• Еркін ой мінбері
  • 30 Қазан, 2020

ҚАЗАҚ ЗАҢНАМАСЫНЫҢ ӨНЕГЕЛІ ӨРІСІ

Тұрсын Сыдықов,
ҚР педагогика ғылымдары академиясының академигі, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының қызметкері

Мықты шығарма ыстық құмарлықпен өліп-өшкен құштарлықтан ғана туатынын дәлелдеп өткен Алаш қайраткері, тамаша ақын Мағжан Жұмабаев большевиктердің елін тап-тапқа бөліп атыстыруына қарсы болды. «Тапсыз бүтін елміз» деп қазаққа жат түсінікке бірінші қарсылық көрсеткен қайраткер. Халқымыздың ежелгі дәуірінен XX ғасырдың алғашқы жартысына дейінгі тарих, аңыз, шежіресінен бай мен жалшысы арасында ит пен мысықтай шайқасып, алысып, арпалысып, көрместей боп керісіп, бидің алдында тағдыры телулі мырзасымен пышақтасқан кедейдің зары мен мұңын көзбен көріп, құлақпен естігендер жоқ. Өйткені, біреуі ата-бабасынан бері дәулет біткен бай да, екіншісі күнкөрісі жоқ кедей. Кедей жан бағу үшін кім көрінгеннің есігінен сығаламаған. Өзінің жан-дүниесін түсінетін, еңбегін дұрыс бағалайтын, бала-шағасының жағдайын ескеретін адал, мейірімді, жайсаң, қайырымды, имандылығына шүбәсіз сенетін бай адамға жалданып, алаңсыз адал еңбек еткен. Кейде ол алыс ағайын, рулас боп шықса тіптен жақсы. Жалданушы нағыз еңбеккер, адал, ақылды, ұстамды, шаруаны өзінің шаруасындай жүзеге асыратын адам боп шықса, дәулет біткен кісі оған сеніп, тапсырған істің бар жауапкершілігін жүктеген. Есесіне ішіп-жем, күнкөрістен тарықпаған. Қыспаған, еркін жүріп, еркін тұрған. Бар мұраты өзі жалданған қайырымды байдың қас-қабағын бағып, ісінен мін таппауын ойлаған. Бай мұндай адамнан айырылып қалмас үшін керек болса үйлендіріп, кейін отбасының бар жағдайын жасап, алаңсыз еңбек етуіне мүмкіндік тудырған. Шаруасы шатқаяқтамай табыс көзін әкелуі үшін иесі осы шаруаны жасайтын адамдарды іздеп тауып, ең бірінші оның жағдайын ойластырған, алаңсыз, еңбекті беріле істеуіне мүмкіндік тудырса ғана айы оңынан тумақ. Ал жалданушыны жұмысқа жегіп, еңбек ақысынан қысып, жағдай жасамасаң, ұрыс-керіс көбейіп, ауыр қылмыс етек алып, шаруаң шатқаяқтап, кіріс таппақ тұрмақ, барыңнан жұрдай боп, төңірегіңе жөндемді жан жоламасы аян. Мағжан ақын өзі дәулетті отбасынан шыққан, болыстың баласы, бұланайдай биік, текті тұлға болғандықтан, естігенін емес, көзбен көргені арқылы ақиқатты алдыға тосқан. Мағжанның айтпағы, қазақта еңбек заңы ежелден біреудің еңбегін қанап, табысыңды үстемелейтін жыртқыш, жабайы тәртіпке емес, еңбек адамына адамгершілік көзқараспен қарап, туыстық, бауырмалдық қатынасты орнатып, сыйласым мен сенім арқылы шаруа табыс көзіне айналуына негізделмек. Демек, «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» (Бауыржан Момышұлы). Қазақ қоғамы ынтымақ пен бірлікті қанына берік сіңіргендіктен «тап-тапқа бөлінбей, тапсыз бүтін елдігін» сақтауды ұрпақтан-ұрпаққа эстафетадай жалғастырып, еңбек кодексіне қылдай қиянат жасамаған текті ел.

Арнайы қазақ заңнамасын зерттеген Н.У.Усерованың «Казахское и нормы мусульманского права» (1998), М.А. Құл-Мұхаммедтің «Политико-правовая история казахов в оценке деятелей партий Алаш» (1999), С.Өзбекұлының «Общественно-политическая и правовая мысль в Казахстане с XVII до начала XX веков» (1999), «Барлыбек Сыртанов» (1966); Ш.А.Андабекова «Чрезвычайные съезды биев» (1995), Г.З.Идрисова «Политические и правовые воззрения М. Сералина» (1985) атты салиқалы монографияларды сана сарабынан өткізгенде зерттеушілер қазақ қоғамындағы салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүрлер, іс-әрекеттерден өрістейтін құқықтық кодекстерді релаксацияға жол бермей, билер мен шешендердің поэтикалық, философиялық, лингвистикалық толғаныстарына герменевтика мен рецептивті эстетика биігінен үңілгендеріне көңілің көншиді. Сот ісін жүргізуде билер мен шешендер процеске қатысып отырған халықпен талқыланып отырған қылмыс төңірегіндегі ашық-жарқын әңгімеге, плюрализмге алаңды ашып тастаған. Таным-пайымы, ой-парасаты биік, рухани, шешендік, шеберлік қабілет-қарымы жоғары олар мұндай тәсілмен қылмыскерді халық өзі жазалап, өзі жаза тағайындауына жеткізген. Сондықтан да шығар, Майқы би, Мәті би, Саққұлақ би, Төле би, Тәйтеке би, Әйтеке би, Шоң билердің заманында ұрлық, қарлық, өтірік, өсек тыйылып, талас-тартыстың оты өшкен көрінеді. Айталық, ұрлықтың кішісі, ірісі болмайды, елді ірітіп-шірітетін зұлым, лас әрекеттен арылудың қажеттігіне арғы-бергі өмір шежіресінен ғақлияны сот жүргізуші судай төгілдіргенде, тыңдаушысын қатыгездікке егілдіргенде халық Шоң биді қоштап, тоқты ұрлаған ұрыны тарттырып өлтірген, осыдан кейін ұрлық, қарлық күрт тыйылған. Әрине, бұл тым қатал жаза, әйтсе де аргументі беріктігі түпкі тәліміне құлаған. «Сөз шынға тоқтайды, су шымға тоқтайды, пышақ қынға тоқтайды».

Заң ғылымдарының докторы М.А. Құл-Мұхаммедтің «Қазақтардың саяси-құқықтық тарихы Алаш партиясы қайраткерлерінің бағалауында» атты ғылыми зерттеуінде олар оң бағасын алған. Алаш қайраткерлері, тәуелсіз қазақ автономиялы мемлекетін құрып, оны өркениетті ел қатарына жеткізу, мемлекеттің тұғырнамасы – заңнамасын әлемнің озық стандарттарымен байытып, өкімет жүйесін берік өруді, геосаяси сұңғыла саясаттан тәлім алып, озық үлгіні игеруді мақсат етті. Өздеріне дейінгі қазақ қоғамын берік ұстап тұрған қоғамдық-саяси, құқықтық негізді озық үлгімен мазмұнын байытып, мемлекеттің қуат-күшін жетілдіруді жедел қолға алады. 1917 жылы 21 шілдеде Орынборда жұмысын бастаған бірінші Жалпы қазақ съезі материалдарын жарақтау барысында оған көз жеткізесіз. Съездің күн тәртібінде қаралатын өзекжарды мәселелер: 1. Мемлекет билеу түрі; 2. Қазақ облыстарында автономия; 3. Жер мәселесі; 4. Халық милициясы; 5. Земство; 6. Оқу мәселесі; 7. Сот мәселесі; 8. Дін мәселесі; 9. Әйел мәселесі.

Осындағы сот мәселесіне қатысты ұсыныстары: «Осы күнгі қазақтың народный суды жоғалсын», – дейді. Бізше, бұл бұрынғы сот жүргізу тәсіліне ұлы державалық шовинизм шапанын кигізіп, ассимиляцияға түскен қалпынан безіну; «Би һәм судиа жергілікті жұрттың тілегін білуі» міндеттелінді; «Құдайдан соңғы күшті би һәм судиа болып, кім де болса, олардың хүкіміне мойынсынуы» («Алаш қозғалысы». «Руханият» орталығы. А., 2008) қажеттігі қатаң ескертіліп, азаматтық қоғамның ірге -тасының беріктігі заң мен тәртіп екенін ескеріп, бар күшті ең бірінші соның көркеюіне жұмсауға шақырады. Съезд Абайдан кейін әйел мәселесіне қатысты тың заң кодексін ұсынуымен құдірет-күшін мойындатты. Еш-нәрсеге алаңдамай, қорқып-бұқпай: «Әйелдер саяси құқықта ерлермен тең болсын» деп отбасы, ошақ қасынан бойы аспаған, еркектің қолжаулығы саналған әйелдің бойы ерімен бірден теңеспек. Қоғамның бар саласында ерлермен тең дәрежеде жүріп-тұрып, қызметті қатар атқаруға, ірі істерде бел шеше белсенділік танытып, төрт құбыласы сай азамат деңгейінде бой көрсетуге қақылы. Осы уақытқа шекті қазақ қыздары мен әйелдерінің  сормаңдайлығының көрінісі: «Күйеуге тию еркі әйелдің өзінде болсын», «Қалың мал жоғалсын», «Тұл қатын сүйгеніне тисін, әмеңгерім деп зорлық қылу болмасын» деген баптар заңнамаға енгізіліп, феодальдық-патриархалдық құрылыс талабы дүниеге келіп, берік орнығып қалған салт-сана, ғұрыптың шіріген жемісін лақтырып тастаулары, сөз жоқ, отбасы институтын теңдесі жоқ дәрежеде жетілдіру, жаңғырту, жақсарту, нәзік жыныс өкілдерінің есіктегі басын төрге сүйреу. Қоғам психологиясын, қоғам келбетін өзгертуге жасалынған бетбұрыс. Алаш қайраткерлерінің бірінші съезінде қабылданған құқықтық заңнамаға енгізілген «16-ға толмаған қызға құда түсу болмасын», «Жеті атаға келмеген жерден қазақ қыз алмасыны» – халқының бүгінін ғана емес, болашағына жаны ауырған, көрсоқырлық пен дүниеқоңыздық, сасық пиғылдың жетегіндегілер ойлап тапқан жасанды салтпен құйрық кесісуге, имандылыққа, адалдыққа, тазалыққа, кемел парасатқа шақырған біліктінің тілегі. Өйткені, қазақта: «Он үште – отау иесі» деген мақалсымақ бар. Ол негізінен қыз балаға қатысты. Қыз баланы бесікте жатқанда-ақ құда түсіп, қалың малын алып қойған әке, қызы есі кіріп, «төңірегіне көз салар» шаққа жеткізбей, пәк кезінде күйеу баласына табыстап, еркін дем алудың амалынан туған арам пиғылдың сорпасы. Алаш ардагерлерінің 16-ға толмаған қызға құда түсуге қарсылығы ақыл-есі кіріп, бойжетіп, өмірлік қосағын өкінбестей танып-біліп барып, қолынан ұстарлық шаққа жетуін ойластыруларынан. Ал неке жүзігін киюге уағдаласқан жастар жастық албырттыққа бой алдырмай, бірін-бірі жете танып, түсінісу барысында екеуінің арасы жеті атадан кем болмауын қатаң ескергендері жөн. Қан жақындығы өмірге келер ұрпақтарының ақыл-ойына, денсаулығына кері әсерін тигізетіні ғылымда дәлелденген жай. Отан отбасынан басталады. Ұлттың денсаулығы мықты, ақыл-ойы кемелділігі – сол отбасындағы некенің берік, шаңырағы биік, шаттыққа толы болуы махаббат сынынан өтіп барып табысқан, жоғары рухани адамгершілік қасиеттері мен белсенді азаматтық ұстанымдары бар, жақындықтары жеті атадан асқан, қандары таза, жамандық, ұшқалақтық, алаңғасырлықтан ада жастарға, болашаққа тәуелді.

Алаш ардагерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Е.Омаров, Е.Тұрмұхамедов, Ғ.Жүндібаев, Ғ.Бірімжановтар құрастырған бұл жобада жастарға ғылым-білім үйретуге қатысты да кемел саясат, кемел парасатты басшылыққа алыпты. Бапта: «Оқу орындарының есігі кімге де болса ашық һәм ақысыз болуы және балалардың бастауыш мектепте ана тілінде оқуы» міндеттелінген. Қараңыз, патшалық Ресей империясы мен коммунистік империяның екі жақты қысымын бастан кеше, олармен ымырасыз күресе жүріп ұлттық мектепті құрып, онда қабылданған балалар ақы төлемей еркін білім алуын, мектеп есігін енді аттаған бастауыш сынып оқушыларын ана тілінде оқытуды міндеттеуі – бұл стратегиялық көрегендік, мемлекеттік тұрғыда толғанатын, ішкі дүниесі барынша құнарлы халықшыл санадағылардың прогрессивті шешімі. Қазіргі жаһандану кезеңінің дәмін татып, индустриялық-технологиялық өркениеттің тізгінін қолда бекем ұстаған заманда білім беру саласын ақылы жасап, бастауыш мектепте әлі сауатын аша қоймаған балаларға өзінің ана тілін жете меңгеріп, әліпбиді игеруіне бар мүмкіндікті үйіп-төгіп, мұрнынан шаншылта еңбек еткізудің орнына, үш тілді қатар меңгертудің дүмбілез саясаты күштеп таңылуда. Жастар – біздің болашағымыз, болашақтың нұрлы, мәңгі, қуатты болуы – сол жастардың әлемдік өнер, білім шалқарынан еркін сусындаған сегіз қырлы, терең сырлы білімпаз, өз мамандығының жалында ойнаған, ұлтжанды, елінің мұратын қара нардай қайыспай көтеретін деңгейге жеткізе алуымызда. Ол үшін білім-ғылым саласының тізгінін ұстаған азамат кездейсоқ қабілеті мен ішкі дүниесі жұтаң, формалист болмай, Түркістан зиялылары: «Күшті сенің қаламың. Халық ісі – сенің тамағың. Жаса, ұлт мектебінің жүрегі», – деп бағалаған Ахмет Байтұрсыновтар үзеңгіге аяқ салғанда ғана бұл киелі саланың киесі оянып, күйісі өзгермек.

Жобаны құрастырушы Алаш қайраткерлері мемлекет билеу түрі, жер мәселесі, халық милициясы, дін, земство мәселелерінің заңнамасын да толықтырып, кейбірін түбірімен өзгертіп, ежелден қызмет етіп келгендердің өміршеңдерін сәл бүгінгі күн талабына бейімдеп, Барлыбек Сыртанов Конституциясын басшылыққа алған. Міне осылайша Алаш қайраткерлері өткізген бірінші Жалпы қазақ съезінде күн тәртібіне қойылған Қазақ автономиялы республикасының іргетасын берік өруге негізделген өзекті мәселелердің заң жобасының трансформацияланған мәтіні талқыға салынып, өмірге жолдама алды.

Большевиктер партиясының бағдар-ламасында: «Заманында патшаның отарында болған кез келген ұлт енді Ресейдің құрамынан бөлініп, өз бетінше тәуелсіз ел бола алады, дербес мемлекет болуға құқылы», – деп жазылғанымен, СССР атанып, саяси-экономикалық бұлшық еті өсе келе, патшаның отарында болған ұлттардың тәуелсіздігін жойып, орыстың большевиктік ұлыдержавалық шовинистік билігі геноцидінің құрбаны етті. Алаш қайраткерлері құрған автономиялы республикасын 1923 жылы большевиктер құлатып тынды. Алаштың саяси иммунитетін дімкәс қалыпқа түсірді. Алайда, халқын отарлық езгіден азат етіп, бодандық шынжырын талқандап, тәуелсіздікке қолдарын жеткізу күресіне бастарын тіккен Алаш көшбасшылары өз тұжырымдарын, өзінің теориялық концепциясын тұйыққа тіремей, мақсаттарына жету үшін енді ашық күреспей, астыртын ұйымға бірігіп, Кеңес өкіметіне қарсы күресудің құпия тәсіліне көшті. Л. Толстой «Крейцер сонатасында»: «Ешқандай мақсатың болмаса, өмір бізге өмір сүру үшін ғана берілген болса, тіршіліктің қажеті жоқ. Өмірде мақсат болмаған соң, сол мақсатқа жетісімен өмір тоқтауы тиіс», – деп арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, халық бақытына туып, халқының қолын бақытқа жеткізуді мақсаты, басты арманы еткен қаны таза перзенттеріне қатысты айтылған бұл тектілерде ғана сирек ұшырасатын қасиет. Алаш қайраткерлерінің бойына ғана шақ. Олар уәделерінде тұрып, астыртын күрес оты лапылдай бастағанда, коммунистік империя «буржуазиялық-ұлтшылдардың» ізін қырағылықпен аңдып, біртіндеп ұстап, саяси репрессияның құрбаны етеді. Бірақ олар халқының жүрегін мәңгі мекендеп қалған, тәуелсіз мемлекетінің тұғыры берік қалануының заңнамалық кодекстерін жасауға білім-парасатын жұмсап, ұлтының азаттығын аңсап, шайқаста тозақты бастан кешкендеріне өкінбей өткен, текті, уникум тұлғалар, нағыз абыздарымыз. Абыз ұғымына тарих ғылымдарының докторы, академик Мәмбет Қойгелдиев былайша анықтама беріпті: «Заман ағымын алдын болжап, көріпкелдік жасап, тұла бойы синкреттік өнерге тұнған, сөз сөйлесе төгілген шешен, ой ойласа көріпкел көсем, халқының рухани әлемінің өзегіне айналған бірегей кетпен тұяқ кемеңгер тұлға». Бұған қосарымыз, Алаш серкелерінің бойынан жас ұрпақ Платон, Цицеронның ғылымын, ақыл-парасатын, шешендігін; Прометей, Данко, Қобыландының көзсіз батырлығын көріп, құрметтеп өтері ақиқат.

Көшпелі өмірге негізделген қазақ заңнамалары, шаруашылық-тұрмыстық, дүниетанымдық негізі берік дәстүрі ежелгі дәуірден бір орталыққа бағындырған СССР Конституциясына дейін мінсіз қызмет етті. Оны заң ғылымының жілігін шағып, майын ішкен ғұлама ғалым, академик С.З.Зиманов жете зерттеп, фундаменталды, перзенттік интуицияға, біліктілік процестен бастау алған таныммен жүзікке қас қондырғандай, нысанаға дәл тиген тұжырым жасаған: «Казахское право «Жарғы» – это во многом селективное право, выражающее общее и особенное в развитии кочевого общества в Восточном Дешт-и-Кипчаке (Кипчакской степи). Оно представлено как бы естественным отбором из правовых массивов кочевых обществ, сменявших друг-друга на протяжении многих веков и истории Центральной Азии. Следовательно, в нем есть нормы и следы от гуннов и тюркских каганатов, от кипчаков и монгольской империи» («Казахский суд биев – уникальная судебная система». Алматы. «Атамұра», 2008. с. 178). Ата-бабаларымыздың бір қауымынан екіншісіне ауысып, толықтырылып, интерпретацияланған заңдар жинағы көшпенділер мемлекетінің, Орта Азия хандары мен Ордаларының экономикалық-саяси тұрақтылығы мен қуаттылығының тірегі болған. Оларда халықтың мұңы мен мұратын, әлеуметтік теңдік, адалдық, тазалық, әділдікті көксеген дегдарлық пен мәрттік мығым жатты. «Алдың – пейіш, артың – кеніш» болғыр, марқұм, академик Салық Зиманұлы Зиманов ағамыздың басшылығымен жиналып, өңделіп, уақыт кірінен тазарған «Қазақтың ата заңдарының» 10 томдығы зерттеу жобасын жарыққа шығарған заң ғылымдарының докторы К.Б.Сафинов, заң ғылымдарының докторы Мами Қайрат Әбдіразақов, заң ғылымдарының докторы  Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед аса зор үлес қосты. Олар қазақ құқығы көне түркілердің бір бұтағы – Қазақия жұртының құшаққа сыймас алып аймағында «құлашын жайған өркениет аралы» саналғанын, іргетасы берік мемлекет болғанын жалпақ әлем мойындауын көздеп, қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде бастырып шығартқан. Мұхаммед Пайғамбарымыздың «Кісінің кісілігі – тіл мен жүрек және дегдарлық, мәрттік» деген ғибраты осы ұлтжанды азаматтарымыздың бойына шақ.

Заңнамаларды зерттеушілердің еңбектерін мұқият саралап отырғанда көкейге түйгеніміз, кеудесі көк тіреп, қазақтарға көшпелі, қараңғы, надан жұрт деп мұрын шүйіретін колонизаторлар сот процесінде жергілікті қауымға өз заңдарынан балама таба алмай, жандары қиналғанда, өз мүдделеріне де оңқай асықтай үйіріліп тұрған көне ата заңымыздың аяғынан шынжырын сыпыруға мәжбүр болған көрінеді.

ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары Кеңес өкіметі құрамында әуелі Қырғыз (қазақ) автономиялы республикасы, сосын Қазақ ССР-ы болып өмір сүріп, 1991 жылы СССР құлағаннан кейін Тәуелсіз қазақ еліне айналды. Қазақ енді қаншама елмен қанаттас қатар өмір сүре отырып, солардан, заман талабынан артта қалмай, білімі, ғылымы, шаруашылығы, өндірісі, өнері, мәдениеті жетілген, мемлекеттік құрылысы мығым қабырғалы, қуатты ел болу үшін Елбасымыз  Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «Қазақстан Республикасының Конституциясы – қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік жаңғыруының іргелі негізі» екенін ескеріп, көне заңдардың мазмұны үйлеспейтіндіктен, жаңа қоғам, жаңа заман критерийлерін, алгоритмін негізге ала отырып Конституцияға көшу қажеттігі, міндеттілігі туындады. Конституция құқықтық мемлекет идеясын, ел бірлігін, бейбіт өмірді, шаруашылығы, өнеркәсібі, білімі мен ғылымы, мәдениеті жан-жақты өркендеген жасампаз дәстүрді орнықтырып, өркениеттің көшінен қалмауын, еліміздің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік, рухани жаңғыруын қамтамасыз етпек. Көрнекті қоғам-мемлекет қайраткері, өз мамандығының төңірегіндегі өзекті мәселелерді, шиеленген түйіндерді шешуге бірінші болып ұмтылатын, келелі кеңесінің иініне орап, иіріміне ілестіріп алып кететін сұңғыла мінезді, сөздің де, ойдың да, ортаның да көркі, көрнекті заңгер, профессор, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Р.Сәрпеков Конституция төңірегінде мынандай қорытынды жасапты: «Конституция елімізде азаматтық қоғамның орнығуы мен құқық үстемдігінің бекуіне барынша ықпал етіп, тиімді билік жүйесінің қалыптасуы мен ұлттық заңнаманың дамуы және басқа да қоғамдық институттардың сындарлы жұмыс атқаруын қамтамасыз ететін нормативтік негізі мықты, өміршең де маңызды құжат».

Өткеннің прогресінен бүгінгінің проблемалары туындайтыны Норвег афоризмінде дұрыс пайымдалыпты. Қазақтың ата заңдарының прогресінен бүгінгінің проблемаларын көтерген Конституция өмірге келді. Сөз жүзінде патшалық Россияның отары езілген ұлттар құқығын мойындауды жария еткенімен, іс жүзінде мүлде басқа принципті басшылыққа алып, СССР-ды бір ұлт, бір мемлекетке айналдыруға бекінген Кеңестік өкіметтің Конституциясы негізінде жазылған 1937 жылғы Қазақстан Конституциясы, 1978 жылғы Қазақ ССР Конституциялары отар елдердің ұлттық саясатына нигилистік, бодандық көзқараспен қараудың салдарынан сау емес-ті. Кеңес Одағы күйреуінен кейінгі бірінші Конституция 1993 жылы қабылданып, оны Жоғарғы Кеңес бекітті. 1995 жылғы 30 тамыздағы бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция тәуелсіз елдің Конституциясы ретінде елдегі саяси құрылысты түпкілікті өзгертіп, Тәуелсіздік әділетті заңға сүйенген ашық қоғам екендігіне көзімізді жеткізіп, мерейімізді тасытты.

Ескі жүйе ыдырап, демократияның, еркіндіктің ескек желі соға бастаған шақта ұлттық ұстанымдармен суарылған халық мұратына қызмет ететін заңдардан тұратын «Конституция – Мәңгілік Ел идеясын орнықтыруға бет түзеген, Тәуелсіздіктің жасампаздық рухы салтанат құрған жас мемлекетіміздің берік тұғырына» (Р.Сәрпеков) айналса ғана бағымыз жанады. Елді жан-жақты дамытып, кемелділікті қалыптастыруға даңғыл жол ашатын Ата заңымыз – Конституцияның саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани нормаларын қозғайтын жаңа заңдарды әзірлеуге күш-құдіреті жететін конституциялық дамудың өркениетті тұғырлы векторларын-локомотивін іске қосуды уақыт талап етті. Осы тегеурінді талаптың қаузауымен 1998 жылы Конституциялық реформа барысында Конституцияға Парламенттің ролін күшейту туралы өзгеріс енгізілді. Мұнан былай елдің тізгінін ұстайтын үш биліктің: Президент, Премьер-Министр, Парламенттің атқаратын қызметтері сараланды. Қазақстан заң жүйесінің билігі, бар жауапкершілігі енді Парламентке көшіп, кәсіби Парламентке айналды. Ұлттық Конституцияның нормалары мен принциптерінің қатал сақталуы, шынайы заңдардың бұрмаланбай, күш-қуатын бойына сақтауын, қоғамдағы авторитарлық режим зардаптарымен ымырасыз күресіп, демократиялық жолдан табаны таймауы Парламентке сын. Заң халықтың мұраты мен мүддесіне мінсіз қызмет атқарғанда ғана мөлдір, таза, қуатты, беделді. Ол адалдықты кие тұтып, сатқындық, дәрменсіздік пен мансапқорлық, бюрократтық, әміршілдік, қараниеттілік, сыбайлас жемқорлық, парақорлыққа қарсы ымырасыз күрестің азулы да әділетті заңдардың өмір айдынында еркін жүзіп, парлап ұшуын қолдап, жол сілтеп, жетіспейтін заңдарды өмірге әкелу – сол кәсіби Парламенттің басты міндеті. Мәңгі ел болуымыздың, Тәуелсіздігіміздің кепілі десек те қателеспейміз. Саяси ғылымдардың докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір: «Менің түсінігімде Тәуелсіздік ұғымы ұлттың рухымен, саяси санамен, қоғамдағы демократиялық үдеріспен, құқықтық сауаттылықпен, т.б. ұғымдармен тікелей тағдырлас, бағыттас, ажырамас тұтастықта» («Ана тілі», 13-19.02.2020 ж.), – деуі сол Тәуелсіздіктің ғұмыры баянды да мазмұнды, нұрлы болуы үшін унитарлы саясатты ұстанып отырған Парламентке тікелей қатысты.

Кенен ой кемеңгерліктен туады, Тұңғыш Президентіміз  2007 жылы өзінің ел басқарудағы Парламент құзырына сәйкес келетін кейбір нысандарын Парламентпен бөлісіп, халыққа тиімді реформаны жүзеге асырды. 2017 жылғы 10 наурызда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу» заңына сәйкес Конституцияны біраз жаңалықтармен байытып, қуатын арттырды, саяси-рухани  деңгейін көтерді.

Заңнама да тірі организмге ұқсас, үнемі толығып, жаңарып, дамып, кемелденіп отырары оның үнемі айналымға түсіп, күнделікті тіршілікте сынақтан өтіп, өмір додасының жуан ортасында күні өтетіндігінде. Рамазан Сәрпековше айтқанда, әлемдік экономика мен саясатта болып жатқан іргелі өзгерістер, жаһандану процестері, сондай-ақ елдің ішкі даму серпіні ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру қажеттігін талап етеді. Асылы, мемлекетімізде заңдылықтардың орнығуы, адам құқықтары мен мүдделерінің жүзеге асырылуына жағдай жасалуы, халықтың әл-ауқатының жаңаруына негіз болатын ірі сілкіністер Конституциялық мониторингтің құлашының кеңдігінің айғағы.

Шағын ғана Сингапурдың күш-қуатын төрткүл дүниеге паш еткен ұлы қоғам қайраткері, президент Ли Куан Ю «Мемлекеттің ұлылығы тек жер көлемімен ғана өлшенбесе керек. Ұлылықты жұдырықтай жұмылған халықтың жігері мен бірлігі, табандылығы мен тәртібі және сол мемлекетті тарихтың құтты мекеніне айналдыруға ұмтылған ұлтжанды көшбасшылары мен көсемдерінің сапасы ғана сомдайды», – деп мемлекеттің саяси-экономикалық, әлеуметтік-рухани күш қуаты халықтың бірлігі, еңбеккерлігі, табандылығы, Отанына деген шексіз сүйіспеншілігі, темірдей тәртіптілікті бекем сақтап, ортақ мақсатқа бір кісідей жұмыла білулерінде және басқарып отырған мемлекетін жұмақ мекенге айналдыруға ұмтылған басшыларының сапасына қатыстылығын дәл пайымдаған. Ұлтжанды көшбасшы, көсемдікті біз Конституциямыздың саяси-әлеуметтік мәнін жетілдіру мақсатымен Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының алқа мәжілісінде: «Жасыратыны жоқ, қазір қазақ жастары жат діни ағымдардың шырмауына түсіп қалуда. Дінді бетперде етіп жамылған кейбір радикалдық көзқарастағы топтардың да әрекеті мемлекеттік тұрғыда көңіл аударуды қажет етеді. Діни радикализмнің өршуі діни экстремизмге, діни лаңкестікке апарып соқтырмасына ешкім кепілдік бере алмайды», – деп Әділет министрлігінде құрылған «Дін істері жөніндегі комитетке» үлкен өкілеттік бере отырып, осындай жүгенсіздікті өршіткен миссионерлерді ауыздықтайтын заң жобасын қалыптан шығарудың күні туғанын құлақтарына құяды. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Президент Н.Назарбаев  саяси-экономикалық, құқықтық мәні зор заңға қол қоюы, оның жазылуына ұйытқы болуы Ли Куан Ю-дың азаматтық, патриоттық, іскерлік, көрегендік қасиеттері жоғары көсемдеріне қоятын талап биігінен көрінетіні ләзім.

К. Гельвеций «Реформу нравов следует начинать с реформы законов» дегеніндей, Елбасы Н. Назарбаев рухани жаңғырудың қайнар бұлағы әділ де барлық саланы қамтитын кешенді заңдардың сапасы мен тиімділігін арттыруды ешқашан назарынан тыс қалдырмаған. Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасында заңнамалық реформалардың тиімділігін  көтеру шаралары туралы» бұйрығына сәйкес 1993 жылы 16 маусымда Қазақстан Республикасы Заң министрлігінің жанында Заңнама институты құрылды. Оны құрудағы Президенттің көздеген мақсаты: заң жобаларын қайта қарау, заңнаманы ғылыми концепциялар тұрғысында жетілдіру, мемлекеттің құқықтық қызметін кемелдендіру. Оларды талап деңгейіне жеткізуде ғылыми-зерттеу институтының фундаментальды, ғылыми-қолданбалы зерттеулерінің пәрменін арттырудың пайдасы шашетектен. Иә, Қазақстан Республикасының Заңнама институты ғылыми-практикалық қажеттіліктен өмірге келгендіктен, заңдардың сапасы жоғарылауын қамтамасыз етері хақ.

«Заңнама институты» ашылғанда ҚР Әділет министрі Берік Имашев мекеме ұжымын құттықтай келе: «Заң шығару институты Әділет министрлігі және Үкімет жұмысының құқықтық қамтамасыз етілуін жүзеге асыруда оны құрудағы мақсаттарға жетіп, өзінің лайықты орнын алуға тиіс», – деп асқаралы міндеттердің жүктелетінін айтып, оны абыроймен орындауға шақырған. Заңнама институтының іргетасын қалап, аса көрнекті, іскер, білімді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары заңгер ғалымдар мен өз ісіне төселген маман заңгерлерді қызметке шақырып, қыбы қиын, зейнетінен бейнеті зор, бірақ маңдай теріңнің нәтижесі артыңда ескерткіш боп қалатын еңбекке жегу оңайға түспеді. Оның үстіне институттың материалдық-техникалық базасын қалыптастыру төңірегіндегі көзге көрінбейтін қыруар шаруаларды қайсарлық пен шешендікті, көрегендік пен кемелдікті, кісілік пен кемеңгерлікті тең ұстаған, салмақты да сабырлы, барынша қарапайым, іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, көрнекті заңгер ғалым Нағашыбай Шәйкенов барлығын бабына келтіріп, ізгілікті жақсылықтарымен артында өшпес із, дана сөз, өлмес ғылыми еңбектер қалдырды. Қоғам-мемлекет қайраткері, ғалым ретінде жұрттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, буырқанған өмір толқынының жалынан қолы ажырамаған нағыз ұлтжанды, күрескер, қажымас қаранарлығын замандастары көздері бусана еске алады.

Заң институты – ғылыми-зерттеу, Заңнама институты болғандықтан, оған заңнаманы жобалау барысындағы ғылыми-практикалық және құқықтық актілерге экспертиза жүргізу, сонымен бірге қабылданған заңдардың тиімділігін сараптау, болжау қызметі жүктеледі. Институтта республикаға танымал заңгерлер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жұмыла еңбек етіп жатқандықтан, заң жобаларын жаһандану кезеңіне сай қайта өңдеу, заңнаманың концепциясын жетілдіру, жаңалықтар күніне дендеп еніп жатқанын жіті ескеріп, мемлекеттің заң шеңберіндегі қызметін дамытып, кемелдендіру, өркениеттің аршынды қадамына ілесіп, бүкіл адамзаттық әлеуметтік-қоғамдық, құқықтық проблемаларындағы сүт бетіндегі қаймағымен ұлттық заңнаманы байытып, жаңартуды басты мұраты, перзенттік борышы, ғалымдық парыздары санайды. Демек, заңдардың сапасы артып, жоғары деңгейге жетуіне Қазақстан Республикасы Заңнама институтының, қазір Заңнама және құқықтық ақпарат институтының қосып жатқан үлесі қомақты. Оның әсіресе шығармашылық белсенділігін арттырып, республика көлемінде заңнама төңірегіндегі қажеттіліктерді өтеп, практикалық көмекті дер кезінде көрсетуге жұмылдыруда институт директоры, профессор Рамазан Сәрпековтың еңбегі алабөтен. Норвег афоризмдеріндегі «Жақсы басшы дегеніміз – өзінен гөрі бағыныштылары қабілеттірек келетін басшы» дегендеріне назарымыз ауды. Бұл Рамазан мырзаның білімі бағыныштарынан кемірек деген емес, қайта білімі жетіп-артылатын азамат өзі басқарып отырған мекемеде корифейлер көбірек болса, оның пайымдауында, қай мәселенің де түйіні шапшаң шешіліп, ылғи шұрайлы өрістен табылмақ. Шынайы достық күншілдікті білмейді. Тұтқалы тұлғаға айналған қормалды басшы кісілік, адамгершілік, бекзаттық болмысын жоғалтпай, көптің көңілін көншіткен сөзімен ғана емес, ісімен де үлгі болмақ. Соның қарапайым мысалдарының қатарына институттың қылмыстық-құқықтық саланы және пенитенциарлық жүйені концептуалды жаңартатын әдістің тілін тауып, құқықтық жүйеміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып отырғаны жатады.

Заңнама және құқықтық ақпарат институтының құрамында лингвистикалық орталық жұмыс істейтіндіктен, заң жобаларының актілеріне және ратификациялауға жататын халықаралық келісімдерге ғылыми лингвистикалық сараптама (экспертиза) дер кезінде сапалы жасалады. Лингвистикалық орталықтың меңгерушісі Нұрзада Примашев аса жауапты да шегі мен шетіне көз жетпейтін ауқымды ісін жете меңгерген. Ата заңға сұңғыла болғандықтан да шығар, қара қылды қақ жарған Наушаруандай әділ айтып, «адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолғыншысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаушысы – мінез» (Саққұлақ би) екенін танытқан, танытып жүрген қазақтың ай-мүйізді, арқалы жігіттерінің бірі. Өз мамандығын бүге-шігесіне дейін меңгерген білімдарлығы, кісілікті болмысы, ой тереңдігі, дүниетаным кеңдігі, ұлтжандылығы басқосуларда, мәжіліс отырыстарында, белгілі бір мәселені талқылау барысында айқын аңғарылады. Тегі, білімді, жан-жақты қасиет қонған адамдар өркөкіректіктен ада, дарқан; өтірік, өсек, көзбояушылық, ашкөздік, мансапқорлық, пайдакүнемдік, тоғышарлық тәрізді төңірегін аздырып, тоздыратын мінез-қылықтан қашық; кіді, бекзат, қарапайымдылықты өмірінің өлшемі етпек. Ақын Темірғали Көпбаевтың: «Қарапайым адамды халық жақсы көреді. Ал данышпан адам қарапайым болса, халық оған өз жүрегінен мәңгі орын ұсынады», – деуін өмірден көріп-түйгенінің қорытындысы санағанымызбен, Нұрзада тәрізді жігіттердің ұстанымына ой жібергенде, ол елді төңірегіне үйіріп алу үшін жасалған жасанды мінез емес, ата қаны, ана сүтімен бойына дарыған табиғи мінез екеніне тоқтап, жақындай түсесің.

2008 жылы 6 қарашада «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумында сөйлеген сөзінде: «... вся правоохранительная система страны нуждается в серьезном реформировании», – деп Елбасы Н.Назарбаев құқық қорғау жүйесіне түбегейлі реформа жүргізу қажеттігін ескертті. Біздің басты байлығымыз – адам. Заң адам үшін қызмет етуіне қол жеткізетін шақ жеткеніне ерекше тоқталып, онан әрі: «...право на жизнь, охрану здоровья, образование, свободу совести и вероисповедания, уважение человеческого достоинства, пользование родным языком», - деп Қазақстан азаматтарына қай салаларда айрықша құқықтық қызмет қажеттігінің астын сызып көрсетіп, соны объективтік тұрғыда терең зерттеп, формализм, нигилизмге жол бермей, адамға мінсіз қызмет істейтін өміршең заңдар жүйесін іске қосуды бұйырғаны мәлім. Елбасының жанына батқан тағдыршешті мәселелерді ҚР Әділет министрлігіне қарасты Заңнама және құқықтық ақпарат институты зор ықылас, түсінікшілікпен қабылдап, іске жедел кірісіп кетті. Өздеріне қатысты заң шығару процесі жүйесінде, заңнамамызды реформалау және бар заңдарды ары қарай кемелдендіруде біраз табыстарға қол жеткізді. Олар: «Қазақстан Республикасындағы діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң; «Қоғамдық кеңестер жөнінде» қабылданған заң; «Аренда туралы заң»; «Жер кодексі»; «Қазақстан Республикасында азаматтарды зейнетақымен қамтамасыздандыру туралы заң»; «Ұстаз мәртебесі туралы» заң; «Қазақстан Республикасындағы бейбіт жиындар туралы» заң жобалары; «Сайлау туралы» заң; «Бейбіт жиналыстарды өткізу туралы» заң жобалары, т.б. Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды, институт қызметкерлерінің күнделікті мұрнынан шаншыла қызмет етуіне тура келеді. Өйткені, оларды жаңа заң жобалары тұжырымдамаларын жазу; заң жобаларын әзірлеу бойынша министрліктер, түрлі мекемелер, ұйымдарға консультациялық қызметтер көрсету; бар заңнамаларды қайта қарап жетілдіру, тұжырымдамасын өңдеп, толықтыру; өздері жүргізген іргелі де қолданбалы ғылыми-зерттеулерді іске асыруға бағытталған заңнамалық актілер жобаларын әзірлеу, заңдар жинағын, монография, оқулықтар шығару, т.б. аса маңызды шаруалардың бірін бітірсе, келесісі тосып тұрады.

Ғылыми-зерттеулерді жүргізетін орталық ашылысымен алды әлемге,  соңы республикаға мәшһүр заңгер ғалымдар, онда да атағынан ат үркетін академиктер С.З.Зиманов, Н.Шәйкенов, М.Т.Баймаханов, Ю.Г.Басин,        А.Г.Диденко, Ғ.С.Сапарғалиев, М.К.Сүлейменов, М.С.Бейбітов, И.В.Амирханова, К.М.Ильясова, Р.А.Подопригора, Д.С.Чукмантов, С.М.Климкин, М.Ш.Қоғамов, т.б. «Өмірге келгенім жоқ күйеу болып, ол маған тегешімен төс бермейді» (С. Жиенбаев) демекші, білегін сыбанып, жаңа саяси бағыт аясындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдірудің өзекті мәселелерінің  тайқазанын бірлесіп қайнатысуға бақытын миы мен маңдай терінен тапқандар өздері үшін төс пен тақтан да қымбат ғылыми ізденіске соны өріс ашқан киелі мекемеде қуана бас түйістірді. Бұлар француз моралисі Франсуа де Ларошфуко: «Атақ-даңқтың желіктірер сиқыры соншалық, адамдар ол үшін бәрін де құрбан етуге даяр», – деп қынжылса, біз атақ-даңқты талай жылғы төккен тері, ғылымымен тапқан, бір ғылым үшін бәрін де құрбан етуге даяр білімді-білікті, ақылды-парасатты, өжет те табанды, адал, ізгілікті жақсылықтарымен артына алтын із, мәңгі құнын жоймас ғылыми еңбегін қалдырған тектілерді «желіктірген сиқыры» ғылым болғанына қуанамыз, бекзат «кінәздігіне» мерейіміз өседі.

Арнайы Заңнама институты ашылып, заңтану ғылымы құшағын халыққа кеңірек ашып, өзі төңірегінде еркін кеңесіп-пікірлесуді көздеп, құқық қорғау саласында түбегейлі реформа жүргізуде жеткен жетістіктер мен «әттең тонның келтесі-айларды», көңіл көншітпейтін жайларды ашық алаңға шығарып, алаңы да, көшесі де көшелілікке, көсемдікке, кесектікке, өзектілікке үндейтін, әр ойдың, әр сөздің астарында таудай мағынасы бар жүректен шыққан ащылау айтылғанмен, асыра айтылмаған, шипалы лебіздерін жалпақ жұртпен бөлісу мақсатымен «Жаршы» («Вестник») журналы жұмыс істей бастады. Оның авторлары да сайдың тасындай, заңнаманың ең өзекті, даулы тұстарын әлемдік өркениеттің озық үлгілерімен салыстыра талдағанда тәуекелдің ұстараның жүзіндей қырымен жүрмей, тағалы тұлпардай сілтейді. Онда бір заңның төңірегінде тұсалып қалмай, бірнеше заңның аяғынан шідерін сыпырып, көсіле көшелі пікір, кешенді ойлардың баданадай дәндерін ұсынады. Солардың бірі, бірегейі заң ғылымдарының докторы, академик Г.С.Сапарғалиев Қазақстанды басқарудағы құқықтық негіздердің күші мен қуатын, өміршеңдігін, өріс-өресін, бұлшық еттері жетілмеген тұстарын тамыр тереңінен қаза байыптап әрі соған егіз конституциялық құқық, мемлекетті басқару мәселелерін де жеріне жеткізе талдап, «Жаршының» абыройын асырған проблемалық мақалаларын бастырды. Заң ғылымдарының докторы, профессор М.Т.Баймаханов та әріптесінің заңнама саласындағы көптің көңілінен шыққан, «Балп-балп басқан, балп басқан, Төрт аяғын тең басқан» еңбектерінің қатарын Қазақстан заң жүйесін кешенді жүйелеу мәселелерін жан-жақты трансформациялап, қара судан қаймақ қалқығандай, жоқтан бар жасап, бардың көзін шырадай жағып, Азаматтық қоғамды ірітетін торнадосы мен пандемиясы заң мен тәртіптің бақылаусыздығынан екенін риясыз мойындататын мақалалар циклын «Жаршының» оқырмандарына ұсынды.

Абыз ағаларымыз ағынан жарылған, ақ ниетке толы, тілі қылыштың жүзіндей өткір, салмақты, ойы салиқалы парасатты пайымдаулары шелді, қиыннан қиыстырылған, әділ төреліктің үлгісі еңбектері «Жаршыда» жарияланысымен қоштаушылары көбейіп, баспасөз айдынында заңнама журналының бағын ашқан ғылыми мақалалар саны көбейіп, сапасы артты. Заң ғылымдарының докторы, профессорлар Р.Т.Нұртаев, А.Д.Жүнісов,               С.Т.Әлибеков, А.А.Мұқашева, К.М.Ілиясова, М.С.Башимов, А.Ш.Ещанов, Р.А.Подопригора, Е.О.Алауханов, И.В.Әмірханов, С.Ф.Бычкова, А.Г.Диденко, К.А.Жиреншин, З.Ж.Кенжалиев, А.Б.Ысқақов, В.Н.Уваров, Г.К.Өтебаев, А.А.Черняковтар ҚР Әділет министрлігінің әлеуетін, беделін арттырған «Жаршы» журналының сондай дәрежеге жетуіне қосқан үлестері орасан зор. ҚР Парламенті Сенатының депутаты, парасатты азамат Мұрат Бақтиярұлынша пікірімізді пернелесек, заңнама жаңа қоғамның жас идеологиясына адамгершілік тұрғыдан бағыт берер барометр, салт-дәстүріміз санатындағы құбыланама, ұлттық құндылықтарымызды нәрлендірер рухани қазына. Міне сол барометр, құбыланама, рухани қазынаның құдіретін халыққа жеткізе насихаттауда «Жаршы» журналы қызметкерлері ұстанған тәсілдері құптарлық. Айталық журналда Ата заң проблемалары, әкімшілік құқығы, финанс және салық заңы, прокурор көзқарасы, халықаралық заңнама, компаративтік құқық жайлы 648 мақала жарық көрсе, «Конституциялық және әкімшілік заңнамасы» саласы қамтитын «Қылмыстық құқық және азаматтық процесс», «Халықаралық құқық және салыстырмалы заңтану», «Сот бақылауы, прокурордың қылмыстық істі қадағалауы» кодекстерін талдайтын 170-тен астам мақала жарияланыпты. Бұл Заңнама және құқықтану ақпарат институты мен ол шығарып отырған «Жаршы» («Вестник») журналы бірлесе жанқиярлықпен еңбек етіп, құқық қорғау саласында түбегейлі өзгеріс жасау жөніндегі Елбасы жүктеген міндетті қапысыз жүзеге асырып жатқанының айғағы. Ескерерлік жай, «Жаршы» журналының халықтың заңтану саласындағы сауатын ашуға қосқан үлесі қомақты.

Т.М.Культелеевтің «Уголовное обычное право казахов» (Алма-Ата, 1955); А.Л. Фукстің «Обычное право казахов в XVIII – первой половине XIX века» (Алма-Ата, 1981), «Проблемы казахского обычного права» (Алма-Ата, 1989); К.А. Абишева «Русская передовая интеллигенция Западной Сибири в истории политической и правовой мысли Казахстана» (Алма-Ата, 1990); «Көне дәуірдегі қазақ заңнамасы» (Ұжымдық жинақ) монографиялары Москва, Санкт-Петербург, Омск, Орынбор, Ташкент, Томск, Алматы қалаларындағы архивтерде ұзақ жылдар сарылып отырып, көз майын сарқып, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан безіп өмірге әкелген әулие пейіл, қанатты дүлдүл ғалымдардың күллі оқырмандарға қалдырған баға жетпес мұрасы. Осы танымдық ақпаратқа кенен энциклопедиялық еңбектер мен мақалаларды ой сарабынан өткізген әрбір қазақ баласы өздері қалыптастырған Ата заңының арқасында арғы бабалары қуатты мемлекеттің іргетасын берік қалап, ұрпағын ұлттық тәрбиемен құрыштан құйып, өмірден таяқ жегізбейтін өміршең заңмен қаруландырғанын; ал өздері сонан не алғанын, не қосқанын; мынау жан алып, жан беріскен, боранды-дауылды табиғаты жерді тулатып, теңізін қопарған жаһанданудың аласапыранына шыдас беріп, болашақта Ата заңның алтын өзегінен шығып, қазақ атаның қаны, ана уызын емген перзенттері Елінің мәңгі өмір сүруіне сенімді тірек бола ала ма деп терең ойдың телміріп соңына ереріне сөз бар ма?..

Құқықтық, саяси тұғыры берік, тежеу мен тегершіктері бар елдің ғұмыры ұзақ. Елінің ғұмыры ұзақтығының кепілі құқықтық тұғыры берік болуы басты арманына айналған заң ғылымдарының кандидаты, профессор Рамазан Сәрпеков сонау Парламент Мәжілісінің депутаты кезінен-ақ осы күрмеуі қиын мәселенің қыбын табу ауруына шалдыққан. Оның арығы мен тоғын, бары мен жоғын жете білетін Рамазан мырза, оны жете білетінін ішінде сақтамай, халықпен бөлісуге, пікірлесіп, қисықты түзеп, кемді толтырып, жоқты табудың амалын қарастыруға шақырады. Бұл, бізше, асау мінездің алқынысы емес, танымы тереңнің заң алдында барша адамның теңдігін еске салып, заңды ақылға қарай иіп, әділеттің пайдасына оң шешуге бағытталған адамшылық ниетті бұлжытпай орындасаң, көктегі қырық періште қуанады. Мысалға жүгінейік. «Жас қазақ» газетінде (11.06.2010 ж.) Рамазан Сәрпековтің «ҰБТ – баланың бағын байлау» атты мақаласы жарық көрді. Онда баланың білімін бағалаудағы мемлекеттік саясаттың орашолақтығын, формалды тұстарын сынға алады. 11 жыл бойы мектепте барлық пәннен өте жоғары баға алған бала ҰБТ кезінде сәл қате жіберіп, 1-2 балл жетпей қалғанына бола оның он бір жылдық еңбегі зая кетіп, «Алтын белгісін» немесе қызыл аттестатын ала алмағанына оқушымен бірге күйзеліп, оған үлкен моральдық соққы берілгеніне қарсылық танытады. Баланың жыл бойғы алған білімін жан-жақты ескеріп, сынап, әділетті бағалаудың орнына, шетелден әкелінген жасанды ҰБТ-мен бақытын байлауы қоғамды қозғалысқа түсірген ғылым мен білім саласының талабынан сауаты төмен басшылардың қырсыздығы, «жаңашылдығымен» көзге түсудің сасық амалы. «Атың шықпаса, жер өртеңіз» осы. Қазір мұғалімдер бұрынғыдай пәннің ұңғыл-шұңғылына дейін тереңдеп, терең білім берумен жан қинағаннан гөрі, ҰБТ сұрақтарын тауып алып, механикалық тұрғыда жаттатумен алаөкпе болып әуре. Өздері пәннен жүйелі білім алудан әлдеқашан ажыратылған оқушылар мен мұғалімдерді жаңылдыру мақсатымен ҰБТ-ның биылғы сұрақтары келесі жылы түбірімен жаңарып келуі – тапсырушыларды иманынан бездіріп, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық пен парақорлықтың қақпанын қаптыруда. Рамазан мырза осылайша қазіргі білім беру жүйесі бұрынғы киелілігінен айырылып, айықпас кеселді ауруға шалдыққанын бір ғана жанға бататын детальмен әшкерелеп, ауыр мұңға батырады.

Рамазан Құмарбекұлының «Айқара» (30.01.2008 ж.) газетінде жарияланған «Миссионерлер миссиясы миды улайды» мақаласында ол 1992 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңда дінді, діни ағымдарды уағыздайтын миссионерлерге қойылатын талаптарды айқындайтын баптарды да жіліктеп, жіктеп, таратып береді. Миссионерлік қызметті Қазақстан Республикасы азаматтарымен қатар, шетелдік азаматтар, азаматтығы жоқ азаматтар да атқарып жүргенін айтып, бұл мәселенің қауіптілігіне зейін қойдырып, дін туралы заңды толықтырып, қатайта түсуге кеңес береді. Ондай пікірге барар алдында дін деген не, діни бірлестік дегеніміз не, миссионерлік қызмет деген не, өкілетті орган дегеніміз қандай болуы керек, жергілікті атқарушы билік пен діни бірлестіктің арасы қандай болуы керек, ғибадатхана деген не екеніне терең ғылыми талдаулар жасап, анықтама береді. Алдыңғы біз шолып өткен мақаласында-ақ бекзат болмысынан хабар беретін Рамазан мырза, өзінің рух, сана тазалығы, әділдігі, қайырым-мейірімділігі, ақкөңіл, қамқоршылығы, білім-ғылымға құштарлығы, дүниетанымының кеңдігі көңілімізге жылылық ұялатқан. Ал мына еңбегінде теология, діннен де білімі жеткіліктілігіне сүйсіндіреді. Айталық, дін туралы: «Азаматтық қоғамды алға қарай жылжытатын үлкен құралдың бірі, адамның парасаттылығына, имандылығына, білімі мен ғылымына, өмірге деген көзқарасына әсер ететін дүниенің бірі – дін. Дін – ғылым, дін – мәдениет, дін – өнер», – деп Көктен түскен қасиетті кітаптардың адам қоғамын бауырын жерден көтеріп, көкке жеткізудегі күш-құдіретін сөзге сараң, сырға кенен пікірімен түйіндеген. Бізше, ұлттық заңнамаларымызды қайта қарайтын тұста «Қазақстан Республикасында дін мемлекеттен тыс» деген қызыл сөзді тіркесті алып тастаған жөн. Өйткені, тәуелсіз, зайырлы, унитарлы, демократия салтанат құрған елде діннен үрку, іргені бөлектеу жағымсыз құбылыс. Біз бір тілді, бір дінді, бір ділді, бір мақсат, мұратқа негізделген мықты мемлекет, Мәңгілік ел болғымыз келсе, әлгіндей жел сөзге желікпеуіміз керек. Дін мемлекеттен тыс болса, «Діни істер жөніндегі комитетті» құрып неміз бар? Сатқын, екіжүзді, арам, жат пиғылды миссионерлердің әрекетінен дін жолына көзсіз берілген жастарымыз діни экстремизм, діни лаңкестік, терроризм оты өршіп тұрған араб елдеріндегі қанды шайқастардың құрбаны болғанда, олармен бірге еріп барған бала-шағаларын азып-тозып жүрген жерінен жинап, еліне әкеліп, алақанда аяламас еді. Діннің мемлекеттен тыс, бөтен, жат болмайтыны ол – күллі халқың мойындап, бас иіп, рухани тірек етіп отырған, табынары, сыйынары. Еуразияның эпицентрінде орналасқан халықаралық беделі жоғары Қазақстан ислам дініндегілердің, басқа да діндегілердің конференция, симпозиумдарын арнайы өткізулері, соған ұйытқы боп отырған Президенттеріміздің дінді, дін арқылы әлем халқымен ынтымақ, бірлікті берік қалыптастырып, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ұлы Абай өсиетіне адалдықтарын танытуы екенін мойындап, сондай Құдайға қараған иманы бойындағы, жайсаң болмысты Президенттердің төңірегіне топтаса түсуіміздің себебі «Президент – елдің ұстыны. Ұлы істерді бастаған қайраткер. Ертең мына мемлекеттің кемесі қирап, адамдары топан суда қарап болмауын ойлайтын жанашыр» (Ө.Сәрсенов).

Р.Сәрпековтің елді елең еткізген мақаласы – «Ұлттық заңнамаларымызда қайта қарайтын тұстар көп» («Заң газеті», 23.12.2010 ж.). Заңнамаларымыздағы біраз заңдар уақыт талабына үйлеспейтіні, маңызын жойған қарабайырлығын талдап түсіндіре келе ол халықтың ежелгі сот процесін жүргізудегі озық тәсілдерінен безінбей, ұтымды пайдалануға ақыл қосады. Сондай безінбей батыл іске қосатын «Медиация туралы» заң екенін, ол заң жобасы бүгінгі таңдағы құқық және сот саласына арналған заңдардың ішіндегі шоқтығы биік құжаттардың қатарына қосылатынын ескертеді. «Медиация институтын қоғамға енгізіп жұмыс жасатуды қарапайым адам да, ғалым да, депутаттар да қолдап отыр. Демек, екі адам бір-бірімен ұстасып, ренжісіп қалғанда оны сотқа апармай, оларды ақсақалдардың, ауыл-үйге беделді адамдардың мәмілегерлер тәжірибесін пайдалана отырып, шешіп тастауға болады ғой», – дейді ол кезде мүйізі қарағайдай Парламент мәжілісі депутаты, дуалы ауыз заңгер.

Иә, Рамазан мырзаға толық қосыламыз. «Медиацияны» қазақшаға тәржімалағанда «мәмілегерлік» те, «медиатор» «мәмілегер» екен. «Мәмілегерлік» те, «мәмілегер» де қазақтың қанына жақын, қаншама ғасырлар арнайы полиция, түрме, сот мекемелері дегенді білмей келген ата-бабаларымыз ауыл-үй, ру, жүз төңірегіндегі дау-дамайды, алыспай беріспейтін ру, жүз арасындағы күрделі келіспеушіліктерді Ақсақалдар кеңесіне сеніп тапсырған. Олардың арман-мұраты, аңсары халқының татулығы, бірлігі, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман болған. Болмысы жайсаң, қайырымды, инабатты, мінезі өткір, өжет, қайсар, қазына кеуде қариялар өздерін ұлт тұздығы санап, мәмілегерлікке ұсынғанда, халқының сенімін ақтауда «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп ар мен иманды пір тұтып іске кіріскен.

Өмірде не болмайды, тіршіліктің аты – тіршілік. Адамның бәрі періште, бәрі пері емес. Бала мен бала төбелеспей, ерлі-зайыптының шыны-аяғы сылдырламай, ағасы мен інісі жаға жыртыспай тұрмайды. Біреу біреуден алған қарызын уақытында қайырып бермей, кейбір азамат араққа салынып, төңірегінің мазасын алуы мүмкін. Жоқшылықтың зардабынан ұстамсыз біреулер көршісінің малын ұрлағаны, тәрбиесі төмен жастар жасы үлкендердің алдын кесіп өткені, бойжетіп отырған қызды жігіті алдап, тақыр жерге отырғызып кету фактілері бойынша, қоғамның төбе шашын тік тұрғызған педофилдердің әрекетін, т.б. жазаға тартуға милиция, сот орындарына алаөкпе боп жүгіріп, таныс-туған араласуына беделіңді салып, ақ тер-көк терге түсіп, барыңды шашып, табаныңды тоздырмай Рамазан Сәрпековтің «Медиациясымен» шиеленгенін шешіп, асып-тасқанды сабасына түсіріп, баланың желігін басып, ұрыны тиып, ерлі-зайыптыны «өбістіріп» қоюға, ата сақалы аузына шыққан педофил қарабеттің балапанды қорлаған төбе шашыңды тік тұрғызған азғындығын ағайын-туған, дос-жараны алдында ар-ұятын оятатын, дүниеден баз кешіп, енді қара жерді басып жүру өзіне артықтығын санасына жеткізіп, көзінен қанды жасын ағызуға жеткізу де – «Ақсақалдар алқасының» даналығына тәуелді, иығына шақ. Қазіргі ақсақалдардың бұрынғы ақсақалдардан заман, уақыт сыйлаған артықшылықтары да бар. Білімі жоғары, ғалым, халықпен жұмыс істеген бай тәжірибесі, қылмыскердің қылмысын ашуға қолғабыс ететін мүмкіндіктері мол, белгілі бір істі қарарда заңнамалар жинағын оқып, ізденіп, білімін жетілдіруге де кедергі жоқ. Оның үстіне «Ақсақалдар алқасы» еш ақы-пұлсыз істі жүргізіп, айыптыны жазалаусыз-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықты реттеуге, ұлттық мінез-құлыққа үйлеспейтін жат әрекеттерден аулақ жүргізуге ынтық. Елімізде өмір сүріп жатқан диаспоралар мен жергілікті ұлт адамдары арасындағы ұлтаралық татулықты да бейбіт жолмен, бауырластық сезімнен айнымай, олардың ақсақалдарымен келелі кеңес құрып, дауды оңтайлы шешіп, төс қағыстырып тарқауға жеткізетін адамдық, адамгершілік, адалдық, сенім тәрізді ұлылық өлшемдерімен қаруланған «Ақсақалдар алқасына»» қалай бас имеске, шынайы шындықты жайып салып, асқынған ауруды неге бірлесіп емдемеске? «Медиация туралы» заңның қуаттылығы, өміршеңдігі оның халықпен етене жақындығы, әділеттің үстемдік құрып, шешімді халық жасап, ішмерез, өзімшіл қарабеттердің, бақайесеп, мысықтілеу қара ниеттілердің жосықсыз істерін бетіне шыжғырып басып, Алласын танытып, аунатып тұрғызып, өз тентегін өздері түзетіп, оң жолға бағытын өзгерттіретіні.

Креативті, жасы жер ортасынан асқан, салқынқанды, сарабдал ақсақалдардың халқына адалдығы, мәселені талқылау үстіндегі аудиторияға әсер етер энергетикасы, ойды тереңнен қозғайтын даналығы, әңгіменің арқауы боп отырған жайға дәлелдерінің бұлтартпас дәлдігі, ағыл-тегіл шешендігі, көшелілігі, тіпті көсемдік қасиеттері «Ақсақалдар алқасын» орыстың классик ақыны Николай Тихоновша: «Гвозди б делать из этих людей: Крепче б не было в мире гвоздей» деп, қиюы кеткенді жігін білдірмей жымдастырып, тасемен ететін «шегеге» баласа артықтығы жоқ. Гуманистік ойларымен, озық идеяларымен астасқан мәні терең, бәсі жоғары еңбектері, надандық, зорлық, жуандық, пәлеқорлықтың бықсығымен төңірегін тұншықтырғандардың отын өртке ұластырмай басқан «Ақсақалдар алқасының» сотында ісі қаралған қылмыскерлерін көктегі құдайдың қаһарына бермей, жердегі құмайларға алқымынан алғызбай, халық даналығы, халықтың тіл байлығымен ежелгі заңнама арқылы қылмысын мойындатқанда шайтаны кейпін өзгертіп, «дұрыс сөзге тоқтай білген, басқаны сөзіне тоқтата білген» (Әйтеке би) пәтендігі оларды мемлекеттік қыбы қиын қылмыстық сот ісін жүргізу процесіне де ебін тауып пайдалану қылмыспен күресу иммунитетін күшейтпесе кемітпесі анық.

Ғылыми еңбектердегі терең таным, іргелі ізденіс, байыпты талдауларды, саралауларды оқып отырғанда сот отырыстарына алқабилер қатысатыны белгілі болды. Олардың құрамы 25 адамға дейін жетіп, солардың ішінен 10 алқаби, 2 қосалқы алқаби сайланып, арнайы заң баптарында «ел жамаған билердің» (Дулат Бабатайұлы) атқаратын қызметтері көрсетіліпті. Алқа билер соттың қылмыстық және қылмыстық-процестік заңның нормаларын сақтағанын және осының негізінде үкімнің, қаулының заңдылығын, негізділігін, әділдігін тексеруге құқы бар екен. Сенім жоғары, міндет жауапты, қылмысты адамның тағдырына пофигизммен қарамауды ескертеді. Оның үстіне кодексте белгіленген тәртіппен іріктеліп алынған Алқа бидің мүшесі жауапкершілігі жоғары мазмұндағы мәтінді сот отырысында айтып, ант беруге міндетті. Анттың мәтіні: «Алқа бидің міндеттерін атқаруға кірісе отырып, өз міндеттерімді адал және бейтарап атқаруға кірісе отырып, сотта қаралған істің барлық дәлелдемелерін, дәлелдерін, мән-жайларын назарға алуға,  ерікті азамат және әділ адам ретінде істі өзімнің ішкі нанымым мен ар-ожданым бойынша шешуге салтанатты түрде ант етемін», – деп атқаратын міндеті тым жауапты, зиялылық рухы, қызметі жоғары адамға лайық лепті ақық сөздер, асыл ойлармен  кестеленіпті. Президент тағына отырарда үміткерлердің көгілдір жалауды өбіп тұрып, беретін антының мәтінінен осалдығы жоқ. Әйтсе де, азаматтық пафос, қаһармандық рухпен аузынан жалыны бұрқырай шыққан ант сөздері төгілген Алқа би мүшесінің соттағы істі талқылауда құқықтары, міндеттері, әрекеттерінде істі қарауға байланысты қойылатын шектеулері жеткілікті екен. Қисын қисық, қағида қасаң. Ант та, Алқа билердің қызметі байыпталатын кодекстің баптары да эклибристикалық деңгейде, қызыл сөзбен ісіне жазылып, іс жүзінде сот жүйесінің қызметкерлеріне шектеусіз билік беріліп, сырттан келген бақылаушылар отырса опақ, тұрса сопақ деңгейде құлдыратылған. Ол әлі де құқық қорғау орындарында өктем өкімет, тегеурінді биліктің дәурені жүріп тұрғанының кепілі. Рейтинг бойынша құқық қорғау саласы жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық пен пара алушылардың көшін бастап тұрғаны осы сөз бен істің арасындағы алшақтықтан шығар деп ойламасқа лажың жоқ. Бізше, болмыстың мәні, өмірдегі орнын бағалауға байланысты экзистенциялық концепцияларды, үнемі іздену, кемелдену, жетілу жолындағы  ұстанымды ар-иманы санайтын құқық қорғау орындары абыройын айрандай төгетін лас қылықтан бойын тазартып, ұстараның жүзіндей өткір мәселелерді байыппен, парасат биігінен пайымдап, қоғамның кеудесіне жан бітіретін қан тамырларына нәр беріп, қуатын еселейтін жүректей – Ата заңымызды кие тұтып, кір шалдырмай, әділдік, шыншылдық, даралық, даналық қасиеттермен кенелтіп, жасампаздығын жетілдіретін бірегей мүмкіндіктерді іздестірсе ұтпақ. Қосар ақыламыз, Алқа билерді қылмыстық сот ісіне ант бергізіп араластырған соң, оларды аса жауапты, адам тағдыры шешілетін талқылауға халық өкілі индивид ретінде қатысатынын ескеріп, шектеулерді алып тастап, қанат, құйрығы келіскен сұңқардай сынын жоғалтпағаны логикаға сыйымды. Сосынғы жерде Афина шешені Демосфен өсиет етпекші: «Мемлекеттің бүтіндігіне қандай болмасын қатер төнген және халқы дұшпанмен күрес жүргізуге келген жағдайда, міне, нақ осындай жерде нағыз ақылды және арлы азамат керек», – деуі көңілге жағып, көкейге қонақтайтын-ақ сөз. Мұнан былай соттағы істі талқылауға қылмыстық сот ісіне, оның концепцияларына жетік, жүргізіп, тергейтін, жауап алатын мамандары тайлы-тұяғымен қатысатынын, ал Алқа билер сотта қаралып жатқан істердің «барлық дәлелдемелерін, дәлелдерін, мән-жайларын назарға алып», процестің таза өтуін қадағалайтын болғандықтан, осы міндетті олардың мойнына артқан, «таңдап алған» адамдарының қысқартылғаны жөн. Олардың орнына «Ұлы ду, шаршы топқа талай түскен» (ақын Үмбетәлі Кәрібаев), адамның абзалы, достың адалы ғана атқарар дегдар, талантты, білімді жан байлығы мен ар байлығын, көп қырлы қабілетін бір ғана үлкен мақсатқа – халқына перзенттік борышын өтеуге, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын» дейтін сертін ұстанған, көп жасаған, көпті көрген, көзі хат, көкірегі шот қариялар, шежіре-шешен, құқықтық-саяси ойлау жүйесі бабындағыларды – «Ақсақалдар алқасын» тартқаннан ұтарымыз көп.  Әділетті бастан бақ аумайды. «Ақсақалдар алқасы» «басынан бағын аудармау» үшін қылмыстық сот процесінің биік талап деңгейінде өткіздіртуі хақ. «Билер жейді параны, Сақтап қойған сүріндей. Ойлағаны жамандық, Жарадан шыққан іріңдей» (Дулат Бабатайұлы) дейтіндей, құқық қорғау  саласын «жарадан шыққан іріңнен» жуып-тазалауына Демосфеннің сынынан  өткен нағыз ақылды, арлы азаматтар араласқаннан кейін айықпас жара бар ма?!.

Әр құбылысты диалектикалық қайшылығымен, даму, өзгеру үстінде көру, зерттеу, әлеуметтік тамыры тереңде жатқан келелі ой-пікірді жұрт назарына ұсыну «Ұлттық заңнамаларымызда қайта қарайтын тұстар көп» мақаласында жақсы көрініс тапқан. Онда Рамазан сыбайлас жемқорлық пен айыпталғандарды жазалау кодексіне өзгерту енгізуді ұсынады. Орыстың көрнекті жазушысы Ф.Абрамов: «Табиғи оттегі адам үшін қаншалықты маңызды болса, адамгершілік оттегісі де соншалықты мәнді» деп айтқанына философиялық тұрғыдан үңілсек, коллизиялық жағдайларға да ара-тұра объективті қарауға тиіспіз, адам тағдырына метафизикалық ойлау шеңберінен аспау кейде орны толмас өкінішке ұрындырмақ. Қазір байқасаңыз, парадигмалар өзгеріп, гуманистік ойлар, озық идеялармен астасқан мәні терең, бәсі жоғары көзқарастар орнығып, жаңаша ойлайтын ғалымдар мен креативті заңгерлердің адамға Жаратқан бір-ақ рет сыйлаған өмірдің қадірін бағаламай, халықтың өзіне көрсеткен құрметін аяқасты етіп, дүниеқоңыздықтың арбауына түсіп, қалған ғұмырын темір тордың аржағында өткізетін қара күн туғандарға зиялы мінез-құлық көрсетуге шақырады. Соның жарқын дәлелі – әлеуметтік тамыры тереңде жатқан келелі ой-пікірлерді қозғаған Рамазан Құмарбекұлының жоғарыда біз атап өткен мақаласы. Онда ол: «Сыбайлас жемқорлық – пара алу, қызмет бабын өз мүддесіне пайдалану, біреуге залал келтіру сияқты әрекеттер», – деп анықтама беріп, жүрегіңде жемқорға жиіркенішті көзқарасты оятып алады да, артынша жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорларды теміртордың арғы жағына тоғыта беруге қарсылық көрсетеді. Ондай көзқарасқа табан тіреуін: «Түрме адам түзейтін орын емес. Сондықтан, бас бостандығынан айырмай айыппұлмен шектеу керек», – деп түсіндіреді. Қазір еліміздің сыбайлас жемқорлық пен парақорлық тынысын тарылтып, тәуелсіз жас мемлекетіміздің ішкі қуатын әлсіретіп, сыртқы беделіне нұқсан келтіріп отырғаны қынжылтады. Осы жағымсыз пиғылдың жемісі екенін кезінде ұлы жазушымыз Әбіш Кекілбаев: «Тәуелсіздікті жаппай бай болу, жаппай тақ міну деп түсініп, байлыққа қолы, таққа бөксесі жетуді көздегендер» екенін қолмен нұсқап көрсетіп кеткені мәлім. Олар әртүрлі жолдармен көздегеніне қолы жеткен соң, билік мәңгілік емес, қолдың кірі санап, билік қолда тұрғанда бәрін қамтып қалуға өліп-тірілген өлермендер. Олар мемлекеттік орынтаққа отырып, мемлекеттің қалтасына қол салған ұры-қары емес, Ұлыбританияның премьер-министрі Маргарет Тэтчер жазбақшы «Мемлекетте ақша жоқ, мемлекеттің ақшасы – халықтан жиналатын алым-салық». Демек, сыбайлас жемқорлар – халықтың аузындағысын қағып жеп, «өлмесең өрем қап» принципін ұстап отырған көкжал қорқау қасқырлар. Аспан асты елінде ел тізгінін ұстап отырып, қарауындағылардың ырысына араны ашылып, обыр көмекейінен өткізіп жіберген ұрысын «барыңнан жоғың» деп, жалпақ жұрттың алдында масқаралап, дарға асып, болмаса оққа байлайтыны бар. Қазақ айыбын мойындаса, атасының да құнын кешетін текті, кешірімшіл, көнбіс, мейірімді халық қой. Сыбайлас жемқорлар біреу емес, неше мыңнан асып жығылатын шығар, оларды атып-асқаннан өзі саны аз қазақтың қаншасын жоғалтатынын, ең аяныштысы, қаншама отбасының ойраны шығып, бала-шағалар жетімдіктің тақсіретін тартады десеңізші... Асылы, ұры-қараның көзін жою барысында сансыз отбасына қиянат, зорлық, зұлымдық тақсіретін тарттырғандай кепті киюіміз де сөзсіз ғой. Бізше, Рамазан Құмарбекұлы «сыбайлас жемқорларға», түрмеге тоғытылмай-ақ бұзылып біткендерге, бас бостандығынан айырмай, айыппұлын төлетумен шектеуді жөн санағанда, ол нейромаркетинг тұрғысынан кеңінен ойластырып, осындай ізгілікті шешімге келгенін аңғартады.Басына азаттық алған ондайларға айыппұлды халықтан тонағанын қайтарту аз, күллі дүние-мүлкін сыпырып алып, арам жолмен алған құрмет-атақтан, дипломдардан айырып, енді қалған ғұмырында қара жұмысқа жегіп, қара судан қаймақ қалқытып, отбасын асыратып, маңдай терімен тапқан табыстың дәмін татырып, ұяты мен әділет сезімін ояту – оны өмірге қайта әкелген жаңаша тәрбие, адам деген атты құрметтеудің жаңа жобасы, бұрынғы жоқтың төрге бет алуы. Академик А.Бушминше айтқанда: «Жаңа дегеніміз – бұрын жасалғандардан гөрі жақсы жасалған ғана емес, жаңа дегеніміз, ең бастысы, бұрынғыларда жоқтың бірінші жасалуы». 

«Бұрынғыларда жоқтың бірінші жасалуы» кейінгі жылдары жайлап өріске бет алып, адымын алшаң баса бастауы халықтың көзайымына айналуда. Өткен жылы егер қызметкер сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаса, сол мекемені басқарып отырған лауазым иесі қызметінен өз еркімен отставкаға кетуге арыз жазуды міндеттейтін заң қабылданды, басшылардың қол астындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітілді. Қазіргі жағдайда сыбайлас жемқорлықтың «шарапатымен» жауапты қызметтердің орынтағына отырып, орынтаққа отырғанның қызуымен кеудесіне жел бітіп, бағыныштыларының жазып бергенін ежіктеп оқып, мекемесінде, онан тыс аймағында не боп жатқанынан бейхабар, машина мініп, шен-шекпен кигеніне, жоғары жалақы алғанына мәз кездейсоқ «бағы» жанғандар жүрген жерде былық-шылықтың оты бықсып жанып, дау-дамайдың өрті басылмайтынын көріп жүрміз. Адам бойындағы даналық пен жақсылық – бәрі тәрбиенің, оқудың нәтижесі. Ақын Мейірхан Ақдәулетұлы: «... зиялы қауым – ұлт тұздығы. Тұздық азса, ұлтта болашақ жоқ. Ал ондай ұлттың зиялысының ұлтқа да, өзгеге де көк тиынға қажеті жоқ... Бірақ біз – проблемасы көп ұлтпыз. Соларды ақылдасып, ашығын айтып шешетін кез келді» («Төртінші билік», 15.01.2020), – деп ашынады да, олардың «тұздығын аздырмай» ұстап тұрудың «диагнозын» табудың амалын ойластыруға шақырады. Оның «диагнозын» дәл қойып, дертін жазатын дәрісін де ұлы Абай: «Олардың жоқ ойында малын баққан, Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ» деп айтып кеткенінен ендігілер сабақ алса кәні.

Ата заңымыздың ішкі иірім-сырларына қанық, табиғаты мен тарихын жіті зерделеп жүрген, әртүрлі ракурста, әрқандай призмада оның асылы мен жасығын тамыршыдай тап басып, келелі де келісті ойларымен бөлісуді салтына айналдырған Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры, профессор Рамазан Сәрпеков: «Бүгінде Қазақстанда 350-ге жуық заңдар бар, бұлар негізгі заңдар. Экономика, әлеуметтік, банк жүйесі, ауыл шаруашылығы, құқық қорғау органдары саласындағы заңдар тиісті деңгейге жеткізілді», – деп кейінгі жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары мен өзі басқарып отырған институт ғалымдары қоян-қолтық еңбек етіп, негізгі заңдарды гуманистік ойларын озық идеялармен астастырып, мәні терең, бәсі жоғары деңгейге көтергендеріне қолдары жеткенін ортаға салады. Ғалым бастаған елдің көші жүйелі демекші, халық қалаулылары мен елдік мұрат-мүдде, ақыл-парасат иірімдерінде, дүниетаным арналарында еркін жүзетін ғалымдар негізгі заңдардың аясын, қатарын өсіріп, құқықтық саласын ізгілендіруге бағытталған заңнама жобаларын көптеп өмірге әкеліп, ұлттық, демократиялық, тәуелсіз мемлекетіміздің тұғырын бекемдей түскендері зор жетістік.

Францияның президенті болған Жак Ширак: «Елдің дамуы үшін демократия емес, ең алдымен, еңбекқорлық пен тәртіп керек, өйткені, шектен шыққан демократия тәртіпсіздік пен берекесіздікке соқтырмақ», – деп кезінде өзінің де тілін тістеткен саяси-әлеуметтік, құқықтық дәрменсіздіктің кесірін өкіне еске алыпты. Жак Ширак демократиядан неге безеді? Бұл жерде, бізше, демократияның еш қатысы жоқ. Кінәнің бәрі – өзі тізгінін ұстап отырған биліктен. Қоғам мүшелері жаппай еңбекпен қамтамасыз етіліп, әлеуметтік жағдайлары талапқа сай шешілсе, заң алдында баршасы тең болса, олар да өздерінің қамын жеген мемлекетке адал қызмет етіп, заң талабын бұлжытпай орындайтыны ақиқат. «Тәртіпсіздік пен берекесіздікке» итерген жай заң алдында адамдардың тең болмауы құқықтық нигилизмді асқындырып, ел өзін сөз жүзіндегі демократиямен алдап, қанын сорып отырған мемлекетке қарсы бітіспес, жан алып, жан беріскен күреске бел шешіп кірісуге бекіндірген. Адам құқығын тұншықтырушы қоғамның күні қараң. Қазір парадигмалар өзгеріп, бұрынғының орнына өркениетті жаңа ұсыныстар кейбір заңдарды ізгілендіріп, түбегейлі жаңартуды талап етуде. Құқықтық саласын ізгілендіруге бағытталған заңнама жобалары заман талабына сай толықтырылып, өзгертіліп отыруы прогрессивті, динамикалық сипатқа айналса нұр үстіне нұр. Мемлекет Ата заңды кие тұтып, заңды халқының мұрат-мүддесіне мінсіз қызмет істеуге жексе, табиғатынан шыдамды, момын, ақкөңіл, ержүрек, береке-бірлікке құштар халқымыз қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманды бастан кешіп, рухы көтерілер еді. Ұлы ағартушы, философ Ж.-Ж.Руссо: «Ұлт-ұлыс халқының санымен емес, рухының биіктігімен әйгіленеді», – демекші, сол рухының биіктігімен «әйгіленетін ұлт-ұлыстық» қазақтың маңдайына бұйырсын деп тілейік.

Диалектика заңына ден қойсақ, мәңгі жасайтын еш нәрсе жоқ. Мәңгі жасау ол ұрпақтар жалғастығымен есептелінбек. Ұрпақтардың үзілмей жалғасып отыруы – көпірінің тіреуі, сүйегі болаттай беріктігіне қатысты. «Болаттай беріктік» орыстың аса көрнекті жазушысы А. Толстой жазбақшы: «Орыс халқының ұлылығын түсіну үшін оның өткен өмірін, тарихының түбірлі кезеңдерін, орыс мінезі қалыптасқан трагикалық һәм творчестволық дәуірлерді терең біліп алу керек». Қазақты танудың рухани негіздері берік. Әдет-ғұрыптары, наным-сенімдері, ырым-тыйымдары, ертегі, баллада, аңыз, эпостары, лиро-эпос жырлары, толғау, шешендік сөздерінде т.б. бұл фәниде өмір сүрудің заңдылықтарын насихаттай отырып, көреген, ақылды, қиянға қылыш сермеген жауынгер, арыстанды айбатымен шошытқан батыр, сөзі мөр, өзі пір, тілі жауһар, мінезі шалқар ата-бабаларымыз көшпелілер өркениетін бастан кешті, ұлы болмаса да, ұлы көшті жайлы қонысқа жайғастырды. Тума дарын шешендер, таңдайынан лағыл сөздер төгілген ақындар; халқының бастан кешкен тарихын тереңнен қатпар-қатпарымен қопарып, энциклопедиялық деңгейде шежіре шерткен сұңғыла, данагөй, ақылгөй қарияларымыз алқалы жиындарда, көптің басын біріктірген басқосуларда ең басты тағдыршешті стратегиялық мәселе – қазақ отбасында тәрбиелі ұрпақтарды ұядан ұшырып жатқан көргенді де текті, ірі кісілікке саятын кемел отағасылықты; солардан құнар тартқан елдің ең сүйікті, көреген, көкірекке тоқу ілімін жиған, елі үшін жанын беретін кемеңгер көсемдікті дәріптей отырып, олардың бойындағы қазақы мінез­-құлықтың мәрттігіне, сол мінездің шарапатымен жауға жерін бермеген жанқиярлық ерлігін, «трагедиялық» һәм жүректі өрттей шарпыған «Елім-айлаған» дәуірлерден терең білім беріп, патриоттық сезімді бойға ұялатқан ғой. Қысқасы, қазақтың бай ауыз әдебиеті, тарихы, ділі мен діні, салт-сана, әдет-ғұрпы, дәстүрі, 5,5 миллион шаршы шақырымды қамтыған алып өлкені құтты мекені етіп, азулы жаулардан қорғап қалған, қорғап отырған «күшімен, жаужүректігімен бүкіл дүниежүзіне аты шыққан қазақ» (Исфаһани Рузбехан) екенін ұрпағы соларды оқығанда көкірек көзін ашып, санасына сәуле түсірмек. Ұлттық рух бойына дарыған ұрпақ ата-бабасы көшпенді өмір кешкенімен, жабайылықтан ада болмысынан үлкен дарын иесі, салт-санасы дамыған, жауынгер, еңбекқор, момын, кеңпейіл, ізгі, сакралдық қыры басым, тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмірі Ата заңның аясында өтіп, әрбір бабын қатал сақтап, ізгілік пен әділдікті ұлтымыз пір тұтқандықтан, полиция, түрме, ату, асу, зындан, жер аудару дегенді білмей, ауызбірлік, татулықты ата-баба өсиетіндей берік сақтағанын бүгінгі ұрпағы қасиет тұтып, қанаттанбақ, кеуделерін мақтаныш сезімі емірендіріп, алтын бесігін аяламақ.

Сонау ежелгі дәуірден бері халқына мінсіз қызмет етіп, әр ұрпақ басынан кешкен қоғамының талабына сай жаңарып, өзгеріп, толығып, бүгінгі жаһандану заманында өркениетті мемлекетіміздің әлемге танылуына, рухани жаңаруына мұрындық болып, тәуелсіздікті тұғыр тұтып, азаттықтың ауасымен еркін тыныстап отырған елінің мүддесінен шығу мақсатымен мазмұны байып, кейбір заңдары түбірімен жаңарып, кемелдену процесін бастан кешіп отырған Ата заңымыз, тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болуына, мемлекетіміздің абыройын асқақтатып, халқының тіреуіне айналып, тілегінен шығып, динамикалық сипатта, диалектикалық дамуды жүзеге асырып, демократиялық ұстанымның үлгісіне айналуына тілектеспіз.

(Соңы. Басы өткен сандарда)

 

901 рет

көрсетілді

68

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз