• Ел мұраты
  • 30 Қазан, 2020

ЕЛДІҢ ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСЫНДАҒЫ КІРШІКСІЗ ДҮНИЕ – ТЕКТІЛІК

Берік Нұрмұхамедов,
гуманитарлық ғылымдар магистрі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 1   қыргүйегінде жариялаған «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» атты Қазақстан халқына Жолдауында  «Ұлттың жаңа болмысы» атты бағдарламалық жобасы ұсынылған болатын. Бұл ұлттық болмыстың бүгінін жасақтайтын жоспарлы қадам. Біздің ұлттың болмыс ретінде қалыптасқан іргетасының бекем де тамыры тереңге кеткен бәйтеректей еңселі екендігіне ешкімнің дауы жоқ. Тек сол киелі де құнды қалыптың биігін бүгінгі жаһандық өркениет тұрғысынан жұтылып кетуден сақтап, субъективті ерекшелігіне тың рең мен сапалық мән үстеуге бағыттау Жолдаудың ұлттық болмысқа бағытталған бөлімінің мағыналық мұраты. Бұл түйінді ойымызды Жолдаудың мына жолдарынан аңғаруға болады: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр».

Біз жауапкершілік ұлттық болмысымыздың негізгі қазығы ретінде генетикалық кодпен жалғасқан адами негіз екендігін сөз басында жазған болатынбыз. Сол жобалық пікірге сәйкес ел Президенті де: «Ысырапшылдық пен даңғазалық қо­ғам­ның да, адамның да абыройын тө­геді. Жауапсыздық, немқұрайдылық бү­кіл елді қасіретке ұшыратады. Ал бос сөз­ді­лік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғам­ның дамуын тежейді» деп, бүгінгі ұлттық болмысқа жабысқан сарқыншақ әдеттердің сипатын сынайды. Бұл төл болмысымызға жат мінез екендігін тәптіштеп айттық. Және қайдан жабысқан құбылыс екендігіне де тоқталдық. Осы дүниелердің мемлекет тарапынан қозғалуы ұлттық ұғымды ұлықтауға ғана емес қайта түгендеп, емдеп алуға ұмтылған қадам деп те қуана қарауға тұратын амал.

«Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағи­даттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапа­сын арттыруға атсалысу» деп нақты ұсыныс жолданған. Бұл дегеніміз жалпылдақ форумдар мен дүниенің жартысындай үстелдерге жиналып алып конференция өткізумен шешілмейтін дүние екендігі анық. Оның рухани жүгін ұлт үшін жан ұшыра қызмет етуге дайын қара нарлар ғана көтере алатын жауапты істер. Президенттің өзі «ұлттық болмыстағы жауапкершілікті» орнықтыру жайында айтып, тапсырып тұрғанда оны жауапсыз қалдыратын жай күндегі бір топан қағаздың біріне балар қызметкердің жұмысы емес. Ұлттық болмыс, ұлттық сана ұғымдарының ұлағаты күллі елді, бүтіндей бір жұртты тәрбиелейтін, адами ізгілікке жетелейтін қастерлі екенін түсінуден басталуы керек деп санаймыз. «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген Мұқтар Әуезовтың бүтіндей бір ұлтқа аманат еткен ақылынан бастасақ, мемлекет басшысы жолдаған жолдан жаңылмайтынымыз анық. Елге ақ-адал қызмет етер қызметкерлерді бүгінгі қоғам сабылып іздеп жүр. Кешегі қазақтың ұлттық болмысындағы елі мен жері үшін сол бойда тұлпар мініп, ту алып кетер мінездің ұсақталып кеткендігін амалсыз мойындаймыз. Сондықтан да, Жолдаудың соңғы түйіні осылай өрбиді: «Биік мұратқа жетелейтін еңбек деген ұлы ұғымды әр азаматтың санасына сіңіргеніміз жөн. Біздің елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек».

Демек, ұлттық болмысты қайта жаңғырту кезеңі басталды. Бұл әр қазақтың жауапкершілікпен үңілетін азаматтық борышы. Біздің ұлттық сана мен болмыста аттың басындай алтынға айырбастауға болмайтын асыл құндылықтар, мәнді мінездер, ізгі феномендік қалып пен жауаптылықты жанды шүберекке түйіп тұрып сезінетін дүниелер жетерлік. Ендеше, жоқтан барды жасаудың аса өзектілігі жоқ. Тек қана, тегімізде тұнған тұрақтылық пен рухани мәнді қайта жаңғыртса болғаны. Ұлттық болмыс өз тұғырына қонса, әр азамат елі мен жері үшін жауапты тұлға екенін, әрбір қазақтың қызы ертеңгі қазақтың ұрпағын ардың сүтімен ауыздандырар ұлттың анасы екендігін сезінбек.

Дүние жаралғалы Адам атаның ұрпақтары жер деген кеңістіктің түкпір-түкпірін шарлап, әрқилы кезеңнің тарихи координаттарын тарих мінберіне орнатып келеді. Түр мен түске, дін мен ділге, ұлт пен тілге ерекшеленіп, алты құрлықтың аумағында асыр да салды, сайран да салды, ойран да салды, бірақ адам деген құбылмалы жаратылыстың көкейінде тұрақтылық өзінің дәнегін жойған ба, мәңгі...

Әр ұлт өз тарихи санасының кейіпкері әрі қоғамдық көрінісінің кепілі. Қазіргі бар мемлекеттердің 95%-ы бір ұлтты елдер. Бұл дегеніміз әрбір мемлекет өзіндік феномендік құбылысын сақтап қалуға жанталасқан әрі тұтастай сақтау жолында күресіп келе жатыр деген сөз. Ұлт ұждандық статус қана емес, қандастық төлқұжаты. Ұлттың болмысының өткені мен бүгінін функционалдық тұрғыда аңғару қиын емес. Ұлттың кешегі болмысы, мінезі мен бірегей қалпы, даналық пен даралық өзегі, сана құрылымы жайын аңғару үшін ауыз әдебиеті, жазба ескерткіштері дайын дәлелді құжат. Қазір біздің ұлттық өзегіміз деп болмысына байлап жүрген елдер көп.  Мәселен, «Игорь полкы туралы жырды» орыстар, «Махабхаратаны» үнді халқы, «Нибелунг туралы жырын» немістер, «Манасты» қырғыз ағайындар біздің бабаларымыздың рухы рыцарлық еді деп, ұлттық болмыстарын насихаттап, тарихты түгендеу арқылы бүгіні мен болашағына феномендік дәліз жасап әлек. Ал, бізде ше... бізде жыр да, дастан да, фольклор да, аңыз-қисса, ертегі де, тасқа қашап жазылған сызба сурет, жазба да аз емес. Осындай тарихи дастан кейіпкерлерінен әр ұлттың мінез айшығын, болмыс бітімін мүсіндеп алатын болсақ, Ұлы Дала ұлтының да дараланып тұрар тұғырлы тәлімі, тұлғалық ұжданы, арлы амалдары тізбектеліп, сайрап жатыр. Ендеше біз ұлттың кешегі болмысы қандай еді, бүгінгі биігі қай шамада, ертеңге еншілер аманаты қандай деген сауалдар негізінде субъективті ой-тұжырым жасап байқайық.

«Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қобыланды» батырлық жырлары түркі халқына ортақ болғанымен, түркі халқының отаны Тұран даласының әлімсақтан заңды мұрагері қазақ болып келе жатқандықтан, өз руханиятымызға негіздеп, тарихи құндылығымыз есебінде ескеруімізге әбден болады. Осы жырлардың бірі – «Алпамыс» батыр жыры. Батырлықты, елін қорғауды насихат ету көшпелі өркениеттің өмір салтына айналған тағдыр заңындай. Әр баланы бүлдіршін жастан елі мен жерін қорғауға бейімдеу, қызын сол елді қорғаушы ердің берекесін түгендеуге тәрбиелеу ұлттық болмысымыздың кешегі қазығын айқындайтын дидактикалық тұжырым. «Ер елі үшін туады, елі үшін өледі» деп елдік мұратты алдыңғы орынға шығарып, әр жігіттің жауынгерлік мінезінің іргетасын қалау ұлттық болмысымыздың ерекшелігі. Көшпелі елдің негізгі құндылығы жер болғандықтан, оны қасық қаны қалғанша қорғау да бірінші міндет болуы даралықты айқындайды. Жердің кеңдігі мен пейілдің кеңдігінің ұштасып жатуы табиғи құбылыс. Ұлан-ғайыр алқапты алып жатқан елдің мінезі, ұлттық болмысы тар аяға сыймайтыны, көпшіл, дарқан көңіл ниетінің негізінде жатса керек.

«Алпамыс» батыр жырында кейіпкердің даралығы ерекше көрініс табады. Елін жаудан қорғауға аттанып, басын қатерге тігіп, тұтқынға да түскенін, ел жігіттің басына нелер келіп, не кетпейтіндігін баян ете келе, бар қиындықты жеңетін қайсарлық пен ерлік, батылдық пен батырлық екенін үндейді. Еліне, ата-анасына, қарындасы мен сүйген жарына қамқорлық бір ғана кейіпкердің бойынан табылатын текті қасиет ұлттық болмыстың нақышты формасы ма дерсің... Осындай батырлар үйден жырақ, ат үстінде елдік жолында өлім мен өмірдің ортасына жалғыз жанды найзаның ұшына үкілеп байлап жүргенде елде қалған Ұлтан құлдың жасаған опасыздық әрекеті де, жақсы мен жаманның қай заманнан қайшыласып, болмыстың бір түкпірінде тартыс жасап келе жатқандығын аңғартып кетеді. Әкесіне қой бақтырып құл етіп, қалған жанды аяққа басып күң етіп қойған әрекетінен біршама дүниенің негізі қылаң да беріп қалады. Елдің тірегі мен текті тұрағы тайғанда жайсыздықтың белең алып, берекенің бірізділіктен іркілетінін байқаймыз. Бассыз қоғамның болмыстық бейнесінің әлегін осы сюжеттердің астарынан түйіндеуімізге әбден болады. Ұлтандай құлдың тексіз амалы, ұлттық болмыстың категориялық концепциясын да жіктеп тұрғандай. Елдің басына күн туғанда, елді қорғайтын ердің басын  қасірет бұлты тұмшалап тастағанда тізгінді қолға алған бейненің тексіз қимылынан, құл жиылып бас болмайтынын, құм жиылып тас болмайтынын да білуімізге мағыналық жол ашады. Яғни, елді ел ететін батырлықтың феноменін, ұлт пен ұлысқа ие тектілік амалдардың берекелі бесігін бұзуға болмайтындығын сол заманда-ақ ажыратып, аманат еткендігі анық. «Батыр  туса – ел ырысы» деген мақалдың да тілімізге тектен тек ене қоймағанын талай тағдырлы заманалардың зары салып бергендей. Ұлттық болмыс тектіліктің, арлы амалдың, елге деген ерекше ілтипатты сезімнің символдарымен өлшенетін әлімсақ кезде осындай жыр жолдары бүгінгі күнімізге тасымалдап тұр. Бұл арғы қазақ болмысын сипаттаған әпсаналық әңгіме.

Қазақ өз алдына ел болып хандық құрып, қойдың үстіне бозторғайды жұмыртқалатып жүрдік дейтін шақта, Абылайдың заманында от ауызды, орақ тілді, көмекей әулие, абыз Бұқар жырау ханға үндеу тастайды:

Ай, Абылай, Абылай!

Аталыдан би қойсаң,

Адаспас жол мен жорадан.

Атасыздан би қойсаң,

Босанбас аузы парадан, – деп, аталы жолдың туын жарғақ құлағы жастыққа тимей жырлайды. Аталы жол тектіліктің тұрағы екендігіне түйір күмәннің жоқ екендігі тағы бар. Сол заманның өзінде елдік біртұтастықпен бірліктің, ынтымағын ырысына бекемдеген қоғамның негізі аталы жол мен іздің іргелі жүйесіне қиянат қылмай, турашылдық пен тұрақтылық тектіліктің заңғарына ұя саларын ұғындыра береді. Демек, біздің далалық дәстүрді бойына дариядай идірген елдің ұлттық болмысындағы кіршіксіз құбылыс – тектілік. Оны қай заманда да кезеңінен озып туған ақылмандар айтып та, жырлап та, шама-шарқынша насихаттап та кеткен. 

Ұлттық болмыстың тектілік пен ерліктің, өр рухтың қазыналы қазанында қайнап жатқанын айтып келдік, ерлікті жүзеге асыратын жауынгерлік феноменінің де шырағы ұлттық кодтың шифрларына сәуле түсіріп, далалық тәрбиелік институттың басты трендтегі тәлімі екендігін тағы тілге тиек еттік. Осы орайда үнемі жігіттердің өр рухтық қалпы, елі мен жерінің жолында құрбандыққа дайын қадамдарға киіз үйдің өре ағашында иесі үзеңгіге аяқ басқаннан қамшы салдырмай, қай бағытқа да әзір  тұрған тұлпардай шешімді жауапкершіліктің зор иесі екендігі де біздің ұлттық санамыздың туабітті Құдайлық бір бөлшегі болатын. Жаугершілік замандар ұлттық санаға бесіктен белі шыққаннан ер баланың белін буып, ашамайға әуп деп мінгізгенінен, тақымындағы мызғымас мықтылықтың, білегіндегі бұла күштің, жүрегіндегі бөрі рухтың дәнегін дарытып-ақ тастаған. Бұл өмір салты ұлттық болмыстың ажырамас қалпы да болып кетті. Оны оқ пен оттың ортасынан жыр жазған Өтемістің Махамбеті осылайша толғайды:

Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай,

Қоңыр салқын төске алмай,

Құбыланы төрткүл оңға алмай,

Тебінгіні терге шірітпей,

Терлікті сүттей ірітпей,

Өлеңді төсеп ет жемей,

Ұлы түске ұрынбай,

Жанға салған малтаның,

Әр түйірі ат болмай,

Атыңды байлап келгенде,

Қатын, бала жат болмай,

Түн қатып жүріп, түс қашпай,

Темірқазық жастанбай,

Қу толағай бастанбай,

Ерлердің ісі бітер ме!?

Міне, ерлік істің, егеулі найзаның иесі еленбей қалмауы керегін ағылта жырлайды. Бұл дегеніміз әр жігіттің өз қара шаңырағы мен туған жерінің, біртұтас елінің алдындағы алып жауапкершілікті жұмыр жүрегіне сыйдыра білудің жарқын үлгісі. Таза далалық сана, ұлттың ұжданы ұрланбаған ұлағатты болмысы. Дәл қазіргі қоғамдық сана мен ұлттық болмыс бөлшегінде осынау өр рухты айбарлы ағын, генетикалық аманат қаншалықты сақталды. Жалпы жауапкершілік атауының қазіргі ұлттық болмыстық сапасы қай деңгейде деген сауалдар күн тәртібінен қалып кеткені қай заман... Қалтаң  толса болдыға жоритын коммерциялық өлшем, капиталистік өре біршама жүректің түкпіріндегі талай асыл дүниені есеңгіретіп, есіне елес күйінде ғана қалдырып тұрғаны жасырын емес. Демек, ұлттық болмыс та өзгереді, рухани рэкеттік шабуыл жасалады. Тоналған түйсік, шабылған шама, ұмытылған мұрат, ер міндеті мен жауапкершілігі ділдің дертіне душар болады екен. 

Оған себеп те жоқ емес, ұлттық болмысты балталауға ұмтылған стратегиялық жобалар бұдан 300 жылдан аса уақыт бұрын жобаланып, нақты іске кіріскеніне де қай заман...  Хандық билікті жойып, патшалық ұлықтарды қойып, қазақ пен қазақты болыстыққа таластырып тастаған да сол амалдардың әрісі болатын. Ұлттық болмысқа жымысқы шабуыл сюжетінің бір актісі осылай да басталған еді. «Шынжыр балақ, шұбар төс» атауының да қолданысқа енген тұсы сол. Шен мен шекпенге бәсеке тастап, азын-аулақ билікті жалған мөр ұстату күйінде таластырып қою арқылы, жалпы ұлттық бірлікті ту-талақай еткен саяси хан талапайлық ойындар озбырлығын кейін ұққан секілдіміз. Дана Абайдың өзі өз заманының форматын шамалай келе, нақты қоғамын осы жолдарымен суреттеп өткен:

Мәз болады болысың,

Арқаға ұлық қаққанға,

Шелтірейтіп орысың,

Шенді шекпен жапқанға.

Күнде жақсы бола ма,

Бір қылығы жаққанға?

Оқалы тон тола ма,

Ар-ұятын сатқанға?!

Күлмең қағып қасқайып,

Салынып ап мақтанға,

Таңқаламын, қампайып

Жоқты-барды шатқанға.

Яғни, мызғымас  болмыстың бұрышы жаңқаланып, ұлттық бірліктің қазығы балталана бастаған тұс болса керек. Қоғам, заман тұрғысынан ұлттық болмыстың өзгеріске ұшырауы қандай да бір ықпалдардың ығына жасырынған идеологиялық дауылдардың дүрмегінен екені анық. Осындай әрекеттердің астарында ұлттың көшін бастап келе жатқан, қалың бұқара ата-бабасынан жақсы мен жайсаңға балап сенім артып қалған билік, төрелік институтын жойып та жіберді. Ұлттық болмысқа жасалған үлкен қиянат еді  бұл. Бұл туралы біз «Тектілік гегемониясының күйреуі» атты мақаламызда кеңінен тоқталып, субъективті пікірлермен бөліскен болатынбыз. Ата-бабасынан атқа мінген, елі үшін адал қызмет атқарған топты, әр ру ішінде қызмет пен көлік, басқа да сыртқы айырбас саудаларын бітімдеп, ішкі коммерцияны бүтіндеп отырған меценат байларды, әскердің басында ту ұстаған батырларды, бала оқытқан ұстаз молдаларды, тумысынан өнер қонған ақын-жырау, әнші-жыршы, палуандарды, ел ішінде көкірегі ояу, зейін зердесіне қылаң түспеген жақсы мен жайсаңдарды атып-асып, итжеккеннің түкпірінде ізім-ғайым жоқ етті. Ұлттық болмыстың беткі қаймағын қалыптастырушы құрылым осылайша қастандық құрбандарына айналды. Қалған топты өз ілімдеріне оқытып, тоқығандарын елді билеп-төстеуге жұмсады. Бұрын күмәнсіз сенген бабаларынан бастап тізгін ұстаған тектілердің жоғалып кетуі қоғамдық санада да, ұлттық санада да хаос орнатып кетті. Кімге сенерін білмеген, тізгінін сеніп тапсырар, көшін түзер топтың сұйылғанын, заманның аумалы-төкпелі қалпынан пайда болған шақтың шарттарынан жалтақ болмыс жабысты. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов: «Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса  қазақ халқы соңынан ерер еді» деп сол қоғамның диагнозын дәл қояды.

Заман қандай, заң қандай деп отырар сенімсіздік, ақ пен қызылдың айқасы, талай алым-салыққа, қарапайым бұқара халыққа қамыттай батқан заң-жарғыларға қарсы тұтанған көтерілістерден, қоғамдық тұраққа бекіне алмаған толқулардан мезі болған шақтар ұлттық болмыстың өн бойына нұқсан келтірмей қоймады. Бәйтеректей күндік жерден көлеңкесі түсетін саялы дүниелерге қол сұғылды. Ұлттық болмыстың көнбіс қалыпқа иланып, ақыры бас шұлғуға да шамасының аздығын жазушы Дулат Исабековтың әңгімесіндегі мына бір жолдардан аңғаруға әбден болады: «Совет үкіметі дегенді бұл ауыл кенеттен естіді. Бес қанат қара үйдің алдында қатпа қара кемпір жайбарақат жабағы жазып отырған, екі атты жерден шыққандай табан асты сау ете қалды. Сау ете қалды да ал кеп бұның аты-жөнін, әкесінің атын, қайдан шыққанын, кімнен туғанын, кіммен тұратынын, саяси көзқарасын, бала-шағасын түп-түгел сұрап шықты. Сұрап болған соң: «енді сіз совет адамы боласыз» деді де, аттарына отырып басқа үйлерге кетті. Қара кемпір түкке түсінбей қалды. Феодализм кезінде түткен жүнін социализм кезінде де жалғастырып, қаннен-қаперсіз отыра берді. Бүтін бір дәуірден бүтін бір дәуірге жүн түтіп отырып-ақ аттап кеткенін ол ойлаған да жоқ. Ертесіне де ойламады, өйткені, ойланатындай ештеңе де өзгермеді: сол ауыл, сол адамдар, сол үй, сол жүн, сол тіршілік, сол күлкі, сол мұң». Бұл дәуірлерді көктей өткен ұлттың мойнына қамыт, аяғына тұсау салынған шақтың шамасындағы таңдаудың жоғынан көнбістіктің кебісін киюден өзге амалдың қалмағанын аңғартқан қалып. Қалыптың өзі дағдыға айнала берсе болмысқа сіңіп кетерін ресми ғылым дәлелдеп қойған. Ұлттық болмыстың әуелгі мәйегі мен кешегі өткенін, уақыт кезеңдеріндегі кездейсоқ емес қасақана жасалынған әрекеттерді шама-шарқымызша еркін ойдың мінберімен, жеке пікірдің пайымына негіздей отырып, топшылап жаздық.

Ұлттық болмыс жер жаһанда ұлт ретінде жойылып кетпеуге бірден бір сеп болар компас екендігін әлем саясаткерлері мойындап, әр елдің идеологиясы осы шартпен жанталасып, ышқына жұмыс істеп жатқандығы ақиқат. Не бір құқайдың талайы жазық маңдайына жаңылмай тиген қазақтың ұлттық болмыс тұрғысында жоғалтқан жоғын түгендеп, барын бағалап, бағалысын бағамдап отыратын шақтың келгенін мемлекет басшысы Қазақстан халқына жуырдағы Жолдауында айтып өткен еді.
Ұлт ретіндегі болмысымыздың бастауын жаңғыртып, қолды болған құндылықтарымыздың орнын толтырып, «Мәңгілік елдікке» ұмтылған Ұлы Даланың дара мемлекеті екенімізді рухани жасақтау қоғам деңгейіндегі көші көлікті амал.

 

471 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз