• Ел мұраты
  • 30 Қазан, 2020

ЫМ КЕЗЕҢІ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Қойшығара Салғараұлы,
ғалым, жазушы

«Ымды білмеген, дымды білмейді»
(халық мақалы)

Бүкіл адамзат баласы ғұмырнамасының ортақ желісін жүйелеген «Әлемдік тарихтың» жазғандарының бәрі бірдей шынайы өмір шындығына негізделгеніне күдік келтірушілер бұл күнде  әр қиырдан бой көрсете бастағаны байқалады. Әсіресе,  тарихтың бастау кезеңіне талас көп. Мұны ғылымның дамып, сананың жетілуінің жемісі деп бағалаушылар да баршылық.  Алайда, өкінішке қарай, сол санасы жетіліп, дамыған ғылымға сүйенгендердің жасаған тұжырымдарының өзінде де бірізділік жоқ. Мұның солай екенін, тіпті, тарихқа терең бойлап, әр кезеңнен айғақ іздеп әуреленіп жатпай-ақ, адамзат тіршілігінің бастауына қатысты жасалынған кейінгі ғалымдар  пайымдауларынан да аңғару онша қиындық туғызбайды.  Мысалы, қазіргі ғылым тіршіліктің пайда болуы мен дамуын үш кезеңге бөліп қарайды.  Оларды: «ғарыштық эволюция», «табиғи эволюция», «тарихи немесе мәдени эволюция» деп атайды.  Осылардың алғашқысы – ғарыштық эволюция осыдан 10-15 миллиард жыл бұрын пайда болған делінеді. Сондай-ақ биологиялық эволюция нәтижесінде,  ең кем дегенде, екі миллиондай түр пайда болғанын айтады. Сол көп түрдің бірі адам көрінеді. 

Міне, осы айтылғандарға негіздесек, адам баласының жер бетінде пайда бола бастауының мерзімі миллиард жылдарға иек артады. Сол секілді  бұған керісінше, адамзаттың жаралуы мен таралуы  мерзімін миллиондаған, тіпті, мыңдаған жылдармен шектейтіндер де табылады. Бұл орайда өткен жиырмасыншы ғасырдың аяқ кезінде  анықталған, генетика ғылымының ірі жетістігі деп танылған  ДНК (дезоксирибонуклеин қышқылы) тәсілі көмегімен адамзат баласының мұрагерлік ақпарат қазынасына еніп, жаратылыстың тылсым құпиясын ашуға мүмкіндік алған генетик ғалымдардың жасаған тұжырымдары ерекше көзге түседі. Мысалы, Ресейдің  Н.И.Вавилов атындағы Жалпы  генетика институтының бас маманы Илья Захаров бастаған ғалымдарының анықтауынша, жер бетінде адамзат баласының пайда болғанына, уақыт мерзімімен алғанда,  200 000  жыл өткен  және олар әуелде 10 еркек пен 18 әйелден  өрбіген  делінеді (Захаров И.А. «Адам и Ева жили на Юге Африки». Trud ru. №193. От 25.10. 2002 г.)

Бірақ, бұл орайда, генетиктер де бірауызды емес.  Айталық,   адам хромосомын зерттеген америкалық ғалымдар бұл мерзімді 12 000 жылға шегеріп, «адамзат баласы бұдан 188  000 жыл бұрын бір әйел мен бір еркектен жаратылған» дегенді айтады. Бұл адамзат баласын Адам-ата мен Хауа-анадан тарататын діни кітаптардың тұжырымымен үндеседі.   Мұның сыртында осы төңіректе өз зерттеулерінің қорытындысын жариялаған Иель университетінің ғалымдары  «бүгінгі адамзаттың түптегі» деп ғылым таныған Homo sapiens-тің  бұдан 270 000 жыл бұрын өмір сүргенін дәлелдейді (Нью-Йорк Таймс. 23 қазан 1995 ж.). Сондай-ақ адамзаттың ғұмыр жасын, тіпті, беріден, 70-80 мың жылдан қайыратындар да бар.

Адамзат баласының қашан жаратылғанын  ғылымның өзі дәл анықтап, ортақ бір нақтылыққа жетпеген соң, адам әулетінің жер бетінде  өмір сүріп келе жатқанына қанша жыл болғанын  анықтауда да, соған байланысты олардың бастау тарихын нақты танып-білуде  де қандай дәлдік болсын!?. Сондықтан да болар, адамзат баласының әзелгі заманнан қазіргі дәуірге дейінгі  ғұмыр жолын көрсетуге арналған қалың-қалың он томдықтан құралған «Әлем тарихының» бірінші томының бірінші тарауы  адамзаттың алғаш Жарық Дүние дидарын көрген кезінен басталмай,  бірден адамзат қоғамының пайда болуынан басталыпты.  Бұл ретте,  ортақ тарих адам  баласының  жаратылуына қатысты: «В ХІХ в. в отложениях, относящихся  к концу третичного периода, были найдены  останки высокоразвитых древних обезьян,  названных дриопитеками. Дриопитеки были общим предком человека и африканских человекообразных обезьян нашего времени – гориллы и шимпанзе…  Открытие костей дриопитека  явилось  блестящим подтверждением материалистической теории Дарвина о происхождении человека  от древней человекообразной обезьяны…(Всемирная история в 10 томах. Т.І. М. 1956 г. с. 19.) деген тұжырыммен ғана шектелген. Осының негізінде адамзат баласы әуелде Маймыл-атадан  горилла, шимпанзелермен бірге жаратылып, содан өсіп, өніп, есейе келе  жануарлар әлемінен енші  алып шығып, алғашқы адамдық қауымдастық құрылыстың іргесін қалаған деген тұжырым  жасалған.

Бірақ ресми тарих  ғылымы осы «маймылдан адамға айналғандардың» пайдаланған күнкөрістік еңбек  құралдарын тауып, олардың қолданылған кезеңдерін белгілі бір деңгейде анықтай алғанымен, соларды тұтынушылардың  нақты кімдер екенін, бір-бірімен  қалай қарым-қатынас жасағанын,  сөйлескен тілдерінің бұл күнде сан алуан халықтарға жіктеліп кеткен ұрпақтарының қайсысының тілдік қорына негіз болғанын анықтап бере алған жоқ.  Бар болғаны:  маймылдан адамға айналуға бет бұрғандардың түпатасын «питекантроп» («маймыл-адам») деп атап,  одан кейінгі жетіліп  жан-жаққа тарағандардың өкілдері – жер қойнауынан табылған қаңқа сүйектердің иелеріне сол  табылған жерінің немесе сол жердегі елді мекеннің атауын теліп, оларға: «синантроп», «неандертальдық», «андронов» деген тәріздес сан алуан есімдер беріп, осы түзілімнің жетілу нүктесін «homo sapiens»-ке («ақылды адамға») әкеп тірейді. Осы «homo sapiens»-тен  бүгінгі адамдардың ата-бабасы өсіп-өнген делінеді.

Бірақ бұдан да бұлардың шын мәніндегі  адамдық болмысын, нақты кімдер екенін біліп, тану қиын.  Өйткені, бүгінгі ресми ғылым адамзат баласының бастау тарихын  танып-білуде негізгі зерттеу нысаны – алғашқы адамдардың  өзіне, олардың эволюциялық жетілу жолындағы өзге тіршілік иелерінен артық түрлі мүмкіндік ерекшеліктеріне мән беріп, соларды саралай  зерттеуден бастаудың орнына, жоғарыда айтқанымыздай,   жер  қойнауынан әр кезеңде, әр жерден  археологтар тапқан заттық айғақтардың: ежелгі  еңбек құралдары мен түрлі заттардың және   қаңқа сүйектердің  берер мәліметтерін  бір-бірімен салыстыра зерделеумен шектелген. Солар арқылы ғылыми тұжырымдар жасалған. Осыған орай адамзаттың бүкіл тарихы тек археологиялық қазба деректер мен кейін пайда болған жазба деректер негізінде ғана жазылды.  Сол себепті адам баласының Жарық Дүниенің есігін алғаш ашқан күнінен бастап, өзімен бірге жасасып келе жатқан, солардың сан мыңжылдықтарға ұласқан бастау тірліктерінің бірден-бір айғақшысы – «дыбыстық», «ымдық», «тілдік» сөздік») деректердің берер мәліметтері зерттеу аясынан тыс қалдырылды. Ал бұлардың алғашқы екеуінің, яғни, Дыбыс пен Ымның қашан алғашқы адамдардың тілі шығып, бір-бірін өзара Сөз арқылы толық түсінісулеріне мүмкіндік берер сөздік қорын жасап алғанға дейінгі қарым-қатынас құралы болғаны  осы бағытта ойласқан жанның қай-қайсысына болсын ешқандай  күдік тудырмаса керек еді. Өйткені, бұл – басы артық дәлел-дәйексіз-ақ зерде мойындар шындық қой. Мұнда тани білген жанға адамзат баласының бастапқы дүниетанымын қалыптастырған ұзақ мерзімге созылған тұтас бір кезеңнің тарихы жатыр. Адамзат баласының ортақ бастау тарихы, міне, осы тарих. Өкінішке қарай, біз бұл тарихтан хабарсызбыз.

Осы орайда Жарық Дүниенің  жарығын тұңғыш көрген алғашқы адам баласының шар еткен алғашқы дауысынан басталатын Дыбыс кезеңінің  кейін саналуан  ұғымды білдіретін әр түрлі дыбыстарға жіктеле жетіліп, сол кездегі жан иелерінің бір-бірімен Ым  арқылы  түсінісуге қол жеткізгеніне дейінгі  аралықтағы қатынас құралы болғанын да аңғару  онша қиындық туғызбайтынын шамалауға болады. Адамдар сырттан төніп келе жатқан тосын қатерді, сондай-ақ  өздерінің қорқынышы мен қуанышы, ашуы мен ызасы, ризашылығы мен реніші тәріздес көңіл-күйлерін де  түрлі дыбыстар шығару арқылы бір-біріне жеткізе алатын,  түсіндіре алатын күйге жеткен. Қазіргі сөздік қорымызда бар: шу, айқай, дабыр, ақыру, бақыру, шақыру, ысқыру, пысқыру, қышқыру, ысылдау, жаңғырық, сарт-сұрт, тарс-тұрс, үн, ән, әуен және осылар секілді толып жатқан сөздер  әрқайсысы жеке-жеке  ұғымды білдіретін  сондағы дыбыстың  Сөз пайда болғаннан кейін қалыптасқан атының (атауының)  сан алуан  түрлері. Олар өте көп. Бірақ біз олардың бәрін білмейміз. Мысалы, бір жылаудың мән-мағынасын білдіретін дыбыс түрлерінің  өзі қаншама: жылау, өксу, сыңсу, жоқтау, зарлау, бақыру, ойбайлау және басқалар. Болмаса, әрқайсысы жеке бір дыбысты  білдіретін  қазіргі қолданыстағы әріптерді алыңыз. Әр әріп бір дыбыс қой. Осы дыбыстар кейін Сөзді өмірге келтірді емес пе?!. Бұл кезең – адамзаттың  жабайы кезеңіндегі бастапқы дүниетанымының қалыптасуына дәнекер болған Дыбыстың  жетілу  кезеңі (фотос кезеңі – грекше «үн қатысу» кезеңі).  Мұның қалай жүзеге асқанын, адамзат баласының жаратылған жан иелерінің арасындағы ерекше қабілетке ие жаралым екенін ескере отырып, қазіргі таңда ормандағы  аң-құстардың, әсіресе, маймылдардың қандай жағдайда қандай дыбыс шығарып, «сөйлесетінін» бақылау арқылы танып, шамалауға  мүмкіндік бар.  Кейін   ымдасу арқылы түсінісу пайда болған кезде Дыбыс Ымның не түсіндіргісі келгенін адамдардың  тез қабылдап,  толық ұғынуына септігін тигізер көмекшілік қызмет атқарған. Олардың осы бірлігі  қашан Сөз дәуірі басталғанға дейін өз биігінен төмен түспеген, бірін-бірі толықтырып, байыта берген, жетілдіре түскен.  Тек Сөз пайда болғаннан кейін барып, Дыбыс сөздің ауыздан сыртқа шығып, өзгелерге жетуін қамтамасыз етер қызметшісіне айналса, Ым айтылған Сөздің мән-мағынасын аша түсуге қосымша ықпал  жасау міндетін атқарған. «Сүйекке сіңген сүйекпен кетеді» дегендей, Ым содан бері арада жүз мыңдаған жылдар өтсе де сол әдетінен таймай, Сөзге дем беріп келеді. Біздің қазіргі таңда сөйлеген кезде  еріктен тыс қолымызды оңды-солды сілтеп, ербеңдетіп жататынымыз да сол  сүйексіңді әдеттің  бір айғағы.

Адамзат баласының Сөзді ойлап тауып, оның қажеттілікті өтер қорын жинақтап, бір-бірімен бірыңғай тілдік қатынас жасауға жеткен кезінен бастап, адамның шынайы адамдық мағыналы өмірі,  ғұмырнамалық тарихы басталады. Дыбыс пен Ым кезеңі адам баласының эволюциялық жетілуінің жабайы кезеңінен мағлұмат берсе,  Сөзден оның (адамның) мағыналы шынайы  мәдени тірлігі, дараланған адамдық тарихы басталады.  Бұл тарихты – «Халықтың Ауызша тарихы» (ХАТ) деп атайды.   Сөз – мәдениет пен өркениеттің бастауы.  Өмірге келген әр Сөз – өзінің білдіретін ұғымымен  адамдардың сол кезеңдегі дүниетаным  деңгейін тануға мүмкіндік берер бір-бір «жанды» дерек. Тек оларды өз  мәнінде танып, түйсіне алар білікті де білімді зерде керек. Сөз дерегін  бүгінгі ресми тарих ғылымы тарихтанудың негізгі айғағы ретінде пайдаланып жүрген қазба деректер де, жазба деректер де алмастыра алмайды. Соған қарамастан, ресми тарих ғылымының күні бүгінге дейін бұлардың, яғни, Дыбыстың да, Ымның  да, Сөздің  де адамзат баласының беймәлім бастау кезеңінен мәлімет берер мүмкіндігі бар бірден-бір дереккөзі екенін танып, оларды арнайы зерттеу нысанына айналдыра алмай келе жатқаны – өте өкінішті жәй. Егер олай болмай, бұларға  кезінде лайықты мән беріліп, әрқайсысы, мысалы, Дыбыстың  түрлі ұғымдарды білдіретін алуан әуенді үнге  жіктеліп, жетіле келе  тұтас бір оқиғаны «баяндап» бере алатын күрделі музыкалық ірі шығармаларға ұласқаны, болмаса, Ымның әуелдегі бет пен қолдың қимылы арқылы  бірдемеге назар аудартар белгі беру қызметінен бастап, тұтас белгілі бір оқиғаны баяндар би өнерін тудырғаны, содан  Сөз дәуірі үстемдігі орнағанша  адам баласының  бастапқы дүниетанымының тұтас шежіресіне айналғаны арнайы мамандар тарапынан ғылыми тұрғыда  тыңғылықты зерттелгенде, Адамзаттың Ортақ Бастау Тарихы  бүгінгідей шешімі табылмаған мәңгі жұмбақ күйінде қалмай, шешіле сыр шертіп, өз болмысынан толық хабар берер ме еді, қайтер еді деген ой келеді.

Бірақ біз олай істей алмадық. Сол себепті Дыбыс та, Ым да деректік қасиетінен айырылып, бастапқы жаратылысындағы жәй бір «дыбыс» (звук) пен «Ым» (белгі, знак)  дегенді білдіретін жеке-жеке сөз ретінде  бүгінгі сөздіктерге енді.   Қазіргі  оқырмандар да Дыбыс пен Ымды тек осы мағынасында  түсінеді. Сол себепті  бүгінгі сауатты оқырмандардың өзінің    біздің  осы  айтқандарымыздың бәрін  бірдей өз мәнінде түсініп, толық қабылдай қоюының өзі екіталай тірлік. Кім-кімге болсын, едәуір қиындықтар туғызуы да әбден мүмкін. Сондықтан, айтқанымыздың ұғынықты болуы үшін, бұлардың бәрін бірдей жеке-жеке талдап жатпай-ақ, тек Ымның ғана алғашқы адамдарды және олардың бастапқы дүниетанымын танып-білуге көмектесер нақты дерек берер қандай мүмкіндігі барын түрік тілінің жаңа  сөз жасау заңдылықтарына негіздей отырып, көрсетуге талпынып көрмекпіз. Және осыған қоса, қазіргі таңдағы жер бетіндегі толып жатқан  тілдердің басқа біреуіне емес, неге «түрік тілінің заңдылығына» негізделуінің  де өзіндік себебі барын айта кеткенді жөн көрдік.

Ым –  қазіргі қазақ тілінің (Қазақ тілі өзге түріктілдестердің тіліне қарағанда ежелгі төлтума көне сөздерге ерекше бай тіл.  Оның бұлай болуы, біздің пайымдауымызша, бүгінгі «қазақтар» деп аталатын халықтың ата-бабалары (олардың түп аталарының қалай аталғаны ғылымға белгісіз. Қ.С.) мекендеген жердің басқа тілді халықтардың бір де біреуімен тікелей шектеспейтіндігінен болса керек. Қазақ жері сонау көне замандардан бері түгелдей тек түріктілдес халықтардың қоршауында жатыр. Мұның сыртында, антрополог ғалым, академик О.Смағұлов жарты ғасырлық зерттеу еңбегінің нәтижесі іспеттес «Қазақ халқының шығу тегі» атты еңбегінде   қазақтардың ата-бабаларының  бүгінгі мекен етіп отырған жерінде, арғысын айтпағанда, соңғы төрт мың жылдан бері  табан аудармай өмір сүріп келе жатқанын  антропологиялық зерттеу арқылы дәлелдап отыр (Исмагулов О. Исмагулова А.  Происхождение  казахского народа. –Ал. 2017. Стр. 10) .  Сондықтан, бүгінгі «қазақ» деп аталатын халықтың тілінде сырттан кірген бөтен кірме сөз өзге тілділермен салыстырғанда өте аз. Олардың өзі және  бірден тура кірген емес, әлгі қоршаған түріктілдес халықтар арқылы кірген сөздер) тілдік қорында сақталған көне түрік сөзі. Сөздіктерде оның мағынасын «белгі» (знак) деп көрсетеді. Күні бүгінге дейін қолданыста жүрген «жанды» сөз. Осы ретте, көңілде күдік қалмас үшін мына жайдың да басын аша кету парыз.  Кез келген халықтың тілдік қоры өзінің төлтума сөздерімен бірге сырттан енген кірме сөздерден де құралатыны және сырттан енген сөздердің  кіріккен тілінің  айтылу, жазылу заңдылықтарына бағынып, бастапқы болмысын өзгертіп,  белгілі бір уақыттар өткеннен кейін сол енген тілінің өз перзентіндей  болып кететіні жұрттың бәріне мәлім шындық. Мысалы, орыс тілінен қазақ тіліне енген «кровать» сөзінің  «кереует-ке» өзгергені секілді.  Сондықтан, кез келген халықтың сан мыңдаған жылдар бойы эволюциялық жолмен қалыптастырған тілдік қорындағы сөздердің  қайсысының төлтума, қайсысының өгей кірме екенін  ажырату – қатардағы оқырманды былай қойып, тікелей тіл ғылымымен айналысып, тыңғылықты зерттеулар жасап жүрген салыстырмалы тіл ғылымының арнайы мамандарының өзіне  кәдімгідей салмақ түсірер өте қиын шаруа.

Осы қиындықты арнайы тіл маманы болмағаннан кейін біз де бастан кешірдік. Көп ізденуге тура келді. Соның нәтижесінде: белгілі бір халықтың  тілдік қорында жүрген кірме, өгей сөздердің қай-қайсысы да сол өзі  бауырына кірген тілдің қалыптасқан заңдылығын қабылдап,  соның төлтума  перзентіндей болып, сырт кейпін өзгерткенімен,  бәрібір негізгі тілдің одан әрі дамуына өз тарапынан жаңа  сөз тудыруға  мүмкіндігі жоғын аңғардық. Кірме сөз өзі енген  тілдік қорға әуелде қандай ұғымды білдіретін сөз болып енсе, кейінгі тірлігінде де ешқандай өзгеріссіз, тек сол күйінде, дара бедеу қалпында қалады екен, басқа сөздермен жұптаса бірігіп, жаңа сөз тудыра алмайды екен.  Ал төлтума сөздер болса, бұған керісінше, өзіне басқа сөздерді біріктіру арқылы да, түрлі жұрнақ,  жалғауларды тіркестіру арқылы да ұғымдық мәні бөлек жаңа сөздерді туындата береді екен.  Біздің  Ым-ды  кірме емес, түрік тілінің төлтума сөзі деп тануымыз, міне, осы тұжырымның жемісі. Оның алғаш қолданыста  болғандағы мағынасы, жоғарыда айтқанымыздай, жан болып жаралып, жарық дүние есігін алғаш ашқан  адамзат баласының тілі шығып, сөйлеу қабілетіне ие болғанға дейінгі кезеңде, яғни, сөз пайда болып, сөздік қоры белгілі дәрежеде бір-бірімен толық   түсінісуге жеткенге дейінгі аралықта олардың өзара ақпарат алысуын қамтамасыз еткен, басқаша айтқанда, бүгінгі Сөздің қызметін атқарған  әр түрлі дене қимылы қозғалысы арқылы берілетін ұғымдар  жиынтығын(знак, жест, мимика) білдіреді.

Алайда,  қазіргі тіл ғылымы мамандары Ым-ды халықтың бүгінгі тілдік қорындағы сан мыңдаған көп сөздің  бірі ретінде ғана танып,  кейінгі заман қалыптастырған  таным-түсінікпен оны тек бірдемеге назар аударуға, бағыт беруге(баспен, қолмен және т. б.) жасалынған қимылдық «белгі» (знак) деп түсіндіреді. Қазақ тілінде қазір де осы мағынасында қолданылады. Бірақ бұл Ым-ның негізгі  болмыс бітімін, ішкі бай мазмұнын толық көрсетіп, мән-мағынасын ашып бере алмайды (Жалпы Сөздің түпкі жаратылыс  тегінің болмысына  үңілмей, оны зерттеп, толық танып, біліп алмай тұрып, оның бүгінгі қолданыстағы беретін қазіргі мағынасымен шектеліп, ғылыми тұжырым жасау зерттеушіні әдістемелік қателікке ұрындырар  тірлік. Өйткені, бұл күнде әу бастағы мағынасынан алыстап, тіпті, басқа мағынаны білдіріп кеткен сөздер қаншама. Тілші ғалымдардың сөздің тегін  тануда, сөз жасалымның құрамын анықтауда белгілі бір қателіктерге ұрынып жататынының да  бір себебі осыдан болса керек. Мысалы, олардың қазіргі таңда түрік тіліндегі бір сөзді қазіргі араб,  парсы тілдерінің Сөздігінен кездестіре қалса, оның тегін танып, қашан, қалай пайда болғанын түбегейлі зерттеп анықтамай-ақ, бірден  оны «араб не парсыдан түрік тіліне енген сөз» деп үкім шығара салатындары  осының бір айғағы. Бәлкім, ол сөз, керісінше, араб, парсы тілдеріне түрік тілінен енген шығар?!.Ол сөздердің  жаратылыс тегін ғылыми тұрғыдан талдап,  анықтап берген кім бар?! Қ.С.). Ғалымдар көрсетіп отырған Ым-ның бұл белгілік мәні – оның көп қырының бір қыры, әуелгі сырт көрінісі ғана.

Біздің зерттеп тануымызда: Ым адамзат баласының жер бетінде пайда болып, қашан тілі шығып, бір-бірімен сөйлесіп, түсінісуге жетерлік сөздік қорын жасап алғанға  дейінгі  аралықтағы дүиетанымы, тұтас бүкіл бір кезеңдік ғұмырнамасының шежіресі. Бейнелеп айтқанда, Ым    алғашқы адамдардың өзара түсініскен ортақ «тілі», дыбыссыз Сөздігі. Осы Сөздік арқылы, яғни Ым  арқылы бір-бірімен түсінісіп, қарым-қатынас жасаған, өзара ақпарат алысқан. Өкінішке қарай, бұл күнде біз ежелгі Ым тілін білмейміз.  Тек сөйлеу қабілетінен айырылған бүгінгі кейбір кемтар адамдардың түрлі әріптерді танытатын саусақ қимылдары арқылы өзара бір-бірімен  сөйлесіп, түсінісіп жатқанын көріп алғашқы адамдардың да осылар секілді ыммен ақпарат алысып, дүниетанымдарын қалыптастырғанын түйсінеміз.

 Ым-мен түсінісу дәуірінің қанша уақытқа созылғаны да ғылымға белгісіз. Бірақ Алғашқы Адамдардың бүгінгі жаңа туған сәбилер секілді 2-3 жылда тілі шығып, сайрап кетпегені анық. Өйткені, қазіргі баланың  бұлайша тез сөйлеп кетуі – оның өзін қоршаған ортаны танып, түсінуіне қажетті  дайын  сөздік қордың  болуының  нәтижесі. Бала тілі шықпай тұрғанда-ақ ата-анасынан ненің не екенін білдіретін дайын сөздерді есту арқылы танып, біліп, тілі шығысымен  көп тосылмай сөйлеп кете  береді. Ал алғашқы адамзат баласының  мұндай мүмкіндігі болмағаны аян. Олар үшін бүгінгі бізге мәлім белгілі бір ұғымды білдіретін толып жатқан сөздерді олардың өздері тауып, қолданысқа өздері енгізуі  қажет болды. Сондықтан, олар қоршаған ортаны өздері танып, қажетті  дүниетанымдық сөздік қорын өздері жасап алғанша Ым-мен сөйлесуге мәжбүр. Осыған байланысты олар әр ұғымды білдіретін Ымның қимылдық белгілерін қалыптастырды. Басқаша айтқанда, әр қимыл жеке бір «сөзге» айналған. Бұған, әрине, ұзақ уақыт:  бірнеше ғасырлар, бәлкім мыңдаған жылдар кеткен болар деп шамалаймыз.

 Қалай болғанда да, Алғашқы Адамдардың Ым-мен түсінісу  кезеңінің қанша уақытқа созылғанының әлі анықталмай келе жатқаны шындық.  Басты себеп – Тіл ғылымы тарапынан арнайы зерттелмегені. Сондықтан, оны  біз де нақты айта алмаймыз және анықтауды  мақсат  етпейміз де. Өйткені, ол арнайы зерттеудің шаруасы. Біздің айтпағымыз басқа: ым-ның тарихқа қызмет етер дереккөзілік қызметін анықтау. Бірақ  соған қарамастан,  Ым-ның есте жоқ тым ескі заманда пайда болған ежелгі сөз екеніне және оның  деректік мағлұмат берерлік мүмкіндігінің  барлығына көз жеткізу үшін өмірге келуіне осы Ым  тұғыр болған бірнеше біріккен сөздің (сөзжасалымның)  семантикасына үңіліп, мағыналық талдау арқылы ойға өріс ашуды  парыз деп білдік. Осы мақсатта, кәне, тегі бір, мағынасы ағайындас, мазмұны  бір-бірін толықтыра түсетін, адамзат баласының дүниетанымының кілті іспеттес, Ым-ның негізінде өмірге келген, қазіргі таңда қолданыста жүрген толып жатқан сөздің ішінен: «ілім», «білім», «ғылым», «ұғым»,«ғалым» деген бес сөзді ғана алып, бірлесе талдап көрелік.   Алдымен, Ілім  жөнінде:

Ілім (іл-ым) –  «іл» және «ым» деген екі сөздің бірігуінен пайда болған сөз. Бастапқы қолданыста: «Ым іл», басқаша айтқанда: «Ым(ды)іл, ал» деген ұғымды білдіретін екі сөзден құралған сөйлем. Уақыт өте келе Сөз пайда болып, адамдарға ымнан алып үйренгенін одан әрі жетілдіру барысында жеткен дүниетанымдық деңгейіне лайық жаңа сөз қажеттілігі туғанда  байырғы Сөзжасалым авторлары  осы екі сөзді  біріктіру арқылы оны  жаңа сөздің, жаңа ұғымның атауына (атына) айналдырып, «ілім» атты жаңа сөзді өмірге әкелген. Қазір «Ілім» (учение) сөзі –  ағарту саласында үйренуді, түсіндіруді, танытуды қалыптастыратын  ғылыми термин ретінде  қолданылады.

Білім (біл-ым) – «біл» және «ым» деген екі сөздің бірігуінен пайда болған біріккен сөз. Бастапқы қолданысында: «Ым(ды) біл» деген  екі сөзден құралған бір сөйлем. Кейін ежелгі Сөзжасалым авторлары  Ым кезеңін артқа тастап, қоршаған ортаны, қоғамды, ақиқатты, құдайды, тылсым дүниелерді  және басқа құбылыстарды тану барысында  жетілген сана деңгейін көрсетер Сөз керек болғанда, олар осы «біл» мен «ым» сөздерін бір-бірімен біріктіріп, одан танып-білудің негізі болар жаңа сөздің, жаңа ұғымның атын шығарған.  «Білім» (знание) сөзі – қазір  осы  мағынада кеңінен қолданылады. 

Ғылым (қыл-ым) – «қыл» және «ым» деген екі сөздің бірігуінен пайда болған біріккен сөз. Бастапқы қолданысында: «Ым(ды) қыл, яғни, ымды кәдеге жарат, пайдалан» деген мағына білдіретін екі сөзден құралған, жалаң сөйлем. Ежелгі сөзжасалым авторларының осы екі сөзді (қыл+ым) біріктіру арқылы оны, жоғарыда айтылған, ілім мен білімнің санада қорытылған құйма түйінін кәдеге асырудың негізі болар ұғымды білдіретін жаңа сөздің атына айналдырған. Қазір де «Ғылым» (наука) сөзі – осы мағынада  қолданылады.

Ұғым (ұқ-ым)  – «ұқ» және «ым» деген екі сөздің бірігуінен пайда болған біріккен сөз. Бастапқы қолданысында: «Ым (ды) ұқ, түсін» деген мағынада қолданылған екі сөзден (ұқ+ым) құралған сөйлем. Осы екі сөздің бірігіуінен қазіргі «ұғым» (понятие) деген мағынаны білдіретін жаңасөз өмірге келген. Қазір де  осы мағынада қолданылады.  

Ғалым (қал-ым) – «қал» және «ым» деген екі сөздің бірігуінен пайда болған біріккен сөз. Бастапқы қолданысында: «Ым(да)  қал» деген  ұғымды білдіретін екі сөзден құралған сөйлем. Кейінгі Сөзжасалым авторлары осы екі сөзді біріктіру арқылы  ғылымды жан-жақты меңгеріп,  оны одан әрі дамытып, жетілдірген адамның кәсіптік лауазымын білдіретін жаңа сөздің, жаңа ұғымның аты ретінде «ғалым» (ученый) сөзін өмірге келтірген. Бұл сөз қазір де осы мағынада қолданылады (Бұл сөздердің пайда болған кездегі  бастапқы қолданысындағы:  «қ» дыбысының  «ғ»-ға,  «ы»-ның «і»-ге  айналуы – түрік тілінің кейін қалыптасқан үндестік заңының ықпалынан болған  өзгерістер екені  қазіргі сауатты жандардың бәріне біз айтпасақ та   түсінікті болса керек)..

Енді осы сөздердің мәлім болған бастапқы мағынасын  тағы бір рет сана сүзгісінен өткізіп, таным таразысына  тартып, қайыра зерделеп көрелік.   Сонда бұл күнде бұйрық райлы етістікке жататын: іл, біл, қыл, ұқ, қал деген  бір буынды жеке сөздердің әрқайсысына ымды  тұғыр ету (біріктіру) арқылы жаңа сөз жасаған Алғашқы Адамдар өкілдерінің осы сөзжасалым арқылы әуелде нені ұғындырғысы  келгенін, сонымен бірге ым-ның қаншалық мазмұнға бай екенін анық аңғаруға мүмкіндік береді.  Әрқайсысы әр түрлі мағына беретін осы сөздерді Ым-мен  біріктіру арқылы жаңа басқа ұғымды өмірге әкелген ежелгі Сөзжасалым авторлары өз замандастарына: «алдымен «Ым-ды ал, санаңа іл»; санаңа ілгеннен кейін «Ым-ды біл, ішіне ен, таны»;   танып, білдің бе, енді «Ым-ды қыл, яғни, іске асыр, кәдеге жарат»;  осыдан кейін барып бәрін біліп,   мән-мағынасын  түсініп, оны кәдеге жаратуға жеттің бе,  енді «Ым-да қал да, бұған дейінгі  ілгеніңді, білгеніңді,  қылғаныңды (істегеніңді), ұққаныңды әрі дамыт, жетілдір», сөйтіп «Ым-ды ұқ, оның  дүниетанымдық мәнін зерделе» деген талап қойып, нұсқау бергенін ұғамыз. Осының нәтижесінде  бүкіл адамзат баласын  жабайылық құрсауынан  шығарып,  олардың  адамдық таным-түсінікпен саналық жетілуіне кең жол ашқан ұғымдарға: ілім, білім, ғылым, ұғым,  ғалым деген ат беріп, сөзжасалым тәсілі арқылы жаңа атауларды өмірге келтіргенін көреміз. Бұлар және осы сөздермен бітпейді. Тан-ым (ымды таны), нан-ым (ымға нан, илан), сезім (сез-ым – ымды сез, яғни, ымның тылсым құдіретін сез), сен-ім (сен-ым - ымға сен), төзім (төз-ым ымға төз, яғни, ымды білу, тану оңай емес, бейнеті ауыр, бірақ соған төз)... осылай жалғасып кете барады. Олар көп: ондап, жүздеп саналады.  Бұл арада олардың бәрін тізіп, санамалап жатудың енді қажеті де болмас. Оның орнына әрқайсысы өз алдына жеке-жеке мағынаға ие бір буынды екі сөзді біріктіріп, басқа ұғымға ие  жаңа сөз жасаған Алғашқы Адамдардың арасынан шыққан байырғы сөзжасалым авторлары пайдаланған Ым-ды негіз еткен  сөз тіркестерінің (сөйлемдердің)  мән-мағынасына зейін қоя үңіліп, өздеріңіз бір зерделеп көріңіздерші. Міне, олар мыналар:  «Ымды іл», «ымды біл», «ымды қыл», «ымда қал», «ымды ұқ», «ымды таны»,  «ымға сен», «ымды сез», «ымға төз» және т. б. Қалай, ешбір талдап түсіндірусіз-ақ бір буынды  екі сөзден құралған осынау қысқа  сөз тіркестерінің (сөйлемдердің) өздері-ақ адамзат баласының бастапқы дүниетанымында Ым-ның қандай қызмет атқарғанын әлемге әйгілеп тұрған жоқ па?!. Өзіне біріккен әр сөзге нәр беріп, дүниетанымдық жаңа ұғымдарды туындатып жатқан Ым-ның жәй бір сөз емес, адамзат баласының бастапқы дүниетанымдық бір кезеңінің бүкіл болмысынан хабар берер қабілеті де көрінбей ме?!.  Бұдан кейін Алғашқы Адамдар арасынан шыққан байырғы сөзжасалым авторларының  бір буынды сөздерді бір-біріне біріктіру арқылы жаңа  сөздер жасап, оны өздері таныған жаңа ұғымның атауына қалай айналдырғанын  зерделеу де, сонымен бірге  тілші ғалымдар арасында айтылатын «сөз анасы – етістік» деген ұғымының мәнін түсіну де оқырманға ешқандай қиындық тудырмаса керек.

Біз осы күнге дейін діни кітаптардың, атап айтқанда, Інжілдегі әулие Иоанның: «В начале было слово и слово было от Бога и слово было Бог» деген қағидасын алға тартып келдік.  Соған сендік, «алдымен  Сөз болды» деп ғылымға енгіздік.  Ал, енді ойласып көріңізші... жоғарыда айтылған, білдіретін  ұғымдық мәні жағынан  бірін-бірі толықтыратын сөздердің  әрқайсысының өмірге келуіне  тек бір ғана «Ым» ұғымының ортақ негіз болуы – Иоан әулиенің тұжырымына кері жайды, басқаша айтқанда,  Ымның (ым кезеңінің)  Сөзден бұрын болғанын  айғақтап тұрған жоқ па?!.  Егер Ым-ның адамзат баласының тілі шығып, өзара сөйлесуге қолы жеткенге, яғни, Сөз пайда болғанға дейінгі дүниетанымын айқындар мағыналық құдіреті болмаса, жоғарыдағыдай ерекше танымдық ұғымдарды білдіретін сөздердің бәріне бірдей ортақ тұғыр бола ала ма?!. Негізсізден негізі бар дүние жаратыла ма?!. Бүкіл адамзат баласының дүниетанымын қалыптастыруға  негіз болған ілім, білім, ғылым  секілді киелі ұғымдарды танытар  сөздерге ат (есім) іздеген  алғашқы  сөзжасалымның авторларының  іл, біл, қыл (ғыл) етістіктеріне  тек Ым-ды тұғыр етіп алуының өзі-ақ  оның сан салалы мазмұнға ие сөз екенін дәлелдеп тұрған жоқ па?!. Қалай ойлайсыз, осының бәрі кездейсоқтық па... тексеріп көріңіз, қай халықтың тілінде адамзат баласының  тілі шықпаған мылқау кезіндегі бастапқы дүниетанымынан  осындай мол дерек беріп, ілімнің, білімнің, ғылымның, танымның, сенімнің, сезімнің және осылар сияқты толып жатқан киелі сөздердің атауына негіз болған түріктің «Ым»  сөзіндей Сөз бар ма екен. Таба алмайсыз. Керек десеңіз, тіпті, түріктің  кез келген өзге бір буынды сөзіне де мұндай қасиет дарымаған.  

Осыдан кейін ата-бабаларымыздың сол көне заманда-ақ: «Ымды білмеген, дымды білмейді» деп тұжырым жасауының бекерден-бекер  еместігіне көз жеткізе түсеміз.  Ойласқан жанға осы тұжырымның кейін халықтық мақалға айналып, бүгінгі күнге жетуінде де үлкен мән бар. Қалайда, мұндағы  «ым»  қазіргі Сөздіктерде беріліп жүрген көп сөздің бірі – дене мүшелерінің қимылы арқылы ұғындырылатын «белгі» (знак)  деген ұғымды білдіретін бүгінгі түсініктегі «ым» емес. Өйткені, халықтың осы ым-ды білмегенді «дымды білмейді, яғни, ештемені білмейді» деп тұжырым жасауы ешқандай қисынға келмейді.  Бұл мақалдағы Ым – адамзат баласының алғаш жаралғанынан  кейінгі тілі шығып, сөз арқылы түсініскенге дейінгі аралықтағы тұтас бір кезеңнің дүниетанымын қалыптастыруға қызмет еткен – Ым.  Өз алдына жеке бір кезең. Сонда ежелгі адамдардың «ымды білмеген, дымды білмейді»  дегенінің мәні,  басқа сөзбен айтқанда: «адамзат баласының  түп бастауында тұрған бір кезеңнің  болмысын, нақты  тарихын білмеген жан,    оның   кейінгі тарихын  да толық танып, анық біле  алмайды» деген қағидалы сөз болып шығады.

Мұның бәрі – ымға қатысты айтқанымыз көпшілік оқырманға түсінікті болсын деген ниетпен айтылып жатқан сөз. Біз, жоғарыда, негізгі мақсатымыз – адамзат баласының тілі шыққанға дейінгі кезеңінде олардың бір-бірімен өзара түсінісуінде қарым-қатынас құралы болған Дыбыс пен Ымның да бастау тарихымызды танып, білуге көмектесер  дереккөзілік  мәні барын анықтау дегенді айтқан едік. Енді  соған оралайық.  Осы мақсатта жоғарыда айтылғандарды бір арнаға тоғыстырып, ортақ қорытынды жасасақ, бүгінге дейін ресми тарих ғылымы басын ашып бере алмай келе жатқан бастау тарихымыздың беймәлім тұстарын айқындауға басқаны былай қойғанда,  тек бір Ым сөзінің  ғана қаншама мәлімет беретін  деректік қабілеті барлығын   пайымдауға болады. Атап айтсақ, бұдан, алдымен,  Ымның бүгінгі адамзат баласының Түп атасы мен Түп анасының және олардың алғашқы ұрпақтарының қашан Сөз пайда болғанға дейінгі  кезеңде  бірін-бірі ұғынысып, бастапқы дүниетанымын қалыптастыруға қызмет еткен түрлі дене қимылы жиынтығының ортақ ұғымдық аты екенін білеміз. Өйткені,  тілі  шықпаған адамзат баласының  өзара тек ым арқылы ғана ұғысатыны ешқандай  дәлел, дәйексіз-ақ  түсінікті  мәселе. Мұны – бір делік; Екіншіден, Ымның атау сөз ретінде танылған осы  бастапқы   мағынасымен еш өзгеріссіз қазіргі түрік халықтарының, соның ішінде қазіргі қазақ халқының тілдік қорында сақталып, ұмытылмай бүгінге жеткеніне  көз жеткіземіз; Үшіншіден, адамзат баласының тілі шығып, өзара сөйлесу мүмкіндігіне ие болған  кезде  белгілі бір ұғымды  білдіретін сөздің атына айналған Ымның  өзі құрамында жүрген  тілге басқа тілдердің бірінен ауысып келген өгей, бөгде сөз еместігін, түрік тілінің төлтума  перзенті  екеніндігін дәлелдер толып жатқан жаңа сөздер туындатып, осы тілдің «ұрпағын» көбейтіп,  бірге жасасып келе жатқаны  анықталып,  барынша танылады; Төртіншіден, Алғашқы Адамдар өмірге келтірген сөздердің әуелде тек бір буынды сөздерден тұрғандығын, кейін сол бір буынды сөздерді бір-бірімен біріктіру арқылы басқа  жаңа ұғымды білдіретін жаңа сөздер жасалғандығын білеміз; Бесіншіден, ең бастысы, осы айтылғандардан  шығарып, Ымды өмірге әкелген,  адамзат баласының сөйлей алмай, ымдасып түсініскен кезеңінде өмір сүрген  Алғашқы Адамдардың басқа емес, бүгінгі    «түріктілдестер» (Түсініктің нақты болуы үшін бұл арада  «бүгінгі «түріктектестер», «түріктілдестер» деп аталатындардың түптегі» деген тіркесті қолдануымыздың  мәнін аша кеткен жөн. Өйткені, алғашқы адамдардың Ым-мен «сөйлесіп» жүрген кезінде  қандай ортақ атаумен аталғаны белгісіз. «Түрік» атауы арада сан мыңдаған  жылдар өткеннен кейін пайда болған атау.  Бірақ ым-ның және ым арқылы жасалған  толып жатқан сөздердің сол баяғы жаратылған кезіндегі мағынасымен бүгінгі «түріктектес», «түріктілдес» деп аталатын халықтардың сөздік қорында  болуы – осы сөздерді өмірге әкелген Алғашқы Адамдарды  осылардың түптегі деп тануға мүмкіндік береді деп білеміз. Қ.С.) деп аталып жүрген халықтардың түп ататегі екеніне куәлік берер бірден-бір тарихи деректік айғақ ретінде  тануға  мүмкіндік туады.   Өйткені, қайталап айтсақ, а) Ым-ның адамзат баласының тілі шықпаған «сәби» кезіндегі өзара түсінісу «құралы» болған тым көнелігі және  ә) оның түріктілдес халықтардың   бірінің, яғни, қазақ тілінің сөздік қорында сол бастапқы мән-мағынасында сақталып, бүгінге жетуі, сонымен бірге б) осы тілде  жаңа ұғымды білдіретін толып жатқан жаңа сөздердің өмірге келуіне негіз болуы  – Алғашқы Адамдардың бүгінгі «түріктектес халықтар» деп аталып жүргендердің түптегі – Түп атасы  екенін және олардың тілінің солардан тараған бүгінгі сан алуан  «түріктілдестер» деп аталатын халықтардың тілдерінің түп тамыры екенін ешқандай  басқа дәлел-дәйексіз-ақ айғақтай алады.

Мұның солай екеніне одан әрі көз жеткізе түсу үшін,   басқаны қоя тұрып, бүкіл адамзат баласының түпатасы,  алғашқы адам  –  Адам-Атаның есімінің де Ым ұғымының негізінде өмірге келгенін алға тартуға болады. Сонымен бірге, сөз орайына қарай,  адамзат баласында Адам-Атадан кейін мына Жарық Дүниенің дидарын көрген екінші адамзат баласы – Хауа-Ананың  есімінің де түріктің төлтума сөзінен екенін айта кеткеннің де артықтығы болмас. Бұл ретте әлем жұртшылығының арасында түріктектестерден басқа көне халықтардың бірде-біреуінің қазіргі таңда  Адам-Ата мен Хауа-Анадан тараған  кейінгі ұрпақтарды «адам» деп атамайтыны да біраз жайды аңғартса керек.   Өзге халықтар оларды басқаша, өздерінше  атайды. Мысалы: «адам» дегенді латындар – «хомо», гректер – «энос», қытайлар – «жін» (жэнь), арабтар мен парсылар – «инсан», орыстар – «человек», немістер – «ман», моңғолдар – «ғұн» және т.б. осылай кете береді. Тек түріктектес халықтар ғана адамзат баласын бұрынғысынша қазір де «адам» дейді. Ал мұның кездейсоқтық емес, табиғи заңдылық екеніне «адам» сөзіне талдау жасау арқылы толық көз жеткізуге болады. 

Адам (ада+ым) (ада-ым – екі дауысты  дыбыстың қатар келуінен «ы» дыбысы  «а»-ға жұтылып, айтылуда «адам» болып естіледі) – көне түріктің  ада және ым деген  екі сөзінен құралған біріккен сөз. Мұның Ада-сы қазір де қазақ тілінде еш өзгеріссіз, сол алғашқы мағынасында  қолданылады. Сонымен бірге сөз тіркесінің мазмұнына қарай: «таза», «жұрдай», «мақұрым»  деген ауыспалы мағыналарға да ие.  Мысалы, «бұл кісі мұндай былықтан ада (таза)» немесе  «ар-ұяттан ада (мақұрым)», болмаса «бар байлығынан ада (жұрдай) болды» деген сияқты. Ал Ым-ның қандай сөз екенін, заманында қандай мән-мағынаға ие болғанын жоғарыда айттық.

Әр ұғымның жеке танылып, өзіне тән белгілі бір атқа ие болуы – адамзат баласының сөйлеу мүмкіндігін меңгергенінен, яғни, Сөз пайда болғаннан кейін жүзеге асқаны  мәлім. Адамзат баласы тірлігінің бастауында тұрған, сөйлесерге өзінен басқа қасында өзіндей ешкімі жоқ, кейін қалыптасқан өзара түсінісу белгілерінің (дыбыстық, ымдық) біреуін де әлі меңгермеген жан иесінің, яғни, бірінші адамның Ада+ым (Адам) деп аталып,  есімінің  «ым-нан  ада», яғни, «ымнан хабарсыз», «ымнан мақұрым», «ымнан жұрдай» деген мағынаға ие болуы қай  тұрғыдан алғанда да өмір шындығы болса керек. Оның солай екенін  ым-ға біріктіру арқылы жасалған, сол ескі заманнан жеткен «қау+ым» деген  сөзжасалымның  мән-мазмұны да, жасалу жолы да дәлелдей түседі. Мұндағы «қау» – ескі, көне деген мағынаны білдіреді. Қазақ тілінде қазір де сол мағынада қолданылады. Мысалы: «қау шөп» – ескі шөп,  «қау+ саған» – ескірген, көнерген және т.б.  Сонда «қау» және «ым» деген екі сөздің бірігуінен пайда болған қау+ым сөзі – адамзат баласының Ым кезеңі ескіріп (аяқталып), Сөз дәуіріне көшкен кездегі өзара бірігуінің, адамдық ұжымдасуының аты болып шағады. Көрдіңіз бе, ада+ым –  ымдасып ұғынысудан ада (әлі  хабары жоқ) Бірінші Адамның; ал қау+ым –  ымдасып ұғынысуды бітіріп (көнертіп, ескіртіп), сөзбен түсінісе бастаған әлгі Бірінші Адамның кейінгі  өсіп-өнген ұрпағының жаңа мәндегі адамдық ұжымдасуының, саналы қауымдасуының  ұғымдық (сөздік) аты.   Мұны да кездейсоқтық дей алмасақ керек.

Осылар секілді бүкіл адамзат баласының түпанасы – Хауа Ананың есімінің де түріктік ұғымды білдіретіндігі де кәдімгідей ойласуды қажет етеді. Иудейдің, христианның және мұсылманның діни мифологиясы мен кейбір халықтардың ежелгі аңыздарының дерегі бойынша: Құдай Адамды топырақтан (кей нұсқада: «тозаңнан» – Қ.С.) жасап, үрлеп дем салып, жан бітірген. Содан кейін Жаратушы осы төл жаратылымының дара жүріп жалғызсырамауы үшін оны қалың ұйқыға ендіріп, оның қабырғасынан Адамның өзіне өмірлік серіктікке әйелді жаратқан. Осы өмірлік серігіне есімді Адамның өзі берген делінеді. Бұл жөнінде Мифологиялық сөздікте діни кітаптан алынған: «И нарек Адам имя жене своей: Ева, ибо она стала матерью всех живущих» (Мифологическая словарь. – М., 1991. – С. 205) деген дәйек келтіріледі. Мұндағы «Ева» сөзінің төркінін мифтанушы ғалымдар Адам мен Еваны азғырып, тыйым салынған жемісті жегізген арбаушы жыланмен байланыстырады. «Адамды азғырып жемісті жегізген жылан бейнесіне енген оның әйелінің өзі» деген емеурін танытады. Қазіргі ғылыми этимологияда Еваның есімін арамейдің «Хевья» және финикияның «жылан» деген ұғымды білдіретін «Хвт» сөздерімен негіздестіреді. Бірақ сөзге этимологиялық талдау жасалмайды. Тек болжам ретінде ғана айтылады.

Біз де осы орайда, өз тарапымыздан, сондай болжамға ерік берсек, біздің пайымдауымызша, бұл ежелгі түріктің «ауа» («воздух») деген сөзі ме дейміз. Жаратылғалы өзі тектес ешкімді көрмеген Адам атамыз қалың ұйқыдан оянғанда қасында ғайыптан пайда болған Анамызды көріп, «ауадан пайда болды» деп ойлап, таңғалып «Ауа» деп дауыстаған болар. Содан барып түпанамыз «Ауа» аталып кетті ме екен деген жорамал ойға оралады. Жаратушының үрлеп, дем салып, жан бітіретіні – жоқтан бар жасаудағы топырақтан кейінгі екінші дүние (ауа) екені тағы бар.  Бұл – діни танымға негізделген  болжам.

Ал өмірлік танымға негіздесек тіршілік иесінің ауасыз өмір сүре алмайтыны сияқты, адамзат баласының әйелсіз өсіп-өніп, өркен жая алмайтыны белгілі. Осыған орай адамзат баласы өздерінің түпанасы – Хауа-Ананы тыныс қорегі, тірлік тірегі – ауаға теңеп, оның есімін «Ауа» деп атаған болар. Бәлкім адамзат баласы өмірге әкелген сөздердің тұңғышы да осы «ауа» болар (Адам-Атаға да, Хауа-Анаға да ат берген  өздерінің Сөзді өмірге әкелген кейінгі ұрпақтары ғой). Кейінгі көктен түсті делінетін діни кітаптар арқылы жеткен «ева» («хева», «еуа»), «хауа» атаулары осы «ауаның» өзге тілде өзгеріске түскен нұсқалары ғана. Кейбір семит тілдестердің дауысты дыбыстан басталатын атау сөздің алдына көмейлік «х», «ғ» дыбыстарын қосып, мысалы, арабтардың арамды «харам», әділді «ғаділ» деп беретіні сияқты, кейін «Ауа» да арабша «Хауаға» айналып кеткен болса керек.

Біздің бұл болжамымыздың негізсіз еместігін Адам-Ата мен Хауа-Ананың жұмақтан қуылуына себепкер болған, жеуге тыйым салынған жемістің «алма» («яблоко») аталуы да айғақтай түседі. Алма – түрік сөзі. Біз білетін арғы-бергі түрік халықтарының қай-қайсысы да не нәрсеге болсын ат бергенде, сол берген атын әлгі нәрсенің не жаратылыс болмыс-бітіміне, не түр-түсіне, не өзгеден ерекше қасиетіне негіздеп, соның мән-мағынасын ашып тұруын қатаң сақтайды.Ешқашанда аталмыш затқа қатыссыз, неге олай аталғанын түсінуге болмайтын мағынасыз ат берген емес. Мұны кез келген түрік тілдерінің мамандары растай алады.

Міне, осындай халықтың көп жемістің ішінен ағаш басында өсетін: таза, дәмі тіл үйірерлік тәтті, түрі көз сүйсіндірерлік көрікті осы бір тамаша жемісті өзгелерден бөле-жара өздерінің дүниетанымына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын тыйым салатын сөзбен «алма» («не бери», «не трогай») деп атауын қай қисынға сыйғызуға болады? Олай атау үшін қалайда нақты бір себеп керек қой. Біздің ойымызша, оған жалғыз себеп – діни кітаптарда айтылатын, әлгі жұмақта жайқалып өсіп тұрған, жеген жанға қайырымдылық пен зұлымдықтың не екенін танытып, көкірек көзін ашатын жемісті Құдайдың Адам-Ата мен Хауа-Анаға «жеуге болмайды» деп тыйым салуы; одан да нақтыландыра түссек, осы аңызды алғаш өмірге келтірген халықтың өкілінің осындай таным-түсінікте болуы ғана. Ең ғажабы, түріктектес халықтардың бүгінгі ұрпақтары осы тыйым салынған киелі жемісті қазір де «алма» деп атайды.

Осы орайда аңыз дерегін өмір шындығымен орайластыра ой түйсек, түріктектес халықтардың арғы түп-аталары бұл жемістің өзін танып-білуден бұрын Құдайдың Адам-Ата мен Хауа-Ананы жаратқаны және оларға «қайырымдылық пен зұлымдық» ағашының жемісін жеуге тыйым салғаны жөніндегі мифтік аңызды жақсы білген немесе өздері ойлап шығарған деген тұжырым жасауға толық негіз бар. Мұның бәрі, сайып келгенде, әлем халықтарының мифтік аңыздарының деректерінен арғы түріктердің (прототюрктердің) ізін табуға болады деген ішкі түйсігіңе қуат беріп, сеніміңді арттыра түседі.

Біздің осынау ежелгі көне сөздердің берер дерегін негізге алып жасаған ой-тұжырымдарымыздың өмір шындығымен орайлас екенін бүгінгі ХХІ ғасырдың  оқымысты ғалымдары: москвалық  Ю.Н.Дроздов («Тюркская этнонимия древнеевропейских народов». М. 2008 г.) пен латыштық  Галина Шукенің («Были ли латыши тюрками? Феномен обнаружения тюркского субстрата Прибалтики. Даугавплис. 2010 г.), қазақстандық А.К.Нарымбетова-Уалиеваның («Письмо и религия тюрков. Алматы. 2016 г.) және сол секілді басқалардың осы тақырыпқа арналған ғылыми-зерттеулерінде  ғылыми тұрғыдан тиянақтап, «жер бетіндегі халықтардың  түпбастауын  түріктерден шығарып, байырғы  іргелі  тілдердің барлығы  түрік тілінен тамыр тартып, өркен жайған» дегенге  саятын ғылыми ой-тұжырымдары да  дәлелдей  түседі.  Бұған енді генетик ғалымдардың адамзат баласы бір өңірде,  атап айтқанда, Оңтүстік Шығыс Африкада пайда болған деген ДНК зерттеулерінің қорытындысымен негіздеген тұжырымдарын қосыңыз. Егер генетиктердің осы тұжырымдары  шындық болса, онда бір жерде жаратылған адам баласының жаратыла салып, әрқайсысы әр тілде сөйлемегені, тек бір тілде сөйлегені ешқандай дәлелдер айғақты қажет етпесе керек. Біздің көне сөздер беретін деректер арқылы зерттеуіміздің нәтижесі де осы бір тілдің түрік тілі екенін дәлелдейді.  Мұның солай екенін осы жолдардың авторының Египеттің алғашқы тұрғындарының түріктер екенін жан-жақты дәлелдеген  «Жер-Жаһанда арғы атаңның ізі бар» (Салғараұлы Қ. «Жер-жаһанда арғы атаңның ізі бар». Астана. 2015 ж.) атты зерттеуінен де білуге болады.  Сонда біздің  Ым арқылы жасалынған біріккен сөздерге (сөзжасалымға) талдау жасау арқылы Сөздің өзіне тән ұғымдық мәнінен басқа, Алғашқы Адамдардың бастапқы дүниетанымын тануға мүмкіндік берер тарихи деректік қасиеті бар деген тоқтамға келуіміз  ақиқаттан адасу  немесе өзгелерді адастыру емес, қайта, керісінше, тарихи шындықты анықтауға жеткізер бірден-бір тура жолға   түскенімізді аңғартса керек.

 Рас,  бұл айтылғандардың қазіргі қолданыстағы  ресми тарихтың бүгінгі түрік халықтарын «христиан эрасынан кейінгі VI ғасырда пайда болған» деген ғылыми тұжырымымен үйлеспейтіні анық. Тіпті, үндеспейтіні былай тұрсын, оны түгелдей теріске шығаратынын да ескермеске болмайды. Бұл ретте ресми тарихтың түріктерді VI ғасырда пайда болған деген тұжырымының кезінде ғылымға ұзақ уақыт үстемдігін жүргізген еуроцентризм ағымындағы ғылымдар тарапынан жасалынған қиянат екенін талай айтқанбыз, жазғанбыз. Сондықтан,  бұл арада оны тағы қайталап жатпай-ақ, тек мына жайды ғана оқырман назарына ұсынбақпыз. Ресми тарихтың  түріктерді VI ғасырда пайда болды деуі – тікелей осы ғасырда Шығыста «Түрік қағанаты» деп аталатын далалық империяның құрылуына негізделген тұжырым.  Түрік қағанаты,  қытай дерегі бойынша,  да-иеху  Бумын (Момын) бастаған  көшкіншілердің  Жыужан қағанатының әскерін  ашық майданда талқандап, жеңгенінен кейін 552 жылы құрылған.  Тарихи деректерге   зерделей үңілсеңіз:  құлаған Жужан қағанатының да, жаңадан шаңырақ көтерген Түрік қағанатының да тұрғындарының Құдайдың құдіретімен ғайыптан пайда болмағанын,  көктен түспегенін, жерден өніп шықпағанын, ең болмаса, басқа құрлықтан шапқыншылықпен келіп, жаулап алмағанын, сонау есте жоқ ескі заманнан бері осы өңірде – Шығыста тірлік жасап келе жатқан ежелгі тайпалар мен халықтардың ұрпақтары екенін көруге болады. Олардың бәрі де бұрыннан бар, осы аймақта ежелден өмір сүріп келе жатқан түріктілдес халықтар (тайпалар).  Сондықтан, VI ғасыр, қанша жерден ғылыми тұжырымдама десек те, ол Түрік қағанатының пайда болған кезін, яғни, жаңа бір мемлекеттің  құрылған мерзімін көрсеткенімен,  түріктектес халықтардың ататегінің пайда болған ғасыры бола алмайды.  Бұл ретте, бір түріктектестер ғана емес,  басқа кез келген тектес халықтардың қай-қайсысының да түптегі  адамзат баласының пайда болған кезімен тамырласып жататыны  тарих дәлелдеген  шындық қой.

610 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз