• Ел мұраты
  • 30 Қазан, 2020

ҚАЗАҚША КІТАПТАРДЫҢ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Роза ҚАБИЕВА,
Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры:

Нарықтық экономикасы мен ғылымы дамыған замандағы жастар мен кітапты байланыстыратын даңғыл жол – кітапхана. Байырғы жазбалар мен сирек кітаптар секілді кітапхананың да тарихы көне дәуірлерден бастау алады. Кітапхана - берері мол, киелі шаңырақ. Осы орайда Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры, «Қазақстан республикасының еңбек сіңірген қайраткері», «Мәдениет қайраткері», «Кітапхана ісінің шебері» төсбелгілерінің иегері Қабиева Роза Қасымбекқызымен кездесіп, кітапханалардың жай-күйі жайында білген едік. Аталған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Роза Қасымбекқызы, елімізде орын алған карантиндік жағдайда өзіңіздің басқаруыңыздағы Алматы қаласы  Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қандай режимде қызмет атқарды? Оқырмандарыңыз азайып қалған жоқ па?   

– Бүкіл әлемде орын алған карантиндік жағдайда кітапханаларымыз онлайн режимде белсенді түрде жұмыс атқаруда. Әлеуметтік желілерде оқырмандарымызға арналған түрлі танымдық жобалар, үйірмелер бар. «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне» қарасты кітапханалар 2020 жылға 3500 іс-шара өткізуді жоспарлады. Бірінші тоқсанда 1700 іс-шара  жоспарланған, ал іс жүзінде 1763 іс-шара өткізілді. II тоқсанға 740 іс-шара жоспарланған. Карантин кезеңінде 355 іс-шара өткізілді, 200 іс-шара онлайн режимінде жалғасады. Сонымен қатар 100 оқырманның қатысуымен өтетін жоспардағы 200 ірі іс-шара кейінге шегерілді. Жалпы ОКЖ кітапханалары карантин кезеңінде белсенді жұмыс жүргізді. Халықаралық ынтымақтастыққа да назар аударылды. Мысалы, Қазақстандағы «Россотрудничество» өкілдігімен бірге «Менің балалық шағымның кітабы» атты қашықтық жоба өз жұмысын бастады, бұл жоба бойынша қоғамда танымал адамдар сүйікті кітаптарынан үзінділер оқыды. Оқырмандарды жаңа авторлармен және кітаптармен таныстырудың нәтижесінде Алматы қаласының ашық әдеби мектебімен бірге «Жазушылар – балаларға» атты жаңа қашықтық жоба басталды. Патриоттық тәрбие аясында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына ерекше көңіл бөлінді. «Жеңіс терезелері» қалалық акциясы осы күнге арналды, оған тұрғындар мен кітапхана оқырмандары қатысты. «Егер біз соғыс туралы жазсақ...» атты Республикалық шығармашылық жұмыстар конкурсы белсенді жұмыс істеді, оған 170 оқушы мен жоғары сынып оқушылары қатысты. Сонымен қатар «Біз соғыс туралы кітаптарды оқимыз» атауымен қашықтықтағы жобалар бойынша жұмыс жүргізілді. Соғыс бойынша жұмыстар циклын жас ақындар сайысымен аяқтадық, онда Дінислам Абитилда мен Қуандық Көргенов «Қаһармандарға тағзым» тақырыбында айтысқа шықты. Оқырмандар онлайн-кітап көрмелерінің материалдарымен танысып қана қоймай, сонымен бірге осы даталарға арналған онлайн-кездесулерге қатысты. Абайдың 175 жылдығына, Алтын Орданың 750 жылдығына, әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар белсенді түрде жалғасуда. Мысалы, филология ғылымдарының кандидаты Аманғали Мұхтаровтың қатысуымен «Facebook» желісінде Чехов атындағы ОКЖ ұйымдастыруымен «Абайдың рухани әлемі» атты онлайн-кездесу ұйымдастырылды. Жастармен интерактивті форматта белсенді жұмыс жүргізілді. Жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға баса назар аударылды, осы мақсатта Стивен Ковидің «Шығармашылық жастардың 7 дағдысы» кітабының негізінде онлайн-сабақтар өткізілді; «Экософияға» арналған онлайн-тренинг; «Өмірді пайдалы нәрсемен өткіз» атты өмірлік лайфхактар, «Біздің сүйікті кітаптарымыз» атты онлайн-тренинг; «Махаббаттың мәні» отбасылық антологиясы кітабының онлайн-тұсаукесері өтті. Онлайн режимінде ұсынылған тағы бір маңызды тақырып – шығармашыл жастардың кітаптарын таныстыру. Мәселен, Айнұр Төлеу, Аян Мираш, Ерлан Жүніс, Қалқаман Сарин, Саят Қамшыгер және т.б. ақындардың кітаптары таныстырылды.

Тәрбиелік іс-шаралар аясында ҰБТ тапсыратын жастарға арнайы тікелей эфир ұйымдастырылды және оқу бағдарламасын кеңейту аясында «Қазіргі заман жазушылары туралы» атты дәріс-тренинг өткізілді. Кітапхана мамандары карантин кезінде қалада және республикада кітапхана қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізді. Карантин кезеңінде бірнеше жаңа шығармашылық жобалар әзірленді, олар: «Сүйікті кітабыммен селфи», мұнда оқырмандар өздерінің сүйікті және басқа оқырмандарға оқуға ұсынатын кітабымен түскен фотосуреттерін «Instagram» парақшасына орналастырады; «Абай оқулары» – Абай шығармаларынан үзінділер оқып, видеоларын жібереді; «Мен кітапханашымын» республикалық эссе байқауы; оқырмандардың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған «Поэзия сағаты». Сонымен қатар, оқырмандар мен кітапхана қызметкерлерінің #BizBirgemiz#МыВместе челленджіне қатысуы бойынша көп жұмыс атқарылды. Осы атқарылған жұмыстардың барлығы біздің ынтымақты ұжымымыздың еңбегі деп білемін.

Зиялы қауым өкілдерімен көптеген онлайн кездесулер ұйымдастырдыңыздар. Осындай кездесулердің нәтижесі көңіліңізден шықты ма? Қандай ой түйдіңіз?

–  Жас жазушылардың шығармашылығымен танысудан бөлек, белгілі ақын-жазушылар, журналистермен кездесулер өткізіліп тұрды. Мысалы, Нұрдәулет Ақыш, Жүрсін Ерман, Бауыржан Жақып, Аманғазы Кәріпжан, Нұрперзент Домбай, Дәуіржан Төлебаев, Балғынбек Имашев, Аманжан Еңсебайұлы, Есей Жеңісұлымен кездесулер үлкен аудитория (қаралым) жинады. Басқа өнер жанрлары кеңінен ұсынылды. Мысалы, актерлер Болат Әбділманов, Бекжан Тұрыс, Алмат Сақатов, Нұрлан Әлімжанов, сценарист Дидар Амантай, кинорежиссер, өнертану докторы Гүлнәр Абыкеева, әнші Роза Әлқожа, Арман Дүйсенов, Досымжан Таңатаров, мәдениеттанушы Бердалы Оспанмен және басқа онлайн-кездесулер өткізілді. Балалар аудиториясы үшін онлайн режимінде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Кішкентай тұрғындар мен оқырмандар үшін әртүрлі бағыттағы 11 үйірме жұмыс істейді. Мысалы, «Физика-математика», «Шахмат академиясы», «Бисер тоқу», «Мен өзім!», «Біз оқимыз, үйренеміз, ойнаймыз», «Сказкотерапия», «Актерлік шеберлік», «Домбыра» үйірмелері бойынша онлайн сабақтар өткізіледі. Үйірмелердің жұмысымен қатар балалар жазушылары Өтепберген Ақыпбековпен, Елена Клепиковамен және т.б. жазушылармен онлайн-кездесулер өтті.

  Кітап – асыл қазына, рухани байлықтың қайнар көзі дейміз. Сіздің ойыңызша, кітап оқу қазір азайды ма, әлде көбейді ме? Белгілі бір зерттеу-сараптау жұмыстарын жүргізіп отырасыздар ма? Мұны айтып отырған себебім, қазір жастардың көбі смартфонға, компьютерге бет бұрып кеткендей. Ал кітап оқу кенжелеп қалған секілді. Осы мәселеге тәжірибелі маман, білікті басшы ретінде өз көзқарасыңызды білсек деп едік.

– Қазіргі таңда қоғамда  кітап оқуға ынталандырудың түрлі тәсілдері қолға алынып жатыр. Электрондық кітаптардың да саны жылдан-жылға артуда. Әрине, электрондық кітаптар қағаз кітаптардың орнын алмастыра алмайды. Қағаз кітаптың жөні бір бөлек. Электрондық кітаптардың қалай болғанда да зияны баршылық. Ал қағаз кітаптың еш зияны жоқ. Кітап кенжелеп қалған дүниедей болғанымен халықтың, ұлтымыздың білімі, ғылымы, ақыл-ой қазынасы осы тозығы жеткен кітапта. Мәселен, қаламыздың халық көп шоғырланған аймақтарында бірнеше кітап сөресін орнаттық. Ол жерде көпшілік бір-бірімен кітап алмасып, мерзімді басылымдарды оқып отырады. Осы үрдісті әрмен қарай дамыту  үшін оқырмандар, кітап шығарушылар мен кітап таратушылардың байланысын нығайту керек. Баяғыдай  кітапты сататын, кітапты тарататын, кітапты насихаттайтын орындарды көбейту керек. Бізде қазір кеңес заманында болған дүниелер жоқ. Кітапхана мен кітапты насихаттаудың жолы, міне – осындай. «Кітапсыз үй – жансыз дене сияқты» деген екен бір данышпан.
Дамыған технологияның заманында біз артта қалмас үшін, озық ұлтқа айналуымыз  үшін, өркениетті елдермен тереземіз тең болуы үшін кітап оқуымыз керек.

Жасыратыны жоқ, бұрынғы жылдары қазақ тіліндегі кітаптар аздау болатын. Қазіргі таңда баспалар да көп, шығып жатқан кітаптар да көп. Осылардың ішінен кітапханаға керегін қалай іріктеп аласыздар? Белгілі бір талаптарыңыз бар ма? Әлде кез келген автор өз кітабын сіздерге ұсына ала ма?

– Иә, өткен жылдарға қарағанда дәл қазіргі уақытта қазақша кітаптардың саны біртіндеп артып келеді.  Бір қуантарлығы, ана тілімізде қалам тербеп жүрген жас ақын-жазушыларымыздың саны өсуде. Кітапханаларымыздың сөрелері қазақ тіліндегі жаңа кітаптармен толығып жатыр. Жалпы қазіргі таңда бізге кітаптар мемлекеттік тапсырыс негізінде жеткізіледі. Сол арқылы кітапханаларымызды кітап қорымен толықтырып отырамыз. Одан бөлек  тұрақты авторларымыз өздерінің жеке кітаптарын кітапханаларға тарту  ретінде тапсырып отырады. Және «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы жылда өз жалғасын тауып отыр. Менің білуімше, Алматы қаласында ірілі-ұсақты 2000-дай баспахана жұмыс бар екен. Баспаханалардың санының артуы кітап құнының артуына тікелей байланысты деп ойлаймын. Елімізде баспа ісінің көш басында тұрған, талай жылдар бойы кітап өндірісінде тоқтаусыз еңбек етіп келе жатқан «Дәуір-кітап», «Атамұра», «Өнер» баспаларын ерекше атап өткім келеді.

Елбасының бастамасымен қолға алынған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында кітапханалар жүйесі де сандық жүйеге көше бастағаны белгілі. Осындай ауқымды жұмысты атқару қалай жүріп жатыр? Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаса ма? Сандық жүйеге көшкеннен кітапханаларымыз не ұтады?

– Электронды қызмет – уақыт талабы. Бүгінде оқырман сұранысы да өзгеріп үлгерді. Үйден шықпай-ақ, ғаламтор ар­қылы іздегенін тапқысы келеді. Осы орай­да кітапхана жұмысы да түрлене түскенін алға тартар едім. Бүгінгі таңда  еліміздегі  алдыңғы қатарлы кітап­ханаларымыздың  ресми сайтынан көптеген электронды қызметке қол жет­кізуге болады. Онда «Электрондық каталог», «Кітап мерзімін оnline ұзарту», «Виртуалды анықтама», «Құжаттарды электронды жеткі­зу» қызметтері орналастырылған. Мысалы, оқырман электронды каталог арқылы іздеген кіта­бының кітапхана қорында бар не жоқ екенін анықтай алады. Тіпті, кей шығарманың электронды нұсқасына қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Ал, сайтта жоқ дүние туралы білгіңіз келсе, «Онлайн-қабылдау» арқылы сұрақ жолдап, жауап алуға болады. Ал, біздің «Орталықтандырылған  кітапханалар жүйесі» осы жүйеге біртіндеп еніп келе жатыр. ОКЖ кітапханаларын танымал ету, беделін көтеру, кітапханалардың қызметін насихаттау және жақсарту үшін қазіргі заманғы мультимедиялық кеңістіктер белсенді қолданылады, олар: әлеуметтік желілер, жедел хабарлар, форумдар, конференциялар. Барлық кітапханалар «Facebook» және «Instagram», «YouTube» сияқты танымал әлеуметтік платформаларда бар және белсенді. Сондай-ақ, кітапханаларда жыл сайын блогерлер форумы өткізіліп тұрады, бұл кітапханалардың беделін арттыруға өзіндік септігін тигізеді.

Қазіргі таңда кітапханалар заманауи үлгіге көшіп, жаңғыртылып келеді. Бұрынғыдай үйреншікті үстел, орындықтардың орнын жайлы кресло, диван дегендей жиһаздар алмастыруда. Мұндай өзгерістердің қандай мақсаты бар? Оқырмандарды көбірек тарту ма, әлде әлемдік талаптарға сай болу ма? 

–  Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қаланың әртүрлі аудандарында орналасқан 25 кітапхана филиалынан тұрады. 2018 жылы Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы 145,7 млн теңгеге жаңғыртылды, онда модернизациядан кейін күн сайын бес жүз елу  мың келуші кіретін заманауи оқу орталығы құрылды. 2019 жылы қаланың кітапхана желісін қайта құру жұмыстары бойынша тағы 5 кітапхана модернизациядан кейін қайта ашылды, олар: №15 кітапхана-филиал (Земнухова көшесі, 44), №20 (Шарипов көшесі, 66), №24 (Айнабұлақ-3, 174), №32 (Достық даңғылы, 42б), №33 (Төле би көшесі, 160), оған 143,4 млн теңге жұмсалды. Модернизация мақсаты: кітапханалардың жаңа моделін құру, жұмыстың инновациялық түрлерін дамыту. Кітапханалардың заманауи дизайны уақытты ыңғайлы және пайдалы өткізуге арналған және оқырмандардың шығармашылық жұмысына, шеберлік сағаттарына, қызықты адамдармен кездесулерге ыңғайлы алаң болып табылады. Кітапхана оқырмандары үшін кітап қорына, жайлы бөлмелерге, пайдалы ақпаратты тез табуға көмектесетін заманауи технологияларға қолжетімділік қамтамасыз етілген. Балалар мен жас оқырмандар үшін демалу, оқу және ойнау үшін жайлы жағдай жасалған. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханалары – ақпараттық, білім беру, ғылыми, мәдени және демалыс орталығы. Сондықтан, кітапханалар қазіргі таңда көптеген мамандардың: жазушылар, суретшілер, өнер тарихшылары, ғалымдар, блогерлер, еріктілердің диалог алаңына айналуда. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету шарттары жасалған. Кітапханалар өз жұмысын сандық және сапалық көрсеткіштерді арттыруға бағыттайды. Оқырмандарды тарту және кітапханаларды кеңінен насихаттау мақсатында қаланың аудандық әкімдіктерімен бірлесіп, қаладағы түрлі орындарда іс-шаралар өткізіліп тұрады. Кітапханалардың жұмысында дәстүрлі жұмыс түрлерінен басқа әдеби және музыкалық кештер, «Өнер түні», «Кітапхана түні», Поэзия күндері, диспуттар, азаматтық сабақтар және басқа да жұмыстың жаңа түрлері үнемі қолданылып отырады. Қаланың шалғай аудандарында «Жылжымалы кітапхана» белсенді жұмыс істейді, онда жас ақындар мен жазушылармен кездесулер өткізіледі. 2020 жылы кітапхана желісін жаңғырту жалғасын тапты. Алматы қаласын дамытудың «Шексіз қала» жобасы аясында Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің тағы да 10 кітапхана-бөлімшесі жаңғыртылатын болады.  

Осы орайда сұрай кетейін, әлемдік тәжірибені қаншалықты зерттейсіздер? Шетелдік мамандармен тәжірибе алмасасыздар ма?

– Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жаңа «Кітапхана кеңістігі» қашықтық жобасы аясында кәсіби онлайн-вебинар өткізілді. «Кітапхана кеңістігі» жобасына Мәскеудің жетекші маманы Ю.Черный, Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Қазақстанның мамандары қатысты. Одан бөлек кітапханашыларымыз түрлі халықаралық конференцияларға, дөңгелек үстелдерге де белсене қатысып, кәсіби шеберлігін арттыруда. 

Кітаптарды қалай сақтайсыздар? Белгілі бір санитарлық талаптары бар ма?

– Кітап қорын сақтау – бұл қорды сақтау және пайдаланудың оптималды  шарттарын іске асыру бойынша жүргізілетін іс-шаралардың кешені. Кітапхана қорының сақталуына әсер ететін негізгі факторлар:                                                                                                                                       атмосфералық ауаның таза болуы, шаң болдырмау, ылғалдылықты ұстап тұру (55%), 17-19 °С температура. Толқынды энергия – жылу және жарық энергиясы, ультракүлгін сәулелер документтердің сарғайып, құрғап кетуіне әсер етеді. Биологиялық фактор – әртүрлі бактериялар, жәндіктер, кеміргіштер. Мұны болдырмау үшін кітапхана орны сыз болмауы керек.  Одан бөлек кітапханаларда айына бір рет тазалық күні өтеді. Ол күні барлық кітаптар, кітап сөрелері тегіс санитарлық нормаға сай жуылып, тазартылады. Бұл жұмыстардың барлығы кітаптардың жылдар бойы қаз-қалпында сақталып тұруы үшін қажет.        

Алдыға қойған қандай жоспарларыңыз бар? Осы сауалмен  сұхбатымызды тәмамдасақ. 

– Жазғы демалыс кезінде, маусым айынан бастап (маусым, шілде, тамыз) Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің 9 кітапханасында қала оқушыларына арналған үйірмелер жұмыс істейді. Күн сайын санитарлық нормаларға сәйкес кітапханалар 500-ге жуық оқырманды қабылдайды. Осылайша, жоспарланған көрсеткіштер орындалады, шектеулі шаралар алынып тасталғаннан кейін ірі іс-шаралар өткізіледі деп жоспарлап отырмыз. Одан бөлек бірқатар кітапханаларымызды  модернизациядан өткізіп, оқырмандарымызды  жаңа және заманауи кітапханаларда қабылдасақ деген жоспар бар. Олар: Алатау ауданында № 44 көпшілік кітапхана-филиалы,  Алмалы ауданында А.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапхана, №4 көпшілік кітапхана-филиалы, Әуезов ауданында Қазақстан жазушылары кітапханасы; Бостандық ауданында И.Крылов атындағы қалалық балалар кітапханасы, №29 балалар кітапхана-бөлімшесі, Медеу ауданында №6 көпшілік кітапхана-бөлімшесі, Түрксіб ауданында №1 және №30 балалар кітапхана-бөлімшелері,  №26 бұқаралық кітапхана-бөлімшесі, Сонымен қатар, Түрксіб, Наурызбай, Алатау аудандарында 10 жаңа кітапхана ашылып, оқырмандарымызға есігін айқара ашпақ. Осындай сұхбат алып, еңбегімізді  паш етіп жатқан «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының ұжымына шексіз ризашылығымды білдіремін! Сөз соңында баршаңызға газет-журнал, кітапты көп оқыңыздар, кітаппен сусындаңыздар дегім келеді. Расул Ғамзатовтың мына бір тәмсілімен сөзімді қорытындыласам: «Өзіңді-өзің тану үшін кітап керек. Өзгені де тану үшін кітап керек».

Әңгімеңіз үшін көп рахмет! Шығармашылық жетістіктер тілейміз! 

Әңгімелескен

Айбол АБАШОВ

850 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз