• Ел мұраты
  • 30 Қазан, 2020

«БІЗ ҮШІН ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ ОЙЫ, ТІЛЕГІ МАҢЫЗДЫ»

Қазақ ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихынан мәдени-рухани қазыналы байлықты бойына дарытып, санасына сіңіре белген ел. Асыл, текті бабаларымыз ұрпақтарының өміріне осынау ұғымдарды өзек етті. «Мәдениетсіз өскен ұрпақ өмірдің қатерін кешеді» деген пікірдің байыбын терең танып, жаратылыс пен өмір жолында табиғатпен үйлесімді ғұмыр кешуді аманаттап, ізбасарларына қастерлі бойтұмар ретінде ұлттық мәдениет пен рухани жолдың қайталанбас дара қолтаңбасын қалдырды. Ұлт мәдениеті туралы айтсақ, тал бесіктен сіңген ана тілімізден бастап жер бесікке дейінгі адамгершіліктің ең жоғары сатысына дейінгі құндылықтар игеру маңызды міндет саналды. Тарихымызға зер салсақ, кешегі ел басқарған хандар, әділетті билер, әйгілі батыр бабаларымыздың текті болуының себебі де тәлім-тәрбие мен салт-дәстүріміздің мәдени ұстындарынан ажырамағандықтан дер едік. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп ғұмыр кешкен от ауызды, орақ тілді билердің кесімді сөздері мен әділетті шешімдері қазақ даласындағы бүгінгі сот пен заң институттарының қалыптасуына негіз салды деп нық сеніммен айта аламыз. Осы орайда біз Алматы қаласы Жетісу аудандық №2 сотының төрағасы Тұрысбек Ерболғанұлы Мыятбековпен сұхбаттаса отырып, сот саласына қатысты кейбір түйткілдердің мән-жайын білген едік.

Тұрысбек Ерболғанұлы, қазіргі таңда сот саласына, жалпы құқық қорғау саласына қатысты кейбір азаматтар әлеуметтік желіде түрлі сын айтып, ой-пікірлерін ақпарат құралдары арқылы жеткізіп жүр. Осы төңіректе осы саладағы шынайы жағдай жайында айтып берсеңіз. 

– Әлбетте, хакім Абай «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол ақынның білімсіз бишарасы» дегенді сөз қадірінің түскеніне жаны күйініп айтқан болар. Сол секілді бүгінгі арзан сөзбен атын шығарып, сөзді қару ету арқылы ел арасына іріткі салып отырғандарды көргенде жауапкершіліктің қаншалықты төмендегенін аңғарғандай боласың. Әрине, сыны шын болса әңгіме басқа. Ал, «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей болмағанды болғандай етіп, алмағанды алғандай етіп жазатындар қаншама жанның арына дақ түсіретінін ойламайтын да сияқты.

Халыққа қызмет еткен соң алғыс алуың да, сынға қалуың да қалыпты жағдай. Сот саласында жұмыс істейтіндердің бар жұмысы халықтың алдында өтеді. Содан болар, судьяның киім киісі, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, дауыс ырғағына дейін сын тезіне жиі ұшырап жатады. Қазыны аямай түйрейтіндер оның да ет пен сүйектен жаралған адам екенін ескермейді. Негізсіз сын айтушылар өзінің орынсыз лепесі судьяның өзіне ғана әсер етпей, ұжымның беделін түсіретінін, отбасының алдындағы абыройына нұқсан келтіретінін ұғынғысы келмейді. Сын айтушылар да әртүрлі болып келеді. Олардың бір тобы ешқашан сот процесіне қатыспай-ақ, жалпылама қаралауға құмар. Тіпті, судьяның аты, істің қай сотта қаралғаны, кімге қатысты екені туралы бір ауыз сөз қоспай-ақ үшінші биліктің жұмысын жоққа шығарып жатады. Бүкіл бір құрылымның, жүздеген адамның жұмысын түкке тұрғысыз ету оларға ештеңе емес. Дүниедегі ең әділетсіз, ең сорақы сын осы. Сын айтушылардың келесі бір тобын сотта жеңіліс тапқандар құрайды. Олардың арасында қателігін түсініп тұрса да ішкі қыжылын әлеуметтік желідегі жазба арқылы басатындары аз емес. Бір жақсысы, мұндай сын айтылғанда сот процесінің таспасын алға тарта отырып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін дәлелдеуге мүмкіндік бар. Дұрысында, сын шын болғанда ғана қоғамда алға жылжу болады. Жала жабуды, эмоцияға беріліп өзіңе есеп бермей, ойыңдағыны айтуды сын деп қабылдау қате. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін ең алдымен халықтың құқықтық сауатын көтеру маңызды. Бұдан бөлек жауаптылықты арттыруды да назарда ұстауымыз керек. 

Жоғарғы сот тарапынан жүзеге асырылып жатқан жаңа бастамалар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, соттың ашықтығы мен қолжетімділігін қалыптастыруға ықпалын аз тигізіп отырған жоқ. Бірақ, қол жеткізген жетістікпен шектеліп қалмай, халықпен арадағы байланысты бұдан да ары нығайта берген дұрыс. Ол үшін аудан тұрғындарын тұрақты қабылдап, пікірлерімен санасып, сұрақтарына кешіктірмей жауап беру шарт. Біз үшін әрбір азаматтың ойы, тілегі маңызды. Өйткені, осындай лебіздерден жұмыстың бағыт-бағдарының қаншалықты дұрыс, бұрыстығын бағамдауға болады. Бұл мәселе біздің сотта лайықты жолға қойылған.

Сот – ақ пен қара сарапқа түсетін, әділдік салтанат құратын алаң. Онда екі тараптың бірінің жеңіп, екіншісінің жеңілетіні ақиқат. Жеңілген тараптың барлығы бірдей өзінің қателігін мойындап, соттың үкіміне басын иіп кетпейді. Жеңілісінің себебін өзгеден іздейді. Содан келіп көңіліне жақпағанын лақ еткізіп әлеуметтік желіге сала салады. Ал, ағылған ақпаратты сараптап, ненің шын, ненің жалған екенін ажыратып отыратын жұрт аз. Әсіресе, құзырлы орындарды сынаған жазбаларды азаматтар бірден бөлісіп, ақ-қарасын айырмастан жағымсыз пікір білдіруге әдеттенген. Қазақстандық соттың жұмысына қара күйе жағатын жазбалар да ара-тұра ұшырасады. Дегенмен, сот мәжіліс залдарының толықтай дыбыс-бейне құрылғылармен жабдықталуы, сот процестерінің таспаға жазылуы, судьяның таспаны тоқтатуға, редакциялауға мүмкіндігінің болмауы сотқа, судьяларға қатысты негізсіз сындар санын азайтқанын айта кетуіміз керек.

Тағы бір басты атап өтер жайт, бізде қазір сот қызметкерлерінің бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысы нығая түсті. Әлеуметтік желідегі белсенділігі де жоғары. Мұндағы басты ұстаным – сотқа қатысты жағымды ақпаратқа, сынға да, сұраққа да ұзаққа созбай жауап беру. Ақпарат кешіккен сайын алып-қашпа сөз көбейеді. Ең бастысы, сотта кері байланыстың бар екенін сезіну азаматтардың әділдікке деген сенімін бекітеді. Мысалы, әлеуметтік желілерде судьялардың жұмысына, сот қызметкерлерінің еңбегіне ризашылығын білдіріп, алғысын айтатындар бар. Олар өзінің көңілін осылай білдіргісі келеді. Осы хабарламаны оқи отырып, елеусіз қалдыру өрескел қате. Өйткені, жылы лебіз қызметкерлердің мерейін өсіреді, ал, өз алғысының иесіне жеткенін білу тараптар үшін де қуаныш.      Сонымен бірге, сотқа қатысты сауалдарға дер кезінде жауап қайтару міндет. Сұрағын құзырлы орындардың қабылдағанын, оған жауаптың берілгенін көру де азаматтардың үшінші билікке деген құрметін арттырады. Бүгінгі заман ақпараттың заманы. Оны мойындауымыз, мойындап қана қоймай, соған сай еңбегімізді үйлестіруіміз керек.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев жыл басында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Осы  мәселелер бойынша қоғамда қандай өзгерістер оңтайлы шешімін тапты?

– Ағылшын жазушысы Томас Карлейль осы ретте «Адам заманына айып тақпауы керек, одан ештеңе өнбейді. Заман жаман ба? Ештеңе етпейді. Адамның адам екені заманын жетілдіре білуінен көрінеді» деген екен. Сол айтпақшы, заманның кемшілігін, қоғамның кесапатын заңның күшімен, құқықтық құжаттардың пәрменділігімен жеңе алсақ, біздің ұтқанымыз. Биылғы жылы қолданысқа енгізілген заңнамалардан да сондай ынтаны байқау қиын емес.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жыл басында қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында көпшілікті алаңдатып келген талай түйткілді мәселенің шешімі табылған. Әсіресе, көлікті ішіп алып басқарып, айналасына зиян келтіретін жүргізушілерге жазаның қатаңдатылуы құптарлық іс. Жүргізушілер жауапсыздығынан зардап шеккен, өмір-бақи мүгедек болып қалған, көз жұмған жандардың санында есеп жоқ. Жыл сайын қаншама түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, апаттың алдын алуға әрекеттер жасалғанымен, одан ойланып, аяғын аңдап басып жүрген жандар аз. Шынында да көлікке алкогольді ішімдік ішіп, есірткі қолданып алып отыратындар қатаң жаза болмаса, айылын жимайтын секілді. Жан түршігерлік жол апаттары туралы деректермен бетпе-бет келгенде азаматтар үнемі жазаның жеңілдігіне наразылық білдіріп жатады. Тіпті жүгенсіз жүргізушінің ісін қараған судьяларды да кінәлі санап, орынсыз сын айтатын  кездер көп. Алайда, судья деген заңды басшылыққа алады. Заңда не көрсетілсе, судья да соған сай шешім, үкім шығарады. Қазының заң шеңберінен шықпайтынын да заңнама жасарда қаперден шығармау шарт. Сонымен, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында сәйкес Қылмыстық және Әкімшілік кодекстеріне елеулі өзгеріс жасалды. Биылғы жылдың 11 қаңтарынан бастап күшіне енген заңнамаға орай масаң күйде, басқару құқығынан айырылған және оған құқығы жоқ адамның көлік құралдарын басқаруы үшін жауапкершілік едәуір күшейтілді. Ал, Қылмыстық кодекске масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін жеке жауапкершілігін көздейтін жаңа бап енгізілді. Бұдан былай мұндай істер Қылмыстық кодекстің 345-бабымен таразыланады.

Осы баптың 1-бөліміне сәйкес ішімдік ішіп рөлге отырғаны аздай, жол апатын жасап жәбірленушінің денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiргендер көлік жүргізу құқығынан 10 жыл мерзімге айырылып, 1000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 400 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ал, денсаулыққа ауыр зиян келген жағдайда айыппұл көлемі 3000 АЕК-ке өсіп, 1200 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Ел азаматтары – әр мемлекеттің басты байлығы. Сол себепті адам өліміне алып келген қылмыстарға жаза қатаң болуы тиіс. Осы талап жол-көлік апатын тудыру кезінде де есепке алынбақ. Соған сәйкес абайсызда адам өліміне себеп болған жүргізуші көлікті басқару құқығынан 10 жыл мерзімге айырылып, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ал, абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекеті үшін басқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылдан он жылға дейінгі мерзімге темір торға қамалады. 

Қоғам арасында Мемлекеттік тіл туралы ой-пікірлер жиі қозғалады. Осы орайда, жалпы сотқа түсетін істерде қолданылатын мемлекеттік тіл деңгейіне тоқтап өтсеңіз.

– Өзге ұлттар тіл үйрене алмай жатса кешірімді, өкінішке қарай, қазақтың өзі қазақша үйренуді құнттамай отыр. Бұрын тіл білмейтіндердің сылтауы  Кеңес Одағының қатаң талабы еді. Қит етсе «Одақ қазақ тілін керек етпейді, орысша білмесек, нан тауып жей алмайтын болдық» дейтін олар ақталып. Ал қазір немен ақталуға болады? Ана тілімізді үйренуге кім, не кедергі?

Мемлекеттік тілді үйренсем деушілерге осы күнге дейін барлық жағдай жасалды. Тіл үйрету курстары ашылып, оған мемлекеттен қыруар қаржы бөлінді. Содан керемет нәтиже шықты деп айта алмаймын. Сот саласында да мемлекеттік тілдің қолданылуы кемшін. Әлі күнге дейін қазақ тілінде қаралатын істердің саны көп емес. Әрине, біз өз тарапымыздан іс-қағаздарын барынша қазақша жүргізуге, жолданған хаттарға қазақ тілінде жауап қайтаруға тырысамыз. Бірақ, мұндай жадау тірлікпен мемлекеттік тілдің үлесін көтеру қиын. Мұндай істе бірлік керек, тілге деген жанашырлық барлығымыздың жүрегімізде тұруы шарт.

Мысалы, қылмыстық істердің басым бөлігі орыс тілінде түседі. Бұған кім кінәлі? Ең алдымен бұл тергеу орындарының енжарлығынан орын алып отыр. Себебі, қылмыстық істі тіркегенде олар өздеріне ыңғайлы, өздері жетік білетін тілге басымдық береді. Азаматтар орысша мүлде түсінбеген жағдайда ғана істі қазақша рәсімдейді. Тіпті қылмыстық іске қатысушылардың біреуінің өзге ұлт өкілі болуы құжатты толықтай орысша жүргізуге түрткі болып жатады. Мұндай жағдайдың қалыптасуы жекелеген заңгерлер мен адвокаттардың да оң жамбасына келіп жүр. Оларға істі тергеп, сотқа жеткізсе  болғаны. Азаматтар өзі жетік білмейтін тілде өзін қорғауға қабілетті ме, өзге тілде пікірін білдіре ала ма, ол жағына назар аудармайды. Тілге қатысты тауқыметті көбіне-көп соттар тартады.

Осыған орай құзырлы орын өкілдерінің басын қосып тілге деген қажеттілікті тудырғымыз келеді. Тергеуші, заңгер, адвокат, прокуратура өкілдерін бір үстел басына жинап, тілдің айналасында қалыптасқан түйткілдерді үнемі талқылап жүрміз. Сондағы түсінгеніміз, тілге деген жанашырлық болмай, мемлекеттік тілде қаралатын істердің саны көбеймейді. Ал, соттың Қылмыстық процестік кодекс талабына сәйкес іс қай тілде түссе, сол тілде процесті жүргізуден басқа амалы жоқ. Дәл сотқа келгенде істің тілін өзгерту үлкен жұмыс. Том-том болған құжаттарды қазақшалауға аз уақыт кетпейді. Оның үстіне аудармашылардың да біліктілігі біз күткендегідей бола бермейді. Сонда да болса іске қатысушылар орыс тілін жетік білмегенде сот ісін жүргізу тілін өзгерту керек. Және мұндай жағдаймен бетпе-бет келгенде әр нәрсені сылтау етпей, азаматтардың өз ана тілінде қорғалу құқығын басты назарда ұстау міндет.

Ұлттың ертеңіне алаңдайтын, тіліне жаны ашитын азамат өзі жүрген ортада мемлекеттік тілді насихаттап, мәртебесін көтеруге атсалысуы қажет. Қазақ тілі өлі тілдер қатарына қосылмасын десек, өз отбасымыздағы қарым-қатынас тілі – қазақ тілі болуы шарт. Ұрпағымыз қазақша сөйлеп, қазақша ойлағанда ғана мемлекеттік тілдің беделі үстем болады.

   Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Азамат ОМАРОВ,

«Ақиқат» журналы

410 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз