• Ел мұраты
  • 31 Қазан, 2020

ГЕНДЕРЛІК САЯСАТТЫҢ БҮГІНГІ АХУАЛЫ ҚАНДАЙ?

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
журналист

Өзіміз ғұмыр кешіп отырған заманды бұрынғы замандардан әлдеқайда ілгері, дамыған, өркендеген десек те, адамға, адамның құқығы мен бостандығына қатысты көптеген өзекжарды мәселелердің бүгінгі уақыт кеңістігінде де көрініс тауып, тіпті кейбір тұстарда кеңінен етек жайып кеткендігін көргенде терең ойға беріліп, мұң кешкендей боласың. Демек, фәлсәфашылар айтатын «адам проблемасы» – мәңгілік проблема екеніне көз жеткізесің. Дегенмен, біздер ізгілікті қоғам құру бағытында елеп-ескеретін, қажет болғанда түзеп-күзейтін рухани-мәдени, әлеуметтік, экономикалық мәселелердің де бар екенін жоққа шығара алмаймыз, әрине. Әрбір маңызды мәселеге ден қойған сайын, оның ұшы-қиыры мол, сан-қатпарлы көкжиектеріне де назар тігуге тура келеді. Сол тақырыптың бірі – әйел теңдігі, заманауи ұғыммен жеткізгенде – гендерлік саясат мәселесі де бүгінгі қоғамда ғана емес, әлемнің өзінде де өзектілігін жоймағанын көрсетіп отыр.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының таратқан мәліметтеріне сүйенсек, әлемдегі әрбір үшінші әйел (35%) өз өмірінде физикалық, жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Осы орайда әйелдерге қатысты тұрмыстық  зорлық-зомбылық фактілері біздің елімізде де бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің үш агенттікпен («ООН-женщины», «Фонд народонаселения ООН», ДСҰ) бірлесе зерттеу жүргізген екен.  Зерттеуге Қазақстанның 14 аймағынан, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан 14 340 респондент тартылған. Анкеталық сауалнамаға 723-тен 939-ге дейін әйел қатысыпты,  олардың жас-шамалары 18 бен 24 жас аралығында болған. Көбі қалалық жерлерде тұрады екен. Респонденттердің 63 пайызы некеде және жартысынан көбі (41%) жұмыссыз.  Зерттеушілер зерттеуге қатысушылардың физикалық, жыныстық, психологиялық және экономикалық зорлық-зомбылықтарына назар аударған. 16 пайыз әйел өмірінде физикалық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. 4%-ы жыныстық зорлық-зомбылық көрген. Физикалық және жыныстық зорлық-зомбылық фактілері Солтүстік Қазақстан облысының әйелдерінде жиі орын алғаны анықталған. Психологиялық зорлық-зомбылыққа соңғы жылдары 20% әйелдер ұшырағаны белгілі болған. Психологиялық зорлық-зомбылық жасайтындардың арасында өгей әкелер (14%), қайын аталар (3,2%), өгей аналар (3%) жиірек болған. Экономикалық зорлық-зомбылық әкелер мен өгей әкелерден (24,5%), қайын енелерден (16,2%), сирек жағдайларда қайын аталардан (4,9%) келген (https://the-steppe.com/gorod/bytovoe-nasilie-nad-zhenshchinami-v-kazahstane-cifry-i-fakty). Әрине, мұндай фактілер әрқайсымызды ойландыруы тиіс. Сауалнамаға қатысқандардың саны еліміз бойынша оншалықты көп болмағанын ескерсек, әлі де талай статистиканың беті ашылмай жатқанын байқау қиын емес. Әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын елеусіз қалдыруға, әрине, болмайды. Бұл қоғам болып, ел болып талқылайтын, биік мінберлерге шығаратын-ақ өзекті мәселе. Мұның ар жағында әйел адамдардың өмірі мен денсаулығы, құқықтары мен бостандықтары жатқанын ұмытпауымыз керек. 

БҰҰ мәліметтері бойынша, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 400 әйел көз жұмады екен. Ал әрбір алтыншы отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары әйелдер мен балалар болып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты арыз-шағымдар елімізде 2015 жылмен салыстырғанда 104 пайызға көбейген. Әрбір тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әлеуметтік-экономикалық, психологиялық себептері жоқ емес. Оларға ғылыми тұрғыдан терең талдаулар жасалмай, құқықтық-заңдық мәселелері жан-жақты сарапталмай түгебейлі баға беру де қиынға соғатыны түсінікті. Бірақ, дегенмен, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың фактілері не себепті көбейді? Неліктен әр жыл сайын жиірек белең алып отыр деген күрделі мәселелерге ой жіберуіміз керек.

Елімізде әйелдердің қоғамдағы, отбасындағы орны мен рөліне, азаматтық белсенділігіне, құқықтарының сақталуына мемлекеттік тұрғыдан көңіл бөлінеді. Қазақстан Республикасы Президентінің жанында Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия жұмыс істейді. Аталған Комиссия отбасы мүдделерін қорғау, әйелдердің елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріне қатысуы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Комиссияның негізгі міндеттеріне: 1) Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын іске асыру тұрғысында аймақтық ерекшеліктер ескеріле отырып, отбасыға, әйелдер мен балаларға қатысты кешенді мемлекеттік саясатты қалыптастыру үшін басымдықтарды айқындау және ұсынымдарды талдап жасау; 2) отбасын, әйелдер мен балаларды әлеуметтік, экономикалық, заңдық және психологиялық тұрғыда қолдаудың кешенді жүйесін әзірлеуге жәрдемдесу; 3) халықтың өсіп-өну процестері мен денсаулығының жай-күйін, отбасылардың әлеуметтік және экономикалық тұрмыс жағдайларын сипаттайтын көрсеткіштерге кешенді талдау жасау; 4) республикада әйелдер мен балалардың денсаулығын жақсартуға бағытталған ведомствоаралық әлеуметтік-медициналық бағдарламалар әзірлеуге қатысу; 5) Комиссияның құзіретіне кіретін проблемалар бойынша мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтардың ұсыныстарын қарап, Қазақстан Республикасы Президентіне ұсынымдар әзірлеу; 6) «Қазақстан – 2030» Стратегиясын ескере отырып, отбасыға, әйелдер мен балаларға қатысты мемлекеттік саясат тұжырымдамалары мен бағдарламаларын әзірлеуге қатысу; 7) отбасының, әйелдер мен балалардың жағдайын жақсартуға бағытталған заң және өзге де нормативтік құқықтық актілер жобаларын дайындап, қарауға қатысу; 8) Мемлекет басшысы үшін отбасы, әйелдер мен балалар мәселелері бойынша заңдардың талаптарын мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының сақтауын қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар мен ұсыныстарды талдап жасау; 9) қоғамның экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени өміріндегі отбасының, әйелдер мен балалардың ақиқат жағдайын анықтау мақсатында ғылыми-зерттеулер жүргізуге, ақпараттық базаны түзуге жәрдемдесу; 10) Қазақстандағы отбасы, әйелдер мен балалар жағдайының қырларын неғұрлым толық бейнелеу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасасу; 11) отбасы, әйелдер мен балалар мәселелеріне қатысты азаматтардың өтініш-арыздарын, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламаларын қарау; 12) халықаралық ұйымдармен ықпалдастық, халықаралық деңгейде өткізілетін отбасы, әйелдер мен балалар жағдайының мәселелері жөніндегі конференцияларға, кеңестер мен семинарларға қатысу» кіреді. Қарап тұрсақ, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қызметтік аясы  мен атқарып отырған жұмыстары әйелдердің құқықтарына қатысты көптеген мәселені қамтуда. Мемлекетіміз заңдық-құқықтық тұрғыдан қоғамдық қатынастарды реттеудің амал-шарғыларын жасауда. Бірақ, осы міндеттерде айқындалған мәселелер, әсіресе, жергілікті жерлерде, ауылдар мен аудандарда, шағын қалаларда, ірілі-ұсақты елді мекендерде қаншалықты толыққанды жүзеге асырылып келеді деген сауал тағы да бар. Дегенмен, гендерлік саясаттың тиімді жүзеге асуына ең алдымен қоғамның өзі де мүдделілік танытуы керек. Жалғыз бағдарламамен немесе тұжырымдама арқылы көп нәтижеге қол жеткізу де қиынның қиыны, егер де қоғам тарапынан, азаматтық қоғам тарапынан айтарлықтай қолдау болмаса, мұның айналасындағы сан түрлі сауалдар да шешімін тауып кете алмасы анық. Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда көпшілік адамдар гендерлік саясат ұғымына жеткілікті түрде мән де бере бермейді. Әйел затына қатысты түсінік, көзқарас та барлық адамда біркелкі, бір дәрежеде емес. Нәзік жандыларға құрметпен қарау, олардың адами қадір-қасиеттерін бағалау, ой-пікірімен санасу, көзқарасын қабылдай білу, нәсіліне, шығу тегіне, әлеуметтік-тұрмыстық деңгейіне қарап кемсітпеу, ар-ожданына нұқсан келтірмеуге қатысты туындайтын мәселелер аз емес. Отбасынан, қоғамнан жылулық таба алмаған әйел адам өз тағдырына налымағанда қайтпек? Отбасының бар ауыртпалығын бір өзі көтерсе, бала-шағасына нәпақа тауып беремін деп дамыл таппаса, жарынан қамқорлық, қолдау көрмесе, олар қай кезде өз құқықтарын ойлап, өздерінің жеке өмірін қалыптастырып, ғұмырлық-мұрат-мақсаттарын айқындайды? «Өмір адамға бір-ақ рет беріледі» деген тұрақты ұғымға айналып кеткен сөздің ақиқатына ой жүгіртер болсақ, бес күндік жалғанда тұрмыстың тауқыметінен арыла алмай, әйелдік табиғатынан алыстап кеткен нәзік жандылардың ер азаматтарға да, бір есептен, реніш айтып, өкпе артатын жөні де бар. Кешегі тоқсаныншы жылдардың қиыншылықтары санамызда терең із қалдырғаны белгілі. Ер азаматтар не істерлерін білмей, екі қолға бір күрек таба алмай, дағдарып қалғанда, әйелдер ала сөмке арқалап, базарларға шықты, сауда-саттықпен айналысып, бала-шағаларын асырады. Экономикалық дағдарысқа шырмалған қоғамның түнегіне өздерінің адал еңбектерімен, маңдай терлерімен төтеп берді. Қазақ әйелдері, қазақ аналары – осы кезеңдерде табандылық танытып, намыс пен жігердің, қажыр-қайраттың ерен үлгісін көрсетті. Әрине, мұны біз мақтанышпен айтып отырғанымыз жоқ, өйткені, бұл әйел затының нәзік әлеміне тән емес болған тұрмыстық қиыншылықтарымен бетпе-бет қалып күресу еді. Қаншама отбасыларды күйреуден, шаңырағы шайқалудан аман-сақтап қалған әйел азаматтар болғаны белгілі. Бүгінгі өмір, бүгін салт басқа десек те, тұрмыстық тауқыметтің шырмауынан шыға алмай, әлі де отбасының жүгін жалғыз өзі көтеріп келе жатқан әйелдер қаншама десеңізші. Осындай қадау-қадау мәселелер, еліміздегі гендерлік саясатты тілге тиек еткенде алдымен ойға оралады. Иә, гендерлік саясат, әйелдердің құқықтарының сақталуы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан құтқару, мұндай әрекеттерді болдырмау жайында қоғамда жиі айтылып, жиі талқыланады. Бірақ, күллі қоғам әр отбасының жеке өмірінде не болып жатқанын біле алмайды, қадағалай да алмайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттері жайындағы фактілер жағдай орын алған соң ғана білініп жатады немесе жабулы қазан жабулы күйінде қала береді.

Осы ретте Август Бебельдің «Женщина и социализм» деген кітабындағы мына бір пікіріне ден қойсақ: «Большинство мужчин видят в женщинах лишь средство, служащее их пользе и удовольствию; смотреть на женщин как на равноправных они не могут, так как это противоречит их предрассудкам. Женщина должна быть покорной и скромной, должна ограничивать свою деятельность домашними заботами, а все остальное предоставлять «господину мира». Женщина должна сдерживать всеми возможными способами свои мысли и наклонности и выжидать, что решит ее земное провидение, ее отец или супруг. Чем больше она подчиняется этим требованиям, тем сильнее она восхваляется, как разумная, нравственная и добродетельная, хотя бы она вследствие этого насильственного положения погибла под тяжестью физических и моральных страданий. Если говорить о равенстве всех людей, то нелепо исключать из него половину человеческого рода. ...Лишать женщину равноправия из-за того, что она рождена женщиной, а не мужчиной – в чем мужчина так же не виноват, как и женщина, – столь же несправедливо, как ставить права и свободу в зависимость от случайности религий или политических воззрений, и так же бессмысленно, как считать двух людей врагами из-за того, что они по случайности рождения принадлежат к различным племенам или различным национальностям. Это взгляды, недостойные свободного человека» (Бебель А. «Женщина и социализм», 2 б..). 

Біздіңше, қазақ отбасыларындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себеп-салдары жан-жақты зерттелуі керек. Мәселе неден туындады, тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекетінің жасалуына не түрткі болды? Неліктен мұндай оқиғаларға жол берілді? Аталған сұрақтар азаматтық қоғам мүшелерімен, психологтармен, әлеуметтік сала қызметкерлерімен, гендерлік саясатты жүзеге асырушы мамандармен бірлесе отырып талқыланып тұрса, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алуға бағытталған іс-шаралар қабылданса, бұл да болса, туындаған проблеманың оң шешілуіне әжептәуір қосылған үлес болар еді.

Шынтуайтына келгенде, отбасылы ер азаматтардың да жауапкершіліктерін арттыру мәселесін біз қоғам алдына батыл қоюымыз керек. Оны жасырып, жабар несі бар. Қазақтың ер азаматтарының арасында өзінің отбасына жауапкершілікпен қарамайтындары да аз емес. Әйелі, бала-шағасы қайтіп күн көріп отыр, тамағы тоқ па, киер киімдері бүтін бе, үй-жайы дұрыс па, осындай мәселелерге оншалықты бас қатыра бермейтін ер азаматтардың да бар екенін көріп жүрміз. Содан келіп, әйелдердің көз алдында ондай ерлердің құны мен қадір-қасиеттері төмендемегенде қайтпек? Бүгінгі қоғамда көптеген қазақ қыздары тұрмыс құруға асықпайды. Ол да әлеуметтік өмірдің шындығы. Себептеріне зер салатын болсақ, көбісі «дұрыс жігіт жоқ», «дұрыс ер азамат жоқ» деген уәждерін алға тартады. Әйтеуір, заманауи қазақ қыздарының ер жігіттерге қатысты тағар міндері мен алға тартар айыптары көп. «Жалқау» дейді, жұмыс істегісі келмейді дейді. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» күнелткісі келеді дейді. Қысқасы, қазақтың ер жігіттеріне қатысты талаптары аз емес. Бүгінгі қазақ қыздары көзі ашық, көкірегі ояу. Олар өздерінің құқықтарын, оның ішінде әйелдік құқықтарын да біледі. Алдыңғы толқын апа-әпкелері сияқты ер азаматтың дегенімен жүріп, айтқанына көне беру психологиясы да бүгінгі қазақ қыздарына тән емес. Қоғамдық ойдың, қоғамдық мәдениет пен өркениеттің бірте-бірте жетілуі, дамуы адамдардың да психологиясына, мінезіне айтарлықтай өзгерістер әкелді. Ата-анасы қалың малын алып, сүймегеніне ұзатып салатын ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақ қызы мен ХХІ ғасырдағы бүгінгі қазақ қызының айырмашылығы жер мен көктей десек, артық айтпаған болармыз. Заман қарқыны алға кетті, уақыт пен кезең көп дүниеге өзгеріс ендірді. Ескі көзқарастар кейіндеп қалды. Бірақ, мұның барлығы қазақтың салт-дәстүрін, отбасылық құндылықтарын жоққа шығаруға әкеп соқтырмауы керек. Сөзсіз, қазақ қызы да, қазақ жігіті де ата-бабамыздан сақталып қалған отбасылық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтай білуі керек.

Философ Амангелді Айталы ағамыздың отбасылық және гендерлік саясатқа байланысты білдірген мына бір пікірі еріксіз ойландырады: «Сонша баламен қайда кетер дейсің?» деп, көп балалы аналарға зорлық көрсететін ақымақ азаматтарымыз бар. Менің түсінігімде гендерлік саясат деген осындай айтылмай жүрген қиын мәселелердің шешімін табу болса керек. Екінші мәселе, әйелдерді жұмысқа қабылдау жөнінде біз білмейтін көптеген теңсіздік, дискриминацияның түрі кездеседі. Гендерлік саясатты біз осы тұрғыдан қолдасақ жетеді. Ал енді 20 әйелді депутат етіп, 5-6 әйелді министр қойғанымыз гендерлік саясат болмайды. Менің ойымша, біз санды санға ұратын жылтырақ көрсеткіштерден аулақ болуымыз керек. 1995 жылы 198 елдің әйелдері қатысып, Пекинде дүниежүзілік конференция өткізіп, сонда батыс әйелдерінің саясатына қарсы шығыс әйелдері «Қай елді болмасын әйелдерінің қас-қабағынан тануға болады. Әйелін сыйлайтын ел – биік ел. Бұл мәселеде бір ел өзгелерге үлгі бола алмайды» деп шешім шығарыпты. Әйел тұрғысында бізге осыдан артық қандай пайым керек. ...Батысқа ілесем деп жүріп, қазақ әйелдері Құдай берген жақсы қасиеттерін жоғалтып алмаса екен деп қана тілеймін» дейді ғалым. Шын мәнінде, қазақ әйелдеріне ұлттық болмысты барынша сақтаудың маңыздылығы, әсіресе, қазіргі жаһандану заманында зор болып отыр. Өйткені, ұлттық болмыс сақталмаған жерде ұлттық тәрбие, ұлттық сана-сезім, ұлттық рухани құндылықтар жөнінде сөз қозғаудың өзі қиын. Әр баланың бойына тәрбиені көбірек сіңіретін – аналар ғой. Әкенің тәрбиесін жоққа шығармаймыз, бірақ ана тәрбиесінің ықпалы күштірек, әсерлірек болатынын да мойындауымыз керек. Демек, қазақ әйелінің ұлттық бет-бейнесін, рухани-моральдық тұғырын өз дәрежесінде сақтауы үшін гендерлік саясаттың өзінде ұлттық сипат көрініс беруі керек деген ой өз-өзінен туындайтыны сөзсіз. Әлбетте, Амангелді Айталы ағамыз айтқандай, Батыс елдеріне ілесуді мақсат тұтып, тек сол құндылықтарды ғана көздеудің ешқандай жөні жоқ. Бір есептен, Батыс елдерінің гендерлік саясаттағы өркениеттің тәсілдерінен қашпауымыз да керек. Озық үлгілерін таңдап алып, тозығы жеткенін тастап, менталитетімізге сай келмейтін тұстарын елеп-екшеп отырудың да маңызы зор. Қазақ әйелінің жан-дүниесі, мінезі, ой-өрісі, ішкі әлемі, дүниетанымы – қазақи құндылықтарды бойына сіңіргенде ғана ашыла түседі, адами-азаматтық келбеті де ажарланып, биіктей түседі. Ақиқатына келгенде, қыз баланы әлпештеу, әйел адамды құрметтеп сыйлау мектептері, жөн-жоралғылары ұлы даламызда молынан қалыптасқан. Тек солардың көбінен қазіргі таңда біршама көз жазып қалғанымыз да өкінішті. Замана керуені алмасып, уақыт көші жылжыған сайын байтақ даламыздың өнегелі үрдістері де бірте-бірте ұрпақтар жадынан өшіп, санасында көмескілене берері хақ. Мұндайға жол бермеу үшін әлі де көп дүниелерді атқаруымызға тура келеді. Олардың көбі дерлік – тәлім-тәрбие шараларымен, ұлттық сана-сезімді жаңғырту бастамаларымен тікелей байланысты болып отыр. Осындай мәселелерге терең мән бермесек, бәсекеге қабілетті мықты ұлт қалыптастыруымыз да қиынға соғады.

 Ер мен әйел бір-біріне құрметпен қарап, ардақтап, сыйлай білетін отбасында ғана береке-бірлік орнайды, ынтымақтың алтын қазығы қағылады. Әлбетте, біздің қазақтың көптеген дәстүрлері Ислам дінінің келуімен де сабақтас. Бұл ретте асыл дінімізде ер мен әйелдің сыйластығы жөнінде не айтылған екен деген ой да қызықтырды. Олай болса, дінтанушы Құдайберді Бағашардың  «Жұма мінбері» атты жинағынан (Алматы, 2012 ж.) іздеген сауалымызға бірқатар жауаптарды төмендегі үзіндіден тапқандай болдық.  

«Ислам дініндегі әйелдің орны» атты мақаласында Құдайберді Бағашар былай деп жазыпты: «Ислам дінінде әйелдің орны ерекше. Сондықтан, әйелге деген құрмет зор болуы тиіс. Ислам діні әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырған. Ешбір құқын шектемеген. Қайта өз жаратылысына сай сүйікті жар, аяулы ана ретінде қашанда оның орнын жоғары бағалаған. Қоғам тәрбиесін қыз баланың ұяттылығымен ұштастыра қарастырған. Әйел затын жат пиғылдардың бұзық әрекеттерінен қорғауға тырысқан. Осындай құрметке лайық бола білу үшін әйелден де белгілі бір міндеттерді талап еткен. Әйелдер қауымының дәрежесін ешбір дін дәл Исламдағыдай биіктете алмаған», – деп жазады.

– Әйелді ұру былай тұрсын, күйеуінің оған ренжуін де дұрыс санамаған Алла елшісі (с.ғ.с.): «Мүмин ер кісі мүмин бір әйелге ашуланып ренжімесін. Адам әйелінің бір мінезін ұнатпаса, басқа мінезіне риза болады» деген. Тағы бір хадисте: «Мүминдердің иман жағынан ең кәмілі – көркем мінезде ең жақсысы, ал сендердің ең жақсыларың жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болғандарың» деген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйелді қай кезде де сыйлауға, дөрекілік көрсетпеуге, олармен жақсы тіл табысуға шақырған. Осы тұрғыда «Ақыретте күйеуі ұрған әйелдің жоқтаушысы мен боламын», «Күйеуіне қиындық тудырмай, баласын бағып, намазын оқыған әйелдер сөз жоқ жұмаққа барады» деген хадистері де баршаға ой саларлық. Құран Кәрім әйел мен еркектің ізгі амалдарда, ақыреттегі сыйда бір-біріне тең екенін ескертумен қатар, «Ерлердің әйелдердегі хақтары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі хақтары бар» деп, әйелдерінің хақтарының бар екенін баяндады. Шапағат пен мейірімнің үлгісі болған, барлық ісі жақсылық пен түсіністікке негізделген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әйелдердің құқықтарын аяқасты етпеңдер, Алладан қорқыңдар. Өйткені, сендер оларды Алланың аманаты ретінде алдыңдар», «Сендердің ең ардақтыларың – жарлары мен балаларына жақсы қарағандарың. Араларыңда жанұясына ең жақсы қарайтын менмін» деп әйелге жай емес, Алланың ер азаматтарға тапсырған аманаты ретінде қарауға шақырды, – дейді дінтанушы.

Байқап отырғанымыздай, асыл дініміз әйел затының қадір-қасиетін барынша жоғары қояды. Бұл гуманизмнен, адамгершіліктен бастау алатын ұстанымдар екені айдан-анық. Ақыл-ой сарабына салсақ, Ислам діні, ардақты Пайғамбарымыздың хадистері әйелдердің құқықтарын аяқ асты етпеуді шегелеп айтып отыр. Дінде жүрген кейбір бауырларымыз осындай сөздерді білмей ме, әлде көңіл қойып, елегілері келмей ме, әйтеуір, діндегі әйелдің рөлін өз өмірлерінің мысалында төмендетіп көрсеткісі келетіндеріне де қайран қаласың. Біз, әлбетте, пайымы терең, кәсіби дінтанушылардың айтқан пікірлеріне жүгіне отырып, асыл дінімізде де әйелдің қадір-қасиеті барынша әспеттелгенін баса айтқымыз келеді.

Әйел азаматтардың құқықтарын қорғауға дүниежүзінде де жан-жақты мән беріліп келеді. Мәселен, бұл орайда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 48/104 Қарарымен 1993 жылы 20 желтоқсанында  қабылдаған «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты түбегейлі жою туралы» Декларациясын айтуымызға болады. БҰҰ-ға мүше елдер осы Декларацияны әйелдерге қатысты заңдарда басшылыққа алады. Демек, бұл Декларацияның принциптері біздің елімізге де жат емес деген сөз.

Бір ғана мысал келтірейік. Аталған құжаттың 4-ші бабында былай делінген: «Мемлекеттер әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты айыптап, оны түбегейлі жоюға қатысты өз міндеттемелерін орындауда ешқандай дәстүрлерге де, әдет-ғұрыптарға немесе діни себептерге жүгінбеуі тиіс. Мемлекеттер барлық тиісті құралдар арқылы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты түбегейлі жоюға бағытталған саясатты шұғыл түрде жүзеге асыруға міндетті» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Яғни, әйелдерге қатысты түрлі зорлық-зомбылықтарға қатысты көптеген құжаттар, заңдар жүзеге асырылуда. Бірақ, қалай дегенмен, қарқынды өмірдің ағысы заң талаптарын мойындай бермейтіні бар емес пе. Айналып келгенде мәселе әр адамның, әр отбасының отбасылық құндылықтарды сыйлауында, адами қасиеттерді жоғары қойып бағалауында болып отырғаны сөзсіз. Әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін ойға алғанда, бұл проблемаға біз кең ауқымда қарауымыз керек. Бір отбасында орын алған зорлық-зомбылықты қоғамның да жаралы жері ретінде, қоғамның да өзекті мәселесі ретінде қарай білген кезде ғана бұл мәселелерді бірте-бірте шешуге мүмкіндік аламыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай: «Егерде Қазақстанда бір адамның құқығы бұзылса, барлық қазақстандықтардың құқығы бұзылуы мүмкін-ау деп санауға болады. Егер бізде дәлелдеуді қажет етпейтін осындай ұстаным әрекет ететін болса, онда бізде даму да болады, жарқын болашақ та болады».

Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында (2016 жыл, 6 желтоқсан) дамудың жаңа кезеңінде адами капиталдың сапасына әсер ететін барлық әлеуметтік институттардың арасында отбасының рөлі маңызды болғандықтан, Қазақстанның отбасы саясатын қалыптастыруда өзінің тәсілдерін жасауы маңызды екені атап көрсетілген.

Енді сөзіміздің ыңғайы келіп тұрғанда, Тұжырымдамада жазылған статистикалық деректерге назар аударалық. Өздеріңізге ұсынғалы отырған, статистикалық деректердің көлемі ұзақтау болғанымен, бұл еліміздегі отбасылық және гендерлік саясатқа байланысты атқарылып жатқан жұмыстардың жобасын, нобайын білуге, сөйтіп, ой түйіп, көзқарас қалыптастыруға, біршама мәліметтер алуға мүмкіндік береді.

Сөзбе-сөз келтіретін болсақ Тұжырымдамада былай делінген: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасында белгілі бір прогреске қол жеткізілді. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» 2009 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Елде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелер құрылды (247 аудандық ішкі істер бөлімінің ішінен 133-де әйелдер мен балалар істері жөніндегі инспектор лауазымы штатқа енгізілді). Үйдегі зорлық-зомбылық құрбандары пайдаланған қорғау ұйғарымдарының саны жылдан-жылға өсуде; Қазақстанның барлық өңірінде зорлық-зомбылық құрбандарына тегін медициналық-әлеуметтік, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-психологиялық қызметтер, сондай-ақ уақытша баспана беру қызметтері көрсетілетін 28 дағдарыс орталығы жұмыс істеуде (17-сінде баспаналар бар), ал 2006 жылы 10 өңірде ғана 24 орталық жұмыс істеген болатын. Жыл сайын барлық өңірде «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» атты ақпараттық-сауаттандыру акциясы жүргізіледі; Гендерлік саясатты іске асыру шеңберінде мынадай шаралар қабылданды: Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының деректері бойынша сайланбалы билік органдарында әйелдердің саны ұлғайды. Мәселен, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде Гендерлік стратегияны іске асырудың алғашқы жылында (2006 ж.) әйелдердің үлесі 10,4% құраса, ағымдағы жылы (2016 ж.) ол 27,1 %-ға дейін ұлғайды. Барлық деңгейдегі жергілікті өкілді органдардағы әйелдер өкілдері 2016 жылы сайланған депутаттардың жалпы санынан 22,2%-ға жетті, ал 2006 жылы ол 16,7%-бен шектелген еді. Әйел депутаттар үлесі 30%-дық шекке жеткен өңірлер саны көбеюде. Олардың қатарына Қостанай (31,6%), Павлодар (29,6%), Солтүстік Қазақстан (28,1%), Батыс Қазақстан (26%), Шығыс Қазақстан (25,9%), Ақмола облыстары (25,7%) кіреді. 2006 жылы мұндай көрсеткіштер тек Қостанай облысында ғана тіркелген болатын.

Барлық әкімшілік мемлекеттік қызметшілер арасында әйелдердің саны 55,2% (2015 жылы – 59,2%) құрады. Швецияда бұл көрсеткіш – 71,8%, Францияда – 62,3%, Аустралияда – 57,5%, Жапонияда – 41,9%, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) бойынша орта есеппен 57,4% құрайды. Бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі рөлі зор. Тұтас алғанда соңғы 5 жыл ішінде гендерлік саясат саласында республика бойынша 500-ден астам әлеуметтік жоба іске асырылды. Қазақстанның еңбек нарығы әйелдердің жұмыспен қамтылуының жоғары деңгейімен, білікті қызметкерлердің болуымен және жұмыссыздықтың төмен деңгейімен сипатталады. Егер 2006 жылы әйелдер жұмыссыздығының деңгейі 9,2% болса, 2015 жылы 5,7% құрады, жалдамалы жұмыскерлердің жалпы санының 50,3%-ын әйелдер құрайды.

Ерлерге қарағанда әйелдер жалақысының арақатынасы 2006 жылы 62%-дан 2015 жылы 66%-ға дейін артты. Салыстыру үшін Канадада 2015 жылы әйелдердің жалақысы ерлердің жалақысына арақатынасы 81,4%, Чехияда – 83,5%, ал Норвегияда – 93% құрайды. Қазақстанда мұндай арақатынас ерлердің көп жағдайда жалақысы республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары болып табылатын өнеркәсіп (мұнай-газ, тау-кен өндірісі, өңдеу), көлік және құрылыс салаларында жұмыс істеуімен түсіндіріледі. Мұндай салаларда ауыр және зиянды факторлардың болуына байланысты әйел еңбегін пайдалануға көп жағдайда тыйым салынады. Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктері кеңеюде. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан әрі - Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия) және уәкілетті мемлекеттік органдар бірлесіп республикада әйелдер кәсіпкерлігінің динамикалық секторын қалыптастырды» деп жазылған.

Статистикалық деректерден көріп отырғанымыздай, елімізде әйел   адамдардың лауазымды қызметтерге ие болуы, қоғамда өз орнын айқындауына қатысты бұрынғы замандардағыдай мәселелер көп туындай қоймайды. Іскер әйелдер қатары да жыл санап көбейіп келеді. «Қазақстанның іскер әйелдер ассоциациасы» да бар. Қыз балалар отандық және шетелдік университеттерде білім алып, кәсіби біліктіліктерін шыңдайды. Яғни, елімізде әйелдерге қатысты гендерлік саясат өз сәтімен жүзеге асып келеді деп айтуға толық негіз бар. Ерлер мен әйелдердің теңдігін қамтамасыз ету бағытында ескерер бір мәселе – әйелдер қауымы кей-кейде ерлермен тең боламыз деп өздеріне шамадан тыс көп жүк артып алатындай әсер қалдырады. Бұл да оншалықты қолдай қоятын үрдіс емес. Неге? Өйткені, әйелдің табиғаты нәзік, Алла тағала оларды ерлерден нәзіктеу етіп жаратқан. Жаратылыстары солай. Демек, біз бұл орайда жаратылыс сипатына терең мән беруіміз керек. Олай болса, әйелдер қауымының жоғары мансапқа да, қызметке де ие болғаны жақсы, қолдаймыз, бірақ, десек те, әйел адам өзінің әйелдік болмысынан қол үзіп қалмауы керек.

Қалай болғанда да, Қазақстан дүниежүзілік қоғамдастыққа кірігуді өзінің сыртқы саясат саласындағы басымдығы ретінде айқындады. Әлем елдерінің көпшілігі қол қойған Біріккен Ұлттар Ұйымының мыңжылдық декларациясында (2000 ж.) ерлер мен әйелдердің теңдігін көтермелеу, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшінші мыңжылдықтағы адамзат дамуының негізгі мақсаттары ретінде айқындалған. Қазіргі кезде бүкіл дүниежүзінде тарихи қалыптасқан ерлердің әйелдерден басым болу жағдайы өзгерістерге ұшырауда. Өнеркәсібі дамыған және әлеуметтік бағдар алған елдерде әйелдер өз құқықтары мен мүмкіндіктерінің ерлермен тең болуына іс жүзінде қол жеткізді.

Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан да ерлер мен әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында белгілі бір дәрежеде ілгеріледі. 1998 жылы Қазақстан БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенциясына қосылды. БҰҰ-ның «Әйелдердің саяси құқықтары туралы» және «Тұрмыс құрған әйелдің азаматтығы туралы» конвенциялары да бекітілді. Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті мен Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы пактіге және басқаларына қол қойылды. Қазақстан адам құқықтары туралы барлығы 60-тан астам халықаралық шартқа қосылды.

Үкіметтің 2003 жылғы 27 қарашадағы № 1190 қаулысымен Қазақстан Республикасындағы Гендерлік саясат тұжырымдамасы мақұлданды. Ол еліміздегі гендерлік саясаттың негізгі бағыттарын – ерлер мен әйелдердің билік құрылымдарына теңгерімді қатысуына қол жеткізуді, әйелдердің экономикалық тәуелсіздігі, өз бизнесін дамытуы мен мансап жолында ілгерілеуі үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді, отбасындағы құқықтар мен міндеттердің тең жүзеге асырылуы үшін жағдайлар жасауды, жыныс нышаны бойынша зорлық-зомбылықтан азат болуды айқындады.

Дүниежүзінде әйелдер құқығының қорғалуы жөнінде бастама көтерген, осылайша әлемдік күнтізбеде 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесінің пайда болуына негіз салған қоғам қайраткері Клара Цеткин «Женщина на пути к свободе» атты еңбегінде: «Слабость и отсталость женщины стали в течение столетий социальной догмой и непоколебимым принципом, на котором была построена целая система угнетения личности в физическом, нравственном и духовном отношениях. Женщину всегда развивали односторонне и стремились подготовить ее исключительно к одной цели: к деятельности в семье и для семьи, под защитой и ответственностью мужчины. В тесно ограниченной сфере домашнего очага женщина была главной продуктивной силой. Она была всегда завалена работой, которая была направлена к поддержанию благосостояния семьи и ее развитию. При этом ей на долю выпадали одни только обязанности, но она была лишена всех прав. Подчиненное положение женщины началось в то время, когда воины-завоеватели похищали женщину и превращали ее в свою первую частную собственность, в наилучшую рабочую силу. Под предлогом защиты женщины во время беременности и кормления, мужчина принимал на себя заботы об общих его и женщины нуждах и обязанностях по отношению к окружающему миру. Мужчина положил этим основание экономической и общественной зависимости женщины – основание ко все прогрессирующему разделению труда на два рода деятельности: на добывающе-оборонительный (война) и на производительно-хозяйственный, из которых первый достался мужчине, а второй – женщине. Это послужило зародышем к теперь уже пережитому, но крепко укоренившемуся предрассудку, будто «мир – дом мужчины, дом – мир женщины».

Клара Цеткиннің еңбегінде айтылған ойлар бүгінгі күнде де өз өзектілігін жоймағанын аңғару қиын емес. Қазақ даласында, қазақ топырағында әйел теңдігі мәселесі ақын-жазушылардың туындыларында көрініс тауып, әлеуметтік өмірдің шындығы ретінде талқыланып, өріс ала бастаған уақыт заман талаптарының жаңара бастауымен, жаңа қоғамдық формациялардың келе бастауымен бой көтергені мәлім. Ескіліктің қалдығындай болған үрдістердің бірте-бірте шегіне бастауы, сол замандардағы зиялы қауымның тозығы жеткен салт-дәстүрлерді сынға алуы, қазақ қыздары мен әйелдерін білім алуға, өз құқықтарын білуге шақыруы гендерлік саясатқа мән беруге бағдарланған алғашқы қадамдар болды. «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын бөлекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірегейі де – біздің қазақ» деп Елбасы айтқандай, қазақтың әйелді сыйлап, құрметтеуі, ананы ардақтауы, қарындасты қастерлеуі, қызды құрметтеуі оның мақал-мәтелдерінен, небір ұлағатты сөздерінен байқалады. Бірақ, дегенмен, қазақ даласындағы әртүрлі кезеңдердегі «әйел тағдыры» түрлі қарама-қайшылықтарды да басынан кешкені жасырын емес. Еріне серік болған әйелдің, өкінішке қарай, барлық жағдайда қадірі бірдей болып, кісілік келбеті, ар-иманы, адами-азаматтық тұғыры жоғары дәрежеде бағалана бермегені аян. Мұндай көзқарасты кешегі Алаш арыстары өз шығармаларында аяусыз сынаған. Мәселен, Мұхтар Әуезов «Қазақ әйелі» атты мақаласында: «Қазақ жұртының бойында әйел халі үлкен аурулы жараның бірі. Қазақ даласын күңіренткен қайғылы зар, жас өмірін өртеген сарғайған дерт, қайғы уынан өлген қыршын жас – бәрі де қанды, қайғылы куәліктер. Бұның бәрі жыл, ай емес, ескі ғадеттің күндегі жауыз істерінің айғағы. Осы күйден аман қазақ бар ма? Жоқ. Себебі: не қызын, не қарындасын, не қатынын, не келінін жылатпай отырған қазақ жоқ. Бұлай болса, бұл бар қазақтың міні, бар қазақтың дерті. Ал, қазақ өмірін тезге салатын қырағы басшы, жігерлі жас! Надан атаның надандық ісінің арты қазақ әйелінің мойнына бар салмағымен түсіп, алдарыңда құлдықта езіліп, күңдікте шіріген апа, қарындас, шешелерің үміт көзін сүзіп келіп тұр. Әйел түзелмей, мәдениет көркеймейтініне, әйел қалін түзетпей, қазақ басына бақыт орнамайтынан әркімнің де көзі жетер. Енді қайтсек әйел халі түзеледі? Соны ғана еске алу керек. Бұл күнде қазақ әйелі: «Теңдік» дегенді ұғатын дәрежеден алыс: мойын бұрмай, еркектің күңі болу әйелінің имандай берік тұтынған жолы. ...Әрине, мұндай көкірегі оянып, теңдік – «Права» дегенді іздеп, бұл үшін алысып-салысып, жылаулар әйелдің жасын жоқтап, қайғыдан өлген әйелдің басын жоқтарлық намыс, жігер қазақ әйеліне оқу оқымай келмейді. Сол себепті әйел оқымай, шын жігерімен тартыса алатын әйелдер шыға қоймас» десе, «Адамдық негізі – әйел» деген мақаласында кемеңгер жазушымыз: «...Біздің ой буынымыз қатпай тұрған бала күнімізде ең әуелі елжіреп сүйетін кісі кім? Ол анамыз...Бұлай болғанда біз адамшылығымызға ірге болатын құлықты әкеміз қандай ғалым болсын, қой сауып, тезек теріп жүрген анамыздан аламыз. ...Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты әйел халіне жалғасады. Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағліміңді, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің халін түзе!» деп кейінгі ұрпаққа ұлт аманатын жүктеген. 

Сол замандағы қазақ зиялылары, ақын-жазушылары әйел теңдігі мәселесін жиі көтерді. Сындарлы пікірлерін ортаға салды. Осылайша олар қазақ әйелінің тағдырын – қараңғылықтан, әлеуметтік қысымнан, келтіріліп отырған көпе-көрінеу зардаптардан арашалап, құтқарып алуға тырысты. Қазақ қыздарын ілім-білімге, оқуға шақырды. Бұл қазақ даласындағы әйел теңдігін қалыптастыруға, мықтап орнықтыруға байланысты нақты қадамдар еді. Олардың барлығы өз мақсатына жетпесе де, заманында батыл пікір айтуымен бағалы әрі құнды болып саналады. 

Мәселен, ақын, публицист Сәбит Дөнентаевтың «Қазақ әйелдері туралы» мақаласы да сол замандағы әйел теңдігі мәселесін көтерген публицистикалық туындылардың арасындағы салмақтысы, байыптысы деп айтуымызға толық негіз бар. Сәбит Дөнентаев өз жазбасында қазақ әйелінің тұрмыстық хал-ахуалын, басына түскен ауыртпалығын, одан құтылудың жолдарын көрсетіп, бағдар сілтей білген.

 «Адам баласы екі түрлі заттан құралған да (біреуі еркек, біреуі әйел болып), туысы бірдей болғанымен, тұрмысы бірдей бола алмай, өмір қатарында әйелден еркек әлдеқайда үздік жүр. Мұның себебі: әлгі еркіндік дегеніміздің еркектерге күшті болып, әйел затында аз, яки болмауынан. Оған тұрмыс кінәлі болса, жаратылыс (табиғат) екі кінәлі. Мысалы, тұрмыстың кінәлі екендігі әркімге белгілі, әйелдің үй шаруасына айналып, соны тәрбиелеп тұруға міндеттілігі. Азырақ еркімен жүріп, еркін сөйлеңкіреген әйел болса, «ер қатынасып, байын билегенсіп, байсыз қатынға ұсап, айтқан жерден жырақ, «Көлмеген көлге берсін» деп қатын біткен жамандап әңір қылады. Қысқасы, қазақ әйелдері өздерін еркектің пайдасы үшін ғана жаратылған бір хайуан есебінде ұғады. Сондықтан, өздерінде осы тұрмыстарына наразылық жоқ. Жалғыз-ақ олардың шырқын күндестік бұзады» деп дәл тұжырымдаған. 

Ойымызды қорыта келгенде айтарымыз, еліміздегі гендерлік саясат – әйелдердің құқығын қорғауға, толғандырған мәселелерін шешуге, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған әйелдерді материалдық тұрғыдан қолдауға, денсаулығында ақауы бар нәзік жандыларды кәсіби ем-дом шараларымен қамтамасыз етуге, қыз балалардың тәрбиесіне, оқуы мен біліміне көңіл бөлуге, әйелдердің алдынан туындайтын түрлі кедергілерді жоюға, отбасында болсын, қоршаған ортада болсын рухани-моральдық дені дұрыс атмосфера қалыптастыруға бағытталуы керек деп білеміз. Бұлардың әрқайсысына жете мән беріп, заңдық-құқықтық механизмдерінің табысты жүзеге асырылуына ерекше көңіл бөлуіміз қажет. 

 

966 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз