• Ел мұраты
  • 30 Қазан, 2020

АЛДЫМЫЗДА ҰЛТЖАНДЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ МІНДЕТІ ТҰР

Еліміздің жоғары білім беру саласындағы заман талабына сай болып жатқан өзгерістер алда жоғары білім саласына сапалы маман-кадрлар даярлаудың жаңа мүмкіндіктерін ашуда. Осыған сәйкес, қазіргі кезде оқу-тәрбие, ғылыми-педагогикалық бағыттағы жұмыстардың да арнасы кеңейе түсуде. Еліміздің даму үрдісі үнемі дамуды, жаңа белестерді бағындыруды талап етеді. Осындай мақсат-мұрат жолында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында білім және ғылым саласына жаңа да нақты міндеттер жүктеп, биік талаптар қойды. Президент атап көрсеткен басым бағыттар ел экономикасының ең негізгі өзегі саналатын аталған салалардың заманға сай дамуы мен қоғамның басты талаптарына жауап беру бағытындағы жұмыстарға маңызды серпін береді.
Біздің университеттің еліміздегі жоғары оқу орындары арасындағы өзіндік орны, атқарып отырған нақты міндеттері бар. Университет осыдан 75 жыл бұрын ірге қөтерген кезінен бері, еліміздің қыздарын педагогика саласына баулып келеді. Олар кейін қолына жоғары білім туралы дипломдарын алған соң өздерінің білім ордасында игерген білімін, бойға сіңірген тәлім-тәрбиесін ауылдық жерден бастап, іргелі қалалардағы жоғары білім беретін мектептер, орта арнаулы білім беретін оқу орындары мен жоғары оқу орындарында жастарды білім нәрімен сусындатып, халқымыздың сүйікті ұл-қыздары, болашақ жоғары білімді мамандары, қоғамның белсенді мүшелері болуға және қоғам өмірінің басқа да салаларында еліне, халқына адал қызмет етуге баулып келеді. Түлектеріміздің педагогика, ғылым және мемлекеттік қызмет саласында кең танылып, өздерінің жақсы жетістіктерімен көрініп жүргені қуантады. Университет өзінің жылдар бойы қалыптасқан осындай озық үлгі, жарасымды дәстүрін үнемі жаңғыртып, жаңа тәжірибе, жақсы жетістіктерімен байытып отырады. Университет басшылығы мемлекетіміздің жоғары оқу орындарына, ондағы ғылыми жұмыстарға, жастарды тәрбиелеу ісінде алға қойған жауапты міндеттерді ұдайы басты назарда ұстайды.
Мемлекет басшысы бұл бағытта көптеген мүмкіндіктерді алға тартып отыр. Мәселен, 2021 жылдың қаңтар айынан бастап, мұғалімдердің қиын да қызықты қызметтерін ынталандырып, жалақыларын 25 пайызға көтеру туралы шешім қабылдады. Әзірге белгілі болғанындай, педагог-мамандардың еңбекақы мөлшері келешекте де арта бермек. Бұл мақсатта мемлекет тарапынан алдағы үш жылда қосымша 1,2 трлн теңге бөлінбек. Соңғы жылдары елімізде ұстаз беделін, педагог мәртебесін көтеру жолында елеулі істер атқарылып, бұл бағытта бірқатар нақты жұмыстар нәтижелі жүзеге асуда. Мәселен, бір ғана «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы – қазақстандық ұстаздар қауымының беделін еселеп арттырып, оның қоғамдағы орнын айшықтауға бағытталған зор қадам. 21 баптан тұратын бұл жаңа Заң, түптеп келгенде, жарты миллионнан астам ұстаздың жұмысына тікелей қатысты. Онда төрт негізгі бағыт қамтылған. Біріншіден, педагогтардың құқықтарын кеңейту және оларды өзіне тән емес жұмыстардан босату, олардың жүктемесін азайту мәселесі. Екіншіден, қоғамдағы мұғалімнің қызметіне қойылатын басты талаптарды күшейту бағыты. Үшіншіден, материалдық емес ынталандыру тетіктері және төртіншіден, материалды ынталандыру қадамдары қаралып отыр. Президенттің шешімі де осы заң аясында қолға алынған маңызды қадамдар болып отырғанын да атап өткен ләзім. Қоғамдағы ұстаз беделінің артуы, олардың еңбекақыларының жыл сайын көтерілуі білікті де білімді және «ұстаз» деген ардақты атқа лайықты нағыз мамандар мектебінің қалыптасуына да сенімді негіз болады.
Бүгінде мұғалім беделін арттырумен қатар, педагог кадрларын даярлайтын оқу орындарының да маңызы айқындалуда. Еліміздегі ең іргелі жоғары оқу орындарының бірі – Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық университеті негізінен ауылдық елді мекендердегі білім ошақтары үшін білікті маман даярлайды. Жолдауда айтылған «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы да ЖОО жұмысымен тікелей байланысты. Атап айтар болсақ, университет өзінің 75 жылдық тарихында 60 мыңнан астам педагог-мамандар даярлапты. Қазіргі күнде оқу орнында болашақ педагогтардың кәсіби бейімделуі үшін педагогикалық кадрларды даярлаудың өзіндік жаңа білім беру бағдарламалары тәжірибеге енгізілуде. Бұлай дейтін себебіміз, білімнің жоғарылауы бірінші курстан төртінші курсқа дейін тәжірибеден өту арқылы жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде болашақ мамандардың теория мен тәжірибені ұтымды түрде үйлестіріп, олардың біліктілігін арттыруға зор серпін береді.
Жолдауда атап көрсетілген ғылыми әлеуетті дамыту мен жас ғалымдарды ынталандыру аталған саланың қарқынды дамуына оң ықпал ететіні белгілі. Бұл тұрғыда бүгінгідей озық заманда ғылым саласына мемлекет тарапынан зор көңіл бөлініп, елеулі қолдау көрсетіліп келе жатқандығы ғылыми әлеуеттің артуына жол ашады деп үміттенеді. Қазақстанның бұл тараптағы мақсаты – ғылымның дамуына жаңа қарқын беру, оның дамуы үшін дұрыс бағыттарды қабылдау және отандық бизнестің ғылыммен әрдайым тығыз байланыста болуына ықпал ету екендігі бар өмірін осы салаға арнап отырған жандар үшін де қуанышты. Бұл орайда қазірдің өзінде-ақ елімізде бірқатар іргелі бастамалар қолға алынып отыр.
Президент бұл бағыттағы жұмыс-тардың бірқатарын өзінің Жолдауында нақты түрде атап көрсетті. Атап айтқанда, ғылыми жобаларды қаржыландыруға мемлекеттік қазынадан қомақты қаражат бөлініп, жас ғалымдардың ғылыми идеялары жан-жақты ынталандырылмақ. Қыздар педагогикалық университеті білікті педагог кадрларын даярлаумен қатар, қазақстандық ғылымды дамытуға да өзіндік мол үлесін қосып келеді. Біздің оқу орнымыз зерттеу жұмыстарының сапасын арттыру және оны халықаралық талаптарға сәйкестендіру мақсатында алысты-жақынды шет елдердің ғалымдарымен, бірқатар ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, педагог-мамандарды заман талабына сай тәрбиелеу бағытындағы ортақ істе бірлесе жұмыстар атқаруда. Қолға алынып отырған жұмыстар аз емес. Бүгінде университет ғалымдары 28 бағыт бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуде. Мәселен, Қазақстан Жас ғалым-педагогтар қауымдастығы еліміздің педагог-мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарымен бірлесіп, білім беру мен ғылым саласындағы бірқатар бастамаларды іске асыруға белсене атсалысып келеді. Бұл бағыттағы жақсы тәжірибесі баршылық. Қауымдастықтың алдына қойған негізгі мақсаты – еліміздің жас педагог-ғалымдарының диалог алаңын ұйымдастыру, білім мен ғылымды терең ұштастыра отырып, жастардың озық ғылыми идеяларының білім беру саласына батыл енуіне ықпал жасау. Аталған қауымдастық алдағы уақытта Президент Жолдауында атап көрсетілген ғылым саласын дамытуға байланысты жұмыстарды негізге ала отырып, бұл игілікті іске де өзіндік үлесін қосатын болады. Жаңа мыңжылдықта білімі мен білігі үйлескен мамандардың жолы ашылып, қоғамдық өмірдегі, кәсіби қызметтегі бәсі тым жоғары болатындығы қазірдің өзінде-ақ айқындалып отыр.
Отандық жоғары оқу орындарының алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Осы орайда Қазақстан Президенті биылғы Жолдауында жоғары оқу орындары алдындағы міндеттерді ойдағыдай атқарудың ең негізгі тетіктерін көрсетіп, соған қолайлы мүмкіндік жасап отыр. Президенттің биылғы Жолдауы біз үшін осынысымен де құнды, осынысымен де маңызды.

Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА,
Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің
ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор

576 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз