұл мәселеге түсінікпен қарауды, балаға жаңа форматта оқу материалын игеруге көмек беріп, мұғалім мен оқушы арасындағы байланыстың орнауына ықпал етуі қажет деп санайды. Осылай бірлесе жұмыс істегенде ғана оқу үрдісі дұрыс ұйымдастырылып, балаларға қажетті білім беріледі, нәтиже болады.
Қашықтан оқуға байланысты мектептерде оқу процесі қалай ұйымдастырылатыны туралы сұрақтардың көптеп туындауы жөнінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов былай дейді: «Адамдардың бойында, әсіресе, осындай қиын кезеңде, жаңа әрі белгісіз нәрсеге деген қорқыныш сезімінің болуы – қалыпты жағдай. Форс-мажорлық жағдайда білім беру саласында болып жатқан процестер бізге тек пайдасын тигізеді деп сендіргім келеді. Дегенмен, қашықтан білім беруге көшу – коронавирустық инфекцияның таралуын азайтуға бағытталған шаралар аясында жүзеге асып жатқанын барлығы түсінгені жөн. Өкінішке қарай, басқа таңдау жоқ. Оқу процесі тоқтатылмауы тиіс. Біз осындай жағдайға тап болған басқа елдердің тәжірибесін алдын ала зерделедік. Іс жүзінде олардың барлығы қашықтан оқу режиміне көшкен: бүкіл әлем бойынша 870 миллионнан астам оқушы осындай форматта білім алуда. Барлық мүмкіндіктерді, аспектілер мен тәуекелдерді жан-жақты ой елегінен өткізе отырып, біз де уақытша қашықтан оқытуға көшу туралы шешім қабылдадық». Осыған орай Білім және ғылым министрлігінде, аймақтық білім беру басқармаларында қашықтықтан оқыту жүйесін ұйымдастыру бойынша Жобалау офисі құрылды. Пандемия кезеңінде оқу үрдісін ұйымдастыру бойынша уақытша шаралар енгізген көршілес елдердің тәжірибесі, халықаралық тәжірибе зерделенді. Мектептер мен ұстаздар үшін тиісті ұсынымдар дайындалды. Ұстаздар үшін арнайы онлайн, теле-курстар, вебинарлар әзірленді. Сонымен қоса, ұстаздар мен балаларға арнап «Балапан» және «Ел Арна» телеарналарында сабақтар өткізіледі. Теле-сабақтардың арнайы түсіріліміне Нұр-Сұлтан қаласының, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің, республикалық, халықаралық және жеке мектептердің тәжірибелі, білікті, үздік ұстаздары тартылған. Ол сабақтар мемлекеттік стандарт талаптарына, оқу бағдарламаларына сәйкес құрылған. Бейнесабақтар қазақ және орыс тілдерінде жазылады.
Сондай-ақ, сабақтар арнайы мамандандырылған интернет-платформалары арқылы да өткізіліп жатыр. Бұл цифрлық жүйелер оқушыларға өткен сабақты немесе бұрын талқыланған тақырыпты қайта қарауға, сондай-ақ онлайн-сабақ өткізуге, кері байланыс орнатуға, жеке дара оқыту мен тапсырмаларды геймификациялауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл формат тестілеу жұмыстарын өткізуге және алған білімдерін бағалауға мүмкіндік жасайды. Бұрын мұндай компаниялардың білім беру контентіне қол жеткізу ақылы болса, осы кезеңде балалар барлық керек ақпаратты және платформаларды тегін пайдалана алады. Министрлік тиісті келісімге қол жеткізген. Сондай-ақ, интернет-провайдерлерімен осы ресурстарды пайдаланған кезде трафик есептелмейтіндей келісім орнатылған.
Елімізде қашықтан оқудағы қиындықтың бірі – кейбір мектепте сапалы интернет байланысының болмауы, мұғалімдер мен оқушыларда компьютердің жоқтығы, отбасында бірнеше бала болған жағдайда компьютерді пайдалану мәселесі, дайын интернет-платформалардың жоқтығы. Білім және ғылым министрлігі осы мәселелерді шешу жолдарын қарастырып, нақты шешімдер қабылдап отыр. Мәселен, қазір жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, мектептегі компьютерлерді оқушылар мен мұғалімдерге уақытша пайдалануға беру, тіпті, қажет болған жағдайда, мектептерге қосымша техника (планшеттер немесе компьютерлер) сатып алып, оларды да уақытша пайдалануға беру мәселелері қарастырылды. Осылайша қашықтан оқытудың қолжетімділігін арттыратын тиімді шаралар қабылданып отыр.
Жаңа режимде жұмыс істеу педагогтер үшін де, балалар үшін де оңай емес екені белгілі. Сондықтан да, бұл отандық білім беру жүйесі үшін үлкен сын. Қиын кезеңге қарамастан, көптеген мұғалімдер жағдайға бейімделіп, өз міндетін лайықты атқаруды жалғастыруда. Мәселен, Алматы қаласындағы №156 жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлмира Сағымбаева жаңа оқу форматы жөнінде: «Қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты қашықтан оқытып жатырмыз. Бұның жақсы жағы да, қиындығы да бар. Қашықтан оқуда әрбір қимылын қадағалап, қарап отыратын мұғалімнің алдында отырмағандықтан, оқушының өзіне көп жауапкершілік жүктеледі. Мұғалім тек жаңа сабақты өткізіп, тапсырма мен бағыт-бағдар беріп отырады. Әсіресе, жоғары сыныптарда мінез-құлқы өзгеріп жатқан балалардың өз ойын еркін жеткізе алмай қиналатын кездері болады, ал қашықтан оқығанда бала өз бөлмесінде емін-еркін отырып, сабаққа жауап береді, мұғалім оны жеке тыңдайды. Ал кемшілігіне келсек, оқушылардың грамматикалық сауаттылығы төмендеуі мүмкін. Себебі, мектептегідей жазба жұмыстары көп емес, оқушылар тапсырманы дыбыстық хабарлама, бейнежазба арқылы жібереді. Дәптерін көзің көріп тексермегеннен кейін сауаттылық жағы қадағалаусыз қалады. Бірақ, білімге құштар, зейінді бала үшін ешқандай қиындық жоқ деп санаймыз» дейді. Сондай-ақ, ол оқушылардың қашықтан оқуы барысында «Күнделік», «Bilimland», «Zoom» сынды платформалардың кеңінен қолданылып жатқанын жеткізді. Ұжымдағы әріптестер өз тәжірибелерімен бөлісіп, бір-біріне әдістемелік қолдау көрсетеді. Тәжірибелі ұстаздар жас мамандарға қол ұшын созуы да үрдіске айналған. Және де қашықтан оқу ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялармен тығыз байланысты болғандықтан, мұғалімдердің цифрлық технологияларды меңгеруіне де жол ашып отыр.
Қашықтан оқытудың тағы бір артықшылығы, оқушы берілген тапсырманы өзіне ыңғайлы уақытта орындай алады. Сондай-ақ, оқушылар осы форматта оқығалы бері ата-аналар мектеп бағдарламасына бойлап, терең біле бастады. Осы тұрғыда кейбір кемшін тұстар да айқын аңғарылды. Соның бірі – оқулықтардың сапасы. Ата-аналар қазір оқулықтардағы кемшіліктер жөнінде көптеген мәселелерді көтеріп жүр. Сол себепті министрлік алдағы уақытта оқулықтарды құрастыру тәсілдері өзгеретінін мәлімдеді. Министр А.Аймағамбетовтың айтуынша, авторлар мен сарапшыларға арналған арнайы курстар ұйымдастырылады. Мектептерде әдістеме де, оқу бағдарламалары да өзгеруіне байланысты барлық оқулық сараптама мен апробациядан өтеді. Сараптама барысында мұғалімдер, сарапшылар мен авторлар бәрін талқыға салады, бір шешімге келіп, өзгеріс енгізеді. Талқылаудан кейін апробация болып, балалардың жаңа оқулықты қалай қабылдағаны зерделенеді. Содан кейін бағдарлама бекітіліп, оның негізінде оқулық басып шығарылады. Сондай-ақ министр мектеп оқулықтарын шығаратын баспаларға жаңа талаптар қойылып отырғанын жеткізді. Мәселен, оқулықтардың электронды нұсқасы тегін болуы шарт.
Президент Қ.Тоқаев қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берді. Бұл мәселелер қазір ел билігі тарапынан да, министрлік тарапынан да ерекше бақылауда. Індет еңсерілсе, еліміздегі білім беру жүйесі біртіндеп дәстүрлі білім беру формасына көшетіні белгілі. Ең бастысы, балалардың қауіпсіздігін сақтай отырып, білім беруді жалғастыру мұғалімдер мен ата-аналардың жауапкершілігі мен дұрыс көзқарасына тікелей байланысты.

Дина ИМАМБАЕВА

721 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз