• Ел мұраты
  • 30 Қазан, 2020

ӨЗ-ӨЗІМІЗДІ ДАМЫТУҒА КҮШ САЛУЫМЫЗ КЕРЕК

Жаңа оқу жылында әлемді дүр сілкіндіріп, жер-жаһанға орасан зор қауіп төндірген пандемиямен күрес жалғасып жатқан уақытта, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты кезекті Жолдауы халқымызға үлкен рухани қолдау болды. Жаңаша мазмұнға ие, тың бастамаларға толы     Жолдауда жаңа жағдайдағы Қазақстанның іс-қимыл сатыларын тарқата баяндады.   Жолдауда қарастырылған негізгі мәселелердің бірі – қолжетімді, әрі сапалы білім жайы. Бүгінгі таңдағы білім мен ғылымның тү­бе­гей­лі жаңартылып, ауқымды мін­дет­тердің алға қойылуы ұлттың бәсекеге қабілеттілігін сын те­зіне түсірді. «Дүние де өзі, мал да өзі, ғы­лымға көңіл бөл­се­ңіз» деген Абай даналығының заманы туғандай.

Коронавирус індетінің салдарынан бүкіл дүниежүзіндегі білім беру мекемелері ісі қашықтықтан оқытуға көшті. Осыған орай, ғасырға жуық тарихы бар қазақ білімнің қасиетті қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Ғылыми кітапханасы университеттің негізгі құрамдас бөлігі, бай кітап қоры бар, заманауи үрдіспен дамып, оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір рөлін қалтқысыз атқарып келе жатқан руханият ордасында еш кідірместен, жұмыс жоспарларын жаңартып, өз оқырмандарымен тығыз байланысын қашықтан онлайн түрінде жалғастыруда. Жалпы кітапханада әр ғылым саласы бойынша оқулықтар, монографиялар, көркем әдебиеттердің тамаша үлгілері,  ХVII-ХIХ ғасырларда жарық көрген сирек кездесетін әдебиеттер жинақталған. Ғылыми кітапхананың кітап қоры 1 724 881 дана, олар оқулықтар, оқу-әдістемелік, ғылыми және көркем әдебиеттер, журналдар, диссертациялар, электрондық оқулықтардан тұрады. Оқу, оқу-әдістемелік әдебиеттер – 1 128 578 дана, ғылыми  әдебиеттер –  433 900 дана, көркем әдебиеттер – 162 403 дана. Жыл сайын кітапхана қоры шамамен 30 000 дана құжатпен толықтырылып отырылады. Өткен жылы кітапхана қоры 719 атаудағы 27 203 дана әдебиетпен толықтырылды. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында 88 атаудағы 15 438 дана кітап алынды.

Қазіргі қашықтан білім беру үдерісіндегі кітапханамыз осы әде-биеттерді цифрлы форматта өз оқырмандарына ұсынуда. Университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Такир Балықбаевтың бастамасымен қашықтықтан оқыту бағдарламасы жоспарға сай орындалып келеді. Жаңа форматта ұйымдастырылған электрондық кітапханамыздың жұмысын қашықтықтан пайдаланушылар саны қазіргі таңда 15 мыңнан асып отыр.

Кітапхана жұмысын пайдаланушылар ғаламтор желісі арқылы, кітапханамыздың электрондық каталогын, толық мәтінді электрондық ресурстар қорын, мерзімді басылымдарға жарияланған ғылыми мақалалардың қорын пайдалана алады (www.library.kaznpu.kz). Сонымен қатар, оқырмандар сыртқы электрондық ресурстарға: Қазақстан Ұлттық электрондық кітапханасының мәліметтер қоры (ҚазҰЭК) www.kazneb.kz, республикалық жоғары оқу орындары аралық электрондық кітапхана (РЖЭК) www.rmeb.kz, Elzevier компаниясының Scopus реферативтік мәліметтер қоры, www.polpred.com, ЭКЖ «IPRвооks», OxfordUniversityPress www.Universitypressscholarship.com, қазақстандық электрондық кітапхана  «Эпиграф», «ЛантарТрейд» мәліметтер қорына қолжетімділік мүмкіндігі бар. Кітапхана сайтында оқырмандарға арналған ақпараттар, виртуалды көрмелер ұсынылған. Жаңа түскен әдебиеттер көрмесі де ұйымдастырылады. Сонымен қатар, ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған «Абай әлемі» оқырмандар базасы оқырмандар үшін кез-келген жерден қолжетімді.

Мамандарымыз құжаттарды цифрландыру жұмысын қолға алып, қордағы әдебиеттерді сандық форматқа ауыстыруда. Сонымен қатар, құжаттарды  тапсырыспен электронды түрде жеткізу қызметін, мақалаға ОӘЖ (ондық әмбебап жіктелім) индексін қою қызметтерін атқарып отыр. Ғылымның барлық саласынан хабардар кітапхана мамандары университетте ұйымдастырылған әртүрлі форматтағы онлайн-конференция, вебинарларға ақпараттық-кітапханалық сабақтар өткізуді дәстүрге айналдырған. Facebook, Instagram сынды әлеуметтік желілерге тіркелген парақашаларға ақпараттар үнемі жүктеліп, оны пайдаланушылар саны да артып келеді. Қызметкерлеріміз оқырмандардан қол үзбей, қызметтерін қалыпты түрде жалғастырумен қатар, кітапхана ісі бойынша білімді жетілдіру онлайн-вебинарларына тұрақты түрде қатысып, тәжірибе алмасып келеді. Осылайша кітапхана мен кітапхана қызметкерлері онлайн-қызмет көрсету арқылы білікті де, білімді маман екендіктерін, кез-келген форматта жұмыс істей алатындарын көрсетті.

Қоғамда онлайн кітапхана, электрон-дық кітапхана десе, сенімсіздікпен қарайтындар әлі де баршылық. Классикалық дәстүрлі үлгідегі кітаптар ешқашан өмірімізден алыстамасы анық. Бірақ, ақпараттар технологиясының заманы мүлдем өзгеше болып отыр, талаптары да күнде өзгеруде. Электрондық кітапханаға жүгіну – уақытты ұтымды пайдалану, қашықтықтан пайдалану қажеттілігінен туып отыр.

Президент Жолдауында айтылғандай, халқымыз жаңа сапаға көшуі үшін қазақ қоғамында жаңа қағидалар мен бағдарлар құрылып, адамдардың өмірлік ұстанымдары өзгеруі қажеттілігі айрықша алға тартылып отыр. Ал, бұл мақсатқа жету жолында алдымен терең білім, қажырлы еңбек, кәсіби шеберлік, адалдық сияқты қасиеттермен қоса, баршамызға өз-өзімізді дамытуға күш салуымыз қажет. Бүгінгі заман, уақыт соны талап етеді.

Нұргүл ИМАНСЫДЫҚОВА,

Абай атындағы ҚазҰПУ Ғылыми

кітапханасының директоры

528 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз