• Ел мұраты
  • 30 Қазан, 2020

ШӘКІРТТЕР ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПҚАН ҰСТАЗ

Менің шығармашылық өмірімде «Қазақстан мұғалімі» педагогикалық басылымының алатын орны ерекше. 1980-1993 жылдары осы газетте жүргенде мен көптеген белгілі ұстаздар мен аудандық, облыстық білім бөлімдерінің басшыларымен кездесіп сұхбаттастым. 1987 жылы Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында республикалық семинардың қорытынды жиыны өтті. Аудандық білім бөлімінің басшысы келбеті келісті, сөзі шешен, мектеп өмірін терең білетін кісі екен. Мектептердің материалдық базасы, ұстаздар қауымының ізденісті еңбектері жайында көп мағлұмат берді. Бұл кісі республикаға белгілі  ұстаз-басшы, соғыс ардагері Әбдіжәлел Айбосынов болатын. Сұңғыла ұстаздың кескін-келбеті, тұлғалық болмысы әлі көз алдымда тұр. 

КСРО және ҚР халық ағарту ісінің үздігі, Енбек Қызыл ту орденінің иегері Әбекең осы ауданда жүргенде 1985 жылы зейнетке шықты. Ұлы Отан соғысының көптеген медаль-ордендерімен марапатталған ұстаз басшының өнегелі өмірі, іскерлік қабілеті, парасат-пайымы, отбасы-шаңырағындағы береке-бірлігі өз алдына тәрбие мектебі еді. Әбекеңнің нағыз ұстаз, білікті басшы, мейірімді әке, қарапайым арда қазақ екенін көпшілік біледі. Кіші жүзге белгілі Басықара батырдың ұрпағы, Жалаңтөс Баһадүр және  Әйтеке бидің зәу-заты Әбекең 1925 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы Сарыкөл ауылында өмірге келді. Бала жастан зерек, алғыр жеткіншек орта мектепті бітірген соң майданға аттанады. 1942-1945 жылдары Забайкальеде жауынгерлік жорықта ерлік көрсеткен. Алдымен Алматыдағы заң мектебінде оқып, содан соң    Қызылордадағы педагогикалық институттың тарих факультетін қызыл дипломмен бітірді. Ұстаздық өмірін 9 жылдық мектептен бастап, қатардағы педагог, мектеп директоры, соңында Қазалы аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып, білікті басшы, тәлімгер, ұстаз екенін көрсетеді.  

Әбекең жайында оның шәкірттері, әріптестері, үзеңгілес достары күні бүгінге дейін оның есімін аңыз қылып айтады. О баста өмірге ұстаз болып келген оның кіршіксіз кісілік тазалығы тәнті етеді. Жаман әдеттен жиіркеніп, өзіндік қатаң өмірлік ұстанымынан айнымаған ол шын мәнінде ерекше жаралған жан еді. Ол ешқашан бұйырып сөйлеуді білмеген. Күрделі мәселелерді қашанда  кеңесіп шешуді ұнатқан. Өз ісіне берілгені соншалық, қажетті деректер мен фактілерді кез келген уақытта, кез келген жерде жатқа айтатыны қайран қалдырады. Ол кісімен етеңе жақын араласқан әріптесі К.Бекетов былай дейді: «Әбдіжәлел ағамыз сол уақытта ауданда 1500 мұғалімнің аты-жөнін, олардың отбасында қанша баласы бар екенін айтып бергенде таңғалатын едік» деп естелігінде жазады.  

Ұлы Абайдың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген данышпандық сөзі дәл Әбекеңе қарата айтылғандай. Оның бойындағы асыл қасиет, қарапайымдылық, кішіпейілділік, көрегендік және өмірге деген құштарлық, қызметіне деген адалдық қашанда жарқырап тұрады. Әбекең сияқты тек бала тәрбиесі емес, ел тәрбиесін ойлаған, қоғам мүддесін көздеген тұлға ұстаздар көп болса біз қазіргі теріс көріністерге душар болмас едік.

Қазалы өңірінен облысқа, Республикаға белгілі мамандар, партия белсенділері, өнер өкілдері  көп шықты. Әбекеңнің жолын қуған мектеп басшылары баршылық. «Нашар оқушы болмайды, нашар мұғалім болады» деген қағиданы ұстанған Әбекең ұстаздардың өзін-өзі әрқашан жетілдіріп, ізденіп, алға мақсат қойып, ақыл-оймен жұмыс істеуін үнемі талап етіп отырды. 1965-1966 жылдары Қазалы аудандық әдістемелік кабинеті іскерлік орталыққа айналды. Осы жылдары оқу министрлігінен жауапты қызметкерлер келіп, мұндағы жұмысқа жоғары баға берді.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген мәтел тегін айтылмаса керек. Арыға бармай-ақ бергі Абылай ханның отыз ұлынан тараған ұрпақ қаншама. Әйгілі Әз-Әлмеректің бес баласынан тараған ұрпақ бес рулы елге айналып, қазір олар Алматы облысының төрт ауданында  өмір сүріп жатыр. Біздің кейіпкеріміз Әбекеңнің жеті ұл-қызынан тараған ұрпақтары бұл күнде Қызылорда, Астана, Алматы, тағы да басқа өңірлерде тұрады. Тұңғышы дүниеден ерте озған Әбдірахман дәрігер мамандығын алған еді. Одан кейінгі Нұрбану – технолог, Гүлмира – дәрігер, Шәймерден – спортшы, Мадина – әке жолын қуған ұстаз,  Амандық Қызылорда облысында прокурор. Кенже қызы Дина белгілі ғалым, экономика  ғылымдарының докторы, «Салық саясаты» бойынша АҚШ-та тәжірибеден өткен. Ол 1999 жылы Париждегі Дүниежүзілік конференцияға Қазақстан мемлекеттік салық қызметі атынан қатысты. Әкесі Әбекеңнің өнегелі өмірі мен тағылымды ғұмыры жөнінде ізденіп, әке рухын асқақтату жолында көптеген игі істер атқарды.

Мәскеуде де белгілі педагог ғалымдармен араласып, ағарту саласындағы күрделі мәселелер жөнінде пікір алысуы Әбдіжәлел Айбосыновтың Одаққа белгілі қайраткер ұстаз екенін дәлелдейді. Әбекең мұғалімдердің  республикалық, одақтық алқалы жиындарына, съездеріне делегат болып қатысып, ғалымдармен ой бөліскен, ұлағатты пікір айтқан ағарту басшыларының бірі еді.

Туа біткен тақуа, бойында Алла ілімінің нұр-қуаты бар, ұстаз, абыз ата болды. Ағарту саласы бойынша ол кісі Алматыдағы Оқу министрлігіне лауазымды қызметке талай рет шақырылды. Одан саналы түрде бас тартқаны оның кемел рухты, бойындағы  Құдай берген қабілетіне сенген сирек тұлға екенін  дәлелдесе керек. Әбекеңнің кадр тәрбиелеудегі, өсірудегі тәлімгерлік қасиеті әлі зерттелмей жатқан бір әлем. Міне сондықтан, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аясында, өзінің 95-ке толған мерейтойы кезінде ұстаз тұлға туралы осылай еске алып, ерең еңбегін елге паш етуді мақсат еттік.

  

  Ораз Қауғабай,

жазушы, КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

ҚР ағарту ісінің үздігі

597 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Халық пен билік һәм мемлекетшілдік көзқарас
Келесі мақала ЫМ КЕЗЕҢІ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *