• Ел мұраты
  • 30 Қазан, 2020

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖӘНЕ ТАРИХ

Ханкелді Әбжанов,
ҚазҰАУ «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі,
ҰҒА академигі

Талант – жұмбаққа толы құбылыс. Біреуіміз оны табиғаттың сыйы деп білеміз. Екіншіміз Құдайдың құдіретімен адамға біткен қасиет ретінде қарастырамыз. Басқа да себептерін – тұқым қуалау, ортаның әсері, ұстаздың шарапаты сынды бастау-бұлағын ұлықтайтындар бар. Қалай болғанда да, талантты жанға сегіз қырлылық, жаңашылдық, көрегендік тән. XX ғасыр басында қазақ қоғамының көгіне аса талантты тұлғалар көтерілді. Олар саяси, рухани, әлеуметтік, ғылыми, т.б. салаларда ізашарлық сілкініс туғызды. Жазба деректерден бұларды сол тұста «оқығандар», «зиялылар» деп айдарлағаны белгілі. Жаңа буын ұлт зиялысының ірі өкілі Ахмет Байтұрсынұлы еді.

Ахаңның таланты жарқырай ашылған және тамаша нәтижемен көмкерілген салалар – рухани өмірдің әдебиет, ғылым, музыка, тіл құрылысы, педагогика, журналистика, баспа ісі, білім беру сынды маңызды буындары. Қай салаға қалам тартса да, түпкі көздегені туған халқының бәсекелік қабілетін арттыру, ұлттық кодын сақтау және әлемдік өркениет көшінен қалмауына септесу еді. Шешімін тапты да. «...Мен өзімнің негізгі арнамды – адамзаттың дамуының қозғаушы күші мен қуаты – ғылым мен техника деген пікірді жетекшілікке алдым» деген сөзі ағартушылық, алаштық, ұстаздық, өркениеттік дүниетанымы мен қайраткерлігінің формуласы.  А.Байтұрсынұлының бұл арманы бүгінде тәуелсіз Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдары түрінде рәсімделді. «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050», «Ұлт жоспары», «Үш жаңғыру» соның құрамдас бөліктері. Демек, ұлы тұлғаның мұрасы мен дәстүрі ғасырлар қойнауынан келіп жеткен  «Мәңгілік Ел» ұлттық идеямызбен үндесіп жатыр.

А.Байтұрсынұлы шығармаларының үлкен тобы тарихқа қатысты. Оның тарихи көзқарасын қалыптастырған арналар мейлінше құнарлы. Біріншіден, даланың ауызша тарихымен бала шағынан сусындап өсті. Отарлау саясаты қазақтың дәстүрлі өмір салтын түпкілікті бұза алмағандықтан шежіре тарқату,  тарихи жырларды жатқа білу, ұлы даланың тұлғаларын мақтан тұту, ел мен жер туралы аңыз-әңгімелерді ұрпақтан-ұрпаққа аманаттау халықтық педагогиканың мызғымас қағидаты ретінде жұмыс істеп тұрды.

Екіншіден, XIX ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ қоғамының өлшемімен қарасақ, Ахаң тәп-тәуір білім алып шықты. 1929 жылы өз қолымен жазған өмірдерегінде айтылғандай, 1882-1884 жылдары кейде үйдегі сауатты адамдардан, кейде кездейсоқ жақын маңайға келген ауылдық мектептен қазақша сауатын ашады. 1886-1891  жылдары Торғай екі сыныптық орыс-қырғыз (қазақ) училищесінде, 1891-1895 жылдары Орынбар қазақ мұғалімдер мектебінде білім алады. Бұларда отарлық идеология мен насихат үстемдік құрғанмен, берген білімінің сапасы айтарлықтай жоғары еді. Тарих пәні де оқытылатын.

Үшіншіден, үздіксіз интеллектуалды ізденіспен ғұмыр кешті. Ол жайлы өзі былай жазады: «1901 жылдан бастап, оқытушылықтан қол босаған уақыттарымда өз бетіммен білімімді толықтырдым, әдебиетпен шұғылдандым».   Алғашқыда отарлық, кейінде тоталитарлық қуғын-сүргін көсіле жазуына мүмкіндік туғыза бермеді. «Қазақ» газеті мен Алаш қозғалысының басы-қасында жүру, Кеңестік Қазақстанның саясаты мен тыныс-тіршілігіне араласу шығармашылық жұмысқа септеспеді. Соның өзінде артында мәңгілік мұра қалдыра алды.

Төртіншіден, ғасырлар тоғысындағы Ресейде тарих ғылымы әдебиеттен кейінгі көрнекті орында тұрды. Соловьев пен Карамзиннің дәстүрін шығыстанушылар мен          түркітанушылар (Радлов, Ме-лиоранский, Бартольд, т.б.) лайықты жалғастыра алды. Түркі әлемінің мақтанышына айналған И.Гаспыралының, Ш.Маржанидің, Шоқанның, Халидтің еңбектерімен танысуы тарихи жадын байытты, санасы мен танымын тереңдетті. Қазақ тарихының көне дәуірден XX ғасырға дейінгі сүлбесі  идеялық серігі Ә.Бөкейхан кітаптарында түзілгенін ескерсек, Ахаңның даярлығы осал болмағанын ұғынамыз.

А.Байтұрсынұлы – Орынбор, Қызылорда, Ташкент, Алматы қалаларындағы арнайы оқу орындарында дәріс оқыған ұстаз. Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтында Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті қызметін атқарса, 1928-1929 жылдары қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Қазақ тілі кафедрасының профессоры лауазымында еңбек етті. Тарих пәнінен де сабақ берген екен. НКВД-ның тергеушісіне берген жауабында мынандай жолдар бар: «Бірде 1927 жылы Қызылорданың Қазақ ағарту институтында тарих пәнінен дәріс беріп тұрған кезімде маған: «болашақта өкімет бола ма?» – деген сұрақ қойылды. Бұл сұрақ мемлекет билігі туралы оқылған дәрістегі адам баласы барлық заманда да биліксіз өмір сүрмеген деген сөзден туындады. Мен ол сауалға ғылым-тәжірибеге негізделеді, ал өткен тәжірибеге жүгінсек, адамзат биліксіз өмір сүріп көрмепті –  деп жауап бердім».   Ғылыми-педагогикалық ізденістері «Мәдениет тарихы» атты еңбек жазуға әкелді. Өкініштісі – еңбек жарияланбады, қолжазбасы әзірге табылған жоқ.  

Ұлт ұстазының тарихи көзқарасы мен ғылыми танымы ұзақ жылғы ізденіспен қалыптасты. Қазан төңкерісіне дейінгі еңбектерінде тарихи оқиғалар мен үрдістер, тарихи тұлғалар мен бетбұрысты шешімдер жайлы пайым-тұжырымдар бар болғанымен бір ізге түсірілмеген еді. Олар «Қырық мысал», «Маса» кітаптарында, газет-журнал беттерінде жарық көрген мақалаларында бедерленген. Ахаңның тарихи көзқарасы мен ғылыми зертханасы толық кемелденгені,  зерттеушілік әлеуеті биік деңгейге көтерілгені 1913 жылы жарияланған «Қазақтың бас ақыны» мақаласымен бекемделді. Мақаланы оқыған ғылым адамына тарихи тұрғыдан мына құбылыстар байқалады: 1. Абайды алғаш оқығанда А.Байтұрсынұлы 30 жаста екен. Өзі жазғандай, «Сөзі аз, мағынасы көп, терең... Ойланып дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды».  Білімге сын бұл емтиханнан орда бұзар отыздағы Ахаң сүрінбей өтті. 2.Ғылыми және тарихи танымның маңызды методологиялық қағидаты тарихилықты (историзм) терең меңгергені Абай құбылысын дәлме-дәл тануына қол жеткізді. «Заман бұрынғыдай болса, Абай алаштың атақты билерінің бірі болуы шүбәсіз», – дейді автор. Отарлық қыспаққа қарамастан Абай білім шыңын бағындырды. 3. Абайды Абай еткен сөзге шеберлігі, шешендігі ғана емес, өз заманы үшін ақиқатты айта алғаны. «Хақиқатты хақиқат қалпында, тереңді терең қалыбында жазған».  4. Мақаланың практикалық ұсынысы әлі де маңыздылығын жойған жоқ. «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек». Абайды «қадірлі жұртқа» танытуды міндетіне алуы ұлының ұлыға көрсеткен тағзымы еді.

Бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы көтеріліс, патшаның құлауы, Алаш қозғалысының тағдыры – бәрі танымды тереңдете түсті. Әсіресе, XX ғасырдың 20-жылдарында жазылған екі еңбегінің жөні бөлек. Әңгіме «Әдебиет танытқыш» және Т.Шонановпен бірлесіп жазған «Оқу құралы» туралы болып отыр.

«Әдебиет танытқышта» тарих пәнінің мәні мен ерекшелігіне, тарих ғылымының мамандарықтары мен салаларына, тарихшының міндетіне қысқа да нұсқа тоқталып өткен. Зерттеу объектісі ретінде тарих өте күрделі құбылыс екенін дәйектеу үшін «әуезе» ұғымын қолданысқа енгізеді. Әуезе оқиғаны хронологиялық тәртіппен, уақыт және кеңістік шегінде мазмұндауды, мағлұмат беруді талап етеді, сонысымен тарихи жадты, сананы, танымды қалыптастыру миссиясын атқарады. Ахаң әуезенің алты құрамдас бөлігін көрсеткен: шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме, тарих, тарихи әңгіме. Бұл жерде автор тарихтың ақпараттық-деректік және тарихнамалық негіздерін жүйелеп тұр. «Шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме, – дейді ол, – бәрі де тарихтың жемі есебіндегі нәрселер».   А.Байтұрсынұлының пайымдауынша тарих әуелі ұлы дерек, айғақ.

Келесі назар аударған мәселесі – тарихи зерттеудің теориялық-методологиялық әлеуеті. Деректің сапалы-сапасыз, толымды-толымсыз болуына зерттеуші жауап бермейді. Сол себепті деректің бәрі ғылыми айналымға кіруі міндетті емес, ізденуші керегін «аударып, ақтарып... алады». Бұл қағидат деректанушыға да, дерекке де қатысты. Ол ізденушіге ақпараттың қүндысын табуға жол көрсетсе, екінші жағынан деректер корпусының сапасын арттыруға ықпал етеді. Ал соңғысын ақиқат биігінен сөйлете алу ғалымның әлеуметтік-кәсіби даярлығымен, талантымен анықталады. «Тарихшылардың мақсаты, – деп жазды А.Байтұрсынұлы, – уақиғаның уақытын ғана көрсету яки не түрде болған тысқы сиқын ғана көрсету емес, ол уақиғаның болуына нендей нәрселер уақиғалар себеп болғанын көрсетіп, ішкі мәнісімен де таныстыру».     Демек, тарихи зерттеудің және зерттеушінің теориялық-методологиялық өресі биік болғанда ғана ақиқат ашылады, ақтаңдақтар жойылады.

«Әдебиет танытқышта» тарих ғылымын мамандықтарға жіктеу талпынысы бар. Мұнда үш мамандық көрсетілген: біріншісі «бүкіл адам баласы дүниеде қандай өмір шеккенін сөйлейтін тарих  «Жалпы тарих» деп аталады».    Бүгін де тап осылай аталып келеді. Екіншісі «адам мәдениет жүзінде жүрген жолдарын баяндайтын тарих «Мәдениет тарихы» деп аталады».    Тарих тармақтарына жатқызғандары: «шаруа тарихы, өнер тарихы, дін тарихы, даналық тарихы, әдебиет тарихы, тағысын тағы сондай тарихтар».    Ахаң атаған «Мәдениет тарихы» да, «Тарих тармақтары» да азды-көпті толықтырулармен қазір де бар.Үшіншісі «Жалқы тарихтар – түрік-моңғол тарихы, қытай тарихы, жапон тарихы және сондай бөлек-бөлек жұрттардың, ұлттардың тарихы» атауы бойынша болар-болмас өзгеріске ұшырады. Енді «Жалқы тарих» демейміз. Қазақстанда «Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы)» деп айдарланса, Ресейде «Отечественная история» атауымен сақталып тұр.

 Дерек пен айғаққа, сындарлы теория мен методологияға негізделген тарих «сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы» деп білген Ахаң  тарихи үдерістердің себебін табиғат заңымен байланыстырады. Әрине, бұл тым шектеулі түсінік. Тарихтағы табиғаттың рөлін ешкім жоққа шығармайды. Дегенмен бірінші орында халықтың іс-әрекеті, тұлғаның ізашарлығы, биліктің шешімдері тұрады.

Тарих пен ақиқаттың ажырағысыз бірлікте болғанын қалады. «Тарихтың қызметі, – деп жазады А.Байтұрсынұлы, – бүтін адам баласының яки бүтін бір жұрттың, иә таптың өткен өмірін болған күйінде айнытпай айту».  Ал ақиқатты айтудың басты шарты зерттеушінің деректер  кешенімен таныстығында, жұмыс істей білуінде екенін дәлелдейді: «тарихшылар халық басынан кешкен түрлі уақиғалардың  мағлұматын сымға тартқандай сынға салып, мінсіз етіп, дұрыстап өткізеді».    Естіген-білгенін сол қалпында тізе бермей, «рас- өтірігін тексеріп, расын ғана алады».   

А.Байтұрсынұлы тарихты дәуірлеу мәселесімен арнайы айналысқан жоқ. Бірақ одан хабарсыз  да қалмады. Бүған жазу әдебиетін екі дәуірге – діндар дәуірге, сындар дәуірге бөлгені дәлел бола алады. Екінші жағынан, қазақ қоғамының хандық дәуірін, отарлық дәуірін, пролетарлық төңкерістен кейінгі дәуірін нақты ажыратқанын байқаймыз. Соңғы екі дәуірдің тарихына өзі де пәрменді ықпал етті.

«Әдебиет танытқыш» ұлттық тарихи ақыл-ойға жаңа леп берді. Ол «Оқу құралымен» одан әрі тереңдеді. «Оқу құралының» бірінші бөлімінде тұтас тарау «Тариқ» атауымен топтастырылған. Мұндағы 16 тақырыптық материал көшпелі түріктер заманынан 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі оқиғаларды қамтиды. Авторлар ішінде Шәкәрім мен Мағжан, Міржақып пен Жүсіпбек, Ленин мен Троцкий, Н.М.Покровский мен С.Мстиславский бар. Абылай мен Наурызбай, тобықты Әнет би, найман Жанкісі би, 1916 жылғы көтеріліс, II Николай патшаның тұтқынға алынуы, Қос өкімет, қазақтың жермен қоштасуы тарих тұрғысынан сөз болады. Ұлттық тарих баянын жеткізуде әсірелеуге, бұрмалауға жол бермегені авторы белгісіз «Ақтабан шұбырынды»  тақырыпты материалдан анық байқалады.  Онда былай делінген: «Мал жолай өліп, қырылды. Жаяу жалпы шұбырынған ел жолшыбай қырылып келеді. Көшке ере алмаған кемпір, шал, балалар далада қалып барады. Табаны тиіп жүре алмай, бір төбенің басында Тобықтының атақты Әнет биі де қалды деседі. Қыс қандай қатты болды! Арқаның бораны мен қары жоңғардан анағұрлым қатты тиді. Ердің ері, егеудің сыңары келіп Сары-Арқаға жетті. Сол лайсаңға жұрт «Ақтабан шұбырынды» деп ат қойды. Ақтабан шұбырынды 1723 жылы болған. Қазақ тарихында Ақтабан шұбырынды сықылды қысаңдық аз болған. Сол келген бетімен қазақ халқы орыс үкіметінің қол астына кірген».  

Тәуелсіздік тұсында жарияланған 5 томдық «Қазақстан тарихы» академиялық басылымның 4-ші томында 1723 жылғы апатқа біршама орын беріліпті. Ондағы пайым мен тұжырым бізге әбден таныс: «В 1723 году первыми приняли удар казахи Жетысу и Прииртышья; и удар был так силен и быстр, что люди оставляли самых немощных и самых малых на волю судьбы. Потому в памяти народа сохранились воспоминания о тех годах, как годах великого бедствия. Свидетельством тому является великая песня «Елимай». К тому же была захвачена по сути вся территория Казахстана, исключая только самые пустынные и непроходимые земли. Это бедствие коснулось не только казахов, но и всех народов Центральной Азии».    Үзіндіні қазақшаға аударуға болатын еді. Бірақ тұпнұсқаны сақтағанды жөн санадық.

Бірінші бөлімнің «Тариқ» тарауына кірмеген, алайда «Әдебиет, тұрмыс, еңбек» бөліміне орналастырған материалдардан А.Байтұрсынұлы ежелгі адамдарға тән өмір салтын, киімін, тұрғын үйін, құрал-саймандарын кәнігі тарихшыдай талдағанын мойындауымыз керек. Ол тақырыптардың атауынан да байқалады: «Адам жер жүзіне таралуы», «Алғашқы адамдардың тұрмысы», «Алғашқы адамдардың құралдары», «Адам от жағуды қалай үйренген», «Алғашқы егін көліктері». Бұларда археология және этнография ғылымдарының тас дәуірі, қола дәуірі, темір дәуірі, неке мен отбасы, тайпа, әскери демократия сынды ұғымдары қолданылмайды. Мәселе қарапайым оқырманға түсінікті тілде баяндалады. Сөйте тұра көне тарих жайлы әлемдік ақпарат легінен тыс қалмағанын ескертеді.  «Араб, қытай, жапон, басқа тілдерде жазылған ескі кітаптарда, – дейді ол, – жабайы және көшпелі халықтардың қонысынан ауғаны жайында жазылған сөздер көп».  

Азияны адам баласының бесігі санады. Оның пікірінше, адамдар Азиядан тек шығуды ғана білмеген, Азияға қарай да ауған. Бірақ ғасырын, мыңжылдығын атамайды. «Атам заманнан бері қарай» деумен шектеледі. Ең маңыздысы – «қозғалып, ауып, шұбырып, амалсыз, жер жүзіне ерсілі-қарсылы кезіп тентіреген» тарихтың себебі неде екенін дұрыс таба алғаны әрі бірнеше рет көрсеткені. Бір жолы бұрынғы адамдар «тұруға, күн көруге, тамақ асырауға қолайлы орын қараған» десе, келесіде «бәрін жүргізетін бір тамақ» дейді. Бүгінгі жаһанданудың да басты себебі жайлы жер, тәтті тамақ емес деп ешкім айта алмас.

Әлем тарихы халықтардың қоныс аударуы барысында түзілгенін баса көрсетумен бірге қазақ тарихынан екі терең тұжырымға келеді. Бірі – Ұлы даланың әлемдік миграциялар айлағы болғанын дәлме-дәл айта алғаны. «Қазақ даласының үстімен ауып өткен ел өте көп, – делінген  «Оқу құралында». – Қазақтың ескі жырларында: «Адыра қалғыр бұл қоныс – қайырсыз екен ежелден, жеті жұрт кетіп, жол қалған» дегені қазақ даласының үстін көп ел басып кеткендігін көрсетеді, бірақ ескі тарих сөздеріне қарағанда, сары далада тек қана бір жеті жұрт емес, әлденеше жеті жұрт тұрып өткен».   Бұл тезис бүгінгі археологиялық, антропологиялық, этнологиялық зерттеулермен дәлелденіп отыр. Екіншісі – Ұлы даладағы қоныс аударудың өзегінде тұрған этностарды атағаны. Әрине, оқиғалардың хронологиясында, рет санында жаңсақтықтар бар. Дегенмен этникалық тарихты дұрыс түсінуге шылбыр ұстатады. «Мұнан, – дейді «Оқу құралы», – екі жарым мың жыл бұрын ескі қазақ даласы жақтан осы күнгі орыс ішіне қарай «скиф» деген ел келген. Скифті «сармат» деген халық келіп қуған. Сарматты «авар» халқы келіп ысырған. Мұнан мың жарым жылдай бұрын «ғұн» деген тұқым ауып келіп ысырып жіберген. Бұлардың соңынан әлденеше жұрт келіп өткен. Мұнан сегіз жүз жылдай бұрынырақ татар мен қазақ келіп орнаған. Сонымен түрлі жұрттар бірін-бірі киіп кетіп, ысырып, аудырып отырған».  

А. Байтұрсынұлының тарихи санасы мен танымын кешенді ұғыну үшін қазақ ойшылдарынан кімді ұлықтағанын, қандай шығармаларына екпін бергенін, егер оларға түсініктеме жазса, қандай ойын қолдағанын білудің маңызы зор. Айталық, «Оқу құралында» Шоқанның екі еңбегі – «Ерте замандағы қазақ қару құралдары»  мен «Сіргелі Елшібек батыр» берілген. Тіленші би «Қаз дауысты» Қазыбек  бидің немересі, Бекболат бидің баласы екені Шоқан кітабына сілтеме жасаумен дәйектелген. Абай, Ыбырай, Сәкен, Мағжан, Міржақып, Бейімбет өлеңдері мен әңгімелері қазақ этнографиясы мен менталитетін, ұлттық коды мен руханиятын қоғамдық санада орнықтыруға қызмет етеді. Шығармадағы «Кенесары қоныстан ауғанда Досқожа ақынның айтқаны» деген көлемді жыр бір қарағанда туған жер одасындай көрінуі мүмкін. Ал тереңірек үңілген оқырман ұлттық тарих пен жердің арасындағы мәңгі байланысты, өзара ықпалдастықты көре алады.

«Қонысым сені қия алмай // Үш жылдайын қамалдым // Енді қайлам таусылды // Қош, аман бол, Қаралдым! // Айналайын, Ақ татыр! // Айнала құрдым ақ шатыр // Тайпа аруақ бұл жатыр! // Қасыңнан қалқам, кеткен соң // Орыс та малын құлатар! // Көреді аттың таңдағын, // Арбалы-боздың шаңдағын, // Көрдіңіз бе, иесіз // Аруақтың қалғанын?!» – деген жолдарды оқыған соң басқа ой тууы мүмкін емес.  

А. Байтұрсынұлы большевиктік идеяның Қазақстандағы болашағына, сол идеямен өрілетін тарихтың құтты болатынына  сенген жоқ. Өйткені, қазақ қоғамындағы рухани сұраныс пен ахуал, әлеуметтік және экономикалық өмір, байлық пен билік, заң мен дәстүр – большевиктер тұжырымы мен бағдарламасынан мүлде өзгеше екенін, «коммунизм идеясы жарнамадан» әрі аспайтынын  әрқашан алға тартып отырды. Оны 1920 жылы Ленинге жазған хатында кешенді дәйектеді. Бұған қоса кешегі отар өлкедегі социалистік құрылыстың алғашқы 3-4 жылы большевиктік биліктің жасампаз қабілеті мейлінше төмен екенін көрсетті. 1921 жылы партияны тазалау жөніндегі комиссияға берген өтінішінде «РКП ұйымдарының қазақтар арасында жүргізген жұмысының қай саласын алсақ та, ешқандай алға жылжушылық» болмағаны әшкереленді. «Қазақтар үшін де, жалпы алғанда қараңғы халық бұқара үшін де коммунизм идеясы, Гейненің сөзімен айтқанда «шақырылмаған бөтен қонақ» еді. Өз елінде, өз жерінде отырған халықты сырттан келгендер ешқашан жарылқаған емес, жарылқамайды да. Алаш һәм Алаш Орданы алғаш құрушылардың бірі бола тұра кеңес өкіметі жағына мәжбүрлеусіз-ақ өткенде басты көздегені ұлтының игілігіне қызмет ету еді. «Мен, – деп жазыпты ұлы Тұлға, – РКП программасын ұзақ уақыт бойы қазақ халқын азат етудің жолдарын іздестіруден соң барып қабылдаған едім». Ең бастысы – большевиктер билеген Қазақстанда түрлі қызметтерді атқара жүріп, тіпті абақтыға қамалғанда да туған халқын тоталитарлық қыспақтан, қуғын-сүргіннен қорғап қалуға бар күші мен білім-білігін риясыз жұмсады. 

А.Байтұрсынұлы тарихты ғылымға айналдырып  қана қойған жоқ, ХХ ғасырдағы ұлттық тарихымыздың жарқын беттерін түзуші биігіне көтерілген ұлы тұлға. Оның идеялары Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, М.Шоқай, К.Кемеңгеров, Х.Досмұхамедов зерттеулерімен үндесіп жатыр. Кеңестік билік сол асыл мұраны жарты ғасырдан астам уақыт бойы тас қапаста ұстады. Ұлттық тарихи ақыл-ойды мүлде басқа арнаға бұрып жіберді. Енді, міне, кешігіп жеткен рухани жаңғырудың тілегін тілеудеміз. 

4100 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз