• Еркін ой мінбері
  • 30 Қазан, 2020

ОТ КЕШКЕН ОРДАЛЫҚТАР

Аққали АХМЕТ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Мәңгілік Ел» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,
тарих ғылымының докторы, профессор

Ұлы Отан соғысы... Бұл алапат, қатал да жойқын соғыс тарихы туралы көптеген әскери мемуарлар, тарихи, деректік зерттеу еңбектер, оқулықтар, кинотуындылар жарыққа шықты, алдағы уақытта да шыға беретіні сөзсіз. Саяси және әлеуметтік қайшылықтар мен дүрбелең үстінде өткен ХХ ғасыр жойқын соғыстарымен адамзат санасында мәңгіге қалды. Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабы орасан зор әрі ауыр болды. Соғыстың барысында Ресейдің еуропалық бөлігіндегі қала халқының негізгі бөлігін аштан қыру мұқият жоспарланды. Зерттеушілердің мәліметі бойынша, кеңес соғыс тұтқындарының саны 5,7 млн адамға дейін жеткен, олардың ішінде 3,8 миллионы немістер тұтқынына соғыстың алғашқы айларында түскен. Бұл сұмдық факті көпке дейін бүркемеленіп келді.

Бізде көптеген оқиғаға, тіпті адам тағдырына өз мақсат-мүддеміз емес, өзгелердің көзімен, қоғамдық құбылыстардың барлығын еш реңксіз, «ақ» пен «қараға» бөле саралайтын идеология тұрғысынан қараушылық ызғары әлі де сезіледі. Бұл жағдай, әсіресе соғыс барысында тұтқынға түскен жерлестерімізге көзқарастан айқын байқалады. Олар немістің концлагерінде болып жаудан бір жапа шексе, одан келіп кеңестік лагерьлерде қорлық көрді, бірақ осы кеңес тұтқындарының тағдыры туралы лайықты сөз болмай келеді. Әр адамның тағдыры үлкен хикая, ол ойыншық емес. Оның ұрпағына, бала-шағасына әсер етті. Сондай адамдардың айтылмай жатқан тағдыры қаншама. Олардың тарихтағы лайықты орнын беру әділеттілік болмақ. Шетелдік ғылыми орталықтар әскери тұтқындардың тағдыры туралы тақырыпты зерттеумен жеткілікті айналысады, қоғамдық ұйымдар түрлі жұмыстар жүргізетіні белгілі. Тұтқындардың ағайын-туыстары архивтерге хабарласып, өлген, жерленген жері туралы ақпарат, оның тағдырын анықтау үшін қандай да бір дерек іздеп жатуы соғыс жаңғырығының әлі толық жойылмаған қабаттары жетіп артылатынын байқатса керек. Кейбір тұтқындар соғыстан кейін өзін күтпеген, сенбеген Отанына оралды, оларды тексеріп, лагерьлерде ұстап, тексергеннен және адалдығына көз жеткізгеннен кейін еркіндікке босатты. Дегенмен де бұрынғы әскери тұтқындар тұрақты түрде бақылауда болғаны жасырын емес. Енді біреулер Отанында күтіп тұрған ащы тағдырды сезіп жат елде қалып қойды да, өзі таңдаған тірліктің өкінішті уын ішіп күн кешті. Мұндай адамдар Отан тізімінде ұзақ уақыт бойы болған жоқ.

Бұл соғыста  тұтқынға түскен түркістандықтардың еврейлермен пара-пар қорлық, сұмдық пен азапты бастан кешкендігін архив деректері айғақтайды. Әскери тұтқын – соғыс майданында қолға түскен әскери адам. 1899, 1927 жылдары халықаралық Гаага конвенциялары соғыс тұтқындары мәселелерін қарады. 1929 ж. Женева конвенциясында оған кейбір өзгерістер енгізілді. Бұл конвенцияларда қабылданған халықаралық нормаларға сәйкес тұтқындарға оларды тұтқындаушы жақ адамгершілікпен қарауға тиіс, оларды қорлауға, жәбірлеуге, өлтіруге, тәжірибе құралы ретінде пайдалануға болмайды делінген. Бірақ бұл нормалар көп жағдайда орындала бермеді. Мысалы, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында фашистік Германияның концлагерьлерінде миллиондаған соғыс тұтқыны жойып жіберілді.

Биыл, 2020 жылы кешегі сұрапыл соғыстың аяқталғанына 75 жыл болды. Адамзат тарихында осы бір жойқын соғыстың тарихы әлі де назар аудартады. Сондықтан да, бүгінгі ұрпақ аталар өткен жолға ерекше мән беріп бағалайды. Олар аталарының өмірдің ең қиын жолдарынан өткендерін жақсы түсінеді.

Соның нақты бір айғағы – оралдық тарихшы-өлкетанушы, журналист А.Қ.Батырхановтың көп жылғы тынымсыз ізденісінің нәтижесінде «От кешкен ордалықтар» (Орал: «Полиграфсервис», 2020. – 464 б.) жинағы жарық көріп отыр. Жинақ  «Боздақтарға» енбей қалған боздақтар», «Ордасына оралмаған оғландар»,  «Қилы тағдыр. Өксіген өмір. Қыршын ғұмыр», «Тұтқында тамұқ отына күйгендер» атты тараулардан тұрады. 

Ахмедияр Қуанұлы өзінің жанкешті еңбегінің нәтижесінде 1999 жылы Орал қаласында жарық көрген «Боздақтар» жинағының ІV томына  енбей қалған 693 ордалық боздақты анықтап тауып,  жариялап отыр. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі орталық архивінің  «Обд-мемориал» және «Память народа»  сайттары арқылы майдан даласында қаза тауып, туған жерінің бір уыс топырағы бұйырмай жат жерде қалған 91 ордалықтың жерленген жерін табуының өзі табандылық пен төзімділікті талап ететін жұмыс екендігі белгілі. «Қилы тағдыр. Өксіген өмір. Қыршын ғұмыр» тарауында сол сұрапыл соғыс жылдарында тағдырдың жазуымен әртүрлі дәрежеде қылмыс жасап сотталған және соғыс жағдайындағы ең жоғарғы үкім ату жазасына кесілген 39 ордалықты анықтауының өзі тың дерек екендігі анық.  Кітаптың «Тұтқында тамұқ отына күйгендер»  атты тарауында 195 ордалық әскери тұтқын туралы мәліметтерді тауып жариялаған. Бір ғана мысал, Америка Құрама Штаттарында тұтқында жүрген немесе хабарсыз кеткен әр адам соғысып жүрген жауынгер болып есептеледі. Кім-кімнің де ұрыс даласында немесе тұтқында қаза болғаны ресми дәлелденгенше осылай бола береді. Ал ең өкініштісі, бізде мұндай адамдар Ұлы Отан соғысына қатысқандар тізімінде ұзақ уақыт бойы болған жоқ...  Оларға «ақтаудың» да, «даттаудың» да керегі бола қоймас. Бірақ, олар жөнінде жасалған адамгершілік іс-шаралар бүгінгі күнгі ұрпақтары, туыстары үшін керек, қазақ халқының тұтастығы үшін, болашақ үшін керек. Біз қайыспас қайсарлық пен ерліктің арқасында ұлтымыздың рухын биіктеткен  осы бір қаһарман жандарға әрқашан бас иіп, тағзым етеміз. Ұлы Жеңісті жақындатқан барлық жауынгерлердің рухына Мәңгілік мінәжат!

Өлке жылнамасына қосылған құнды жинақ

Қоғамдық ойдың дамуына жетекші болатын негізгі факторлардың бірі – тарихи сананың қалыптасуы. Тарихи сананың қалыптасуында тарихи оқиғаларға баға беру мен ғылыми-техникалық жаңалықтарды меңгеріп, тарихи деректерді талдап, мақсатты пайдаланудың мәні зор. Осыған орай тарихи шындықтың тегін анықтап, өткенді ой елегінен өткізу архившілер мен тарихшыларға қойылатын бірінші талап. Архив қорындағы құжаттардың құндылығын, шығу төркінін анықтау кешенді, жүйелі түрде зерттеуді қажет етеді. «Тарих деректілік пен нақтылықты, адалдық пен әділдікті ғана таниды, мойындайды. Мұндай нақтылық деректілік пен әділдіктің қайнар көзі архив қорларында», – деп Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей, архивтің қоғам алдында алар орны ерекше.

Бүгінгі таңда архившілер мен археографтардың алдында күрделі міндеттер тұр. Археография ғылымы тарих, деректану және архивтану ғылымдарымен тікелей байланысты. Осыған орай археография ғылымының қалыптасу жолдары мен даму тенденцияларын аталған ғылымдардан бөліп қарастыру мүмкін емес. Сапалы археографиялық басылымдардың көптеп шығарылуы ғылымның жетістігі ретінде бағаланады. Өткен ғасырда біз төл тарихымызға қатысты деректерді толық игере алмадық. Бұл арада өз тарихымызға қатысты деректердің бәріне толыққанды қол жеткізе алмағандығымыз, қолда бар деректерді қорытуда саяси цензураның шектеуіне ұшырағандығымыз ұлттық тарихымызды зерттеп, зерделеуде орны толмас олқылықтарға жол беруімізге негіз болғаны назардан тыс қалмағаны да жөн. Біздің пікірімізше, археография дамуының басты өлшемі: зерттеу тақырыптарының өзгеруі және тарих ғылымының өзекті проблемалары, археография әдістемесінің дамуындағы өзгерістер, архив мекемелеріндегі археографиялық қызметтің өзгеріп, жандануы болып табылады. Оның нақты мысалы, Ұлы Отан соғысы жылдарында архив қорларын сақтауға ерекше назар аударылды. 1942 жылдың 3-8 мамыр аралығында Свердловск қаласында өткен КСРО Ғылым академиясының кеңесінде археографиялық жұмыстарды ұйымдастыру және зерттеу тақырыптары туралы мәселе күн тәртібіне көтерілді. Оның басты себептерінің бірі – Ұлы Отан соғысы жылдарында қоғамдық ғылымдардың маңызы мен рөлінің күрт өсуіне байланысты болды. Сол жылдың шілде айынан бастап Ұлы Отан соғысының құжаттарын жинақтау, зерделеу жөнінде комиссия құрылып, жұмыстарын бастап кетті. Сондай жұмыстардың нәтижесінде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстанның жеңіске қосқан үлесі туралы деректі құжаттарға негізделген іргелі де сүбелі жинақтар жарық көрді. Бұл жинақтарда коммунистік партияның, оның бастауыш ұйымдарының рөлі, жұмысшылар мен шаруалардың тылдағы ерен ерлігі, майдан даласындағы қазақстандықтардың жанқиярлық ерлігі паш етілген.

Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі құжаттарды жариялау негізгі нысанға айналды. Архив мекемелерінде археографиялық жұмыстардың жандануына, ондағы әдістемелік жұмыстарының жетілдірілуіне 1945 және 1955 жылдары жарық көрген «Құжаттарды жариялау ережесі» зор рөл атқарды. Өз кезегінде археографиялық жұмыстың дамуына орай, қоғамның сұранысын қанағаттандыру мақсатында құжаттарды жариялаудың үш түрі – ғылыми; ғылыми-көпшілік; оқулық ретінде жариялау үрдісі бірізділікке түсіп  қалыптасты.

Соғыс жылдарында халықты патриотизм рухында тәрбиелеудің бірден- бір басты құралы майданнан келген хаттарды жинақтап, жариялау болып табылғаны белгілі. Осыған байланысты Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің Архив басқармасы майдан даласынан жазылған 600-ден астам хатты жинақтады, ал 1942-1943 жылдары соның 66-сы жарияланды.

ХХ ғасырдағы ең қасiреттi қантөгiс соғысты суреттейтiн ресми құжаттардан басқа, соғыс тарихын зерттеудің дереккөзi болып табылатын құжаттардың бiрi – жеке адамдардың майданнан тылға, тылдан майданға жазған хаттары. 1943 жылдың өзiнде, алғы шепте шешушi шайқастар жүрiп жатқан кезде, республикамыздың архившілері майдан хаттарын жинақтау жұмысын бастайды. Осы жұмыс нәтижесiнде 1944 жылы «КазОГИЗ» баспасынан (Алматы) «Письмо с фронта» атты майдангер хаттарының жинағы жарық көрдi. Ал 1945 жылы Кеңестер Одағының Батырлары Н.Әбдіров, И.В.Панфилов, М.Мәметова, Ә.Молдағұлова, Т.Масин; екі мәрте Кеңестер Одағының Батырлары, ұшқыштар Т.Бигелдинов, С.Луганский, И.В.Павлов, Л.Беда, тағы басқаларының ерліктері туралы «Қазақстандық Кеңестер Одағының Батырлары» атты құжаттар жинағының І-томы, 1949 жылы ІІ-томы қазақ және орыс тілдерінде жарыққа шықты. Батырлардың марапаттау парақтары КСРО Қарулы Күштері министрлігінің архивінде болғандықтан, жинақ дайындау үшін қажетті құжаттарды жергілікті жерден жинақтауға тура келді. Қазақстан архивтерінде, оның ішінде облыстық архивтерде бұл шараға байланысты көптеген ізденіс жұмыстары жүргізілді. Архивистер қаза тапқан батырлардың туған-туысқандарымен байланыс жасап, оларда сақталған құжаттарды мемлекеттік сақтауға беруге ұсыныс-тілектер білдірді. Көптеген батырлар архив мекемелеріне өздері келіп қолдағы хаттарын, газет қиындыларын, басқа да материалдарды тапсырды. Мемлекеттік архив мекемелері бұл жұмыстың жүргізілуіне ұйтқы болды. Соғыс жылдарындағы облысымыздың тарихына қатысты көптеген архивтік құжаттар жинағының жарыққа шығуына елеулі еңбек сіңірген, архив қорларындағы құжаттармен жұмыс жасаған архившілердің еңбегін ерекше атап өткен жөн. Соңғы жылдары осы бағытта Атырау облысы мемлекеттік архиві ұжымы жүргізген жұмыстың жарқын мысалы – архив қорындағы құжаттар негізінде облыстың Ұлы Жеңіске қосқан үлесін тың тарихи деректер арқылы айшықтаған «Мәңгілік мінәжат» жинағы (Астана: «Ақ Жайық кz», 2015. –720 б.). Ал бүгінгі таңда Атырау облысы әкімдігінің қаржылай қолдауымен Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Атырау облысы мемлекеттік архиві мекемесі қызметкерлерінің ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінің бірі – Ұлы Жеңістің 75-жылдығына орай «Мәңгілік тағзым. Атырау өңірі Ұлы Отан соғысы жылдарында. 2 томдық құжаттар жинағы. (Нұр-Сұлтан: «Віg Dream», 2020. І том – 240 б.; ІІ том – 892 б.)» деп аталатын тарихи және шежіре жылнамасын әзірлеп, жариялауы. Бұл жинақтың басты ерекшелігі мен құндылығы – архив қорындағы көптеген құжаттардың тұңғыш рет жарияланып, зерттеушілер тарапынан ғылыми айналымға енгізілуі. Екі томдық құжаттар жинағында 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезіндегі Атырау өлкесінің саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық өмірі туралы архив құжаттары мен облыстық, қалалық, аудандық архив қорларындағы жеке тектік қорларда сақталған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құжаттары енген. Жинақтың редакциялық алқасына сол тұстағы облыс әкімінің орынбасары С.Ж.Шапкенов, облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы М.С.Өтешов, «Хан Ордалы Сарайшық» музей қорығының директоры, т.ғ.д., профессор Ә.Қ.Мұқтар, музейдің аға ғылыми қызметкері, филол.ғ.к. Б.М.Әбдешов, Атырау мемлекеттік университетінің профессорлары, тарих ғылымдарының докторлары А.Қ.Ахмет, С.Ж.Спанов, Атырау облысы мемлекеттік архиві басшысы, т.ғ.к. С.О.Қуаныш, архив қызметкері Р.К.Тастемірова, О.Деңгелбаев, тарихшы-өлкетанушы Ж.О.Доспановтар енген. Жинақты құрастырушылар –  С.О.Қуаныш, Р.К.Тастемірова, Н.Қ.Муханбедьярова, С.С.Алтыбаева, А.К.Мардан, Б.С. Аймұханова, А.С.Иманғазиева сияқты архившілердің еңбегін ерекше атап өтеміз.

  Жинақтаң І-томында берілген көптеген құжаттарға «құпия», «өте құпия» грифі соғылып, ұзақ жылдар бойы құпия қорда сақталып, кейінгі жылдары ғана архив қорларындағы құжаттарға құпиясыздандыру үрдісі жұмыстарының жүргізілуі нәтижесінде жарық көргендігін аңғаруға болады. Жинаққа  соғыс жағдайындағы Гурьев облысы, Гурьев қаласының әуе қорғанысын қамтамасыз ету, Воронеж қаласынан эвакуациямен келетін балалар үйі, атқыштар бригадасына арбалар жеткізу, Гурьев қаласы мен айналасындағы елді мекендерге неміс-фашист ұшақтарының жаулық әрекеттері, Гурьев теңіз портын жобалау және құрылысын жүргізу, неміс басқыншыларынан босатылған Орёл облысына көмек беру,  кеме жасау заводтарындағы жұмысқа мобилицазиялау, эвакуациямен келген малды орналастыру, Новобогат (қазіргі Исатай) ауданы партия-кеңес органдарының Сталинград майданы жауынгерлеріне жазған хаты, Теңіз (қазіргі Құрманғазы) аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға аттанғандар тізімі, тұтқындар лагерінде болғандар туралы фотоқұжаттар да енгізілген. Аталған жинақта жарияланған құжаттар жоғары оқу орындарындағы тарихшыларға, экономистерге, өлкетанушыларға, әлеуметтанушылар мен құқықтанушы мамандарға оқу, ғылыми-зерттеу жұмыстарына пайдалануға, отандық және аймақ тарихында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халықтың ерен еңбегін жас ұрпаққа кеңінен насихаттауға негіз болатындығы анық.

Ал 892 бетті құрайтын жинақтың ІІ-томында атыраулық Халық Қаһарманы Х.Доспанова, Кеңес Одағының Батырлары М.Баймұханов, А.Н.Афанасьев, Қ.Смағұлов, Ж.А.Елеусізов, Ф.С.Мазуров, Г.Ф.Канцев, Б.Нысанбаев, М.Мұсаев, И.Ф.Махорин, И.Н.Березин, «Даңқ» орденінің толық иегерлері Ғ.Әліпов, Ш.Т.Еркінов, С.Қызылов, Г.П.Шамин, Е.М.Полынин, басқа да соғыс ардагерлері туралы архивтік құжаттар енгізілген. Бұл жинақ Атырау облысы мемлекеттік архиві қорларында жинақталған соғыс ардагерлерінің жеке тектік қорлары құжаттары негізінде жасақталғанымен құнды. Облыстық архивтің жеке тектік қоры бойынша – 446, қалалық филиалының жеке тектік қоры бойынша – 238, Исатай аудандық жеке тектік қоры бойынша – 124, Махамбет аудандық жеке тектік қоры бойынша – 93, Қызылқоға аудандық жеке тектік қоры бойынша –  86,  Жылыой аудандық жеке тектік қоры бойынша – 103, Мақат аудандық жеке тектік қоры бойынша –  143, Индер аудандық жеке тектік қоры бойынша –104, Құрманғазы аудандық жеке тектік қоры бойынша – 332, негізінен облыстық архив қорында барлығы 1669 соғыс ардагерінің жеке тектік  қор құжаттары сақталған.  Мысалы, Махамбет ауданы бойынша  Батыр Сабырғалиев (1926 ж.т.) 1944 жылы 18 жасында әскер қатарына алынып, Сталинград, Ленинград, Калинин майдарында ұрысқа қатынасқан. Майдандағы ерліктері үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені және медальдармен, Қайраден Қабдолов (1921 ж.т.)  1942 жылы майданға алынып,  Волхов майданындағы шайқастардағы  ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» және І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, Қара Аманғалиев (1921 ж.т.)  2-ші Прибалтика, Белоруссия майданында шайқастарға қатынасып, ІІІ дәрежелі «Даңқ» және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, Индер ауданы бойынша Ізім Бекмағамбетов (1912 ж.т.) 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, Сталинград, Белоруссия,  Прибалтика майдандарының жорық жолдарына қатысып, «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен,  Төлеу Кененов (1914 ж.т.) майдан даласындағы көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен,  Атырау қаласы бойынша  Әбу Ақбаев (1922 ж.т.) «Қызыл жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Даңқ» және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен,   Шапхат Ингелдиев (1917 ж.т.) майдандағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Москваны қорғағаны үшін», «Ленинграды қорғағаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен,  құрманғазылықтар Көптілеу Әбуев (1925 ж.т.) ІІІ дәрежелі «Даңқ», «Қызыл жұлдыз», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ленинградты қорғағаны үшін»,  «Германияны жеңгені үшін», Құлес Иманқұлов  ІІІ дәрежелі «Даңқ» және І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, жауынгерлік медальдармен марапатталған.

Отанды қорғау жолындағы жауынгерлердің ерлік тарихы өз тінін ешуақытта үзбей, кешегіден күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқаны ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі. Біз өз тарапымыздан аталған жинақ көпшілік оқырман қауымның ыстық ықыласына ие болады деген ниеттеміз.

882 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз